"Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы № 71 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 сәуірдегі № 428 қаулысы. Күші жойылды – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 901 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 901 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы № 71 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 2, 31-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану қағидалары мен шарттарын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану қағидалары мен шарттары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 сәуірдегі
№ 428 қаулысымен
бекітілген

Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану
қағидалары мен шарттары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және автомобиль жолдарын басқару жөніндегі заңды тұлғаларға және/немесе концессионерлерге пайдалануға берілген Қазақстан Республикасының ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда Заңда көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) көпір өткелі – көпірді, көпірге кіреберісті, реттеу және қорғау құрылыстарын қамтитын, су кедергілерін еңсеруге арналған инженерлік құрылыстар кешені;

      2) ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану – ақылы автомобиль жолдары және көпір өткелдері бойынша автокөлік құралдарының белгіленген жүктемелерімен, габариттерімен үздіксіз, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде олардың көліктік-пайдалану жай-күйін ұстау;

      3) автомобиль жолдарын басқару жөніндегі заңды тұлға (бұдан әрі – заңды тұлға) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі және қызметінің мәні жол қызметін жүзеге асыру болып табылатын акционерлік қоғам;

      4) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.

2. Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану
тәртібі мен шарттары

      3. Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жөндеу мен күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды заңды тұлғаның және/немесе концессионердің уақтылы қамтамасыз етуін көздейді.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ақылы автомобиль жолдары сенімгерлік басқару және пайдалану үшін берілген заңды тұлға және/немесе концессионер ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін тиісті пайдалану мақсатында:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) қысқы кезеңде ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін қардан тазартуды қамтамасыз етеді және жамылғының тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;

      3) көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүріп өтуін және табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларының себептері бойынша туындаған жол-көлік оқиғалары келтірген зиянды өтеу жөніндегі шараларды қабылдайды;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің фитосанитариялық жай-күйін қамтамасыз етеді;

      6) автомобиль жолдарының бойында қорғаныш екпелерін күтіп-ұстайды;

      7) жол органдарымен келісім бойынша, жол полициясы бөлімшелерімен және төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, шұғыл жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климаттық жағдайлар, дүлей апаттар, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабілетінің жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде бұл жөнінде жергілікті атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиісті жол белгілерін қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлік құралдары қозғалысын шектейді немесе тоқтатады;

      8) дүлей метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жояды;

      9) жол полициясы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдайды, олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;

      10) көлік қозғалысының жоғары, қауіпсіз жылдамдығын қамтамасыз ету арқылы жүріп өтудің жоғары сапасын және оның бүкіл өн бойында жоғары сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді;

      11) жол қозғалысына қатысушыларды құтқару, жол-көлік оқиғалары, авариялар, дүлей апаттар жағдайларында оларға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайды;

      12) жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тергеуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ егер жол-көлік оқиғасы ілеспе жол жағдайлары бойынша болса, қызметтік тексеру жүргізеді;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсетеді;

      14) жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын (қоршаулар, жол белгілері, жолды белгілеу, бағыттайтын құрылғылар, жарықтандыру желілері, бағдаршамдар, қозғалысты автоматтандырылған басқару жүйелері) орнату мен жөндеуді қамтамасыз етеді;

      15) қажетті ақпараттық-коммуникациялық желілерге қосу арқылы автокөлік құралдары қозғалысының мониторингі үшін өлшеу құрылғыларын, жабдықтарды орнатуды және бағдарламалық қамтуды қамтамасыз етеді;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы автомобиль жолдары бойынша жүріп өткені үшін ақыны алуды қамтамасыз етеді.

      5. Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылады.

      6. Автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізу мақсатында оларды визуалды тексеру күн сайын жүзеге асырылады.

      7. Ақылы автомобиль жолдарының және көпір өткелдерінің пайдаланылуын бақылауды автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады