"Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 195 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес құру туралы

      Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында:
      1. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті ұйымдастыру және өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2014 жылғы « »   
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің
дербес құрамы

Назарбаев                - Қазақстан Республикасының Президенті,
Нұрсұлтан Әбішұлы          төраға

Ахметов                  - Қазақстан Республикасының
Серік Нығметұлы            Премьер-Министрi, төрағаның орынбасары

Қаппаров                 - Қазақстан Республикасының Қоршаған орта
Нұрлан Жамбылұлы           және су ресурстары министрi, хатшы

Сағынтаев                - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
Бақытжан Әбдірұлы          бірінші орынбасары

Исекешев                 - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
Әсет Өрентайұлы            орынбасары – Қазақстан Республикасының
                           Индустрия және жаңа технологиялар министрі

Досаев                   - Қазақстан Республикасының Экономика және
Ерболат Асқарбекұлы        бюджеттік жоспарлау министрі

Жәмішев                  - Қазақстан Республикасының Өңірлік даму
Болат Бидахметұлы          министрі

Жұмағалиев               - Қазақстан Республикасының Көлiк және
Асқар Қуанышұлы            коммуникация министрi

Имашев                   - Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Берік Мәжитұлы

Қарабалин                - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ
Ұзақбай Сүлейменұлы        министрі

Мамытбеков               - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы
Асылжан Сарыбайұлы         министрi

Назарбаева               - «MAC ALIANS» жауапкершілігі шектеулі
Әлия Нұрсұлтанқызы         серіктестігінің Директорлар кеңесінің
                           төрайымы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2014 жылғы « »  
№ Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН   

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл
экономикаға» көшу жөніндегі кеңес туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың (бұдан әрі – Тұжырымдама) іске асырылуын үйлестіру және бақылау, экономиканы «жасыл» әрі орнықты даму қағидаттарында жаңғыртуды қамтамасыз ететін стратегия мен тактиканы, оны іске асыру тетіктерін айқындау мақсатында құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Өз қызметінде Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және осы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес туралы ережені (бұдан әрі – Ереже) басшылыққа алады.
      3. Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:
      1) Тұжырымдаманың негізгі ережелерін іске асыру, оны іске асырудың стратегиясы мен тактикасын, әдістері мен тетіктерін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындау;
      2) Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының неғұрлым маңызды әлеуметтік-экономикалық іс-шараларының нәтижелерін мониторингілеу, оларды іске асыруға кедергі болатын проблемаларды анықтау, сондай-ақ өндірісті және табиғат пайдалануды экологияландыру бағытында межеленген өзгерістерді толық көлемде орындауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар дайындау;
      3) «жасыл экономикаға» көшу бойынша неғұрлым маңызды проблемаларды шешуде атқарушы биліктің орталық және жергілікті органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзара іс-қимыл жасауының тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар, оның ішінде экономиканы «жасыл» дамыту үшін қолайлы ахуал мен жағдайлар жасауға бағытталған шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар дайындау;
      4) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен даму бағдарламаларын, салалық бағдарламаларды Тұжырымдаманың басымдықтары мен қағидаттарына сәйкес келтіру бойынша бақылауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      5) қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын Тұжырымдаманың бағыттарын, кезеңдерін, іске асырылу әдістері мен тетіктерін талқылауға тарту болып табылады.
      5. Кеңестің негізгі функциялары:
      1) мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жұмысын үйлестіру;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманың басымдықтары мен қағидаттарына сәйкес қарау;
      3) елдің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың мазмұнын қарау және бағалау;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

3. Кеңестің құқықтары

      6. Кеңестің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруға байланысты мәселелер жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
      2) консультациялар өткізуге, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан ақпарат сұратуға және алуға;
      3) проблемалы мәселелерді талқылауға қатысу үшін кәсіпкерлерді, мамандарды, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.

4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
      8. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және Премьер-Министрінің бірінші орынбасары төрағаның орынбасарлары болып табылады.
      9. Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі Кеңестің хатшысы болып табылады
      10. Кеңес отырыстарын Кеңестің төрағасы не оның тапсырмасы бойынша Кеңес төрағасының орынбасары жүргізеді.
      11. Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Кеңес отырыстары заңды деп есептеледі.
      12. Кеңес мүшелері оның отырысына алмастыру құқығынсыз қатысады.
      13. Кеңес отырыстары бір тоқсанда кемінде бір рет өткізіледі. Қажет болған жағдайда, Кеңес төрағасының шешімі бойынша Кеңестің кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.
      14. Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
      15. Кеңес мүшесі қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы.
      16. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.
      17. Кеңес хатшысы:
      1) Кеңес отырыстарының күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;
      2) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады.

5. Кеңестің жұмыс органы

      18. Кеңестің жұмыс органы:
      1) Кеңесте қарау үшін ұсыныстарды жинауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізетін ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылайды;
      3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратады;
      4) Кеңес мүшелерін Кеңестің отырыстарының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.

6. Кеңестің жұмыс топтары

      19. Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында оның шешімімен мынадай мәселелер бойынша Кеңестің жұмыс топтары құрылады:
      1) қаржылық және инвестициялық саясат;
      2) су ресурстарын басқару;
      3) ауыл шаруашылығын дамыту;
      4) энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру;
      5) электр энергетикасын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту;
      6) қалдықтарды басқару;
      7) ауаның ластануын азайту;
      8) экожүйелерді басқару;
      9) халықты ағарту және оның экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
      20. Кеңестің іс-шаралар жоспарлары мен жұмыс топтарының құрамдарын жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.
      21. Кеңестің жұмыс топтарының құрамдарына мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің және шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары болып табылатын Кеңес мүшелерінің өкілдері кіруі мүмкін.
      22. Кеңестің жұмыс топтарының жұмысына қатысу алмастыру құқығынсыз жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады