Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері мен Түрік Республикасы Жандармериясы Бас басқармасының жеке құрамына білім беру және оларды қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 962 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері мен Түрік Республикасы Жандармериясы Бас басқармасының жеке құрамына білім беру және оларды қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер Бас қолбасшысы - Ішкі әскерлер комитетінің төрағасы Руслан Фатихұлы Жақсылықовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері мен Түрік Республикасы Жандармериясы Бас басқармасының жеке құрамына білім беру және оларды қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 С.Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 962 қаулысымен     
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері мен Түрік Республикасы Жандармериясы Бас басқармасының жеке құрамына білім беру және оларды қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы 2005 жылғы 26 мамырдағы террористік әрекетке, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының, прекурсорлардың заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      тараптардың өзара іс-қимылын нығайтуға деген екіжақты ниетінен шыға отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,
      білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті;

1-бап

      Осы Хаттамадағы терминдер мынадай мағынаны білдіреді:
      1. «Жолдаушы Тарап» - осы Хаттаманы орындау мақсатында Қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарына оқытуға және қайта даярлауға өз әскери қызметшілерін, мүлкін және құрал-жабдығын жіберетін Тарап.
      2. «Қабылдаушы Тарап» - осы Хаттаманы орындау мақсатында Жолдаушы Тараптың өзінің әскери оқу орындарына оқытуға және қайта даярлауға әскери қызметшілерін, мүлкін және құрал-жабдығын қабылдайтын Тарап.
      3. «Әскери персонал» - Тараптардың бірінің әскери персонал-курсанттары және уәкілетті әскери персонал.
      4. «Әскери персонал-курсанттар» — Тараптардың біреуінен екінші Тарап мемлекетінің әскери оқу орындарында оқыту және қайта даярлау мақсатында жіберілген әскери қызметшілер.
      5. «Уәкілетті әскери персонал» — осы баптың 4-тармағында көрсетілген әскери персоналды қоспағанда, бір Тарап екінші Тараптың құрамалары мен бөліністеріне (ұйымдарына) осы Хаттамада көзделген ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін жіберілетін әскери персонал.
      6. «Командирлер немесе уәкілетті аға офицерлер» - бөлімдер мен штабтардың командирлері немесе қызметтік жағдайы және әскери атағы бойынша қарамағындағы әскери қызметшілер үшін бастық болып табылатын Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес Жолдаушы Тараптың әскери персонал-курсанттары орналасатын құраманың (ұйымның) уәкілетті аға офицерлері.
      7. «Аға әскери персонал» - Жолдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес аға (жоғары) офицерлік құрамға жататын персонал.
      8. «Отбасы мүшелері» - Жолдаушы Тарап әскери персоналының жұбайы және балалары.
      9. «Оқыту және қайта даярлау (білім беру) саласындағы ынтымақтастық» — оқыту, қайта даярлау мәселелері бойынша құрал-жабдықпен, мүлікпен, ақпаратпен, құжаттармен, персоналмен және тәжірибемен алмасу, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да мәселелері.
      10. «Қайта даярлау» - әскери қызметшінің сол немесе өзге де саланың оқыту пәндері бойынша білім беру үдерісін ұйымдастыру.
      11. «Білім беру және қайта даярлау институттары» - оқу мекемелері, оқу орталықтары, оқу орындары, сондай-ақ оқыту жүргізілетін басқа да бөліністер.
      12. «Нұсқаушылардың ұтқыр топтары» - Қабылдаушы Тарап персоналдың саны, оқыту субъектісі, оқыту уақыты мен мерзімдері туралы өзара келісім қабылданғанға дейін Жолдаушы Тарапта қалыптастырылуы тиіс ынтымақтастықтың атқарушы жоспарына жатады.
      13. «Ынтымақтастықтың атқарушы жоспары» — курстың атауын (оқыту мамандықтарының тізбесі), әрбір мамандық бойынша ұсынылатын орындардың санын (оқытудың ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді курстары бойынша жеке-жеке), әскери қызметшілердің санаттарын (офицерлер, сарбаздар мен сержанттар лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, курсанттар), әскери персонал-курсантқа қойылатын талаптар, курстар өткізілетін оқу орындарының атауын және мекенжайын, курсты өткізу мерзімдерін, курс өткізуге дейінгі тілдік даярлықты және егер бар болса, курс аяқталғаннан кейін өткізілетін практикалық оқытуды, сондай-ақ басқа да техникалық мәселелерді айқындайтын жыл сайынғы құжат.

2-бап

      Осы Хаттаманың мақсаты Тараптардың әскери персоналы үшін өзара негізде өткізілетін оқыту және қайта даярлау саласындағы негізгі қағидаттар мен жауапкершіліктерді айқындау, осы Хаттаманың орындалу тәртібін айқындау, сондай-ақ нұсқаушылардың ұтқыр топтарын тағайындау болып табылады.

3-бап

      Осы Хаттамада Тараптар, оқу институттары, оқу орындары, сондай-ақ оқу іс-қимылын Тараптардың Нұсқаушыларының ұтқыр топтары белгілейтін институттары мен оқу орындарында білім алуы және қайта даярлаудан өтуі тиіс әскери персонал-курсанттар арасында белгіленуі тиіс қағидаттар мен ынтымақтастық салалары көрсетіледі.

4-бап

      1. Осы Хаттаманың уәкілетті органдары:
      Түрік Республикасында - Түрік Республикасы Жандармериясының Бас басқармасы;
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығы - Ішкі әскерлер комитеті болып табылады.
      2. Осы Хаттаманың байланыста болатын адамдары:
      Түрік Республикасында - Қазақстан Республикасының Анкара қаласындағы Әскери атташесі;
      Қазақстан Республикасында - Түрік Республикасының Астана қаласындағы Әскери атташесі.

5-бап

      Тараптар өзара негізде мынадай салаларда екіжақты ынтымақтастық орнатады:
      1) бөлімдерге, штабтар мен ұйымдарға (құрамаларға) бару;
      2) Тараптардың оқу орындарында өткізілетін оқыту (тілдік оқытуды қоса алғанда) және қайта даярлау;
      3) қоғамдық қауіпсіздік, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге қарсы күрес мәселелері және Тараптардың құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша тренингтер өткізу;
      4) Тараптардың бөлімдерінде, штабтары мен ұйымдарында (құрамаларында) өткізілетін практикалық оқытулар;
      5) Тараптардың оқу орындарында паритеттік негізде өткізілетін курстар;
      6) оқыту үшін қажетті материалдық-техникалық жарақтаудағы өзара көмек көрсету;
      7) оқыту және қайта даярлау мәселелері бойынша тәжірибе және білім алмасу;
      8) оқыту және қайта даярлау мәселелері бойынша консультациялық қызмет ұсыну.

6-бап

      1. Осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес дайындалған және Тараптардың өзара келісімі бойынша қолы қойылған жыл сайынғы Ынтымақтастықтың атқарушы жоспарының ережелері шеңберінде Тараптар әскери персонал-курсанттарды өздерінің оқу орындарында оқытуды және қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
      2. Қабылдаушы Тарап курс басталардан үш ай бұрын әрбір мамандық бойынша ұсынылатын орындардың санын, оқыту және қайта даярлау кезеңі мен күнін көрсете отырып, курстар бойынша ұсыныстарды жыл сайын жолдайды.
      3. Жолдаушы Тарап Қабылдаушы Тарапқа оқу басталардан 30 күн бұрын тегін, атын, әкесінің атын (жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша), туған күнін, білімін, алатын оқыту және қайта даярлау мамандығын көрсете отырып, оқытуға және қайта даярлауға таңдап алынған кандидаттардың тізімін ұсынады.
      4. Әскери персонал-курсанттар үшін оқыту және қайта даярлау Қабылдаушы Тарап курсанттарының оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес өткізіледі.
      5. Оқыту:
      Қазақстан Республикасында - қазақ тілінде;
      Түрік Республикасында - түрік тілінде өткізіледі.
      Бұл үшін әскери персонал-курсанттар тілдік даярлықтан өтеді. Әскери персонал-курсанттар қысқа мерзімді курстарда (кемінде бір жыл) тілдік қиындықтар туындаған кезде ағылшын тілін қолдана алады.
      Егер үшінші тіл пайдаланылатын болған жағдайда Жолдаушы тарап қажетті санда аудармашы талап ете алады. Қабылдаушы тарап аудармашымен қамтамасыз етуі тиіс, бұл жағдайда аудармашыға кеткен шығысты жабуды Жолдаушы Тарап жүзеге асырады.
      6. Жолдаушы Тарап оқуға және қайта даярлауға кандидаттардың Қабылдаушы Тараптың оқу орнына ұзақ мерзімді курстар басталардан 7 күн бұрын және қысқа мерзімді курстар басталардан 1 күн бұрын келуін қамтамасыз етеді.
      7. Іріктелген әскери персонал-курсанттарда өзімен бірге мерзімі 2 айдан аспаған денсаулық жағдайы туралы медициналық корытындысы болуы тиіс.
      8. Қабылдаушы Тарап әскери персонал-курсанттарды оқу құралдарымен және материалдармен, жабдықтармен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрілермен және оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу үдерісі үшін қажетті практикалық оқытудың басқа да техникалық құралдарымен қамтамасыз етеді, олар оқыту аяқталғаннан кейін қайтаруға жатады.
      9. Әскери персонал-курсанттар осы Хаттамада баяндалған ережелерден басқа, Қабылдаушы Тараптың персоналымен қатар тиісті Тараптың оқу іс-шараларын өткізу жөніндегі талаптарына (нұсқаулықтарға, қағидалар мен өзге де басшылық құжаттарға) бағынады.
      Бұл жағдайда әскери персонал-курсантқа хабарлау үшін Қабылдаушы Тарап курс өткізуді бастар алдында қажетті ақпаратты жолдайды.
      10. Әскери персонал-курсантқа оқу және қайта даярлау аяқталғаннан кейін алған мамандығына сәйкес біліктілік және белгіленген үлгідегі құжат беріледі. Әскери персонал-курсанттың үлгірімі нашар болған жағдайда анықтама беріледі, онда әскери персонал-курсанттың үлгерімі туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, оқу орнынан шығару себебі көрсетілетін болады.

7-бап

      1. Оқу мәселелері, оқыту уақыты мен мерзімдері бойынша келісімге келген жағдайда Жолдаушы Тарап Нұсқаушылардың ұтқыр тобын құрады және Қабылдаушы Тарапқа жібереді.
      2. Жолдаушы Тараптың құзыретті органы қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласындағы сарапшылар болып табылатын персоналдар қатарынан Нұсқаушылардың ұтқыр тобын құруды қамтамасыз етеді.
      3. Нұсқаушылардың ұтқыр тобына:
      1) қауіпсіздік (терроризмге қарсы күрес мәселелерін қоса алғанда);
      2) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес;
      3) жаппай толқуларды реттеу;
      4) объектілерді, сондай-ақ адамдарды күзету;
      5) арнайы операциялар өткізу (ғимараттарда, жерүсті және әуе көліктерінде кепілге алынғандарды құтқару);
      6) келіссөздер жүргізу (делдалдық) және оқиға орнында басқару;
      7) сұранысқа ие болуы мүмкін басқа да мәселелер бойынша сабақтар өткізу тапсырылады.
      4. Қабылдаушы Тарап жыл сайын ақпан айында дипломатиялық арналар арқылы Жолдаушы Тарапқа сұрау салу жолдайды, онда Нұсқаушылардың ұтқыр тобын оқытудың тақырыбы және оқыту және қайта даярлау кезеңі көрсетіледі. Бұдан басқа, сұрау салуда Нұсқаушылардың ұтқыр тобы оқытатын Қабылдаушы Тараптың әскери персонал-курсантының болжамды саны, әскери персонал-курсанттың мінездемесі, оқу орнының атауы, бөліністің атауы және орналасқан орны, сондай-ақ нұсқаушылардың көмекшілері мен аудармашыларының саны көрсетіледі.
      5. Егер Жолдаушы Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуын орындай аламыз деп есептеген жағдайда, онда жыл сайынғы Ынтамақтастықтың атқарушы жоспарына келесі жылы Нұсқаушылардың ұтқыр тобын жіберуді қосады.
      6. Жолдаушы Тарап Нұсқаушылардың ұтқыр тобының жұмысы басталардан үш ай бұрын Қабылдаушы Тарапқа:
      1) оқу жоспары (бағдарламасы);
      2) оқытуды және қайта даярлауды өткізу орнында қосымша оқу материалдарының бар-жоғы;
      3) нұсқаушылардың көмекшілері, аудармашылар;
      4) оқитын персоналға арналған жабдықтардың, көрнекі құралдардың, қарудың бар-жоғы;
      5) оқыту және қайта даярлау жүйесі;
      6) оқытуды және қайта даярлауды өткізу орны, оқу кабинеттерінің, атысқа арналған алаңдардың бар-жоғы туралы ақпарат жібереді.
      7. Жолдаушы Тараптың нұсқаушыларының ұтқыр тобының көліктік шығыстары, тұруға, тамақтануға арналған және тәуліктік (іссапар) шығыстары Жолдаушы Тараптың есебінен жүзеге асырылады. Қабылдаушы Тарап нұсқаушылардың ұтқыр тобының тұруына және тамақтануына арналған орын бөледі, сондай-ақ жұмысты тиісінше ұйымдастыру үшін қажетті көмек көрсетеді.
      8. Қабылдаушы Тарап нұсқаушылардың ұтқыр тобына қызметтік жұмыс аяқталғанға дейін жүріп-тұруы үшін көлік бөледі. Нұсқаушылардың ұтқыр тобы осы көлікті тұрғылықты жерлерінен оқу орындарына, оқу орталықтарына, бөлініске бару және кері қайту үшін пайдаланады.
      9. Оқыту және қайта даярлау кезеңінде Қабылдаушы Тараптың әскери персоналын Жолдаушы Тараптың нұсқаушыларының ұтқыр тобы басқарады.
      10. Нұсқаушылардың ұтқыр тобы 3 адамнан тұратын топ құрамы 40-50 адамнан аспайтын топты оқыту есебімен құрылады.
      11. Нұсқаушылардың ұтқыр тобы өткізетін сабақтарға командирлік құрам қатарынан әскери персонал қатысады. Оқыту іс-шаралары теориялық, практикалық және әдістемелік оқыту нысанында үш кезеңде өткізіледі.
      12. Нұсқаушылардың ұтқыр тобының оқытуына қатысқан әскери персоналға және оны табысты аяқтаған адамға Қабылдаушы Тарап оқуды (курсты) аяқтағаны туралы куәлік (сертификат) береді.

8-бап

      1. Құпия ақпараттарға, құжаттар мен материалдарға рұқсат Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Әрбір Тарап егер екінші Тараптан алған ақпараттар мен құжаттар жабық сипатта болса немесе құжат ұсынатын Тарап оларды жариялауға болмайды деп есептесе, олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      3. Тараптардың осы Хаттамаға сәйкес бір-біріне ұсынған құпия сипаттағы материалдары, мәліметтері мен құжаттары Тараптардың өзара келісімінсіз үшінші Тарапқа берілмейді және сұралған әрі ұсынылғаннан өзге де мақсатта қолданылмайды.
      4. Бір Тараптың осы Хаттама негізінде алған мәліметтерді үшінші тарапқа беруі үшін осы мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала келісімі қажет.
      5. Құпия ақпараттың қауіпсіздігі туралы жоғарыда көрсетілген ережелер осы Хаттаманың әрекеті тоқтатылғаннан кейін де әрекет етеді.
      6. Тараптардың әскери персоналы Қабылдаушы Тарап мемлекетінде болу кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кез-келген тікелей және жанама байланыстардан бас тартады.

9-бап

      1. Тараптардың Әскери персоналын Қабылдаушы Тарап осы Хаттамада көзделмеген қызметтің басқа салаларында пайдалана алмайды.
      2. Қабылдаушы Тарап үшінші мемлекетпен әскери іс-қимылға түскен немесе Қабылдаушы Тарап мемлекетінде төтенше не болмаса қақтығыс жағдайы қалыптасса, Тараптар әскери персонал мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Жолаушы Тараптың оларды шақыртып алуы жөніндегі шараларды бірлесіп қабылдайды.

10-бап

      Егер әскери персонал-курсанттар құқық бұзушылық немесе қылмыс жасағаны үшін не болмаса Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери персонал-курсанттар Қарулы Күштерден (органдардан) шығарылуы немесе босатылуы тиіс өзге де жағдайларда ұсталса, ұстау фактілері туралы Жолдаушы Тарапқа тиісті ұсталған сәттен күнтізбелік 30 күн ішінде хабарланады.
      Әскери персонал-курсанттарын азаматтық, қылмыстық немесе өзге де жауапкершіліктерге тартуға байланысты одан кейінгі мәселелер Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша құқықтық көмек туралы 1995 жылғы 13 маусымдағы келісімшартқа және Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы қылмыстық істер және адамдарды тапсыру бойынша құқықтық көмек туралы 1995 жылғы 15 тамыздағы келісімшартқа, сондай-ақ Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.

11-бап

      1. Әскери персонал мен олардың отбасы мүшелері Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауы, оқу орындарындағы ішкі күн тәртібінің талаптарын, оқу және әскери тәртіпті сақтауы тиіс.
      2. Қабылдаушы Тарап мемлекетінде құқық бұзушылық және қылмыс жасаған әскери персоналдың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша құқықтық көмек туралы 1995 жылғы 13 маусымдағы келісімшартқа және Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы қылмыстық істер және адамдарды тапсыру бойынша құқықтық көмек туралы 1995 жылғы 15 тамыздағы келісімшартқа және Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жауап береді.
      3. Оқу-жаттығуға қатысу немесе қызметтік міндеттеріне жауапсыз қарау нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған әскери персонал Жолдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жауап береді.

12-бап

      1. Егер осы Хаттамаға сәйкес өткізілетін іс-шараларға қатысу барысында әскери персонал жарақат алса, мертігу немесе қайтыс болған жағдайда Тараптар бір-бірінен өтемақы талап етпейтін болады.
      2. Тараптар әскери персонал Қабылдаушы Тарап мемлекетінің мүлкін зақымдағаны, зиян және нұқсан келтіргені үшін өтем талап етпейтін болады.

13-бап

      1. Оқыту және қайта даярлау паритеттік негізде тегін өткізіледі.
      2. Жолдаушы Тараптың әскери персоналының кінәсінен қызметтік міндеттерін орындаудан тыс кезде Қабылдаушы Тараптың мүлкі зақымданған немесе жоғалған жағдайда, ол Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жеке қаражаты есебінен оны жөндеу (ауыстыру) құнын өтейді.
      3. Әскери персонал-курсанттың Қабылдаушы Тараптың мемлекетіне кіру және шығу кезіндегі көлік шығыстарын Жолдаушы Тарап төлейді.
      4. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери персонал-курсанттың:
      1) әскери персонал-курсанттың айлық стипендиясы, әскери персонал-курсанттың тамақтану шығыстары (Қабылдаушы Тарап мемлекетінде белгіленген негізде және мөлшерде), киім-кешек;
      2) офицердің, сержант құрамындағы әскери қызметшінің (Қабылдаушы тарап мемлекетінде белгіленген негізде және мөлшерде әскери персонал-курсанттың атағына сәйкес) ақшалай үлесін, оқыту, киім-кешек шығыстарын өзіне алады.

14-бап

      1. Әскери персонал Жолдаушы Тараптың атағына және атқаратын лауазымына сәйкес келетін әскери киімді киеді.
      2. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларда Жолдаушы Тараптың әскери персоналын Қабылдаушы тараптың тиісті санаттағы әскери қызметшілері үшін белгіленген нормалар бойынша техникамен жұмыс істеуге арналған қажетті арнайы киіммен қамтамасыз етеді (арнайы киім уақытша пайдалануға беріледі және оқу аяқталғаннан кейін оны алған орындарына қайтаруға жатады).
      3. Айыру мақсатында әскери персонал аты, тегі және Жолдаушы Тарап мемлекеті көрсетілген бейдждермен қамтамасыз етілуі мүмкін.
      4. Әскери персонал-курсантқа куәлік беріледі, ол оқу және қайта даярлау аяқталғаннан кейін оны кері қайтарады.
      5. Әскери персонал-курсант оқыту және қайта даярлау және Іс-шаралар өткізу кезеңінде пайдалану үшін алған жабдық пен мүлікті оқу аяқталғаннан кейін кері қайтарады.
      6. Әскери персонал-курсант берілген жабдық пен мүліктің сақталуына жауапкершілікте болады.

15-бап

      1. Әскери персонал-курсанттар Қабылдаушы Тараптың тең дәрежедегі адамдары бағынатын жарғыға, ережелерге бағынады. Әскери персонал-курсант оқудан және қайта даярлаудан өтіп жатқан бөлініс және штаб командирінің бұйрығына, сондай-ақ мекеменің (ұйымның) бастықтарына бағынады.
      2. Оқу және қайта даярлаудан өту мақсатында жіберілген құқық бұзушылық жасаған әскери персонал-курсантқа Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген жазалар салынады.
      3. Уәкілетті әскери персоналға тәртіптік жазаларды тек Жолдаушы Тарап тағайындаған басшы өз мемлекетінің ұлттық, заңнамасы шеңберінде салады.
      Бұл өкілеттікті Жолдаушы тарап, егер уәкілетті әскери персонал орналасқан бөлімнің (жасақтың), штабтың командирі немесе мекеме бастығы тәртіптік рәсім жүргізу туралы талаппен жүгінген жағдайда қолданады.
      Жолдаушы Тарап өткізілген рәсімнің нәтижелері туралы осы талап келіп түскен ведомствоға жазбаша түрде хабарлайды.
      4. Аға әскери персонал:
      1) әскери персонал-курсанттың (атағы төмен) Қабылдаушы Тараптың оқу орындарындағы, бөліністеріндегі қызметтік міндеттерін орындауына, Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын және қызметтік міндеттерін орындайтын бөліністер мен мекемелердің белгіленген Қағидаларын сақтауына жауап береді;
      2) қызметтік міндеттерін орындайтын бөлініс командирі немесе мекеме бастығы мен өз тобы арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      3) Жолдаушы Тараппен байланысты қамтамасыз етеді.
      5. Әскери персонал-курсанттар Қабылдаушы Тарап мемлекетінде белгіленген оқу және жұмыс тәртібін сақтайды.
      6. Әскери персонал-курсанттар Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ресми мереке күндері және демалыс күндері демалады.
      7. Демалысты ресімдеу:
      1) әскери персонал-курсанттар Қабылдаушы Тараптың тең дәрежедегі адамдары пайдаланатын демалысқа ұқсас демалысты оқу бағдарламасына сәйкес алады;
      2) әскери персонал-курсанттардың Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында өткізетін демалысын бөлініс, мекеме немесе ұйым бастығы (командирі) береді;
      3) Қабылдаушы Тарап мемлекетінде, бірақ гарнизоннан тыс пайдаланылатын демалысты әскери персонал-курсант оқудан және қайта
даярлаудан өтіп жатқан бөлініс, мекеме немесе ұйым бастығы (командирі) Қабылдаушы Тараптың келісімімен береді;
      4) Қабылдаушы Тарап мемлекетінен тыс пайдаланылатын демалысты Жолдаушы Тарап екі Тараптың келісімімен береді.
      8. Қабылдаушы Тарап мемлекетінде әскери персонал-курсанттың немесе оның отбасы мүшесінің біреуі қайтыс болған жағдайда, Қабылдаушы Тарап ол туралы Жолдаушы Тарапқа және дипломатиялық өкілдікке дереу хабарлайды. Жерлеу мәселелерін Жолдаушы Тарап шешеді.
      Жолдаушы Тараптың өкілетті мемлекеттік органы қайтыс болған адамның жақын туыстарымен келісілген оны Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында жерлеу туралы шешім қабылданған жағдайда, ол қайтыс болған адамды жерлеуге байланысты шығыстарды көтереді және барлық қажетті шараларды орындайды. Қабылдаушы Тарап Жолдаушы Тарап мемлекетінде атағы және атқаратын лауазымы бойынша тең дәрежедегі адам үшін өткізілетін әскери жерлеу рәсімін өткізеді.
      Қайтыс болған адамды Жолдаушы Тарап мемлекетінің аумағына тасымалдау кезінде Қабылдаушы Тарап Жолдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасына дейін оны алып жүру және тасымалдау, тиісті жүкті тасымалдау жөніндегі құжаттарды ресімдеу бойынша шығыстарды көтереді және барлық қажетті рәсімдерді өткізеді.

16-бап

      1. Әскери персонал, сондай-ақ Жолдаушы Тараптың нұсқаушыларының ұтқыр тобының құрамына кіретін сарапшылар Қабылдаушы Тараптың атағы және атқаратын лауазымы бойынша тең дәрежедегі адамдарына ұсынылатын медициналық қызметтермен және емдеумен қамтамасыз етіледі.
      2. Ұзақ емделуге, дәрі-дәрмек сатып алуға және өзге де медициналық қызметтерге байланысты шығыстар, сондай-ақ әскери персоналдың өз мемлекетінің аумағында емдеу жүргізуге арналған көлік шығыстары өз қаражаты есебінен төленеді.
      3. Жолдаушы Тараптың әскери персоналының жеке қаражатынан жеке/азаматтық медициналық мекемелердің медициналық қызметтері үшін де шығыстары төленеді.

17-бап

      1. Әскери персоналдар мен олардың отбасы мүшелері Қабылдаушы Тараптың әскери персоналы пайдаланатын әкімшілік және әлеуметтік қызметтерді пайдаланады.
      2. Әскери персонал-курсант демалыс кезінде және бос уақытында Қабылдаушы Тараптың курсанттары пайдаланатын қызметтерді пайдаланады.

18-бап

      1. Әскери персонал-курсанттар мен олардың отбасы мүшелері Қабылдаушы Тарап мемлекетіне кірген және шыққан кезде оның ұлттық заңнамасын сақтайды.
      2. Әскери персонал-курсанттар мен оның отбасы мүшелері Қабылдаушы Тарап мемлекетінің осы мемлекет аумағына шетел азаматтарының келуі және жүріп-тұруы туралы ұлттық заңнаманы сақтайды.
      3. Ұзақ мерзімге (бір және одан көп жылға) оқуға келген әскери персонал-курсанттың отбасы мүшелері Қабылдаушы Тарап мемлекетінде жыл сайын күнтізбелік 30 күн ішінде бола алады. Мұндай жағдайларда қажетті визалық қолдау қамтамасыз етіледі. Жекелеген жағдайларда (форс-мажор жағдайлары) Қабылдаушы Тараптың келісімі бойынша бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

19-бап

      Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдануға қатысты кез-келген даулар мен келіспеушіліктер тек Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

20-бап

      Осы Хаттаманың ережелері Тараптардың олардың мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Хаттаманың 22-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

22-бап

      Осы Хаттама Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Хаттама бір жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін Тараптардың біреуі осы Хаттаманың бір жылдық әрекет ету мерзімі аяқталардан тоқсан (90) күн бұрын дипломатиялық арналар бойынша оның әрекетін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдамаса, кейінгі бір жылдық кезеңге ұзартылады.
      Осы Хаттама Тараптардың біреуі екінші Тараптың оның әрекетін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар бойынша алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      201__жылғы «__» __________ _____________ қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Түрік Республикасының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады