«Қазақстандық индустрияны дамыту институту» акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 508 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 қарашадағы № 1412 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 508 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 36, 294-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Мыналар Қоғам қызметінің негізгі мәні болып айқындалсын:
      1) индустриялық саясат, қазақстандық өндірістерді жаңғырту және әртараптандыру, өнеркәсіптің және туризм индустриясының өңдеуші секторларында бәсекеге қабілеттілікті арттыру саласында зерттеулер жүргізу;
      2) өнеркәсіпті және туризм индустриясын дамытудың теориялық, әдіснамалық және практикалық мәселелеріне зерттеулер жүргізу;
      3) өнеркәсіп, туризм индустриясы салаларын қайта құрылымдаудың және салааралық кооперацияны дамытудың экономикалық факторларына зерттеулер жүргізу, өнеркәсіптегі, туризм индустриясындағы қайта құрылымдау және салааралық кооперацияны ынталандыру мен қолдау жөнінде шаралар әзірлеу;
      4) өндірістерді, туризм объектілерін әртараптандырудың экономикалық факторларына зерттеулер жүргізу және кластерлерді дамыту, өндірістерді, туризм объектілерін әртараптандыруды ынталандыру мен қолдау және кластерлерді дамыту жөнінде шаралар әзірлеу;
      5) жаңа өндірістер мен туризм объектілерін құрудың техникалық-экономикалық негіздемелерін және оларды аумақтық орналастыру схемаларын әзірлеу, инвестициялық жобалар бойынша сараптамалық қорытындылар әзірлеу, өңірлік өндірістік жүйелер мен туристік және өнеркәсіптік инфрақұрылымды қалыптастырудың және дамытудың тұжырымдамаларын әзірлеу;
      6) Қазақстанның өнеркәсіп және туризм индустриясы салаларының сегменттерін әлемдік өндірістік-шаруашылық жүйелеріне кіріктіруді қамтамасыз ету жөнінде, өнеркәсіп және туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар дайындау;
      7) мемлекеттік органдардың өнеркәсіпті және туризм индустриясын дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын, салалық бағдарламаларды, мастер жоспарлар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлеуге қатысу;
      8) өнеркәсіпті және туризм индустриясын дамытудың экономикалық көрсеткіштерін бағалау мен олардың мониторингі үшін әдістемелер мен практикалық басшылықтар әзірлеу;
      9) өндірістерді оңтайлы орналастыру, кластерлерді дамыту, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құру жөнінде ұсыныстар дайындау;
      10) өнеркәсіп және туризм индустриясы салаларын дамытудың негізгі үрдістерін болжау;
      11) экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсету;
      12) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламалардың орындалу мониторингiне қатысу;
      13) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен өзектілендіру бойынша қызметтер көрсету;
      14) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустрияландыру картасының экономикалық тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсету;
      15) озық технологияларды тарта отырып жаңа өндipiстep құруда қазақстандық кәсiпорындар мен ұйымдарға жәрдемдесу.».
      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады