Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қазақстан-британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын құру туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 қазандағы № 1147 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қазақстан-британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын құру туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қазақстан-британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын құру туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 28 қазандағы
№ 1147 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және
Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы
Қазақстан-британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және
мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын құру
туралы меморандум

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Үкіметі,
      2013 жылы 1 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон қол қойған Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік туралы бірлескен өтінімге сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан-британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
      Комиссия тең құқықтық және өзара табыс қағидаттары негізінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге және екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған.

2-бап

      Комиссияның негізгі міндеттері:
      екі мемлекеттің өзара табысты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығының нәтижелерін қарау және талдау;
      сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық саласында мемлекетаралық және үкіметаралық ынтымақтастықты жасасуға және іске асыруға жәрдемдесу;
      екі жақты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты жетілдіру мен одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
      екі жақты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған басқа да міндеттерді орындау болып табылады.
      Комиссия бірлескен қызметтің негізгі үш саласын қамтитын болады:
      сауда-экономикалық ынтымақтастық және инвестициялар;
      ғылым, технологиялар, білім, мәдениет;
      энергетика саласындағы ынтымақтастық.

3-бап

      Жүктелген міндеттерді сапалы түрде орындау мақсатында Комиссия жаңа және пайда болатын мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылау үшін кіші комиссиялар мен жұмыс топтарын құрады.

4-бап

      Комиссия тепе-теңдік негізде Тараптар өкілдерінен құрылады.
      Тараптардың әрқайсысы әр тараптан бір Тең төрағаны айқындайды.

5-бап

      Комиссия отырыстары кезекті және кезектен тыс болуы мүмкін. Комиссияның кезекті отырыстары мүмкіндігінше жылына кемінде бір рет Қазақстан Республикасында және Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінде кезектесіп өткізіледі.
      Комиссияның кезектен тыс отырыстары кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін Комиссия Тең төрағаларының уағдаластықтары бойынша өткізіледі.
      Қабылданған шешімдердің орындалу барысын қарау немесе кезекті отырысқа дайындалатын мәселелерді келісу үшін тең төрағалардың немесе Комиссияның уәкілетті сарапшыларын кездесулері өткізілуі мүмкін.
      Тараптардың әрқайсысы Комиссия отырысында қаралатын мәселелерге сәйкес өзіне қажетті сарапшылар санын шақыруы мүмкін.
      Тараптар дербес құрамы мен оның кейінгі ықтимал өзгерістері туралы бір-біріне кезекті отырысқа дейін күнтізбелік 15 күн бұрын хабарлайды.
      Шақырудың нақты күні мен Комиссия отырысының күн тәртібін Тараптар Комиссияның кезекті отырысы өткізілетін күннен кемінде бір ай бұрын, күн тәртібіне енгізілетін қосымшалар мен өзгерістерді жоспарланып отырған отырыс өткізілетін күннен кем дегенде үш апта бұрын келіседі.

6-бап

      Комиссия шешімдері екі Тараптың келісімі болғанда отырыс қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін Хаттамамен рәсімделеді, оған Тараптардың тең төрағалары қол қояды.
      Комиссия отырысында қабылданған шешімдер, егер оларда басқа шарттар көзделмесе, Хаттамаға қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың бірінің өтініші бойынша олардың мемлекеті Үкіметінің одан әрі бекітуіне жататын шешімдер бұған кірмейді.
      Екі Тараптың тең төрағалары қажет болған жағдайда Комиссия отырысының шақырудан тыс жекелеген мәселелері бойынша келісілген шешімдерді қабылдай алады. Мұндай жағдайда қабылданған шешімдер келісім бойынша Комиссияның келесі отырысының Хаттамасына енгізіледі.

7-бап

      Әр Тараптан тиісті Тараптың жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін, сондай-ақ Комиссия қызметіне байланысты ұйымдастыру сипатындағы басқа да мәселелерді шешетін Хатшы тағайындалады.

8-бап

      Комиссияның, кіші комиссиялардың және жұмыс топтарының жұмысын ұйымдастыруға байланысты шығыстарды қабылдаушы Тарап өз мойнына алады.
      Қабылдаушы Тараптың мемлекетіне дейінгі жол сапарына байланысты және Комиссия, кіші комиссиялар мен жұмыс топтары қатысушыларының оның аумағында болуымен байланысты шығыстарды жіберуші Тарап өз мойнына алады.

9-бап

      Осы Меморандумға Тараптардың келісімі бойынша осы Меморандумның ажырамас бөліктері болып табылатын, хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Меморандумды түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген келіспеушіліктер Тараптар тағайындаған өкілдер арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы реттеледі.

11-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Осы Меморандум Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша хабарлауын алған күннен бастап екі ай өткеннен кейін қолданысын тоқтатады.
      2013 жылғы «___» ___________ ______________ қаласында екі түпнұсқа данада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Ұлыбритания және Солтүстік
Ирландия Құрама Корольдігінің
Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Меморандумның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады