"Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 шілдедегі № 941 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша
қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде
қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға)
және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты
ратификациялау туралы

      2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға
(жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға
қарсы iс-қимыл туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия Экономикалық қоғамдастығының (ЕурАзЭҚ) шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттер,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы шартқа, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,
      2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартын назарға ала отырып,
      ұйымдасқан қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, терроризммен, өзге ауыр және аса ауыр қылмыстармен күрес заманауи және тиімді нысандарды, әдістер мен құралдарды пайдалануды талап ететіндігін назарға ала отырып,
      Ақшаны жылыстатумен күресудің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын мойындай отырып,
      жалпыға танымал халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,
      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және (немесе) терроризмдi қаржыландыру үшін пайдалану мүмкіндігіне кедергі жасау мақсатында,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарт мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ақша құралдары – жол жүру чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын, онда осындай төлем жүзеге асырылатын адам көрсетілмеген құжаттық нысандағы бағалы қағаздар;
      2) қылмыстық жолмен алынған кірістер – осы Шартта көзделген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайтын Тараптың заңнамасына сәйкес осылай деп танылатын қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған ақша қаражаты немесе өзге мүлік;
      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) – қылмыстық жолмен алынған кірістерді иеленуге, пайдалануға немесе билік етуге құқықтық сипат беру жөніндегі іс-әрекеттер;
      4) қолма-қол ақша қаражаты – айналымдағы ақша белгілеріне айырбастауға жататын айналымнан алынған не алынатынды қоса алғанда, бірақ Кеден одағына мүше мемлекеттерде немесе шетелдік мемлекеттерде (шет мемлекеттер тобында) айналымдағы және заңды төлем құжаты болып табылатын, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, банкноттар мен қазынашылық билеттер түріндегі ақша белгілері;
      5) қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру – құқық қорғау органдары және (немесе) уәкілетті органдар берген ақпарат негізінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын уақытша шектеу бойынша кеден органдары қабылдайтын осындай қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын шығару не алу (тыйым салу) туралы шешім қабылдау алдындағы іс-әрекеттер;
      6) уәкілетті орган – Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың ықтимал жағдайларына қатысты ақпаратты жинақтауды, талдауды және құқық қорғау және (немесе) кеден органдарына беруді жүзеге асыруға уәкілетті осы Тараптың органы;
      7) терроризмді қаржыландыру – террористік сипаттағы қылмыстардың ең болмаса біреуін ұйымдастыруды қаржыландыру, даярлау немесе жасауға не осындай қылмыстардың біреуін жасау үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдасқан топты, заңсыз қаруланған құрылымды, қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) қамтамасыз етуге арналғандығын сезіне отырып, қаражатты беру немесе жинақтау не қаржылық қызметтер көрсету.

2-бап

      Тараптардың кеден органдары Тараптардың құқық қорғау және уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасауда осы Шартқа, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа, 2010 жылғы 5 шілдедегі Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартқа сәйкес Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдайды.
      Тараптардың кеден органдары Кеден одағының кеден заңнамасына және кеден органдары осындай бақылауды жүзеге асыратын Тараптың заңнамасына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді пайдалана отырып қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының өткізілуін бақылауды жүзеге асырады.
      Тараптардың кеден органдары, егер Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адам «Қолма-қол ақша және (немесе) ақша құралдарының декларациясы» жолаушы кедендік декларациясының қосымша формулярында немесе тауарларға декларацияда Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес көрсетілуі міндетті болып табылатын мәліметтерді көрсетпеген жағдайда, кедендік декларацияны қабылдаудан (тіркеуден) бас тартады.
      Жетіспейтін мәліметтерді көрсетуден адам бас тартқан жағдайда қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуге жол берілмейді.

3-бап

      Тараптың кеден органы осы шарттың 2-бабында көрсетілген мақсатта өзіне осы Тараптың құқық қорғау органдары және уәкілетті органы берген ақпарат негізінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрады және тиісті ақпарат берген органды бұл туралы дереу хабардар етеді.
      Тараптың кеден органы оның негізінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын орналастыруды тоқтата тұратын ақпарат қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адамды сәйкестендіру үшін қажет мынадай:
      жеке тұлғалар үшін: тегі, аты және (егер заңнан немесе ұлттық дәстүрден өзгеше туындамаса) әкесінің аты, туған күні және жері, азаматтығы;
      заңды тұлғалар үшін: ұйымның атауы, ұйымдастыру-құқықтық нысаны, орналасқан жерінің мекенжайы туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.
      Болған кезде мынадай мәліметтер:
      - жеке басты куәландыратын құжаттың түрі мен деректемелері: құжаттың сериясы мен нөмірі, құжаттың берілген күні (жеке тұлғалар үшін);
      - салықтарды, алымдарды (баждарды) төлеушінің сәйкестендіру (есепке алу) нөмірі немесе тіркеу елінде берілген осыған ұқсас нөмір (заңды тұлғалар үшін);
      кету/келу елін, көлік құралының немесе рейстің күнін, түрі мен нөмірін қоса алғанда бағыт туралы мәліметтер;
      уәкілетті органда және (немесе) құқық қорғау органдарында бар, олардың пікірі бойынша қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адамды сәйкестендіруді жеңілдетуі мүмкін өзге мәліметтер қосымша көрсетіледі.
      Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тоқтатыла тұруға негіз болған кеден органына берілген ақпараттың дұрыстығы мен негіздемесі үшін жауапкершілікті осы ақпаратты ұсынған орган алады.
      Қажет болған кезде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адамды сәйкестендіру мақсатында тоқтата тұру қажет болғанда Тараптың кеден органдары осы Тараптың заңнамасына сәйкес аталған Тараптың өзге мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

4-бап

      Тараптың уәкілетті органы осы Тараптың кеден органынан қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру туралы ақпаратты алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде:
      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы;
      осы Тараптың құқық қорғау органдарына осы Шартқа және осы Тараптың заңнамасына сәйкес шешім қабылдау үшін қажет өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастырумен (жылыстатумен) және (немесе) терроризмдi қаржыландырумен ықтимал байланыс туралы материалдар мен ақпаратты жіберу туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы уәкілетті орган бірден тиісті кеден органын хабардар етеді.
      Кеден органынан немесе уәкілетті органнан қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тоқтатылғаны туралы ақпарат алған құқық қорғау органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқта тұру күнінен кейін отыз күнтізбелік күн ішінде мынадай:
      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы шешім;
      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын алу (тыйым салу) туралы процессуалдық шешімдердің біреуін қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы құқық қорғау органы бірден тиісті кеден органын хабардар етеді.
      Өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын алу (тыйым салу) туралы процессуалдық шешім қабылдаған жағдайда құқық қорғау органы осындай шешім қабылданған күнінен кейін бір жұмыс күнінің ішінде өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды жазбаша нысанда бұл туралы хабардар етеді.
      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру мерзімі қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқта тұру күнінен кейін күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
      Тараптың кеден органдарының, құқық қорғау органдарының, уәкілетті органының және өзге мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі осы Тараптың заңнамасында белгіленеді.

5-бап

      Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру кезінде Тараптың кеден органы Кеден одағы Комиссиясының Шешімімен бекітілген нысан бойынша екі данада акт жасайды, оның біреуі қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуші адамға беріледі, екіншісі кеден органында қалады.
      Кеден органдары өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын сақтауды кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырады.
      Уәкілетті органның немесе құқық қорғау органының өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы шешімін алған кезде кеден органы бір тәулік ішінде жазбаша нысанда тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімімен өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы хабардар етеді.
      Осы Шарттың 4-бабында белгіленген шекті мерзім ішінде кеден органына уәкілетті органның немесе құқық қорғау органының осы Шарттың 4-бабында көзделген қандай да бір шешімі түспеген кезде кеден органы бір тәулік ішінде өткізілуі тоқтатыла тұрған ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы шешім қабылдайды және жазбаша нысанда тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімімен өткізілуі тоқтатылған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы хабардар етеді.
      Почта жөнелтілімінде өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдарын алуға болатын орын, оларды сақтау мерзімі және алмау салдары көрсетіледі.
      Өткізілуі тоқтатыла тұрған қайтарылуы тиіс қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын сақтаудың шекті мерзімі тапсыру туралы хабарламада көрсетілген почта жөнелтілімін берген күннен бастап не кеден органы почта жөнелтілімін тапсыру мүмкін еместігі туралы хабарлама алған күнінен бастап төрт айды құрайды.
      Қолма-қол ақша қаражатын және (ақша) құралдарын сақтау және қайтару жөніндегі шығыстарды кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тарап көтереді.
      Егер өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын адам немесе оның уәкілетті органы осы бапта белгіленген мерзімде талап етпеген жағдайда, олар кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын тоқтата тұрған Тараптың заңнамасына сәйкес мемлекеттің меншігіне айналдыруға жатады.
      Мемлекеттің меншігіне айналдырылған қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдары кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот тәртібінде мүдделі адамға қайтарылуы мүмкін.
      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру жөніндегі заңды іс-әрекеттер осындай тоқтата тұру салдарынан туындайтын шығын, оның ішінде жіберіп алған пайда үшін Тараптардың кеден органдарының, құқық қорғау органдарының және (немесе) уәкілетті органдарының азаматтық-құқықтық немесе өзге жауапкершілігінің туындауы үшін негіз болып табылмайды.

6-бап

      Тараптар «Қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының декларациясы» жолаушы кедендік декларациясының қосымша формулярында қамтылған, сондай-ақ мәні Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен және (немесе) терроризмді қаржыландыру алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) байланысты қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдары болып табылатын қылмыстық істер жөніндегі мәліметтерді жинақтауды және олардың негізінде дерекқорды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
      Тараптар жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары, құқық қорғау органдары және кеден органдары арасында осы бапта көрсетілген дерекқорда қамтылатын ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Тараптар осы Шартты іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Осы Шарт шеңберінде Тараптардың құқық қорғау органдары, уәкілетті органдары және (немесе) кеден органдары арасында өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер Дау тараптарының бірі екінші Дау тарапына жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш алынған күнінен бастап алты ай ішінде Дау тараптары дауды оларды жүргізу жолымен реттелмесе, Дау тараптарының кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бере алады.
      Кеден одағының Комиссиясы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына берілгенге дейін дауды реттеуде Тараптарға жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Осы Шартқа ескертулер жасауға жол берілмейді.

10-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.

11-бап

      Осы Шарт ратификациялануы тиіс және дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың осы Шарт күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      20___ жылғы «___» ____________ ____________ қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.
      Осы Шарттың түпнұсқа данасы Кеден одағының Комиссиясында сақталады, ол осы Шарттың депозитарийі болып табылады және әр Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

      Беларусь             Қазақстан               Ресей
   Республикасы          Республикасы            Федерациясы
        үшін                 үшін                   үшін

      2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шарттың қазақ тіліне аудармасы дұрыс екендігін растаймын.

       Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі Мемлекеттік
      тілді дамыту және редакциялау
      Басқармасының бастығы                           Б.Ахметжанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады