Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 27, 203-құжат; 2012 ж., № 40, 520-құжат; № 77-78, 1133-құжат; 2013 ж., № 38, 547-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен мақұлданған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында:
«Кіріспе» деген 1-бөлімнің екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.»;
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тәртібі» деген 4-бөлімнің 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану
Қаражатты пайдаланудың жаңа тәсіліне сәйкес 2011 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады.
Бұл ретте республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшері экономикадағы жағдайға байланысты 15 %-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына түзетілуі мүмкін.
Экономикалық өсу қарқынының орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты төмендеуі кезінде республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері экономикалық өсуді қолдау мақсатында 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтылуы мүмкін. Экономикалық өсу орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты жоғары болған кезде республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету үшін 6,8 млрд. АҚШ долларына дейін азайтылуы мүмкін.
Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшерінен (8 млрд. АҚШ доллары) ауытқу сомасы туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдайды.
Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қаржы жылының басында болжамдалған параметрлермен салыстырғанда асыра орындалған жағдайда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ағымдағы қаржы жылына бөлінген республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің сомаларын азайту жағына түзету бойынша шешім қабылдай алады.
Өзін-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу оларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ғана көзделетін болады. Бұл ретте бөлінетін қаражаттың пайдаланылу ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферттер республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға арнап республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді бөлуден басқа, шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларды кредиттеуге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30 %-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық белгіленеді. Бұл ретте кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда азайтылмайтын қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
Тұтас алғанда, Ұлттық қордың қаражаты кепілдендірілген трансфертті, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімімен айқындалған нысаналы трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ай сайын (тоқсан сайын) Ұлттық қордың шотында республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген (нысаналы) трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы бекіткен Ұлттық қор активтерін айырбастау және қайта айырбастау қағидаларына сәйкес айырбасталуы және рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.»;
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару» деген 5-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Ұлттық қордың активтерін басқару
Тұтастай алғанда, Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қала береді. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары сақтау, өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау, тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.
Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Ұлттық қордың активтерін орналастыру шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, Рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне қосылған қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс.
Бұл ретте шектеулер сатып алу туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылдаған, Ұлттық қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.»;
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкіметтік қарыз алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы» деген 6-бөлімнің төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Ұлттық қордың қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5%-ынан аспауы тиіс;
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет кірістерінің 15%-ынан аспауы тиіс.»;
«7. Қорытынды» деген бөлімнің төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жоғарыда баяндалған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға қарай Ұлттық қордың қаражаты кемінде 180 млрд. АҚШ долларын (ЖІӨ-ге қатысты 32 %) құрауы тиіс.».
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев