1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 1301 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 30 желтоқсанда Астана қаласында жасалған 1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 1301 қаулысымен
бекітілген

1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы
Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты
келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы
меморандум

      (2014 жылғы 8 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 21-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар),

      1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің (бұдан әрі – Негіздемелік келісім) V бабына сәйкес,

      Негіздемелік келісімге сәйкес салықтардан босату үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ Жәрдемдесу бағдарламаларына қатысты ақпарат ұсыну мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1 бап

      Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламалары деп қайтарымсыз негізде Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі – АҚШ Үкіметі) ұсынатын, Қазақстан халқының игілігі үшін ізгілік көмек, техникалық және экономикалық жәрдем көрсетуге бағытталған бағдарламалар (бұдан әрі – Жәрдемдесу бағдарламалары) түсініледі. Тараптардың құзыретті органдары Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларының басымдықтарына, мақсаттары мен бағыттарына, қол жеткізілуге тиіс нәтижелерге және нәтижелерді бағалау тәсілдеріне, сондай-ақ Тараптардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты тиісті мәселелерді мерзімді талқылайтын болады.

2 бап

      Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі (бұдан әрі – Экономика министрлігі) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретті органы болып табылады, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі (бұдан әрі – АҚШ Елшілігі) АҚШ Үкіметінің құзыретті органы болып табылады. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының өзгеруі туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы мұндай өзгеріс туралы шешім қабылданған күннен кейін 30 күн ішінде хабардар етеді.

3 бап

      Жыл сайын, 31 қаңтарға дейін АҚШ Елшілігі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Экономика министрлігіне мыналарды:

      (а) алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде жүзеге асырылған Жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыру мақсаттары мен міндеттерін, мерзімдерін және Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын барлық ұйымдарды қаржыландыру көлемін қоса алғанда, олардың тізбесін;

      (b) АҚШ ұйымдарының осындай кез келген тізімін кейіннен қажетіне қарай өзгерту немесе толықтыру мүмкіндігі шартымен олар жүзеге асыратын қызмет түрлерін көрсете отырып, АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын жүзеге асыратын үкіметтік және жеке меншік ұйымдарының (бұдан әрі – АҚШ ұйымдары) тізбесін;

      (c) АҚШ Конгресіне берілген Жәрдемдесу бағдарламаларының орындалуы жөніндегі жыл сайынғы есептің көшірмесін;

      (d) беру туралы Тараптар алдағы уақытта уағдаласуы мүмкін Жәрдемдесу бағдарламаларына қатысты ақпаратты жолдайтын болады.

4 бап

      Егер АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын жеке меншік ұйымдары мен олардың қызметкерлері Негіздемелік келісімде көзделмеген өзге қызметті жүзеге асырған жағдайда, Тараптар мұндай қызметке салық салу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын таниды. Негіздемелік келісімге қатысты "АҚШ-тың жеке меншік ұйымы" - бұл Америка Құрама Штаттары штаттарының кез келгенінің заңнамасына сәйкес корпорация, бизнес траст, мүліктік кешен, траст, серіктестік, қор немесе қауымдастық ретінде қалыптастырылған үкіметтік емес ұйым.

5 бап

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ Елшілігіне АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын ұйымдарының кез келгенінің құқықтық мәртебесі туралы ақпарат беруге қатысты сұрау салуға құқылы.

6 бап

      Қазақстан Республикасының Үкіметі дипломатиялық арналар арқылы, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларын орындау үшін қажет болуы мүмкін тіркеу, Қазақстан Республикасының рұқсаттары мен лицензияларын алу үдерістерін Негіздемелік келісімге сәйкес салықтан босатуды жеңілдету және жеделдету мәселелерінде жәрдем көрсетеді.

7 бап

      Тараптар арасындағы осы Меморандумды орындауға қатысты барлық даулы мәселелер өзара консультациялар арқылы шешілетін болады.

8 бап

      Осы Меморандум Негіздемелік келісімге сәйкес орындалады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабардар еткен сәттен бастап күшіне енеді.

9 бап

      Осы Меморандум Негіздемелік келісімнің қолданылуы тоқтатылған сәттен бастап өзінің қолданылуын тоқтатады.

      Астана қаласында 2010 жылғы 30 желтоқсанда әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Америка Құрама Штаттарының
Үкіметі үшін


      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Меморандумның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады