Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 878 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрi Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 29 маусымдағы
№ 878 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім

      Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Македония Республикасы Үкіметі (бұдан әрі - «Тараптар» деп аталады);
      Қазақстан Республикасы мен Македония Республикасы арасындағы достықты нығайту мен экономикалық және басқа қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып;
      осы Келісім Дүниежүзілік сауда ұйымның қағидаттарына сәйкес сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әртүрлі салаларының дамуына мүмкіндік туғызатынын назарға ала отырып;
      тиісті ұлттық заңнама шеңберінде және өзінің халықаралық міндеттемелерімен толық сәйкестікте.
      Төмендегі туралы келісті:

1-бап Ынтымақтастықтың мақсаттары мен салалары

      1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес теңдік қағидатында Тараптар экономиканың барлық салалары мен аяларындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамытуға көмек көрсетеді.
      2. Осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық мыналарға бағытталған:
      - екі жақты экономикалық қатынастарды нығайту үшін экономикалық әлеуетті пайдалану;
      - ғылыми-техникалық секторларда, жеңіл және ауыр өнеркәсіп саласында, қайталама металлургия, электр энергиясы, көлік, химия, тау-кен, фармацевтикалық, ағаш өңдеу, азық-түлік, электрондық және электр техникалық өнеркәсіптерінде, ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы машина жасау, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларында ынтымақтастықты дамытуға;
      - екі жақты экономикалық қатынастарды, оның ішінде инвестициялар, инновациялар және экономикалық жобаларды қаржыландыру аяларын жандандыруға;
      - көлік құралдарының өзара жеткізілімін қоса алғанда, көлік және энергия тасымалдаушыларды тасу жүйелері саласындағы инфрақұрылымды дамыту;
      - Тараптар арасында мамандармен, ғылыми және техникалық жетістіктермен алмасуды қоса алғанда, ғылыми-техникалық салада ынтымақтастықты дамыту.

2-бап Ынтымақтастықтың нысандары

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ынтымақтастық мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
      - өзара мүддені білдіретін энергетика мен көліктік инфрақұрылым саласындағы жобаларды іске асыру үшін өзара әрекет ету;
      - құрылыс қызметтерінің нарығына қол жетімділік, құрылыс лицензияларын алу және үшінші нарықтарға өзара қол жетімділік мәселелері жөнінде екі Тараптың мемлекеттері азаматтарын қолдау;
      - қолайлы байланыстарды жасау арқылы шағын және орта кәсіпорындардың ынтымақтастығын дамыту;
      - экономикалық және басқа, оның ішінде инвестициялық жобаларды қаржыландыру, сақтандыру және кепілдерді беру тетіктерін дамыту;
      - сертификаттау мен стандарттау салаларында өзара әрекеттесу;
      - шаруашылық жүргізу субъектілерін біріктіретін сауда-өнеркәсіп палаталары, қауымдастықтар және басқа ұйымдар арасындағы байланыстарды қолдау;
      - екі Тараптың мемлекеттері аумақтарында инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, консалтингілік, заң, банк және техникалық қызметтерді дамыту;
      - техникалық салалардағы мамандар және сарапшылармен алмасуды, оқытуды қоса алғанда, ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын дамыту үшін жағдай жасау, экономикалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық жәрмеңкелерге және көрмелерге, үшінші мемлекеттерінің нарықтарын қоса алғанда, экономикалық жобаларға қатысуды және басқа мәселелерге жәрдемдесу;
      - туризм және курорттық іс салаларында өзара іс-қимыл жасау;
      - инвестициялық ынтымақтастықты, лицензиялау, зияткерлік меншік құқығын қорғау (өнеркәсіп құқықтары, авторлық және шектес құқықтар) салаларында ынтымақтастықты дамыту, инновациялық және ғылыми-техникалық қызмет бойынша тәжірибе алмасу;
      - экономиканың басқа салаларындағы өзара мүдделерді ұсыну.

3-бап Ынтымақтастықтың нысандарын жүзеге асыру

      Осы Келісімнің 2-бабында көзделген ынтымақтастықтың нысанын iске асыру үшiн Тараптар жеке шарттар жасасады.

4-бап Қазақстан-македон сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі комиссиясын құру

      Осы Келісімді толық іске асыру мақсатында жеке Меморандум жасасу арқылы бірлескен комиссия құрылады.

5-бап Өзге де халықаралық міндеттемелермен арақатынасы

      Осы Келiсiмнiң ережелері қатысушылары Қазақстан Республикасы немесе Македония Республикасы болып табылатын халықаралық шарттардан, сондай-ақ Халықаралық ұйымдардан, олардың мүшелігінен және/немесе Тұрақтандыру және Еуропалық одақпен қауымдастық туралы келісімде немесе Еуропалық экономикалық аумағымен келiсiмдерде анықталған мiндеттемелерден туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

6-бап Келiсiмге түзетулер

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуі мүмкін.

7-бап Дауларды реттеу

      Тараптар осы Келісiмді іске асыру мен түсiндiруге байланысты туындауы мүмкін дауларды консультациялар және келiссөздер арқылы шешеді.

8-бап

      1. Осы Келісім күшіне енуіне қажеттi мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшiне енедi.
      2. Осы Келісім белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiреуінiң Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша мәлімдемесін алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Егер Тараптармен өзгеше келісілмесе, осы Келісімнің күшін тоқтатуы осы Келісімге сәйкес басталған және оның қолданысы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған іс-шаралар мен жобалардың орындалуына әсер етпейді.
      _________ «____» ____________ екі данада, әрқайсысы қазақ, македон, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының     Македония Республикасының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады