Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының радио қызметтері пайдаланатын 30 – 2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиіліктер беруді үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының радио қызметтері пайдаланатын 30 – 2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиіліктер беруді үйлестіру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 15 тамыздағы
№ 1050 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының радио қызметтері пайдаланатын 30 - 2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиіліктер беруді үйлестіру туралы келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,
байланыс саласында ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
радиобайланыс, телевизиялық және радиохабарларын тарату қызметтеріне сұраныс қарқынын ескере отырып,
өздерінің радио қызметтерінің зиянды өзара кедергілерін болдырмау мақсатында 30 – 2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиіліктер беруді үйлестіруді жүзеге асыру қажет деп есептей отырып,
Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентiне сәйкес әрекет ете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мақсатында төмендегі терминдер мыналарды білдіреді:
«Байланыс әкімшілігі» Халықаралық электр байланысы одағының 1992 жылғы 22 желтоқсандағы Жарғысы бойынша міндеттемелерді орындауға жауапты Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарын білдіреді;
«шекара маңындағы аудан» Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекараларының екі жағы бойынша орналасқан, бір Тарап мемлекетінің радиоэлектрондық құралдары басқа Тарап мемлекетінің радиоэлектрондық құралдарына 300 км шегінде осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көрсетілген рұқсат етілетін шамадан асатын деңгеймен зиянды кедергілер жасауы мүмкін Тараптар мемлекеттерінің аумақтарын білдіреді;
«радиожиіліктер беруді үйлестіру» Тараптардың бірінің басқа Тарап мемлекетінің радиоэлектрондық құралдарын осы радиоэлектрондық құралдардың радиожиіліктер беру сипаттамаларына сәйкес орнатуға және пайдалануға келісімін алу рәсімін білдіреді.
2-бап
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі Тараптардың уәкілетті органдары:
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі,
010000, Астана қ.
Қабанбай батыр д-ы, 32/1
Телефакс: (7172) 241312,
Телефон: (7172) 241419
E - mail: mtc@mtc.gov.kz.
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін - Қырғыз Республикасының ұлттық байланыс агенттігі,
720005, Бішкек қ.
Байтик Баатыр к-сі, 7-б
Телефакс: (996 312) 544105,
Телефон: (996 312) 544103
E-mail: nta@infotel.kg болып табылады.
2. Тараптардың уәкілетті органдары:
- ұлттық дерекқордан радиоспектрді басқару және пайдалану бойынша тиісті деректермен алмасуды жүзеге асырады;
- күтпеген зиянды кедергілер туындаған жағдайда шешу әдісін айқындайды және шаралар қолданады;
- рәсімдік тетіктерді айқындайды және қолданады, оның ішінде үйлестіру келісімі және басқалары қабылданатын шекте үйлестіру аймағын белгілейді;
- осы Келісімді орындау мақсатында радио қызметтердің жиіліктерін беруді үйлестірудің техникалық негіздері жөнінде немесе жиіліктің жеке белдеулерін пайдалану жөнінде келісім жасасады;
- осы Келісімді іске асыру бойынша басқа да іс-қимылдарды жүзеге асырады.
Тараптардың уәкілетті органдары өзгерген немесе олардың функциялары басқаға берілген жағдайда олар бұл туралы дереу дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде бірін-бірі хабардар етеді.
3-бап
1. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес шекара маңындағы аудандарда алуан түрлі радио қызметтер станцияларының 30 - 2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиіліктерді пайдалануды үйлестіру мәселелерінде ынтымақтасады.
4-бап
1. Осы Келісімге сәйкес Тараптар азаматтық мақсаттағы құрлықтық жылжымалы, тіркелген және радиохабарларын тарату және басқа радио қызметтер станцияларының радиожиіліктерін беруді үйлестіруді жүзеге асырады.
Тараптардың уәкілетті органдарының жауапкершілігі аясына түспейтін тіркелген немесе құрлықтық жылжымалы радио қызметтер Келісімде көзделгенге дейін осы Келісімнің ережелерімен реттелмеуі тиіс.
2. 3-бапта көрсетілген радиожиілік белдеуінде шекара маңындағы аудандарда орналасқан станциялардың, сондай-ақ шекара маңындағы аудандардан тысқары жеке станциялардың радиожиіліктерін беру, егер олар шектес Тараптың шекара маңында орналасқан станцияларға Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын үйлестірудің техникалық негіздері жөніндегі жеке келісіммен айқындалатын рұқсат етілетін деңгейден асатын өріс кернеулілігі бар зиянды кедергілер жасайтын болса, үйлестіруге жатады.
Зиянды кедергілер ретінде радиобайланыс қызметінің трафик сапасының едәуір нашарлауын туындататын немесе осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген қосымша келісімде айқындалатын өріс кернеулілігінің ең көп рұқсат етілетін деңгейінен асуына байланысты осы қызметтің жұмыс істеуін бірнеше мәрте үзетін немесе тоқтататын кез келген сәуле шығару деп түсіндірілуі тиіс.
3. Тараптар сондай-ақ шекара маңындағы аумақтардың қабылдау станцияларының радиожиіліктер беруін үйлестіруді, егер оларды кедергілерден қорғау қажет болса, жүзеге асырады.
5-бап
1. Тараптар мынадай радиожиіліктер санаттарын анықтайды:
1) кез келген Тараптың уәкілетті органы айрықша немесе артықшылық негізінде басқа Тараппен алдын ала үйлестірусіз тағайындалатын қалаулы радиожиіліктер. Бұл ретте станциялардың осы Келісімнің 4-бабының 2-тармағында көрсетілген үйлестірудің техникалық негіздері бойынша жеке келісімде анықталған сипаттамалары қамтамасыз етілуі тиіс. Қалаулы радиожиіліктер шекара маңындағы ауданның аумағындағы кез келген нүктеде орналасқан радиостанцияларға тағайындалады (беріледі);
2) екі Тарап бірлесіп пайдаланатын және олардың уәкілетті органдары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметтердің (кеден, ұлттық қауіпсіздік, төтенше жағдайлар органдарының бірлескен байланыс арналары) азаматтық мақсаттағы арналары ретінде алдын ала үйлестірусіз тағайындалатын бірлескен жиіліктер. Бұл ретте станциялардың осы Келісімнің 4-бабының 2-тармағында көрсетілген үйлестірудің техникалық негіздері бойынша жеке келісімде анықталған сипаттамалары қамтамасыз етіледі;
3) Тараптардың уәкілетті органдары арасында олар алдын ала сәтті үйлестірілгеннен кейін ғана тағайындалуы мүмкін үйлестірілген радиожиіліктер;
4) байланыс желілерін (ұялы байланыс, радиохабарларын тарату, радиорелейлік және т.б. сияқты желілер) дамыту үшін Тараптардың уәкілетті органдары арасында үйлестірілуі тиіс, үлкен күрделі салымдарды талап етуі мүмкін, пайдалануға енгізу мерзімі ұзақ, бірақ тек үйлестірілген және бекітілген жиілік-аумақтық жоспарлар нәтижесінде құрылуы мүмкін жоспарланған байланыс желілеріне арналған радиожиіліктер.
Үйлестірілген радиожиіліктерді және жоспарланған байланыс желісі үшін радиожиілікті тағайындау (беру) Тараптардың құзыретті органдары арасында алдын ала жүргізілген үйлестіру жағдайында жүзеге асырылады.
2. Станцияларға қалаулы, бірлескен, үйлестірілген санаттарынан радиожиілікті жеке станциялар үшін де және жоспарланған байланыс желісі үшін де беруді Тараптар өзара келісім негізінде жүзеге асырылған ретінде қарайды.
Тараптың әрқайсысының барлық жиілікті беруі:
1) Халықаралық анықтамалық жиілік тіркелімінде тіркелген және Халықаралық электр байланысы одағының Апталық циркулярының екінші бөлігінде жарияланған;
2) бұрынғы КСРО болған кезеңде орталықтандырылып тағайындалған;
3) екі Тараптың байланыс әкімшіліктері осы Келісім күшіне енген сәтке дейін үйлестірілген;
4) Халықаралық электр байланысы одағының Дүниежүзілік электр байланысы жөніндегі конференцияларында бекітілген Жоспарға енгізілген Тараптардың радиожиілікті беруі үйлестірілген деп есептеледі.
Келісімге қол қойылған сәтте Халықаралық электр байланысы одағының Апталық циркулярының бірінші бөлігінде жарияланған Тараптардың жиілікті беруге арналған өтінімдері осы Келісімінің ережелеріне сәйкес үйлестіруге жатады.
3. Тараптардың әрқайсысында жоғарыда көрсетілген санаттардағы радиожиілік тізімі болуы тиіс және оларды жүргізілген үйлестіру негізінде толықтырып отыруы тиіс.
Тараптар келісілген нысан бойынша үйлестірілген (радиожиіліктер) станциялар тізімдерімен алмасып отырады. Тізімдер тек шекара маңындағы аудандардағы станциялардың немесе осы аудандарда кедергілер тудыратын станциялардың сипаттамаларын қамтиды.
Тараптардың радиожиіліктер тізімі, әдетте, жыл сайын Тараптар сарапшыларының кеңестерінде нақтылануы тиіс.
4. Тараптар осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген радиожиілік белдеулеріндегі жұмыс істеп тұрған станциялар арасында мүмкін болатын кедергілерді қарайды және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды.
6-бап
1. Әрбір нақты жағдайда ақпарат беру Тараптардың уәкілетті органдарының шешімі бойынша жүзеге асырылады (пошта, факс немесе электронды пошта арқылы).
2. Тараптар осы Келісімнің 5-бабының 3-тармағында көрсетілген радиожиілік тізімін, сондай-ақ үйлестіру мәселелері бойынша хат алмасуды және басқа Тараптың радиожиілікті беру бойынша ақпаратты оның жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа жария етпеуге және бермеуге міндеттенеді.
3. Берілетін ақпараттың құпиялылық дәрежесін ақпарат беруші Тарап анықтайды.
Берілетін ақпарат ашық баспада жариялануға тыйым салынған мәліметтерді қамтымауы тиіс. Осы талаптардың сақталу жауапкершілігі ақпаратты беретін Тарапқа жүктеледі.
4. Тараптар ынтымақтық барысында алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді. Ақпаратты қорғау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
5. Ақпаратты қорғауды бұзу осы бұзу фактісіне жол берген Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жіктеледі.
6. Алынған ақпаратты Тараптардың құзыретті органдары тек осы Келісімді іске асыру мақсатында ғана пайдалануға және қызметтік міндеттерін орындау үдерісінде қажет болатын Тараптар мемлекеттерінің қызметкерлеріне ғана ұсынуға міндетті.
7. Тараптар басқа Тараптың талабы бойынша барлық алынған ақпаратты салыстырып тексеру үшін ұсынуға міндетті.
8. Ақпарат өзектілігін немесе практикалық құндылығын жоғалтқан жағдайда Тараптардың өзара келісімі бойынша осындай ақпаратты тасығыштар жойылады немесе қайта қалпына келтірілмеуіне кепілдік беретін тәсілмен қайтарылады. Жою фактісі құжатталады және құжаттың көшірмесі осы ақпартты ұсынған Тарапқа жіберіледі.
9. Ақпаратты жоғалтқан немесе жария еткен кезде Тараптар дереу өзара консультациялар өткізеді, тексеру ұйымдастырады және ақпараттың жоғалу немесе жария ету фактісі анықталған күннен бастап 90 күннен кешіктірмей оның нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы бір-бірін хабардар етеді.
7-бап
1. Радиожиіліктер беруді үйлестіру кезінде Тараптар қабылданған және келісілген бірыңғай техникалық негіздерді пайдаланады. Тараптардың уәкiлеттi органдары белгiлi ұсыныстар мен әдiстердiң негiзiнде үйлестірудің техникалық негіздері бойынша, қалаулы және бірлескен жиіліктер санатындағы жиілікті беруді тағайындау үшін жиіліктер белдеулерін бөлу бойынша, сондай-ақ үйлестірудің басқа да мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.
Осы Келісім қолданысының аясына түсетін станцияларды басқа радиобайланыс қызметтерінің сәуле шығаруынан қорғау мақсатында өзара кедергілер есептеулері Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда және осы қызметтерге жататын қабылданған стандарттарда негізделуі тиіс.
2. Радиожиілікті беру кезінде әрбір Тарап радиожиілік спектрін тиімді пайдалануға ұмтылуы және олардың мақсатына байланысты байланыстың ұсынылатын қызметтерінің қанағаттандыратын сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті минимумға дейін өз станцияларының тиімді сәуле шығару қуатын төмендету бойынша шараларды жүзеге асыруы тиіс.
3. Байланыс техникасының дамуын ескере отырып, Тараптар және үйлестірудің техникалық негіздерін нақтылау және одан әрі дамыту мақсатында сарапшылар кеңесін өткізеді.
8-бап
1. Тарап радиожиілік тізімінде ол үшін көзделмеген жаңа радиожиілікті беруді пайдалануды бастаудан немесе бұрын үйлестірілген радиожиілік тізіміне өзгеріс енгізуге ниет білдіруден бұрын ол Халықаралық электр байланысы одағының регламент талаптарына сәйкес үйлестіру жүргізуі тиіс.
2. Үйлестіруге арналған жазбаша сұрау салу жіберілген Тарап үш күн ішінде оны алғанын растауы және алты күн ішінде жазбаша дәлелді жауап жіберуі тиіс. Егер бұл ретте ол мәлімденетін радиожиілікті беруді пайдалануға келіспеген болса, мәселені қанағаттанарлық шешу үшін өзінің ұсыныстарын беруі тиіс.
3. Егер үйлестіруге жазбаша өтінім жіберген Тарап жетпіс бес күн ішінде жауап алмаған болса, онда ол басқа Тараптан өтінім берілген радиожиілікті беруді пайдалануға қарсылығы жоқ деп санап, оны үйлестірілген радиожиілік тізіміне қосады және бұл туралы екінші Тарапты хабардар етеді.
4. Радиожиілік беруді үйлестіру мынадай жағдайларда:
а) егер беру осы Тараптың қалауының бірі, радиожиілігінің бірімен жүзеге асырылған болса;
б) егер үйлестірілген радиожиілікті беруді пайдаланатын станцияда басқа Тарап мемлекетінің аумағында қосымша кедергілердің туындауын әкелмейтін сипаттамасы ғана өзгерген болса;
в) егер бұрын үйлестірілген радиожиілікте жұмыс істейтін қосымша станцияны пайдалануға енгізу кезінде болса, басқа Тарап мемлекетінің аумағында кедергілердің ұлғайюына әкелмеген болса талап етілмейді.
5. Үйлестірілген радиожиілікті беруді пайдаланған негізгі станцияның жұмысы тоқтаған жағдайда басқа Тарапқа оның орнына енгізілген станцияның техникалық сипаттамасы хабарланады.
6. Жекелеген жедел жағдайда Тараптардың станциялар уақытша пайдалану (30 күн) үшін тиімді сәуле шығару қуаты 13 дБ Вт аспайтын радиожиілікті беруге құқығы бар. Бұл ретте Тараптар осындай пайдалану фактісі туралы бір-бірін хабардар етеді және мүмкін болатын кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдайды.
7. Тараптардың бірі үйлестірілген радиожиіліктерді беру тізіміне үйлестіру жүргізуді талап етпейтін өзгеріс енгізген барлық жағдайларда, оның ішінде үйлестірілген станцияны пайдалануды тоқтатқан кезде де ол осы өзгерістер туралы басқа Тарапты хабардар етеді.
9-бап
1. Зиянды кедергілерді көріп отырған қабылдау станциясы тиесілі Тарап, станциясы кедергілер туғызып отырған басқа Тарапты бұл туралы хабардар етеді.
2. Бір Тараптың қабылдау станциясын басқа Тарап станцияларының зиянды кедергілерінен қорғаудан, егер:
1) өрiсiнiң кернеулiлігi барынша рұқсат етілетін мәнінен асатын басқа Тарап станцияларының кедергілері екінші Тараптың бұрын үйлестірілген қабылдағышында түзілгенде;
2) қабылдағышты қорғау басқа Тараптың қалаулы радиожиілігін пайдалануды осы Келісімнің 4-бабының 2-тармағында көрсетілген үйлестірудің техникалық негіздері бойынша келісімде ескерілген жағдайларда мүмкін емес еткенде;
3) осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көрсетілген үйлестірудің техникалық негіздері бойынша келісімде ескерілген шекара маңындағы аудандарда зиянды кедергілердің ең көп рұқсат етілетін мөлшерін реттейтін шарт сақталмағанда бас тартылуы мүмкін.
3. Қабылдау станцияларының радиожиіліктерін беруді үйлестіруге арналған өтінімнен, егер бұрын басқа Тарап мәлімдеген бір немесе бірнеше таратқыштар үйлестіруге мәлімденген қабылдағышқа кіруде өрісінің кернеулілігі Келісімде көзделген рұқсат етілетін мәннен асатын зиянды кедергілер жасағанда бас тартылуы мүмкін.
4. Тараптар кедергілерге қатысты мәселелерді реттеу үшін өзара түсіністік пен ынтымақтыстық негізінде мүмкін болатын шараларды қабылдайды.
10-бап
1. Осы Келісімде көзделмеген мәселелер жағдайында Тараптар Халықаралық электр байланысы конференцияларының, Халықаралық радиобайланысы регламентінің ережелерін және Халықаралық электр байланысы одағының ұсыныстарын басшылыққа алады.
2. Осы Келісім Тараптардың өздерінің мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен міндеттемелерін шектемейді.
11-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде Тараптар арасында туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасында келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
2. Сарапшылардың кездесулерін Тараптар алдын ала келіседі, ұйымдастыру мәселелерін мемлекетінің аумағында кездесу өтетін Тарап шешеді. Сарапшыларды қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
12-бап
1. Осы Келісімге сәйкес Тараптардың өзара іс-қимылдары кезінде орыс тілі пайдаланылады.
13-бап
1. Осы Келісім Тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.
2. Барлық өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделеді.
14-бап
1. Тараптардың байланыс әкімшілігі Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысын осы Келісімнің жасалғаны туралы және оның мазмұны туралы хабардар етеді.
15-бап
1. Осы Келісім оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді, бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де бірі дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа өзінің ағымдағы кезең өткенге дейін алты айдан кешіктірмей оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
2. Тараптардың бірі басқа Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған жағдайда Тараптар алты ай ішінде берілген ақпаратты пайдалану тәртібі бойынша өзара консультациялар өткізеді. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптарды оның қолданысы тоқтатылғанға дейін алынған ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерден, сондай-ақ оны жоғалтқаны немесе жария еткені үшін жауапкершіліктен босатпайды.
2012 жылғы «_____» __________, _________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі бүкіл мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін