"Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 1 тамыздағы № 755 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы

      «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қазақстандық қоғамды одан әрi демократияландыру, халықты елiмiзде жүргiзiлiп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершiлiгi мен есептiлiгін арттыру, халықты мемлекеттiк басқару процесiне кеңiнен тарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Барлық деңгейдегi әкiмдер халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзсiн, оның барысында елiмiзде жүргiзiлiп жатқан реформалардың iске асырылуы, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң есепті кезеңде әлеуметтiк-экономикалық дамуы, оны одан әрi дамытудың мiндеттерi мен негiзгi бағыттары туралы хабардар етсiн.
      2. Халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің мынадай мерзімділігі белгіленсін:
      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері – жыл сайын бiрiншi тоқсан iшiнде;
      2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), қалалардағы аудандардың әкімдері – жартыжылдықта бір рет, бiрiншi және үшінші тоқсандар ішiнде;
      3) аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, сондай-ақ кенттер мен ауылдардың әкімдері тоқсанына бір рет, тоқсанның бірінші айының ішінде.
      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдерi халыққа есеп беру кездесулерi өткен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей төмен тұрған әкімдер кездесулерінің есепті жылғы қорытындыларын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасы Президентiнің Әкiмшiлігін және Yкiметiн оның нәтижелерi туралы хабардар етсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының қатысуын;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша халыққа есеп беру кездесулерінің қорытындылары бойынша халық көтерген проблемаларды шешу жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдерi және олардың орынбасарлары аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), қалалардағы аудандар әкімдерінің жылдың қорытындылары бойынша есепті жылдан кейінгі бірінші тоқсандағы халыққа есеп беру кездесулеріне қатыссын.
      6. «Жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 1546 Жарлығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 154-құжат).
      7. Осы Жарлық 2013 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады