Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 2 қазанда Бразилиа қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1462 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 1 қазандағы
№ 1040 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен
Бразилия Федеративтік Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді
визасыз сапарлары туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі;
өзара сыйластық қағидатына кепілдік беруді және азаматтардың өзара сапарларын жеңілдетуді қалай отырып;
Тараптар арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту және тығыз байланыстарды нығайту мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар мемлекетінің аумағына бірінші келген күнінен бастап бір жыл ішінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезең ішінде жарамды паспорттарының иелері, бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына туристік немесе іскерлік сапар мақсатында визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
2. Болу мемлекетінің тиісті ұлттық органдары аталған кезеңді бір рет және күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңге ұзартуы мүмкін.
2-бап
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін жарамды паспорттың мағынасы мынаны білдіреді:
а) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
б) Бразилия Федеративтік Республикасының кәдімгі паспорты.
2. Туризм екінші Тарап мемлекетінің аумағында жергілікті табыс көздерін қаржылық міндеттемелерге әкелуі мүмкін кіріс әкелетін қызметпен айналысуды болдырмайтын ойын-сауық, танымдық, мәдени және басқа да мақсаттардағы саяхатты білдіреді.
3. Транзит түпкілікті межелі орынға жету мақсатында бір Тарап мемлекетінің азаматтары үшін екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу мүмкіндігін білдіреді.
4. Іскерлік сапар коммерциялық мүмкіндіктерді зерттеуге, отырыстарға қатысуға, келісімшарттарға қол қоюға, басқарушылық және әкімшілік іс-шараларды өткізуге жіберілген бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағында ақылы қызмет атқармайтын сапарларын білдіреді.
3-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында қалуға, ақылы қызметті жүзеге асыруға, жұмысқа орналасуға, зерттеулермен, тағылымдамадан өтумен, оқумен және әлеуметтік жұмыстармен айналысуға, сондай-ақ техникалық көмек, миссионерлік, діни немесе көркем қызметті орындауға немесе осы Келісімнің 2-бабында аталғандардан басқа қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайда екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті виза ресімдеу үшін жүгінуге тиіс.
4-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтар халықаралық қатынастар үшін ашық шекараны кесіп өтудің барлық пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, транзитпен өте алады және кете алады.
5-бап
Осы Келісімде көзделген визалық талаптардан босатылу бір Тарап мемлекетінің азаматтарын екінші Тарап мемлекетінің аумағында қысқа мерзімді болу кезінде сол Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы бір Тарап мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын сақтайды.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата алады. Осы Келісімді тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы кідіріссіз жолданады.
8-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңінде жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, аумақтан шығу мақсатында өз мемлекетінің болу мемлекеті аумағындағы дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі беретін тиісті жол жүру құжатын алуға тиіс.
9-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің тиісті паспорттарының үлгілерімен алмасады.
2. Паспорттар өзгерген жағдайда, мүдделі Тарап жаңа паспорттардың үлгілерін олар қолданысқа енгізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын оларды қолдану туралы ақпаратпен бірге дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдайды.
10-бап
1. Тараптардың жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге дипломатиялық арналар арқылы түзетулер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
2. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
11-бап
1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында оның күшіне енуі үшін белгіленген талаптарды орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Аталған хабарлама алынған күннен кейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң осы Келісім өзінің қолданысын тоқтатады.
2013 жылғы 2 қазанда Бразилиа қаласында әрқайсысы қазақ, португал, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының |
Бразилия Федеративтік |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.