Баспасөз мәлімдемесі
Ағымдағы жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді.
Қағидалар «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңының 7 бабы 2-1 тармағын орындау мақсатында қабылданды.
Қағидалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәртібін анықтайды.
Көтермелеуге жататын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдесу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау фактісі туралы хабарлауды, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтау, жолын кесу және ашу үшін кейіннен маңызы болған өзге де жәрдем беруді қамтиды.
Көтермелеу тұлға берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты әкiмшiлiк жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген жағдайда немесе, айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда немесе, ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана төленеді.
Біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыстың ауыртпалығына сәйкес белгіленген.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК құрайды.
Азамат біржолғы ақшалай сыйақыдан бас тартқан жағдайда, оны көтермелеу грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түрінде жасала алады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен әрбір азаматқа құпиялық пен мемлекет қорғанысы кепілдендіріледі.
Көтермелеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Көтермелеу туралы материалдарды қаржы полициясы тергеушілері мен басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар көтермелеуге құқығы пайда болған күннен бастап 10 күн ішінде қалыптастырады және қарауға жібереді.
Көтермелеу мәселелерін қаржылық құжаттарға қол қою құқығы берілген қаржы полициясы органдарының уәкілетті тұлғалары қарайды.
Қаржы полициясы тиісті органының басшысы 5 жұмыс күні ішінде тұлғаға біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу үшін негіз болып табылатын көтермелеу туралы бұйрық шығарады.
Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу көтермелеу туралы бұйрық шыққан күнінен бастап 15 күн ішінде адамның жеке немесе өзге шотына аудару арқылы жүргізіледі.
Көтермелеуді алу мақсатында көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке дейін.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)