Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1509 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 шілдедегі № 466 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.07.2021 № 466 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдама бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігіне жүктелсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі С. Ахметов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1509 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын
реформалау жөніндегі тұжырымдама

1. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды пайымдау

      1. Ағымдағы жағдайды талдау

      Ескерту. 1-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазіргі уақытта құрылыс саласындағы заңнама "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарынан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесінен және басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Құрылыс қызметінің негізгі түпкілікті өнімдерінің – ғимараттар мен басқа да салынған құрылыстардың қауіпсіздігі құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл геологиялық, табиғи-климаттық, технологиялық және пайдалану ортасының бірегей жағдайларында жердің нақты учаскесінде кейіннен пайдалану үшін құрылыс қызметіне қатысушылардың ұжымдық және келісіп күш сала отырып шығаратын күрделі, көпқұрауышты бірегей өнімі болып табылатын ғимараттар мен құрылыстардың сипаттамасымен негізделген.

      Өткен ғасырдың 90-жылдарында құрылыс нормалары мен қағидаларының басым бөлігін өңдеу жүзеге асырылған болатын. 2004 жылы күшіне енген "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы елдің нормативтік базасын қайта құрылымдау және саудадағы, оның ішінде құрылыс саласындағы кедергілерді жою мақсатында әзірленді.

      Бірақ күтілген нәтижеге бірқатар объективтік себептерге байланысты қол жеткізілген жоқ:

      1) Қазақстан Республикасының "Техникалық реттеу туралы" және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңдарында өнімдер мен процестердің сапасын қамтамасыз ететін құқықтық реттеудің сәйкес келмеуі салдарынан.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңындағы нормативтердің (нормалар, қағидалар, стандарттар және басқалар) міндетті сақталу мәртебесі бар. Сонымен қатар, "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында техникалық регламенттерден басқа стандарттар мен өзге де нормативтердің ерікті мәртебесі белгіленеді;

      2) құрылыс саласын дамыту бойынша нарықтық қатынастар талаптары позициясының және әлемдік техникалық деңгейдегі жетістіктердің құрылымы мен мазмұны бойынша құрылыс саласының ескірген нормативтік-техникалық базасы қайта қаралмаған.

      2009 жылы техникалық реттеудің шетелдік тәжірибесін, оның ішінде бірқатар экономикалық дамыған елдердің (Австралия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ елдерінің, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония) құрылыс саласының нормативтік базасын, сондай-ақ Беларусь Республикасының, Ресей Федерациясы мен Украинаның тәжірибесін зерттеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді.

      Талдау техникалық нормалаудың Еуропалық жүйесі бойынша ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш конструкцияларын жобалаудың бірыңғай әдістемесі және төзімділік пен үнемділік аспектілерін ескере отырып, өрт болған жағдайда тетіктік беріктік, тұрақтылық және қауіпсіздік бөлігіндегі екі талапқа сәйкес келуін растайтын дәлелдеу тәсілі ретінде Еурокодтарды қолдану және пайдалану көзделетінін көрсетті.

      Кеден одағы шеңберінде 2010 жылғы 18 қарашадағы "Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы" келісім бойынша "Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент жобасы әзірленді. № 305 Еуропалық Регламентке ұқсас талаптарды сақтауды ұйғарылған әдістен нормалаудың параметрлік әдісіне өтуге бағытталған мемлекетаралық нормативтік құжаттар және стандарттар жүйесін құру жолымен қамтамасыз ету көзделген.

      Әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі елдер сауда-экономикалық қатынастарға кіреді және капиталды, еңбек ресурстарын, өнімдерді және көрсетілетін қызметтерді кедергісіз ауыстыру және пайдалану үшін техникалық реттеудің ұлттық жүйелерін үйлестіреді. Ғимараттар мен құрылыстардың конструкцияларын жобалау бойынша есептердің бірыңғай қағидаттарының құрылысқа (кейіннен 305/2011 регламентін қабылдай отырып, 89/106 Еуропалық директивасы) қоятын бірыңғай базалық талаптарын белгілеу бойынша Еуропалық одақтың бағдарламасы (еурокодтар) айрықша ауқымды болып табылады. Еурокодтар құрылыс материалдары мен бұйымдарына (CEN) арналған еуропалық үйлестірілген стандарттар жиынтығында қолданылады.

      ТМД елдері (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина) техникалық реттеудің еуропалық жүйесін енгізудің түрлі кезеңдерінде тұр.

      Сонымен қатар, ТМД және Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі (БЭК) интеграциялық процестер келісу саясатын жүргізу және техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттарын белгілеу қажеттілігін туғызды.

      ЕО қатысушы елдердің мысалы бойынша мемлекетаралық келісімдерді орындау үшін "Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентінің жобасы әзірленді. Техникалық регламенттің талаптарын орындау мақсатында қолданылатын мемлекетаралық нормативтік құжаттар тізбесі ЕО мен ДСҰ-ға интеграциялануды ескере отырып, КО-ға қатысушы елдердің ұлттық нормативтік құжаттарын үйлестіру негізінде қалыптасады.

      Тұтастай алғанда, Кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД бойынша құрылыстағы техникалық реттеудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаттарын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы құрылыс саласының техникалық реттеу жүйесін реформалау Кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД бойынша Еуропалық әдістермен (еурокодтар) және мемлекетаралық нормативтік құжаттармен үйлестірілген құрылыс саласының жаңа нормативтік базасын құру жолымен жүзеге асырылуы қажет, ол параметрлік нормалауды енгізуден тұрады.

      Қолданыстағы нормалау жүйесі нормалаудың ұйғарылған әдісіне – бекітілген құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ), стандарттарға (МЕМСТ) сәйкес объектілерді жобалау және салу талаптарын қатаң сақтауға негізделген, бұл басқа (балама) нұсқаларды қолдануға жол бермейді, инновациялық (жаңа) жобалау шешімдерін қолдануға кедергі болады. Бұл шетелдік және отандық инвестицияларды тартуды және құрылыс саласындағы ғылыми-техникалық әзірлемелер мен шешімдерді тежейді.

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасы бойынша ағымды жағдайды талдау қазіргі уақытта республиканың нормативтік базасында екі жарым мыңнан аса бірліктің бар екенін көрсетіп отыр.

      Оларға:

      1) Қазақстан Республикасының заңдары – 5 ("Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Техникалық реттеу туралы", "Лицензиялау туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы" және "Азаматтық қорғау туралы");

      2) техникалық регламенттер – 27 ("Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар", "Темірбетон, бетон конструкциялардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар", "Ағаш конструкциялардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар", "Металл конструкциялардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар", "Басқа материалдардан жасалған конструкциялардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" және басқалар);

      3) құрылыс нормалары мен ережелері (ҚНжЕ, ҚР ҚНжЕ) – 139;

      4) ҚН, ҚР ҚН – 105, ЕЖ, ҚР ЕЖ – 27;

      5) ҚБҚ, ҚР ҚБҚ – 50, ҚНжЕ және ҚР ҚНжЕ берілген құралдар – 100;

      6) ведомстволық құрылыс нормалары (ВҚН) – 116;

      7) стандарттар (МЕМСТ, МСТ МЕМСТ, ҚР СТ, МБ СТ, ЭӨО СТ, ССТ, ҚР ССТ) – 836;

      8) баға белгілеу және сметалар жөніндегі нормативтер (БНжЕ, ҚР Е, оларға берілген қосымшалар мен әдістемелік кепілдемелер) – 581;

      9) мемлекетаралық нормативтер (МҚН, СЕЖ) – 20, сондай-ақ басқа нормативтер жатады.

      Бұл ретте қолданыстағы нормативтер сапалық қатынаста қалай жобалау керектігі, неден құрылыс салу керектігі, объектінің сметалық бағасын қалай анықтау қажеттігі туралы нақты нұсқау береді, алайда осы нұсқаулар қандай мақсатты көздейтіндігі және нәтижесінде объекті қалай жұмыс істейтіндігі түсіндірілмейді. Жобалаушы, құрылысшы, инспектор нормалардың нұсқауларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Әдетте, осы нормалар жылдарды айтпағанда, он жылдап та жаңартылмайды, тиісінше – олардың ішінде инновация мен жаңа материалдарды енгізуге кедергі болатын ескі құрылыстық шешімдер жігі бұзылмай тұрады.

      Еуропалық елдерде ғимараттар мен құрылыстарды пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ғана қатаң сақтауға бағытталған нормалаудың параметрлік әдісі қолданылады, ал басқа параметрлер құрылыс процесіне қатысушы субъектілердің шешімі бойынша қаралады.

      Осыған байланысты, нормалаудың параметрлік әдісі құрылыс саласындағы техникалық регламенттің параметрлік талаптарын сақтау әдістеріне негізделген құрылыс шешімдерін таңдауға рұқсат береді.

      Осылайша, жоғарыда аталған материалдарды талдау нәтижелері бойынша:

      1) экономикасы дамыған елдердің және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің, ЕурАзЭҚ және ТМД мүшелерінің техникалық реттеу жүйелеріне тән жалпы қағидаттар мен тәсілдер айқындалды;

      2) Қазақстанның құрылыс саласының қолданыстағы техникалық реттеу жүйесін Еуропалық одақтың экономикасы дамыған елдерінің, сондай-ақ Кеден одағының, ЕурАзЭҚ және ТМД қатысушы мемлекеттердің ұқсас жүйелерімен салыстырғанда түбегейлі айырмашылықтар анықталды;

      3) ұйғарылған әдістен экономикасы дамыған елдерде, оның ішінде нормалаудың еуропалық жүйесінде қабылданған қазіргі параметрлік әдіске кезең-кезеңімен өтуді жүзеге асыру ұсынылып отыр.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісінің Еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске сәйкес келмеуі орын алады.

      Осыған байланысты, Қазақстанда 2010 жылы "Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті, еурокодтарға ұқсас құрылыс нормалары (ҚР ҚН EN) әзірленді және бекітілді, оларға ұлттық қосымшаларды қалыптастыру аяқталып келеді. Құрылыс материалдары мен бұйымдарына стандарттарды (ҚР ҚН EN) үйлестіру және параметрлік нормалау қағидаттарының негізінде ғимараттар мен құрылыстар және инженерлік жүйелер бойынша нормативтерді әзірлеу жүзеге асырылады.

      Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі құрылыс өндірісі көлемінің артуына, тікелей шетелдік инвестициялар түсімінің артуына ықпал етті. Шетелдік жобалау құжаттамасын пайдалана отырып әзірленген объектілердің құрылысы олардың бейімделуі арқылы және нормативтік құжаттарда айырмашылықтар болғандықтан, арнайы техникалық шарттарды (АТШ) әзірлеу арқылы жүзеге асырылды.

      Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау құрылыс саласының нормалау және стандарттау, құрылыс материалдары мен бұйымдарын импорттау/экспорттау, баға белгілеу, құрылыстың сметалық бағасы, ресурсты үнемдеу, құқық қорғау қызметі және тағы да басқалар сияқты аспектілерін қозғауы;

      құрылыс саласының нормативтік базасын ғана емес, сонымен қатар техникалық реттеудің барлық басқа жүйелік құрауыштарын бір кешенде реформалауды қарастыруы;

      отандық өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс индустриясының өндірістерін халықаралық талаптар мен стандарттарға жауап беретін құрылысқа арналған жаңа өнімді шығаруға жаңғырту үшін техникалық реттеу бойынша жағдай жасауы;

      кәсіптік білім, үздіксіз кәсіптік білім алу мен кадрлардың біліктілігін арттыру үшін жағдай жасауы керек. Студенттерді оқыту мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қайта дайындау үшін инновациялық әдістемелік бағдарламаларды әзірлеу керек. Оларды әзірлеу құрылыстық жоғары оқу орындары оқытушыларының өздерін қайта оқытуға негізделуі керек. Құрылыс саласының бүкіл білім беру жүйесін техникалық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамын дайындаудан бастап, кейіннен студенттерді оқыту, инженерлік-техникалық қызметкерлерді, өндірушілерді, жобалаушыларды және құрылыс саласының сарапшыларын қайта дайындау мен біліктілігін көтеру үшін толық қамту қажет;

      жаңа сметалық-нормативтік базаны құрылыс құнын есептеудің базистік-индекстік әдісінің орнына объектілер құрылысының құнын белгілеудің нақтылығын көтеруге мүмкіндік беретін ресурстық сметалық нормалардың түзу жүйесін құруға ықпал етуі керек.

      Құрылыс саласын техникалық реттеуді реформалау басталғаннан бергі жылдар ішінде мемлекет жобалау мен құрылыс салудың нормативтік-техникалық және материалдық базасын жетілдіру бойынша тиісті шаралар қолданды. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама; Қазақстан Республикасы құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданып, табысты түрде жүзеге асырылуда.

      Отандық құрылыс ғылымы инновация мен нормативтерді жетілдіру үшін тұғырнама ретінде реформаның негізгі жүйелік құрауыштарын ғылыммен қамтамасыз ету мақсаттарын:

      ұлттық климаттық, табиғи және сейсмологиялық ерекшеліктерді ескеру үшін талап етілетін белгіленбеген параметрлерді анықтаудың эксперименталдық және теориялық негіздерін әзірлеуді;

      реформаның нормативтік құрауыштарының ерекшеліктеріне қатысты ілеспелі экономикалық және техникалық қауіптердің ықтималдық модельдерін тарту арқылы сандық терминдердегі бағалауды;

      қала құрылысы, сәулет және құрылысты жоспарлау мен жобалау кезінде экологиялық жүйелерді қамтамасыз етудің заманауи қағидаттары мен әдістерін ғылыми сараптауды, сондай-ақ нормативтік құрауыштарды жетілдіруге қатысты ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеуді қамтамасыз етуі керек.

      Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі интеграциялық процестердің нығаюы нәтижесінде құрылыс нарығында өңірлік бәсекелестіктің өсуіне жергілікті өндірушілердің әлсіз дайындығы. Бұл жақын келешекте импорт өзінің артықшылығын сақтап қалатын инновациялық өнім туралы айтпағанда, дәстүрлі жергілікті құрылыс өнімін де қозғайды. Осы жаһандық сынақтарға қарсы тұру үшін тиімді қорғау тетіктері әзірленбеген.

      Құрылыс индустриясында үйлестірілген стандарттарды енгізу бойынша жүйелі шараларға тиісті назар аударылмайды, себебі әкімшілік кедергілер объектілер құрылысының мерзімдерін айтарлықтай арттырады және саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.

      Тұтастай алғанда, құрылыс сапасын жақсарту бойынша жеке міндеттерді шешуден қауіпсіз және сапалы материалдық ресурстардың және білікті адами ресурстардың қолжетімділігін, жұмысқа қабілетті және тиімді техникалық реттеу жүйелерін құруды білдіретін құрылыс мәдениетін үздіксіз арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жүйелі шараларға толығымен өту қажет.

      Осылайша, экономикасы дамыған елдердің техникалық реттеу жүйесінің тәжірибесін және құрылыс саласындағы нормативтік базасын талдау отандық жүйенің барынша артта қалғанын және оны қайта құру қажеттілігін көрсетті, онсыз Қазақстанның әлемнің экономикалық жүйесіне интеграциясы проблемалы болып табылады.

      2. Түйінді проблемалар

      Ағымдағы жағдайды талдау нәтижелері бойынша мынадай түйінді проблемалар айқындалды:

      1) нарықтық экономиканың жаңа жағдайларында, оның ішінде Кеден одағы, ЕурАзЭҚ шеңберінде Қазақстан Республикасының құрылыс саласын дамыту үшін құрылыс саласындағы нормативтік базаның қолданыстағы жүйесі жетілмеген;

      2) алдыңғы қатарлы шетелдік, оның ішінде еуропалық елдердің озық нормалау жүйелеріне сәйкес келмейтін нормалаудың, стандарттаудың және сәйкестікті бағалаудың ескірген әдістері, сонымен қатар құрылыстағы бағаны белгілеу жүйесі қолданылады;

      3) Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісі Еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске сәйкес келмейді;

      4) қолданбалы құрылыс ғылымын, инновацияны дамытуда ынталандыру мен қолдау көрсету және құрылыс өндірісіндегі жаңа технологиялар мен техниканы енгізу болған жоқ, құрылыстағы нормалар мен стандарттарды әзірлеу процестерінде ғылыми қолдау жетіспейді;

      5) құрылыс индустриясының отандық кәсіпорындарының және құрылыс материалдары, бұйымдары өндірісінің кейін қалған және энергияны көп қажет ететін технологиялары әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы құрылыс өнімін өндіру үшін мүмкіндік бермейді;

      6) құрылыс материалдары мен бұйымдарының отандық стандарттарының үйлесу қарқынының төмендігі қаржыландырудың жетіспеушілігіне негізделеді;

      7) халықаралық стандарттардың талаптарын енгізуге жәрдемдесу үшін қажет жаңа нормативтерді әзірлеу процесінде ведомствоаралық үйлестіру жетіспейді;

      8) техникалық ЖОО білім беру бағдарламаларында құрылыстағы нормативтік база және техникалық реттеу бойынша пәндерге жеткіліксіз назар аударылады.

      3. Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі

      тұжырымдаманың қажеттілігін негіздеу

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасы жүйесін реформалау жөніндегі тұжырымдама Кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД елдері, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіру бойынша мемлекеттік саясат шеңберіндегі интеграциялық процестерді ескере отырып, Қазақстанның экономикасын еуропалық және әлемдік қоғамдастыққа интеграциялау мақсатында әзірленді.

      Қазақстанның жүйелер мен процестерді экономикасы дамыған әлем елдерінің тәжірибесімен үйлестіруі, ДСҰ-ға кіруі және Кеден одағын құруы арқылы әлемдік экономикалық жүйеге интеграциялануға ұмтылуы тұрақты даму және әлемдік экономикаға ықпалдасу қағидаттарының негізінде елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды есепке ала отырып, экономика саласының қайта құрылу және қайта бағдарлау қажеттілігін туындатты.

      Осы Тұжырымдаманы қабылдаудың негіздемесі ел мүддесін қорғауға бағытталған құрылыс заңнамасы, құқықтық және техникалық нормалау, стандарттау, сертификаттау, сәйкестікті бағалау, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы саясатын жетілдіру, оның ішінде жылжымайтын мүлік объектілері қауіпсіздігінің және кәсіпорындардың экспорттық бағдарының жоғарғы сапасын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігі болып табылады.

      Сонымен қатар, құрылыс саласы ірі және экономиканың тігінен және көлденеңінен интеграцияланатын салаларының бірі болып табылады, осыған байланысты құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды салааралыққа жатқызу қажет.

      4. Реформалаудың жалпы параметрлері

      Құрылыс саласының нормативтік саласын реформалау тұжырымдамасы Қазақстан Республикасындағы саланың индустриялық саясатын қоса алғанда, реформалау мүмкіндіктері мен кезеңдерінің пайымын ұсынады.

      Тұжырымдамада өңірлік және әлемдік интеграцияланатын процестерді ескере отырып, құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың негізгі мүмкіндіктері мен болжамды сценарийлері көрсетіледі.

      Техникалық реттеу жүйесі Қазақстанда құрылыстың жоғарғы мәдениетін құрудың, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың іргетасы ретінде қарастырылады.

      Нормативтік базаны реформалау бойынша түйінді әрекеттер құрылыс қызметіне қатысушылардың және тұтынушылардың экономикалық және әлеуметтік мүдделерінің тұрақты теңгеріміне жету үшін тоғыстырылуы қажет.

      Реттеу субъектілеріне ұсынылатын экономикалық және шығармашылық еркіндік деңгейі реттелетін субъектілердің барабар әлеуметтік сана-сезімімен және кәсіби этика нормаларын сақтаумен бір мезгілде нығаюы қажет.

      Осы Тұжырымдаманың негізінде ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, осы қағидаттарды іске асырудың әртүрлі нысандары кезінде Қазақстанның құрылыс саласын техникалық реттеу қағидаттарын үйлестіру арқылы өңірлік және әлемдік әлеуметтік – экономикалық жүйеге терең интеграциялау жатыр.

      Мемлекеттік билік органдары мен жеке сектор мамандарының тығыз ынтымақтастығына, кәсіби мүдделерді және құрылыс қызметінің өнімдерін тұтынушылардың мүдделерін білдіретін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен жеке сектор ұйымдарының тікелей қатысуына ерекше назар аудару қажет.

      Сондай-ақ FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) құжаттарының үлгісінде келісімшарттар нысаны мен халықаралық стандарттарды пайдалану мүмкіндігін қарау қажет.

      Құрылыстың техникалық реттеу жүйесінің жетістікке жету жолы Тұжырымдаманы іске асыру құралдары арқылы, оның ішінде құрылыстың сметалық құнының қымбаттауына жол бермейтін нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу арқылы жүргізілетін болады.

      5. Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау тұжырымдамасының

      мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты еліміздің құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық базасын еуропалық және әлемдік стандарттармен үйлестіру және жетілдіру арқылы еліміздің экономикалық әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

      Тұжырымдаманың міндеттері:

      1) нарықтық экономиканың жаңа жағдайларында, оның ішінде Кеден одағы, ЕурАзЭҚ шеңберінде құрылыс саласын дамыту үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық негізін жетілдіру және алдыңғы қатарлы шетелдік, оның ішінде еуропалық елдердің озық нормалау жүйелеріне сәйкес келмейтін нормалаудың, стандарттаудың және сәйкестікті бағалаудың ескірген әдістерін жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісінен Еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске өту;

      2) қолданбалы құрылыс ғылымын, инновацияларды дамытуда ынталандыру мен қолдау көрсету және құрылыс өндірісіндегі жаңа технологиялар мен техниканы енгізу, құрылыстағы нормалар мен стандарттарды әзірлеу процестеріне ғылыми қолдау көрсету;

      3) құрылыс индустриясының отандық кәсіпорындарының технологиясын және құрылыс материалдарын, бұйымдарды өндіруді жетілдіру;

      4) "Ғимараттар мен құрылыстардың және іргелес аумақтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентінің тетік беріктігі, өрт қауіпсіздігі, денсаулық (адам және жануар) және қоршаған орта қауіпсіздігі, шудан қорғау, энергияны үнемдеу және жылуды сақтау, сондай-ақ еуропалық нормалау әдістері бар (Еурокодтар) құрылыс материалдары мен бұйымдарының отандық стандарттары жөніндегі нормаларын үйлестіру;

      5) күрделі құрылыс сатысында ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүліктің бүкіл тіршілік циклы кезеңінде де нақты әдіспен құрылыс өнімінің құнын анықтауға, сондай-ақ жобаларды іске асырудың барлық сатыларында, оның ішінде құрылыс сараптамасы, техникалық және авторлық қадағалау үшін төлемнің жоба құнымен байланыстырылуын алып тастау арқылы жобалардың құнын асыра көтеруді ынталандыруды болдырмауға және тиянақталған төлемге көшуге мүмкіндік беретін экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің озық тәжірибесін есепке ала отырып, құрылыстағы баға белгілеу жүйесін жетілдіру, бұл жобалау сатысының өзінде-ақ "жасыл экономика" қағидаты бойынша тиімді пайдалануға бағдарланатын нормалардың негізін қалауға мүмкіндік береді.

      6. Іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер

      Бірінші кезең: дайындау (2013 - 2014 жылдар)

      ҚР ҚН EN құрылыс нормаларының жиынтығын, құрылыс нормаларын және ғимараттар мен құрылыстарға арналған ережелер жинағын, инженерлік жүйелерді, құрылыс нормаларын сүйемелдейтін сілтеме стандарттарды үйлестіру және еурокодтарға ұқсас ережелер жинағын, сондай-ақ Қазақстанның климаттық, геологиялық, табиғи-климаттық, сейсмологиялық және басқа ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, оларға ұлттық қосымшаны әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.

      БЭК және КО рәсімдерінің дайын болуына байланысты Беларусь, Қазақстан Республикаларының және Ресей Федерациясының ұлттық нормативтік құжаттары негізінде құрылыстағы мемлекетаралық нормативтік құжаттарды қалыптастыру басталады.

      Жобалаушылар мен құрылысшылардың тиісті кадрлық әлеуетін дайындау мақсатында жаңа оқу-білім беру бағдарламалары (нормативтер) және кәсіби стандарттар әзірленетін болады.

      Екінші кезең: 2015 жылдан бастап техникалық реттеудің жаңа жүйесіне өту және техникалық реттеудің ескі және жаңа жүйелерінің 2020 жылға дейін "қатар әрекет ету кезеңі"

      Қатар әрекет ету кезеңі – бұл Қазақстан Республикасының құрылыс саласының әрекет етуші кадрлары мен кәсіпорындарының әлеуетін пайдаланудың мәжбүрлі шарасы.

      2015 – 2020 жылдары университеттер және салалық институттар Қазақстанның климаттық, геологиялық, табиғи-климаттық, сейсмологиялық және басқа ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, еуропалық нормалар мен стандарттарға бейімдеу, жаңа технологияларды, материалдарды, бұйымдарды және конструкцияларды игеру, құрылыс саласындағы инновацияларды әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулер кешенін жүргізетін болады, сондай-ақ студенттерді техникалық реттеудің жаңа жүйесін пайдалануға оқытуды бастайды.

      "Қатар әрекет ету кезеңіне" жаңа нормативтік базаны практикалық мақұлдау, оның ішінде оларды енгізудің тұрақты және тиімді процесін құру, мамандардың кәсіби деңгейін үздіксіз арттыру, даярлау және қайта даярлауды қамтамасыз ету кіреді.

      "Қатар әрекет ету кезеңінің" соңына қарай техникалық реттеудің жаңа жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін барлық ұлттық қосымшалар қабылдануы қажет.

      Үшінші кезең: жаңа нормативтік базаны түзету және қолдану тәжірибесін қорыту (2021 – 2025 жылдар).

      2021 – 2025 жылдары реформаның айқын нәтижелері алынып, жинақталатын болады.

      Күтілетін нәтижелер:

      1) құрылыстың жоғарғы мәдениеті және адамның өмір сүруі мен тіршілік етуіне қолайлы жасанды орта;

      2) еуропалық және әлемдік экономикалық жүйеге отандық құрылыс саласын терең және тұрақты ықпалдастыру;

      3) жобалаушылар мен құрылысшылардың, құрылыс материалдары мен конструкцияларды өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

      Индикаторлар:

      1) Еуропалық одақ елдерінің, Кеден одағы, БЭК мемлекеттерінің ұқсас жүйелерімен кемінде 90 %-ға дейін үйлестірілген құрылыс саласының жаңа нормативтік-техникалық базасын құру;

      2) 2015 жылмен салыстырғанда құрылыс саласына шетелдік инвестицияларды тарту деңгейін 2020 жылға қарай 30 %-ға дейін арттыру;

      3) 2020 жылға қарай инновациялық технология бойынша жұмыс істейтін құрылыс индустриясы кәсіпорындарының үлесін 20 %-ға дейін арттыру.

2. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың негізгі қағидаттары және жалпы тәсілдері

      1. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын

      реформалаудың қағидаттары

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың негізгі қағидаты ұлттық ерекшеліктерді ескеріп, есептердің бірыңғай қағидаттарын (еурокодтар) қолдана отырып, қатаң ұйғарылған әдістен еуропалық елдерде қабылданған икемді параметрлік әдіске өту болып табылады. Ұлттық нормативтер өңірлік және халықаралық нормативтердің ескіргендерін жаңарту немесе бейімдеу әдісімен әзірленеді.

      Реформа:

      1) құрылымдық;

      2) кешенді;

      3) салааралық;

      4) жүйелі;

      5) мақсатты;

      6) кезең-кезеңімен;

      7) қайталамайтын;

      8) ғылыми негізделген;

      9) Қазақстан Республикасының барлық әкімшілік аумақтық бірліктерін қамтитын ауқымды болуы тиіс.

      Құрылыс саласын жүйесін реформалауды Қазақстан Республикасының құрылыс саласының реформасын әр кезеңнің нәтижелерін тактикалық және стратегиялық мақсаттарына сәйкестігі тұрғысынан бағалай отырып, кезең-кезеңімен жүргізу болжанып отыр.

      Реформаның нормативтік құқықтық актілерде бекітілген тұрақты теориялық және әдіснамалық негізі болуы қажет.

      Реформаның нәтижелері өлшенетін және берілген өлшемге сәйкестігі тұрғысынан сандық және/немесе сапалық бағалануы қажет. Өлшемдерге сәйкес келмейтін нәтижелер белгіленген мерзімдерде түзетілуі қажет.

      Реформаның тереңдігін, кеңдігін, ауқымдылығын және күрделілігін ескере отырып, ресурстарды жоспарлауды және жұмылдыруды қоса алғанда, реформаны дайындауға және іске асыруға мұқият дайындық жүргізу қажет.

      2. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын

      реформалаудың жалпы тәсілдері

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың жалпы тәсілдері:

      1) зерттеу, сынақ жүргізу, сондай-ақ EN стандарттарын түрлендіру жолымен индикативтік коэффициенттерді (ұлттық анықталатын параметрлерді) таңдау қажет болатын есептердің бірыңғай қағидаттарын енгізу;

      2) Кеден одағы шеңберінде Қазақстан үшін қолайлы көрсеткіштердің құрылыстың нормативтік құжаттарының мемлекетаралық жүйесін енгізу. Бұл ретте сынау жабдығын ішінара ауыстыру, өндірісті ішінара жаңғырту қажет болады;

      3) озық шетелдік тәжірибені және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, құрылысты техникалық реттеудің (нормативтік база, бақылау және қадағалау жүйесі, сәйкестікті бағалау жүйесі) барлық жүйелі құрауыштарын параметрлік үлгіге өткізу. Құрылыс нормалары (ҚН) техникалық регламенттің базалық талаптарын дамытатын және нақтылайтын нормативтік талаптардың мақсаттарынан функционалдық талаптардан және жұмыс сипаттамаларына қойылатын талаптардан тұрады. Қағидалар жинағы (ҚЖ) – құрылыс шешімдерінің мақұлданған құралы ретінде көрініс табатын ерікті қолданылатын қолайлы шешімдер. Бұл ретте ҚН құрылымы оларды өзекті жағдайда ұстауды жеңілдетеді және арзандатады, себебі әлеуметтік маңызы бар мағыналы мақсаттар мен функционалдылық іргелі болып табылады және жиі қарауды және өзгертуді қажет етпейді. Қағидалар жинағы құрылыс саласының жаңа жетістіктерін ескере отырып, уақытында жаңартыла алады;

      4) Қазақстанның құрылыс нормалары адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, адамдардың қауіпсіздігін қорғау бойынша ең төменгі талаптардан тұруы қажет және қолайлы шешімдер әдісі шеңберінде кедергілер келтіретін, сондай-ақ құрылыс құнын арттыратын басқа ешқандай мақсаттармен ауыртпалық түсірмеуі қажет. Барлық инновациялық шешімдер, оның ішінде инженерлік жүйелер бойынша да баламалы шешімдер әдісінің шеңберінде іске асырылуы мүмкін. Баламалы шешімдерді бағалау рәсімдері қолжетімді, ашық және болжамды болуы қажет.

      Ол үшін:

      техникалық реттеу қағидаттарын іске асырудың түрлі нысандарын, оның ішінде нормалаудың еуропалық әдістеріне (еурокодтар) сәйкес келетін ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік инфрақұрылымды салу бойынша құрылыс заңнамасын сақтау құралдарын таңдау еркіндігін құру;

      отандық ғылыми зерттеулер мен инновация негізінде ұлттық нормативтердің өзектілігін жолға қою қажет;

      5) ЕО жалпы қабылданған ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш конструкцияларын жобалау қағидаттары есептерінің бірыңғай қағидаттарына өту – 10 еурокодтың 58 бөлігін аударуды, олардың ажырамас бөлігі болып табылатын ұлттық қосымшалардың және мыңнан астам сілтеме стандарттарды әзірлеуді қажет етеді. Ұлттық қосымшаларда Қазақстан аумағының табиғи-климаттық әсері және жергілікті құрылыс материалдарының индикативтік параметрлерінің құрамы басым. Жобалау үшін көрсетілген құжаттар жеткіліксіз, жобалаушылардың Еуронормалар негіздерін және оларды іске асыру бойынша практикалық ұсыныстарды игеруіне ықпал ететін нормативтік-техникалық нұсқаулар пакеті жасалып жатыр;

      6) бағаны белгілеу жүйесі инвестициялық жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде транспарентті болуы, бюджеттік жоспарлау және техникалық-экономикалық бағалау сатысында құрылыс бағасын дұрыс болжау мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.

      Ол үшін жобаның техникалық және экономикалық бөлімдерін әзірлеуді біріктіретін автоматты түрде жобалаудың соңғы заманауи әдістерін пайдалану арқылы құрылыс бағасын белгілеудің нақты әдісіне негізделген баға белгілеу жүйесін құру керек;

      7) ғимараттар мен құрылыстардың энергия тиімділігін нормалаудағы Еуропалық одақ тәжірибесін енгізу (EPBD-2010 ғимараттарының энергиялық сипаттамасы бойынша Еуропалық директива (Energy Performance of Building Directive). Директива EN 40-тан астам стандарттарымен, оның ішінде ғимараттағы жалпы энергия тұтынуды сипаттайтын, жекелеген инженерлік жүйелер мен жалпы ғимараттың энергия тұтынуын есептеу әдістерін белгілейтін, ғимараттың жылытылуы мен салқындатылуына жүктемелерді, ғимараттың жұмыс істеу шарттарын таңдау ережелерін анықтайтын, ғимараттардың энергетикалық тиімділігін таңбалау мен сертификаттаудың мониторингі мен анықталуын қамтамасыз ететін стандарттарымен сүйемелденеді.

      Қолданыстағы құрылыстық нормативтік базаны ескере отырып, ұлттық стандарттарды үйлестіру "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың энергия тиімділігін сертификаттауды қамтамасыз ететін нормативтік әдістемелік қамтамасыз етуді құрады;

      8) еуропалық нормалауды (еурокодтарды) есепке ала отырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша "жасыл" және энергия тиімді құрылыстың нормативтік базасын құру: құрылыс қоқысын қайта бөлу, ғимараттар мен құрылыстарды жақсарту.

      3. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын

      реформалауды іске асыру құралдары

      Ескерту. 3-тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.12.2016 N 904 қаулысымен.

      Тұжырымдамада елдің құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық базасының қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құрылыс объектілерінің сапасын арттыруға негізделген еуропалық және әлемдік стандарттармен (еурокодтармен) үйлестірілген жаңа жүйесін құру көзделеді.

      Құрылыс саласының жаңа нормативтік базасында қолданылуы міндетті екі құрауыш айқындалған:

      1) реттеу субъектілерінің барлығының орындауы үшін міндетті құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілер;

      2) құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілер болып табылмайтын және қолдану үшін ұсынымдық сипатта болатын өзге де құжаттар.

      Осыған байланысты құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтер (мемлекеттік нормативтік құжаттар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта қаралатын болады.

      Нормативтік техникалық құжаттар (НТҚ) техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын нормативтік құжаттар ретінде "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес келуі тиіс.

      Бұл ретте нормативтік құқықтық актілерге техникалық регламенттер (ТР) және құрылыс нормалары (ҚР ҚН, ҚР ҚН EN) жатқызылуы тиіс. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңдарында нормативтік құқықтық актілердің басқа да нысандары қарастырылуы мүмкін.

      Мемлекеттік органдар және лауазымды адамдар қабылдаған құрылыс саласындағы барлық басқа нормативтік техникалық құжаттар (НТҚ) нормативтік құқықтық актілер болып табылмайды және ерікті қолдану үшін ұсынымдық сипатта болады.

      Тұжырымдамада ұсынылатын құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды іске асыру құралдары Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай техникалық реттеу қағидаттары мен ережелері туралы келісімге сәйкес келеді.

      "Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентінің жобасы № 305/2011 Еуропалық парламент регламентімен келісілген негізгі базалық талаптардан тұрады, ал міндетті қолдануға арналған құрылыс нормалары – ғимараттар мен құрылыстардың мақсаты мен пайдаланылу шарттарына байланысты олардың қауіпсіздік сипаттамасының нақты талаптарынан тұрады. Ерікті қолдануға арналған қағидалар жинағында міндетті талаптарды орындауды қамтамасыз ету бойынша міндеттерді шешу тәсілдері келтірілген. Ерікті қолдануға арналған стандарттарда өнімге қойылатын техникалық талаптар мен сынақ әдістері келтірілген.

      Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасы құрылыстағы мемлекетаралық нормативтік құжаттар жүйесімен келісіледі, бұл КО және БЭК-тегі жобалау мен салудың бірыңғай нормативтік базасын қалыптастыру мақсатында мүдделі мемлекеттермен бірге оны қалыптастыру үшін негіз болып табылады.

      Тұжырымдамада Кеден одағының техникалық регламенттерінде сәйкестікті бағалаудың үлгілік схемасын қолдану (растау) тәртібі туралы ережемен келісілген құрылыстағы сәйкестікті бағалау жүйесін құру да көзделген.

      Ғимараттар мен құрылыстардың сәйкестігін бағалау Қазақстан Республикасының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес мына нысандарда жүргізілетін болады:

      1) орындаушының инженерлік іздестірулер мен жобалау жұмыстары нәтижелерінің дұрыстығын және сәйкес келуін декларациялауы;

      2) объектілер құрылысының жобалау құжаттамасына мемлекеттік немесе мемлекеттік емес сараптама жасау;

      3) құрылыста пайдалану үшін тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) жобалау құжаттамасын бекіту;

      4) қолданылатын құжаттаманы, материалдарды, бұйымдарды және қажетті сынақтарды қоса алғанда, олар орындайтын құрылыс және монтаждау жұмыстарын орындаушының құрылыстық бақылауы;

      5) тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) жасырын жұмыстар нәтижелерін бақылауы, сынақтан өткізуі және кезең-кезеңімен қабылдауы;

      6) құрылысты жүзеге асыратын тұлғаның тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) құрылыс процесі мен орындалып жатқан құрылыс және монтаждау жұмыстарының сәйкестігін декларациялауы;

      7) құрылысты авторлық қадағалау;

      8) құрылысты мемлекеттік құрылыстық қадағалау;

      9) тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) объектіні қабылдауы;

      10) объектінің және (немесе) оның бөліктерінің пайдалану барысындағы жай-күйін тексеру және диагностикалау;

      11) пайдаланылуын мемлекеттік қадағалау және қайта жоспарлаулар мен конструкциялық өзгерістерді келісу;

      12) объектіні жою бойынша мемлекеттік қадағалау.

      Құжаттаманы декларациялау, сараптау, бақылау және қадағалау, қабылдау, бекіту және рұқсат беру бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды орындау тәртібі Қазақстан Республикасының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Жобалауда қайталап қолдануға арналған жобалау құжаттамасы мен бағдарламалық құралдарды ерікті сертификаттау, құрылыс және монтаждау жұмыстарын ерікті сертификаттау көзделеді.

      Құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін бағалау мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) өндірісті, материалдар мен бұйымдарды техникалық бақылау;

      2) құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін міндетті растау;

      3) айналымдағы құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін инспекциялық бақылау.

      Құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін міндетті растау декларациялау нысанында жүзеге асырылады. Құрылыс материалдары мен бұйымдарын ерікті сертификаттау көзделеді.

      Құрылыста қолдану үшін жарамдылығын растау нысанында жаңа құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестіктері бағалануы тиіс.

      Техникалық реттеу субъектілерінің сәйкестігін бағалау мамандарды, зертханаларды және сертификаттау жөніндегі органдарды, білім беру бағдарламаларын лицензиялау мен сертификаттауды, құрылыс өнімінің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыратын сынақ зертханаларының жаңаларын құру және қолданыстағыларын техникалық жарақтандыруды жетілдіру сияқты схемаларды көздейді.

      Техникалық реттеу объектілері мен субъектілерінің сәйкестігін бағалау мемлекеттік және нарықтық тетіктерді үйлестіретін болады. Баламалы шешімдер әдісінің шеңберінде орындалған объектілер бағалау үшін бәсекелі ортаға беріледі.

3. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру:

      1) Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың іс-шаралар жоспарын қабылдау жолымен;

      2) мыналар:

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Техникалық реттеу туралы" заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен құрылыс саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерін бекіту арқылы болжанады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады