"Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 мамырдағы № 561 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      «Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                      С. Ахметов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы бекiтiлсiн.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы « »   
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

      Кіріспе
      1. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатының пайымы.
      2. Қазақстан Республикасында жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізге қағидаттары мен тәсілдері.
      3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.

Кіріспе

      Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді, онда: «Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз» деп атап өтілген.
      Жаңа экономикалық бағыт, елдің орнықты дамуына төнетін қауіптер мен қыр көрсетулер мемлекеттік экономикалық саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойылған міндеттерін іске асыру құралы болып табылатын бюджет саясатын қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін өзгертуді талап етеді.
      Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 5-тармағына сәйкес бюджет ресурстарын мүмкіндіктер шегінде пайдалануға және бюджеттің тапшылығын азайтуға, үнемді және ойластырылған бюджеттік-қаржылық процесті қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын және Ұлттық қор қаражатын іріктеудің қатаң жүйесін қолдана отырып, ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан өнімді стратегиялық жалпыұлттық жобаларға инвестициялауға бағытталған Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын қабылдау тапсырылды.
      Осы Тұжырымдама 2020 жылға дейінгі бюджет саясатының пайымын, оны қалыптастырудың негізгі тәсілдері мен бағыттарын айқындайды және ол мемлекеттік қаржы саласында реформалар жүргізудің кешенділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

1. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатының пайымы

Ағымдағы жағдайды талдау

      Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда мемлекеттік қаржыны басқарудың қазіргі заманғы жүйесінің негізі қалыптасты.
      Нарықтық экономиканың шарттары мен талаптарына жауап беретін мемлекеттік қаржы жүйесі, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік билік органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз етудің заңнамалық негіздері жасалды.
      Бағдарламалық бюджеттеу мен шығыстардың бағдарламалық сыныптамасы енгізілді.
      Табыс көздері республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлініп, тұрақты негізде бекітілген.
      Макроэкономикалық тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыру 1998 жылдан бері бейинфляциялық көздерге ауысты.
      Келешек ұрпақ үшін мұнайдан түскен кірістерді жинақтау арқылы қаржы ресурстарын жинау, сондай-ақ республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға тәуелділігін азайту мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) құрылуы Қазақстанның бюджет жүйесіндегі маңызды реформаға айналды. Ұлттық қор елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты ұстаудың маңызды құралы болды.
      2004 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Бюджет кодексі қабылданды, онда бюджет жүйесіндегі заңнаманың қолданыстағы нормалары жүйеленіп, реттелді.
      Экономикалық, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету мақсатында орталық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттік басқару деңгейлерінiң арасында, оның ішінде бюджет жүйесінде, өкілеттіктердің аражігін ажырату жүргізілді.
      Республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы бюджетаралық қатынастардың тұрақтылығы үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін заңнамалық түрде айқындау жолымен қамтамасыз етілді.
      2007 жылы корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есеп берушілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін қалыптастыру жұмысы басталды. Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың тұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында 2007 жылғы желтоқсанда нәтижелерге бағдарланған Мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама бекітілді.
      2008 жылы Тұжырымдама негізінде нәтижеге бағдарланған бюджеттеуге көшудің заңнамалық негізін қалаған Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексі қабылданды.
      Бір жылға арналған бюджеттік жоспарлауды үш жылдық бюджетке ауыстыру жүзеге асырылды, ол мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделінің негізіне айналды.
      Осылайша, тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда бюджет қаражатын басқарудың қазіргі заманғы жүйесінің негізі қалыптасты. Бюджеттік құқықтық қатынастарды реттеудің тұтас жүйесі құрылды, бюджет жүйесінің бірыңғай қағидаттары белгіленді, мұнайдан түскен кірісті жинақтау тетігі енгізілді, бюджетаралық қатынастардың жүйесі құрылды.
      Сонымен қатар, бюджет саясатын қалыптастыруда орта және ұзақ мерзімді кезеңде оның тиімділігіне келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін проблемалар мен теріс үрдістер орын алуда.
      Бірнеше жылдар бойы мемлекет міндеттемелерінің ұлғаю үрдісі байқалып отыр, «бюджеттік масылдық» күшейіп келеді. Мемлекеттік бюджет шығыстарының жалпы көлеміндегі ағымдағы шығыстар 2005 жылғы 59,6 %-дан 2013 жылы 81,1 %-ға дейін өсті.
      Жыл сайын ағымдағы шығыстар мен мемлекеттік бюджеттен тұрғын үй-коммуналдық саланы, көлік саласын, ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін субсидиялар көлемдері ұлғаюда.
      Мемлекеттік бюджет шығыстарының жыл сайынғы өсуіне қарамастан, оның нәтижелілігі төмендеуде.
      Бұл ретте кіріс базасының өсуімен сүйемелденбейтін салық салу саясаты перспективада ұлғайып бара жатқан міндеттемелерге барабар болмай қалуы мүмкін. Мұның өзі ұзақ мерзімді кезеңде мемлекеттік қаржының теңгерімсізденуіне әкелуі мүмкін.
      Бюджеттік ресурстарды тиімді басқаруды іске асырылуы әртүрлі мемлекеттік органдарға бекітілген бағдарламалар санының көп болуы да қиындата түседі. Қаржыландыру бағыттары мен бағдарламаларды іске асыру құралдарының қайталануы орын алып отыр.
      Ағымдағы жағдай стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Бюджет қаражатын бөлу түпкілікті нәтижеге емес, сметаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Құрылымдық реформалардың аяқталмауына және жалғасуына байланысты экономикасы дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстанда орта мерзімді бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету едәуір қиын.
      Бюджеттік инвестицияларды жоспарлаудың кешенділігі жоқ, бұл олардың тиімділігін азайтады.
      Жеке инвестициялар мемлекеттік инвестициялармен алмастырылып жатады.
      Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан жобалардың қымбаттау проблемасы шешілмей отыр.
      Квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік инвестициялардың келісілмеген инвестициялық саясаты мемлекеттік салымдардың тиімділігін төмендетуге алып келеді.
      Мемлекеттің қатысуымен құрылатын заңды тұлғалар саны жыл сайын ұлғаюда, оларды капиталдандыруға шығыстар өсуде. Квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне бөлінетін қаражат тиімсіз пайдаланылуда, бұл активтерді «жеп қоюмен» сүйемелденеді.
      Қазіргі бюджет жүйесіне тән орталықтандыру бюджет жүйесіндегі теңгерімсіздікке әкеледі. Сүйемелдейтін (теңестіретін) сипатты ғана орындайтын өңірлерге берілетін нысаналы трансферттер жүйесі «екінші жергілікті бюджетке» айналды. 2012 жылы өңірлерге трансферттер орташа есеппен жергілікті бюджеттер кірістерінің жалпы көлемінің 61,7 %-ын құрады. Өңірлік сипаттағы іс-шараларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұлғайды.
      Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер бөлудің қолданыстағы практикасының бірқатар проблемалары бар. Бұл нысаналы трансферттердің көптілігі, жоспарлаудың күрделілігі, республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен жергілікті атқарушы орган арасындағы жауапкершіліктің айқын болмауы, өңірлердің шешімдер қабылдаудағы дербестігінің босаңсуы.
      Биліктің жергілікті органдары қызметінің тиімділігін қолданыстағы бағалаудың нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді толыққанды енгізу үшін қажетті тікелей ынталандыратын әсері жоқ, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді, тиімділікті бағалауды көтермелеу жүйесі көзделмеген.
      Нәтижесінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуде жергілікті органдардың дербестігі, жауапкершілігі және жұмыс істеу тиімділігі төмендейді.
      2008 жылдан бері абсолюттік мәнде де, жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі – ЖІӨ) қатысты да мемлекеттік борыштың өскені байқалады. Айталық, ЖІӨ-ге мемлекеттік борыштың қатынасы 2008 жылы – 8,3 %-ды, 2009 жылы – 13,1 %, 2010 жылы – 14,4 %-ды, 2011 жылы – 11,8 %-ды, 2012 жылы – 12,7 %-ды құрады.
      Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 1 қаңтардағы мемлекеттік борышы өткен есепті жылмен салыстырғанда 561,4 миллиард теңгеге ұлғайып, 3 828,3 миллиард теңгені құрады.
      Мемлекеттік борыш құрылымында Үкіметтің борышы (94,7 %) ең қомақты үлес алып отыр.
      Сыртқы мемлекеттік борыштың үлесі жалпы мемлекеттік борыштың
19,1 %-ын, тиісінше ішкі мемлекеттік борыштың 80,9 %-ын құрайды.
      Квазимемлекеттік сектордың борышы, атап айтқанда, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың борышы өсуде. Квазимемлекеттік сектор борышының құрылымында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тобының (бұдан әрі – Қор) борышы басым бөлікті құрайды.
      Қор тобының 2013 жылдың басындағы жалпы борышы ЖІӨ-ге қатысты 15,2 %, оның ішінде сыртқы борыш ЖІӨ-ге қатысты 11,2 %, ішкі борыш ЖІӨ-ге қатысты 4 % құрады.
      Квазимемлекеттік сектор субъектілері міндеттемелерінің бақылаусыз өсуі тұтастай алғанда, елдің фискалдық тәуекел көзіне айналуы мүмкін.
      Ұлттық қорда қаржылай ресурстар жинақтарының өсуімен оның қаражатын тұтастай шетелдік мемлекеттердің қаржы құралдарына орналастыру тұрақты инвестициялық табыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, оның тәуекелі де жоғары.
      Валюта активтерін әртараптандыру бойынша Ұлттық банк қабылдаған шараларға қарамастан, әлемдік қаржы нарығындағы ықтимал келеңсіз үрдістерге қатысты қауқарсыздық сақталып отыр.
      Жоғарыда көрсетілген проблемаларды түбегейлі шешу және келеңсіз үрдістерді түзету қажеттігі, өз кезегінде, жаңа бюджет саясатын қалыптастыру қажеттілігін айқындайды.

Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың мақсаты бюджет саясатын қалыптастыру мен іске асырудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдерін айқындау болып табылады.
      Орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму басымдықтарын ескере отырып, бюджет саясатының мақсаты мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
      1) макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
      2) бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру;
      3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту;
      4) салық жүйесінің экономикалық қайтарымдылығын арттыру;
      5) мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың борышын қауіпсіз деңгейде ұстау;
      6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану;
      7) фискалдық орталықсыздандыру.
      Іске асыру кезеңдері:
      Бірінші кезең (2014 – 2017 жылдар) – мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ету негіздерін қалыптастыру.
      Бұл кезеңде:
      1) мемлекеттiк жоспарлау жүйесін жетілдіру және нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді практикалық қолдануды кеңейту;
      2) бюджеттік міндеттемелерді түгендеу және оларды оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау;
      3) бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау;
      4) мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің (бұдан әрі – МЖӘ) жаңа тетіктерін енгізу;
      5) салық салу саясатын өзгерту;
      6) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын мониторингілеу және бақылау жүйесін енгізу;
      7) бюджетаралық қатынастарды жетілдіру;
      8) мемлекеттік аудиттің негіздерін енгізу жоспарланып отыр.
      Екінші кезең (2018 – 2020 жылдар) – мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту.
      Бұл кезең:
      1) жеке меншік сектордың ынтымақты жауапкершілігін кеңейтумен және бюджеттік міндеттемелерді тұрақтандырумен;
      2) жеке меншік сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуімен;
      3) бюджетке жүктемені азайтуға ықпал ететін МЖӘ-ні кеңейтумен;
      4) ағымдағы шығыстарды мұнай емес кірістер есебінен қаржыландырумен;
      5) жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттырумен;
      6) мемлекеттік аудиттің толыққанды жұмыс істеуімен сипатталады.
      Күтілетін нәтижелер: тұжырымдаманы қабылдау мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының, оның ішінде бюджеттік инвестициялардың нәтижелілігін арттыруға, экономикаға жеке инвестициялардың көлемін ұлғайтуға, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және орнықты экономикалық өсуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеге шолу

      Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы бюджет саясаты мемлекеттік шығыстардың көлемі ел дамуының стратегиясына, мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі рөліне, әлеуметтік бағдарлану дәрежесіне және жүргізілетін әлеуметтік саясатқа байланысты.
      Әлемде бюджет саясатының ЖІӨ-ге қатысты бюджет шығыстарының мейлінше жоғары және сонымен қатар төмен деңгейімен сипатталатын түрлі модельдері бар.
      Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге ең үлкен арақатынасы Еуроаймақ елдерінде (50 % және одан астам) қолданылатын континентальдық модельге тән. Бұл, ең алдымен мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі белсенді рөліне, бюджеттің әлеуметтік бағытталуына және осы елдерде жүргізілетін теңсіздікті қысқартуға, халықтың табысы аз топтарын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатқа байланысты. Әлеуметтік проблемаларды шешу кезінде мемлекет экономикаға күшті мемлекеттік ықпал ете алады. Бұдан басқа, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер Батыс Еуропа елдерінде мейлінше жоғары, олар ЖІӨ-нің 28,4 %-ына дейін жетеді. Сондықтан салықтық жүктеме де мұнда ең жоғары (ЖІӨ-нің шамамен 50 %-ы).
      Алайда, нақ осы еуропалық континентальдық модель өзінің орнықсыздығын көрсетті. Бірнеше жыл бойы Еуроаймақ елдеріндегі әлеуметтік міндеттемелердің ұлғаюы экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген тұста ел ауқымында дефолт қаупін төндіретін тапшылықтың, мемлекеттік борыштың өсуіне және мемлекеттік қаржының тұрақсыздануына әкеп соқтырды. Енді бюджеттік шоғырландыру шеңберінде дефолтқа жол бермеу үшін Еуроаймақтың перифериясындағы бірқатар елдерде шығыстарды қысқарту және салықтарды ұлғайту бойынша шаралар қолданылуда.
      Мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлі неғұрлым төмен (араласу, әдетте, экономикалық дағдарыстардан туындайды), халықтың табысы аз топтарын өмір сүрудің қолайлы деңгейімен қамтамасыз етуге бағытталған бірқалыпты әлеуметтік саясат америкалық немесе либералды модельдің ерекшеліктері болып табылады. АҚШ-та бюджет шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 30-5 % құрайды.
      Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге қатысты ең төмен деңгейі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Оңтүстік Кореяда, Сингапурда – 18-21 %) байқалып отыр. Бұл елдердің даму моделі мен әлеуметтік саясаты еуропалық және америкалық елдерден мүлдем басқа. Жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат мемлекеттік міндеттемелерді айтарлықтай ұлғайтумен сүйемелденбейді.
      Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 21-24 %-ды құрайды, бұл Азия моделіне аса жақын.
      Модельдердің ешқайсысы таза түрінде Қазақстан Республикасында қолдануға келмейтіні анық.
      Табиғи ресурстарға бай елдердегі бюджет саясатының да өз ерекшеліктері бар екенін атап өту қажет. Мұнда шикізат экспортынан түсетін кірістерді жинайтын жинақтаушы қорлар құру және оларды белгіленген фискалдық қағидалар шеңберінде пайдалану аса тиімді болып табылады.
      Әлемдік практикада әртүрлі елдерде қолданылатын бірнеше қағидалар әзірленді.
      2010 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келе жатқан тіркелген пайдалану қағидасы шикізаттың әлемдік бағаларына байланысты құбылмалылықты жоққа шығарады, алайда резервтік қорлардың қаражатын контрциклдік саясат жүргізу үшін пайдалануға жол бермейді.
      Мұның тұрақты кіріс қағидасына да қатысы бар, оның қолданылуы елдің шикізат байлығын түзете бағалауды талап етеді.
      Теңгерімделген бюджет қағидасы құбылмалылықты бюджет кірістеріне толығымен беруге әкеп соқтырады.
      Чилиде қолданылатын құрылымдық профициттер қағидасы қор мен фискальдық саясаттың теңгерімділігін қамтамасыз етеді, бірақ шикізат бағаларының болжамдарына аса тәуелді болады.
      Қолда бар жинақталған қаржы активтерінен түсетін инвестициялық кіріс қана пайдаланылатын неғұрлым қатаң нұсқалардың бірі әдетте «қолда бардың қадірі жоқ» ретінде белгілі. Бүгінгі күні бұл тәсіл Норвегияда қолданылады, мұнда қор жинақтары ЖІӨ-нің 100 %-дан астамын құрайды.
      Шикізат қорларындағы жинақтардың жоғары деңгейі оларды бюджет шығыстарын қаржыландыруға пайдалануды ұлғайту мәселесінде қысым көрсетуге әкеп соқтырады. Бұдан Ұлттық қор қаражатын экономикаға инвестициялауға жұмсауға бола ма, жоқ па (және қандай жағдайларда) деген сұрақ туындайды.
      Озық халықаралық тәжірибе мұнай қорларының қаржы ресурстары негізінен шет елдерде инвестицияланатынын көрсетіп отыр. Бірақ ішкі экономиканы ішінара қаржыландыру практикасы да бар.
      Озық халықаралық тәжірибенің тағы да бір қағидаты ұлттық шикізат қорларынан берілетін қаржы ағындарының бәрі (трансферттер) мемлекеттік бюджет арқылы өтуі тиіс дегенге сайып келеді, бұл ұлттық байлықты пайдаланудың ашықтығын арттырады.
      Бюджет саясатының тиімділігі мен болжамдылығына фискалдық қағидаларды қолдану жолымен де қол жеткізіледі.
      Әлемдік практикада фискалдық қағидалар, негізінен, бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз алу көлемі, бюджеттік шығыстардың өсуі, бюджеттен тыс қорлардың қаражатын пайдалану бойынша шектеулер белгілеуді білдіреді. Сондай-ақ концессиялық міндеттемелер бойынша шектеулер қолданылады.
      Айталық, Ұлыбританияда Жеке қаржылық бастаманың (бұдан әрі – ЖҚБ) жобалары бойынша төлемдер мемлекет шығыстарының шамамен 2 %-ын құрайды. Мемлекеттік капитал салымдарының 10-15 % ЖҚБ жобаларына салынатын инвестицияларға тиесілі. Кореяда жаңа МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелердің жылына жиынтық мемлекеттік шығыстардың 2 %-ынан аспайтын лимиті белгіленген. Бразилияда МЖӘ бойынша барлық міндеттемелерге қызмет көрсету мемлекеттік кірістің 1 %-ынан аспайды.
      Фискалдық қағидалар жұмсауды және қарыз алуды шектейді және сол арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық іс-қимылдың неғұрлым оңтайлы жинағын айқындауға ынталандырады. Бұған қоса, айқындылық қамтамасыз етіледі, экономикалық саясатқа деген сенім артады.
      Тұтастай алғанда, әлемдік практиканы талдау бюджет саясаты саласында қандай да бір белгіленген нақты стратегиялар жоқ екендігін көрсетеді. Елдер өздері қол жеткізуді межелеп отырған мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып, бюджет қаражатын басқарудың өзіндік модельдерін қалыптастырады.
      Бюджет саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде Қазақстанның алдында тұрған міндеттері тұрғысынан бұл тәжірибені оңтайлы пайдаланудың маңызы зор.

2. Қазақстан Республикасында жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

      Жаңа бюджет саясатының негізгі қағидаттары

      Алға қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін мыналар жаңа бюджет саясатының негізгі қағидаттары болуы тиіс:
      1) бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің шынайылығы;
      2) бөлінетін бюджет қаражатының нәтижелілігі мен тиімділігі;
      3) мемлекеттік шығыстар мен міндеттемелерді ұлғайтудың негізділігі;
      4) мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толық есепке алынуы;
      5) бюджет қаражатын бөлудің дәйектілігі;
      6) мемлекеттік қолдаудың атаулылығы;
      7) бюджет қаражатын пайдаланғаны үшін жауапкершілікті арттыру;
      8) қаражат жұмсаудағы үнемділік.

Жаңа бюджет саясатының негізгі тәсілдері

      Экономиканың дамушы сипатын және нақты ЖІӨ-ні одан әрі өсірудің алда тұрған міндеттерін ескере отырып, бюджет саясаты мынадай тәсілдердің негізінде қалыптастырылатын болады:
      1) фискалдық шектеулер шегінде бюджет шығыстарының көлемін айқындау;
      2) неғұрлым жоғары әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз ететін бюджет қаражатын тиімді бөлу;
      3) бюджет саясатының теңгерімділігі (белсенді бюджеттік инвестициялық саясат пен контрциклдік реттеу үйлесімі);
      4) жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін кеңейте отырып, мемлекет міндеттемелерінің бюджет мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңмен өсуі;
      5) нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын қолдану арқылы бюджеттік жоспарлаудың нәтижелілігін күшейту;
      6) жеке сектор инвестицияларын алмастырмай, оларды ынталандыру;
      7) салық саясатының ұлғайып бара жатқан міндеттемелерге барабарлығы;
      8) қаржы ресурстарын Ұлттық қорда жинақтауды жалғастыру;
      9) өңірлік даму мәселелерін шешуде жергілікті органдардың қаржылық дербестігін кеңейту және жауапкершілігін арттыру.

Макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету

      Макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты мынадай фискалдық шектеулердің негізінде қалыптастырылатын болады.
      Тапшылық мөлшерін басқару бюджет саясатының негізгі қағидасына айналуы тиіс.
      Мемлекеттік борышты қалыпты деңгейде ұстау үшін (2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 13,9 %) 2020 жылға қарай мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 1,4 % дейін төмендейтін болады.
      Бюджет шығыстарын қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаражаты мұнайдан түскен кірістерді үнемдеуді қамтамасыз ететін шектеулі көлемде пайдаланылатын болады.
      Мемлекеттік шығыстар көлемінің ұлғаюы салық салынатын базаны кеңейтумен сүйемелденетін болады.
      2018 жылдан бастап мұнай емес сектордың кірістері мемлекеттік бюджеттің ағымдағы шығыстарын толығымен жабуға тиіс.
      Тапшылықты азайту, мұнай емес сектордан түсетін кірістердің өсуі және Ұлттық қорды шектеулі түрде пайдалану мұнай емес тапшылықты 2020 жылға қарай ЖІӨ қатысты 2,8 % дейін азайтуға мүмкіндік береді.
      Ұлттық қорда қаражат жинақтау үкіметтік қарыз алумен алмастырылмауға тиіс.

Бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру

      Әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойылған ұзақ мерзімді міндеттерін ескере отырып, 2020 жылға дейін мемлекеттік шығыстардың негізгі басымдықтары:
      1) экономиканы жаңғырту және әртараптандыру;
      2) әлеуметтік жаңғырту және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру;
      3) тыныс-тіршілік инфрақұрылымын сапалық жаңарту болып табылады.
      Экономиканы одан әрі жаңғырту және әртараптандыру мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салаларды дамыту жалғасады, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, энергия тапшылығының проблемаларын шешу, жасыл экономикаға көшу жоспарлануда.
      Әлеуметтік жаңғырту және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру ең төменгі әлеуметтік стандарттарды кезең-кезеңмен енгізуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде жан басын қаржыландыруды енгізуді, зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты және жинақтау жүйесін жетілдіруді, нәтижелерге байланыстырумен бюджет саласындағы еңбекақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіруді, азаматтардың жекелеген санаттарын атаулы қолдауды көздейтін болады. Халықтың тұрақты және өнімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды қаржыландыру жалғасатын болады.
      Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің, денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы авариялық объектілерді, үш ауысымды мектептерді, олардың сейсмикалық орнықтылығы бойынша орын алып отырған проблемаларды бірінші кезектегі тәртіппен шешуді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
      Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын сапалы жаңарту үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инфрақұрылымын жөндеу, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылатын болады.
      Сондай-ақ қорғаныс қабілеттілігін, ұлттық қауіпсіздікті, құқық тәртібін нығайту шараларын және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою шараларын іске асыру жалғастырылады.
      Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту, қызмет көрсетулерді электронды форматқа ауыстыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жалғастырылатын болады.
      Перспективада тиімсіз шығыстардың ұлғаюына жол бермеу үшін 2014 жылы ағымдағы және инвестициялық шығыстар бойынша қалыптасқан базаға түгендеу жүргізілетін болады. Түгендеу қорытындылары бойынша бюджетке «ауыр жүк» болатын және экономикалық өсуге ықпал етпейтін іс-шараларды қаржыландыру қысқартылуға тиіс.
      2015 жылдан бастап ағымдағы шығыстар мен даму бюджеті бойынша лимиттер, сондай-ақ жаңа бастамаларға лимиттер енгізіледі.

Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту

      Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» азайту мақсатында мынадай бағыттар бойынша шаралар қабылданатын болады:
      бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу;
      бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру және жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін кеңейту;
      бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау;
      бюджетке жүктемені азайту құралы ретінде МЖӘ тетіктерін дамыту;
      мемлекеттік қаржыны есепке алу және басқару жүйесін жетілдіру.
      1. Бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға сапалы ауысу нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын неғұрлым тереңірек қолдануды көздейді.
      Нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді қолдану үшін стратегиялық және бюджеттік жоспарлаулардың өзара байланыстырылуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
      Бірдей мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бағыттарының қайталануын болдырмау үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының саны мен мазмұнын оңтайландыру жоспарлануда.
      Бюджет шығыстарының басымдықтары стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға қатаң сәйкес келу тұрғысынан айқындалуға тиіс.
      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы көрсеткіштерін бюджет шығыстарымен байланыстыру үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, бюджеттік бағдарлама мен бюджеттік өтінімнің форматы өзгертілетін болады.
      Бюджеттік бағдарламаға мемлекеттік органның өз қызметіндегі бірдей мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған іс-шараларға арналған барлық шығыстарын қосу көзделеді.
      Сондай-ақ бірыңғай бюджеттік сыныптама өзгертіледі.
      Нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді практикалық қолдану бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін күшейтуді талап етеді.
      Сондай-ақ бюджетті атқару шеңберінде мемлекеттік органдар есептілігінің тәсілі өзгертіледі.
      Бұл ретте бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі бөлінген қаражатты игеру көрсеткіші бойынша емес, мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында көрсетілген нәтиже көрсеткішіне қарай айқындалуға тиіс.
      Республикалық бюджет жобасы Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілгенге дейін шығыстардың негізгі бағыттары бойынша оған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің алдын ала тексеру жүргізуі көзделетін болады, ол ұсынымдық сипатта болады.
      2. Бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру және жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін кеңейту.
      Мемлекет міндеттемелерінің өсуін шектеу мақсатында ең төменгі әлеуметтік стандарттарды біртіндеп енгізу қажет.
      Ең төменгі әлеуметтік стандарттарды әзірлеу кезінде Бірікен Ұлттар Ұйымы жүйесінде қабылданған адами әлеуетті дамыту индексі, өмір сүру сапасының интегралды көрсеткіштері, әрбір адам үшін өте маңызды ең төменгі күнкөріс деңгейі, жан басына шаққандағы орташа табыс, әлеуметтік төлемдердің мөлшері, зейнетақы мен жалақының ең төменгі мөлшері, тұтыну бағаларының индексі, жұмыссыздық деңгейі, Джини коэффициенті, зейнеткерлік жасы және басқалары сияқты әлеуметтік саланың жекелеген құрамдастарын дамытудың нақты индикаторлары ескеріледі.
      Зейнетақы жүйесін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы зейнетақы төлемдері мен жүйенің қаржылық орнықтылығының барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Осыған байланысты зейнетақы жүйесінің құрамдауыштары – базалық, ынтымақты және жинақтау құрамдауыштарында өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
      Зейнетақы жүйесінің фискалдық орнықтылығын күшейту мақсатында әйелдердің зейнеткерлік жасын жылына 6 айдан өсіре отырып, кезең-кезеңмен 63 жасқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
      Әйелдердің міндетті зейнетақы жарналары олардың бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде бюджеттен субсидияланатын болады. Бұл әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу процесінде уақыттық олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына қарай мемлекеттің базалық зейнетақы төлемі деңгейінде зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі көлеміне кепілдік беруіне ауысу біртіндеп жүзеге асырылады.
      Бұдан басқа, перспективада экономиканың өсу қарқынын, халықаралық стандарттарды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері ұлғайту жағына қарай қайта қаралады.
      Жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін кеңейту.
      Азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру үшін
2015 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (бұдан әрі – ТМККК) кіретін медициналық қызмет көрсетулердің кейбір түрлерінің құнын бірлесіп төлеу тетіктері әзірленеді және енгізіледі.
      Сонымен қатар шетелдік азаматтарды медициналық сақтандыруды енгізу және ТМККК-ден тыс қызмет көрсетулерді алуға арналған ерікті медициналық сақтандыруды дамыту жоспарлануда.
      Білім беру жинақтау жүйесі дамытылатын болады.
      Дүлей апат оқиғаларының салдарын жоюға мемлекеттік бюджет шығындарын азайту мақсатында шет елдердің оң тәжірибесі негізінде халықты түрлі тәуекелдерден, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру тетігі енгізілетін болады.
      Зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін жұмыс беруші еңбекақы төлеу қорының 5 % мөлшерінде аударып отыратын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын енгізу жоспарлануда.
      Сондай-ақ, жеке сектордың инфрақұрылымды дамытуға қатысуын кеңейту қажет. Бұл үшін ақылы автомобиль жолдарының желісін кеңейту жұмыстары жалғастырылады және қатысудың жаңа түрлерінің мүмкіндігі қаралатын болады.
      Автожол саласын басқару және қаржыландыру жүйесін өзгертуге, қайта құрылған (реконструкцияланған) және салу (реконструкциялау) жоспарланып отырған жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының (немесе олардың учаскелерінің) тиімді және ішінара өтелетіндей жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға бағытталған шаралар қабылданатын болады.
      Білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде жан басына қаржыландыруды енгізу көзделуде. Бұл осы салаларға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға және халық үшін сапалы білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
      Перспективада жан басына қаржыландыру мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру жүйесінен басқа орта білім беру жүйесіне де енгізіледі.
      Бірінші кезеңде жан басына қаржыландыруды пилоттық өңірлерде сынау жоспарлануда. Бұл үшін тиісті нормативтік база жетілдірілетін болады.
      2015 жылға қарай жан басына қаржыландыру тетігі шағын жинақталғандарынан басқа, барлық мектептерде жүзеге асырылатын болады.
      Денсаулық сақтау жүйесінде денсаулық сақтаудың бастапқы буынын жан басына қаржыландыруды енгізу көзделеді.
      Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің жан басына шаққандағы нормативін қалыптастырудың бірыңғай тәсілі пысықталатын болады.
      Жан басына шаққандағы норматив бойынша ақы төлеуді енгізу денсаулық сақтаудағы МЖӘ дамуына ықпал ететін болады.
      Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында 2015 жылдан бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделі біртіндеп енгізілетін болады. Жаңа модельдің негізгі тетіктері:
      1) лауазымдардың қолданыстағы тізілімін функционалдық блоктарға бөлу және функционалдық міндеттерге, орындалатын жұмыстардың ерекшелігі мен күрделілігіне, кәсіби құзыреттеріне байланысты лауазымдарды ранжирлеу;
      2) лауазымдық жалақы мөлшерлерін есептеу үшін пайдаланылатын коэффициенттер кестесін жетілдіру;
      3) қосымша ақылар мен үстемеақылардың қолданыстағы жүйесін қайта қарау және оңтайландыру болмақ.
      Сондай-ақ азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жаңа моделінде әрбір қызметкердің жеке нәтижелеріне де, сонымен қатар тұтастай ұйым қызметінің түпкілікті нәтижелеріне де байланысты болатын нәтижелер бойынша еңбекақы төлеу енгізіледі.
      Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында жекелеген мемлекеттік мекемелерді қаржыландыру жоспарына сәйкес бюджет есебінен ұстаудан ұсынылған қызмет көрсетулер көлеміне ақы төлеуге көшіру қажет. Мемлекеттік мекемелердің қызметін жан-жақты талдау негізінде келешекте көрсетілген қызметтердің (мемлекеттік тапсырманы орындау) көлеміне қарай қаржыландырылатын мекемелердің тізбесі дайындалып, мұнымен бірге мемлекет тарапынан аудит пен бақылау қатаңдатылады.
      Бюджеттік кредиттердің пайдаланылуын және оларды өтеу жөніндегі міндеттемелердің уақтылы орындалуын мониторингілеу мен бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданатын болады.
      Мемлекеттік қолдаудың атаулылығын күшейту үшін:
      1) көрсетілетін қызметтерді өндірушілерді субсидиялаудан азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы көмек көрсетуге көшу;
      2) әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау жоспарланып отыр.
      Еңбекке қабілетті халықты мемлекеттік қолдау оны еңбек нарығына тартуды білдіруге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен атаулы қолдау азаматтардың неғұрлым мұқтаж, еңбекке қабілетсіз санаттарына қатысты жүзеге асырылатын болады.
      Табысы аз халықты қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан әлеуметтік көмек жүйесін реформалау шартсыз әрі атаулы әлеуметтік көмекті қамтитын болады.
      Шартсыз көмек азаматтардың жекелеген санаттарына, олардың заңнамалық түрде белгіленген мәртебесіне (ардагерлер мен соғыс және еңбек ардагерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары) қарай немесе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға (мүгедектер, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, қарттар, балалар, асыраушысынан айырылған тұлғалар) берілетін болады.
      Азаматтарға, отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек олардың нақты мұқтаждығын ескере отырып көрсетіледі және тараптардың «өзара міндеттемелеріне» негізделеді (әлеуметтік келісімшарт жүйесі). Бұл шартты түрдегі қолдауды, атаулы төлемдердің заңдылығы мен ұзақтығын шектеуді және алушының міндетті «жауапты әрекет етуін» (жұмыс іздеу, әлеуметтік-кәсіптік бейімделу) көздейтін болады.
      Алушы міндеттемелерді орындамаған жағдайда, жекелеген адамдар үшін жеңілдіктердің ұзақтығын шектей отырып және олардың құндылығын төмендете отырып жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады.
      Кейіннен әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметтік жағдайдың нашарлауын профилактикалауға бағытталған әлеуметтік көмек ұсынудың интеграцияланған жаңа моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекеттік қолдау шараларының қайталануын болдырмау үшін бюджеттен берілетін субсидиялау мен салықтық ынталандыру арасындағы баланс қамтамасыз етілетін болады.
      Мемлекеттік мекемелердің қаржылық-шаруашылық қызметін басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде бюджет секторындағы энергия тиімділігін арттыру шаралары қабылданады.
      3. Бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау.
      Неғұрлым белсенді және тиімді бюджеттік инвестициялық саясат жүргізу үшін бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдер реформаланатын болады.
      Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, инвестицияларды жоспарлау экономика дамуының тұрақтылығы мен орнықтылығының кепілі ретінде экономиканы әртараптандыруға, инфрақұрылым мен жеке секторды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді міндеттерді ескере отырып, прагматикалық және конструктивті түрде жүргізілуі тиіс.
      Осыған орай, жобаларды жеке инвестицияларды тарту есебінен іске асыру үшін тауашаны босата отырып (атап айтқанда, мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі саласында), бюджеттік инвестициялар әлеуметтік-экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға шоғырландырылуға тиіс.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай шаралар көзделеді:
      1) бюджеттік инвестицияларды жоспарлау жүйесі қайта қаралатын болады, мұнда инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру сатысының өзінде, техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенге дейін жобаларды тиісті өлшемдер бойынша қатаң іріктеу жүргізіледі және оларды қаржыландыру схемасы айқындалады.
      Бюджеттік инвестицияларды жоспарлауды жетілдіру мақсатында мемлекеттік және жеке сектор үшін пайда мен шығындарды салыстыру арқылы жобаны қаржыландыру құрылымын айқындауды болжайтын «бюджеттік компоратор» қағидаты бойынша инвестициялық жобаларды іріктеу әдісін енгізу ұсынылып отыр.
      Мұның өзі жобаны іске асырудың мемлекеттің қатысу үлесі әртүрлі нұсқаларына салыстыру жүргізуге, сондай-ақ жеке секторды тартудың немесе мемлекеттік бюджет қаражатын пайдаланудың (value for money) тиімділігін (сапа) есептеуге мүмкіндік береді.
      Бұл ретте тиімділіктің негізгі көрсеткіші шығындар көлемі емес, салынған қаражаттың қайтарымдылығы болуға тиіс.
      Жобаларды іріктеу кезінде, бірінші кезекте, мынадай басым өлшемдер ескерілетін болады:
      макродеңгейде – экономика салаларының даму басымдықтары, салалардың дамуына ықпал ету әсері, өңіраралық теңгерімсіздіктерді жою, жеке инвестицияларды тарту мүмкіндігі және бюджетке баламаның болмауы;
      жобалық деңгейде – жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымдылығы мен жеке инвестицияларды тарту мүмкіндігі.
      Мемлекеттің қатысуы жобалардың өзін-өзі ақтау дәрежесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы жоғары немесе орташа жобаларда жүзеге асырылады.
      Жеке инвестициялар жобалардың әлеуметтік маңыздылығына басымдық берілетін өзін-өзі ақтайтын жобаларға тартылады;
      2) бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін жобаларды іске асырудың жобалау, жоспарлау және іске асыру сияқты барлық сатыларында жобалардың құнын арттыру, жобалардың сметалық құнын қымбаттату бойынша ынталандыруларды жою жөніндегі жүйелi шаралар қабылданатын болады.
      Бұл шаралар:
      құрылыста баға белгiлеудi қайта қарау (құрылыс нормалары мен қағидалары, құрылыста басшылыққа алынатындар және басқалары);
      құрылыс сараптамасына, техникалық және авторлық қадағалауға төлемді жобаның құнына байланыстыруды жою және тіркелген төлемге көшу;
      бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсінiң жобаға техникалық тапсырмаларды (жобалауға тапсырмаларды) әзiрлеу сапасын арттыру және оларды мемлекеттiк жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органның егжей-тегжейлі талдауы;
      үлгi жобаларды оңтайландыру тұрғысынан оларды тексеру;
      тәуелсiз құрылыс сараптамасы институтын (аккредиттеу) енгiзу мәселесін пысықтау;
      бюджеттік инвестицияларды жоспарлау кезінде объектiлерді салудың және жобаларды іске асырудың нормативтiк мерзiмдерін қатаң ұстану;
      тапсырыс берушілердің, жобалаушылардың, іске асырушылардың (мердігерлердің) субъективті себептер бойынша қымбаттауға жол бергені үшін жауапкершiлігін күшейту;
      мемлекеттік сатып алу кезінде демпингке жол бермеу арқылы іске асырылады.
      3) квазимемлекеттік секторға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында құрылу кезеңінің өзінде-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері «өңдірістік-қаржылық» және «сервистік» компаниялар болып бөлінеді.
      Инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен мемлекет активтерін және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді іске асыруға бюджеттен тыс инвестицияларды тарту бойынша қаржы операцияларын ұлғайту мүмкіндігі бар «өңдірістік-қаржылық» компаниялар үшін акционерлік қоғам түріндегі ұйым нысаны сақталады. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту инвестициялық мақсаттарға, оның ішінде активтерді «жеп қоюды» болдырмайтын «кредиттік тірек» (қаржы тетігі, қаржы левериджі) қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
      «Сервистік» компаниялар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылады және мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландырылады, бұл ретте мүлік сенімгерлікпен басқару шеңберінде беріледі, жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең аз мөлшер негізге алына отырып қалыптастырылады.
      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мемлекеттік бағдарламаларда айқындалған міндеттерді іске асыру үшін ғана құрылуы мүмкін.
      Қазіргі уақытта мемлекеттік кәсіпорындардың басым бөлігі өз қызметін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүзеге асырады. Бұл салалар әлеуметтік сипатқа ие және мемлекет тарапынан қолдаумен қамтамасыз етілген. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдары болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындардың кірістері негізінен мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен қалыптастырылады, бұл оларды мақсатына қарай мемлекеттік мекемелерге ұқсас етеді.
      «Мемлекеттік мекеме» ұйымдық-құқықтық нысаны қызметтің ашықтығын және құрылтайшы (мемлекет) тарапынан бақылауды қамтамасыз ететінін ескере отырып, әлеуметтік және қоғамдық қызмет көрсетулер мемлекеттік мекемелерге берілетін болады.
      Бюджеттiк инвестицияларды іске асыру кезінде қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына жол бермеу мақсатында заңды тұлғаның жарғылық капиталын ұлғайту жолымен инвестициялық жобаларды қаржыландыру жылдық кестеде көзделген сомалар шегінде орындалған жұмыстар актісіне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бюджет қаражатын бұрын қалыптасқан босатылған қаражат (үнемдеу) бойынша қайтару бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемесін түзету арқылы жүзеге асырылатын болады;
      4) бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестицияларын синхрондау.
      Квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік инвестициялардың инвестициялық саясатының келісімділігін қамтамасыз ету үшін мынадай жүйелі шаралар қабылданатын болады:
      бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестицияларының бірыңғай салалық инвестициялық картасын қалыптастыру;
      квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвестициялары үшін (Key Performance Indicators) түйінді тиімділік көрсеткіштерін айқындау;
      жеке сектор үшін экономикадағы тауашаларды босата отырып, квазимемлекеттік сектор қызметінің саласын қайта қарау;
      квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыз алуы үшін мақсатты тағайындау мен лимитті айқындау.
      4. Бюджетке жүктемені төмендету мақсатында МЖӘ дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
      МЖӘ қатысатын жобалар мемлекеттің жобаларды қаржыландыру шығыстарын төмендетуге, тәуекелдерді бөлу арқылы олардың тиімділігін арттыруға, жеке инвесторлардың қызметін ынтыландыруға және әлеуметтік маңызы бар жаңа объектілер салуға мүмкіндік береді.
      Әлеуметтік бағдарланған қызмет көрсетулерді ұсыну үшін жеке меншіктегі объектілерді тартуға мүмкіндік беретін МЖӘ келісімшарттарының жаңа түрлері қарастырылатын болады.
      Әлемдік практикаға сәйкес МЖӘ жобаларын іске асырудың жаңа тетігі – «Қолжетімділік төлемі» енгізіледі. «Қолжетімділік төлемі» концессия объектісін коммерциялық пайдаланудан ақшалай ағындары жоқ (не өте әлсіз) әлеуметтік маңызы бар санатқа жататын концессиялық жобаларға ғана қатысты қолданады.
      Бұл тетік концессионердің объектіні салу мен оны сапалы пайдалануды қамтамасыз етуін көздейді.
      Мемлекет тұтынушылардан ақы өндіріп алу құқығын өзіне қалдыра отырып, концессияның бүкіл мерзіміне объектінің пайдалануға әзірлігі үшін концессионерге сыйақы беруді ескере отырып, объект бойынша инвестициялық және пайдалану шығындарын тең төлеуді қамтамасыз етеді.
      МЖӘ қолдану тиімділігін одан әрі талдай отырып, «пилоттық» үлгі жобалар сынақтан өткізіледі.
      Пилоттық жобалар сәтті іске асырылған жағдайда, денсаулық сақтау, білім беру және көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы МЖӘ-нің үздік тәжірибесін тарату жоспарланып отыр.
      МЖӘ дамуына қарай концессиялық міндеттемелерді есепке алу жүйесін қалыптастыру қажет.
      Концессиялық міндеттемелерді реттеу.
      Мемлекеттік борышқа жатқызылмаған жасырын МЖӘ міндеттемелері ұлғайтылып отырған Еуропаның жекелеген елдеріндегі борыштық дағдарыс тәжірибесін ескере отырып, бірыңғай есепке алу және МЖӘ шарттары бойынша барлық мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді мониторингілеу жүйесін құру пысықталатын болады.
      Осыған байланысты концессиялық жобаны іске асыру шеңберінде мемлекет қабылдайтын концессиялық міндеттемелердің көлемін айқындау мәселесі аса өзекті болып отыр.
      Бұдан басқа:
      1) МЖӘ міндеттемелері жалпы сомасының лимитін, оның ішінде ЖІӨ-ге қатысты лимитті;
      2) кірістер көлеміне қатысты концессиялық міндеттемелерге қызмет көрсетудің жыл сайынғы шығыстары лимитін;
      3) концессиялық міндеттемелерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар жалпы борышының лимитін;
      4) мемлекеттік кірістер көлеміне қатысты жаңа міндеттемелер лимитін қамтитын концессиялық міндеттемелер бойынша шектеулер белгіленетін болады.
      5. Мемлекеттік қаржыны есепке алу және оны басқару жүйесін жетілдіру.
      Мемлекеттік қаржы жүйесіне жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әлеуметтік әріптестік шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан өңірлер әкімдерінің иелігіне түскен қаражаттың, мүліктің түсімдері мен жұмсалуы бойынша есептілік қосылуға тиіс.
      Сондай-ақ, бюджеттің кірістері мен шығыстарын есепке алуды есептеу әдісіне көшу мәселесі қаралатын болады.
      Әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыруда мемлекеттік органдарды толыққанды бағалау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және қаржылық есептілік аудитін, сәйкестілікті бақылауды және тиімділік аудитін қамтитын мемлекеттік аудит енгізілетін болады. Мемлекеттік аудитті енгізу жөніндегі негізгі тәсілдер мен шаралар Мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасында айқындалатын болады.

Салық жүйесінің экономикалық қайтарымын арттыру

      Мемлекеттік міндеттемелер құрылымын өзгерту және белсенді бюджеттік инвестициялық саясат салық жүйесінің неғұрлым жоғары қайтарымдылығын талап етеді.
      Сондықтан бірінші кезекте басым секторларға салықтық жеңілдіктерді енгізу жолымен жеке сектордағы инвестициялық белсенділікті ынталандыру үшін жағдай жасау қажет.
      Бұл ретте тиімсіз салықтық жеңілдіктер алынып тасталады.
      Бұдан басқа, қолда бар әлеуетті ескере отырып, салықтардың жекелеген түрлерінің мөлшерлемелері жоғарылатылатын болады.
      Атап айтқанда, салықтық жүктеменің теңгерімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін мөлшерлемені жоғарылату немесе жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу, сән-салтанат заттарына (мүлік салығы, көлік салығы) салық салу кезінде жекелеген салықтардың фискалдық функциясын күшейту мәселесі қаралатын болады.
      Бұл қоғамның неғұрлым қамтамасыз етілген сегментіне салынатын салық ауыртпалығын теңбе-тең ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      Жеке тұлғаларға салық салу мақсаттары үшін жылжымайтын мүлік құнының бағасы нарық құнына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл үшін жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрінің базалық құны қайта қаралатын болады.
      Көлік құралдарына салық салу тәртібін салық мөлшерлемелерін арттыру және белгілі бір сипаттамалары бар автокөлік құралдары үшін салық төлеушілердің жеңілдік берілген санаттарын жою, сондай-ақ олардың экологиялылық дәрежесін есепке алу жолымен реформалау қажет.
      Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және азаматтардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу шеңберінде 2015 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қоса алғанда, арнаулы салық режимдері реформаланатын болады.
      2015 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілері салық салудың жалпыға ортақ белгіленген тәртібіне ауыстырылатын болады.
      Бұдан басқа, жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салынатын салық көтеріледі.
      Жер салығының өсуіне байланысты салық жүктемесiн ұлғайту ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиiмдi пайдаланатын субъектiлер үшiн мемлекеттік бюджеттен субсидиялар берумен өтеледi.
      Акциздік саясаттың реттеуші рөлін күшейту үшін темекі өнімдерінің, алкоголь өнімінің, мұнай өнімдерінің акциздері жоғарылайтын болады.
      Мұнайдың әлемдік бағасы одан әрі өскен жағдайда, шикі мұнайдың кедендік әкету бажының мөлшерлемесін арттыруға болады.
      Сонымен қатар бюджетке салықтық емес төлемдердің уақтылы және толық түсуін қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады.

Мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың борышын қауіпсіз деңгейде ұстау

      Бюджет тапшылығының мөлшері үкіметтік борыштың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.
      Бюджет тапшылығы 2020 жылға қарай ЖІӨ қатысты 1,4 % дейін азайған кезде, мемлекеттік борыш 2020 жылға қарай ЖІӨ қатысты 13,9 % аспауы тиіс, оның ішінде үкіметтік борыш ЖІӨ қатысты 13,7 % аспайды.
      Жалпы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың борышы жиынтығында 2020 жылға қарай ЖІӨ қатысты 22 %-дан аспайды.
      Квазимемлекеттік сектордың борышын басқару және оның мониторингі жөніндегі функциялар заңнамалық деңгейде мемлекеттік органдарға бекітілетін болады.
      Сондай-ақ қарыз алуды реттеу үшін квазимемлекеттік сектордың белгілі бір сомадан астам қарыз тартуын Үкіметпен міндетті түрде келісу көзделуде.
      Мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ) нарығын дамыту перспективалары.
      Борыш саясаты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін қолайлы шарттары бар үкіметтік қарыз алуды жүзеге асыруға, сондай-ақ борыш құралдарының ішкі нарығының дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады. МБҚ белсенді нарығын дамыту бағалы қағаздардың отандық нарығының дамуына жағымды ықпалын тигізеді. Мұның өзі нарықтағы жеткілікті өтімділікті қолдауға ықпал ететін МБҚ-ның бастапқы және қайталама нарықтарын одан әрі дамытуды көздейді.
      Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру қажеттілігіне сәйкес МБҚ шығаруда ашық және болжанатын саясат жүргізілетін болады.
      МБҚ қоржынының құрылымы мейлінше фрагментті. Қазіргі уақытқа дейін МБҚ орналастыру негізінен жаңа шығарылымдарды жасау жолымен жүргізілді, бұл қайталама нарықтың өтімділігін төмендетуге ықпалын тигізді. Салымдардың қолда бар көлемі МБҚ-ның салыстырмалы түрде үлкен мөлшердегі шығарылымдары арасында осылайша бөлінді.
      Өтімділікті арттыру үшін МБҚ шығару стратегиясы МБҚ орналастыру бойынша қайталама аукциондарды белсенділікпен жүргізуге тоғыстырылады. Қайта ашылулар айналымдағы МБҚ шығарылымын ірілендіруге, сондай-ақ шығарылым санын қысқартуға ықпал ететін болады. Осы мақсатта қайталама нарықта МБҚ сатып алуды (мерзіміне дейін өтеуді) және міндеттемелерді басқару бойынша басқа құралдарды қоса алғанда, міндеттемелерді басқару бойынша операциялар жүргізілетін болады. Бұл аталған нарық сегментінде стандартты құралдардың пайда болуы мен өтімділіктің жоғарылауына ықпал ете отырып, құралдардың түрлері бойынша құрылымдалған нарықты және мерзімі мен бағасы бойынша нарықтағы эталонды көрсеткіштерді құруға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, МБҚ шығару стратегиясы ақша нарығындағы ұзақ мерзімді трендтерді ескеруге тиіс.
      Жалпы, борыштық бағалы қағаздардың ұлттық нарығын одан әрі дамыту орта мерзімдік кезеңде мемлекеттік борыш саясатының түйінді басымдықтарының бірі болмақ. Бұдан басқа, МБҚ нарығының жұмыс істеуін жақсарту мен инвесторлық базаны әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану

      Ұлттық қорды одан әрі пайдалану экономиканы тұрақты дамытуды және оның активтерінің сақталуын, сондай-ақ бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
      Әлемдік экономикадағы қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық қорға түсетін мұнай секторының кірістерін шектеулі түрде пайдалану жолымен Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасатын болады.
      Жинақтаушы функцияны күшейту үшін Ұлттық қордағы қаражаттың төмендемейтін қалдығының мөлшері ЖІӨ-нің 20 %-ынан 30 %-ына дейін ұлғаяды.
      Ұлттық қор қаражаты 2020 жылға қарай кемінде 180 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 31,3 %-ды құрауға тиіс.
      Ұлттық қор активтерінің сақталуы мен өтімділігін қамтамасыз ету шараларының бірі олардың құрамын әртараптандыруды жалғастыру болады. Осы мақсаттарда Ұлттық қордың инвестициялық қоржынының құрамында алтын қоржыны, баламалы және ұзақ мерзімді қоржындар бөлінетін болады.
      Ұзақ мерзімді кезеңде Ұлттық қордың қаражаты экономикадағы стратегиялық инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерінің бірі бола алады. Ұлттық қордың қаражатын өтелетін, өнімді стратегиялық жобаларды іске асыруға бағыттау активтерді әртараптандыруға және тәуекелдерді азайтуға да ықпал ететін болады.
      Жобаларды Ұлттық қордан қаржыландыру айқын және қатаң іріктеу өлшемдері негізінде жүзеге асырылады.
      Өзі-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу көзделеді. Бұл ретте Ұлттық қордан берілетін трансферттер бюджет рәсiмдеріне сәйкес республикалық бюджет арқылы өтуге тиіс.
      Стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған нысаналы трансферттер оларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғана бөлінетін болады.
      Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қадағалап отыру үшін қаржыландырылатын жобалардың қаржылық бөлігінің мониторингі мен аудитінің тетігі әзірленуі тиіс.
      Ұлттық қордан өтелетін стратегиялық жобаларды іске асыруға облигациялық қарыздар бөлу мүмкіндігі зерделенетін болады.
      Ұлттық қордан өтелетін жобаларды қаржыландыру стратегиялық инвесторлардың қатысуымен және МЖӘ тетігін пайдаланумен нарықтық кірістілік бойынша қайтару негізінде ғана жүзеге асырылатын болады.
      Стратегиялық инвесторлардың қатысуы осы жобалардың ашықтығын және экономикалық орындылығын, ал мемлекеттік қатысу – тәуекелдердің теңгерімді бөлінуін қамтамасыз етеді, бұл кәсіпкерлер үшін жобалардың тартымдылығын арттырады, инвестицияларды тартуға қызмет етеді және МЖӘ-ні дамыту процесін жандандырады.
      Облигациялық қарыздар жалпы қаржыландыру сомасын және транш мөлшерлерін көрсетумен, тәуекелдерге сәйкес облигациялар табыстылығы мөлшерлері мен өтеу мерзімдерін, жеңілдікті кезеңді (болған жағдайда), қарыз валютасын және мақсатты тағайындауды айқындаумен, Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес бекіткен транштармен нақты жобаларға бөлінетін болады.
      Ірі инфрақұрылымдық жобалар халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын тарту есебінен де қаржыландырылуға тиіс.
      Ұлттық қор қаражаты оның сақталуын қамтамасыз ету үшін акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, соңдай-ақ екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға пайдаланылмайтын болады.
      Ұлттық қор қаражаты 2020 жылдан кейін кепiлдендiрiлген трансферт түрінде тиісті жылдың басына жинақталған Ұлттық қор активтерінің 4 %-ы көлемінде жыл сайын пайдаланылатын болады.

Фискалдық орталықсыздандыру

      Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мақсатында республикалық бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер беруді іске асыру тетігі қайта қаралатын болады.
      Республикалық және облыстық бюджеттер арасында жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы кезекті үш жылдық кезеңге арналған заң жобасын әзірлеу кезінде жергілікті бюджет шығыстарының базасына бұрын тұрақты сипаттағы, республикалық бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен қаржыландырылған шығындар қосылатын болады.
      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен жыл сайын қаражат бөлінетін жылу беру маусымын өткізу шығындарын жергілікті бюджет шығыстарының базасына қосу мәселесі қарастырылатын болады.
      Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заңның қолданылу кезеңінде нысаналы ағымдағы трансферттер төмен тұрған бюджеттерге төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ жергілікті бюджеттер шығыстарының ұлғаюына және (немесе) кірістерінің азаюына әкеп соғатын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудан туындайтын шығындарды өтеу үшін көзделетін болады.
      Сондай-ақ өңірлерді дамыту бюджетінің көлемі республикалық және жергілікті бюджет арасындағы қаржыландыру салаларының нақты аражігін көрсете отырып ұлғайтылатын болады.
      Жергілікті бюджет есебінен салынған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу, қаржыландыру, құрылысы және оларды ұстау жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      Бұл әкімдерге аумақтық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражатты жұмсаудың басымдықтарын дербес айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірлерге бөлінетін нысаналы даму трансферттерінің көлемін азайтады.
      Әкімдердің экономикалық ынталандыруларын күшейту үшін жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешудегі олардың қаржылық дербестігін және жауапкершілігін кеңейтуді ескере отырып, корпоративтік табыс салығы түсімдерін облыстық деңгейге немесе мұнайдан, тау-кен секторларынан түскен түсімдерді қоспағанда корпоративтік табыс салығының асыра орындалу сомасын облыстық денгейге беру мәселесі қаралатын болады.
      Сонымен қатар, әкімдердің рейтингілік бағалауларын ескере отырып, бюджеттік субвенциялармен алып қоюлардың көлемдері өңірдің салықтық базасын ұлғайту көрсеткіштері мен тұрақты жұмыс орындарын құру негізінде айқындалады. Сондай-ақ әлеуметтік жер қойнауын пайдалану келісім шарттары шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан әкімдер иелігіне түсетін қаражаттар мен мүлік ескерілетін болады.
      Республикалық бюджеттен аймақтарды дамытуға қаражат бөлу кезінде өңірдің салыстырмалы артықшылығы мен әлеуметтік-экономикалық аядағы кемшіліктері, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жағдайы, сауда саттық мүмкіншілігі, ұдайы өндіріс базасы, аймақтық-салалық ұйымдар мен өндіріс күштерін орналастыруды дамыту, шаруашылық ету нысандарының инновациялық даму деңгейі ескерілуі қажет.

Тұжырымдаманы іске асыру құралдары

      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығында, осы Тұжырымдаманың ережелерінде белгіленген міндеттер мен индикаторларды іске асыру бюджет процесін реттейтін заңнамалық актілерді жетілдіру арқылы көзделген.
      Осы Тұжырымдаманың ережелері заңнамалық актілерді, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жетілдіру арқылы іске асырылатын болады.

3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде міндеттерге қол жеткізу келесі бағдарламалық құжаттар және нормативтік құқықтық актілер арқылы болжануда:
      1) макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
      2) бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру:
      Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы;
      3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту:
      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі;
      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      4) салық жүйесінің экономикалық қайтарымдылығын арттыру:
      «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі)»;
      5) мемлекеттік борышты және квазимемлекеттіқ сектордың борышын қауіпсіз деңгейде ұстау:
      «Мемлекеттiк және жалпы сыртқы борышты басқару жөнiндегi тұжырымдама туралы» Қазақстан Республикасының Президенті 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 234 Жарлығы;
      6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану:
      «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығы;
      7) фискалдық орталықсыздандыру:
      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады