Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чили Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чили Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 1023 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чили Республикасының
Үкіметі арасындағы дипломаттық, ресми және қызметтік
паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чили Республикасының Үкіметі
екіжақты қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
қазіргі достық қатынастарды нығайтуға мүдделікті ескере отырып және бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына сапарларын жеңілдету мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген Қазақстан Республикасының азаматтары Чили Республикасының аумағына келу, транзитпен өту және одан кету үшін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.
2. Жарамды дипломаттық және ресми паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген Чили Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына келу, транзитпен өту және одан кету үшін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдардың болу мерзімін ұзартуды аккредиттелген мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің жазбаша өтініші негізінде болу мемлекетінің құзыретті органдары жүзеге асырады.
3-бап
Кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары, дипломатиялық немесе консулдық мекеменің қызметкері ретінде екінші Тарап мемлекетінің аумағында қызметтік сапармен жүрген жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелері, олардың өкілеттігі кезеңі ішінде басқа Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, онда бола алады және одан кете алады.
4-бап
Кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары, осы Келісімнің 1 және 3-баптарында көрсетілген дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері халықаралық жолаушылар қатынасы үшін ашық бүкіл мемлекеттік шекарадан өту пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады немесе одан кете алады.
5-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары, дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері өздерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезеңінде осы Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтайды.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қабылдаушы мемлекеттің аумағында болуы қолайсыз деп танылған Тарап мемлекеті азаматтарының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өздерінде сақтайды.
7-бап
1. Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың үлгілерімен алмасады.
2. Жаңа дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттарды енгізген немесе қолданыстағыларды өзгерткен жағдайларда, Тараптар осы паспорттардың үлгілерін олар күшіне ену күніне дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы жолдайды.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында осы Келісімді толық немесе ішінара тоқтату құқығын өздерінде қалдырады.
2. Екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаны немесе қайта қолданысқа енгені туралы мұндай шешім күшіне енгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабарланады.
3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1 және 3-баптарында көрсетілген екінші мемлекет аумағында жүрген дипломаттық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің, Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім кез келген Тараптың оның қолданысын тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң қолданысын тоқтатады.
2013 жылғы __________ ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі дана жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Чили Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.