Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тұжырымдаманы iске асыруға жауапты мемлекеттiк орган болып белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдары Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 29 сәуірдегі
№ 408 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау
және дамыту жөніндегі тұжырымдама
1. Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны
дамытудың пайымы
Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұрасы ұлттық мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі, ұрпақтардың рухани байланысын нығайтатын ұлттық сана-сезімнің негізі бола отырып, Қазақстан мәдениетін қалыптастыруда басты рөл атқарады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 желтоқсандағы Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 17 қазандағы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Халықаралық конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) Қазақстан Республикасының қосылуы Қазақстан халқының материалдық емес мәдени құндылықтарын қорғау, танымал ету және дамыту жөніндегі қызметтің тиімділігі үшін негіз болады.
Материалдық емес мәдени мұра деп қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде таныған әдет-ғұрыптарды, орындау мен айту нысандарын, білім мен дағдыларды, сондай-ақ олармен байланысты құралдарды, заттарды, артефактілерді және мәдени кеңістіктерді айтамыз. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын осындай материалдық емес мәдени мұраны қоғамдастықтар мен топтар оларды қоршаған ортаға, олардың табиғатпен өзара іс-қимылына және тарихына байланысты үнемі жаңадан жасап отырады және мұндай мұралар олардың бойында өзіндік ерекшелік пен сабақтастық сезімін қалыптастыру арқылы мәдени әртүрлілік пен адам шығармашылығын құрметтеуге ықпал етеді. Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдаманың (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақсаттары үшін қолданыстағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқықтық актілерге және қоғамдастықтар, топтар мен жекелеген адамдар арасындағы өзара құрмет көрсету талаптарына, сондай-ақ Конвенцияның ережелеріне сәйкес келетін материалдық емес мәдени мұра ғана назарға алынады.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау қызметін қазақстандық қоғамның өзін-өзі айқындауына, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің нығаюына, білімділік пен мәдениетаралық түсіністіктің нығаюына терең әсер еткен «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы ретінде жүзеге асырған жөн. Бұл бағдарлама аясында белгілі тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін зерттеу және қайта жаңғырту, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтерін ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Ендігі кезекте материалдық емес мәдени мұраларды қорғау бағытында да осы тәріздес жұмыстар жүргізудің уақыты келді.
Бұл Тұжырымдамада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) материалдық емес мәдени мұра элементтері – қоғамдастықтар мен топтар, және кейбір жағдайларда жеке адамдар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде санайтын, тарихи және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұра элементтері тізбесіне енген әдет-ғұрыптар, орындау және айту нысандары, білім мен дағдылар, сондай-ақ солармен байланысты құралдар мен заттар, артефактілер мен мәдени кеңістіктер;
2) Қазақстан Республикасы материалдық емес мәдени мұра элементтерінің тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұралары туралы деректер банкін қамтитын ақпараттық жүйе;
3) материалдық емес мәдени мұраны қорғау – осы мұраның өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында оны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, қорғау, дәріптеу, оның рөлін арттыру, ең бастысы формалды және формалды емес білім беру арқылы мәдени құндылықтарды жеткізу, сондай-ақ осы мұраның түрлі аспектілерін қайта жаңғырту;
4) материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылар – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын жасауда, сақтауда және қайта жаңғыртуда маңызды рөл атқаратын, мәдени әртүрлілікті байытатын және адамдардың шығармашылық қабілетін дамытатын жергілікті және этникалық қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайда жекелеген адамдар;
5) материалдық емес мәдени мұра көрініс табатын салалар – материалдық емес мұраның тасымалдағышы ретінде тілді қоса алғанда, ауызша айту дәстүрлері мен айтылу нысандары; орындаушылық өнер; әдет-ғұрыптар, салттар, мейрамдар; табиғат пен әлемге қатысты білім мен әдет-ғұрыптар; дәстүрлі кәсіптермен байланысты білім мен дағдылар.
Ағымдағы жағдайды талдау
2004 – 2011 жылдар кезеңінде табысты іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан тарихындағы теңдессіз жемісті гуманитарлық акция болды. Халқымыздың аса бай әлеуеті паш етіліп, отандық мәдениет пен ғылымды жаңа деңгейге көтеретін баға жетпейтін тәжірибесі жинақталды.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 73 тарихи және мәдени объектіні реставрациялау жұмыстары аяқталды, ата-баба тарихы жөнінде білімімізді байыта түскен Қазақстан аумағындағы 37 кентке, қоныстарға, мекендерге, обалар мен қорғандарға маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылып, соның арқасында елдегі ғылыми ортаға бұрын беймәлім болып келген Қазақстан тарихы, этнографиясы мен өнері жөнінде өз елімізде және шет елдерде 5 мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды және сатып алынды. Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызға ие 30-дан аса ғылыми-қолданбалы зерттеу жүргізілді.
Бағдарлама аясында Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті бойынша 600-ге жуық кітап түрлері бір жарым миллион данадан астам таралыммен басып шығарылды. Олардың арасында «Бабалар сөзі», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Ежелгі уақыттан біздің күнімізге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы» тәрізді еңбектер бар.
Алғаш рет отандық ескерткіштерді түгендеу жүргізіліп, республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдері бекітілді. Осылайша, Қазақстанның бірнеше облысының (Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар т.б.) және Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы басып шығарылды.
2010 жылы Мәдениет министрлігі «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» және «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» деген бірегей жобалардың тұсаукесерлерін табысты өткізді. Бұл – қазақтың дәстүрлі әуендері дәлме-дәл орындалған туындылардың СD дискілерін жинау, дайындау (өңдеу, жаңғырту, цифрлау) және басып шығару бойынша ауқымды жұмыс болды.
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру ұлттық сана-сезім мен танымның сұрауына, қалыптасуына және нығаюына жауап болып, елімізде жаңа мәдени-тарихи ландшафтының құрылуына және қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығының артуына үлкен ықпал етті.
Алайда, бүгінде рухани мұраларымызды зерттеу, жинақтау, дәріптеуге байланысты мәселелер өз шешімін толық таппай отыр. Мысалы, Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі тәрізді материалдық емес мәдени мұралардың тізімі де жасалуы тиіс. Сонда ғана олардың нақты санын, қазіргі сақталу жағдайын, материалдық емес мәдени мұраның қандай түріне жоғалу қаупі төніп тұрғанын анықтауға болады.
CACSA-ның (Орта Азия қолөнерді қолдау қауымдастығы) 2005 жылғы деректері бойынша Қазақстан дәстүрлі халықтық қолөнерді дамыту және қорғау жөнінде Орталық Азия елдері арасында ең соңғы орын алды. Осы ретте мына жағдайларға тоқталып өткен жөн. XX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанның ауылдық жерлері халқының көбі киіз басу, кілем тоқу тәрізді дәстүрлі қолөнермен шұғылданды, бүгінде бұл мұраларымызды сақтаушылар саусақпен санарлық қана қалды. Урбанизация процесінің қарқынды жүруіне, жастардың жаппай қалаға ағылуына, түрлі себептермен қолөнер бұйымдарына деген сұраныстың азаюына байланысты дәстүрлі қолөнерді жалғастырушылар саны едәуір кеміді. Қолөнер бұйымдарына деген сұраныс көп жағдайда шетелдік қонақтар тарапынан туындап отыр. Өткен ғасырдың аяғында бірегей қазақ кілемдерін шетелдіктер сатып алып, кейін сыртқа әкеткен. Бұрын мұндай кілемдерді әр үйдің жиһазы қатарынан кездестірсек, бүгінде оларды негізінен мұражайлардан ғана табуға болады. Қазақстанның негізінен оңтүстік өңірлерінде сақталған дәстүрлі кілем тоқумен айналысатын әйелдердің жасы 60-70 жастан асып кеткен.
Дәстүрлі музыкалық аспаптарда күй орындау қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасы болып табылады. Қазақстан аумағында бірнеше күйшілік мектептің бар екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұрын түрлі себептерге байланысты күйшілік мектептердің жойылып кеткен жағдайлары болған. Бүгінде Қазақстанда дәстүрлі күйшілік мектептердің бірді-екілі өкілдері ғана қалған. Олар – Арқа күйшілік мектебінің өкілі Ф. Тұтқабеков пен Қ. Сәдуақасов, Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі Ә. Өскенбаев және т.б. Осындай материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылардың өмірден озуы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының кейбір түрлерінің жойылуына әкелуі мүмкін. Сақталған күйшілік мектептердің дәстүрін жалғастыру мақсатында аталған күйшілердің ізбасарларын дайындау үшін жағдайлар жасалуы қажет.
Сонымен қатар, бүгінде фольклорлық экспедицияларды ұйымдастыруға қаржының жеткілікті деңгейде бөлінбеуіне байланысты ұлттық шығармашылық ұжымдар өз репертуарларында жұтаңдықты сезінуде. Фольклортанушылардың қолда бар зерттеулері, халықтық хореография, ауыз әдебиеті мен музыка мұрасы және сәнді-қолданбалы өнер мамандарының еңбектері жеткілікті деңгейде қайта басылған жоқ. Қаржыландырудың жетіспеуіне байланысты жергілікті атқарушы органдардың мәдениет басқармалары жанындағы көркемөнер шығармашылық ұжымдарын ұйымдастыру төл мәдениет үшін күрделі мәселе болып табылады.
Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – кадр дайындау. Бүгінде елімізде фольклортанушылардың, дәстүрлі халық музыкасын зерттеушілердің жетіспеушілігі қатты байқалады. Бұл мамандықтарға жоғары оқу орындарында мемлекеттік гранттар аз бөлінуде, ал ақылы оқудың құны жыл сайын өсуде.
Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау мәселесіне баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары ерекше көңіл бөлуі қажет. Бұл сала БАҚ қызметінің басым бағыттарының біріне айналуы тиіс.
Осыған орай, материалдық емес мәдени мұраларымызды қайта жаңғырту, қорғау және дамыту мақсатында осы Тұжырымдаманы қабылдаудың қажеттілігі туды. Тұжырымдамада материалдық емес мәдени мұраларымызды қорғау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері мен оларды жүзеге асырудың механизмдері көрсетілген.
Шетел тәжірибесі
Бүгінгі күнде жүз қырық тоғыз мемлекет Конвенцияны ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу арқылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша міндеттеме алды.
Осыған байланысты аталған мемлекеттер материалдық емес мәдени мұраны қорғау, есепке алу, анықтау, құжаттау, зерттеу, оның рөлін арттыру мақсатында тиісті заңдар қабылдады.
Мысалы, Қытайда 2011 жылы 1 қаңтарда «Материалдық емес мәдени мұра туралы» Заң күшіне енді. Осы Заңда материалдық емес мәдени мұра әртүрлі ұлт өкілдерінің ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беретін және олардың мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде саналатын түрлі мәдени көріністердің үлгілері ретінде қарастырылады. Олар: дәстүрлі ауыз әдебиеті мен тіл; дәстүрлі өнер, каллиграфия, музыка, би, драма, халықтық өнер мен акробатика; дәстүрлі технологиялар, медицина, күнтізбе; дәстүрлі ғұрыптар, фестивальдар және өзге де халықтық салт-дәстүрлер; дәстүрлі халықтық спорт түрлері мен сауықтар. Сонымен қатар, заңда материалдық емес мәдени мұраларды зерттеу, «материалдық емес мәдени мұралар каталогын» қалыптастыру тәртіптері регламенттелген, сондай-ақ азаматтардың, заңды тұлғалардың, шетелдік ұйымдардың материалдық емес мәдени мұра саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігі белгіленген.
Кейбір мемлекеттер материалдық емес мәдени мұра мәселелерін реттеуді қолданыстағы тиісті саладағы, соның ішінде мәдениет саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырды.
Мысалы, «Мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2001 жылы 30 тамызда қабылданған Өзбекстан Республикасының Заңында «мәдени мұра объектілері» – материалдық және материалдық емес мәдени мұра объектілері, «материалдық емес мәдени мұра объектілері» – тарихи, ғылыми, көркем және өзге де мәдени құндылықтар: салт-дәстүрлер, халық шығармашылығы (сөз өнері, би, музыка, көрсетілімдер), сондай-ақ олармен, халықтық көркемдік кәсіптермен және қолданбалы өнермен байланысты білімдер, дағдылар, құралдар, артефактілер, мәдени кеңістіктер ұғымы енгізілген. Сонымен бірге, Өзбекстанда материалдық емес мәдени мұраларды түгендеу жұмыстары көп жылдардан бері жүргізіліп келеді, материалдық емес мәдени мұралардың ұлттық және өңірлік тізімдері жасалуда. Бұл шараға Өзбекстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясы және өзге де мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тартылған. Бүгінде Өзбекстанда материалдық емес мәдени мұраны дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарлама дайындалуда.
Материалдық емес мұраны сақтау бойынша Қырғызстанда да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, мұнда Қырғызстанның рухани игілігі болып саналатын «Манас» эпосы туралы Заң қабылданса, 2012 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Заң қабылданды. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізбесіне Қырғызстанның материалдық емес мәдени мұрасының үш теңдессіз туындысы енгізілген.
Ресейде 2008 жылы «Ресей Федерациясы халықтарының 2009 – 2015 жылдарға арналған материалдық емес мәдени мұраларын сақтау мен дамыту тұжырымдамасы» қабылданған, оған сәйкес Ресейде тұратын халықтардың мұралары мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алынып, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөнінде түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, мұнда материалдық емес мәдени мұраға арналған веб-портал жұмыс істейді.
Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту мәселесінде Латын Америкасы мен Азия елдері бай тәжірибесімен ерекшеленеді. Мысалы, Венесуэла Конвенция қабылданбас бұрын, 2003 жылдан бастап материалдық және материалдық емес мәдени мұралардың тізбесін жасауды қолға алған. Бүгінде бұл тізбеге аталған мұраның 100 мыңнан астам элементтері енгізілген. Венесуэланың Жоғарғы соты осы тізбедегі барлық элементтердің заңмен қорғалатынын жариялаған. Ең алдымен, бұл жоғалу қаупі төніп тұрған мәдени мұраларға қатысты.
Ал, Латын Америкасындағы материалдық емес мәдени мұра объектілеріне ең бай ел саналатын Колумбияда жыл сайын 700-дей дәстүрлі мейрамдар мен карнавалдар өтеді. 2002 жылдан бастап Колумбия үкіметі ЮНЕСКО-мен бірлесіп ел тұрғындарына материалдық емес мәдени мұраның маңызын түсіндіру мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастыруды қолға алған. Осы жұмыстың нәтижесінде материалдық емес мәдени мұраның деректер базасы жасалды, материалдық емес мәдени мұраларға қатысты сюжеттер мен бағдарламалар дайындалып, телеарналарда көрсетілді, семинарлар мен кездесулер өткізілді.
Азия елдеріне келетін болсақ, мұнда материалдық емес мәдени мұраны қорғау мен дамыту мәселелері бойынша Оңтүстік Корея үздік болып тұр. Оңтүстік Кореяда ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен қызмет ететін Азия мен Тынық мұхиты елдерінің материалдық емес мәдени мұрасын құжаттаумен айналысатын өңірлік орталық жұмыс жасайды. Бұл орталық Азияның көптеген елдерінде материалдық емес мәдени мұраларды арнайы тізбеге қосу бағытында белсенді қызмет етуде. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда осы саланы зерттеу жөнінде бірнеше ғылыми-зерттеу институты құрылған.
Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
Тұжырымдаманың мақсаты – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, дамыту және насихаттау үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Тұжырымдаманың міндеттері:
1) материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу;
2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтаумен айналысатын мәдениет ұйымдары мен сақтаушыларға қолдау көрсету;
3) жоғалу қаупі төнген материалдық емес мәдени мұраларды сақтау және қайта жаңғырту;
4) материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылату;
5) материалдық емес мәдени мұраны елімізде және шет елдерде кеңінен жария ету;
6) материалдық емес мәдени мұра саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері
Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде (2013 – 2014 жж.) мынадай шараларды өткізу жоспарланады:
1) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізбесін жасау үшін критерийлерді анықтау;
2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық және өңірлік тізілімдерін жасау;
3) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттеу мақсатында ғылыми экспедициялар ұйымдастыру;
4) материалдық емес мәдени мұра тақырыбында дөңгелек үстелдер, семинарлар және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру;
5) дәстүрлі музыканы сақтауға және насихаттауға арналған халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдар ұйымдастыру;
6) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған веб-сайттың қызметін іске асыру;
7) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының таңдаулы үлгілерін ЮНЕСКО тізбелеріне ұсыну;
8) материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылату;
9) материалдық емес мәдени мұра саласында баспа өнімдерін шығару;
10) бұқаралық ақпарат құралдарында материалдық емес мәдени мұраны жан-жақты жария ету;
11) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға бағытталған жобаларға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына қолдау көрсету.
Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінде (2015 – 2016 жж.) мынадай шаралар іске асырылады:
1) мемлекеттің стратегиялық жобаларына материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамытудың сынақтан өткен тетіктері мен түрлерін ықпалдастыру;
2) материалдық емес мәдени мұраны сақтауға бағытталған мәдениет ұйымдарының әлеуметтік мәртебесін көтеру;
3) материалдық емес мәдени мұраны анықтауға, сақтауға және дамытуға бағытталған мемлекеттік мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейту және олардың ғылыми, әдістемелік және кадрмен қамтамасыз етілуін жетілдіру;
4) материалдық емес мәдени мұраны қорғауға және дамытуға бағытталған іс-шараларға қолдау көрсету.
Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманы енгізуден күтілетін негізгі нәтижелер мынадай болуы тиіс:
1) ауылдық жерлерді дамыту, дәстүрлі мәдениетке қолдау көрсету арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету;
2) Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу және оларды халықаралық деңгейде танымал ету;
3) түрлі әлеуметтік топтардың материалдық емес мәдени мұраға кеңінен қол жетімділігін қамтамасыз ету;
4) Қазақстанның халық шығармашылығының өңірлік дәстүрлерін анықтау және жүйеге келтіру;
5) жойылу қаупі төнген материалдық емес мәдени мұраны анықтау және сақтау;
6) жұмыстарын көрсету және оларды сатуға мүмкіндік жасау мақсатында дәстүрлі қолөнермен айналысатын қолөнершілерді көрмелерге қатысуға тарту;
7) халықтың қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысуын жандандыру;
8) тиімді мәдениет инфрақұрылымын жасау, дәстүрлі ұлттық мәдениетпен, халық шығармашылығымен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
9) Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және дамыту саласында білікті мамандардың әлеуетін қалыптастыру.
Сонымен қатар, Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде рухани құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы ұлттық мәдениетке қауіп төндіріп отырған жаһандану мен «бұқаралық мәдениетке» тосқауыл қоюға, жастарды жағымсыз әлеуметтік құбылыстардың, радикалды діни ағымдардың ықпалынан сақтауға, олардың бойында патриоттық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, отбасылық және қоғамдық қатынастарды тұрақтандыруға қол жеткізуге болады.
Осыған байланысты Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және дамыту саласында қалыптасқан кешенді проблемаларды осы процеске қатысушылардың, оның ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет, білім беру, ғылыми ұйымдардың, шығармашылық одақтардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы шешудің мүмкін екеніне назар аудару қажет.
2. Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері
Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі қағидаттары мыналар:
1) мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында жүйелілікті және сабақтастықты қамтамасыз ету;
2) материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласында әлемдік тәжірибені пайдалану;
3) материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласына осы заманғы инновациялық және ақпараттық технологияларды енгізу;
4) материалдық емес мәдени мұра саласындағы ғылыми-зерттеу және іздестіру жобаларының жалпыға бірдей қол жетімділігін қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік органдармен, шығармашылық одақтармен, қоғамдық және ғылыми ұйымдармен ынтымақтасу.
Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанында жұмыс істейтін Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын қорғау жөніндегі ұлттық комитеті үйлестіреді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тізбеге кіретін материалдық емес мәдени мұра элементтерін сақтауды және дамытуды қамтамасыз етеді және оларды құжаттамалық қамтамасыз етуді жүргізеді; материалдық емес мәдени мұра элементтерінің жағдайына бақылауды (мониторингті) жүзеге асырады; материалдық емес мәдени мұраларды қорғау және дамыту саласында кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді; Конвенцияны жүзеге асыру жөнінде ЮНЕСКО-ға есеп дайындап ұсынады.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы Қазақстан атынан ЮНЕСКО тізімдеріне жолданатын өтініштердің дайындалу және ұсынылу процесін үйлестіреді, Конвенцияның ұлттық және өңірлік деңгейде іске асуына халықаралық және ұлттық сарапшыларды қатыстыруға жәрдемдеседі; Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің қызметін үйлестіреді.
Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің негізгі функцияларына Конвенцияның мақсаттарына жетуге ықпал ету, Тұжырымдаманы дайындау мен іске асыруға қатысу, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөнінде шаралар қабылдау үшін ұсынымдар әзірлеу, осы саладағы озық халықаралық тәжірибеге қатысты консультациялар беру, ЮНЕСКО тізімдеріне және материалдық мәдени емес мәдени мұраның ұлттық тізбесіне материалдық емес мәдени мұра элементтерін қосуға өтінім берген бастамашыл топтар мен қоғамдастықтардың өтініштерін қарау жатады. Өз қызметі аясында Ұлттық комитет материалдық емес мәдени мұраны қорғауға осындай мұраны жасаумен, сақтаумен және жеткізумен айналысатын қоғамдастықтардың, топтардың және кейбір жағдайларда жеке адамдардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етеді.
Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың құралдары:
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары;
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы;
бұқаралық ақпарат құралдары.
Тұжырымдаманың іске асырылуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен және шегінде жүзеге асырылады.
3. Тұжырымдаманы iске асыру көзделетін нормативтiк-құқықтық
актiлердiң тiзбесi
1. «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.
2. «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» 2011 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.
3. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 96 қаулысы.