Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Ахметов
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы
азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы
1999 жылғы 6 қазанда Тегеранда жасалған Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы келісім
Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз бере отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
Бірінші бөлік
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап
Құқықтық қорғау
1. Уағдаласушы Тараптың бірінің азаматтарының екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында өздерінің жеке және мүліктік құқықтары тұрғысынан осы екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары осындай құқықтық қорғауды пайдаланады.
2. Уағдаласушы Тараптың бірінің азаматтарының екінші Уағдаласушы Тараптың соттарына, прокуратурасына, әділет органдарына (бұдан әрі – «әділет мекемелері» деп аталатын) және құзыретіне азаматтық және қылмыстық істер жататын өзге де мекемелеріне еркін және кедергісіз жүгінуге құқығы бар, онда олардың өз азаматтары сияқты сөз сөйлеу, өтінім білдіру, талаптар қоюы және сондай шарттармен өзге де іс жүргізу іс-әрекеттерін жүзеге асыруы мүмкін.
3. Осы баптың ережелері Уағдаласушы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларға да қатысты болады.
2-бап
Құқықтық көмек
Уағдаласушы Тараптардың құзыретіне азаматтық және қылмыстық істерді қарау жататын әділет мекемелері, сондай-ақ өзге де мекемелері осы Келісімнің ережелеріне сәйкес азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетеді.
3-бап
Құқықтық көмектің көлемі
Құқықтық көмек сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасында көзделген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындауды, атап айтқанда, тараптардан, жәбірленушілерден, айыпталушылардан және сотталушылардан, куәлерден, сарапшылардан жауап алуды, сараптамаларды, сот тексеруін жүргізуді, заттай дәлелдемелерді беруді, азаматтық істер бойынша сот шешімдерін мойындауды және орындауды, құжаттарды тапсыру мен салып жіберуді, екінші Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша айыпталушылардың соттылығы туралы мәліметтер беруді қамтиды.
4-бап
Қатынастар тәртібі
Уағдаласушы Тараптардың мекемелері құқықтық көмек көрсету кезінде бір-бірімен Әділет министрлігі арқылы, ал қылмыстық істер бойынша – бір тараптан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы Әділет министрлігі арқылы қатынасады.
5-бап
Тіл
Құқықтық көмек туралы тапсырмалар сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тілінде, барлық құжаттардың екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі куәландырылған аудармасы қоса беріле отырып жасалады.
6-бап
Құжаттарды ресімдеу
Құқықтық көмек көрсету тәртібінде Әділет мекемелері мен өзге де мекемелер жіберетін құжаттар құзыретті органның мөрімен куәландырылуға тиіс.
7-бап
Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманың нысаны
Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада:
1) сұрау салушы мекеменің атауы;
2) сұрау салынатын мекеменің атауы;
3) құқықтық көмекке сұрау салынатын істің атауы;
4) тараптардың, айыпталушылардың, жәбірленушілердің, сотталушылардың немесе сотталғандардың аты, тегі және әкесінің аты, олардың азаматтығы, кәсібі және тұрғылықты жері немесе орналасқан жері;
5) олардың заңды өкілдерінің тегі, аты-жөні және мекенжайлары;
6) жасалынған қылмыстың нақты мән-жайларының сипаттамасы, жасалынған қылмыстың уақыты, заңгерлік біліктілік;
7) тапсырманың мазмұны көрсетілуге тиіс.
8-бап
Орындау тәртібі
1. Тапсырма жіберілген әділет мекемесі құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау кезінде өз мемлекетінің заңнамасын қолданады. Алайда, ол тапсырма жіберіп отырған мекеменің өтініші бойынша, егер олар өз мемлекетінің заңнамасына қайшы келмесе, тапсырма жіберіп отырған Уағдаласушы Тараптың іс жүргізу нормаларын қолдана алады.
2. Егер тапсырма жіберілген әділет мекемесі оны орындауға құзыретті болмаса, ол тапсырманы құзыретті мекемеге жібереді және бұл туралы тапсырма жіберіп отырған мекемеге хабарлайды.
3. Тапсырма жіберілген әділет мекемесі тиісті өтініш хатты алған жағдайда тапсырма жіберіп отырған мекемені тапсырманың орындалу уақыты мен орны туралы хабардар етеді.
4. Тапсырма жіберілген әділет мекемесі тапсырманы алғаннан кейін тапсырманы жіберген мекемеге орындалған құжаттарды жібереді; егер құқықтық көмек көрсету мүмкін болмаса, тапсырманы қайтарады және оны орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туралы хабардар етеді.
9-бап
Құжаттарды тапсыру
1. Сұрау салынатын мекеме, егер табыс ететін құжаттар өз тілінде жасалса немесе куәландырылған аудармамен қамсыздандырылса, құжаттарды табыс етуді өз мемлекетінде қолданылып жүрген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады. Құжаттар сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалмаған немесе аудармамен қамсыздандырылмаған жағдайларда, егер ол оларды ерікті түрде қабылдауға келіссе, олар алушыға тапсырады.
2. Тапсыру туралы тапсырмада алушының нақты мекенжайы және тапсырылатын құжаттың атауы көрсетілуге тиіс. Егер тапсырмада көрсетілген тапсыру туралы мекенжай толық немесе дәл болмаса, сұрау салынатын мекеме өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес дәл мекенжайды анықтау үшін шаралар қабылдайды.
10-бап
Құжаттардың тапсырылуын растау
Құжаттардың тапсырылуын растау сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында қолданылып жүрген қағидаларға сәйкес ресімделеді. Растауда табыс етілу уақыты мен орны, сондай-ақ құжат табыс етілген адам көрсетілуге тиіс.
11-бап
Дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер арқылы құжаттарды тапсыру және азаматтардан жауап алу
Уағдаласушы Тараптардың өздерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы құжаттарды тапсыруға және өз азаматтарынан жауап алуға құқықтары бар. Бұл ретте мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қолданылмайды.
12-бап
Куәні немесе сарапшыны шетелге шақыру
1. Егер Уағдаласушы Тараптың бірінің аумағында алдын ала тергеу немесе сот қарауы барысында екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы куәгердің немесе сарапшының жеке өзі келу қажеттігі туындаса, онда шақыру қағазын тапсыру туралы тапсырмамен осы Уағдаласушы Тараптың тиісті органына жүгіну керек.
2. Шақыру қағазы шақырылушы келмеген жағдайда санкция бола алмайды.
3. Өзінің азаматтығына қарамастан, шақыру бойынша екінші Уағдаласушы Тараптың тиісті органына өз еркімен келген куә немесе сарапшы осы Уағдаласушы Тараптың аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуы, қамауға алынуы немесе оның мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін жасаған қандай да бір қылмыстық әрекетіне байланысты жазаға тартылуы мүмкін емес. Мұндай адам сонымен қатар оның айғақтарына немесе куә немесе сарапшы ретіндегі қорытындыларына не талқылаудың мәні болып табылатын әрекетіне байланысты қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуы, күзетке алынуы немесе жазаға тартылуы мүмкін.
4. Егер куә немесе сарапшы оның қатысуы қажетті болып табылмайтындығы туралы хабарланған кезден бастап 15 күн ішінде сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағын тастап кетпесе, бұл артылықшылықтарды пайдаланбайды. Куәнің немесе сарапшының сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан оған қатысты емес мән-жайларға байланысты кете алмаған уақыты бұл мерзімге есептелінбейді.
5. Шақыру бойынша екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына келген куәлер мен сарапшылардың өздерін шақырған органдарға жол жүруге және шетелге баруына және онда болуына байланысты шығыстарды өткізуге, сондай-ақ жұмыста болмаған күндері үшін алынбаған жалақысын өтетуге құқығы бар; сарапшылардың, бұдан өзге сараптама өткізгені үшін сыйақы алуға құқығы бар. Шақыру қағазында шақырылған адамдар төлемнің қандай түрлерін өткізуге құқылы екені көрсетілуге тиіс; олардың өтінішхаты бойынша шақыру қағазын жіберіп отырған Уағдаласушы Тарап тиісті шығындарды жабу үшін аванс төлейді.
6. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманың негізінде сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың мекемесіне куә немесе сарапшы ретінде шақырылған адам, егер бас тарту құқығы немесе міндеті сұрау салынатын немесе сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың заңнамасында көзделсе, айғақтар беруден немесе өзге де функцияларды орындаудан бас тартуға құқылы. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың әділет мекемесі қажет болған жағдайда өтінішке жоғарыда аталған құқықтар мен міндеттерге қатысты заңнама туралы анықтаманы қоса беруге тиіс.
13-бап
Құжаттардың жарамдылығы
1. Уағдаласушы Тараптың бірінің аумағында жасалған немесе әділет мекемесі, сот немесе ресми тұлға (тұрақты аудармашы, сарапшы) өздерінің құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша куәландырылып, мөрмен бекітілген құжаттар екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында қандай да бір өзге куәліксіз қабылданады.
2. Бір Уағдаласушы Тараптың аумағында ресми ретінде қаралатын құжаттар екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында да ресми құжаттардың күшін пайдаланады.
14-бап
Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстар
Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстарды сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап төлейді.
Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салушы Уағдаласушы Тараптан құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстарды төлеуді талап етпейді.
15-бап
Ақпарат ұсыну
Уағдаласушы Тараптардың Әділет министрліктері бір-біріне өтініштері бойынша өздерінің мемлекетіндегі қолданыстағы немесе қолданыста болған заңнама туралы және оны әділет мекемелерінің қолдану мәселелері туралы ақпаратты ұсынады.
16-бап
Тегін құқықтық көмек
Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтарына екінші Уағдаласушы Тараптың соттары мен өзге де мекемелерінде тегін заң көмегі көрсетіледі және өздерінің азаматтарына көрсетілетін сияқты негіздерде және артықшылықтарда тегін сот ісін жүргізумен қамтамасыз етіледі.
17-бап
Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді және басқа да құжаттарды жіберу
Уағдаласушы Тараптар өтініш бойынша бір-біріне азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді және екінші Уағдаласушы Тарап азаматтарының жеке құқықтары мен мүліктік мүдделеріне қатысты басқа да құжаттарды (білім туралы, жұмыс туралы және басқалар) дипломатиялық арналар арқылы аудармасыз және тегін салып жіберуге міндеттенеді.
18-бап
Құқықтық көмектен бас тарту
Егер құқықтық көмек көрсету сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе не заңнамасының негізгі қағидаттарына қайшы келсе, құқықтық көмек көрсетілмейді.
Екінші бөлім
АРНАУЛЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-БӨЛІМ
АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР 19-бап
Сот шығыстарынан босату
Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында осы мемлекеттің азаматтары сияқты сол негіздерде және сол көлемде сот шығыстарын төлеуден босатылады.
20-бап
Жеке, отбасылық және мүліктік жағдай туралы құжаттарды беру
1. Сот шығыстарын төлеуден босатуға арналған рұқсатты алу үшін қажетті жеке, отбасылық және мүліктік жағдай туралы құжатты аумағында өтініш берушінің тұрғылықты жері немесе болатын жері бар Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы береді.
2. Егер өтініш берушінің Уағдаласушы Тараптың аумағында тұрғылықты жері және болатын жері болмаса, онда оның мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген немесе куәландырған құжаты жеткілікті болады.
3. Сот шығыстарын төлеуден босату туралы өтінішхат тікелей немесе өтініш беруші азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті соты арқылы берілуі мүмкін. Осы сот өтінішхатты өтініш беруші ұсынған басқа құжаттармен бірге осы Келісімде көзделген тәртіппен екінші Уағдаласушы Тараптың сотына жібереді.
4. Сот шығыстарын төлеуден босату туралы өтінішхат бойынша шешім шығарған сот құжат берген органнан қосымша түсініктер беруді сұрауы мүмкін.
21-бап
Соттардың құзыреті
1. Егер осы Келісімде өзгеше белгіленбесе, Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының соттары, егер жауапкердің тұрғылықты жері оның аумағында болса, азаматтық істерді қарауға құзыретті. Егер осы Уағдаласушы Тараптың аумағында заңды тұлғаның басқару органы, өкілдігі не филиалы болса, заңды тұлғаларға талап қоюлар бойынша олар құзыретті болады.
2. Егер бұл туралы Тараптардың жазбаша келісімі болса, Уағдаласушы Тараптардың соттары істерді басқа жағдайларда да қарайды. Мұндай келісім болған жағдайда, егер мұндай арыз талап қоюдың мәні бойынша қарсылықтар ұсынылғанға дейін берілсе, сот жауапкердің өтініші бойынша іс жүргізуді тоқтатады. Соттардың ерекше құзыреті Уағдаласушы Тараптардың келісімімен өзгеруі мүмкін емес.
3. Сол тараптардың арасында, сол мәндегі және сол негіздегі істер бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда, осы Келісімге сәйкес құзыретті екі Уағдаласушы Тараптың соттарында істі кешірек қозғаған сот іс жүргізуді тоқтатады. Іс бойынша іс жүргізуді бірінші қозғаған осы сотқа істің сот қарауына жатпайтыны анықталған кезде, екінші Уағдаласушы Тараптың соты іс жүргізуді қайтадан бастауы мүмкін.
22-бап
Құқыққа қабілеттілік пен әрекетке қабілеттілік
1. Жеке адамның әрекетке қабілеттілігін осы адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы айқындайды.
2. Заңды тұлғаның құқыққа қабілеттілігі ол құрылған аумақтағы Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен айқындалады.
23-бап
Әрекет қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану
1. Адамды әрекетке қабілеті шектеулі не әрекетке қабілетсіз деп тану кезінде осы адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы қолданылады және сол мекемелердің құзыреті қолданылады.
2. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің мекемесі тұрғылықты жері немесе орналасқан жері осы Уағдаласушы Тараптың аумағындағы екінші Уағдаласушы Тараптың азаматын әрекетке қабілеті шектеулі не әрекетке қабілетсіз деп тануға негіз бар екенін анықтаса, онда бұл туралы екінші Уағдаласушы Тараптың тиісті мекемесін хабардар етеді. Егер осындай жолмен хабардар етілген мекеме осы адамның тұрғылықты жеріндегі немесе орналасқан жеріндегі мекемеге одан әрі іс-әрекетін орындауға құқық беретінін мәлімдесе не үш айлық мерзімде пікір білдірмесе, онда осы адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасында бұл үшін негіз көзделген болса, осы адамның тұратын жеріндегі және орналасқан жеріндегі мекеме өз мемлекетінің заңдарына сәйкес оны әрекетке қабілеті шектеулі не әрекетке қабілетсіз деп тану жөнінде іс жүргізе алады. Әрекетке қабілеті шектеулі не әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешім екінші Уағдаласушы Тараптың тиісті мекемесіне жіберілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері сондай-ақ адамның әрекетке қабілетінің шектелгендігін жоюда не оны әрекетке қабілеті бар деп таныған кезде қолданылады.
24-бап
Адамды немесе оның мүлкін қорғау жөнінде шаралар қабылдау тәртібі
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда әрекетке қабілеті шектеулі не әрекетке қабілетсіз деп тануға жататын және екінші Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылатын адамның тұрғылықты жеріндегі немесе орналасқан жеріндегі мекеме осы адамды немесе оның мүліктерін қорғау үшін қажетті шараларды өзі қабылдай алады. Осы шараларға байланысты қабылданған өкімдерді осы адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың тиісті мекемесіне дипломатиялық және консулдық өкілдіктер арқылы жіберген жөн. Егер осы Уағдаласушы Тараптың мекемесі өзгеше белгілесе, бұл өкімдер жойылуға жатады.
25-бап
Хабарсыз кеткен деп тану, қайтыс болған деп жариялау және қайтыс болу фактісін анықтау
1. Хабарсыз кеткен деп тану және қайтыс болған деп жариялау немесе қайтыс болу фактісін анықтау туралы істер жөніндегі соңғы мәліметтер бойынша тірі кезінде азаматы болған Уағдаласушы Тараптың мекемелері құзыретті болады.
2. Уағдаласушы Тараптың бірінің мекемесі екінші Уағдаласушы Тараптың азаматын хабарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп тануы, сондай-ақ егер олардың құқықтары мен мүдделері осы Уағдаласушы Тараптың заңнамасына негізделсе, оның аумағында тұратын адамдардың өтінішхаты бойынша оның қайтыс болу фактісін анықтауы мүмкін.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда Уағдаласушы Тараптардың мекемелері өз мемлекетінің заңнамасын қолданады.
26-бап
Неке қию
1. Некеге тұрушы адамдардың әрқайсысы үшін неке қиюдың шарттары мен нысаны осы адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасында айқындалады. Сонымен бірге неке қиюға келтірілетін кедергілерге қатысты аумағында неке қиылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасының талаптары сақталуға тиіс.
2. Неке қию нысаны аумағында неке қиылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен айқындалады.
27-бап
Қорғаншылықтан айырылған балаларды асырап алу және қорғау
1. Қорғаншылықтан айырылған балаларды асырап алу және қорғау мәселелері бойынша бала азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы қолданылады. Өзге жағдайларда осы Келісімнің ережелері қолданылады.
2. Егер бала бір Уағдаласушы Тараптың азаматы, ал асырап алушы - екінші Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылса, онда бала асырап алу немесе оның күшін жою кезінде, бұл егер ол азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша талап етілсе, баланың, оның заңды өкілі мен осы Уағдаласушы Тараптың құзыретті мемлекеттік органының келісімін алу қажет.
28-бап
Бала асырап алу туралы шешім шығару жөніндегі құзырет
Бала асырап алу туралы шешімді шығаруға асырап алушы азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың мекемесі құзыретті болады.
29-бап
Қорғаншылық және қамқоршылық
Осы Келісімде өзгеше көзделмегендіктен, Уағдаласушы Тараптардың азаматтарын қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алу туралы істер бойынша қорғаншылыққа алынатын адам азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы қолданылады.
30-бап
Қорғаншылық жөнінде шаралар қабылдау тәртібі
Егер қорғаншылыққа алынатын адамның екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында мүлкі болса, мүлік орналасқан тараптың құзыретті органы қорғаншылыққа алынатын адамның мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдауға және қабылданған шаралар туралы мүдделі тараптың құзыретті органдарына дереу хабарлауға тиіс.
31-бап
Қорғаншылықты және қамқоршылықты беру тәртібі
1. Егер қорғаншылыққа алынған немесе қамқоршылықтағы адамның тұрғылықты жері және орналасқан жері не мүлкі осы мемлекетте болса, 29-баптың 1-тармағына сәйкес құзыретті қорғаншылық және қамқоршылық органы қорғаншылықты немесе қамқоршылықты екінші Уағдаласушы Тараптың тиісті органдарына бере алады. Егер сұрау салынатын орган қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа қабылдауға келісім берсе және бұл туралы сұрау салушы органды хабардар етсе ғана беру жарамды болады.
2. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты қабылдаған орган оларды өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Мүліктік құқықтық қатынастар 32-бап
Меншік құқығы
1. Жылжымайтын мүлікке меншік құқығы аумағында жылжымайтын мүлік орналасқан Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша айқындалады.
2. Мемлекеттік тізілімдерге енгізілуге жататын көлік құралдарына меншік құқығы аумағында көлік құралын тіркеу жүргізілген Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша айқындалады.
3. Меншік құқығының немесе мүлікке өзге де заттық құқықтың туындауы және тоқтатылуы осындай құқықтың туындауына немесе тоқтатылуына негіз болған әрекет немесе өзге мән-жай болған кезде аумағында мүлік орналасқан Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша айқындалады.
4. Егер тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе, меншік құқығын немесе мәміле нысанасы болып табылатын мүлікке өзге заттық құқықтың туындауы және тоқтатылуы мәміле жасалған жердің заңнамасы бойынша айқындалады.
33-бап
Мәміле нысаны
1. Мәміле нысаны аумағында оны жасаған жердің заңнамасы бойынша айқындалады.
2. Жылжымайтын мүлік жөніндегі мәміле нысаны мен оған құқықтар аумағында осындай мүлік орналасқан Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша айқындалады.
34-бап
Зиянды өтеу
1. Шарттан және басқа заңды іс-әрекеттерден туындайтын міндеттемелерден өзге, зиянды өтеу туралы міндеттемелер аумағында зиянды өтеу туралы талап қою үшін негіз болған іс-әрекет немесе өзге мән-жайлар орын алған Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша айқындалады.
2. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған істер бойынша аумағында зиянды өтеу туралы талап қою үшін негіз болған іс-әрекет немесе өзге де жағдай орын алған Уағдаласушы Тараптың соты құзыретті болады. Жәбірленуші аумағында жауапкердің тұрғылықты жері бар Уағдаласушы Тараптың сотына да талап қоя алады.
Мұрагерлік 35-бап
Мұрагерлік құқығы
1. Уағдаласушы Тараптар азаматтарының мұрагерлік құқығы мұра қалдырушы азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.
2. Жылжымайтын мүлікке қатысты меншік құқығы және басқа да құқықтар аумағында мүлік орналасқан Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен реттеледі.
36-бап
Иесіз қалған мүлік
1. Егер Уағдаласушы Тараптардың заңнамасы бойынша мұралық мүлік иесіз қалған (мемлекет заң бойынша мұрагерлікке алған) мүлік ретінде мемлекет меншігіне өткізілсе, онда жылжымалы мүлік мұра қалдырушы қайтыс болған кезінде азаматы болып табылған мемлекетке иесіз қалған мүлік ретінде (мемлекет заң бойынша мұрагерлікке алған) тапсырылады.
2. Жылжымайтын мүлік сол мүлік орналасқан аумақтағы мемлекеттің меншігіне өтеді.
37-бап
Өсиет нысаны
Өсиет нысаны аумағында өсиет жасалған Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен айқындалады. Осы ереже өсиетті жоюға қатысты да қолданылады.
38-бап
Мұрагерлік туралы істер бойынша құзыреттілік
1. Жылжымалы мүлікке мұрагерлік алу туралы істер бойынша іс жүргізуді осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, аумағында мұраға қалдырушының соңғы тұрақты тұрғылықты жері болған Уағдаласушы Тараптың мекемесі жүргізеді.
2. Мұра қалдырушының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаған Уағдаласушы Тараптың мекемесі мұрагерлік туралы іс бойынша мынадай жағдайларда: егер біріншіден, жылжымалы мұралық мүлік осы Тараптың аумағында болса, екіншіден, мұрагерлердің бірі немесе оның заңды өкілі қалғандары келіскен жағдайда жасалған өсиетті қарау бойынша арыз берсе, істі жүргізе алады.
3. Жылжымайтын мүлікке мұрагерлік туралы істер бойынша іс жүргізуді осы мүлік аумағында орналасқан Уағдаласушы Тараптың мекемелері жүргізеді.
4. Осы баптың ережелері мұрагерлік туралы істер бойынша дауларға да тиісінше қолданылады.
39-бап
Мұраны қорғау жөніндегі шаралар
1. Бір Уағдаласушы Тараптың органдары өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың азаматы қалдырған оның аумағындағы мұралық мүлкін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайды.
2. Мұраны қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға жауапты органдар екінші Уағдаласушы Тараптың азаматы қайтыс болғаннан кейін осы екінші Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық өкілдігіне мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы және мұраға өз құқықтары туралы мәлімдеген адамдар туралы, мұраға құқығы бар адамдарға қатысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы және олардың тұрғылықты жері туралы, өсиеттің бар-жоғы туралы, мұраның мөлшері мен құны туралы, сондай-ақ мұраны қорғау жөнінде қандай шаралар қабылданғаны туралы дереу хабарлауға міндетті.
3. Дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің талабы бойынша оған қайтыс болған адамның мұраға қалдырған жылжымалы мүлкі мен құжаттары беріледі.
40-бап
Дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің мұра туралы істер бойынша құзыреті
Уағдаласушы Тараптардың бірінің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің осы Уағдаласушы Тарап азаматтарының мұрагерлік мәселелері бойынша мүдделерін, егер осы азаматтар өздері болмағандықтан немесе басқа да дәлелді себептер бойынша өз құқықтары мен мүдделерін уақтылы қорғай алмаса және өзінің уәкілетті адамын тағайындамаса, олардың мүдделерін екінші Уағдаласушы Тараптың органдары алдында ешбір ерекше сенімхатсыз білдіруге құқығы бар.
41-бап
Дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қайтыс болған адамның заттарына қатысты құзыреті
Егер Уағдаласушы Тараптың бірінің азаматы тұрғылықты жері болып табылмайтын екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында жол жүру кезінде қайтыс болса, онда оның өзінде болған заттары тізімдеме бойынша қайтыс болған адам азаматы болған Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне беріледі.
42-бап
Мұраны беру
1. Егер жылжымалы мұралық мүлік немесе жылжымалы немесе жылжымайтын мұралық мүлікті сатудан түскен ақшалай сома мұрагерлік іс жүргізу аяқталғаннан кейін тұрғылықты жері немесе болатын жері осы екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы мұрагерлерге берілуге тиісті болса, онда мұралық мүлік немесе сатудан түскен ақшалай сома осы Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне беріледі.
2. Мұрагерлік туралы істер бойынша құзыретті мекеме мұра мүлікті дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге беру туралы өкім береді.
3. Егер:
а) мұра қалдырушының кредиторларының мұралық мүлік тұрған жердегі Уағдаласушы Тараптың заңнамасында белгіленген мерзімде мәлімдеген барлық талаптары төленсе немесе қамтамасыз етілсе;
б) мұрагерлікке байланысты барлық алымдар төленсе немесе қамтамасыз етілсе;
в) егер қажет болса, құзыретті мекемелер мұралық мүлікті әкетуге рұқсат берсе;
г) ақшалай сомаларды аудару Уағдаласушы Тараптардың аумағында қолданылатын заңнамаға сәйкес жүргізілсе, бұл мүлік мұрагерлерге берілуі мүмкін.
Шешімдерді мойындау және орындау 43-бап
Залалды өтеу бөлігінде азаматтық және қылмыстық істер бойынша шешімдерді мойындау және орындау
1. Уағдаласушы Тараптар әділет мекемелерінің азаматтық істер бойынша заңды күшіне енген шешімдерін, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залалды өтеу бөлігіндегі үкімдерін өзара мойындайды және орындайды.
2. Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, АХАТ органдарының (азаматтық хал актілерін тіркеу) және өзіндік сипаты бойынша орындауды талап етпейтін азаматтық және отбасылық істер бойынша басқа да мекемелердің шешімдері де арнайы іс жүргізбей-ақ мойындалады.
44-бап
Шешімдерді орындауға рұқсат беру туралы өтінішхаттарды қарау
1. Шешімдерді орындауға рұқсат беру туралы өтінішхаттарды қарау аумағында орындау жүзеге асырылуға тиіс Уағдаласушы Тараптар соттарының құзыретіне кіреді.
2. Шешімдерді орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат сотқа беріледі. Сот өтінішхатты және қоса берілген дәлелдемелерді қарап, өтінішхатты қабылдау немесе қабылдамау туралы қабылдамаудың себебін көрсете отырып, шешім шығарады немесе талапкер сот шешімімен келіспеген жағдайда өтінішхатты апелляциялық сотқа жібереді.
3. Өтінішхаттың деректемелері аумағында орындау жүзеге асырылуға тиіс Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен айқындалады.
45-бап
Орындауға рұқсат беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар
Орындауға рұқсат беру туралы өтінішхатқа:
1) шешімнің сот куәландырған көшірмесі, егер ол жөнінде шешімнің мәтінінде жазылмаса, шешімнің заңды күшіне енгені туралы ресми құжат, сондай-ақ, егер шешім Уағдаласушы Тараптың аумағында бұрын ішінара орындалған болса, оның орындалғаны туралы анықтама;
2) процеске қатыспаған жауапкерге сотқа шақыру туралы хабарлама ең болмағанда бір рет уақтылы және тиісті нысанда тапсырылғаны жөніндегі құжат;
3) осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттардың куәландырылған аудармалары қоса берілуге тиіс.
46-бап
Соттың орындауға рұқсат беру кезінде түсініктемеге сұрау салу жөніндегі құзыреті
Егер сотта орындауға рұқсат беру кезінде күмән туындаса, ол шешімді орындау туралы өтінішхатты қозғаған адамнан түсініктеме сұрата алады, сондай-ақ өтінішхаттың мәні бойынша борышкерден жауап алуы және қажет болған жағдайда шешім шығарған соттан түсіндіруді талап етуі мүмкін.
47-бап
Шешімдерді орындау тәртібі
Шешімдерді орындау тәртібі аумағында орындау жүзеге асырылуға тиіс Уағдаласушы Тараптың заңнамасымен реттеледі.
48-бап
Шешімдерді орындауға байланысты сот шығыстары
Орындауға байланысты сот шығыстарына қатысты аумағында шешім орындалуға тиіс Уағдаласушы Тараптың заңнамасы қолданылады.
49-бап
Сот шешімдерін мойындаудан және орындаудан бас тарту
Мынадай жағдайларда:
1) егер жауапкер немесе оның іс бойынша заңды өкілі оларға немесе олардың өкіліне сотқа шақыру қағазы уақтылы және тиісінше тапсырылмауы салдарынан процеске қатыспаса;
2) егер шешім мойындалуға және орындалуға тиіс Уағдаласушы Тараптың аумағында сол тараптардың арасында сол құқықтық дау бойынша бұрын заңды күшіне енген шешім шығарылған болса немесе егер осы Уағдаласушы Тараптың әділет мекемесі осы іс бойынша бұдан бұрын іс қозғаған болса;
3) егер аумағында шешім мойындалуға және орындалуға тиіс Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес іс оның мекемелерінің айрықша құзырына жатқызылса, сот шешімдерін мойындаудан немесе орындауға рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін.
50-бап
Келісім баптарының бітімгершілік келісімдерге қолданылуы
Осы Келісімнің 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49-баптарының сот шешімдері туралы ережелері сот бекіткен бітімгершілік келісімдерге де қолданылады.
2-БӨЛІМ
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК 51-бап
Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету кезінде қатысу
Уағдаласушы Тараптардың бірінің өкілдері екінші Уағдаласушы Тараптың келісімімен екінші Уағдаласушы Тараптың қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындауы кезінде қатыса алады.
52-бап
Соттылық туралы мәліметтер
Уағдаласушы Тараптар өтініш бойынша, егер бұрын олардың соттары соттаған адамдар сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылған болса, бұл адамдардың соттылығы туралы мәліметтерді бір-біріне береді.
53-бап
Үкімдер туралы мәліметтер
Уағдаласушы Тараптар екінші Уағдаласушы Тараптың азаматына қатысты Уағдаласушы Тараптың соттары шығарған заңды күшіне енген үкімдер туралы мәліметтерді жыл сайын бір-біріне хабарлап отырады.
Үшінші бөлік
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 54-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі
Осы Келісім ратификациялауға жатады және Уағдаласушы Тараптар ратификациялық грамоталармен алмасқаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
55-бап
Осы Келісімді іске асыруға байланысты дауларды шешу
Осы Келісімді іске асыру кезінде туындауы мүмкін дауларды Уағдаласушы Тараптар тікелей келіссөздер жолымен немесе дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
56-бап
Осы Келісімнің қолданылу мерзімі
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалды және егер Уағдаласушы Тараптардың бірі оның қолданылу мерзімі аяқталатын күнге дейін кемінде алты ай бұрын оның күшін жою жөнінде жазбаша түрде және дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тарапты хабардар ете отырып, оның күшін жоймаса, келесі бес жыл мерзімге автоматты түрде ұзартылатын болады.
Күн Хижрасының 1378 жылғы 14 мехрасына сәйкес келетін 1999 жылғы 6 қазанда Тегеран қаласында әрқайсысы қазақ, парсы, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі тараптарда келіспеушілік болғанда ағылшын тілі осы Келісімді түсіндіру тілі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Иран Ислам Республикасы
үшін үшін