Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағымсыз табиғи құбылыстар нәтижесіндегі әлеуметтiк-экономикалық ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ауғанстан Ислам Республикасына ресми iзгiлiк көмек көрсету үшiн мемлекеттік материалдық резервтен 1 266,7 тонна (бір мың екі жүз алпыс алты тонна жеті жүз килограмм) көлеміндегі 2 сұрыпты бидай ұнын, 1000 тонна (бір мың тонна) көлеміндегі құмшекерді, 189,892 тонна (жүз сексен тоғыз тонна сегіз жүз тоқсан екі килограмм) көлеміндегі сары майды броньнан шығарсын.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі ізгілік жүкті Ауғанстан Ислам Республикасының межелі пунктіне дейін тасымалдау және жеткізу үшін жылжымалы құрамды уақтылы беруді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар, Қаржы, Көлік және коммуникация министрліктері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi ресми iзгiлiк көмектi алушыны айқындасын және оны көрсету жөнiндегi шараларды үйлестiрудi қамтамасыз етсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов