"Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 қарашадағы № 1221 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 наурыздағы № 208 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 1128 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.12.2023 № 1128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 53) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 қарашадағы № 1221 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 2, 16-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшiн халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс өткiзу және халықаралық авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларын бекiту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса берiлiп отырған Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшiн халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс өткiзу және халықаралық авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидалары бекiтілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 9-тармағының 4) тармақшасын, 18-тармағының 12) тармақшасын және 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 9-тармағының 12) тармақшасын, 18-тармағының 17) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 4 наурыздағы
№ 208 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 19 қарашадағы
№ 1221 қаулысымен
бекітілген

Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін
тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін халықаралық
авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және халықаралық
авиамаршруттарға куәліктер беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін халықаралық авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және халықаралық авиамаршруттарға куәліктер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) халықаралық авиамаршрутта жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тұрақты әуеде тасымалдауды орындау құқығына авиакомпаниялар үшін конкурс өткізу тәртібін, конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін халықаралық авиамаршруттарға арналған куәлікті беру тәртібін айқындайды.

      2. Конкурс жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін халықаралық авиамаршруттарға авиакомпания айқындау мақсатында өткізіледі.

      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (бұдан әрі – уәкілетті орган) халықаралық авиамаршруттарға конкурс өткізудің ұйымдастырушысы болып табылады.

      4. Конкурсқа осы Қағидаларда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін авиакомпания қатыса алады.

      5. Конкурсқа шығарылатын әрбір авиамаршрут жеке лот болып табылады.

      6. Конкурстық құжаттаманы қалыптастыру кезінде тасымалдаушылардың, рұқсат етілген жиіліктердің, авиамаршрутта тасымалдау сыйымдылығының саны бойынша үкіметаралық келісімдер талаптары ескеріледі.

      7. Егер конкурсқа шығарылатын халықаралық авиамаршрутқа конкурс талаптарына жауап беретін кемінде екі конкурсқа қатысушы өтінім берсе, осы Қағидалардың 37-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурс өтті деп танылады.

      8. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін халықаралық авиамаршрутқа куәлік (бұдан әрі – халықаралық авиамаршрутқа куәлік) алады.

2. Халықаралық авиамаршрутқа конкурсқа қатысушыларға қойылатын
біліктілік талаптары

      9. Конкурсқа қатысуға мынадай біліктілік талаптарына жауап беретін авиакомпанияларға жол беріледі:

      1) Қазақстан Республикасында тіркелуі және пайдаланушы сертификатын иеленуі;

      2) бірдей жолаушылар сыйымдылығына жататын саны кемінде бес әуе кемесінен тұратын әуепаркінің болуы (жеке меншігінде немесе кемінде үш жыл мерзімге жалға алынған), олар уәкілетті орган белгілеген халықаралық авиамаршрутты пайдалану шарттарына сәйкес келуі тиіс;

      3) пайдалану сәтінен бастап алынуы болжанатын кірісті есепке алмағанда, бір ай ішінде халықаралық авиамаршрут бойынша ұсынылған кестеге сәйкес ұшуды қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде ұлттық немесе шетелдік валютадағы қаржы қаражаты болуы;

      4) соңғы аудиторлық есеппен расталған тұрақты қаржылық жағдайының болуы;

      5) төлем жүргізу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша бюджет алдында және жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберетін аударымдары бойынша берешегінің болмауы;

      6) броньдау жүйесінде сатылымдар мен ресурстарды басқару бойынша білікті персоналының болуы;

      7) тұрақты жолаушылар тасымалдарында үздіксіз жұмыс тәжірибесінің болуы (кемінде соңғы үш жыл);

      8) Қазақстан Республикасының кемінде екі қаласында филиалының немесе өкілдігінің болуы;

      9) авиакомпанияның веб-сайты арқылы авиабилеттердің сатылымын енгізуі;

      10) Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелгені және кодтарға ие болғаны туралы куәлігінің болуы;

      11) тасымалдау құжаттарын электрондық және қағаз түрінде ресімдеуді қоса алғанда, авиатасымалдарды сатудың ғаламдық дистрибутивтік жүйелерінің бірінде орындар ресурсын орналастыру және жүргізуге арналған келісімінің болуы;

      12) Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IOSA) берген қауіпсіздіктің өндірістік аудиті сертификатының болуы.

3. Халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу тәртібі

      10. Конкурс осы Қағидалардың 37-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жаңа халықаралық авиамаршруттарға не халықаралық авиамаршрутқа куәлігінің қолданылу мерзімі ағымдағы жылы аяқталатын авиамаршруттарға жылына бір рет, күзгі-қысқы навигация басталғанға дейін алдын ала жүргізіледі.

      11. Уәкілетті орган әлеуетті қатысушылар үшін уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін конкурсқа шығарылатын халықаралық авиамаршруттар бойынша жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдауды ұйымдастыруға шарттар мен талаптарды қамтитын конкурстық құжаттаманы дайындайды.

      12. Уәкілетті орган Конкурс өткізу туралы шешім қабылдағаннан кейін конкурс ұйымдастырушысы бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурс өткізілгенге дейін күнтізбелік 30 күн бұрын, конкурсты қайта өткізу жағдайында - қайталама конкурсты өткізу басталғанға дейін күнтізбелік 15 күн бұрын конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырады.

      13. Халықаралық авиамаршруттарда арналған конкурс өткізуді және куәліктер беруді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган өкілдерінің қатарынан құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін конкурстық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

      14. Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және кемінде бес адамнан құралуы тиіс. Комиссияны комиссия төрағасы, ал ол болмаған кезде төрағаның орынбасары басқарады. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссияның шешімдерді қабылдауы кезінде дауыс беруге құқығы жоқ.

      15. Комиссия қатысушылардың конкурстық өтінімдерін қабылдайды және қарайды, конкурс өткізеді және жеңімпаздарды белгілейді, сондай-ақ қажеттілігі халықаралық авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурстар аралығындағы кезеңде туындаған авиамаршрутты пайдалану үшін авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурсты өткізбей халықаралық авиамаршрутқа өтінімдерді қарайды.

      16. Комиссия төрағасы, ал ол болмаған жағдайда төраға орынбасары комиссия қызметіне басшылық етеді, комиссия отырыстарында төрағалық етеді, комиссия жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      17. Уәкілетті орган конкурсты өткізудің мерзімдері мен орнын жариялағаннан кейін конкурсқа қатысуға тілек білдіруші авиакомпаниялар осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды ұсынады.

      18. Конкурсқа қатысу үшін қатысушылар мынадай құжаттар ұсынады:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға арналған белгіленген нысандағы өтініш;

      2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәліктің көшірмесі;

      3) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының барлық қосымшаларымен көшірмесі;

      4) сақтандырудың міндетті түрлерінің бар екенін растайтын сақтандыру полистерінің (шарттарының) көшірмесі;

      5) әуе кемелерінің паркі туралы мәліметтер (олардың үлгілері, саны, борттық тіркеу нөмірлері, ұшу жарамдылығының сертификаты);

      6) тасымалдау құжаттарын электрондық және қағаз түрінде ресімдеуді қоса алғанда, авиабилеттерді сатудың ғаламдық дистрибутивтік жүйелерінің бірінде орындар ресурсын орналастыруға және жүргізуге арналған келісімінің көшірмесі;

      7) авиакомпанияның ИКАО-да тіркелгені туралы куәліктердің көшірмелері;

      8) пайдалану сәтінен бастап алынуы болжанатын кірісті есепке алмағанда, бір ай ішінде халықаралық авиамаршрут бойынша ұсынылған кестеге сәйкес ұшуды қамтамасыз ету үшін есепшотта қажетті көлемде ұлттық немесе шетелдік валютадағы қаржы қаражатының болуы туралы банк анықтамасы;

      9) бір ай ішінде халықаралық авиамаршрут бойынша ұсынылатын кестеге сәйкес жоспарланатын жүктемені ескере отырып, ұшуды орындауға арналған шығыстардың есептемелері;

      10) төлем жүргізу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, салық органынан конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу күнінің алдындағы үш айдан астам мерзім ішінде салық берешегі мен жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы салымдары бойынша берешектің жоқтығы туралы бірінші жетекшінің немесе қол қоюға құқығы бар (осы құқықты растайтын құжатты қосымша тіркей отырып) тұлғаның қолы қойылған және сол салық органының мөрі басылған бекітілген нысандағы анықтаманың түпнұсқасы. Егер анықтамада берешек көрсетілсе, аталған берешектің пайда болу мерзімдерін растайтын, анықтама берген адам қол қойған құжаттар қоса тіркелуі қажет;

      11) авиакомпанияның авиатасымалдарды броньдау және сату ғаламдық дистрибутивтік жүйелерінде ресурстарды басқару бойынша білікті персоналының болуы туралы мәлімет;

      12) соңғы қаржылық жылға аудиторлық есеп;

      13) тұрақты жолаушылар тасымалдарында соңғы үш жылдағы жұмыс тәжірибесі жөнінде мәлімет;

      14) Қазақстан Республикасының кемінде екі қаласында авиакомпанияның филиалын немесе өкілдігін тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;

      15) авиакомпания веб-сайтының болуы және веб-сайт арқылы авиабилеттерді сатуды жүргізу туралы мәліметтер;

      16) авиакомпанияның Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелгені туралы куәлігінің көшірмесі;

      17) Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IOSA) берген қауіпсіздіктің өндірістік аудиті сертификатының көшірмесі;

      18) авиамаршрутта халықаралық ұшуларды орындауға арналған ұзақ мерзімді (үш жылға арналған) бизнес жоспар;

      19) конкурсқа шығарылған халықаралық авиамаршруттар бойынша жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдауды ұйымдастырудың негізгі шарттары мен талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі конкурстық ұсыныстар.

      19. Конкурсқа қатысу үшін талап етілетін құжаттар бір данада мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, тігілген түрде, нөмірленген беттерімен беріледі және соңғы беті заңды тұлғаның мөрімен расталады.

      20. Конкурстық өтінімде жолақтар арасында ешқандай қойылымдар, өшіріліп жазулар немесе қосымша жазылған жазулар болмауы тиіс.

      21. Осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттар авиакомпанияның атауы мен мекенжайы жазылған конвертке салынып, бастырылады. Содан кейін осы конверт сыртқы конвертке салынып, бастырылады.

      22. "Конкурста ғана ашылсын" және "Халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурстық өтінім" деген жазулары бар конверттер уәкілетті органға бағытталады.

      23. Конкурстық өтінім берген авиакомпания конкурстық өтінімдерді тапсырудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін өз конкурстық өтінімін қайтып ала алады. Авиакомпанияның қайтып алуы туралы жазбаша хабарламасы, егер оны уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін болса жарамды болып табылады.

      24. Өз өтінімдерін қайтып алған авиакомпаниялар конкурстық өтінімдерді тапсырудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін конкурсқа қатысуға арналған қайта өтінім береді.

      25. Конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтінімдерді қабылдауды комиссия хатшысы конкурстың өтінімдерді тіркеу журналына (тігілген, нөмірленген, комиссия хатшысы қол қойған, мөрмен басылған) енгізу арқылы жүзеге асырады және конкурс өткізу күніне дейін бір жұмыс күні бұрын аяқталады.

      26. Комиссия осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген біліктілік талаптарына сай келмейтін авиакомпаниялардың конкурстық өтінімдерден бас тартады және қайтарымға жатады.

      27. Комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді қатысушылардың немесе өкілеттіктері комиссия отырысына қатысу құқығын беретін сенімхатпен расталған олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен ашады.

      28. Конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімі кезінде комиссия қатысып отырған адамдарға конкурсқа қатысушы авикомпаниялардың атауы мен орналасқан жерін, олар ұсынған жиіліктер мөлшерін, конкурстық өтінімді құрайтын құжаттардың бар немесе жоқ екендігі туралы ақпаратты хабарлайды.

      Конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылған күннен кейінгі бір күнінен кешіктірілмей комиссия тиісті хаттама әзірлейді және оған қол қояды.

      29. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасына конверттерді ашу рәсіміне қатысып отырған комиссия мүшелерінің, сондай-ақ комиссия хатшысының қолдары қойылады.

      Конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган:

      1) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасының көшірмесін конкурсқа қатысушы авиакомпанияларға не олардың уәкілетті өкілдеріне жолдайды;

      2) конкурстық өтінімдері бар қол қойылған хаттаманың мәтінін уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасында қамтылатын және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғалардың танысуы үшін ақы алынбай қолжетімді болуы тиіс.

      30. Конкурсқа қатысушысы, конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсіміне қатыспаған авиакомпанияларға конверттерді ашу хаттамасының көшірмесін олардың уәкілетті өкілдерінің жазбаша сұрауы бойынша, уәкілетті орган осындай сұрауды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      31. Конверттер ашылғаннан кейін конкурстық комиссия әлеуетті қатысушылар ұсынған құжаттардың толықтығын бағалайды және конверттер ашылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы шешім қабылдайды.

      32. Комиссия конкурсқа қатысу үшін қарауға қабылданған конкурстық өтінімдерді бағалап, салыстырады және мынадай өлшемдерді ескере отырып конкурс жеңімпазын (жеңімпаздарын) анықтайды:

      1) Халықаралық авиамаршрутта тұрақты авиарейстерді орындаумен айналысатын конкурсқа қатысушы - авиакомпания персоналының біліктілік деректері, беделі, сенімділігі, кәсіби және басқару құзыреттілігі (ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі, халықаралық авиамаршрутта жарияланған әуе кемелерін шығарудың орташа жылы, авиакомпания қызметінің қаржылық нәтижелері, тұрақты халықаралық рейстердегі жұмыс тәжірибесі);

      2) ұсынылатын қызметтердің сапалық сипаттамалары (әуе кемесінің бортында ұсынылатын сервисті бағалау, авиабилеттерді сату желісінің дамығандығы).

      33. Комиссия шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Ол болмаған жағдайда, егер дауыс беру рәсіміне комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі қатысып отырса, комиссия шешімі заңды деп табылады.

      Конкурс қорытындыларын шығарған кезде комиссия мүшесінің кез келгенінің болмауына дәлелді себептер болған кезде, осы фактіні растайтын құжатты ұсына отырып жол беріледі.

      Комиссия конкурс қорытындылары бойынша конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен аспайтын мерзім ішінде Конкурс қорытындылары туралы хаттама жасайды және оған қол қояды.

      34. Конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган:

      1) конкурсқа қатысушы авиакомпанияларға конкурс қорытындылары туралы хаттама көшірмесін жолдайды;

      2) конкурс қорытындылары туралы қол қойылған хаттама мәтінін уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды. Конкурс қорытындылары туралы хаттамада қамтылатын және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғалардың танысуы үшін ақы алынбай қолжетімді болуы тиіс.

      35. Конкурс жеңімпазының (жеңімпаздарының) және уәкілетті органның арасында конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) өзіне ұсынылған конкурстық ұсыныстарды орындау жөнінде міндеттемелерді қабылдайтын келісім (бұдан әрі – Келісім) жасалады.

      36. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) уәкілетті органмен Келісім жасасудан бас тартқан кезде конкурстық комиссия конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін конкурстық ұсынысы неғұрлым үздік деп бағаланған қатысушымен келісім жасасу туралы келіссөздер бастайды. Конкурс жеңімпазынан кейін конкурстық ұсыныстары неғұрлым үздік деп танылған конкурсқа қатысушы уәкілетті органмен келісім жасасудан бас тартқан жағдайда, конкурс өткізілмеді деп танылады.

      37. Егер Комиссия конкурсты өткізілмеді деп таныған жағдайда, Комиссия бұдан бұрын өткізілген конкурсқа қатысушылардың кемінде екі конкурстық өтінімі ұсынылған халықаралық авиамаршруттарға конкурсты қайтадан өткізу туралы хабарлайды. Қайталама конкурс кезінде, егер халықаралық авиамаршрут бойынша екеуден кем конкурстық өтінім берілсе, Комиссия шешімі бойынша конкурс өткізілді деп танылады.

      Қайталама конкурсқа өтінім білдірген жалғыз қатысушы осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда Комиссия шешімі бойынша жеңімпаз болып танылады.

      38. Осы қағидалардың 9-тармағында көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін, қайталама конкурсқа қатысушы авиакомпаниялардың конкурстық өтінімдері бас тартылады және үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтаруға жатады.

      39. Уәкілетті органның шешімі сот тәртібімен шағымдалуы мүмкін.

      40. Конкурсқа қатысқан авиакомпанияның конкурстық өтінімдерінің сақталуын Комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Конкурстық өтінімдерді сақтау мерзімі берілген күннен бастап үш жылды құрайды.

      41. Халықтың әуе қатынасына қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін уәкілетті орган қажеттілігі халықаралық авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурстар аралығындағы кезеңде туындаған халықаралық авиамаршрутты пайдалану үшін авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурсты өткізбей авиакомпанияға халықаралық авиамаршрутқа куәлік береді.

      Пайдалану қажеттілігі конкурстар аралығындағы кезеңде туындаған халықаралық авиамаршрутты бөлу кезінде, авиакомпания осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, халықаралық авиамаршрутқа куәлік өтінімдер ұсынған барлық авиакомпанияларға беріледі.

      Қағидалардың осы тармағында көрсетілген жағдайда авиамаршруттарды бөлу үшін Комиссия өтінімдерді қарайды және күнтізбелік он бес күннен астам емес мерзімде халықаралық авиамаршруттарға куәлік береді.

4. Халықаралық авиамаршруттарға куәліктер беру тәртібі

      42. Халықаралық авиамаршруттарға куәліктер Келісімге қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде конкурс жеңімпазына (жеңімпаздарына) беріледі.

      43. Халықаралық авиамаршрутқа куәлік үш жылға беріледі.

      44. Куәлікте тасымалдау түрі, халықаралық авиамаршруттар бойынша аптадағы рейстер саны, қолдану мерзімі, есепке алу сериясы және нөмірі көрсетіледі.

      Халықаралық авиамаршрутқа куәлік осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.

      45. Халықаралық авиамаршрутқа куәлік қатаң есептіліктегі құжат болып табылады.

      46. Халықаралық авиамаршрутқа куәлік иеліктен айыруға болмайды және басқа авиакомпанияларға берілмейді.

      47. Бір халықаралық авиамаршрутқа бірнеше куәлік берілуі мүмкін.

      48. Халықаралық авиамаршрутқа бұдан бұрын берілген куәлік кезекті конкурс қорытындысы шыққанға дейін қолданыста болады.

      49. Уәкілетті орган авиакомпаниядан халықаралық авиамаршрутты пайдаланудың мынадай шарттарын орындамаған жағдайда халықаралық авиамаршруттарға куәлікті қайтып алады:

      1) авиакомпанияның ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды және (немесе) еңсерілмейтін күштің салдарын қоспағанда, халықаралық авиамаршрутты пайдаланудың басталған күнін, белгілі бір уақыт кезеңінде тұрақты рейстердің белгіленген санын орындауды және әуе кемелерінің халықаралық авиамаршрутта кестеде белгіленген типтердегі және (немесе) сыйымдылықтағы пайдалануды қамтитын кестені сақтауы;

      2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестігі;

      3) авиакомпанияда бекітілген кестеге сәйкес бір ай ішінде болжамды кірісті есепке алмағанда, тұрақты әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы қаражатының азайтылмайтын резервінің болуы.

      50. Авиакомпаниядан халықаралық авиамаршрутқа куәлікті қайтып алған кезде куәлік конкурстық ұсынысы соңғы өткізілген конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін үздік деп танылған конкурстың басқа қатысушысына беріледі.

      51. Халықаралық авиамаршрутқа куәлік қайтып алынған кезде уәкілетті орган авиакомпанияға куәлікті қайтып алу туралы хабарлама жібереді.

      52. Халықаралық авиамаршрутқа куәлік уәкілетті органның интернет-ресурсында қайтып алу туралы ақпарат орналастырылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң қайтып алынған болып саналады.

      53. Уәкілетті органның халықаралық авиамаршрутқа куәлікті қайтып алу туралы шешімі сот тәртібімен шағымдалуы мүмкін.

  Жолаушыларды, багажды, жүктер мен
почта жөнелтілімдерін тасымалдау
жөнінде қызметтер көрсету үшін
халықаралық авиамаршруттарға арналған
конкурс өткізу және авиамаршруттарға
куәліктер беру қағидаларына
1-қосымша

Өтініш

      _______________________________________________ тасымалдау мақсатында

      (тасымалдау объектілері көрсетіледі)

      ____________________________________ халықаралық авиамаршруты бойынша

      (халықаралық авиамаршруттың атауы)

      _____________________________________________________________________

      тұрақты авиарейстер орындау құқығына арналған конкурсқа

      қатысуға сұраймын.

      Ұйым туралы мәліметтер:

      1. Меншік нысаны ____________________________________________________

      2. Құрылған жылы ____________________________________________________

      3. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік

      _____________________________________________________________________

      (нөмірі, кім және қашан берген)

      4. Банктің деректемелері ____________________________________________

      (есеп шот нөмірі, корреспонденттік есеп шоттар,

      _____________________________________________________________________

      ФАА, БСН, банктің атауы мен орналасқан орны)

      5. Заңды мекенжайы және басқа да деректемелер

      _____________________________________________________________________

      (почталық мекенжайы, телефоны, телефакс, телекс, телетайп,

      телеграфтық және телефондық

      _____________________________________________________________________

      шақыру белгілері, ИКАО, ИАТА, СИТА, АФТН кодтары)

      6. __________________________________________________________________

      (кәсіпорынның бірінші басшысының Т.А.Ә.)

      7. Қоса беріліп отырған құжаттар ____________________________________

      Кәсіпорын басшысы: Т.А.Ә.

      Мөр орны

      Өтініш 20__ жылғы "___" ____________ қарауға қабылданды.

  Жолаушыларды, багажды, жүктер мен
почта жөнелтілімдерін тасымалдау
жөнінде қызметтер көрсету үшін
халықаралық авиамаршруттарға арналған
конкурс өткізу және авиамаршруттарға
куәліктер беру қағидаларына
2-қосымша

      Қазақстан Республикасының елтаңбасы

Халықаралық авиамаршрутқа куәлік

      _____________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық атауы)

      _______________________________________________ тасымалдау мақсатында

      (тасымалдау объектілері көрсетіледі)

      ____________________________________ халықаралық авиамаршруты бойынша

      (халықаралық авиамаршрут атауы)

      _____________________________________________________________________

      (аптасына рұқсат етілген рейстер саны)

      тұрақты авиарейстерді орындау құқығы берілді.

      Халықаралық авиамаршрутқа куәлікті берген мемлекеттік орган

      _____________________________________________________________________

      (берген мемлекеттік органның толық атауы)

      Басшы _______________________________________________________________

      (берген мемлекеттік орган басшысының тегі және аты-жөні)

      Куәліктің берілген күні: 20__ жылғы "___" _______________

      Куәліктің қолданылу мерзімі: 20__ жылғы "___" ___________ дейін

      Куәліктің нөмірі № ______________

      __________________________ қаласы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады