"Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 сәуірдегі № 424 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы
1 ақпандағы № 922 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы
1 ақпандағы № 922 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы,
2010 ж., № 10, 115-құжат; 2012 ж., № 68, 976-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда көрсетілген Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында:
      «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары» деген III бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

«III. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары Қазақстан 2020 жылы

      Қазақстан 2020 жылы әлемдік дағдарыстан біршама қуатты және бәсекеге қабілетті, экономикасы әртараптандырылған және халқы белсенді түрде жаңа экономикаға тартыла отырып шыныққан елге айналады.
      2020 жылға қарай Қазақстан ел экономикасының шикізат емес секторына елеулі шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік беретін қолайлы іскерлік ахуал қалыптасқан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарында болады. Экономика келесі экономикалық дағдарыстарға жақсырақ дайын болады. Қазақстан шектес елдермен және басқа да мемлекеттермен өзінің саяси және экономикалық байланыстарын нығайтады.
      2020 жылға қарай ел әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адами ресурстарға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады. Көлік инфрақұрылымы мен телекоммуникацияны қарқынды дамыту арқылы өзге әлеммен үзіліссіз байланыс қамтамасыз етіледі. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы тау-кен өнеркәсібімен қатар лайықты орын алады. Әлеуметтік салада және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіледі.
      2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты мәнде алғанда 2009 жылдың деңгейіне қатысты үштен бірінен жоғары өседі1. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды табысты іске асыру есебінен экономиканың қайта өңдеу салаларының өсу көрсеткіштері 2020 жылға қарай өндіруші салалардың өсу көрсеткіштерінен жоғары немесе оларға тең болады.
      Ойластырылған макроэкономикалық саясат жүргізу нәтижесінде
2020 жылға қарай алтын-валюта резервтерінің деңгейі (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін қоспағанда) үш айлық импорттан немесе (қандай көрсеткіштің жоғары болатынына қарай) ел экономикасының мемлекеттік және корпоративтік секторларының қысқа мерзімді (1 жылға дейін) сыртқы борышынан төмен болмайды. Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30 %-ын құрайды. Осы кезеңде инфляция орташа алғанда жылына 5-8 % деңгейінде сақталып тұрады. Айырбас бағамы саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің теңгерімін қамтамасыз етеді.
      2020 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 %-ды құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, мүмкіндігі шектеулі адамдар, әйелдер, балалар мен жастар өздерінің барынша қорғалғанын сезінеді және өздерінің қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейте алады. Балабақшадан университетке дейін сапалы білім беру бүкіл ел бойынша қолжетімді болады, халық денсаулығының жай-күйі айтарлықтай жақсарады. Денсаулық сақтау қызметтері әлемнің үздік стандарттарына сай болады. Қазақстандықтар барынша саламатты өмір салтын ұстанып, темекі шегетіндер мен алкогольді асыра пайдаланатындар саны азаяды. Қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында мемлекеттік тілді қолдану дәйекті және кезең-кезеңімен кеңейеді. Әртүрлі этностық топтар мен діни конфессия өкілдері ішкі тұрақтылық, қауіпсіздік, бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруін жалғастыратын болады.
______________
1Бұдан әрі Стратегиялық жоспар-2020 мәтіні бойынша, егер өзгеше көрсетілмесе, нысаналы индикаторлар (көрсеткіштер) мәндерінің өзгеруі 2009 жылдың деңгейіне қарап көрсетіледі.

Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің орнықты тұғыры: түйінді бес бағыт

      Таяу онжылдықта түйінді бес бағыт мемлекет қызметіндегі басымдықтар болады:
      1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
      2) индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету;
      3) болашаққа салынған инвестициялар – орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қол жеткізу үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;
      5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
      Экономиканы қалпына келтіруге дайындық процесінде Қазақстан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін реформаларды жеделдетіп іске асыруы керек. Бірінші түйінді бағыт – дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық – бірінші онжылдық кезеңінде нәтижесі көрінетін шараларды қамтиды. Бұл біршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру.
      Екінші түйінді бағыт шеңберіндегі іс-қимылдар елді үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететін болады. Бұл экономикалық үлгіні өзгертуге және экстенсивті, шикізаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкіндік береді. Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.
      Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдің болашағын айқындайтын негіз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал – бұл инновациялардың және экономиканың тиімділігін арттырудың негізгі қозғаушы күші. Үшінші бағыт – болашаққа салынған инвестициялар – Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзімді кезеңде арттыру үшін қажетті шараларды қамтитын болады.
      Төртінші түйінді бағыт – азаматтар үшін қызмет көрсету шеңберінде – халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін тиімді көрсету жөніндегі шаралар күшейтілетін болады.
      Бесінші түйінді бағыт – ұлтаралық келісім, қауіпсіздік, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберінде – ішкі тұрақтылықты, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бейбіт сүйгіш сыртқы саясатты дамыту жөніндегі шаралар көзделетін болады.
      Қазақстанның 2020 жылға дейінгі бес түйінді бағытының негізі ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыру, оның «қызып кетуін» болдырмау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуі кезеңінде мемлекеттің шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңінде ұлғайтуды көздейтін антициклдық фискалдық саясат іске асырылатын болады. Бұл ретте келесі онжылдық кезеңнің соңына қарай бюджеттің мұнай емес тапшылығы ІЖӨ-ге 3 %-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөніндегі шаралардың тиімділін арттыруға бағытталатын болады. Айырбас валюта бағамының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.

Түйінді бағыт: дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық

      Жаһандық қалпына келу кезеңінде Қазақстандағы іскерлік ахуал елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізін қамтамасыз етеді. Ол экономиканы жеделдетіп әртараптандыру және отандық бизнесті дамыту үшін ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететін шешуші фактор болып табылады. Орнықты қаржы жүйесі және сенімді құқықтық орта да кәсіпкерлікті дамытуда сындарлы рөл атқарады.

Бизнес ортаны жақсарту

      Стратегиялық жоспар-2020-ны іске асырудың алғашқы жылдары мемлекет отандық кәсіпкерлер, сол сияқты халықаралық инвесторлар үшін де бизнес жүргізудің құнын азайтуға бағытталған белсенді шараларға бастама жасайды. Әкімшілік рәсімдердің оңтайлы шеңберін белгілеп және оларды жүзеге асырудың ашықтығын арттыра отырып, мемлекет төрешілдік пен сыбайлас жемқорлықтың Қазақстандағы іскерлік ахуалдың маңызды аспектілеріне ықпал етуін төмендетуге ұмтылатын болады.

Бизнес-ортаны жақсарту жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

экономиканың шикізат емес секторларына салынатын отандық және шетелдік инвестициялар (өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қызметтер көрсету) кемінде 30 %-ға ұлғаяды
ІЖӨ-ге тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) үлесі он пайыздық тармаққа ұлғаяды
ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 7 – 10 пайыздық тармаққа ұлғаяды
инвестиция көздері әртараптандырылады (әр елдің үлесі 5 % және одан көп болатын негізгі 10 инвестор ел)
Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша ең жақсы көрсеткіштермен 50 елдің қатарында өз позициясын сақтап қалады
Қазақстан «Transparency International» рейтингінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша елдердің үштен бірінің ішінде алдыңғы қатардағы орынды иеленеді

2015 жылға қарай

Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша көрсеткіштері 2011 жылмен салыстырғанда жеті позицияға жақсарады
уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат алу, лицензиялар, сертификаттар, аккредиттеу, консультация алу) 2011 жылмен салыстырғанда 30 %-ға төмендейді
Еуропа Қайта құру және Даму банкі мен Дүниежүзілік Банктің Іскерлік ахуалға және кәсіпорындар жұмысының тиімділігіне шолудағы (BEEPS) бизнес ортаның даму көрсеткіштері жақсарады

Қаржы секторын нығайту

      Қазақстанның қаржы жүйесінің одан әрі дамуы ағымдағы жаһандық дағдарыстың негізгі қорытындыларын ескеретін болады:
      1) қандай да болмасын қарыз алу коммерциялық, қаржылық және валюталық тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік беретін қатаң пруденциалды стандарттарға және ашықтық талаптарына негізделуі тиіс;
      2) халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділік банк секторының және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың сыртқы борышының деңгейін жауапты басқаруды талап етеді;
      3) ел ішіндегі жинақтар деңгейінің жоғарылауы орнықты, ашық және тиімді реттелуге тиіс қаржы жүйесіне сенімнің нығаюына байланысты.
      Экономиканы қалпына келтіру кезеңінде қаржы секторын мемлекеттік қолдау сақталады, алайда бірте-бірте жеке бастамаға орын бере отырып, тікелей мемлекеттік қатысу азаятын болады.
      Отандық қаржы жүйесіндегі одан әрі реттеу барынша толық және қаржы секторының макроэкономикалық байланыстарын жан-жақты ескеретін болады. Белсенді экономикалық өрлеу кезеңінде пруденциалдық нормативтер бәсеңдеу жағдайында жинақталған әлеуетті пайдалану үшін қатаңдатылатын болады.
      Жалпы алғанда, қаржы секторының дамуы елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы үшін қаржы ресурстарын тартуға бағдарланады.
      Қор жасаудың ішкі көздері халықтың және отандық кәсіпорындардың бос ресурстары есебінен көбейтілетін болады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздері ретінде ресурстарды тарту үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы нығайтылатын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерінің рөлі мен маңыздылығы артады.
      Елдің қаржы секторына деген сенімді қалпына келтіру және оларға көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілетін болады. Қаржы қызметтерін тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін кеңейтуге, қаржы ұйымдарында ішкі бақылаудың тиімді жүйесі мен тәуекел-менеджментті енгізуге, сондай-ақ олардың қызметінің ашықтығын арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.
      Ішкі ресурстардың өсу шамасына қарай жобалық инвестициялау құралдарын қоса алғанда, қаржы құралдарының кең ауқымы бар қор нарығы одан әрі дамиды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және исламдық қаржыландыру қор нарығын дамытуда маңызды рөл атқаратын болады. Бұған құнды қағаздар айналысының барабар көлемін қамтамасыз ететін мемлекеттік құнды қағаздар нарығының одан әрі дамуы да септігін тигізеді.
      Қазақстанның толыққанды қор нарығын қалыптастыру және оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуы шеңберінде Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы одан әрі дамитын болады. Стратегиялық перспективада мемлекет халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Алматы қаласының бәсекеге қабілетті қаржы орталығын дамыту және оның Азиядағы жетекші он қаржы орталығының қатарына кіруі үшін қажетті жағдайларды жасайды.
      Жалпы алғанда, елдің қаржы секторын дамыту Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Қаржы секторын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

қаржы ұйымдарының институционалдық базасы кеңейтіледі және олардың инвестициялық мүмкіндіктері ұлғайтылады
банк секторының сыртқы міндеттемелерінің үлесі оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде 30 %-дан аспайды
қаржы нарығы қызметтердің кең спектрін ұсынады және инвесторлар мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың арасында сенімге ие болады
отандық қор нарығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орталық Азия елдерінің ішінде ислам банкингінің өңірлік орталығына айналады

2015 жылға қарай

халықтың жинақтарын тартудың баламалы көздерін дамыту үшін жағдайлар жасалады
халықтың қаржылық сауаттылығын және инвестициялық мәдениетін көтеру жөніндегі іс-шаралар сәтті іске асырылады
мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерінің рөлі мен маңыздылығын арттыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру қамтамасыз етіледі

Сенімді құқықтық орта қалыптастыру

      Сенімді құқықтық ортаға заңның үстемдік принципінің мүлтіксіз сақталуы арқылы қол жеткізіледі және ол азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сөзсіз қорғалуына деген сенімділігін, бизнесті жүзеге асыру кезінде жеке қауіпсіздікті сезінуін, транзакциялық шығындардың төмен болуын қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы инвестицияларды ынталандырады.
      Ұлттық құқықтық жүйені жаңғырту және оны үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру, сондай-ақ адам, кәсіпкерлік пен мемлекет құқықтарының сенімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мынадай салалардағы реформаларға назар аударылады:
      1) сот жүйесінің ашықтығын және тәуелсіздігін, сот корпусының бейтараптығы мен кәсіпқойлығын арттыру;
      2) заңнаманы жетілдіру және норма шығармашылығы сапасын арттыру;
      3) халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін, оның ішінде сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік мәдениетін арттыру және азаматтардың білікті заң көмегіне нақты қол жеткізуін қамтамасыз ету.
      Отандық құқықтық жүйені жаңғыртудың тұжырымды ұстанымдары және оның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған.

Сот жүйесі

      Сот жүйесін одан әрі реформалау соттардың шынайы тәуелсіздігі, сот төрелігін атқаруға азаматтық қоғамның тиімді қоғамдық бақылауы, судьялардың кәсіпқойлығы мен бейтараптығы, сот ісін жүргізуді оңайлату және тым артық регламенттеуді алып тастау принциптерімен жүргізіледі, соның нәтижесінде қоғамның сот жүйесіне деген сенімінің жоғары дәрежесіне қол жеткізіліп, соттардың жұмыс істеу тиімділігі артады. Сот төрелігін атқару кезінде сот иерархиясының барлық деңгейлерінде және сатыларында судьялар тәуелсіздігінің ұйымдық-құқықтық кепілдіктері қамтамасыз етілетін болады.

Сот жүйесін реформалау жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

Қазақстан Республикасының «соттардың тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингіндегі орны жиырма позицияға жақсарады
сот жүйесінің тәуелсіздік және бейтараптық деңгейі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының міндеттемелеріне (адами өлшемдер саласында) сәйкес деп танылады

2016 жылға қарай

қолжетімділікке жүгінген субъектілер істерінің, қарапайым әрі жылдам шешілуіне кепілдік беретін сот жүйесі құрылады

2015 жылға қарай

тергеу іс-әрекетін соттың бақылауы кеңейтіледі
сотта қараудың толық жариялылығы мен ашықтығы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жария дерекқорында соттардың қорытынды іс жүргізу шешімдерінің қарар бөлігін орналастыру жолымен қамтамасыз етіледі
судьяларға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары және судьяларға үміткелерді іріктеу рәсімдерінің транспаренттілігі (ашықтығы) артады
үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, сот процесіне қатысушылар мен кәсіпқой заңгерлер арасында жүргізілетін, алынған нәтижелердің жариялылығын және соттар мен судьялардың рейтингілерін құруды көздейтін мерзімді әлеуметтік зерттеулермен барлық соттарды барабар қамту қамтамасыз етіледі

2014 жылға қарай

жеке меншік сот орындаушыларының институтын енгізе отырып, сот шешімдерін орындаудың аралас моделін жетілдіру

Заңнаманы және норма шығаруды жетілдіру

      Мыналар заңнаманы және норма шығаруды жетілдірудің негізгі бағыттары болады:
      1) Қазақстанның заңнамалық базасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның сапасын арттыру және ескірген және қайталайтын нормаларды алып тастау, құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою және сілтеме нормаларды барынша азайту, тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту арқылы жүйелеу;
      2) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектордың өкілдерін кеңірек тарту, осы салада озық білімдерді қолдана отырып, ғылыми сараптамаларды жүргізу негізінде норма шығару процесіндегі кәсіпқойлықты күшейту.

Заңнаманы және норма шығаруды жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

нормативтік құқықтық актілер жобаларының сапасын бағалаудың халықаралық стандарттарына және оларды қоғамның, кәсіпкерлік пен биліктің мүдделерін теңдестіріп ескеруге мүмкіндік беретін жария түрде талқылау рәсімдеріне негізделген заң шығарудың тиімді тетіктері енгізіледі

2015 жылға қарай

нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектордың өкілдерін кеңірек тарту, осы салада озық білімдерді қолдана отырып, ғылыми сараптамаларды жүргізу негізінде норма шығару қызметінің сапасын арттыру жөніндегі тетіктер енгізіледі; заң жобаларын дайындау сапасының өлшемдері әзірленеді
заңды тұлғалардың банкроттық тетіктері жетілдіріледі

Құқықтық мәдениет және азаматтардың білікті заң көмегіне қолжетімділігі

      Құқықтық мәдениеттің жоғары болуы азаматтардың құқықтық бағдарлануын қамтамасыз етеді және кез келген заң бұзушылықтарға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына төзбеуін қалыптастырады. Ол, ең алдымен, халықтың құқықтық санасын дамыту деңгейіне байланысты.
      Азаматтардың құқықтық санасының деңгейін арттыру үшін мемлекеттің негізгі күш-жігері құқықтық насихатты (қоғамдық заңдық білім беруді жандандыру) кеңейтуге және азаматтық қоғамның тиімді институттарын дамытуға бағытталады.
      Қазақстандық қоғамның жоғары құқықтық мәдениетін қалыптастыру шеңберінде адвокаттардың, сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік мәдениетінің деңгейін арттыруға, олардың сапалы кәсіптік даярлығына ерекше көңіл бөлінеді.
      Бұл ретте таяудағы онжылдықта мемлекет халықтың білікті заң көмегіне қол жеткізуін кеңейту үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды.

Халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру және азаматтардың білікті заң көмегіне нақты қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

Қазақстанның әрбір азаматы үшін мүліктік жағдайына қарамастан, білікті заң көмегін ұсыну тетіктерін жетілдіру есебінен білікті заң көмегіне нақты қолжетімділігі қамтамасыз етіледі
кәсіпқой заңгерлер мен адвокаттардың біліктілігі жоғары қызметтер нарығы құрылады

2015 жылға қарай

Қазақстан Республикасы азаматтарының білікті заң көмегін алу тетіктерін жетілдіру жөнінде кешенді жоспар әзірленеді
халықтың құқықтық мәдениетін арттыру шеңберінде азаматтық қоғам институттарының орнықты дамуы үшін қажетті құқықтық база қалыптасады

Түйінді бағыт: экономиканы әртараптандыруды жеделдету

      Стратегиялық жоспар-2020-ны іске асыру кезеңінде үдемелі индустрияландыру жолымен экономиканы әртараптандыру жеделдетіледі.
      Экономикадағы еңбек өнімділігін кешенді арттыруға бағытталған елді индустрияландыру мынадай бағыттар бойынша іске асырылатын болады:
      1) шикізат өндірістерін кейіннен неғұрлым жоғары бөліністерге өткізе отырып, дәстүрлі салаларды: мұнай-газ секторын, тау-кен-металлургия кешенін, атом және химия өнеркәсібін дамыту;
      2) жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттің сұранысына негізделген секторларды: машина жасауды, құрылыс индустриясын, қорғаныс өнеркәсібін, фармацевтиканы дамыту;
      3) шикізат секторына байланысты емес және негізінен экспортқа бағдарланған өндірістерді: агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл өнеркәсіпті, туризмді дамыту;
      4) әлемдік экономикада кейінгі 15-20 жылда басым рөл атқаратын «болашақтың экономикасы» секторларын: ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, биотехнологияларды, баламалы энергетиканы дамыту.
      Қазақстанды индустрияландыру қолайлы экономикалық ортаны қалыптастырумен және табысты иңдустрияландырудың айқын қағидаттарын сақтаумен бірге жүреді.

Қолайлы экономикалық орта қалыптастыру

      Қолайлы экономикалық ортаға ұтымды макроэкономикалық саясатпен, тиімсіз жобаларға қарсы іс-қимыл жүйесін құрумен, ұлттық инновациялық жүйені қалыптастырумен, оның ішінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар (ҒЗТКЖ) жүйесін жетілдірумен қолдау жасалады.

Экономиканы әртараптандыруды қолдау үшін макроэкономикалық басқару

      Қазақстан шикізат ресурстарын ірі экспорттаушы ретінде шикізатты экспорттаудан түсетін қаржыны пайдалану мен экономиканың барлық салаларында өсуге ықпал ететін макроэкономикалық жағдайларды жасау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.
      Табиғи ресурстардан түскен пайданы тез жұмсау валютаның айырбас бағамын жоғарылатады және «экономиканың саудаласпайтын салаларын» (қаржы секторы, жылжымайтын мүлікпен операциялар және қызмет көрсету саласы) дамытуға жетелейді. Қазақстанда валюталық бағамды бақылаудың жоғалуынан өз кезінде жанданған агроөнеркәсіптік кешеннің және өңдеуші өнеркәсіптің іс жүзінде жоғалуына тап болған табиғи ресурстарға бай басқа елдердің тәжірибесі ескеріледі.
      Осыны ескере отырып, оның сақтандырушы қызметін күшейту арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс істеу тұжырымдамасы жетілдірілетін болады.

Тиімсіз жобаларға қарсы іс-қимыл

      Экономиканы әртараптандыруды жеделдету процесінде мемлекет тиімсіз жобалардың іске асырылуына қарсы тұрады. Мемлекеттік қаржыны жұмсау процесінің ашықтығы мен айқындылығы артады. Мемлекеттік қаржыландыруды алатын барлық жобалар үшін қаржылық және экономикалық рентабельділік стандарттары енгізіледі. Шетелдік оң тәжірибені ескере отырып, мемлекет қаржыландыратын инвестициялық жобаларды бағалау күшейтіледі.

Ұлттық инновациялық жүйені құру

      Шетелдік тәжірибені талдау әлемнің барлық үздік инновациялық жүйелері, көп жағдайда қомақты мемлекеттік қолдауға ие болатынын айғақтайды.
      Экономиканы әртараптандыру шеңберінде мемлекет ұлттық инновациялық жүйенің қалыптасуын мынадай қағидаттарда қамтамасыз етеді:
      1) әлемдік деңгейдегі университеттер құру және ҒЗТКЖ-ның озық жүйесін қалыптастыру үшін университеттік ғылымды одан әрі дамыту;
      2) гранттар жүйесі негізінде мемлекет үшін басым ҒЗТКЖ қаржыландыру. Елдің индустрияландыру басымдықтарына сәйкес ҒЗТКЖ басымдықтарын айқындауды Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жүзеге асырады;
      3) шетел мамандарын қоса алғанда, сарапшыларды тарта отырып, гранттарға өтінімдерді бағалаудың транспаренттік процесін енгізу;
      4) ұлттық қажеттіліктерге бейімделген тиімді шетелдік технологияларды қолдану.

Табысты индустрияландыру қағидаттары

      Қазақстанды индустрияландыру мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) мемлекеттік және жеке меншік секторлардың рөлдерін нақты айқындау;
      2) компаниялар мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын барынша арттыру;
      3) тауарлар сапасы және жұмыстар мен қызмет көрсетулердің өнімділігі өсуінің, олардың құнын төмендетудің жетекші факторы ретінде бәсекелестікті қамтамасыз ету.
      Елдің экономикалық мүдделерін қорғау мен ілгерілетудің сенімді жүйесін қалыптастыру, отандық тауарлар мен қызмет көрсетулер үшін сыртқы нарықтарға қолжетімділік жасау және жосықсыз бәсекелестікті жою мақсатында тиімді сауда саясаты жүргізіледі.
      Өзара сауданы дамыту, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттігін арттыру мен инвестициялардың өсуіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстан ТМД-дағы ықпалдасу процестерінің белсенді қатысушысы болады. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының қалыптасуы мен дамуы серпінді жоба болып табылады. Үш елдің ықпалдасуының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру болады.
      2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыратын келісімдер күшіне енді. Қазіргі уақытта Бірыңғай экономикалық кеңістікті, оның ішінде көрсетілген келісімдердің құқықтық ережелерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
      ТМД-дағы өңірлік экономикалық бірлестіктерді қолдай отырып, республика Дүниежүзілік сауда ұйымына елдің экономикалық даму басымдықтарына жауап беретін шарттарда кіру процестерін жеделдетеді.

Әртараптандырудың басымдықтары

      Бірінші кезеңде (2010 – 2014 жылдар) отандық экономиканы үдемелі әртараптандыру, бірінші кезекте, жеті бағыт бойынша іске асырылады. Бұл – агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарының өндірісі; мұнайды қайта өңдеу және мұнай-газ саласының инфрақұрылымы; металлургия және дайын металл өнімдерін өндіру; химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібі; энергетика; көлік және телекоммуникация.
      Осы бағыттар, сондай-ақ туризм индустриясын және машина жасауды дамыту Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басымдықтары болады.
      Екінші кезеңде (2015 – 2019 жылдар) әртараптандырудың басым бағыттары мен түйінді көрсеткіштері Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелерін ескере отырып айқындалатын болады.
      Экономиканы табысты әртараптандыру республиканың орнықты дамуымен тығыз байланысты, оның ішінде:
      1) жаңартылатын ресурстар мен энергия көздері негізінде қазіргі заманғы технологияларды енгізу. Жел энергетикасын, күн энергетикасы мен геотермалдық энергетиканы дамыту үшін ынталандырушы жағдайлар жасалады, су ресурстарын бірігіп басқару қағидаттарын ескере отырып, елдің су ресурстарын тиімді пайдалану технологиялары енгізіледі, сондай-ақ халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде одан әрі күш-жігер жұмсалады;
      2) инвестициялар тарту, экологиялық проблемаларды шешу, антропогендік жүктеменің келеңсіз әсерін азайту, табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаға эмиссияны азайту жөніндегі жауапкершілігін күшейту, қалдықтарды кешенді қайта өңдеу мәселелерін де қамти отырып, орнықты дамуды басқару жүйесін оңтайландыру және төмен көміртекті экономиканың «жасыл» саясатын енгізу.
      Экономиканы әртараптандыру экономикалық әлеуеттің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын құру мен халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру жөніндегі жоспарлармен үйлестіріледі.
      Қазақстанның елордасы – Астананың одан әрі дамуына ерекше мән берілетін болады. Астана қаласының орнықты дамуының 2030 жылға дейінгі бекітілген стратегиялық жоспарына сәйкес басты міндеті Қазақстанның астанасын бәсекеге қабілетті экономикасы, ел азаматтары мен туристер үшін тартымды, қолайлы қоршаған ортасы бар қала ретінде қалыптастыру болып табылады. Стратегиялық жоспар-2020 іске асыру кезеңінде Астана қаласының 2030 жылға қарай әлемнің ең бәсекеге қабілетті отыз қаласының қатарына кіруі үшін қажетті жағдайлар жасалады.
      Елдің басқа аймақтарын дамыту бойынша олардың экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған шаралар қабылданатын болады.

Экономиканы әртараптандырудың стратегиялық мақсаттары

2020 жылға қарай

ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі кемінде 13 %-ды құрайды
жалпы экспорт көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі кемінде 45 %-ды құрайды
шикізаттық емес экспорттың көлемі өңдеу өнеркәсібінің жиынтық өндірісінің кемінде 50 %-ын құрайды
өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі кем дегенде 2 есеге ұлғаяды
агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі кемінде 4 есеге ұлғаяды
шикізаттық емес сектордың өзіндік құнындағы көліктік шығыстардың үлесі кемінде 15 %-ға қысқарады
ІЖӨ энергия сыйымдылығы кемінде 25 %-ға азаяды
инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі 20 %-ға дейін ұлғаяды

2015 жылға қарай

ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі кемінде 12,5 %-ды құрайды
жалпы экспорт көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі кемінде 40 %-ды құрайды
шикізаттық емес экспорттың көлемі өңдеу өнеркәсібінің жиынтық өндірісінің кемінде 43 %-ын құрайды
өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі кемінде 1,5 есеге ұлғаяды
агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі кемінде 2 есеге ұлғаяды
шикізаттық емес сектордың өзіндік құнындағы көліктік шығыстардың үлесі кемінде 8 %-ға қысқарады
ІЖӨ энергия сыйымдылығы кемінде 10 %-ға азаяды
инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі 10 %-ға дейін ұлғаяды

Агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу

      Жер ресурстарына бай Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту жағынан ұзақ мерзімді салыстырмалы басымдығы бар. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеудегі қосылған құнды ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың артуымен қатар, өсімдік шаруашылығын жаһандық жылынудың ықтимал салдарына бейімдеу жөніндегі шаралар іске асырылады.
      Ауылдық жерлерде ел халқының шамамен 50 %-ы тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырудың түйінді факторы болып табылады. Осыған байланысты ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, оңтайлы ауылдық орналастыруды модельдеу жұмысы жалғасады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы стратегиялық мақсаттар

2015 жылға қарай

экспорттың жалпы көлемінде аграрлық саланың экспорттық әлеуеті 8 %-ға дейін ұлғаяды
агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі кемінде 2 есеге ұлғаяды
етті қайта өңдеу 27 %-ға дейін, сүт – 40 %-ға дейін, жеміс және көкөніс – 12 %-ға дейін ұлғаяды

Құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарының өндірісі

      Экономиканың өсуімен құрылыс қызметтері мен құрылыс материалдарына деген сұраныс артады. Құрылыс материалдарының 50 %-ы елге импортталатынын ескерсек, құрылыс индустриясының және құрылыс материалдары өндірісін дамытуға айтарлықтай мүмкіндік бар.

Құрылыс саласындағы стратегиялық мақсаттар

2015 жылға қарай

құрылыс материалдарының 80 %-ы ел ішінде шығарылады
құрылыс және құрылыс материалдары саласындағы өндіріс көлемінің 20 %-ы экспортталады

Мұнайды қайта өңдеу және мұнай-газ саласының инфрақұрылымы

      Елдің бай минералдық ресурстары мұнай мен газ экспортының өсуіне ықпал етіп қана қоймайды. Жаңа құбыржолдарды салумен қатар мұнайды және газды қайта өңдеу секторы, оның ішінде интеграцияланған газ-химия кешенін салу есебінен дамытылатын болады.

Мұнайды қайта өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы саласындағы стратегиялық мақсаттар

2016 жылға қарай

Бейнеу - Бозой - Шымкент газ құбыры елдің оңтүстігін жылына 6 млрд. текше метр көлемге дейін газбен қамтамасыз етеді

2014 жылға қарай

отандық мұнай өңдеу зауыттарымен елдің отынға деген сұранысы толық қанағаттандырылады

Металлургия және дайын металл өнімдерін өндіру

      Металл кенінің зор қорына ие бола отырып, Қазақстанда дайын металлургиялық өнімдердің отандық өндірісін дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Металлургия саласындағы стратегиялық мақсаттар

2015 жылға қарай

металлургиялық өнім өндірісі мен экспорты екі есе өседі

Химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібі

      Химия өндірісін дамыту мақсатында қазірдің өзінде 18 жоба іске асырылуда. Химия өнеркәсібін одан әрі дамыту органикалық химия мен полимерлердің, бейорганикалық химияның базалық өнімдерін, арнайы химикаттар мен тұтыну химиясын шығарумен байланысты болады. Фармацевтика өндірісі дамиды. Қорғаныс өнеркәсібінде елдің Қарулы күштерін жаңғырту бағдарламалары іске асырылады.

Химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібіндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

мемлекеттік қорғаныс тапсырысының 80 %-ын отандық өндіріс қамтамасыз етеді
химия өнімдерінің жалпы өндірісі 3 есеге өседі
химия өнімдерінің 20-дан астам жаңа түрін өндіру ұйымдастырылады

2015 жылға қарай

каустикалық сода бойынша хлор-сілті өндірісі жылына
100 мың тоннаға дейін кеңейтіледі
минералды тыңайтқыштардың әрқилы түрлерін шығару жылына 3 млн. тоннадан асады
қуаты жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода өндірісі ұйымдастырылады
химиялық өндіріс үшін шикізатты қайта өңдеу және байыту қуаттары енгізіледі
күкірт қышқылының өндірісі жылына 2500 мың тоннадан артық көлемге жеткізіледі

2014 жылға қарай

елдегі дәрілік заттарды тұтынудың жартысы отандық өндіріспен қамтамасыз етіледі

Атом энергетикасы мен балама энергия көздерін қоса алғанда, энергетиканы дамыту

      Экономикалық өсу қарқындары және экономиканы әртараптандыру энергетика секторына елеулі қысым жасайды. Өнеркәсіптің отандық салалары біршама энергияны қажет етеді және энергия үнемдеудің айтарлықтай әлеуеті бар. Энергияны пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асырумен қатар ішкі қажеттіліктерді, әсіресе батыс және оңтүстік өңірлерде қанағаттандыру үшін оның өндірісін үдету талап етіледі. Осыған байланысты энергия көздері мен электр желісі кәсіпорындарында қазіргі қуаттарды кеңейту мен реконструкциялау және жаңаларды салу жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.
      Энергетика секторын дамыту шеңберінде Қазақстан ауқымды мақсатқа – парниктік газдарды шығаруды азайтуға жәрдемдеседі.
      Барынша арзан, экологиялық жағынан таза энергия алу әдістерінің бірі атом энергетикасын дамыту болып табылады. Атом энергетика кешендері қолда бар отын және минералдық ресурстарды оңтайлы әрі теңгерімді пайдалануға мүмкіндік береді.
      Энергияның баламалы көздерін пайдалану үлесі жалпы энергия пайдалану көлемінің 1 %-ынан аз. Экологиялық проблемаларды шешу қажеттігін ескере отырып, электр энергетикасын дамытудың басым бағыттарының бірі жаңартылатын энергетика ресурстарын (гидроэнергия, жел және күн энергиясы) пайдалану болып табылады, олардың Қазақстандағы пайдаланылмай отырған әлеуеті өте зор.
      Электр энергетикасы секторында нарықтық жағдайларда саланың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін баға және тариф түзу реформалары жүргізіледі. Электр желілері компаниялары үшін тариф түзудің жаңа тетігі енгізілетін болады.

Энергетика саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

жеке меншік көздерден экономика қажеттіліктерін қанағаттандыратын энергия шығару 100 %-ды құрайды
энергияның баламалы көздерін пайдалану үлесі энергия тұтынудың жалпы көлемінде 3 %-дан артық болады
АЭС және Балқаш ЖЭС салынып, пайдалануға енгізіледі
ядролық отын циклімен тігінен біріктірілген компания құрылады
жұмыс істеп тұрған генерациялайтын энергия қуаттары және таратушы энергия желілері реконструкцияланады және жаңартылады

2015 жылға қарай

энергияның баламалы көздерін пайдалану үлесі энергия тұтынудың жалпы көлемінің 1,5 %-ынан артық болады
Балқаш ЖЭС бірінші кезегінің құрылысы аяқталады

Көлік және телекоммуникация

      Көлікті дамытудың негізгі бағыттары көлік инфрақұрылымының негізгі төрт құрамдас бөлігі: теміржол, автомобиль, әуе және су көлігінің тиімділігін арттыру және интеграциялау болып табылады.
      Елдің транзиттік әлеуеті кеден және шекара рәсімдерін реформалаумен үндесіп, көлік инфрақұрылымына нысаналы инвестициялар арқылы арттырылатын болады.
      Елдің ішкі континенталдық орналасуы және теңізге шығудың болмауы қазақстандық тауарларды сыртқы өткізу нарықтарына жеткізуде, импорттық өнімдерді әкелуде, Ресеймен және Қытаймен сауда байланыстарын дамытуда, сондай-ақ Түркіменстан және Иран арқылы Парсы шығанағының порттарына қол жеткізуде көліктің рөлін күшейте түседі.

Теміржол көлігі

      Теміржол саласын реформалау мемлекеттік реттеуді жетілдіруді, жеке бастамаларға жағдайлар жасауды, сондай-ақ негізгі құралдарды айтарлықтай жаңарту мен жаңғыртуды қамтиды. Саланың институционалдық құрылымындағы түйінді өзгерістер қызметтің инфрақұрылымдық және тасымалдау түрлерін ұйымдық, қаржылық және операциялық бөлуге; мемлекет тарапынан тасымалдау қызметін бағалық реттеуді жоюға; тәуелсіз тасымалдаушылардың магистральдық теміржол инфрақұрылымына кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар шығынды тасымалдауларды мемлекеттік субсидиялауға сайып келеді.

Теміржол көлігі саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

республика ішінде және Қазақстан шегінен тыс жүктер мен жолаушыларды жеткізуді жеделдету үшін 1400 км жуық жаңа теміржол желілері салынады, бұл ретте құрылысты қаржыландырудың кем дегенде 50 %-ы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады
теміржол көлігінің негізгі активтерінің тозуы 40 %-ға дейін төмендейді
жүк поездарының теміржолдардың транзиттік учаскелерінің бойымен қозғалуының орташа техникалық жылдамдығы 55 км/сағ кем болмайды
экспорттық өнімнің өзіндік құнындағы теміржол көлігімен тасымалдау шығыстарының үлесі 20 %-ға төмендейді
электрленген теміржол желілерінің үлесі жалпы теміржол ұзындығының 40 %-ынан кем болмайды
әрбір оператор үшін нарықтағы үлесі кемінде 7 % болатын жүк және жолаушыларды тасымалдау саласында 5 немесе одан көп тәуелсіз ірі операторлар жұмыс істейді, Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдаудың көлемі екі есе артады
теміржол көлігі саласында Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдаудың көлемі екі еседен астам артады

2014 жылға қарай

жүк және жолаушылар тасымалы саласында жаңа тариф саясаты іске асырылады және магистральдық теміржол желісі қызметтерінің 10 жылға арналған шекті тарифтері бекітіледі

Автожол саласы және автомобиль көлігі

      Автожол саласын одан әрі дамыту институционалдық реформалар мен жолдарды күтіп ұстауды жетілдіруге және магистральдық инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз етуге бағытталған саланы одан әрі ырықтандыру жөніндегі шараларды үйлестіру арқылы қамтамасыз етіледі.
      2020 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары мен елді мекендерін өзара байланыстыратын қазіргі заманғы автожол желісі салынады. Бұл ретте жергілікті маңызы бар автожолдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Автожол саласы мен автомобиль көлігі саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

республикалық маңызы бар 16 мың км жуық автомобиль жолдары салынады және реконструкцияланады
Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау көлемі екі еседен астам артады

2016 жылға қарай

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі реконструкцияланады

2015 жылға қарай

республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының орта есеппен 85 %-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда
жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының орта есеппен 70 %-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда

2014 жылға қарай

халықаралық тасымалдауда цифрлы тахографтар енгізіледі
республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде ақылы жүйе енгізіледі

2013 жылға қарай

«Евро-3» экологиялық стандарттары енгізіледі

Әуе көлігі

      Азаматтық авиацияны дамыту әуе тасымалдауын реттеуді бірте-бірте ырықтандырумен, әуе тасымалдау инфрақұрылымын қолдауға инвестицияларды жүзеге асырумен, ұшу қауіпсіздігі мен әуе қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды жоғарылатумен сүйемелденеді.

Әуе көлігі саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

15 әуежай ИКАО санатына ие болады
әуе тасымалының бәсекелі нарығы құрылады
4 халықаралық әуежай – «хаб» жұмыс істейді
транзиттік тасымалдаулардың көлемі екі еседен астам артады

2015 жылға қарай

халықаралық әуе қатынастарының саны екі есе артады

Су көлігі

      Су көлігі саласын дамытудың басым бағыттары порт және қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту, сауда флотын қалыптастыру, кадрлық әлеуетті дамыту және кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Су көлігі саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

Қазақстанның теңіз порттарының өткізу қабілеті 48 млн. тоннаға дейін жеткізіледі

2016 жылға қарай

ұлттық теңіз сауда флоты Қазақстан Республикасының порттарынан Каспий теңізіне мұнай тасымалдау көлемінің 2/3 және құрғақ жүк тасымалдау көлемінің 1/2 қамтамасыз етеді

2015 жылға қарай

Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы мен ішкі су жолдарында кемелердің қауіпсіз жүзуі қамтамасыз етіледі

Телекоммуникация

      Соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (АКТ) қарқынды дамуы мен бейімделуі экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамдардың өмір сүру салтына да ықпал ете отырып, қоғамды жаңғыртудың басты факторларына айналып отыр. Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық кеңістікті қалыптастыру мақсатында телекоммуникация саласының дамуын ынталандыру, АКТ саласының заманауи инфрақұрылымын құру, телекоммуникациялық және электрондық қызметтерді тарату, сондай-ақ серпінді ақпараттық қоғамның негіздерін құру жалғасады.

Ақпараттық-коммуникация саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

жоғары жылдамдықты заманауи оптикалық және сымсыз технологияларға негізделетін, халыққа және ұйымдарға мультимедиалық қызметтер ұсынуға бағытталған телекоммуникация инфрақұрылымы қалыптасады
АКТ саласындағы базалық қызметтерге халықтың қол жетімділігінің 100 пайыздық деңгейі қамтамасыз етіледі
халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейі 80 %-ға дейін өседі

2016 жылға қарай

Қазақстан Республикасының бүкіл халқы үшін телефон байланысы мен Интернет желісіне қол жеткізу қызметтеріне қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі
Қазақстанның халқын цифрлық телерадио хабарларын таратумен қамту 95 % құрайды

2015 жылға қарай

жергілікті телефон байланысын цифрландырудың 100 пайыздық деңгейіне қол жеткізіледі
халық саны 1 000 адам және одан да көп болатын елді мекендердің барлығы ұялы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етіледі
салалық стандарттау деңгейі халықаралық нормаларға дейін жеткізіледі және Қазақстан Республикасында АКТ-ның дамуына ықпал ететін құқықтық негізі қалыптастырылады
халықтың компьютерлік сауаттылығы 54 %-ға дейін артады
«электронды үкімет» және «электронды әкімдіктер» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің кемінде 100 %-ын электронды нысанға көшіру қамтамасыз етіледі
Интернет желісінің қазақстандық сегментін мемлекеттік қолдау шараларының жүйесі құрылады

Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономикаға көшу

      Табиғи ресурстарды белсенді пайдалану Қазақстанның экономикалық дамуының өсуін қамтамасыз етті. Алайда, экономиканың өркендеуі азаматтарымыздың әл-ауқатына өз-өзінен кепiлдiк бере алмайды. Ресурстарды тұтыну олардың өндірісіне тепе-тең болмаған жағдайдағы тарихи қалыптасқан теңгерімсіздік Қазақстан Республикасының орнықты даму жолындағы аса маңызды проблема болып табылады.
      «Жасыл экономикаға» көшу – бұл әлемдегі экологиялық теңгерімділікті сақтаудың өткір және объективті қажеттілігі.
      Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі ретінде «жасыл» экономикаға көшу мәселесінде белсенді позицияны ұстанып отыр.
      «Жасыл көпір» бастамасы табиғатты сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сол сияқты экономикалық өсуді және технологиялық дамуды қамтамасыз етуге, яғни үйлестіру қиын талаптарды біріктіруге - экологиялық стандарттарды қолдауға және ұлттық экономика үшін өсудің жаңа нүктелеріне бір уақытта шығуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономикаға көшу саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) қайта өңдеу үлесі олардың түзілуіне қатысты 10 %-ға жетеді
өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу үлесі олардың түзілуіне қатысты 25 %-ға жетеді
энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу жөніндегі, парниктік газдар шығарындыларын қысқарту және ЖЭК үлесін ұлғайту жөнінде қабылданған шаралар есебінен парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бойынша ерікті міндеттемелерге базалық 1990 жылға қарағанда 15 % қол жеткізіледі
«Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы және Green4 жобасы Алматы маңындағы төрт серіктес – қала базасында тиімді іске асырылады
төмен көмірсутекті экономикаға көшу бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі

2015 жылға қарай

2011 жылмен салыстырғанда стационарлық көздерден атмосфераға шығатын ластаушы заттар шығарындыларының төмендеуі 1,7 % құрайды

Түйінді бағыт: болашаққа инвестициялар

      Адами ресурстардың дамуы елдің ұзақ мерзімді даму стратегияларының жоғарғы басымдығы ретінде айқындалады. Болашақтағы экономикалық пайда жұмыс күшінің сапасы мен өнімділігін елеулі түрде арттыратын білім беру мен денсаулық сақтауға инвестициялар салумен тығыз байланысты.
      Сондықтан келесі он жылдықта білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыруға ерекше мән берілетін болады. Халық санының, бірінші кезекте, оның табиғи өсімі мен ұтымды көші-қон саясатын жүргізу есебінен ұлғаюына зор көңіл бөлінеді.
      Отбасылық қолайсыздық пен әлеуметтік жетімдіктің, қараусыз және қадағалаусыз қалудың, құқық бұзушылық пен қылмыстың профилактикасы мен алдын алу мәселелерін кешенді түрде шешетін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесінің тиімділігі артады.
      Мемлекеттік жастар саясаты бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыруға бағытталады, ол қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңаруларға белсенді қатысады. Жас ұрпақпен өзара іс-қимыл жасаудың отансүйгіштік сана-сезімді, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, белсенді қоғамдық ұстаным мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға, кәсіпкерлік және инновациялық әлеуетті дамытуға, жас таланттарды табуға және қолдауға бағытталған тиімді үлгісі әзірленетін болады.

Білім беру

      2020 жылға қарай білім беру жүйесінің барлық деңгейлері – мектепке дейінгі білімнен жоғары білімге дейін түбегейлі жаңғыртылатын болады. Білім берудің әрбір деңгейінде білім алу, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті арттыру, адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білім мен дағдыларды алу мүмкіндіктері ұсынылады.
      Мемлекет тұратын жеріне және отбасының табысына қарамастан, барлық балаларға мектепке дейінгі тәрбиелеу беру және оқу мүмкіндіктерін ұсынатын болады.
      Орта білім беру жүйесінде оқытудың білім берудің 12 жылдық моделіне көшу жүзеге асырылады, ол он жыл ішінде жалпыға бірдей міндетті білім беруді және екі жыл ішінде бейінді білім беруді көздейді. Бұл ретте оқу бағдарламаларының мазмұны өмірде және кәсіпте қажетті құзыреттерді дамытуға бағытталатын болады.
      «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін түйінді жобалардың біріне айналады. Бұл мектептер бала-бақшалар мен мектеп алдындағы даярлық үшін оқу-тәрбие бағдарламаларын, сондай-ақ 12 жылдық оқытудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу, енгізу және сынау жөніндегі бастапқы алаңдар болып табылады. Бұл бағдарламалар қазақстандық білім берудің озық дәстүрлері мен әлемдік педагогикалық тәжірибенің озық үлгісімен үндеседі, физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттағы пәндер бойынша бағдарлануды көздейді, тілдерді кеңінен зерделеуге ықпал ететін болады.
      Білікті кадрларды даярлау елді индустрияландыру жөніндегі жоспарлармен байланыстырылатын болады. Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беруде заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін жүйеге көшу жүзеге асырылады, ал білім беру стандарттары ұлттық біліктілік жүйесі арқылы кәсіптік стандарттармен қалыптасатын болады.
      Орта, техникалық, кәсіптік және жоғары білім беруде электронды оқыту жүйесі (e-learning) енгізіледі.
      Жоғары оқу орындарына корпоративтік менеджмент қағидаттарын енгізе отырып, академиялық еркіндік берілетін болады.
      Білім берудегі маңызды жобалардың бірі Астана қаласында әлемдік деңгейдегі беделді жоғары оқу орны – «Назарбаев Университетін» құру болып табылады. Бұл университет Қазақстанның ұлттық брендіне айналып, отандық инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауда және қазіргі заманғы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруда сапалы серпінді қамтамасыз ететін.
      Университеттің құрамына кіретін әрбір мектептің (институттың) тиісті бейіндегі жетекші жоғары оқу орындары арасынан шетелдік академиялық әріптесі, білімді, ғылым мен өндірісті ықпалдастыруды қамтамасыз ететін мықты ғылыми және өндірістік базасы болады.
      Университет бағдарламасының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасының мектепке дейінгі және орта білім берудің оқу бағдарламаларымен сабақтастығы қамтамасыз етіледі.
      Білім беру қызметтерінің сапасын арттыру білім беруді қаржыландыру жүйесін жақсартумен, үкіметтік емес, коммерциялық емес агенттіктерді енгізу есебінен білім беру жүйесінің инфрақұрылымын кеңейтумен, халықаралық стандарттар бойынша оқу орындарын аккредиттеудің тәуелсіз ұлттық жүйесін және тәуелсіз рейтингтерді құрумен, оқу орындарына бірлесіп басқару элементтерін енгізумен, оның ішінде осы процеске азаматтарды тартумен, білім беру сапасын бақылау тетіктерін жетілдірумен сүйемелденетін болады. Қомақты мемлекеттік қолдаудың арқасында ұстаз мамандығының беделі айтарлықтай артады.
      Мемлекет денсаулығы бұзылған, аз қамтамасыз етілген отбасылардағы және тәуекел топтарына жататын балалар үшін білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

мемлекет қалаларда да, ауылдық жерлерде де балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен толықтай қамту үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді

2015 жылға қарай

әрбір елді мекенде кем дегенде бір мектепке дейінгі ұйым бар немесе мектепке дейінгі тәрбиелеудің басқа нысандарын жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалады
мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту қызметтерін жеке жеткізушілерді дамытуды ынталандыратын жағдайлар жасалатын болады
мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен 70 пайыздық қамтуды қамтамасыз ететін мемлекеттік және жеке меншік бала бақшалар желісі дамиды
өңірлердің ерекшеліктеріне байланысты мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың алуан түрлі модельдері жұмыс істейді және дамиды

Орта білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

жалпы білім беретін мектеп білімді, жоғары өнегелі, сыншыл ойлайтын, денесі де, рухани жағынан да дамыған, өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа ұмтылатын азаматты қалыптастыруға ықпал ететін академиялық білім беріп, дағдыларды дамытады
қазақстандық жалпы білім беретін мектеп оқушылары PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық салыстырмалы зерттеулерде жоғары нәтижелерге жетеді

2015 жылға қарай

жалпы білім беретін мектептер оқытудың 12 жылдық моделі бойынша, орта білім берудің жаңартылған ұлттық стандарттары, оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша жұмыс істейді
орта мектептерді жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді, мектептердің қамқоршылық кеңестері жұмыс істейді
Қазақстанның барлық өңірлерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы шеңберінде 20 мектеп жұмыс істейді

Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

әлемдік білім беру кеңістігіне біріктірілген техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесі жұмыс істейді
ішкі және сыртқы еңбек нарықтары танитын Ұлттық біліктілік жүйесі енгізіледі
жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің білімдері мен дағдыларының жоғары сапасын мойындайды

2015 жылға қарай

еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін техникалық және кәсіптік білім берудің стандарттары, оқу жоспарлары/бағдарламалары жаңартылады
жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және кадрлар даярлау жөніндегі салалық және өңірлік кеңестердің жұмысына қатысады
жасына, білім деңгейіне және кәсіптік біліктілігіне қарамастан, бүкіл өмір бойы оқу үшін жағдайлар жасалады

Жоғары, жоғары оқу орнынан кейін білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

Қазақстанның жоғары білім беру сапасы білім беру саласындағы әлемнің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес келеді
кемінде, Қазақстанның екі ЖОО әлемдік үздік университеттер рейтингіне енгізіледі
отандық жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие болады

2015 жылға қарай

Қазақстанның жоғары мектебі Болон процесінің негізгі параметрлеріне сәйкес тиімді әрі табысты жұмыс істейді
жоғары білім беру жүйесі барлық деңгейде транспарентті, басқару мен қаржыландырудың қазіргі заманғы тетіктері енгізілген, сыбайлас жемқорлық деңгейі айтарлықтай азайтылады
қазақстандық ЖОО-лардың 50 %-ы халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық институционалдық аккредиттеуден өтеді
университеттер жанындағы зерттеу орталықтары технологиялардың сәтті трансферті үшін тетіктер әзірлейді
«Назарбаев университеті» біліктілігі жоғары мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады

Денсаулық сақтау

      Адами капиталдың сапасын арттыру мақсатында медициналық көмек көрсетуді жақсартуға және саламатты өмір салтын ұстануға уәждеме қалыптастыруға бағытталған азаматтардың денсаулығын нығайту саясаты жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

халықтың өмір сүруінің межеленген ұзақтығы 72 жылға дейін өседі
аналар өлімі 2 есе азаяды
сәбилер өлімі 2 есе азаяды
жалпы өлім 30 %-ға азаяды
туберкулезбен ауыру 20 %-ға азаяды

2015 жылға қарай

халықтың өмір сүруінің межеленген ұзақтығы 70 жылға дейін өседі
аналар өлімі 1,5 есе азаяды
сәбилер өлімі 1,5 есе азаяды
жалпы өлім 15 %-ға азаяды
туберкулезбен ауыру 10 %-ға азаяды

      Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру денсаулық сақтау жүйесінің бірінші кезекті міндеті болады. Бұл үшін мемлекеттік медициналық ұйымдарды басқару және денсаулық сақтау жүйесінде инвестициялық саясат жүргізу тәсілдері қайта қаралады, нәтижелерге бағдарланған медициналық қызметтерге ақы төлеу және қаржыландыру жүйесі енгізіледі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапалы жүйесі құрылады.
      Салауатты өмір салтын ұстану және өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидаты денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың да, сондай-ақ халықтың күнделікті өмірінің де ажырамас бөлігі болады. Бұл темекі тарту, алкогольді шектен тыс пайдалану, стресс, дене қимылы белсенділігінің төмен болуы және дұрыс тамақтанбау салдарынан ауруларға шалдығуды қысқартуға мүмкіндік береді. Адамның зиянды әдеттеріне қарсы күрестің тиімді құралдарының бірі елдегі бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын дамыту болады.

Денсаулық сақтаудағы қаржыландыру және басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

денсаулық сақтауды қаржыландырудың және медициналық қызметтерге ақы төлеудің тиімді жүйесі құрылады
денсаулық сақтауды басқарудың халықаралық стандарттарға сай келетін жүйесі құрылады
азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін арттырудың жаңа тетіктері енгізіледі

2015 жылға қарай

дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау жүйесі енгізіледі
республика азаматтары үшін тұратын жеріне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық қызметтерді алуда тең жағдайлар жасалады
халықтың жеке бейресми төлемдерінің деңгейі төмендейді және қолданыстағы ТМККК жүйесімен қатар тең төлеу тетігі енгізіледі
денсаулыққа салынған инвестициялардың тиімділігін бағалау жүйесі әзірленеді
тиімді тарифтік саясат енгізіледі

Медициналық қызметтер көрсетуді жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

медициналық-санитариялық алғашқы көмекке (МСАК) жұмсалатын шығыстар деңгейі ТМККК-ге бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 40 %-ға дейін жеткізіледі
стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары жұмысының негізгі көрсеткіштері (төсек айналымы, болудың орташа ұзақтығы және т.б.) тиімділіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді

2015 жылға қарай

МСАК шеңберінде медициналық қызметтердің 30 %-ын жалпы практикасы бар дәрігерлер көрсетеді
стационарлық көмек негізінен көп бейінді ауруханаларда көрсетіледі

Дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттар     

2020 жылға қарай

ТМККК шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі енгізіледі

2015 жылға қарай

ТМККК көрсету үшін қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға қолжетімділік, әсіресе ауылдық жерлерде арттырылады
ТМККК шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медицина техникасының бағаларына мемлекеттік реттеу енгізіледі

Саламатты өмір салты саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыру идеологиясы қалыптасады
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамту 30 %-ға дейін ұлғаяды
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдерді қамту 15 %-ға дейін ұлғаяды

2015 жылға қарай

дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамту 25 %-ға дейін ұлғаяды
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдерді қамту 12 %-ға дейін ұлғаяды
халық арасында темекі тарту, нашақорлық және алкогольді шамадан тыс пайдалану 15 %-ға азаяды

Мәдениет және ақпарат

      Мәдениет – әлеуметтік жаңғыртудың қазіргі заманғы адамның қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін маңызды құрауышы. Ел болашағының ментальдық, дүниетанымдық моделін жобалауда оған айрықша рөл берілген. Қазақстан мәдениеті елдің барлық азаматтары үшін отансүйгіштіктің өзегіне айналады, бейбітшілік пен келісімнің жалпыұлттық құндылықтарын нығайтуда оның рөлі мен маңызы күшейтілетін болады.
      Мемлекет мәдениет саласын ақпараттандыру, көркем өнер шығармашылығы мен инновациялық қызмет үшін жағдайлар жасау, халықтың мәдени құндылықтарға қол жеткізуін кеңейту және әлемдік мәдениет процесіне ықпалдасу бойынша белсенді шаралар қабылдайды. Қазақстан мәдениеті дүниежүзінің әртүрлі халықтарының мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылатын болады.
      Мемлекеттің тиімді ақпараттық саясат жүргізуі үшін мамандандырылған коммуникативтік стратегия әзірленеді және іске асырылады, елде сапалы контент-индустрияны құру процесі аяқталады. Ең жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, Қазақстан туралы жаһандық ақпаратты ілгерілету жұмысы жалғастырылатын болады.

Мәдениет және ақпарат саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

бәсекеге қабілетті отандық мәдени өнім жаңа қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыруға, ұлттық бірлікті нығайтуға және «еңбек адамы» бейнесін дамытуға бағытталады
қазақтың және жалпы Қазақстанның мәдени мұрасы ақпаратты жылжытудың ең жаңа технологиялары арқылы жаһандық кеңістікке ықпалдасады
мәдени құндылықтар мен зияткерлік ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық нысандары дамиды, Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қоры кеңейтіледі
өңіраралық мәдени алмасу кеңейеді, ел өңірлерінің арасында мәдениет күндері үнемі өткізіледі
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сәтті іске асырылады
қазақ тілін латын графикасына көшіруге дайындық жұмыстары аяқталады
аударма саласы нығайтылады, қазақ тіліндегі заманауи шығармаларды шетел тілдеріне, сондай-ақ шетелдік авторлардың әйгілі шығармаларын қазақ тіліне аудару қамтамасыз етіледі
«Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы тиімді іске асырылады
бәсекеге қабілетті отандық ақпараттық кеңістік құрылады, отандық БАҚ-қа ауқымды жаңғырту жүргізіледі

2017 жылға қарай

қазақстандық мәдениет EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу шеңберінде сәтті таныстырылады

Еңбек ресурстары

      Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды іске асыру қажетті дағдысы бар еңбек ресурстарын ұлғайтуды талап етеді. Олардың ұзақ мерзімді өсуі халық санының өсуімен қамтамасыз етілетін болады. Халықтың табиғи өсімі мен көші-қонның жағымды сальдосының ұлғаюы демографиялық көрсеткіштерді жақсартады.
      Білім беру мен денсаулық сақтаудағы қайта құрулардан басқа, мемлекеттің ерекше назары қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, елге білікті мамандардың, оның ішінде тарихи отанына қайтып келгісі келетін отандастардың келуіне ықпал ететін көші-қон процестерін ұтымды басқаруға және экономиканың дамуына өз үлесін қосуына бөлінетін болады.
      Мемлекет еңбек ресурстарының экономиканың заңды секторына өтуі үшін қосымша ынталандыруларды қалыптастырады.

Еңбек ресурстарының санын ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

Қазақстан халқы санының өсуі кемінде 10 %-ды құрайтын болады
шетелдік жұмыс күшін тартудың мемлекеттік квотасы шеңберінде көшіп келушілер арасындағы білікті мамандар санының 50 %-ға дейін өсуі қамтамасыз етіледі
еңбекке қабілетті жастағы этникалық репатрианттардың 80 %-ын жұмысқа орналастыру үшін жағдайлар жасалады

2015 жылға қарай

шетелдік жұмыс күшін тартуға мемлекеттік рұқсаттарды, оның ішінде маусымдық рұқсаттарды берудің икемді жүйесі енгізіледі
еңбекке қабілетті жастағы этникалық репатрианттардың 40 %-ын жұмысқа орналастыру үшін жағдайлар жасалады

Түйінді бағыт: азаматтарға қызметтер көрсету

      Мемлекет азаматтардың мұқтаж санаттарын әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құруды жалғастырады, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің – электрмен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, сумен жабдықтаудың, су бұрудың (кәріз), газбен жабдықтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
      Әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді көрсету мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлерінде мемлекеттік органдардың қызметін айтарлықтай үйлестіруді және қызметтердің белгіленген стандарттарға сәйкес көрсетілуі үшін жауаптылықты арттыруды талап етеді.

Халықты әлеуметтік қорғау

      Әлеуметтік орнықтылықты нығайту мақсатында атаулылықты және масыл болуды жоятын тиімділікке негізделген әлеуметтік қорғау жүйесін құру жалғастырылады.
      Әлеуметтік қамтамасыз етудің көп сатылы жүйесі осы заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір сүру деңгейіне сәйкес болады. Базалық әлеуметтік төлемдерді көтеру, зейнетақы төлемдерін сатылы түрде көтеру, халықты әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту егде жастағы адамдар, мүгедектер, асыраушысынан айырылған адамдар және әлеуметтік қамсыздандыруға мұқтаж өзге де азаматтар үшін лайықты тұрмыс жағдайларын қамтамасыз етеді.
      Атаулы әлеуметтік көмек және халықтың осал санаттарын қолдау жүйесінің одан әрі дамуы әлеуметтік тәуекелдерді төмендетуге және кедейлікті белсенді еңсеру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталатын болады. Осыған байланысты өнімді жұмыспен қамтуды ынталандыруға, еңбекке қабілетті халықтың жұмыспен қамтылуының жалпы деңгейін арттыруға және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған шаралар кешені іске асырылатын болады.
      Әлеуметтік қызмет көрсету саласының кеңеюіне елеулі мән берілетін болады. Мемлекеттік стандарттарды енгізу мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру, бәсекелес ортаны дамыту және азаматтық қоғамның мүмкіндігін кеңінен пайдалану мұқтаж адамдардың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

жұмыссыздық деңгейі 5 %-дан аспайды
жұмыспен қамтамасыз етілген халықтың арасында жоғары білікті жұмыс күшінің үлес салмағы 50 %-ға дейін өседі
ірі және орта кәсіпорындарды ұжымдық-еңбек қатынастары жүйесімен 90-95 пайыздық қамту қамтамасыз етіледі

2015 жылға қарай

жұмыссыздық деңгейі 5,5 %-ға дейін қысқарады
еңбек ресурстарын кәсіптік даярлаудың үш сатылы жүйесі енгізіледі
жұмыспен қамту органдарына көмек сұрап келген адамдардың кемінде 70 %-ы жұмысқа орналастырылады

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

зейнетақы жүйесінің барлық деңгейлерінде зейнетақының барабар және әлеуметтік әділ деңгейі қамтамасыз етіледі
жинақтаушы зейнетақы жүйесімен жалдамалы қызметкерлердің 100 пайызын және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың 40 пайызын қамтуға қол жеткізіледі

2015 жылға қарай

базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 60 %-дық деңгейіне дейін жеткізіледі
мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2010 жылғы деңгейге қатысты кемінде 1,2 есе ұлғаяды
жинақтаушы зейнетақы қорыларының нақты оң кірістілігі қамтамасыз етіледі

Әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 %-ға дейін төмендейді
әлеуметтік көмек көрсетудің шекті деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 100 %-ына дейін көтеріледі
арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік стандарттары енгізіледі

2015 жылға қарай

атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің шекті деңгейі өмір сүрудің ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 60 %-ына дейін көтеріледі
атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке қабілетті халықтың үлес салмағы 30 %-ға дейін төмендейді
мемлекет кепілдік берген арнайы әлеуметтік қызметтер заңнамалық белгіленген көлемде ұсынылады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

      Коммуналдық қызметтердің сапалы ұсынылуы және тұрғын үй қатынастарын жетілдірушы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында ынталандырушы нарықтық жағдайлар жасау және азаматтардың, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді көрсетушілердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың құқықтары мен жауапкершілігін айқын бөле отырып, олардың тиімді өзара іс-қимыл жасасуы жолымен қамтамасыз етіледі.
      ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту үлестік пайдалану шығындарының төмендеуімен, ресурстар үнемдейтін технологияларды енгізумен, табиғи монополиялар субъектілерінің нормативтен жоғары шығындарын жоюға және нормативтік шығындарын қысқартуға мүмкіндік беретін тарифтік реттеудің тиімділігін арттырумен қатар жүреді.
      ТКШ саласындағы мемлекеттік инвестициялар экономикалық негіздеу, осы заманғы ресурс үнемдеуші технологияларды және корпоративтік басқару стандарттарын енгізу жөніндегі талаптарды қамтитын инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Жергілікті бюджеттен бірлесе қаржыландыру инвестициялық жобаларды іске асырудың міндетті шартына айналады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

тұтынушыға тасымалдау кезінде нормативтік ысырап деңгейі жылу энергиясына – 17 %, суға – 15 % және электр энергиясына – 12 % құрайды
орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу ауылдық жерлерде ауылдық елді мекендердің жалпы санының 80 %-ын, шағын қалаларда – 100 %-ын құрайды
елдің әр өңіріндегі тұтынушылардың кемінде 70 %-ы коммуналдық қызмет көрсету сапасына қанағаттанады

2015 жылға қарай

тұтынушыға тасымалдау кезінде нормативтік шығындар деңгейі жылу энергиясына – 20 %, суға – 19 % және электр энергиясына – 15 % құрайды
орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу ауылдық жерлерде ауылдық елді мекендердің жалпы санының 50 %-ын, шағын қалаларда – 70 %-ын құрайды
елдің әр өңіріндегі тұтынушылардың кемінде 50 %-ы коммуналдық қызмет көрсету сапасына қанағаттанады
кондоминиум объектілерін басқару органдары тұрғын үй қорын нормативтік пайдалануды дербес қамтамасыз етеді
мемлекет ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жобаларға нысаналы қарыздар береді
коммуналдық сектор кәсіпорындарында менеджменттің осы заманғы әдістерін енгізу қамтамасыз етіледі

Түйінді бағыт: ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету

      Ішкі саяси тұрақтылықты және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстанның тәуелсіз егемен мемлекет ретіндегі дамуының аса маңызды шарты болып табылады. 2020 жылға дейінгі кезеңде негізгі күш-жігер мемлекеттің одан әрі нығаюы мен дамуына, ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қолайсыздықтарды бейтараптандыруға, қолайлы сыртқы ортаны қалыптастыруға шоғырландырылатын болады.
      Ішкі саяси салада 2020 жылға дейінгі кезеңде бейбітшілік пен келісімді, Қазақстан қоғамының орнықтылығы мен тұрақтылығын сақтау негізгі мақсаттар болып қала береді. Мемлекеттің сыртқы саясаты әлемдік аренада ұлттық мүдделерді қарқынды ілгерілетуге, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қолдауға және елдің халықаралық беделін нығайтуға бағытталатын болады.

Ішкі тұрақтылықты қолдау

      2020 жылға дейін «Қазақстан-2030» стратегиясының ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның шоғырлануын қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді басымдығын іске асыру шеңберінде саяси жүйені одан әрі жаңғырту, этникалық және діни келіспеушіліктердің алдын алу, республиканың барлық азаматтары үшін мүмкіндіктердің теңдігіне негізделген Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады.
      Белгіленген экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге кол жеткізу Қазақстан қоғамының бірлігі мен ынтымағын талап етеді. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы қазақстандық қоғамның шоғырлану процесінің басты құралына айналады.
      Қоғамның шоғырлануына, отансүйгіштік сезімнің нығаюына және жалпыұлттық идеялар мен бірыңғай құндылықтар негізінде қазақстандықтардың ерекшелігін қалыптастыруға ықпалын тигізетін теңдестірілген ұлттық саясатты іске асыру бойынша бірегей және тиімділігі жоғары институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы одан әрі дамитын болады.

Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

діни сенім бостандығына құқықтарды одан әрі іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады
этносаралық және конфессияаралық қақтығыстардың профилактикасы мен ерте алдын алудың тиімді жүйесі құрылады

      Саяси жүйені жаңғырту жалғасатын болады. 2020 жылға қарай Қазақстанда өкілдік биліктің мәні арта түседі, саяси партиялардың рөлі мен жауапкершілігі артады, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жүйесі тиімді жұмыс істейтін болады. Демократиялық институттар мен азаматтық қоғамның құрылымдары егемен Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесінің үйлесімді элементтеріне айналады.
      Гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты сапалы қамтамасыз етудің нысандары мен әдістері жетілдіріледі.

Саяси жүйені одан әрі жаңғырту саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

елдің саяси жүйесін жаңғырту аяқталады, оның табысты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады
таңдаулы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жергілікті өзін-өзі басқарудың және азаматтық қоғамның тиімді институттары құрылады
заманауи, тиімді әрі ашық сайлау және партия жүйелері қалыптастырылады, өкілетті биліктің рөлі күшейеді
мемлекет пен азаматтық қоғамның, билік пен бизнестің, билік пен оппозицияның сындарлы диалогының тетіктері жолға қойылады
Қазақстан Республикасының саяси элитасын қалыптастырудың тиімді жүйесі құрылады, мемлекеттік қызмет өз қатарында Қазақстан халқының таңдаулы өкілдерін шоғырландырады
гендерлік теңдік нығайтылады

Ұлттық қауіпсіздік

      Ұлттық қауіпсіздік жүйесі сындарлы әрі қауіпсіз сыртқы және ішкі ортаны қалыптастыру бойынша белсенді іс-қимылдарға, елдің орнықты дамуы мен Қазақстанның мүдделерін өңірде және әлемде кешенді ілгерілету үшін қолда бар және әлеуетті мүмкіндіктерді пайдалануға бағдарланатын болады. Туындайтын қауіптерді алдын ала айқындау мен жою ұлттық қауіпсіздіктің негізіне алынатын болады.
      Халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, халықаралық есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатын болады. Есірткі трафигі мен заңсыз көші-қонның жолын кесуді қоса алғанда, Ауғанстанмен байланысты проблемалар кешенін шешуге қатысу қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында орта мерзімді перспективаға арналған маңызды басымдық болып қала береді.
      Жаңа қатерлер мен қыр көрсетулерді уақтылы анықтауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын әзірлеуге мүмкіндік беретін болжамдық-талдау жұмысының тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі жүйесінің өзгеруінің аса маңызды бағыттарының біріне айналады.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

мемлекеттің әлеуетті қатерлерге барабар қарсы тұруға қабілетті сенімді қорғаныс қабілеті қамтамасыз етіледі
Қазақстан шекарасының периметрі бойынша тәуекелдер барынша азайтылады, өңірде аумақтық және шаруашылық даулардың туындау себептері жойылады
адам мен қоғамның қауіпсіздігі, азаматтардың конституциялық құқықтарының мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етіледі
әлемдегі сапалық жаңа сауда-қаржылық жағдайларда елдің экономикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, бәсекеге қабілетті отандық ақпараттық кеңістік құрылады
экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, тәуекелдерді азайту және техногендік авариялардан, апаттардан, дүлей зілзалалардан болатын зардаптарды барынша азайту бойынша жағдайлар жасалады
ұлттық қауіпсіздіктің демократиялық және ашық доктринасы негізінде халықаралық қауіпсіздік жүйесімен біріктірілген (ұлттық мүддені ескере отырып) ұлттық қауіпсіздіктің тұтас және тиімді жүйесі қалыптастырылады

Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат

      Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған сыртқы саяси бағыты Сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделетін болады. Ұлттық мүдделерді, елдің халықаралық беделін арттыруды және ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған алдын ала белсенді, кешенді және теңгерімді сыртқы саясат жүргізілетін болады.
      Мыналар Қазақстанның ұзақ мерзімді басымдықтары болып табылады: елдің дамуы мен оның осы заманғы әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қолайлы сыртқы ортаны қалыптастыру және қолдау; Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау; шет елдерде Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, мүдделерін қорғау; Қазақстан Республикасының жағымды бейнесін және әлемде осы заманғы нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі, ашық және төзімді қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекет ретінде қабылдануын қалыптастыру; халықаралық аренада елдің экономикалық мүддесін қорғау; бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық ұйымдар мен форумдарға белсенді қатысу.
      Халықаралық қатынастардың жаңа сәулетін және әлемдік сауда-қаржы жүйесінің сұлбасын қалыптастыру кезінде Қазақстанның жаһандық шешімдерді қабылдау процестеріне қатысуы үшін жағдайлар жасаудың ерекше мәні бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттіктен жоғары резервтік валюталарды қалыптастыру туралы мәселеде өз мүддесін тиянақты ілгерілететін және белсенді қорғайтын болады. Осы іс-қимылдың нәтижелілігі көп жағдайларда Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларды табысты іске асыруына, ел экономикасының дағдарыстан кейінгі және орнықты даму бағытына шығу қарқынына, инновациялық және әртараптандырылған экономиканы құру саласындағы нақты жетістіктерге байланысты болады.
      Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және Шанхай ынтымақтастық ұйымының ықпалды мүшесі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы бола отырып, ұжымдық қауіпсіздіктің қазіргі жүйелері арасында стратегиялық диалогты құруға белсенді қатысатын болады. Қазақстан жанталаса қарулануды болдырмау, халықаралық қауымдастықтың ядролық қарусыздану және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режимін нығайту саласындағы күш-жігерін қолдауға арналған өзін ақтаған бағытты жалғастырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының беделді халықаралық ұйымдардағы (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Конференциясы Ұйымы және басқалары) төрағалығы шеңберіндегі мүмкіндіктері барынша іске қосылатын болады.
      Қазақстанның саясаты Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, ислам және христиан әлемдерімен көпір ретіндегі өз рөлін нығайтуға бағытталған өркениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайту бойынша күш-жігерін жалғастыратын болады. Төзімділіктің қазақстандық үлгісі халықаралық аренада кеңінен танылатын болады және басқа да елдердің практикасында қолданылатын болады.
      Қазақстан өзінің бірегей географиялық орналасуын және әлемдік және өңіраралық көлік коммуникациялары жүйесіндегі қайталанбайтын рөлін барынша тиімді пайдаланатын болады. Қазақстанның әлемдік энергетикалық, экологиялық және азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі айтарлықтай арта түседі. Қазақстан халықаралық еңбек бөлінісінде лайықты орнын алады және Дүниежүзілік сауда ұйымының қатысушысы болады.
      Қазақстан Орталық Азияда, Еуразия кеңістігінде әр жылдамдықтағы және көпдеңгейлі интеграциялауды күшейтуге арналған бағытын жалғастырады. Қазақстан Ресеймен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық және Кеден одағының орнықты өзегін құрайтын болады.

Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат саласындағы стратегиялық мақсаттар

2020 жылға қарай

қолайлы халықаралық орта қалыптастырылады, барлық мемлекеттермен тең құқықты ынтымақтастықтың достық қатынастарына қолдау көрсетіледі
ұлттық экономиканы әртараптандыру негізінде Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының жоғары деңгейіне қол жеткізіледі
өңір мемлекеттерінің саяси және экономикалық интеграциясы үшін жағдайлар мен алғышарттар қамтамасыз етіледі
Қазақстан өңірлік қауіпсіздіктің және саяси-экономикалық ынтымақтастықтың тиімді жүйесінің басты қатысушысы болып табылады
Қазақстан жетекші халықаралық және өңірлік қаржылық және саяси құрылымдардың басшы органдарында өкілдік етеді
Қазақстан халықаралық қатынастардың белсенді субьектісі болып табылады және әлемдік саясат үшін маңызды мәні бар шешімдерді қабылдауға қатысады

».

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi                                 Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады