Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 09.10.2014 № 1070 қаулысымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 173, 174-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары;
2) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын аудармашылардың, мамандардың, сарапшылардың сыйақы ставкалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі C. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 14 ақпандағы
№ 131 қаулысымен
бекітілген
Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 174-бабының 4-бөлігіне сәйкес әзірленді және қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде келтірілген адамдардың шыққан шығындарын төлеу, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын адамдарға сыйақы төлеу тәртібін айқындайды.
2. Қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының, азаматтық жауапкердің, олардың заңды өкілдерінің, куәнің, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердің мынадай шығыстары бюджет қаражатының есебінен өтелуге жатады:
1) қылмыстық процесті жүргiзуші органының шақыртуы бойынша келуге байланысты шығыстар:
темiр жол, су, автомобиль (таксидi қоспағанда) көлiгiмен және сол жерде бар басқа да көлiк түрлерiмен жол жүру құны, ал қылмыстық процестi жүргiзушi органның келiсуiмен – әуе көлiгiмен жол жүру құны;
қызметтiк iссапарларға ақы төлеу үшiн қабылданған норма бойынша бұл шығындарды ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн реттегi тұрғын үйдi жалдау құны;
2) бұл адамдар үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тұрғылықты тұратын жерiнен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәулiктiк ақыны ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн кездегi – тәулiктiк ақы;
3) олар үшiн орташа жалақысын ұйым, жұмыс берушi сақтайтын жағдайлардан басқа, қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшiн орташа жалақы;
4) сол адамның қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тергеу iсiне немесе басқа да iс жүргiзу әрекетiне қатысуы нәтижесiнде сапасынан айырылған немесе жоғалған мүлiктi қалпына келтiруге немесе сатып алуға арналған шығындары.
3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 174-бабының 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жәбiрленушiнiң, куәнің, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердің, сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған алқабиге кандидаттың қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша қылмыстық iске қатысуға кеткен барлық уақыты iшiндегi орташа жалақысын сақтауға мiндеттi.
4. Орташа жалақы тұрақты жұмыс орны бойынша белгіленген кесте бойынша аптаның барлық жұмыс күндері үшін сақталады.
5. Маман мен сарапшыға сондай-ақ оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшiн олардың құрал-жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызмет көрсетулер және машина уақытын тұтынғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
2. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шыққан шығындарды төлеу тәртібі
6. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген адамдарға шақыртылған жерге дейін және тұрғылықты тұратын жеріне кері қарай жол жүру шығыстарының төлемі Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға жіберілетін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне шығыстарды өтеу үшін заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда төлеуге жатады.
7. Қылмыстық процесті жүргізуші органның шақырған күндері үшін, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, сондай-ақ жолда болған күндері, оның ішінде жолда мәжбүрлі тоқтаған уақытына шақырылған адамдарға кідіріс фактісін растайтын тиісті құжаттарды ұсынған кезде тәуліктік ақы төленеді және тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстарды ұйым, жұмыс беруші өтемейтін жағдайда, бұл шығыстар мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарларын өтеу туралы заңнамада белгіленген тәртіпке қатысты мөлшерде өтеледі.
8. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шыққан шығындар осы Қағидалардың 2, 5-тармақтарында көрсетілген адамдардың өтініші бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның қаулысы негізінде өтеледі.
9. Адамның келуіне байланысты оған төлеуге жататын сомаларды оларды шақырған орган қылмыстық істер бойынша сотталғандардан сот шығындарын іс жүзінде алуға және тараптардан өндіріп алуға қарамастан, сол адамдар өз міндеттерін орындаған соң дереу төлейді.
10. Осы Қағидалардың 5, 6, 7-тармақтарында көзделген сомаларды қылмыстық істер бойынша шақыруды жүзеге асыратын қылмыстық процесті жүргізуші органның қаржы қызметі (бухгалтериясы) көрсетілген мақсаттарға бюджеттен арнайы бөлінетін және тиісті қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражат есебінен төлейді.
3. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын адамдарға сыйақы беру тәртібі
11. Анықтау, алдын ала тергеу органдарында, прокуратурада немесе сотта сараптамалар жүргізу, қорытындылар беру, аударма бойынша жұмыстарды орындайтын сарапшы, маман, аудармашы республикалық бюджет қаражаты есебінен сыйақы алады.
12. Сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сыйақы, егер қылмыстық iс бойынша іс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмыстар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң аясына кiретін және жұмыстан тыс уақытта орындалатын болса, төленбейді.
13. Сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сыйақыны қылмыстық істер бойынша шақыруды жүзеге асыратын қылмыстық процесті жүргізуші органның қаржы қызметі (бухгалтериясы) көрсетілген мақсаттарға бюджеттен арнайы бөлінетін және тиісті қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражат есебінен төлейді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 14 ақпандағы
№ 131 қаулысымен
бекітілген
Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын аудармашылардың, мамандардың, сарапшылардың сыйақы ставкалары
Мамандарға, сарапшыларға сыйақы сағатына бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде төленеді.
Аудармашыларға сыйақы жазбаша аударманың 1 парағы (2000 белгіге дейін) немесе ауызша аударманың бір сағаты есебінен белгіленеді:
1) орыс тілінен қазақ тіліне (және керісінше) – айлық есептік көрсеткіштің екіден бірінен аспайды;
2) батыс еуропа, түркі және басқа тілдерден орыс немесе қазақ тілдеріне (және керісінше) – бір айлық есептік көрсеткіштен аспайды.