Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың бағыттары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 1 шілдедегі № 658 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 28 қыркүйекте Ялта қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың бағыттары туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы мәдениет саласындағы
ынтымақтастықтың бағыттары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарт ережелеріне негізделе отырып,
      көпшілік таныған халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      мәдени өзгешелікке, шығармашылық бостандыққа, мәдени қызметке, рухани қажеттіліктерді қанағаттандыруға және мәдени құндылықтарға ортақтасуға жеке тұлғаның ажыратылмас құқықтарының басымдылығынан шыға отырып,
      әр мемлекет пен халықтың өзінің дербес мәдени саясатын жасауға және жүргізуге, екі жақты және көп жақты мәдени байланыстарды орнатуға құқықтарын растай отырып,
      барлық халықтардың ұлттық мәдениетінің тең дәрежедегі абыройын тани отырып және олардың әрбіреуінің өзгешелігін қадірлей отырып, өзара байытуына септігін тигізу үшін ықпалдасуға тырыса отырып,
      мемлекеттер арасында мәдениет саласындағы достық байланыстарды және ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға тырыса отырып,
      зиялылардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық қатынастарды сақтауға және дамытуға, әлеуметтік және кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталған ынтасын қолдай отырып,
      төмендегілер туралы келісті.

1-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес музыка, театр, сурет өнері, кинематография, мұрағат, кітапхана мен мұражай ісі, мәдени мұра нысандарын қорғау, халық кәсіпшілігі, декоративті-қолданбалы, көркемөнерпаздық, эстрада және цирк өнерлері, сонымен қатар шығармашылықтың өзге де қызмет түрлерінде өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

2-бап

      Тараптар музыкалық және концерттік ұйымдардың арасында байланыстардың орнатылуына, Тараптар орындаушылары, музыка ұжымдары мен мамандарының алмасуына жәрдемдеседі.
      Тараптар театрлар арасында байланыстардың орнатылуына және дамуына, қойылымдық топтар, сыншылар, театр танушылардың алмасуына, спектакльдерді қоюға режиссерлерді шақыруға, сонымен бірге, Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін халықаралық театр фестивальдеріне қатысуға жәрдемдеседі.

3-бап

      Тараптар мұражайлар арасындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің дамуына, көркем және фотокөрмелермен, заманауи өнер экспозицияларымен алмасуға, жаңа мұражайлық технологиялар мен олардың таратылуы бойынша ақпарат алмасуға, сонымен қатар мұражайлар мен заманауи өнер орталықтары арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдеседі.

4-бап

      Тараптар өз құзыреті шеңберінде мұражай жәдігерлері мен коллекцияларын, кітапхана және мұрағат қорларын, тарихи-мәдени мұра нысандарын, сонымен қатар заманауи өнер шығармаларын зерттеу, жариялау, оның ішінде электронды форматта жариялау саласында байланыс орнатуға, насихаттауға жәрдемдеседі.
      Тараптар, аясында мәдени жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету жүзеге асырылатын халықаралық жәрмеңкелер мен фестивальдерге өзара қатысуды көтермелейді.

5-бап

      Тараптар халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама нормаларының негізінде мәдениет пен өнер қызметкерлерін даярлау және біліктілігін арттыру саласында ынтымақтастық жасайды. Сонымен қатар, Тараптар мемлекеттерінің мәдениет пен өнер саласындағы оқу мекемелері арасында тура өзара әрекеттестікті орнатуға қолдау көрсетеді.

6-бап

      Тараптар тарихи-мәдени мұраны айқындау, тіркеу, сақтау, қайта жаңғырту, археология, пайдалану және тарату мәселелері бойынша ақпаратпен алмасады, сондай-ақ қайта жаңғырту мен археологиялық жұмыстарды, ғылыми және практикалық семинарларды, экспедицияларды, симпозиумдерді, мамандар мен сарапшылардың кездесулерін ұйымдастыру мүмкіндігін зерттейді.

7-бап

      Тараптар халықтың түрлі топтарының, әсіресе жастардың, әрбір Тарап мемлекеттерінің ұлттық мәдени дәстүрлерімен танысуға және гуманитарлық салада ынтымақтастықтың тереңдеуіне жәрдемдеседі. Бұл мақсатта Тараптар делегациялармен алмасуды, тақырыптық конференцияларды, форумдарды және симпозиумдарды ұйымдастыруды алдын ала қарастырады.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды мүдделі Тараптар мемлекеттері бюджеттен тыс қаражатты тарту мүмкіндігімен тиісті министрліктер мен ведомстволарға өз функцияларын қамтамасыз етуге ұлттық бюджеттерде көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырады.

9-бап

      Нақты мәдени бағдарламалар мен жобалардың практикалық тұрғыдан іске асырылуы екі жақты және көп жақты келісімдердің негізінде жүзеге асырылады.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін талқылау және (немесе) қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
      Егер дау оның тараптары арасында келіссөздер мен консультациялар арқылы олардың өткізілуі туралы ресми өтініш жасалған күннен бастап алты ай мерзімде шешілмесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу туралы басқа келісім болмаған жағдайда даудың кез келген тарапы оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотының қарауына тапсыра алады.

12-бап

      Аталған Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерден өткені туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы депозитарийге келіп түскен күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.

13-бап

      Күшіне енген мерзімнен бастап аталған Келісім ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа мемлекеттердің қосылуына ашық.
      Қосылу жөнінде құжат депозитарийге сақтау үшін тапсырылады.
      Қосылатын мемлекет үшін аталған Келісім депозитарий қосылу жөнінде құжатты қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді.

14-бап

      Әрбір Тарап депозитарийді жазбаша түрде хабарландырып, осы Келісімнен шыға алады. Көрсетілген Тарап үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарландыруды алған мерзімнен алты ай өткеннен кейін өзінің күшін жояды.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Тараптардың біреуіне қатысты аталған Келісімнің күші жойылуы жүзеге асырыла басталған бағдарламалар мен жобаларға, сонымен қатар оның негізінде жасалған халықаралық шарттардың әрекетіне әсер етпейді.

      2012 жылғы 28 қыркүйекте Ялта қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Аталған Келісімнің түпнұсқасы ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жолдайды.

      Беларусь Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады