Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме экипажының құрамына шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кiру мүмкiндiгiнің шарттарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 мамырдағы № 469 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 14 қазандағы № 850 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.10.2024 № 850 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.

      "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2-тармағына және "Iшкi су көлiгi туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме экипажының құрамына шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кiру мүмкiндiгiнің шарттары (бұдан әрі – шарттар) бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы шарттардың 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 11 мамырдағы
№ 469 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме
экипажының құрамына шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың
кiру мүмкiндiгiнің шарттары

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кемеге шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмысқа қабылдау мынадай шарттарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының шетелдiк жұмыс күшiн тарту саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады:

      1) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды iшкi суларда жүзетiн кеменің капитаны, кеме капитанының аға көмекшiсi, аға механик және радио мамандары лауазымдарына тағайындауға болмайды;

      2) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды теңіз кемесінің капитаны, капитанның аға көмекшiсi және аға механик лауазымына тағайындауға болмайды;

      3) кемеге шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау кемеде бос жұмыс орындары бар болғанда және iшкi еңбек нарығында жекелеген кәсіптер мен біліктіліктер бойынша қызметкерлерге сұранысты қанағаттандыру мүмкiндiгі болмаған кезде жүзеге асырылады;

      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме экипажының құрамына еңбек қызметін жүзеге асыру үшiн тартылатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бiлiм деңгейi (кәсiптік даярлығы) және еңбек өтiлi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда мақсатында теңiзде жүзу мен iшкi су көлiгi саласы мамандарының лауазымдарына қойылатын талаптарға сай болуға тиiс;

      5) кемеге жұмысқа қабылданатын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың кәсiптік даярлығының және құзыреттiлiгiнiң деңгейi:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы танитын бiлiм беру туралы құжатпен және қажет болған жағдайда бiлiмі туралы құжаттың нотариалды расталған мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен;

      жұмыс берушi куәландырған қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттармен расталады;

      6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кемеге жұмысқа қабылданатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың:

      денсаулық жағдайы бойынша мұндай жұмысқа жарамдылығын растайтын медициналық комиссияның қорытындысы;

      шетелдiктер үшiн – жарамды шетелдiк паспорт, бұл ретте Қазақстан Республикасы олардың мемлекеттерімен келудің және болудың визасыз тәртiбi туралы келiсiм жасамаған шетелдiктер үшiн – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті визасы;

      азаматтығы жоқ адамдар үшiн – азаматтығы жоқ адамның куәлiгi немесе азаматтығы жоқ адамның құқықтық мәртебесiн растайтын, шет мемлекет берген шетелдiк паспорт болуға тиiс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады