"Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 120 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 55, 784-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасында:
      719-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Мүлік республикалық немесе коммуналдық меншікке қабылданады.
      Орынды болған жағдайда, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың республикалық меншікке берілетін мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
      Бұл ретте, егер акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалар мүлкінің құны айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен артық болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі қажет.
      Мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғаларға тиесілі, республикалық меншікке берілетін акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сыйға тарту шарты бойынша алу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      Коммуналдық меншікке берілетін мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
      Сыйға тарту шарты бойынша мүлікті болашақта мемлекеттік меншікке қабылдау туралы шешім осы Қағиданың 3-тарауында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қабылданады.»;
      «19. Орынды болған жағдайда, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
      Бұл ретте, егер акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалар мүлкінің құны айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен артық болған жағдайда, меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі қажет.
      Меншік иесінің акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша алу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      Меншік иесінің мүлік құқығын болашақта коммуналдық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.»;
      24-тармақ мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      «Егер меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жасалса, мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау қажеттілігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімінің күші жойылды деп тану бойынша шаралар қабылдайды.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады