Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ЭРА-ГЛОНАСС жүйесін пайдалана отырып, авария кезінде шұғыл ден қою жүйесін құру және оның негізінде көлік саласында қосымша навигациялық-ақпараттық қызметтерді дамыту мүмкіндігі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Н. Келімбетовке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ЭРА-ГЛОНАСС жүйесін пайдалана отырып, авария кезінде шұғыл ден қою жүйесін құру және оның негізінде көлік саласында қосымша навигациялық-ақпараттық қызметтерді дамыту мүмкіндігі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1610 қаулысымен
мақұлдаған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ЭРА-ГЛОНАСС жүйесін пайдалана отырып, авария кезінде шұғыл ден қою жүйесін құру және оның негізінде көлік саласында қосымша навигациялық-ақпараттық қызметтерді дамыту мүмкіндігі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі (бұдан әрі Тараптар деп аталатын) төмендегілер туралы өзара түсіністікке келді:
1. Тараптар өз аумақтарында ЭРА-ГЛОНАСС жүйесі негізінде навигациялық-ақпараттық қызметтерді және тауарларды дамытуға ниеттеніп отыр.
2. Тараптар басқа жаһандық навигациялық жерсеріктік жүйелерді пайдалануға шектеу қоймайды.
3. Тараптар өз аумақтарында ЭРА-ГЛОНАСС жүйесі негізінде жұмыс істейтін және автомобиль жолдарында жоғары қауіпсіздік деңгейін, автомобиль көлігінде авариялар және басқа да төтенше жағдайлар кезінде шұғыл ден қою қызметтері жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін жүйелерді құруға мүдделі.
4. Тараптар Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімімен бекітілген Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы Кеден одағының Техникалық регламентіне көлік құралдарын жедел қызметтерді шақырудың автомобильдік жүйесімен (терминалымен) жарақтаудың міндеттілігі бөлігінде өзгерістер енгізу, оларды 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізу мақсатында келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыруға ниеттеніп отыр.
5. Тараптар мынадай бағыттарда ынтымақтасады:
ЭРА-ГЛОНАСС пайдалануды көздейтін ғылыми-зерттеу, технологиялық және эксперименттік бағдарламаларды, инновациялық технологияларды жасау және игеру бойынша жобаларды жүзеге асыру;
ЭРА-ГЛОНАСС жүйесі негізінде навигациялық-ақпараттық қызметтерді құру саласында консультациялық қызметтер көрсету;
навигациялық қызметтер нарығының инфрақұрылымын дамыту, Тараптар аумағында тиісті инвестициялық жобаларды іске асырудың пилоттық аймағын айқындау;
ЭРА-ГЛОНАСС технологияларын көлік кешенінде пайдаланудың ықтимал нұсқаларын қосымша қарау;
ЭРА-ГЛОНАСС жүйесі технологияларын пайдаланатын навигациялық-ақпараттық жүйелер мен жабдықтар туралы ақпарат және техникалық деректер алмасу;
Тараптардың кез келгені ұйымдастыратын ғылыми-әдістемелік семинарларға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға Тараптар өкілдерінің қатысуы арқылы тиісті қызмет салаларында Тараптар жинақтаған тәжірибе және білім алмасу;
ынтымақтастықтың Тараптармен келісілген басқа да кез келген түрлері.
6. Осы Меморандумда көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыруға жауапты құзыретті органдар:
Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясы Көлік министрлігі;
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі болып табылады.
7. Тараптар осы Меморандумның шеңберінде қызметтің мамандандырылған түрлерін жүзеге асыру үшін Тараптардың жеке құқығының субъектілері болып табылатын ұйымдарды тағайындайды (бұдан әрі – тағайындалған ұйымдар). Тағайындалған ұйымдар:
Ресей Тарапынан – навигациялық қызмет саласындағы федералды желі операторы «Содействие развитию и использованию навигационных технологий» коммерциялық емес әріптестігі («ГЛОНАСС» КеӘ);
Қазақстан Тарапынан – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы болып табылады.
8. Осы Меморандум Тараптардың бірлескен қызметі бойынша заңды және қаржылық міндеттемелерге әкелмейді.
9. Тараптар сондай-ақ осы Меморандумның шеңберінде ешқандай іс-қимыл Тараптардың бір де біреуінің қандай да бір өкілеттілігі мен құқықтарына нұқсан келтірмейтінін негізге алады.
10. Осы Меморандум екі Тарап қол қойған күнінен бастап қолданылады және белгіленбеген мерзімге жасалады.
2012 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін