"Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 3 қыркүйектегі № 1135 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенцияны ратификациялау туралы

      1981 жылғы 23 маусымда Женевада Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 67-сессиясында қабылданған Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ 156-КОНВЕНЦИЯ
Конференцияның алпыс жетінші сессиясында қабылданған
Отбасылық міндеттемелері бар
ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және
тең мүмкіндіктер беру туралы конвенция
1981 жылғы 23 маусым, Женева

түпнұсқалық мәтін

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

156-конвенция

Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы конвенция

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік кеңесі Женевада шақырған және 1981 жылғы 3 маусымда өзінің алпыс жетінші сессиясына жиналған Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы «Нәсiлiне, сенiмiне немесе жынысына қарамастан барлық адамдар бостандық пен қадiр-қасиет, экономикалық тұрақтылық және тең мүмкiндiктері жағдайында өзiнiң материалдық әл-ауқатын жақсартуға және рухани дамуға құқылы» деп жариялаған Халықаралық Еңбек Ұйымының мақсаты мен міндеттері туралы Филадельфиялық декларацияны назарға ала отырып, 1975 жылы Халықаралық Еңбек Конференциясы қабылдаған әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беруді ынталандыруға бағытталған іс-әрекеттер жоспары туралы қарардың және әйел еңбекшілерге тең мүмкіндіктер беру мен қарау туралы декларацияның ережелерін назарға ала отырып, ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған еңбек жөніндегі халықаралық конвенциялар мен ұсынымдардың, атап айтқанда 1951 жылғы Бірдей сыйақы туралы конвенция және ұсынымның, 1958 жылғы Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушілік туралы конвенция мен ұсынымның және 1975 жылғы Адам ресурстарын дамыту туралы ұсынымның ҮІІІ бөлімінің ережелерін назарға ала отырып, 1958 жылғы Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушілік туралы конвенцияда отбасылық міндеттемелер негізінде жүргізілетін ерекшеліктердің тікелей қаралмайтындығын еске сала отырып және осы салада жаңа нормалар қабылдау қажет деп есептей отырып, 1965 жылғы Отбасылық міндеттемелері бар әйелдердің еңбегі туралы ұсынымдардың ережелерін назарға ала отырып және оны қабылдаған кезден бастап пайда болған өзгерістерді ескере отырып, ерлер мен әйелдерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы актілерді сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да мамандандырылған мекемелердің қабылдағанын атап көрсете отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1979 жылғы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция кіріспесінің Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің «ерлер мен әйелдердің толық теңдігіне қол жеткізу үшін ерлердің де, әйелдердің де қоғамдағы және отбасындағы дәстүрлі рөлін өзгерту қажеттігін ұғынатыны» баяндалған он төртінші тармағын еске сала отырып, отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілердің проблемалары ұлттық саясат жүргізуде назарға алынуы қажет болатын отбасы және қоғамға қатысты аса кең мәселелер аспектілері болып табылатынын мойындай отырып, отбасылық міндеттемелері бар ерлер мен әйелдерге, сондай-ақ осы және басқа да еңбекшілер арасында шынайы тең қарау және тең мүмкіндіктер беру қажеттігін мойындай отырып, барлық еңбекшілер алдында тұрған көптеген проблемалардың отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілер үшін тереңдей түседі деп есептей отырып және соңғылардың жағдайын олардың ерекше қажеттіліктеріне жауап беретін шараларды, жалпы еңбекшілердің жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдау арқылы жақсарту қажеттігін мойындай отырып, сессия күн тәртібінің бесінші тармағы болып табылатын отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы бірқатар ұсыныстар қабылдауға қаулы ете отырып және осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруді ұйғара отырып, бір мың тоғыз жүз сексен бірінші жылғы жиырма үшінші маусымда Отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілер туралы 1981 жылғы Конвенция деп аталуы мүмкін төменде келтірілген Конвенцияны қабылдайды:

1-бап

      1. Осы Конвенция асырауындағы балаларға қатысты отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге мұндай міндеттемелер олардың экономикалық қызметінде дайындалу, қол жеткізу, қатысу немесе алға жылжу мүмкіндіктерін шектеген кезде қолданылады.
      2. Осы Конвенцияның ережелері, сондай-ақ күтім немесе көмекке шын мұқтаж басқа да жақын туысқандары – олардың отбасы мүшелеріне қатысты отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге мұндай міндеттемелер олардың экономикалық қызметінде дайындалу, қол жеткізу, қатысу немесе алға жылжу мүмкіндіктерін шектеген кезде қолданылады.
      3. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін «асырауындағы бала» және «күтім немесе көмекке шын мұқтаж басқа жақын туысқаны – отбасы мүшесі» деген терминдер әрбір елде осы Конвенцияның 9-бабында көрсетілген тәсілдердің бірі арқылы айқындалатын адамдарды білдіреді.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылатын еңбекшілер бұдан әрі «отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілер» деп аталады.

2-бап

      Осы Конвенция экономикалық қызметтің барлық салаларына және еңбекшілердің барлық санатына қолданылады.

3-бап

      1. Ер және әйел еңбекшілерге шынайы тең қарау және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін Ұйымның әрбір мүшесінің мемлекеттік саясаты мақсаттарының бірі ақы төленетін жұмыстарды орындайтын немесе орындауды қалайтын отбасылық міндеттемелері бар адамдардың кемсітушілік көрмей және мүмкіндігінше кәсіби және отбасылық міндеттемелерін үйлестіре отырып, өз құқықтарын жүзеге асырудан тұрады.
      2. Осы баптың 1-тармағының мақсаты үшін «кемсітушілік» деген термин 1958 жылғы Еңбек және кәсіптер саласында кемсітушілік туралы конвенцияның 1 және 5-баптарында белгіленгендей, еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушілікті білдіреді.

4-бап

      Ер және әйел еңбекшілерге шынайы тең қарау және тең мүмкіндіктер беру үшін ұлттық жағдайлар мен мүмкіндіктерге сәйкес:
      а) отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілер өздерінің жұмысты еркін таңдау құқығын жүзеге асыруы үшін;
      b) жұмыспен қамту ережелері мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы олардың қажеттіктерін назарға алу үшін барлық шаралар қолданылады.

5-бап

      Сондай-ақ ұлттық жағдайлар мен мүмкіндіктерге сәйкес:
      а) жергілікті деңгейде іс-шараларды жоспарлау кезінде отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілердің қажеттіліктерін ескеру;
      b) балаларға күтім жасау және отбасына көмек көрсету мекемелері мен қызметтері сияқты мемлекеттік немесе жеке қызметтерді дамыту немесе оған жәрдемдесу үшін барлық шаралар қолданылады.

6-бап

      Әрбір елдің құзыретті билігі мен органдары ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру қағидаты мен отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілер проблемаларын қоғамның анағұрлым кеңірек түсінуіне жәрдемдесетін ақпарат және білім беруді дамытуды ынталандыру, сондай-ақ осы проблемаларды шешуге ықпал ететін қоғамдық пікірді көтермелеу бойынша тиісті шараларды қабылдайды.

7-бап

      Ұлттық жағдайларға және мүмкіндіктерге сәйкес барлық шаралар, оның ішінде отбасылық міндеттемелері бар еңбекшілерге еңбек қызметін бастауға немесе жалғастыруға, сондай-ақ оны осы міндеттемелерге байланысты жұмыста болмаған кезеңнен кейін қайта бастауға мүмкіндік беретін кәсіптік бағдарлау және даярлау саласында шаралар қабылданады.

8-бап

      Отбасылық міндеттемелер өздігінен еңбек қатынастарын тоқтатудың негізі бола алмайды.

9-бап

      Осы Конвенция заңнама немесе қағидалар, ұжымдық шарттар, кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібінің қағидалары, арбитражды шешімдер, сот шешімдері немесе осы әдістердің үйлесімі немесе ұлттық жағдайларды ескере отырып, ұлттық тәжірибеге сәйкес кез келген өзге тәсіл арқылы жүзеге асыруылуы мүмкін.

10-бап

      Осы Конвенцияның ережелерін ұлттық жағдайларды есепке ала отырып, қажеттілігіне қарай, кезең-кезеңімен қолдануға болады, бірақ оларды жүзеге асыру бойынша жүргізілетін шаралар кез келген жағдайда 1-баптың 1-тармағы таралатын барлық еңбекшілерге қолданылады.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын Ұйымның әрбір мүшесі Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес оны қолдану туралы бірінші баяндамасында осы баптың 1-тармағында көзделген мүмкіндіктерді Конвенцияның қай ережесіне қатысты пайдаланатындығын хабарлайды және кейінгі баяндамаларында осы ережелерді қандай шамада жүзеге асырғандығын немесе жүзеге асыратындығын көрсетеді.

11-бап

      Кәсіпкерлер мен еңбекшілердің ұйымдары ұлттық жағдайлар мен тәжірибеге сәйкес тәсілмен осы Конвенцияның ережелерін жүзеге асыруға бағытталған шараларды әзірлеуге және қолдануға қатысуға құқылы.

12-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми құжаттар Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директорына тіркеу үшін жіберіледі.

13-бап

      1. Осы Конвенция ратификациялау туралы құжаттарын Бас директор тіркеген Халықаралық Еңбек Ұйымының мүшелерін ғана байланыстырады.
      2. Ол Ұйымның екі мүшесін ратификациялау туралы құжаттарды Бас директор тіркеген күннен кейін он екі айдан соң күшіне енеді.
      3. Кейін осы Конвенция Ұйымның әрбір мүшесіне қатысты оның ратификациялау грамотасы тіркелген күннен кейін он екі айдан соң күшіне енеді.

14-бап

      1. Осы Конвенцияны ратификациялаған Ұйымның әрбір мүшесі оның бастапқы күшіне енген күнінен бастап он жыл өткеннен кейін Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директорына өзі жіберген және тіркеген күшін жою туралы арызы арқылы оның күшін жоя алады. Күшін жою туралы акті тіркелген күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетілген он жыл өткеннен кейін бір жылдық мерзімде осы бапта көзделген күшін жою құқығын пайдаланбаған Ұйымның әрбір мүшесі үшін Конвенция келесі он жылға күшінде қалады және кейіннен ол әр он жыл өткеннен кейін осы бапта көзделген тәртіпте оның күшін жоя алады.

15-бап

      1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директоры өзіне Ұйым мүшелері жолдаған барлық ратификациялау грамоталары мен күшін жою туралы өтініштердің тіркелгені туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық мүшелеріне хабарлайды.
      2. Бас директор өзі алған екінші ратификациялау грамотасының тіркелгені туралы Ұйым мүшелеріне хабарлай отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне ену күніне аударады.

16-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директоры алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес өзі тіркеген барлық ратификациялау грамоталары мен күшін жою туралы өтініштер жөніндегі толық мәліметті Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тіркеу үшін жолдайды.

17-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік кеңесі қажет деп есептеген жағдайларда, осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас Конференцияға ұсынады және оны толық немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені Конференцияның күн тәртібіне енгізудің орындылығын қарастырады.

18-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе ішінара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:
      а) Ұйымның қандай да бір мүшесінің жаңа, қайта қарайтын конвенцияны ратификациялауы, 14-баптың ережелеріне қарамастан, жаңа, қайта қарайтын конвенция күшіне енген жағдайда, осы Конвенция күшінің тез арада автоматты түрде жойылуына әкеледі;
      b) жаңа, қайта қарайтын конвенция күшіне енген күннен бастап осы Конвенция Ұйым мүшелерінің оны ратификациялауы үшін жабылады.
      2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бірақ қайта қарайтын конвенцияны ратификацияламаған Ұйым мүшелері үшін кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша өз күшінде қалады.

19-бап

      Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.

      Жоғарыда берілген мәтін Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясы Женевада өткізілген және 1981 жылғы жиырма төртінші маусымда жабылды деп жарияланған алпыс жетінші сессиясында тиісті түрде қабылдаған Конвенцияның теңтүпнұсқалы мәтіні болып табылады.  Осыны куәландыру үшін біз осы құжатқа 1981 жылғы жиырма бесінші маусымда қол қойдық.

Конференция төрағасы
АЛИУН ДИАНЬ

Халықаралық Еңбек Бюросының
Бас директоры

ФРАНСИС БЛАНШАР

      Ұсынылған Конвенцияның мәтіні Халықаралық Еңбек Конференциясының төрағасы мен Халықаралық Еңбек Бюросы Бас директорының қол қоюымен куәландырылған мәтіннің дәл көшірмесі болып табылады.

      Көшірменің дұрыстығы мен толықтығы куәландырылды.

Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директоры үшін:

Люк ДЕРЕПА

Халықаралық Еңбек Ұйымының
Заң кеңесшісі

ХЕҰ № 156 Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің тізбесі

мемлекет

ратификацияланған күні

мәртебесі

Албания

11.10.2007

ратификацияланды

Аргентина

17.03.1988

ратификацияланды

Австралия

30.03.1990

ратификацияланды

Әзірбайжан

29.10.2010

ратификацияланды

Белиз

22.06.1999

ратификацияланды

Боливия

01.09.1998

ратификацияланды

Босния және Герцоговина

02.06.1993

ратификацияланды

Болгария

03.04.2006

ратификацияланды

Чили

14.10.1994

ратификацияланды

Хорватия

08.10.1991

ратификацияланды

Сальвадор

12.10.2000

ратификацияланды

Эфиопия

28.01.1991

ратификацияланды

Финляндия

09.02.1983

ратификацияланды

Франция

16.03.1989

ратификацияланды

Грекия

10.06.1988

ратификацияланды

Гватемала

06.01.1994

ратификацияланды

Гвинея

16.10.1995

ратификацияланды

Исландия

22.06.2000

ратификацияланды

Жапония

09.06.1995

ратификацияланды

Корей Республикасы

29.03.2001

ратификацияланды

Литва

06.05.2004

ратификацияланды

Югославия Республикасы Македония

17.11.1991

ратификацияланды

Маврикий

05.04.2004

ратификацияланды

Черногория

06.06.2006

ратификацияланды

Нидерланды

24.03.1988

ратификацияланды

Нигерия

05.06.1985

ратификацияланды

Норвегия

22.06.1982

ратификацияланды

Парагвай

21.12.2007

ратификацияланды

Перу

16.06.1986

ратификацияланды

Португалия

02.05.1985

ратификацияланды

Ресей Федерациясы

13.02.1998

ратификацияланды

Сан-Марино

19.04.1988

ратификацияланды

Сербия

24.11.2000

ратификацияланды

Словакия

14.06.2002

ратификацияланды

Словения

29.05.1992

ратификацияланды

Испания

11.09.1985

ратификацияланды

Швеция

11.08.1982

ратификацияланды

Украина

11.04.2000

ратификацияланды

Уругвай

16.11.1989

ратификацияланды

Венесуэла

27.11.1984

ратификацияланды

Йемен

13.03.1989

ратификацияланды

ратификацияланды: 41 ескертпемен ратификацияланды – 0 қолдану мүмкіндгі туралы өтініш – 0 жойылды - 0

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады