Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру
мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы
Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың
транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы
2013 жылғы 19 ақпанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру
мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы
Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың
транзитін қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Қазақстан тарапы» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және бұдан әрі «Италия тарапы» деп аталатын Италия Республикасының Үкіметі, бұдан әрі бірлесе «Тараптар» деп аталатындар
1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде жасалған Солтүстік Атлант Шартына қатысушы мемлекеттер мен «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты келісімді және оған қосымша хаттаманы (бұдан әрі - SOFA PfP келісімі) назарға ала отырып,
1997 жылғы 5 мамырда Алматыда жасалған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартты және 2009 жылғы 5 қарашада Римде жасалған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ескере отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005), 1707 (2006), 1776 (2007), 1833 (2008), 2011 (2011) қарарларының ережелерін назарға ала отырып,
Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға жәрдемдесу қажеттігін ұғына отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
1) «әскери мүлік» - 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шартта белгіленген шектеулерді ескере отырып, стандартты контейнерлерде не жабық ыдыста тасымалданатын Италия Республикасының жауапкершілігіндегі қарулы күштерді жарақтандыруға арналған әртүрлі қару түрлерінің кешендері және оны жауынгерлік қолдануды қамтамасыз ету құралдары, оның ішінде жеткізу құралдары, бағыттау, ұшыру, басқару жүйелері, сондай-ақ басқа да арнайы техникалық құралдар мен өзге де жүктер, оқ-дәрілер және олардың құрам бөліктері, қосалқы бөлшектер, аспаптар мен аспаптарды жиынтықтайтын бұйымдар, қарулы күштер жеке құрамының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелері, жаппай қырып-жоятын қарудан қорғанудың ұжымдық және жеке құралдары, жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану зардаптарының профилактика және емдеу құралдары, арнайы тыл құрал-жабдығы, әскери киім нысаны және оған қатысты айырым белгілері мен атрибуттар;
2) «персонал» - Қазақстан Республикасының аумағын әуе кемесінің бортында кесіп өтетін Италия Республикасының әскери қызметшілері мен азаматтық қызметшілері;
3) «транзит» — осы Келісімге 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген және Қазақстан тарапы осы Келісімнің шарттарына сәйкес ұсынатын бағыттар бойынша теміржол/әуе көлігі түрімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту/қонбай ұшып өту;
4) «әуе кемесі» - бортында әскери мүлкі және/немесе персоналы бар Италия Республикасының әскери-көлік әуе кемесі немесе Италия тарапы жалдаған әуе кемесі;
5) «жүк жөнелтуші» - Қауіпсіздік жәрдемі жөніндегі халықаралық күштердің операциясына үлес қосатын, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес осындай жүкті жөнелту мақсаттарын растау кезінде жүкті жөнелтетін Италия Республикасы;
6) «өткізу пункті» - теміржол станциясы шегіндегі аумақ, сондай-ақ әскери мүлікті шекаралық және кедендік бақылау жүзеге асырылатын басқа да арнайы жабдықталған орын.
2. Осы Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Италия Республикасының әскери мүлкі мен персоналының транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2-бап
1. Әуе кемелерінің транзиті осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген әуе бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға беретін мынадай рұқсаттар:
1) Италия тарапының әскери-көлік әуе кемелері үшін күнтізбелік бір жылға берілетін арнайы (тұрақты) рұқсат;
2) Италия тарапы жалдаған әуе кемелері үшін біржолғы ұшып өтуді орындауға берілетін біржолғы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
2. Италия тарапы арнайы (тұрақты) рұқсатты алу үшін Қазақстан тарапына келесі күнтізбелік бір жыл ішінде әуе кеңістігін пайдалануға тиісті сұрау салуды дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімге қол қойылған жылды қоспағанда, тиісті күнтізбелік жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жібереді, онда:
1) тасымалдануы болжанып отырған жүктің және персоналдың межелі пункті мен жалпы сипаттамасы;
2) транзит бағыттары көрсетіледі.
3. Қазақстан тарапы Италия тарапының сұрау салуын алған кезден бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде арнайы (тұрақты) рұқсатты беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды, ол туралы Италия тарапына хабарлайды. Арнайы (тұрақты) рұқсат берілген жағдайда оған транзитті жүзеге асыратын Италия Республикасының барлық әскери-көлік әуе кемелері үшін пайдаланылатын бірыңғай нөмір беріледі.
4. Италия тарапы осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға біржолғы рұқсат алу үшін Қазақстан тарапына әрбір болжанып отырған транзитке дейін 4 (төрт) жұмыс күнінен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы сұрау салуды жібереді, онда:
1) пайдаланушының толық атауы мен пошталық мекенжайы;
2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (бұдан әрі - ИКАО) коды мен рейс нөмірі;
3) әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі, радиошақыруы мен әуе кемесі тіркелген мемлекет;
4) әуе кемесінің навигациялық және байланыс жабдығының түрі;
5) әуе кемесінің ұшып шығу және қону әуеайлақтары;
6) қосалқы әуеайлақтар;
7) жүктің толық сипаттамасы (оның ішінде БҰҰ-ның кодын, саны мен салмағын көрсете отырып, қауіпті жүктің бар-жоғы туралы) және әуе кемесі бортындағы персонал саны;
8) күні, ұшу бағытында пайдаланылатын әуе жолдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру және одан шығу нүктелері міндетті түрде көрсетіле отырып, толық әуе бағыты және қозғалыс кестесі көрсетіледі.
Қазақстан тарапы келіп түскен сұрау салуды қарап, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға біржолғы рұқсатқа нөмір бере отырып, рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды, ол туралы Италия тарапына хабарлайды.
Осы рұқсат сұрау салуда көрсетілген әуе кемесінің ұшып шығу уақытынан бастап 72 (жетпіс екі) сағат бойы қолданылады.
5. Италия тарапы Қазақстан тарапы берген рұқсаттар негізінде әуе кемесінің жоспарланған ұшып шығуына дейін 4 (төрт) сағаттан кешіктірмей, ИКАО құжаттарында айқындалған тәртіппен берілетін және ұшу туралы мынадай деректерді:
1) арнайы немесе біржолғы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірін;
2) әуе кемесінің түрін, тіркеу нөмірін және радиошақыруын;
3) әуе кемесінің ұшып шығу және қону әуеайлақтарын;
4) қосалқы әуеайлақтарды;
5) әуе кемесінің бортындағы жүктің толық сипаттамасын және персонал санын;
6) күнін, ұшу бағытында пайдаланылатын әуе жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру және одан шығу нүктелерін міндетті түрде көрсете отырып, толық әуе бағытын және қозғалыс кестесін;
7) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін өзге де деректерді қамтитын әуе кемесінің ұшу жоспарын Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығына (AFTN - UAAKZDZK, UAAAZDZW) жіберу арқылы Қазақстан тарапына рұқсатта көрсетілген шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ниеті туралы хабарлайды.
Қазақстан тарапы авариялық қонуды талап ететін мән-жайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығына ұшу жоспары берілмеген әуе кемесіне Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға беруден бас тартады.
6. Осы Келісім мақсаттарында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі әуе кемелерінің ұшуы ИКАО-ның белгіленген қағидаларына, Қазақстан Аэронавигациялық ақпарат жинағында (АІР) жарияланатын әуе кеңістігін пайдалану және ұшуды орындау саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және осы Келісімге сәйкес орындалады.
7. Қазақстан тарапы әуе кемелеріне аэронавигациялық алымдарды төлете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аэронавигациялық қызмет ұсынады.
8. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуды орындайтын әуе кемелері:
1) аэронавигациялық қызмет ұсынатын қызметпен бірге екіжақты радио байланыстың сақталуын қамтамасыз ететін радиобайланыс аппаратурасымен;
2) ИКАО белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режимде жұмыс істейтін радиолокациялық қабылдағыш-жауап бергішпен (транспондермен) жабдықталуға тиіс.
9. Әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен сөйлесулері тек қана ИКАО радиобайланыс фразеологиясының белгіленген қағидалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі.
10. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі шегіндегі әуе кемелерінің экипаждары Қазақстан Республикасының әуе қозғалысын басқару (қызмет көрсету) және ұйымдастыру органдарының нұсқамаларын (командаларын, ұсыныстарын) қатаң түрде орындауға міндетті.
3-бап
1. Әуе кемелері қосымша жанармай құю, экипаждардың демалуы үшін немесе өзге де мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағында техникалық қона алмайды. Борттағы авариялық жағдайдан және/немесе транзитті жүзеге асыруға кедергі келтіретін және Қазақстан Республикасының аумағына авариялық қонуды талап ететін форс-мажорлық мән-жайлардан туындаған жағдайлар болған кезде, сондай-ақ осы Келісімнің 7-бабында көзделген жағдайларда қосалқы әуеайлақ ретінде Алматы әуежайы пайдаланылуы мүмкін.
2. Қазақстан тарапы қосалқы әуеайлақ ретінде Алматы әуежайын пайдаланудан бас тартуға құқылы, бұл ретте Астана әуежайын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы балама қосалқы әуежайды ұсынады.
3. Осы бапта көзделгендей, Алматы әуежайына немесе балама қосалқы әуежайға жоспарланбай қонған барлық әуе кемелері жоспарланбай қонған себептері жойылғаннан кейін әуежайдан ұшып кетеді.
4-бап
1. Осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада көрсетілген әскери мүлікті қоспағанда, әскери мүліктің теміржол көлігімен транзиті осы Келісімге 3-қосымшада көрсетілген өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген рұқсаттың негізінде тек қана осы Келісімнің мақсаттарында жүзеге асырылады.
2. Теміржол транзитіне рұқсат алу үшін Италия тарапы Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағына кіргізгенге немесе әкелгенге дейін кемінде 30 тәулік бұрын мерзімде Қазақстан тарапына тиісті сұрау салуды жібереді.
Сұрау салу қазақ, орыс және итальян тілдерінде ресімделеді.
3. Транзитке рұқсат беру Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органы көрсетілген сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырылады.
4. Әскери мүлікті тасымалдау жүкті жөнелтушінің экспедициялық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық теміржол компаниясымен келісім бойынша айқындалатын Қазақстан Республикасының тиісті экспедиторлық компаниялары арасында жасалатын шарттар негізінде жүргізіледі. Италия Республикасының әскери мүлкіне ілесіп жүру және оны күзету Қазақстан тарапы күзет құрылымдарының күшімен ғана жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде болатын әскери мүліктің саны бір теміржол составымен қатаң шектелуге тиіс.
5-бап
1. Қазақстан тарапы осы Келісімнің шеңберінде сұрау салынған транзитке кез келген рұқсатты беруден бас тартуға құқылы, бұл туралы Италия тарапына 48 сағат бұрын хабарлайды.
2. Егер Қазақстан тарапы осы Келісім ережелерінің сақталмағанын не жүк пен персоналдың тасымалдануы осы Келісімге сәйкес келмейтінін немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін анықтаса, Қазақстан тарапы осы Келісімнің шеңберінде транзитке бұрын берілген кез келген рұқсаттың қолданысын тоқтата тұруға немесе осындай рұқсаттың күшін жоюға құқылы.
3. Транзитке берілген рұқсаттың күші жойылған жағдайда Италия тарапы транзиті аяқтамай, әскери мүлік пен персоналды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу пункті/кіргізу нүктесі арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары қайтаруды өз есебінен қамтамасыз етеді.
6-бап
1. Осы Келісімді орындау мақсатында Италия тарапы персоналының Қазақстан Республикасының аумағындағы мәртебесі SOFA PfP келісімінде айқындалған.
2. Персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.
3. Қазақстан Республикасының аумағына авариялық қонған жағдайда, әуе кемесінің бортында болу персоналдың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің бортындағы персонал әуе кемесінің қонған жерін Қазақстан Республикасы құзыретті органдарының келісімінсіз тастап кете алмайды.
Персоналдың өзіндегі қаруымен әуе кемесінен кетуіне қатаң тыйым салынады.
7-бап
1. Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын транзит уақытында әскери мүлік пен персонал шекаралық және кедендік бақылауға және қажет кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың басқа да түрлеріне жатады.
2. Қазақстан тарапы әуе кемесін қондыруға бағыттауда өз құқығын пайдалануы мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдарының әуе кемесінің бортындағы әскери мүлік пен персоналды тексеріп қарауға құқығы бар.
3. Италия тарапы Қазақстан тарапының сұрау салуы бойынша әскери мүліктің Ауғанстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оны тұрақтандыру және қалпына келтіру мақсаттарына арналғаны туралы растауды ұсынады.
4. Қазақстан тарапы борттағы әскери мүлік пен персоналдың құжаттарда мәлімделген мәліметтерге сәйкестігіне кез жеткізу үшін шекаралық және кедендік бақылау мақсаттарында әскери мүлік пен персоналға қатысты құжаттарды тексеріп қарауға құқығы бар.
5. Әуе кемелерімен тасымалданатын әскери мүлік пен персоналды тексеріп қараған жағдайда Италия тарапы тексеріп қарау үшін не әскери мүлік (толық немесе ішінара) пен персоналды әуе кемесінің шегінен тыс түсіреді не балама ретінде әуе кемесінің транзитті аяқтамай кіру пункті арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан ұшып кететін нұсқаны таңдайды.
6. Қазақстан тарапының кедендік бақылау органдары кедендік тексеріп қарауды тікелей теміржол составтарының вагондарында жүргізуге құқығы бар. Егер кедендік бақылау органдары өкілдерінің әскери мүлікті және тиісті құжаттаманы тексеріп қарағаннан кейін әскери мүлік осы Келісімнің 4-бабына сәйкес рұқсат алу үшін мәлімделген ақпаратқа сәйкес емес деп пайымдауға негізі болса, әскери мүлік одан әрі тексеріп қарау үшін ішінара немесе толық түсірілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда әскери мүлік тексеріп қарау үшін не теміржол вагондарынан түсіріледі не балама ретінде теміржол транзитін аяқтамай, теміржол составы келген өткізу пункті арқылы Қазақстан Республикасы аумағының шетінен тысқары қайтарылады.
7. Егер Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдары осы бапта сипатталған мақсаттарда әскери мүлік пен персоналды тексеріп қарау құқығын пайдаланатын болса, онда осындай тексеріп қарау және оның нәтижелері бойынша орыс тілінде акт жасалады, оған тек қана актіні алғанын растау мақсатында Италия тарапының өкілі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдарының өкілдері қол қояды.
8-бап
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Италия Республикасының әскери мүлкі мен персоналының транзитіне байланысты шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Италия тарапы өз мойнына алады.
9-бап
1. Бір Тараптың транзитке байланысты алатын ақпараты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз қандай жағдайда болмасын үшінші Тарапқа берілмейді.
2. Осы баптың 1-тармағы осы Келісімнің 2 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан тарапына берілген ақпаратқа қолданылмайды. Мұндай ақпарат үшінші Тарапқа тек қана осы Келісім шеңберінде транзитке жәрдемдесу мақсатында берілуі мүмкін.
10-бап
1. Әдейі жасалған іс-әрекеттердің немесе авариялық қонудың салдары болып табылған қайтыс болуға, дене жарақатын немесе материалдық залал келтіруге байланысты талаптарды қоспағанда, Тараптар осы Келісімді орындау үшін жүзеге асырылатын қызметке байланысты бір-біріне талаптар қоймайды және бір-біріне қатысты азаматтық сот талқылауын қозғамайды.
2. Италия тарапы Қазақстан Республикасының аумағында әуе кемесінің авариялық қонуына байланысты нақты іс-әрекеттері үшін Қазақстан тарапына және қазақстандық жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтейді.
3. Транзитті жүзеге асыру кезінде Италия тарапының кінәсінен үшінші тұлғаларға залал келтірілген жағдайда, Италия тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны өтеу бойынша міндеттемені өзіне қабылдайды.
11-бап
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, персонал Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде оған Қазақстан Республикасының юрисдикциясы қолданылады.
2. Персонал Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде Италия Республикасына қарсы, сондай-ақ Италия Республикасына тиесілі персоналға қарсы немесе әскери мүлікке қатысты қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының юрисдикциясы қолданылмайды.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешіледі және олар шешілмеген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
13-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісімнің қолданысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес айқындалатын Қауіпсіздік жәрдемі жөніндегі халықаралық күштердің миссиясы аяқталғаннан кейін немесе Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
4. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімді орындауға байланысты туындаған қаржылық және талап қою міндеттемелерін жоймайды.
2013 жылы 19 ақпанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, итальян, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Италия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен
Италия Республикасының Үкіметі
арасындағы Ауғанстан Ислам
Республикасын тұрақтандыру мен
қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға
Италия Республикасы Қарулы Күштерінің
қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери
мүлік пен персоналдың транзитін
қамтамасыз ету туралы келісімге
1-қосымша
Рұқсат берілген теміржол транзитінен алып тасталған әскери мүліктің
тізбесі*
Әскери мүліктің төмендегі санаттары, олардың барлық кіші санаттарын қоса алғанда, теміржолмен тасымалдауға жатпайды.
СЭҚ ТН-ға сәйкес Тауардың атауы
код
360100 000 0 Оқ-дәрі
360200 000 0 Әскери жарылғыш заттар
3603 00 От өткізгіш баулар; тұтандыру баулары; соққы
беретін немесе тұтандыру капсюльдері;
тұтандырғыштар; электр тұтандырғыштары:
3604 90 000 0 Белгі беру тапаншалары, жауын зымырандары,
тұманға қарсы белгі берулер және басқа да
пиротехникалық бұйымдар
8526 Радиолокациялық, радионавигациялық аппаратура
және қару мен жауынгерлік техниканы қашықтықтан
басқару, сондай-ақ әскерлерді қашықтықтан
жауынгерлік басқару радиоаппаратурасы
8710 00 000 0 Танкілер және қару-жарағы бар немесе
қару-жарақсыз басқа да өздігінен жүретін
жауынгерлік броньдалған көлік құралдары мен
олардың бөлшектері
8802 Ұшу аппараттары (тікұшақтар мен ұшақтар); ғарыш
аппараттары (жер серіктерін қоса алғанда) және
суборбиталық және ғарыштық зымыран тасығыштар
8906 Ескекті қайықтардан басқа, әскери және құтқарушы
кемелер, қосалқы әскери кемелер
9013 Қаруға орнатуға арналған телескопиялық
көздегіштер; перископтар; машиналардың бөлшектері
ретінде жасалған көзбен шолу дүрбілері немесе
егер олар атыс қаруында орнатылмаса немесе олар
орнатылуға тиіс атыс қаруымен бірге болмаса,
қарумен бірге пайдаланылуы мүмкін басқа да көзбен
шолу құрылғылары; егер олар атыс қаруында
орнатылмаса немесе олар орнатылуға тиіс қарумен
бірге болмаса, қарумен бірге пайдаланылуы мүмкін
лазерлік көздегіштер
9301 Револьверлерден, тапаншалардан және Сыртқы
экономикалық қызмет тауар номенклатурасы 9307**
тауар позициясының қаруынан басқа әскери үлгідегі
қару
9302 00 000 0 Сыртқы экономикалық қызмет тауар
номенклатурасының 9303 тауар позициясына
кіретіндерден басқа револьверлер мен тапаншалар
9303 Басқа да атыс қаруы және жарылғыш заттың зарядын
пайдалану арқылы әрекет ететін ұқсас құрылғылар
9305 9301-9303 тауар позицияларында көрсетілген
бұйымдарға қосалқы бөлшектер
9306 Бомбалар, гранаталар, торпедалар, миналар,
зымырандар және ұрыс қимылдарын жүргізуге
арналған ұқсас құралдар, олардың бөлшектері;
патрондар, снарядтар, басқа да оқ-дәрілер және
патрондарға арналған бытыраларды және тығындарды
қоса алғанда, олардың бөлшектері, сондай-ақ тегіс
ұңғылы қаруға арналған патрондар және олардың
бөлшектері
* Осы тізбені қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы СЭҚ ТН-ға сәйкес тауар кодын, сондай-ақ оған қатысты көрсетілген тауар атауын да қолдану қажет.
** 9307 - семсерлер, қылыштар, сапылар, ауыр қылыштар, сүңгілер, найзалар және осыған ұқсас қару; тізбеленген қарудың бөлшектері, оның қынаптары мен тыстары.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Италия Республикасының Үкіметі
арасындағы Ауғанстан Ислам
Республикасын тұрақтандыру мен
қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға
Италия Республикасы Қарулы Күштерінің
қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери
мүлік пен персоналдың транзитін
қамтамасыз ету туралы келісімге
2-қосымша
Екі бағытта ұсынылатын әуе бағыттары
Ресейден/Ресейге:
1. ОВАТА - G487 - ATR - А356 - NT - А355 - RODAM.
Әзербайжаннан/Әзербайжанға:
2. BALUN - G155 - ABDUN - А356 - NT - А355 - RODAM.
Өзбекстаннан/Өзбекстанға:
1. BORIS - А480 - GENDI - А352 - ARBOL - B142 - NT - A355 - RODAM.
2. ABEKA - A117 - DODUR - A121 - SMK - B114 - NT - A355 - RODAM.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Италия Республикасының Үкіметі
арасындағы Ауғанстан Ислам
Республикасын тұрақтандыру мен қалпына
келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия
Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына
байланысты Қазақстан Республикасының
аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың
транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге
3-қосымша
Теміржол транзиті үшін ұсынылатын өткізу пункттері
1. Ресейден/Ресейге: Илецк/Жайсан.
2. Өзбекстаннан/Өзбекстанға: Сарыағаш/Келес.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын және итальян тілдеріндегі мәтіндері берілген.