Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау
қағидаларын бекіту туралы
«Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы
дайындау қағидалары
1. Осы Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.
2. Әлемдік және ұлттық ғылымның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, ғылымды дамытудың басым бағыттарының негіздемесін қамтитын Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) дайындау және басып шығару Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының (бұдан әрі – Ғылым академиясы) үйлестіруімен жүзеге асырылады.
Ұлттық баяндама есепті жылдың алдындағы жылғы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері бойынша дайындалады.
3. Ұлттық баяндаманы дайындау заңнамада белгіленген тәртіппен ғылым саласындағы уәкілетті орган мен Ғылым академиясы арасында жасалған шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде жүзеге асырылады.
4. Мынадай талаптарды қамтитын ғылыми бағдарламаның техникалық ерекшелігіне сәйкес шарттың міндетті талаптары Ұлттық баяндаманың сапасы, мерзімі, көлемі және күтілетін нәтижелері бойынша талаптар болып табылады:
1) кіріспе – баяндаманың мақсаты;
2) ғылыми метрикалық талдауды көрсете отырып, қазақстандық ғылымның жалпы сипаттамасы;
3) ғылыми әлеуеттің жай-күйін, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыммен айналысатын дербес білім беру ұйымдарының сапалық құрамын, отандық ғылыми кадрларды даярлау, шетелдік ғалымдарды тарту сапасын, сондай-ақ Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізуге арналған инфрақұрылымды (инженерлік бейіндегі зертханаларды, ұжымдық пайдаланымдағы ұлттық ғылыми зертханаларды және ғылыми-зерттеу институттарын қоса алғанда) талдау;
4) мемлекеттік бюджет қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржыландырылуын, ғылымға жеке сектордан қаржы қаражатын тартуды талдау;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған ғылым бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы басым зерттеулердің іске асырылуын талдау;
6) қазақстандық ғылымның жетістіктерін талдау (неғұрлым маңызды ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелері, енгізілген әзірлемелер), ғалымдардың зерттеу белсенділігінің көрсеткіштері (дәйек сөзге алыну индексі, жарияланымдар саны, ғалымдар жарияланатын журналдардың импакт-факторы, оларға сілтемелердің саны, патенттік белсенділік);
7) ғылымның дамуындағы Қазақстан үшін маңызы бар әлемдік үрдістерді, шет елдермен, халықаралық және ғылыми ұйымдармен ғылыми-техникалық келісімдерді іске асыру нәтижесінде алынған жаңалықтар мен жетістіктерді талдау;
8) технологиялар мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері арқылы ұлттық инновациялық жүйенің дамуын, ғылым, өнеркәсіп пен бизнес-қоғамдастықтың ықпалдасуын талдау, ғылымның ел экономикасын дамытудағы үлесін және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің ЖІӨ өсуіне әсерін бағалау;
9) салалық уәкілетті органдардың ғылымды және ғылыми-техникалық қызметті басқару жөніндегі қызметін талдау;
10) ұлттық ғылыми жүйені одан әрі дамыту бойынша қорытындылар мен ұсыныстар;
11) әдебиет;
12) глоссарий.
5. Ғылым саласындағы уәкілетті органның сұрауы бойынша мемлекеттік органдар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және қоғамдық бірлестіктер жыл сайын, 15 ақпаннан кешіктірмей Ұлттық баяндаманы дайындау үшін ақпарат береді. Ғылым саласындағы уәкілетті орган 1 наурызға дейін ақпаратты Ғылым академиясына жолдайды.
Ғылым академиясы Қазақстан Республикасының салалық жетекші қоғамдық ғылым академияларын осы ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Ұлттық баяндама бойынша материалдарды уақтылы және сапалы дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының салалық ғылым академияларының, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұсыныстары негізінде сараптамалық топ құрылуы мүмкін.
Ұлттық баяндаманың арнайы ғылыми бағыттары бойынша жекелеген бөлімдерін Қазақстан Республикасының тиісті салалық ғылым академиялары дайындауы мүмкін.
6. Ұлттық баяндаманы Ғылым академиясы Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарауына енгізу үшін жыл сайын, 1 маусымнан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ұсынады.
7. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның ұсынымы негізінде 1 қыркүйектен кешіктірмей Ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.
8.Ұлттық баяндаманы мемлекеттік және орыс тілдерінде басып шығаруды Ғылым академиясы Қазақстан Республикасының Президенті мақұлдағаннан кейін жүзеге асырады.
9. Ұлттық баяндаманы басып шығаруға қойылатын талаптар:
қаріп – Arial;
2) мәтін қарпінің мөлшері – 15 тармақ;
3) жоларалық интервал – бір жарым;
4) қағаз пішімі – А-4, кітап;
5) жоғарғы және төменгі шет сызығы - 2,5 см; сол жақ шет сызығы – 3 см; оң жақ шет сызығы – 2,5 см;
6) баспа түсі – толық түсті;
7) мұқабасы – қатты, өзіндік дизайны және полимерлі қорғаныс қабаты бар, фотосурет орналастыруға болады;
8) мәтінді, кестені, графиктерді, суреттерді, диаграммалар мен сілтемелерді қоса алғанда, жалпы көлемі 200 беттен аспауға тиіс;
9) тиражы – 1000 дана.
10. Ұлттық баяндаманың даналары Ұлттық кітапханаға, мемлекеттік жоғары оқу орындарының кітапханаларына, Орталық ғылыми кітапханаға, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығына, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына, ұлттық және салалық ғылым академияларына, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына, ұлттық басқару холдингтеріне, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, шет мемлекеттердің академияларына, салалық мемлекеттік органдарға және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға жіберіледі.