Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 24 қазандағы № 1350 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 628 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 628 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 137 бұйрығын қараңыз.

      «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 36) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары бекiтілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 24 қазандағы
№ 1350 қаулысымен 
бекітілген    

Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасында электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
       2. Осы Қағидалардың мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысу шарты – электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiсi мен электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының арасында электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына қатысу туралы жасалатын жазбаша шарт;
      2) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткiзу кестесi – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткiзу күнiн, басталу және аяқталу уақытын көрсете отырып жасалатын кесте;
      3) сатып алудың (сатудың) бiрыңғай бағасы – орталықтандырылған сауда-саттықтың бiрiншi сауда сессиясы барысында сұраныс пен ұсыныстың орташа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге сараланған кестесiн салыстырумен, белгіленген электр энергиясының бағасы;
      4) электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға берілетін өтiнiм – электр энергиясының бағасын, көлемiн және жеткiзу мерзiмiн көрсете отырып, электр энергиясын сатып алу (сату) үшiн орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысуға арналған сауда-саттыққа қатысушының ресми мәлiмдемесi (өтiнiшi);
      5) клирингтiк баға – «бiр күн бұрын» режимiнде спот-сауда-саттықтың қорытындылары бойынша электр энергиясын сатып алу-сатуды есептесу үшiн сұраныс пен ұсыныстың сараланған кестесін салыстырумен анықталған операциялық тәулiктiң әрбiр сағаты үшiн электр энергиясының бағасы;
      6) төлемдi қамтамасыз ету – жасалған мәмiленiң тиiстi түрде орындалуын қамтамасыз етуші болып табылатын, берiлген өтiнiмдегi электр энергиясы көлемi құнының мөлшерiнде спот-сауда-саттықтардың өтуі басталғанға дейiн қызмет көрсететін банкке салатын орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушылардың ақшасы;
      7) қызмет көрсететін банк – электр энергиясының орталықтандырылған саудасы нарығының операторы айқындаған және сауда-саттықта жасалған мәмiлелер бойынша орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушылардың мiндеттемелерiн қаржылық реттеудi жүзеге асыратын банк;
      8) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы – электр энергиясының спот-сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – нарық операторы);
      9) сауда-саттық операторы – сауда жүйесiндегi жұмыс бойынша электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының оқытуынан өткен және парольдерге рұқсаты бар, сауда-саттыққа қатысуға байланысты ақпаратты енгiзуге құқылы электр энергиясының көтерме нарығы субъектiсiнiң жауапты қызметкерi;
      10) табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңi – Қазақстан Республикасының су ресурстарын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес энергия өндiрушi ұйымдар – су электр станциялары су жіберуді жүзеге асыратын уақыт кезеңi;
      11) сараланған кесте – сауда-саттыққа қатысушылардың өтiнiмдерінiң оларда көрсетiлген бағалар бойынша, ал біркелкі бағалар кезiнде - олардың сауда жүйесiне түсу уақыты бойынша бiр тәртiпке келтiрiлген тiзiмі;
      12) есеп айырысу ведомосы – орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша электр энергиясының орталықтандырылған сауда– саттық нарығының операторы жасайтын және қызмет көрсетушi банкке орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмiлелер бойынша өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшiн жiберiлетiн құжат;
      13) сауда-саттықтарда жасалған мәмiлелер тiзiлiмi – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарда мәмiлелердiң жасалғанын растайтын электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы жасайтын құжат;
      14) «сатып алушы-сатушы» жұбының тiзiмi – «сатып алушы-сатушы» жұбы тiркелетiн электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторы жасайтын құжат;
      15) электр энергиясының орталықтандырылған сауда–саттық нарығы - электр энергиясын қысқа мерзiмдi (спот-сауда-саттығы), орта мерзiмдi (апта, бiр ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге сатып алу-сату үшiн ұйымдастырылған сауда алаңы;
      16) электр энергиясының спот-сауда-саттығы –«бiр күн бұрын» және «операциялық тәуліктер ішінде» режимдерінің қысқа мерзiмдi негiзінде электр энергиясы көлемдерiнiң сағатпен ұйымдастырылған саудасы;
      17) сауда сессиясы – сауда-саттыққа қатысу үшін өтiнiмдер беру жүзеге асырылатын, сондай-ақ электр энергиясының сатып алынған (сатылған) бағасын, көлемiн және орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша «сатушы–сатып алушы» жұптарды белгілеу жүзеге асырылатын процесс;
      18) сауда жүйесi - орталықтандырылған сауда-саттық өткiзудi қамтамасыз ететiн ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық құрамдар кешенi;
      19) сауда-саттық қатысушысы – электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысуға шарт жасасқан және сауда жүйесiнде нарық операторы тiркеуден өткiзген электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiсi;
      20) мәмiле бағасы - орта мерзiмдi, ұзақ мерзiмдi кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттықтың екiншi сауда сессиясы барысында және «операциялық тәулiк iшiнде» спот-сауда-саттығында айқындалған электр энергиясының бағасы (талап етiлген ыңғайласпа өтiнiмде көрсетiлген баға);
      21) жұптың ең аз саны – жасалған мәлімдемелердің ең аз санына мәліметті қамтамасыз ететін тетік.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге түсініктер мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
      3. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына көтерме сауда нарығына рұқсаты бар электр энергиясының көтерме сауда нарығының барлық субъектілеріне (бұдан әрі – нарық субъектісі) рұқсат беріледі.
      4. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткізу шарттары мыналар болып табылады:
      1) қатысу шартын жасасу;
      2) сауда жүйесінде тіркелген өтінімді және сауда-саттық қатысушысының тіркеу карточкасын нарық операторы әзірлеген нысан бойынша екі данада толтыра отырып, нарық операторының сауда жүйесіне сауда-саттық қатысушысын тіркеу;
      3) осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген талаптарды орындау.
      5. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы нарығына қатысу шарты мыналарды қамтиды:
      1) шарт мәні, нарық операторы көрсететін қызмет түрлері, төлеу мерзімі мен тәртібі. Нарық операторының қызметтері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тариф бойынша нарық субъектілері төлейді;
      2) орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысу және сауда жүйесіне қол жеткізу үшін нарық субъектісіне ұсынылатын өлшемдер мен талаптар;
      3) орталықтандырылған сауда-саттық өткізу әдістемесі, оның ішінде мәмілелерді тіркеу және сауда-саттық нәтижелері туралы сауда-саттық қатысушыларына хабарлау тәртібі;
      4) сауда-саттық қатысушысы сатып алған электр энергиясын төлеуді қамтамасыз ету сомасын, төлеу мерзімін айқындау тәртібі;
      5) шарт талаптарын бұзғаны үшін шарт қатысушыларының жауапкершілігі.
      6. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы нарық операторының сауда жүйесiнiң веб-серверiнде интернет желiсiн пайдалана отырып, жасырын, қашықтықтан жүргiзiледi.
      7. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы мыналардан тұрады:
      1) «бiр күн бұрын» режимiнде спот-сауда-саттығы;
      2) «операциялық тәулiк iшiнде» спот-сауда-саттығы;
      3) орта мерзiмдi (бiр апта, бiр ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге арналған сауда-саттық.
      8. Сауда-саттықты жүргiзу рәсiмi өзiне мыналарды қамтиды:
      1) сауда-саттыққа қатысушының электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға өтiнiм (бұдан әрi - өтiнiм) беру;
      2) бағаларды есептеу және нарық операторының «сатып алушы-сатушы» жұптарының тiзiмiн құру;
      3) нарық операторының сауда-саттық қорытындылары бойынша сауда-саттықта жасалған мәмiлелердi тiзiлiмде тiркеу және сауда-саттық қатысушысына болған сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хабардар ету;
      4) спот-сауда-саттықты қоспағанда, сауда-саттыққа қатысушылардың арасында электр энергиясын сатып алу-сату (жеткiзу) шарттарын жасау.
      9. Нарық субъектісіне электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығына қатысу үшін мына талаптарды орындау қажет:
      1) сауда жүйесінің деректер базасымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін техникалық және бағдарламалық құралдармен сауда-саттық операторының жұмыс орнын жабдықтау;
      2) нарық операторына сауда жүйесінде жұмыс бойынша нарық операторынан нұсқаудан өткен уәкілетті тұлғалар - сауда-саттық операторларының тізімін ұсыну.
      Спот-сауда-саттығына қатысу үшін қызмет көрсетуші банкте банктік шот ашу және электр энергиясын сатып алуға төлем қамтамасыз етуді енгізу қажет.

2. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру тәртiбi

      10. Нарық операторы электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыруды жүзеге асыру мақсатында:
       1) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу бойынша әдістемелік нұсқауларды әзірлейді;
      2) сауда жүйесін электр энергиясының көтерме сауда нарығына электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуге тұрақты дайындықта ұстайды;
      3) нарық субъектілерінің коммерциялық тәуекелдерін барынша төмендету мақсатында электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында сатып алынған (сатылған) электр энергиясы үшін кепілдендірудің және өзара есеп айрысудың орталықтандырылған жүйесін әзірлейді және енгізеді;
      4) осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген талаптарға нарық субъектілерінің сәйкестігін айқындайды;
      5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу кестесін қалыптастырады және бекітеді;
      6) сауда-саттық қатысушыларын сауда-саттық басталғанға дейін кемінде 7 күн бұрын сауда жүйесінің веб-сайтына ақпарат орналастыру жолымен алдағы сауда-саттық туралы хабарлайды;
      7) сауда жүйесіндегі жұмыс бойынша сауда-саттық операторларына нұсқау жүргізеді;
      8) қызмет көрсетуші банкпен және сауда-саттық қатысушыларымен орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу және өзара есеп айрысу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
      9) электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жедел жасауда барлық нарық субъектілеріне жәрдем көрсетеді;
      10) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастырумен және өткізумен байланысты мәселелер бойынша жүйелік оператормен өзара іс-қимыл жасайды;
      11) жасалған орталықтандырылған сауда-саттық мәмілелерінің орындалу мониторингін жүзеге асырады;
      12) жүйелік оператор ұсынатын нақты теңгерім деректері бойынша сауда жүйесінің қатысушылары үшін орталықтандырылған сауда нарығында электр энергиясын өндірудің/тұтынудың нақты көлемдері туралы ақпаратты ұсынады.
      11. Нарық операторы веб-сайтта электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу кестесін жариялайды.
      12. Сауда-саттыққа қатысушылар электр энергиясын сатуға (сатып алуға) өтiнiм береді. Өтінім беру сауда сессиясы ашылған сәттен бастап және өтiнiмдi қабылдау аяқталғанға дейiн жүргiзiледi.
      13. Сауда-саттыққа қатысушының өтiнiмдi беруi интернет желiсiн және (немесе) факсимильдi байланысты пайдалана отырып жүзеге асырылады.
      14. Сауда-саттыққа қатысушының өтiнiмдi беруi үздiксiз ыңғайласпа сауда-саттық әдiсiн (орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге екiншi сауда сессиясы және «операциялық тәулiк iшiндегi» сауда-саттықта) пайдалану кезінде факсимильдi байланысты пайдалануға жол берiледi.
      15. Сауда-саттыққа қатысушының факсимильдi байланыс арқылы берiлетiн өтiнiмдерiне сауда-саттыққа қатысушының уәкiлеттi тұлғасы қол қоюы және олар ұйымның мөрiмен расталуы тиiс.
      16. Интернет желiсiн пайдалана отырып берiлетiн сауда-саттыққа қатысушының өтiнiмдерi нарық операторының сауда жүйесiнде автоматты түрде қалыптасады.
      17. Сауда-саттыққа қатысушы өтiнiмдердi қабылдау уақыты аяқталғанға дейiн алдында берiлген өтiнiмдi жаңа өтiнiм беру жолымен өзгерте немесе оның күшiн жоя алады.
      18. Сатуға өтiнiм берiлген электр энергиясы басқа да шарттық мiндеттемелерден еркiн болуы тиiс.
      19. Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге арналған электр энергиясы Қазақстан Республикасының кедендiк заңнамасына сәйкес сауда-саттыққа қатысушының кедендiк ресiмдеуiне жатады.
      20. Өтiнiмде мынадай негiзгi мәлiметтер қамтылады:
      1) сауда-саттыққа қатысушының атауы;
      2) өтiнiмнiң түрi (сатып алуға немесе сатуға);
      3) сатып алынатын (сатылатын) электр энергиясының (базалық немесе ең жоғары деңгейдегi) түрi;
      4) электр энергиясының бағасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiлуi;
      5) жеткiзудi бастау мен аяқтау мерзiмiн көрсете отырып, электр энергиясын жеткiзу (тұтыну) кезеңi (жыл, тоқсан, ай, апта, тәулiк сағаттары);
      6) сатып алуға (сатуға) мәлімденген электр энергиясының сағаттық көлемi;
      7) сатып алуға (сатуға) мәлімденген электр энергиясының жиынтық көлемi;
      8) өтiнiмге қол қойған басшының немесе жауапты тұлғаның тегi мен аты-жөнi;
      9) сауда-саттыққа қатысушының деректемелерi (телефон, факс, электрондық почтаның адресi);
      10) көлемi сағатына кемiнде 1 мың киловатт/сағат және 1 мың киловатт/сағат болуы тиіс сауда-саттыққа қатысушының сатып алуға немесе сатуға мәлімделген электр энергиясының көлемi.

«Бiр күн бұрын» режимiнде спот-сауда-саттықты ұйымдастыру

      21. «Бiр күн бұрын» режимiнде спот-сауда-саттық аукцион нысанында жүргiзiледi.
       22. Электр энергиясын «бiр күн бұрын» режимiнде сатып алуға және сатуға арналған сауда-саттыққа қатысушылардың өтiнiмдерiнен нарық операторы электр энергиясына сұраныс пен ұсыныстардың сараланған кестелерiн жасайды:
      1) сатып алуға арналған өтiнiмдер өтiнiмдерде көрсетiлген бағаның азаю тәртiбiнде, ал бағалар тең кезінде - олардың сауда жүйесiне түсу кезегi тәртiбiнде сараланады;
      2) сатуға өтiнiмдер арналған өтiнiмдерде көрсетiлген бағаның өсуi тәртiбiнде, ал бағалар тең кезінде - олардың сауда жүйесiне түсу кезегi тәртiбiмен жүргізіледі.
      23. Нарық операторының операциялық тәулiктiң әрбiр сағатына арналған клирингтiк бағаны анықтауы сұраныс пен ұсыныстың сараланған кестесiн салыстырумен жүргізіледі.
      24. Егер электр энергиясының сатуға немесе сатып алуға арналған түпкілікті талап етiлген өтiнiмде электр энергиясының ең аз жол берiлген сағаттық көлемi туралы шарт болса және бұл шарт қолда бар сұраныс (ұсыныс) кезiнде орындалуы мүмкiн болмаған жағдайда, онда мұндай сатуға (сатып алуға) өтiнiм келесi кезектегi сату (сатып алу) өтiнiмiмен алмастырылады.
      25. Әрбiр операциялық тәулiкке арналған клирингтiк бағаны есептеуден кейiн нарық операторы электр энергиясын сатып алудың (сатудың) көлемiн және осы көлемге өтiнiмдерi (толық немесе iшiнара) енген сауда-саттыққа қатысушылардың тiзiмiн айқындайды. Оларға клирингтiк бағадан төмен немесе оған тең сатуға баға мәлiмдеген сатушылар және клирингтiк бағадан жоғары немесе оған тең сатып алуға бағаны мәлiмдеген сатып алушылар жатады. Клирингтiк бағаны есептеу, осы көлемге өтiнiмдерi енген сатып алудың (сатудың) көлемiн және сауда-саттыққа қатысушылардың тiзiмiн айқындау негiзiнде нарық операторы сауда-саттыққа қатысушылардың арасында өзара есеп айырысуларды жүзеге асыру үшiн «жұп сандарын неғұрлым азайту» қағидатына сүйене отырып, «сатушы-сатып алушы» жұптарының тiзiмдерiн қалыптастырады.
      26. Қазақстанның Бiртұтас электр энергиясы жүйесiндегi электр энергиясын өндiру-тұтыну режимiн жоспарлау кезеңiнде Ұлттық электр желісiнiң жекелеген учаскелерiнде артық жүктеме (техникалық шектеулер) анықталған жағдайда орталықтандырылған сауда-саттық нарық субъектiлерi резервтеген жүктелетiн қиманың өткiзу қабiлеттiгiнiң шегiнде өткізіледі.
      27. Сауда сессиясының аяқталуы бойынша нарық операторы электр энергиясының сатып алынған көлемдерiн күндiк кестеге енгiзу үшiн жүйелiк операторға келiсуге электр энергиясын қабылдау/босатуды есепке алу нүктелерiн көрсете отырып, сауда-саттық нәтижелерiн бередi.
      28. Нарық операторы жүйелiк оператордан оған электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында сатып алынған көлемдерін енгiзе отырып, бекiтiлген тәулiктiк кестенi алғаннан кейiн үш жұмыс күні iшiнде қызмет көрсетуші банкке сауда-саттыққа қатысушылар арасында олардың сауда-саттықта жасасқан мәмiлесi бойынша өзара есеп айырысуды жүргiзу туралы көрсете отырып, есеп айырысу ведомосын жiбередi.
      29. Орталықтандырылған сауда-саттықтың қорытындылары бойынша бекiтiлген тәулiктiк кестеге енгiзiлген электр энергиясын жеткiзу мен тұтынудың барлық көлемдерiн нарық операторы орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушыларға сатылған және сатып алынғандар ретiнде белгіленеді.
      30. Сауда-саттық егер:
      1) жүйелiк оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда-саттықтың нәтижелерi бойынша электр энергиясын сатып алудың (сатудың) көлемдерiн келiспеген;
      2) электр энергиясын сатып алуға (сатуға) өтiнiмдер болмаған;
      3) сауда-саттыққа 3 сауда-саттық қатысушысынан кем адам қатысқан;
      4) сұраныс пен ұсыныстың сараланған кестелерi қиылыспаған және сұраныс кестесiнiң сатып алуға берiлген бiрде-бiр өтiнiмi ұсыныс кестесiнiң сатып алуға берiлген кез келген өтiнiмiнiң бағасына қарағанда, артық бағаны құрамаған жағдайда, өтпедi деп жарияланады.
      31. Сауда-саттықтың нәтижелерi туралы нарық операторы сауда-саттыққа қатысушыларды сағат 18-00-ге дейiн (астана уақытымен) хабарлайды.

«Операциялық тәулiк iшiнде» спот-сауда-саттығын ұйымдастыру

      32. «Операциялық тәулiк iшiнде» сауда-саттық үздiксiз ыңғайласпа әдiсі бойынша жүргiзiледi.
       33. Сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм беру электр энергиясын нақты жеткiзу (тұтыну) басталғанға дейiнгi 3 сағаттан кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
      34. Барлық қабылданған өтiнiмдер мынадай сатып алу мен сату қанағаттандырылмаған өтiнiмдер кезегiнде жинақталады:
      1) сатып алуға берiлген өтiнiмдер оларда көрсетiлген бағаның азаю тәртiбiнде, баға тең кезінде - олардың сауда жүйесiне түсу кезегiнiң тәртiбiнде сараланады;
      2) сатуға берiлген өтiнiмдер өтiнiмдерде көрсетiлген бағаны көбейту тәртiбiнде, баға тең кезінде - олардың сауда жүйесiне түсу кезегiнiң тәртiбiнде сараланады.
      35. Электр энергиясын сатуға жаңадан келiп түскен өтiнiм сатып алуға қолда бар өтiнiмдер (бұдан әрi - талап етiлген өтiнiмдер) есебiнен қанағаттандырылады, оларда сатып алу бағасы ең жоғары бағаны қамтитын сатып алуға арналған өтiнiмнен бастап түскен өтiнiмнiң бағасынан жоғары немесе тең. Бұл процесс не сатуға түскен осы өтiнiмдi толық қанағаттандырғанға дейiн, не болмаса баға бойынша қолдануға келетiн өтiнiмдер таусылғанға дейiн жалғасады.
      36. Электр энергиясын сатып алуға жаңадан келiп түскен өтiнiм, ең төмен бағаны құрайтын сатуға түскен өтiнiмнен бастап, сату бағасы келiп түскен өтiнiм бағасынан төмен немесе тең сатуға арналған (бұдан әрi - талап етiлген өтiнiмдер) қолда бар өтiнiм есебiнен қанағаттандырылады. Бұл үдеріс не сатып алуға түскен осы өтiнiмдi толық қанағаттандырғанға дейiн, не болмаса баға бойынша қолдануға келетiн өтiнiмдер таусылғанға дейiн жалғасады.
      Жаңадан келiп түскен өтiнiм негiзiнде сатып алуға (сатуға) түскен талап етiлген ыңғайласпа өтiнiмдердiң санына байланысты бiр немесе одан артық шарттар жасалуы мүмкiн. Мәмiлелер талап етiлген қарсы өтiнiмде көрсетiлген баға бойынша жасалады.
      37. Электр энергиясын сатып алуға (сатуға) арналған толық қанағаттандырылған өтiнiмдер бұдан әрi сауда-саттықта қатыспайды. Iшiнара қанағаттандырылған өтiнiмдер электр энергиясын сатып алудың (сатудың) қанағаттандырылмаған көлемi бөлiгiнде сауда-саттыққа қатысуын жалғастырады.
      38. Толық қанағаттандырылған өтiнiмдер қабылдау/тұтыну нүктелерiн көрсетумен электр энергиясын нақты жеткiзудiң операциялық сағатына дейiн 2 сағаттан кешiктiрiлмей электр энергиясының жеткiзу/тұтыну көлемiн келiсуге жүйелiк операторға жiберiледi.
      39. Нарық операторы үш банктiк күн iшiнде жүйелiк оператордан электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында сатып алынған/сатылған электр энергиясы көлемдерiнiң тәулiктiк кестеге енгiзiлгендiгi туралы растау алғаннан кейiн банкке сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы олардың сауда-саттықта жасалған мәмiлелерi бойынша банктiң сатып алушының шотынан оның орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алған электр энергиясына арналған сомасын акцептсiз тәртiппен есептен шығару жолымен өзара есеп айырысу жүргiзу үшiн есеп айырысу ведомосын жiбередi.
      40. Сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы мәмiле жүйелiк оператормен электр энергиясының жеткiзу/тұтыну көлемдерi келiсiлмеген жағдайда жасалмайды, ол туралы нарық операторы жүйелiк оператордан ақпаратты алған сәттен бастап 1 сағаттың iшiнде сауда-саттыққа қатысушыларды хабарландырады.

Электр энергиясының орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге арналған сауда-саттығын ұйымдастыру

      41. Электр энергиясының орта және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттығы бiр-бiрiнен тәуелсiз екi сауда сессиясында жүргiзiледi. Бiрiншi сауда сессиясы аукцион нысанында, екiншi сауда сессиясы үздiксiз ыңғайласпа сауда-саттық әдiсi арқылы жүргiзiледi. Сауда-саттыққа қатысушы екi сауда сессиясына да немесе өзiнiң шешiмi бойынша кез келген бiреуiне қатыса алады.
       42. Электр энергиясының орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге сауда-саттығының нәтижесi бойынша оны аптаның барлық күндерiне (аптаның барлық күндерiне түрi бойынша айырылатын электр энергиясын бiркелкi кесте бойынша электр энергиясының базалық жүктемесiн жабу үшiн жеткiзу (бұдан әрi – базалық электр энергиясы) және аптаның барлық күндерiне электр энергиясын - бiркелкi кесте бойынша электр энергиясының ең жоғары жүктемесiн (бұдан әрі – ең жоғары жүктеме) жабу үшiн жеткiзудiң бiр жыл, бiр тоқсан, бiр ай, бiр апта мерзiмдерiмен электр энергиясын жеке жеткiзуге форвардты сауда-саттық) жеткiзу мерзiмi өтiп кеткен тауарға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн өзара берумен байланысты мәмiлелер жасалады.
      Ең жоғары электр энергиясын жеткiзу сағаттары қажет болған жағдайда жеткiзу маусымына байланысты нарық операторы түзетуi мүмкiн. Бұл өзгерiстер туралы нарық операторы сауда-саттыққа қатысушыларды сауда саттық басталғанға дейiн кемiнде 7 күн бұрын хабардар етедi.
      43. Сатып алу мен сатуға сауда-саттыққа қатысушының өтiнiмдерiнен нарық операторы электр энергиясына сұраныс пен ұсыныстың мынадай сараланған кестелерiн құрайды:
      1) сатып алуға берiлген өтiнiмдер өтiнiмдерде көрсетiлген бағаның азаю тәртiбiнде, ал баға тең кезінде - олардың сауда жүйесiне түсу кезегiнiң тәртiбiнде сараланады;
      2) сатуға берiлген өтiнiмдер өтiнiмдерде көрсетiлген бағаның өсу тәртiбiнде, ал баға тең кезінде – олардың сауда жүйесiне түсу кезегiнiң тәртiбiнде сараланады.
      44. Электр энергиясының сатып алудың (сатудың) бiрыңғай бағасы және сатып алынған (сатылған) көлемi сұраныс пен ұсыныстың сараланған кестесiн салыстырумен айқындалады.
      45. Бірінші сауда-саттық сессиясының қорытындысы бойынша:
      1) мәмiле жасалатын электр энергиясын сатудың (сатып алудың) бiрыңғай бағасы;
      2) сатып алынған (сатылған) электр энергиясының көлемi;
      3) «сатушы-сатып алушы» жұбының тiзiмi айқындалады.
      Сауда сессиясы аяқталысымен пайда болған жұптар туралы деректердi нарық операторы сауда-саттықта жасалған мәмiлелер тiзiлiмiне тiркейдi.
      46. Осы Қағидалардың 30-тармағының 2)3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген жағдайлар басталған кезде «сатушы-сатып алушы» жұбын айқындау жүзеге асырылмайды және сауда-саттық өтпедi деп жарияланады.
      47. Үздiксiз ыңғайласпа сауда-саттық әдiсiмен жүргiзiлетiн, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында электр энергиясына жасалған мәмiлелердiң бағасын және оның сатып алынған (сатылған) көлемiн айқындау тәртiбi осы Қағидалардың 34 37-тармақтарында белгiленген тәртiпке ұқсас.

3. Сауда-саттыққа қатысушылардың арасында электр энергиясын сатып алу-сату (жеткiзу) шарттарын жасасу

      48. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының барысында жасалған мәмiлелер, сауда-саттықта жасалған мәмiлелер тiзiлiмiнде нарық операторы тiркеген сәттен бастап жасалған болып есептеледi. Мәмiленiң жасалғандығын растау нарық операторының өткен сауданың нәтижелерi туралы сатылған (сатып алынған) электр энергиясының көлемi, бағасы, жеткiзу кезеңi толық емес көрсетiлген хабарламасы болып табылады.
       49. Спот-сауда-саттықтың қорытындылары бойынша электр энергиясын жеткізу/сату орталықтандырылған сауда-саттықта құжатсыз нысанда жасалған мәмілелердің негізінде сауда-саттыққа қатысушылар осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
      50. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы барысында орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге жасалған мәмiлелер бойынша нарық субъектiлерi электр энергиясын сатып алуға-сатуға (жеткiзуге) екi жақты жазбаша шарттар жасасады. Сауда-саттыққа қатысушылар арасында электр энергиясын сатып алу-сатуға (жеткiзуге) шарттарды жасау орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмiлелердiң нәтижесi туралы нарық операторының хабарламасының негiзiнде дербес жүзеге асырылады.
      51. Спот сауда-саттығында жасалған мәмiленiң орындалуы, сатып алынған (сатылған) электр энергиясын көлемiн жүйелiк оператор тәулiктiк кестеге енгiзгеннен кейiн жүзеге асырылады.
      52. Электр энергиясының орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттығының қорытындылары бойынша жасалған мәмiлелердi орындау сатып алу-сату шарты сауда-саттыққа қатысушылардың жасасқан шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Орталықтандырылған сауда-саттықтың өткізілуін тоқтата тұру

      53. Орталықтандырылған сауда-саттықты жүргiзу мынадай жағдайлар туындаған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн:
       1) серверлiк жабдықтарда техникалық келеңсiздiктер немесе сауда жүйесiн жұмысқа қабiлетсiздiкке келтiрген электрондық жүйедегi істен шығулар;
      2) сауда жүйесiне шығуға мүмкiндiк бермеген интернет желiсi жабдығының немесе байланыс арналарының техникалық жөнсіздіктері;
      3) сауда жүйесiнiң сауда залын және (немесе) серверлiк жабдықтарын электрмен жабдықтаудағы ұзақ (2 сағаттан астам) үзiлiсі;
      4) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуді бастағанға дейiн нарық операторына қатысушылардың банктiк шоттарында кепілдікті қамтамасыз етудің болуы туралы ақпаратты банктiң бермеуi.
      54. Орталықтандырылған сауда-саттықты жүргiзу мүмкiн болмаған кезде нарық операторы сауда-саттыққа қатысушыларды байланыстың өзге де қол жетiмдi техникалық құралдары арқылы жедел түрде хабарландырады.

5. Қорытынды ережелер

      55. Орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмiлелердi орындау мәселелерi бойынша сауда-саттыққа қатысушылардың арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шешiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады