Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттарын және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамына кредит беру шарттарын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 шілдедегі № 904 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «2012 – 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қарашадағы Заңына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кейіннен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «ҚТЖ» ҰК АҚ) кредит беру үшін 052 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 2155239000 (екі миллиард бір жүз елу бес миллион екі жүз отыз тоғыз мың) теңге сомасында бюджеттік кредит берілсін.
      2. «ҚТЖ» ҰК АҚ-ға кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредиттің мақсаты бюджеттік кредит беру жолымен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының темір жол жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамы паркін жаңарту болып табылады;
      2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен негізгі борышты 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша өтеу жөнінде бес жылдық жеңілдік кезеңмен 25 (жиырма  ес) жыл мерзімге беріледі;
      3) «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға кредит беруге арналған сыйақы ставкасы жылдық 0,75 (нөл бүтін жүзден жетпіс бес) пайыздан аспауы тиіс;
      4) «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына кредит беруге арналған сыйақы ставкасы жылдық 1 (бір) пайыздан аспауы тиіс;
      5) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жеңілдікті кезеңнің мерзімі аяқталған соң, негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен тең үлестермен жүзеге асырады;
      6) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредит қарыз алушының шотына аударылған сәттен бастап 12 (он екі) ай өткен соң жүргізіледі;
      7) қарыз алушы үшін игеру кезеңі кредит қарыз алушының шотына аударылған күнінен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі – кредит беруші), Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі (бұдан әрі – әкімші) және қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
      4. Кредит қарыз алушының кредит бойынша міндеттемелерді қамтамасыз етуді ұсынуынсыз бөлінеді.
      5. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды қамтамасыз етсін.
      6. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады