Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтары қызметінің қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 қыркүйектегі № 1179 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 21 тамыздағы № 656 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.08.2015 № 656 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы Заңының 4-бабының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтары қызметінің қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 1179 қаулысымен   
бекітілген     

Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия
тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды
қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ
энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру
жөніндегі оқу орталықтары қызметінің қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы Заңының 4-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және энергия аудитін және (немесе)  энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының қызметі тәртібін айқындайды.
      2. Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыруды білім ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру оқыту бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар (бұдан әрі – оқу орталықтары) жүзеге асырады.
      3. Оқу орталықтарының негізгі міндеттері:
      1) тиісті технологиялар мен өндірісте болып жатқан өзгерістерге байланысты жұмысшыларға, қызметкерлерге, мамандарға үнемі қойылып отыратын талаптарды есепке ала отырып, олардың біліктілігін арттыру;
      2) кадрларды қайта даярлау;
      3) бұрын игерілген тиісті кәсіптік білімді, іскерлік пен дағдыны тереңдету және жетілдіру;
      4) еңбек нарығы құрылымындағы өзгерістерге байланысты қосымша біліктілік беру арқылы кәсіби мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады.
      4. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы  уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) оқу орталықтарының тізбесін қалыптастырады және оларды құрады, олардың жұмысын ұйымдастырады.
      5. Үлгілік оқу бағдарламасы және үлгілік оқу жоспары уәкілетті орган мен білім беру саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі.

2. Оқу орталықтары қызметінің тәртібі

      6. Оқу орталықтары өздерін оқу орталықтарының тізбесіне енгізу үшін өздерінің энергия аудиті; энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы; энергия менеджменті бағыттары бойынша қосымша білім берудің тиісті білім беру және оқыту бағдарламаларын әзірлегені және/немесе іске асыра бастағаны туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
      7. Тиісті оқу бағдарламаларын оларға қатысты басқару функцияларын орындайтын органдар бекітетін мемлекеттік білім беру ұйымдарын қоспағанда, оқу орталықтарындағы оқу процесі оқу орталықтарының басшылары бекітетін оқу жоспарлары мен бағдарламаларына, оқу процесінің күнтізбелік кестелеріне сәйкес ұйымдастырылады.
      8. Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау кәсіпорындармен (бірлестіктермен), ұйымдармен, жұмыспен қамту органдарымен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалатын оқу шарттары негізінде жүргізіледі.
      9. Оқу құнын тапсырыс берушімен жасалатын оқу шарты бойынша оқу орталығы анықтайды.
      10. Тыңдаушыларды оқуға алу оқу орталығы басшысының бұйрығымен оқу шарты негізінде жүргізіледі.
      11. Тыңдаушы оқу жоспары талаптарын орындамаған және оқу орталығының жарғысын бұзған жағдайда ол оқу орталығы басшысының бұйрығымен тыңдаушылар құрамынан шығарылады.
      12. Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау күндізгі оқу түрі бойынша жүргізіледі.
      13. Біліктілікті арттыру жұмыс берушінің қаражатынан немесе Қазақстан Республикасы заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қаражат есебінен еңбектен шеттете отырып, энергия аудиті, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы, сондай-ақ энергия менеджменті саласында кәсіби қызмет атқаратын тұлғалар үшін жүргізіледі.
      14. Энергия аудиті бағыты бойынша қайта даярлауға немесе біліктілікті арттыруға техникалық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіби деңгейден төмен емес білімі бар адамдар жіберіледі.
      15. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағыты бойынша қайта даярлау немесе біліктілікті арттыру техникалық мамандықтар бойынша энергетика және (немесе) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында білімі бар техникалық және кәсіптік деңгейден төмен емес адамдар үшін өткізіледі.
      16. Энергия менеджменті бағыты бойынша қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға техникалық (немесе) экономикалық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік деңгейден төмен емес білімі бар адамдар жіберіледі.
      17. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау бойынша оқу ұзақтығын оқу бағдарламасына байланысты тапсырыс берушінің пікірін есепке ала отырып, тиісінше 120 және 250 сағаттан кем емес мөлшерде оқу орталығы бекітеді.
      18. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша оқу процесі жазбаша немесе компьютерлік нысанда тестілеу түрінде қорытынды емтиханмен аяқталады.
      19. Тиісті бағыттар бойынша біліктілікті арттыру және қайта даярлаудан өткен тыңдаушылар білімінің деңгейін қорытынды бағалауды емтихан комиссиялары (бұдан әрі – комиссия) жүргізеді.
      20. Оқу орталықтары емтихандар өткізу басталғанға дейін бір ай бұрын уәкілетті органға тиісті ғылыми дәреже туралы құжаттар көшірмесін қоса жібере отырып, техникалық ғылымдар саласында ғылыми дәрежесі бар оқытушылар есебінен тиісті комиссиялар төрағаларының кандидатураларын келісуге жібереді.
      21. Уәкілетті орган комиссиялар төрағаларының кандидатураларын ұсыныс келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келіседі.
      22. Комиссияның сандық және дербес құрамын оқу орталығының басшысы бекітеді, ол үш адамнан кем болмауы керек.
      Бұл ретте тыңдаушының жұмыс берушісі, жұмыс берушінің басқа жұмысшылары комиссия құрамына кіре алмайды.
      23. Сексен және одан жоғары пайыз тестілеу сұрақтарына жауап берген тыңдаушыға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша энергия аудиті, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы немесе энергия менеджменті бағыттары бойынша қайта даярлаудан немесе біліктілікті арттырудан өткені туралы сертификат беріледі.
      24. Тестiлеу қорытындысы бойынша дұрыс жауабы сексен пайыздан кем болған тыңдаушы «сынақтан өткен жоқ» алады және 10 жұмыс күнi ішінде бір реттен аспайтын қайта тапсыруға жiберiледi.
      25. Оқу орталықтары:
      1) әдістемелік кабинетпен;
      2) өрт қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, санитарлық нормалар мен қағидалар талаптарына сәйкес келетін кемінде 20 оқу орны бар сыныппен (кабинетпен);
      3) дербес компьютерлер саны 20-дан кем емес кем дегенде бір компьютер сыныбымен;
      4) ресми баспаға шығарылған нормативтік, анықтамалық және оқу-әдістемелік құжаттардың өзектендірілген қорымен;
      5) сұйықтықтың ультрадыбыстық шығын өлшегішті, газ талдағышты, электр энергиясының көлемі мен сапасын талдағышты, ультрадыбыстық қалыңдық өлшегішті, контактылы термометрді, люксметр-жарық өлшегішті, контактысыз термометрді, жылу ағынын өлшегішті, корреляциялық ағын өлшегішті, ток өлшегіш қысқаштарды, тепловизорды, ылғалдылық өлшегішті және анемометрді, жылжымалы манометрді, штангенциркульді қамтитын материалдық-техникалық базамен;
      6) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша үлгілер мен озық технологиялардың макеттерімен қамтамасыз етілуі тиіс.

Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және
энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге  
асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың   
біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті
жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі  
оқу орталықтары қызметінің қағидаларына      
қосымша                       

Энергия аудиті, энергия үнемдеу және энергия тиімділігі
сараптамасы немесе энергия менеджменті бағыттары бойынша қайта
даярлаудан немесе біліктілікті арттырудан өткені туралы
сертификаттың
нысаны

___________________________ Оқу орталығы ____________________________
/Оқу ұйымының логотипі/

Қайта даярлаудан немесе біліктілікті арттырудан өткені туралы
СЕРТИФИКАТ
№___________

20__ жылғы «____» ____________ берілді

Осы сертификат _____________________________________________ берілді.
                         /тегі, аты, әкесінің аты/
Ол 20__жылғы «____» _______ дан 20__жылғы «____» ___________ ға дейін
_____________________________________________________________ бойынша
/қайта даярлау немесе біліктілікті арттыру бойынша курс бағытының атауы/
_____________________________________________________________________
            /білім беру мекемесінің /бөлімшенің/ атауы/
________________________________________ оқу курсынан ойдағыдай өтті.

      Оқу сағатының саны ____.
      Комиссия төрағасы ____________________/________________________
                             (қолы)           (қолының толық жазылуы)
      Оқу орталығының
      басшысы _______________________/_________________________
                     (қолы)            (қолының толық жазылуы)

      М.О.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады