Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы 2013 - 2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қазандағы № 1130 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы 2013 - 2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы 2013 - 2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 22 қазандағы
№ 1130 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының
Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы
2013 - 2015 жылдарға арналған ынтымақтастық
бағдарламасы

      Бұдан әрі «Тараптар» аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниет және өзара мүдделілік білдіре отырып,
      бірлескен жобаларды, ғылыми алмасуларды жүзеге асыру Тараптар мемлекеттері арасындағы достықтың нығаюына ықпал ететініне сенім білдіре отырып,
      1993 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Бағдарламаны іске асыру мақсатында Тараптар 2013 – 2015 жылдар кезеңіне Қазақстан - Үндістан ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы комитетін (бұдан әрі – Комитет) құрады.
      Комитет отырысы қажет болған жағдайда Қазақстан мен Үндістанда кезекпен өзара келісім бойынша өткізіледі. Комитет құрамына ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар, технологтар және Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері кіреді.

2-бап

      Тараптар осы Бағдарлама шеңберінде ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      1) қысқа және ұзақ мерзімді сапарлар барысында ғалымдармен/зерттеушілермен/сарапшылармен/технологтармен (бұдан әрі – мамандармен) алмасу;
      2) ақпарат алмасу және жаңа әзірлемелермен танысу және халықаралық ғылыми конференциялар мен көрмелерге қатысу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;
      3) мамандардың бірлескен ғылыми жобалармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      4) 2013 - 2015 жылдар ішінде өзара жұмыс сапарларын өткізуді қамтамасыз ету;
      5) мамандар үшін оқыту тренингтері мен семинарларын өткізуді қамтамасыз ету.

3-бап

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Үндістан Республикасы Ғылым және технология министрлігі осы Бағдарламаны іске асыруға жауапты органдар болып табылады.

4-бап

      Тараптар ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты мынадай бағыттарда дамытады және көтермелейді:
      1) биотехнология;
      2) нанотехнология;
      3) ғарыш қызметі;
      4) ақпараттық технологиялар;
      5) тау-кен металлургия кешені;
      6) қалпына келтірілетін энергия көздері (биоэнергия, күн энергиясы, күн-термиялық және жел энергиясы);
      7) химия және мұнай химиясы;
      8) жер туралы ғылым;
      9) жаңа және перспективалық материалдар.
      Тараптар осы Бағдарлама шеңберінде Тараптар арасындағы өзара консультациялар жолымен ғылым мен технологиялардың басқа да салалары бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыра алады.

5-бап

      Ынтымақтастықты үйлестіруді Тараптар тең құқылық негізінде жүзеге асырады.
      Тараптар Бағдарламаны іске асыру барысында өзара мүддеге негізделген жобаларды ұсынады. Жобаларды (осы Бағдарламаға 1-қосымшаға сәйкес) Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының ғылыми ұйымдары әзірлейді. Бірлескен жобалар бойынша ұсыныстар Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының жауапты органдарына мақұлдау үшін жіберіледі.
      Комитет мақұлдаған жобаларды жауапты органдар тағайындайтын жоба үйлестірушілері (әр тараптан бір-бірден) іске асыратын болады. Жобаларды іске асырумен байланысты шығыстарды аумағында жоба іске асатын Тарап жүзеге асырады.
      Жылдық және соңғы есепті жоба үйлестірушілері жүзеге асырады және Комитетке ұсынады.

6-бап

      Осы Бағдарлама шеңберіндегі ынтымақтастықты іске асыру үшін Тараптар жаңа әзірлемелермен танысу, халықаралық конференциялар мен көрмелерге қатысу мақсатында қысқа мерзімді сапарлар, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру шеңберінде ұзақ мерзімді сапарлар барысында мамандармен алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Үндістан Тарапы Қазақстан Республикасынан екі маманды жыл сайын қаңтарда Үндістан Республикасында белгіленген орында өткізілетін Үндістан ғылыми Конгресіне қатысуға шақырады.

8-бап

      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың жауапты органын жоспарланған сапардың басталуынан екі ай бұрын алмасу бойынша іссапарға жіберілетін мамандар туралы ақпаратты (осы Бағдарламаға 2-қосымшаға сәйкес) ұсынады.
      Қабылдаушы Тарап мұндай ақпаратты алған күннен бастап бір айдың ішінде жіберуші Тараптың жауапты органына мамандарды қабылдауға өзінің дайын екендігі туралы хабарлайды.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың жауапты органына маман іссапарының нақты уақыты туралы маманның жоспарланған келу күніне дейін екі аптадан кешіктірмей хабарлайды. Маман баратын институттардың саны шектеулі (екіден аспауы тиіс).
      Осы Бағдарламаны орындауға қатысушы мамандардың визаларын ресімдеу Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап

      Осы Бағдарламаны іске асыру мақсатында жіберуші Тарап жіберілетін мамандардың ұшу және медициналық сақтандыру жөніндегі шығыстарын өзі көтереді.
      Қабылдаушы Тарап қонақ үйде тұру, көлік шығыстарын, тәуліктік шығыстарды, өзара келісілген кездесулер мен семинарларды өткізу үшін ұйымдастыру шығыстарын төлейді.

10-бап

      Осы Бағдарламаға Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Бағдарламаның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Бағдарлама Тараптардың өз мемлекеттері қатысушы болып табылатын өзге халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Бағдарламаның ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.

13-бап

      Осы Бағдарлама қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.
      Осы Бағдарламаның қолданысын тоқтату осы Бағдарлама шеңберінде басталған бірлескен жобалардың немесе басқа да бірлескен қызметтің аяқталуына әкеп соқпайды.

      20__ жылғы «___» _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, хинди және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Бағдарламаның ережелерін талқылау кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының              Үндістан Республикасының
           Үкіметі атынан                         Үкіметі атынан

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен  
Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы
ғылым және технологиялар саласындағы  
2013 - 2015 жылдарға арналған      
ынтымақтастық бағдарламасына      
1-қосымша                

Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының ғылыми
ұйымдары әзірлейтін жобалар

      А. Жобаны сәйкестендіру

      1. Жобаның атауы:
      2. Айларда жобаны іске асыру мерзімдері:
      3. Жобаны бастаудың күтілетін күні:
      4. Ғылым және технология саласы
      (саланы талқылауды сипаттайтын 4 түйінді сөз):
      5. Жобаны зерттеушілер мен ынтымақтастық жасаушы институттар:


Қазақстан

Үндістан

Зерттеушінің аты:
Лауазымы:
Институттың орналасқан жері:
Тел:
Факс:
e-mail:
Туған күні:



Ынтымақтасушы зерттеушінің аты:
Лауазымы:
Институттың орналасқан жері:
Тел:
Факс:
e-mail:
Туған күні:



      В. Техникалық ақпарат

      1. Жобаның мақсаты (200 сөзге дейін);
      2. Ынтымақтастық үшін негіздеме және болжанатын зерттеу саласындағы ұлттық және халықаралық сценарий туралы қысқаша ақпарат (200 сөзге дейін);
      3. Жобаның әдістемесін қоса алғанда қысқаша ғылыми және техникалық сипаттама (400 сөзге дейін);
      4. Жұмыс жоспары:

Кесте

Қазақстан тарапының жауапкершілігі

Үндістан тарапының жауапкершілігі

1-жыл



2-жыл



3-жыл



      5. Жоба бойынша жұмыстар жүргізу үшін институттардағы жоба қызметіне жататын инфрақұрылым объектілері:

Қазақстанның ынтымақтастық жасаушы институттарында

Үндістанның ынтымақтастық жасаушы институттарында





      6. Жобаның мақсатына қолжеткізу үшін қажетті сапарлар саны:

Кезең

Қазақстаннан Үндістанға

Үндістаннан Қазақстанға

Саны

Ұзақтығы

Саны

Ұзақтығы

1-жыл





2-жыл





3-жыл





      7. Осы ынтымақтастықтан (мысалы, бірлескен жарияланымдар, патенттер және т.б.) күтілетін нәтижелердің коммерциялық құндылығы бар ма? (100 сөзге дейін)
      8. Қазақстан Республикасы және Үндістан Республикасы зерттеушілерінің биографиялық деректері (сипаттамада болжанатын жұмыс саласындағы жобаны зерттеушілердің арнайы білімдері көрсетілуі тиіс) (2 парақтағы қосымшада).

      С. Әкімшілік және қаржылық ақпарат

      1. Жобаның құны:

Жыл

Алмасу бойынша сапарлар

Резерв

Жалпы

Қазақстан Республикасы ғалымдарының Үндістанға

Үндістан Республикасы ғалымдарының Қазақстанға

1-жыл





2-жыл





3-жыл





Барлығы





      2. Жобаны зерттеушілердің және ынтымақтастық жасаушы зерттеушілердің қолдары

      Қазақстан Республикасы                    Үндістан Республикасы

      3. Ынтымақтастық жасаушы институттар басшыларының өтініштері:
      Мыналар:
      1. Институт осы зерттеу жобасына қатысуға келісетіндігі;
      2. Институт бірлескен жобаны орындау үшін инфрақұрылым мен қажетті жағдайларды қамтамасыз ететіндігі;
      III. Институт олардың институтында жүргізілетін жобалар мен жұмысты орындау үшін қаржылық және басқа да әкімшілік жауапкершілікті өзіне алатындығы;
      IV. Институт қажет болған жағдайда маманды алмастыруды қамтамасыз ететіндігі бекітілген.

Институт басшыларының қолдары мен мөрлері:

Қазақстан Республикасы                          Үндістан Республикасы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен  
Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы
ғылым және технологиялар саласындағы  
2013 - 2015 жылдарға арналған      
ынтымақтастық бағдарламасына      
2-қосымша                 

Мамандар туралы ақпарат
(алмасу бойынша сапармен бару үлгісі)

      1. Жобаның атауы
      2. Жобаның коды
      3. Тегі, аты, әкесінің аты
      4. Жынысы
      5. Туған күні және жері
      6. Әкесі мен шешесінің тегі, аты, әкесінің аты
      7. Паспорт нөмірі, берілген орны мен күні
      8. Лауазымы
      Ұйымның атауы және орналасқан жері (тел., факс, e-mail)
      9. Мамандану саласы (соңғы 5 жыл ішіндегі маңызды жарияланымдар)
      10. Болжанатын сапардың ұзақтығы
      11. Келу мен кетудің болжанатын күні
      12. Жоспарланатын келу порты
      13. Сапар кезінде баратын институттар (екі институттан көп емес)
      14. Сапардың мақсаты мен күтілетін нәтижелердің қысқаша сипаттамасы (қажет болса, жеке парақта)

Келуші ғалымның қолы

Күні: ______________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады