"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келiсiмді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2013 жылғы 28 қарашадағы № 1262 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келiсiмді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы

      2010 жылғы 4 наурызда Бернде жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келiсiм ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі,
      заңсыз көші-қонға қарсы неғұрлым тиімдірек күресу мақсатында ынтымақтастықты күшейтуге ниеттене отырып,
      осы Келісім арқылы және өзара түсіністік негізінде Қазақстан Республикасының және Швейцария Конфедерациясының аумағына келу, болу немесе тұру үшін шарттарды орындамаған немесе бұдан әрі орындамайтын адамдарды сәйкестендіру және қайтару үшін жылдам және тиімді рәсімдер орнатуға және ынтымақтастық рухында осындай адамдардың транзитін жеңілдетуге ниет білдіре отырып,
      осы Келісім халықаралық актілерден, оның ішінде адам құқықтары жөніндегі халықаралық актілерден туындайтын Қазақстан Республикасының және Швейцария Конфедерациясының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайтынын көрсете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсатында:
      1) «Реадмиссия» осы Келісімнің ережелеріне сәйкес сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз келген, болатын немесе тұрып жатқан адамдарды (сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды) сұрау салатын Тараптың құзыретті органының қайтаруын және сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының қабылдауын білдіреді.
      2) «Сұрау салатын Тарап» осы Келісімнің II тарауына сәйкес реадмиссия туралы өтініш немесе ІІІ тарауына сәйкес транзит туралы өтініш жіберетін Тарапты білдіреді.
      3) «Сұрау салынатын Тарап» осы Келісімнің II тарауына сәйкес реадмиссия туралы өтініш немесе III тарауына сәйкес транзит туралы өтініш жіберілетін Тарапты білдіреді.
      4) «Үшінші мемлекеттердің азаматтары» Тараптар мемлекеттерінің азаматтығынан басқа кез келген мемлекеттің азаматтығы бар адамды білдіреді.
      5) «Азаматтығы жоқ адамдар» Тараптар мемлекеттерінің азаматтығы жоқ және кез келген өзге мемлекеттің азаматтығына дәлелдемесі жоқ адамды білдіреді.
      6) «Тұруға ықтиярхат» Қазақстан Республикасының немесе  Швейцария Конфедерациясының аумағында тұруға Тараптар берген ресми рұқсаттың кез келген түрін білдіреді. Бұл пана беруге өтініштердің немесе тұруға ықтиярхат үшін өтініштердің өңделуіне байланысты жоғарыда аталған мемлекеттердің аумағында болуға берілген уақытша рұқсаттарға қолданылмайды.
      7) «Виза» Қазақстан Республикасының немесе Швейцария Конфедерациясының аумағы арқылы келу немесе транзит үшін талап етілетін рұқсатты немесе Тараптар қабылдаған шешімді білдіреді. Бұл әуежай арқылы транзиттік визалардың белгілі бір санатына қолданылмайды.
      8) «Құзыретті органдар» Тараптардың осы Келісімді іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдарын білдіреді.
      9) «Шекараны кесіп өту пункті» Жұмыс хаттамасының 12-бабында санамаланған өздерінің мемлекеттік шекараларын кесіп өту үшін Тараптар белгілеген кез келген кесіп өту пунктін білдіреді.
      10) «Транзит» сұрау салатын Тарап мемлекетінен баратын елге өту кезінде үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағы арқылы өтуін білдіреді.
      11) «Тура кіру» сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына әуе жолымен келетін, осы аралықта үшінші мемлекеттерге кірмеген кез келген адамның келуін білдіреді. Әуе аймағында транзиттік күту кіру ретінде қаралмайтын болады.

I тарау
Тараптардың реадмиссия бойынша міндеттемелері 2-бап
Өз азаматтарының реадмиссиясы

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тараптың өтініші негізінде және осы Келісімде көзделген рәсімге сәйкес сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына келу, болу немесе тұру үшін шарттарды орындамаған немесе бұдан әрі орындамайтын және осы Келісімнің 6-бабында айқындалғандай, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын кез келген адамды қабылдайды.
      Осы ереже сондай-ақ сұрау салатын Тараптың мемлекетіне кірген сәтте сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтығында болған, бірақ кейіннен сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтығынан оның ұлттық заңнамасына сәйкес бас тартқан және сұрау салатын Тарап мемлекетінің немесе кез келген өзге мемлекеттің азаматтығын немесе тұруға ықтиярхатын алмаған заңсыз келген немесе тұрып жатқан адамдарға қолданылады.
      2. Сұрау салынатын Тарап сондай-ақ:
      егер сұрау салатын Тараптың мемлекетінде тұруға тәуелсіз ықтиярхаттары болмаса, олардың туған жеріне немесе азаматтығына қарамастан, 1-тармақта аталған адамдардың кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балаларын;
      егер олардың сұрау салатын Тарап мемлекетінде тұруға тәуелсіз құқығы болған жағдайлардан басқа, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағына келуге және болуға құқығы болса немесе келу және болу құқығын ала алса, осы баптың 1-тармағында аталған адамдардан басқа азаматтығы бар жұбайын/зайыбын қабылдайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап реадмиссия туралы өтінішке оң жауап бергеннен кейін сұрау салынатын Тараптың құзыретті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі адамның реадмиссияға қатысты қалауына қарамастан, дереу үш жұмыс күні ішінде әрекет ету мерзімі алты ай болатын реадмиссиялауға жататын адамды қайтару үшін қажетті жол жүру құжатын береді. Егер қандай да бір себеппен мүдделі адам осы жол жүру құжатының әрекет ету кезеңінде қайтарыла алмайтын болса, онда сұрау салынатын Тараптың құзыретті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі күнтізбелік 14 күн ішінде әрекет ету мерзімі осындай жаңа жол жүру құжатын береді.

3-бап
Үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тараптың өтініші негізінде және осы Келісімде көзделген рәсімге сәйкес сұрау салатын Тарап мемлекеттің аумағына келу, болу немесе тұру үшін шарттарды орындамаған немесе бұдан әрі орындамайтын, сұрау салатын Тарап осы Келісімнің 7-бабына сәйкес мұндай адам:
      1) сұрау салынатын Тарап мемлекетінің қолданыстағы визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар немесе келген сәтінде болғанына; немесе
      2) сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында болғаннан немесе сол арқылы транзиттен кейін сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз және тікелей кіргеніне; немесе
      3) кету уақытында сұрау салынатын Тарап мемлекетінде панаға үміттенгеніне және сұрау салынатын Тарап мемлекетіне барар жолда кесіп өткен кез келген мемлекет үшін қолданыстағы визасы жоқ екеніне растау ұсынса, үшінші мемлекеттердің кез келген азаматтарын қабылдайды.
      2. Егер:
      1) үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар сұрау салынатын Тарап мемлекеттің халықаралық әуежайы арқылы транзитпен жүрсе; немесе
      2) егер:
      осы адамда сұрау салынатын Тарап шығарған, ұзағырақ әрекет ету мерзімі бар виза немесе тұруға ықтиярхат болған; немесе
      сұрау салынатын Тарап шығарған виза немесе тұруға ықтиярхат қолдан жасалған немесе жалған құжаттарды пайдалану арқылы немесе жалған өтініштердің негізінде алынған және мүдделі адам сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында болған немесе ол арқылы транзитпен еткен; немесе
      осы адамда визаға қоса берілген кез келген талапты сақтауға жағдайы болмаған және сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында болған немесе ол арқылы транзитпен өткен жағдайлардан басқа, сұрау салатын Тарап үшінші мемлекеттердің азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға визаны немесе тұруға ықтиярхатты оның мемлекетінің аумағына кірудің алдында немесе кейін шығарса, осы баптың 1-тармағында көзделген реадмиссия бойынша міндеттеме қолданылмайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап реадмиссияға өтінішке оң жауап бергеннен кейін сұрау салатын Тарап реадмиссияға жататын адамға сұрау салынатын Тарап таныған үлгідегі жол жүру құжатын береді.

II тарау
Реадмиссия рәсімі 4-бап
Реадмиссияға өтініш

      1. Осы баптың 2-тармағын ескере отырып, осы Келісімнің 2 және 3-баптарындағы міндеттемелердің бірінің негізінде реадмиссияға жататын адамның кез келген қайтуы реадмиссияға өтінішті сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының мекенжайына тікелей беруді қажет етеді.
      2. Осы Келісімнің 2 және 3-баптарының ережелеріне зиян келтірмей, егер реадмиссияға жататын адамда қолданыстағы ұлттық паспорт болса және егер мұндай адамда - үшінші мемлекеттің азаматында немесе азаматтығы жоқ адамда осы адамды қабылдаушы мемлекеттің қолданыстағы визасы немесе тұруға ықтиярхаты болған жағдайда, реадмиссияға өтініш талап етілмейді.

5-бап
Реадмиссияға өтініштің мазмұны

      1. Мүмкіндігіне қарай, реадмиссияға өтініш мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
      1) реадмиссияға жататын адамның жеке деректері (мысалы аты, тегі, туған күні, мүмкіндігінше туған жері және соңғы тұрған жері) және қажет болғанда, кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балаларының және/немесе жұбайының/зайыбының толық деректері;
      2) азаматтығына дәлелдемелерді және осы Келісімнің 3-бабында жазылғандай, үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін қажетті шарттардың сақталуын көрсету;
      3) реадмиссияға жататын адамның фотосуреті.
      2. Реадмиссияға өтініш үшін пайдаланылатын жалпы нысан Жұмыс хаттамасына 1-қосымшада бекітілген.

6-бап
Азаматтықты растау

      1. Азаматтықты растау осы Келісімнің 2-бабына сәйкес, кем дегенде, тіпті әрекет ету мерзімі өтіп кетсе де, Жұмыс хаттамасының 1-бабында санамаланған құжаттардың бірі арқылы қамтамасыз етіле алады. Мұндай құжаттарды ұсынған жағдайда Тараптар одан әрі қажет етілетін тексерусіз азаматтықты өзара мойындайды.
      2. Азаматтықты дәлелдеу презумпциясы осы Келісімнің 2-бабына сәйкес әрекет ету мерзімі өтіп кетсе де Жұмыс хаттамасының 2-бабында санамаланған құжаттардың бірін ұсынған жағдайда пайдаланылуы мүмкін. Мұндай құжаттарды ұсынған жағдайда Тараптар, егер керісінше дәлелденбесе, азаматтық анықталды деп есептейтін болады.
      3. Азаматтық жалған құжаттар арқылы анықтала алмайды.
      4. Егер Жұмыс хаттамасының 1 немесе 2-баптарында санамаланған құжаттардың бір де бірі ұсыныла алмайтын болса, онда сұрау салынатын Тараптың дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі сұрау салу бойынша негізсіз кешіктірулерсіз реадмиссияға жататын адамның азаматтығын анықтау мақсатында онымен әңгімелесу өткізу үшін сұрау салатын Тараптың құзыретті органымен бірлесіп, алдын ала қажетті шараларды қабылдайды.
      5. Мұндай әңгімелесулер рәсімі осы Келісімнің 17-бабында көзделгендей Жұмыс хаттамасында белгіленген.

7-бап
Үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты растама

      1. Осы Келісімнің 3-бабында белгіленген үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін жағдайлардың барына дәлелдеме Жұмыс хаттамасының 3-бабында санамаланған құжаттардың кем дегенде бірі ұсынылған кезде қабылдануы мүмкін. Кез келген мұндай дәлелдемені Тараптар одан әрі қажет етілетін тексеріссіз өзара мойындайды.
      2. Осы Келісімнің 3-бабына сәйкес үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін жағдайлардың барына дәлелдеме презумпциясы Жұмыс хаттамасының 4-бабында санамаланған құжаттардың кем дегенде бірі ұсынылған кезде пайдаланылуы мүмкін. Мұндай презумпция кезінде Тараптар, егер керісінше дәлелденбесе, реадмиссия үшін жағдайлар анықталды деп есептейтін болады.
      3. Үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін жағдайлардың барына дәлелдеме жалған құжаттар арқылы анықтала алмайды.
      4. Келудің, болудың немесе тұрудың заңсыздығы қажетті визасы немесе сұрау салатын Тарап мемлекеттің аумағында тұруға ықтиярхаты жоқ мүдделі адамның жол жүру құжаттары арқылы анықталады. Мүдделі адамда қажетті жол жүру құжаттары, визалары немесе тұруға ықтиярхаты жоқ екені туралы сұрау салатын Тараптың тиісті түрде дәлелді өтінішіне заңсыз келуді, болуды немесе тұруды жоққа шығару болмаған жағдайда жеткілікті дәлелдеме осыған ұқсас ілесе берілуі тиіс.

8-бап
Реадмиссияға заңсыз ұшыраған адамдарды қайтару

      Сұрау салатын Тарап, егер осы Келісімнің 2 және 3-баптарында белгіленген талаптардың сақталмағаны анықталса, сұрау салынатын Тарап реадмиссия бойынша қабылдаған адамды дереу қайта қабылдайды. Мұндай адамды қайтару ол сұрау салынатын мемлекеттің аумағына келгеннен кейін бір ай ішінде ұйымдастырылады. Бұл жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы реадмиссия процесінде берілген мұндай адамға қатысты барлық құжаттарды сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарына береді.

9-бап
Мерзімдер

      1. Реадмиссияға өтінішті сұрау салатын Тараптың құзыретті органы үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам келу, болу немесе тұру үшін қолданыстағы шарттарды орындамағанын немесе бұдан әрі орындамайтынын анықтаған күннен бастап бір жыл ішінде сұрау салатын Тараптың құзыретті органы ұсынуға тиіс. Өтінішті уақтылы ұсыну үшін заңдық немесе нақты кедергілер болған жағдайда, сұрау салатын Тараптың сұрау салуы бойынша уақытша шектеулер кедергілер жойылған сәтке дейін ғана ұзартылуы мүмкін.
      2. Реадмиссияға өтінішке жауап өтінішті алған күнін растай отырып, күнтізбелік 15 күн ішінде ұсынылады. Өтінішке уақтылы жауап беруге заңдық немесе нақты кедергілер болған жағдайда, уақытша шектеулер тиісті түрдегі дәлелді сұрау салудың негізінде күнтізбелік алты күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
      3. Реадмиссияға сұрау салуға бас тарту себептері жазбаша нысанда ұсынылады.
      4. Реадмиссияға жататын адам алты ай ішінде қайтарылады. Тиісті түрдегі дәлелді сұрау салудың негізінде бұл мерзім заңдық немесе нақты кедергілерді жою уақытына ұзартылуы мүмкін. Осы тармақта көзделген уақытша шектеулер реадмиссияға өтінішке оң жауап алынған күннен бастап есептеле бастайды.

10-бап
Қайтару жолдары және тасымалдау тәсілдері

      1. Адамның реадмиссиясы жүргізілгенге дейін Тараптардың құзыретті органдары қайтару күнін, шекарадан өту пункттерін, ықтимал ілесіп жүруді және адамды қайтаруға қатысты басқа да ақпаратты жазбаша нысанда және алдын ала келіседі.
      2. Мүмкіндігіне қарай және қажет болғанда осы баптың 1-тармағында айтылған жазбаша уағдаластықтар:
      1) реадмиссияға жататын адамға, егер бұған осы адам мүдделі болса, көмек немесе қамқорлық қажет болуы мүмкін екенін көрсететін;
      2) адамдарды қайтарудың жекелеген оқиғаларында қауіпсіздік үшін кез келген басқа да қорғану шараларын қолданудың ықтимал қажеттігін көрсететін ақпаратты қамтуы тиіс.
      3. Тасымалдау әуе немесе жердегі жолмен жүзеге асырылуы мүмкін. Әуе жолымен қайтару Тараптар мемлекеттерінің ұлттық авиатасымалдаушыларын пайдаланумен шектелмеуге тиіс және кесте бойынша рейстер немесе чартерлік рейстер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

III тарау
Транзиттік операциялар 11-бап
Жалпы қағидаттар

      1. Баратын мемлекетке қайтару тура жүзеге асырылмайтын жағдайлардан басқа, Тараптар үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитін шектейді.
      2. Осы адамның басқа транзит мемлекеттері арқылы өтуі және баратын мемлекеттің оны қабылдауы расталғанына көз жеткізе отырып, егер Қазақстан Республикасы осындай сұрау салу жіберсе, Швейцария Конфедерациясы үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне рұқсат етеді және Швейцария Конфедерациясы осындай сұрау салу жіберсе, Қазақстан Республикасы үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне рұқсат етеді.
      3. Тараптар:
      1) егер үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам баратын мемлекетте немесе транзиттің басқа мемлекетінде зорлық-зомбылыққа немесе қатаң немесе абыройын түсіретін қарым-қатынасқа немесе жазаға немесе өлім жазасына немесе өзінің нәсілдік, діни, ұлттық жекелеген әлеуметтік топтарға мүшелігінің немесе саяси нанымдарының белгісіне қарай қудалауға ұшырауы мүмкін деген қауіп болса; немесе
      2) егер үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам сұрау салынатын Тараптың мемлекетінде, транзиттің басқа мемлекетінде немесе баратын мемлекетте қылмыстық қудалауға немесе жазалауға жатса; немесе
      3) қоғамдық денсаулықты, ішкі қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе сұрау салынатын Тарап мемлекетінің басқа да ұлттық мүдделерін сақтау негіздерінде транзиттен бас тартуы мүмкін.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында айтылған мән-жайлар кейіннен туындаса немесе анықталса және транзитке кедергілер келтірсе, немесе егер транзиттің ықтимал мемлекеттері арқылы өтуді немесе реадмиссияны баратын мемлекет қамтамасыз етпесе, онда Тараптар бұрын шығарылған кез келген рұқсаттың күшін жоя алады. Бұл жағдайда сұрау салатын Тарап қажеттілігіне қарай және кейінге қалдырмай, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды кері қабылдайды.

12-бап
Транзит рәсімі

      1. Транзиттік операциялар үшін өтінішті құзыретті орган жазбаша нысанда береді және ол мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) транзит түрі (әуе немесе жердегі жолмен), транзиттің ықтимал басқа да мемлекеттері және жоспарланған соңғы баратын жері;
      2) мүдделі адамның жеке деректері (мысалы: аты, тегі, туған күні және мүмкін болса - туған жері, азаматтығы, жол жүру құжатының түрі мен нөмірі);
      3) шекараны кесіп өтудің көзделген пункттері, транзит күні мен уақыты және ықтимал ілесіп жүру.
      2. Транзитке өтініштер үшін пайдаланылатын жалпы нысан Жұмыс хаттамасына 2-қосымшада бекітілген.
      3. Сұрау салынатын Тарап күнтізбелік үш күн ішінде жазбаша нысанда өзінің транзитке келісімі туралы сұрау салатын Тараптың құзыретті органына хабарлайды және шекараны кесіп өту пункті мен транзиттің жоспарланған уақытын растайды немесе транзиттен бас тарту және оның себептері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
      4. Егер транзит әуе жолымен жүзеге асырылса, онда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің халықаралық міндеттемелерінің шегінде кері қайтарылатын адам және ілесіп жүруі мүмкін адамдар әуежай арқылы транзиттік визадан босатылады.
      5. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары өзара консультациялар бойынша, атап айтқанда, қарастырылып жатқан адамдарды қадағалау және осы мақсаттар үшін ыңғайлы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы транзиттік операцияларды қолдайды.

IV тарау
Шығындар 13-бап
Реадмиссиямен және транзитпен байланысты шығындар

      Құзыретті органдардың реадмиссияға жататын адамнан немесе үшінші тараптардан реадмиссияға байланысты шығындарды өтету құқығына зиян келтірмей және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде:
      1) адамдардың реадмиссиясымен байланысты барлық, оның ішінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің шекара пункттерін кесіп өтумен байланысты шығыстарды сұрау салатын Тарап төлейтін болады;
      2) транзитпен байланысты барлық, оның ішінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің шекара пункттерін кесіп өтумен байланысты шығыстарды, сондай-ақ осы Келісімнің 8-бабында аталған адамдарды қайтарумен байланысты шығыстарды сұрау салатын Тарап төлейтін болады;
      3) адамның азаматтығын және келу фактісін анықтаумен байланысты шығыстарды сұрау салатын Тарап төлейтін болады.

V тарау
Деректерді қорғау 14-бап
Деректерді қорғау

      1. Егер жеке деректерді беру, егер мұндай беру Тараптардың құзыретті органдарының осы Келісімді іске асыруы үшін қажет болса ғана мән-жайларға байланысты жүзеге асырылады. Жекелеген жағдайларда жеке деректерді беру, өңдеу немесе қарастыру кезінде Қазақстан Республикасының құзыретті органдары Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын сақтауы тиіс және Швейцария Конфедерациясының құзыретті органдары Швейцария Конфедерациясының ұлттық заңнамасын сақтауы тиіс. Қосымша мынадай қағидаттар қолданылады:
      1) қабылдайтын Тараптың құзыретті органы деректерді осы Келісімде белгіленген мақсаттарда және беретін Тараптың құзыретті органы белгілеген жағдайларда ғана пайдаланады;
      2) сұрау салу бойынша қабылдайтын Тараптың құзыретті органы деректердің мақсаты бойынша пайдаланылғаны туралы беретін Тараптың құзыретті органына хабарлайды;
      3) жеке деректерді осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті орган бере алады және пайдалана алады. Беретін Тараптың құзыретті органы деректер одан әрі басқа органдарға берілуден бұрын өзінің жазбаша келісімін алдын ала беруге міндетті;
      4) беретін Тараптың құзыретті органы деректердің шынайылығын, қажеттілігін және беріліп отырған мақсаттардың талаптарынан аспауын қамтамасыз етеді. Беретін Тараптың құзыретті органы деректерді беру туралы ішкі заңнамаға сәйкес кез келген шектеулерді сақтауға тиіс. Егер деректер шынайы болмаса немесе заңсыз берілсе, онда қабылдайтын Тараптың құзыретті органдарына бұл туралы дереу хабарланатын болады және мұндай деректер түзетілуі немесе жойылуы тиіс;
      5) сұрау салу бойынша адамдар өздеріне қатысты берілетін кез келген деректермен, сондай-ақ сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес көзделетін мақсаттарымен таныса алады;
      6) берілген жеке деректер олар берілген мақсаттар үшін қажет болған уақытқа дейін сақталады. Әрбір Тарап сақталған деректердің өңделуі және пайдаланылуын бақылауды тиісті құзыретті органға тапсырады;
      7) Тараптардың құзыретті органдары берілген жеке деректердің санкцияланбаған енуден, өзгерістерден немесе оларды ашудан, сондай-ақ жеке деректерді жазбаша нысанда жазудан, беруден және алудан сақталуын қамтамасыз етеді.
      2. Адамдардың реадмиссиясына қатысты берілген жеке деректер тек мыналарға қатысты бола алады:
      1) қайтаруға жататын адамның және қажет болғанда оның отбасы мүшелерінің толық деректері (аты, тегі, кез келген бұрынғы есімдері, аттары немесе бүркеншік аттары, ойдан шығарылған аттары, туған күні мен жері, жынысы, қазіргі және бұның алдындағы кез келген азаматтығы);
      2) жеке куәлігі, паспорты, басқа куәліктері мен жол жүру құжаттары және келуге рұқсаты (нөмірі, әрекет ету мерзімі, шығарылған күні, кім берді, берілген жері және т.б.);
      3) қайтарылатын адамды сәйкестендіру үшін немесе тексеру үшін қажетті саусақ іздері мен фотосуреттер сияқты басқа да детальдар;
      4) жолда тоқтайтын жерлері және бағыттары.

VI тарау
Орындау және қолдану 15-бап
Басқа халықаралық міндеттемелерге қатысы

      1. Осы Келісім халықаралық шарттардан, атап айтқанда:
      1) 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпы декларациясынан;
      2) 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіден;
      3) 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенциядан және 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесіне қатысты Хаттамадан;
      4) 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциядан және 2002 жылғы 18 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға факультативтік хаттамадан;
      5) беру және транзит туралы халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. Осы Келісім басқа ресми шаралар кезінде (әсіресе беру бойынша) адамдарды қайтаруға кедергі келтірмеуі тиіс.

16-бап
Сарапшылардың кездесулері

      Қажет болғанда Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша Тараптар осы Келісімді қолдану мәселелері бойынша сарапшылардың кездесулерін өткізетін болады.

17-бап
Жұмыс хаттамасы

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Швейцария Конфедерациясының Федералдық әділет және полиция департаменті Жұмыс хаттамасын жасасады, ол:
      1) құзыретті органдар, шекарадан өту пункттері, байланыс пункттеріне және коммуникация тіліне қатысты ақпарат алмасу туралы;
      2) үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзитін қоса алғанда, ілесіп жүрілетін қайтару жағдайлары туралы;
      3) осы Келісімнің 6-бабында көзделген әңгімелесуге арналған рәсім туралы ережелерді қамтиды.

VII тарау
Қорытынды ережелер 18-бап
Күшіне ену, қолданылу мерзімі, тоқтата тұру және тоқтату

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      3. Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге кез келген уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгерістер осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
      4. Тараптар қоғамдық тәртіпті, ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық денсаулықты қорғау мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады. Тараптар ол күшіне енгенге дейін 72 сағаттан кешіктірмей, дипломатиялық арналар бойынша тоқтата тұру туралы шешімге қатысты бір біріне хабарлайды. Осы Келісімнің әрекетін тоқтатқан Тарап оны тоқтату үшін себептер жойылғаннан кейін дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапқа дереу хабарлайды.
      5. Тараптар екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы ресми хабарлау арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Осы Келісім тиісті жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.

      Берн қаласында 2010 жылғы 4 наурызда екі түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, неміс, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының      Швейцария Федералдық
           Үкіметі үшін                  Кеңесі үшін

      2010 жылғы 4 наурызда Берн қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                      Д. Есентаев

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің неміс және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады