Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 мамырдағы № 508 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 406 қаулысымен

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 19 мамырдағы
№ 508 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға
дейінгі тұжырымдамасы
Мазмұны

      1. Қазақстандағы туризм индустриясының ағымдағы жай-күйін талдау

      2. Қазақстан Республикасында туризм индустриясын 2020 жылға дейін дамытудың пайымы

      3. Қазақстан Республикасында туризм индустриясын 2020 жылға дейін дамытудың мақсаттары, міндеттері, кезеңдері және күтілетін нәтижелері

      4. Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      5. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

1. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ АҒЫМДАҒЫ ЖАЙ-КҮЙІН ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасының туризмін дамытудың әзірленген жүйелі жоспарларына, Ақмола облысының Бурабай курорттық аймағын, Алматы қаласының маңындағы тау шаңғы аймағын, Кендірлі демалыс аймағын, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың кластерлік бағдарламасының мастер-жоспарына сәйкес әзірленді.

      Әлемдік экономиканың қазіргі даму жағдайында туризм жетекші және серпінді дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша туризм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлемдік экспортында (7,4 %) тек автомобильдер, химия және отын өнімдерінің экспортына жол бере отырып, төртінші орынды иеленеді. Ал кіріс жағынан бұл сала әлемде мұнай өндіру өнеркәсібі мен машина жасаудан кейін үшінші орынды иеленеді.

      Қазақстан бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие бола отырып, туризмнің жеткілікті деңгейде дамымауымен сипатталады. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі (тұру және тамақтану бойынша көрсетілетін қызметтер ғана есептеледі) шамамен 0,3 %-ды құрайды. 2012 жылы туристік қызметтен түскен кіріс көлемі 151,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2008 жылғыдан 2 есе артық (77,6 млрд. теңге). Салада жұмыспен айналысатындар саны 129 000 адамды құрады. Республиканың бюджетіне төленген салық 2012 жылы 24,2 млрд. теңгені құрады.

      2012 жылы елде 1 994 туристік ұйым жұмыс істеді, оларға 641,3 мың адам қызмет көрсетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 %-ға артық (2011 жылы 630,6 мың адам) және 2010 жылғы көрсеткіштен 32,1 %-ға артық (485,6 мың адам). Туристік қызметтің құрылымында ішкі туризм 31,5 %-ды, келу туризмі – 4,7 %-ды, шығу туризмі – 63,8 %-ды құрады.

      2013 жылдың қаңтар-қыркүйегінде елімізде 1 705 туристік ұйым жұмыс істеді, олар 424,7 мың адамға қызмет көрсетті. Бұл 2012 жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 16,3 %-ға төмен. Көрсетілетін туристік қызмет құрылымында ішкі туризм 44,4 %-ды, келу туризмі – 2,3 %-ды, шығу туризмі – 53,3 %-ды құрады. Егер осы көрсеткіштерді 2012 жылдың қаңтар-қыркүйегінің деректерімен салыстырсақ, онда туристерге қызмет көрсетудің жалпы құрылымында шығу туризмі үлесінің 8 %-ға және келу туризмі 2,3 %-ға дейін азайғаны, ішкі туризмнің 10,3 %-ға артқаны байқалады.

      2012 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда 83 103 төсек-орындық сыйымдылығы бар 1 526 орналастыру орны жұмыс істеді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 2,6 %-ға артық. Жалпы санның 61,5 % қонақ үйлерді құрады, оның ішінде 26,8 %-ы санаты бар, 34,7 %-ы санаты жоқ қонақ үйлер, ал 38,5 %-ды басқа да орналастыру орындарын құрады.

      Негізгі бөлігі (55,3 %) тиісінше Алматы (14,7 %), Астана (9,7 %) қалаларында, Шығыс Қазақстан (19,2 %) және Қарағанды (11,7 %) облыстарында шоғырланған.

      Сыйымдылығы 28 841 төсек-орын болатын 875 қонақ үй қонақ үйлердің жалпы санының 56,4 %-ын құрайды және олардың санаты жоқ екендігін атап өту қажет.

      2013 жылғы қаңтар-қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 89 464 төсек-орны бар 1 654 орналастыру орны жұмыс істеді, бұл 2012 жылдың қаңтар-қыркүйегіне қарағанда 8,5 %-ға көп.

      Орналастыру орындарының жалпы санының 58,3 %-ын қонақ үйлер құрады, олардың 22,4 %-ы – санаты бар, 35,9 % – санаты жоқ қонақ үйлер, ал 41,7 %-ы өзге де орналастыру орындарын құрады. Негізгі бөлігі (61,3 %) тиісінше Шығыс Қазақстан облысында (19,1 %), Алматы (11,3 %) және Астана (9,7 %), қалаларында, сондай-ақ Ақмола (11,1 %) және Қарағанды (10,2 %) облыстарында шоғырланған.

      2012 жылы орналастыру орындарындағы нөмірлік қор жүктемесінің коэффиценті 24,9 %-ды (2011 жылы – 24 %) құрады.

      Қонақ үйлерде көрсеткіш 33,3 %-ды құрады (39,2 % санаты бар қонақ үйлер, 28,8 % санаты жоқ қонақ үйлер). Бұл ретте толтырылуының ең жоғары деңгейі 5* санаты бар қонақ үйлерде (43,7 %), ең төменгі деңгей 1* санаты бар қонақ үйлерде (29,8 %) тіркелген. Өзге орналастыру орындарында бұл көрсеткіш 11,4 %-ды құрады.

      2012 жылы нөмірлік қор жүктемесінің ең жоғары коэффициенті Маңғыстау облысында 50,3 %-ды, Алматы қаласында 42,8 %-ды және Атырау облысында 41,3 %-ды құрады. Ең төменгі коэффицент Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында шамамен 13 %-ды құрайды. Астана қаласындағы нөмірлік қор жүктемесінің коэффициенті тиісінше 34,5 %-ды құрады.

      2013 жылдың қаңтар-қыркүйегінде орналастыру орындарында нөмірлік қор жүктемесінің коэффициенті 22,7 %-ды құрады (2012 жылғы ұқсас кезеңде 26,1 %).

      Қонақ үйлерде көрсеткіш 28,1 %-ды құрады (35,7 %-ы санаты бар қонақ үйлерде және 23,4 %-ы санаты жоқ қонақ үйде). Бұл ретте, толтырылуының ең жоғары деңгейі 5* санаты бар қонақ үйлерде (46,1 %), ең төменгі деңгей 1* санаты бар қонақ үйлерде (21,9 %) тіркелген. Өзге де орналастыру орындарында бұл көрсеткіш 15,1 %-ды құрады.

      2013 жылдың алғашқы тоғыз айында нөмірлік қор жүктемесінің неғұрлым жоғары коэффициенті Атырау облысында – 54,2 %-ды, Маңғыстау облысында – 34,9 %-ды және Астана қаласында 33 %-ды құрады. Ең төменгі коэффициент Алматы (14,1 %) және Солтүстік Қазақстан (15,3 %) облыстарында тіркелген. Алматы қаласында нөмірлік қор жүктемесінің коэффициенті тиісінше 26,8 %-ды құрады.

      Қонақ үйлер қызметтерінің деңгейі жоғары орналастыру орындарында тұру бағасы әлемнің жетекші туристік дестинацияларындағы осыған ұқсас қонақ үйлерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Астана және Алматы қалаларындағы 5* санаты бар халықаралық бренд қонақ үйлеріндегі нөмірдің құны Еуропаға қарағанда 2-3 есе жоғары.

      Басқа орналастыру орындарында – пансионаттарда, туристік базаларда, паналарда, кемпингтерде, келушілерге арналған жатақханаларда және басқаларда көрсетілетін қызметтердің бағалары айтарлықтай төмен.

      Жоғарылатылған бағалар орналастыру орындарының төмен деңгейде толуына, бәсекелес ортаның жетіспеушілігіне және бизнес-туристерден күшті тәуелділікке байланысты. Қонақ үйлер қызметтерін қоса алғандағы, ұсынылатын туристік қызметтер шектеулі сервиспен көрсетіледі және әлсіз реттелген болып табылады.

      Тұруға және авиабилеттерге жоғары бағалар Қазақстанға тур бағасын едәуір арттыратынын және тиісінше халықаралық нарықтағы баға бойынша оның бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін атап өткен жөн.

      Қазақстандағы ішкі және келу туризміне сұраныстың 2000 жылдан бастап 2007 жыл кезеңінде артуы, экономикалық дағдарысқа байланысты 2008 және 2009 жылдары төмендеуі байқалды. 2010 жылы экономиканың қайта қалпына келуімен 2011 жылы туризмге сұраныс жаңғыртылды және 2012 жылы туристік келу саны 6,3 %-ға және түнеу саны 6,7 %-ға артып, рекордтық деңгейге жетті:

      2000 жылғы 43 298 келушіден 2012 жылы 3 026 227 келушіге дейін;

      2000 жылғы 1 250 649 түнеуден 2012 жылы 7 560 134 түнеуге (төсек-тәулік) дейін ұлғайды.

      2012 жылы туристік келу құрылымы мынадай көрсеткіштермен сипатталды:

      орналасу объектілерінің үлгілері бойынша: келушілердің 88,7 %-ы қонақ үйлерге (келушілердің 46,3 %-ы санаты бар қонақ үйлерге, 42,4 %-ы санаты жоқ қонақ үйлерге), келушілердің 11,3 %-ы өзге орналасу жерлерге орналасқан;

      өңірлер бойынша: тіркелген келушілердің 49 %-ы Астана (18,4 %) және Алматы қалаларында (18,2 %) және Шығыс Қазақстан облысында (12,4%) тіркелген. Қарағанды – 7 %, Атырау – 6,9 %, Маңғыстау – 5,9 % және басқа облыстарда 31,2 % келушілер тіркелген;

      шыққан елдер бойынша: 82,8 %-ы қазақстандық келушілер, резидент емес келушілердің (519222 адам) – 27,3 %-ы Ресей Федерациясынан келушілер, 10,4 %-ы Ұлыбритания Құрама Корольдігінен және Солтүстік Ирландиядан келушілер, 7,6 %-ы Америка Құрама Штаттарынан келушілер, 6,2 %-ы Түркия Республикасынан келушілер, 6,1 %-ы – Италия Республикасынан келушілер, 4,7 %-ы – Германия Федеративтік Республикасынан келушілер, 4,5 %-ы – Қытай Халық Республикасынан келушілер және 33,2 % – ы басқа елдерден келушілер;

      сапарға шығу мақсаттары бойынша: іскерлік және кәсіптік – 64 %, демалыс және бос уақыт – 30 %, достары мен туыстарына бару – 4,1 %, басқа мақсаттарда – 1,9 %. Қазақстандықтар шетелдік келушілермен салыстырғанда демалыс және бос уақыт мақсатында көбірек саяхатқа шыққанын (34,6 %), бұл уақытта резидент еместер көбінесе іскерлік және кәсіптік мақсаттарда (88,1 %) келгенін атап өту қажет.

      Жоғарыда баяндалғаннан көрінгендей, Қазақстандағы туризм негізінен жергілікті халыққа, сондай-ақ шетелдік резиденттердің іскерлік және кәсіптік сапарларына келіп тірелетіндігі көрінеді.

      2012 жылы Қазақстанға келген барлық шетелдік резиденттердің жалпы саны 6 163 204 құрады, бұл 2011 жылға қарағанда 8,4 %-ға көп. Шетелдік резиденттердің көпшілігі көршілес үш елден: Өзбекстан Республикасынан (37,1 %), Қырғыз Республикасынан (23,6 %) және Ресей Федерациясынан (22,2 %) келген. Олардың келуінің негізгі себептері жеке (75,9 %) және транзиттік сапарлар (18,2 %) болды, ал іскерлік туризм мен бос уақыт және демалыс мақсатындағы туризм 5,9 %-ды құрады. Республикаға шет елден келушілердің көпшілігі отбасыларында немесе достарында тоқтайды, транзитпен өтеді немесе бір күнге ғана келеді (бір күндік келушілер).

      Сыртқа шығушылар туризмі бойынша келушілер саны 2012 жылы 9 065 579 құрады, бұл 2011 жылға қарағанда 13 %-ға көп. Сыртқа шығушылар туризмінің мұндай көлемі елдің төлем балансында теріс туристік сальдоның қалыптасуына ықпал етеді (434 млн. АҚШ долларынан көп). Қазақстан Түркия Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд Корольдігі сияқты елдерге "туристік донор" болып қалып отыр, одан туризм индустриясы қарқынды дамуда, жаңа жұмыс орындары құрылып, төлем балансының құрылымы жақсаруда және халықтың әл-ауқаты артуда.

      Қазақстандық туристердің сыртқа шығу туризміне сұранысы Қазақстандағы туристік дестинациялар мен орналастыру объектілері үшін бизнес үлесінің жоғалуын білдіреді. Сондықтан, республикада туризмнің сапалы дамуы арқылы қазір шетелде демалатын жергілікті туристердің белгілі бір саны туризмге жұмсалатын шығындарды ел шегінде қалдыра отырып, қазақстандық туристік дестинацияларды таңдайды деп болжауға болады.

      Республикада туризмді жеделдетіп дамытуға қиындық келтіретін негізгі себептерге мыналар жатады:

      туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік объектілерге жетудің қиындығы, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету деңгейінің жоғары болмауы, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының жеткіліксіздігі;

      туризм саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі – оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің күтуінен біршама алшақтығы және т.б.;

      орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ орналастыру орындарының белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының болмауы (туристік сертификаттар жүйесінің болмауы), туристік саланы салықтық ынталандыру шараларының болмауы бөлігінде туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі;

      туристік бизнесті дамыту үшін ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің болуы бұдан әрі жетілдіруді талап ететін, мемлекеттік қолдау құралдарының болуы.

      Туризмді дамытудың негізгі экономикалық көрсеткіштерінің өзгерісін талдай келе, қазақстандық туризмнің әлеуеті толық іске асырылмай отыр деген қорытындыға келуге болады, өйткені туристік саланы дамыту көліктік-логистикалық жүйенің қажетті инфрақұрылымын қамтитын, оның ішінде туристік көрсетілетін қызметтерге қазақстандық және шетелдік азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кең мүмкіндікті қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (автомобильдік, авиациялық, теміржол) арқылы өткізу пункттерін реконструкциялауды ескере отырып, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті туристік кешенді құруға тікелей байланысты. Туристік кешенді құру бюджетке салықтық түсімдер, шетелдік валюта ағыны, жұмыс орындары санының өсуі есебінен еліміздің экономикасының дамуына да едәуір үлес қосады, сондай-ақ мәдени және табиғи мұраның сақталуына және оңтайлы пайдаланылуына бақылауды қамтамасыз етеді.

      Туризмді мемлекеттік қолдау саланы орнықты дамытудың қажетті шарты болып табылады. Халықаралық тәжірибе мемлекеттің туристік инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасауға, жеке инвесторларды тартуға, туристік индустрия субъектілерінің қызметі үшін қолайлы экономикалық жағдайларды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған белсенді саясаты туристік саланың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алуына мүмкіндік беретіндігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибе туризмді белсенді дамытатын елдер өз азаматтарын сапалы туристік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ете отырып, біршама бюджеттік қаражатты ұлттық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жұмсайтынын айғақтап отыр.

      Аталған Тұжырымдамада Horwath HTL, Ecosign Mountain Resort Planners Ltd, THR, IPK International ірі халықаралық консалтингілік компаниялардың ұсынымдары, сондай-ақ Қазақстандағы туристік әлеуетке 2012 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижелер ескерілген.

      Туризмді экономиканың басым бағыты ретінде айқындаған елдердің халықаралық тәжірибесін талдау туристік қызметті мемлекеттік қолдаудың бірқатар тиімді шараларын көрсетті:

      1) қарама-қайшы басымдықтарды қоса атқару үшін елдің басшылығы тарапынан бірқатар жылдар бойы келе жатқан тура саяси ерік және қолдау.

      Марокко Корольдігі. 2000 жылдардың басында Марокко королі VI Мохаммед туризм мәртебесін экономиканың стратегиялық секторы ретінде бекітті. Марокко Үкіметі "Пайымдау – 2010" туризмді дамыту стратегиясын әзірледі. Осы стратегияның маңызды элементі алты жаңа жағалаудағы курорттық аймақты "басынан бастап" салу жөніндегі жоспар (Азур жоспары) болды.

      Осы Жоспарды іске асыру үшін 2007 жылы бірнеше мемлекеттік кәсіпорын базасында туризм инфрақұрылымына инвестициялау бойынша жаңа оператор – SMIT (Марокко туризмдегі инжиринг қоғамы) құру жөнінде шешім қабылданды. SMIT мынадай міндеттерді іске асырады: жаңа жағалаудағы курорттық аймақтарды салуға жер учаскелерін бөлу; осы аймақтарды салуға арналған мастер-жоспарлар мен ТЭН әзірлеу, жер учаскелерін сатып алу және сату, инфрақұрылымды салу және жеке инвесторлар тарту. Сондай-ақ, "Пайымдау – 2010" стратегиясын іске асыру кезінде ЕО-мен ашық әуе кеңістігі туралы 2006 жылғы екіжақты шарт шеңберінде әуе бағытын ырықтандыру елдің туристік саласын дамыту үшін зор мәнге ие болды.

      Әуе бағытын ырықтандыру, көбінесе, жаңа әуе желілерінің әуе тасымалдаушыларына және еуропалық бюджеті аз әуе тасымалдаушыларына қону құқығын беруден; AtlasBlue және Jet4You жаңа ұлттық бюджеті аз әуе тасымалдаушыларын және жаңа әуе бағыттарын құрудан тұрады. Бұл шаралар әуе билеттеріне бағалардың айтарлықтай төмендеуіне және халықаралық жолаушылар (туристер) ағынының жалпы ұлғаюына әкелді.

      Малайзия. 90-жылдардан бастап туризм Малайзияны дамытудың бесжылдық экономикалық жоспарларында маңызды орын алып келеді. Осы жоспарлар аясында салықтық жеңілдіктер беру (түсімге салынатын салықтан босату немесе қонақ үйлерді және басқа туристік объектілерді кеңейтуде және жаңғыртуда кері инвестициялау кезіндегі жеңілдіктер; импорттық баждардан толық босату) арқылы ауыл шаруашылығы, экологиялық, круиздік және туризмнің басқа да түрлерін дамыту үшін стратегия қалыптастырылды.

      2) мамандандырылған агенттіктерді, қорлар мен операторларды құру арқылы ірі курорттық аймақтарды дамытуға мемлекеттің тікелей қаржылық қатысуы.

      Мексика Құрама Штаттары. 70-жылдары Үкімет екі қорды – INFRATUR (Туризм инфрақұрылымын дамыту қоры) және FOGATUR (Туризмге кепіл беру және жылжыту қоры) қосу негізінде Туризмді дамытудың ұлттық қоры – FONATUR құрды. FONATUR-дың негізгі міндеті Канкун, Инкара, Лос-Кабос, Хаутулько және Лорето бес ірі жағалау курорттық аймағын "басынан бастап" дамыту болып табылды. Осы курорттарды дамыту мақсатында FONATUR өзіне қарыз қаражаттарын және жеке инвесторларды тарту, қала салу және өңірлік жоспарлау мәселелерінде ғана емес, сонымен қатар жер меншігі мен жылжымайтын мүлік нарығының мәселелерінде де басшылық рөлді алды. Қазіргі кезде алынған нәтижелерін ескере отырып, FONATUR өзіне курорттарды дамыту процесіндегі жанама рөлді қабылдады және негізгі күш-жігерді мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға бағыттады.

      Испания Корольдігі. 60-жылдары ENTURSA мемлекеттік компаниясы құрылған болатын, ол неғұрлым жаппай жағажай демалысына арналған қонақ үйлерді салумен және басқарумен айналысты. Нәтижесінде осы қонақ үйлердің көпшілігі жекелендірілді.

      3) қаржылық жеңілдіктер және туристік объектілерге инвестициялауды қолдау тетіктері.

      Түркия Республикасы. 80-жылдары "Туризмді қолдау туралы" Заң қабылданды. Осы заң шеңберінде салықтардың, алымдардың және баждардың белгілі бір түрлеріне қатысты, сондай-ақ ұзақ мерзімді кредиттерге қатысты бірқатар салықтық жеңілдіктер ұсынылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жерлер жеке инвесторларға 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді жалға берілді, бұл ретте инвесторлар жерді өзінің қалауы бойынша пайдалануға – жер учаскелерін мемлекеттік органдардың келісімінсіз үшінші тұлғаларға салуға немесе сатуға құқылы болды.

      4) индустрияның өсуіне қарай мемлекеттік-жекешелік әріптестікке жоспарлы шығуға мемлекеттік бастама

      Египет Араб Республикасы. 70-жылдары еркін экономикалық аймақтарды құру және мемлекеттік компаниялар мен шетелдік инвесторлардың бірлескен кәсіпорындарын құруға рұқсат беру туралы Заң қабылданды. Осы заң шеңберінде шетелдік инвесторлар бірлескен кәсіпорындардың кіші серіктесі ретінде инвестицияларды салу құқығын алды; он бес жылға дейін мерзімге салықтар төлеуден босатылды; мемлекет тарапынан жер учаскелеріне арналған меншік құқығына қатысты кепілдіктер алды.

      Шетелдік инвесторлар да капиталға қатысты мемлекет кепілдіктерін алды, шетел қатысатын жергілікті компаниялар секілді алынған кірістерді шетелге шығару құқығына ие болды.

      5) туризмнің инженерлік-коммуникациялық, көліктік және "жұмсақ" инфрақұрылымын құруды тікелей мемлекеттік қаржыландыру (білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету, ақпараттық қамтамасыз ету), сондай-ақ туристік индустрияда неғұрлым маңызды жобалар құру.

      Біріккен Араб Әмірліктері. 2006 жылы Туризмдегі даму және инвестициялар жөніндегі компания құрылды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі гранттар түрінде шамамен 3 млрд. АҚШ долларын бөлді, оның негізінде компания шетелде қомақты қарыз қаражатын тартты. Негізгі жоба Саадият жасанды аралын салу болып табылады.

      Түркия Республикасы. 70-жылдары Түркия Республикасының Үкіметі туризмді дамыту жобаларының өңірлік жоспарларын әзірлеп, индустрия үшін инфрақұрылымды дамыту жобаларына бастамашылық етті.

      Осылайша, халықаралық тәжірибе туризмді дамытуды инфрақұрылымдық қамтамасыз етуде атқарушы биліктің белсенді рөлі сәттіліктің елеулі факторларының бірі болып табылатындығын көрсетті. Туризмді дамытуды мемлекеттік қолдау нысандары жеткілікті түрде сан алуан, алайда, бірқатар белгілері бойынша Қазақстанның қазіргі жағдайына сәйкес келетін кейбір мысалдарды бөлуге болады:

      1) экономикаға тікелей қатысу арқылы елді жаңғыртудағы мемлекеттің белсенді рөлі;

      2) әдетте, шалғай орналасуынан, инфрақұрылымның болмауынан және туризмнің осы түрі бойынша ішкі нарықтың дамымағандығынан курорттық аймақтардың өздігінен дамуының болмауы. Осындай жағдайлардағы мысалдарда мемлекет "басынан бастап" курортты орталықтандырылған дамыту, инфрақұрылым мен туристік объектілерді салу арқылы туризмдегі жаңа ұсынысты белсенді жасады. Осы курорттардағы коммерциялық объектілер не мемлекет қаражаты есебінен, не жеке меншік инвестицияларды тарту арқылы салынды. Әдетте, мемлекет осы мақсаттар үшін қызметі квази-коммерциялық сипатта болатын ұлттық операторды құрды.

      Осы мысалдардың барлығын елде туристік саланы дамыту үшін күшті серпін тұрғысынан да, сол сияқты мемлекеттік инвестицияларды қайтару есебінен де сәтті деп атауға болады.

      Қазақстандағы келу және ішкі туризмді дамыту бірқатар нарықтық үрдістерге – жалпы туризмге, экономикаға, демографияға, экологияға, технологияға және өзге де салаларға байланысты болады.

      Туризмнің негізгі ұзақ мерзімді үрдістері тұтастай алғанда мыналар болып табылады:

      1) халықаралық келушілер саны мен халықаралық туризмнен түсетін кірістерді кейіннен арттыра отырып, халықаралық туризмді тұрақты дамыту, бұл тұтастай алғанда Қазақстандағы туризм индустриясын дамыту үшін жағымды нарықтық негізді қамтамасыз етеді;

      2) Қытай Халық Республикасы, Үндістан Республикасы, Таяу Шығыс және Ресей Федерациясы сияқты дамушы сыртқы нарықтарда артып келе жатқан туристік сұраныс. Бұл елдердің географиялық орналасуы аталған нарықтар үшін туристік өнімдерді әзірлеу және олардың Қазақстанға аумақтық жақындығының арқасында оларды салыстырмалы түрде жеңіл іске асыруға мүмкіндік береді;

      3) Қазақстанға осы нарықтарда өзінің тартымды және бірегей туристік өнімдерін іске асыруға мүмкіндік беретін Еуропа сияқты дамыған сыртқы нарықтардағы едәуір жоғары және тұрақты сұраныс;

      4) перспективада Қазақстанның туристік ұсынысына ықтимал бәсекені білдіретін Әзербайжан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Грузия, Қырғыз Республикасы, Монғолия, Ресей Федерациясы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы сияқты дамушы дестинациялардан артып келе жатқан туристік ұсыныс;

      5) дамыған, сол сияқты, дамып келе жатқан туристік дестинациялар арасындағы жоғары, артып келе жатқан және белсенді бәсекелестік, бұл қазақстандық ұқсастардан осы нарықта барабар ұстанымға ие болу, сонымен бірге оның үздіксіз өзгеретін жағдайларына бейімделу қабілетін талап етеді.

      Негізгі ұзақ мерзімді экономикалық үрдістер мыналар болып табылады:

      қолайлы экономикалық перспективалар және ЖІӨ-нің, кірістердің және Қазақстан ішіндегі тұтынушылар арасында және Қытай Халық Республикасы, Үндістан Республикасы, Таяу Шығыс және Ресей Федерациясы сияқты дамушы сыртқы нарықтарда саяхаттарға биімділіктің күтіліп отырған өсуі, бұл ішкі және сыртқы дамушы, әсіресе, Қазақстанға жақын орналасқан нарықтарда туристік өнімдерді әзірлеу және өткізу мүмкіндігін береді; тұтынушылардың бағаға деген сезімталдығының артуына алып келетін Еуропа және Америка Құрама Штаттары секілді дамыған нарықтардың экономикалық тұрақсыздығы өз кезегінде өте қымбат туристік өнімдерге өзінің қаупін төндіреді, бірақ, сонымен бірге қолжетімді сапалы туристік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      Негізгі ұзақ мерзімді демографиялық үрдістер мыналар болып табылады:

      1) әсіресе, Еуропа сияқты дамыған нарықтарда орта жастағы және зейнет жасындағы адамдар санының артуы, бұл неғұрлым есейген шақтағы тұтынушыларға туристік өнімдерді әзірлеу және өткізу мүмкіндігін береді: маусымнан тыс, мәдени, сауықтыру және СПА-саяхаттар және т.б.;

      2) жыл бойы демалысқа арналған қысқа мерзімді үзілістер санының көбеюіне алып келетін жұмыс істейтін халықтың бос уақыты санының қысқаруы;

      3) жастар арасында әртүрлі қызықты саяхаттарды дайындау және іске асыру мүмкіндігін беретін белсенді демалысқа деген қызығушылықтың артуы;

      4) барлық жастағы адамдардың жүріс-тұрысында (немесе өмір салтында) "космополиттілікке" деген бейімділіктің артуы – әлемге саяхат жасауға талпыну, өзге мәдениет пен ландшафтылармен танысу – бұл бірнеше саяхаттарды дайындауға және іске асыруға және Қазақстанды бірегей туристік өнімдері бар жаңа туристік дестинация ретінде көрсетуге мүмкіндік береді;

      5) "креативті" туристік өнімдерді әзірлеу және өткізу үшін мүмкіндіктер беретін әсіресе, Еуропа сияқты дамыған сыртқы нарықтағы тұтынушылар арасында өзін-өзі дамытуға және/немесе "өзін өзі шақыруға" ұмтылысының артуы.

      Негізгі ұзақ мерзімді экологиялық үрдістер мыналар болып табылады:

      1) "табиғат аясындағы" туристік өнімдерді әзірлеу және өткізу мүмкіндіктерін беретін қоршаған ортаны сақтау және қорғау саласындағы қоғамдық сананың артуы, экологиялық тұрақты болып табылатын: жаяу туризм, велотуризм, салт атты серуендеу және құстарды бақылау;

      2) климаттың өзгеруіне байланысты туындаған ел экономикасындағы өзгерістер қызметтерді жергілікті жеткізушілердің, туроператорлардың және көлік компанияларының жаңа жағдайларға бейімделу қажеттілігін туғызады.

      Технологиялар саласындағы негізгі ұзақ мерзімді үрдістер мыналар болып табылады:

      1) өз кезегінде туристерді көптеп тарта отырып, осындай технологияларды енгізетін объектілердің имиджіне оң ықпал ететін объектілерді салу және пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіз және энергия үнемдеуші технологиялар мен процестерді пайдаланудың артуы;

      2) жаңа маршруттарды енгізу, жаңа (бюджеттік) әуе тасымалдаушылар құру, қолданыстағы әуежайларды жаңғырту және жаңаларын салу арқылы әуе қатынасын қарқынды дамыту, бұл, жиынтығында, Интернетті пайдаланудың өсуімен қатар сапарлар санын арттырады;

      3) жарнама үшін де, сол сияқты туристік өнімдерді сату үшін де компаниялардың интернет қатысуы болуының қажеттілігіне негізделген туристік өнімдерді іздеуде және сатып алуда Интернетті пайдаланудың артуы;

      4) туризммен байланысты барлық секторларда әртүрлі технологиялық қосымшаларды – туризмге және қонақ үй бизнесіне байланысты смартфондарға арналған қосымшаларды, автомобильдерге арналған GPS және т.б. пайдаланудың артуы.

      Өзге салалардағы негізгі ұзақ мерзімді үрдістер мыналар болып табылады:

      1) денсаулыққа, қауіпсіздікке және әл-ауқатқа байланысты барлық мәселелерде жоғары сапа стандарттарын орнату мен қолдау қажеттілігін білдіретін және өз кезегінде кейбір туристік дестинацияларды басқалардан тартымды ететін денсаулық, жеке қауіпсіздік және әл-ауқат туралы қамқорлыққа деген үрдістің өсуі;

      2) визасыз немесе жеңілдетілген визалық режимі бар елдерге шетелдік туристердің көп санын тартуға мүмкіндік беретін кірме туристер үшін визалық талаптарды алып тастайтын немесе жеңілдететін дестинациялар санының өсуі.

2. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН 2020 ЖЫЛҒА
ДЕЙІН ДАМЫТУДЫҢ ПАЙЫМЫ

      Туризмді Қазақстан Республикасындағы дамудың ұлттық басымдықтарының бірі ретінде қарастыру үшін бес негізгі экономикалық және әлеуметтік мүдделер бар:

      1) туризм саласында, оның ішінде дәстүрлі ауылдық өмір салтынан қол үзбей, ауылдық және шалғайдағы аудандар халқы мен жастарды 230 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз ету мүмкіндігі;

      2) отбасылар, шағын және орта кәсіпорындар үшін бизнес мүмкіндіктер жасай отырып, халықтың қалың санаты арасында кәсіпкерлік қызметтің мәдениетін дамытуға жәрдемдесу;

      3) Қазақстан Республикасының өңірлері мен ауылдық аудандарын дамытуға үлес қосу, оның ішінде шалғай аудандардағы инженерлік-көліктік инфрақұрылымды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту;

      4) ауыл шаруашылығын, машина жасауды, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, өндірістік емес секторды қоса алғанда, экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастыққа жәрдемдесу және мүмкіндіктер жасау;

      5) ұлттық және мемлекетаралық өзара түсіністікті ілгерлетуге ықпал ететін жағымды және өнімді мәдениетаралық қатынастар құруға жәрдемдесу.

      Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың стратегиялық пайымдауы – бұл 2020 жылға қарай Қазақстанды жаһандық танымал туристік дестинация ретінде бекіту.

      Экономиканы әртараптандырудың және Қазақстан Республикасы халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттырудың ұлттық мақсаттарына қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасының туризм индустриясы туризмнің ішкі және халықаралық нарықтарында тартымды туристік өнімдерді ұсынатын туризмнің кәсіби қызметкерлері шұғылданатын бәсекеге қабілетті туристік бизнесі бар белгілі бір туристік кластерлерде дамуға тиіс. Осы бағыттағы даму барлық жұмылдырылған мүдделі тараптар – мемлекет, бизнес және қызметкерлер үшін туристік қызметтен түсетін кірістердің қуатты және тұрақты өсуіне ықпал етуге тиіс.

3. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН 2020 ЖЫЛҒА
ДЕЙІН ДАМЫТУДЫҢ МАҚСАТТАРЫ, МІНДЕТТЕРІ, КЕЗЕҢДЕРІ ЖӘНЕ
КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕРІ

      2020 жылға дейін Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізі мақсаттары:

      1) қажетті инновациялық, энергия тиімді инфрақұрылым құру;

      2) жаңа туристік "тәжірибелердің" жүйесін жасау және жергілікті және шетелдік туристерге арналған халықаралық бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтер әзірлеу;

      3) экологиялық туризмді және экологиялық ағартуды, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дамыту;

      4) туризм саласын басқару мен реттеудің кәсіби жүйесін жасау;

      5) Қазақстанға және ел ішінде қолжетімділікті ұсыну болып табылады.

      2020 жылға дейін Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясын дамытудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) мемлекет экономикасына туристік саланың үлесін арттыру;

      2) Қазақстан Республикасында туризм индустриясы өсуінің едәуір әлеуетін ескере отырып, экономикалық өсу мен инвестицияларды ынталандыру;

      3) туризм индустриясы мен экономиканың ілеспе салаларында жұмыс орындарын құру;

      4) кәсіпкерлікті, оның ішінде экономиканың аралас салаларында ШОБ-ты және ауылдық аудандарды қоса алғанда, жалпы ел және өңірлер бойынша адами әлеуетті дамыту.

      Туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және саланы дамыту жағдайын қамтамасыз ету үшін экономиканың басым секторларының бірі ретінде қазақстандық туризмді әлемдік туристік нарыққа ықпалдастыру үшін қазіргі заманғы тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешендерін құру қажет.

      Туризм саласын дамытудың негізгі индикаторлары келуші туристердің саны, тәуліктік төсек-тәулік саны, сондай-ақ туристік қызметтен түсетін табыс көлемі болып табылады. Осы тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу дамытудың әрбір кезеңінде туризмді дамыту индикаторларының арттыру арқылы айқындалады.

      Даму кезеңдері

      Көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақстанда туризмді дамытудың мынадай кезеңдері ұсынылады:

      1) 1-кезең 2015 – 2016 жылдар;

      2) 2-кезең 2017 – 2018 жылдар;

      3) 3-кезең 2019 – 2020 жылдар.

      1-кезең неғұрлым маңызды болып табылады, өйткені одан кейінгі кезеңдердің сәттілігі жұмыстардың 1-кезең шеңберінде орындалуына байланысты: қолданыстағыларын бейімдеу және жаңа құқықтық шаралар мен институционалдық тетіктер құру, олардың көпшілігі 2015 жылы дайын болуға тиіс.

      Бұл кезең, сондай-ақ дамудың алғашқы сатысы болып табылады, осы кезең бойы барлық ұлттық (ірі) туристік жобалар дайындалу және олардың құрылысына бастамашылық ету, басқа (кіші) туристік жобаларды әзірлеуді ынталандыру, жалпы инфрақұрылым мен адами ресурстарды инвестициялау, маркетинг, ұлттық туризм брендингі және өзге де ілеспе қызмет түрлері жүйесін айқындау және енгізу, сондай-ақ жылдам нәтижелер алуға бағытталған шараларды қабылдау қажет. 1-кезең шеңберінде 2015 жылдан 2020 жыл аралығында жалпы инвестициялардың 30,0 %-ға жуығын игеру ұсынылады. 1-кезеңде жоспарланған шараларды іске асыруды ескере отырып, осы кезеңде күтілетін туристер ағыны – 4,1 млн. келуші туристі, төсек/тәулік саны 13,3 млн. құрайды. Туристік қызметтен түсетін табыс 4,6 млрд. АҚШ долларын құрайды.

      2-кезең дамудың жалғасы болып табылады. Инвестициялау тұрғысынан алғанда, негізгі құрылыс жұмыстарын, атап айтқанда, ұлттық туристік жобаларды дамыту шеңберінде туристік инфрақұрылымның орналастыру орындары мен объектілерін, оның ішінде тәуекелдік деңгейі төмен және қысқа мерзімде іске асыру мүмкіндігі бар жобаларды орындау ұсынылады. Осы кезеңде инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру, адами ресурстар әлеуетін нығайту және маркетинг саласындағы әртүрлі жұмыстарды орындау маңызды.

      2-кезең шеңберінде 2014 жылдан бастап 2020 жыл аралығында жалпы инвестициялардың 45,0 %-ға жуығын игеру ұсынылады. 2-кезеңде жоспарланған шараларды іске асыруды ескере отырып, осы кезеңде күтілетін туристер ағыны – 6,5 млн. келуші туристі, төсек/тәулік саны 23 млн. құрайды. Туристік қызметтен түсетін табыс 7,6 млрд. АҚШ долларын құрайды.

      3-кезең дамудың қорытынды сатысы болып табылады, бұл кезеңде бүкіл ел бойынша туристік жобаларды дамыту үшін туристік ұсыныстарды әртараптандырып және шағын және орта бизнес кәсіпорындарын едәуір қолдап, 2-кезеңнің шеңберінде орындалатын іс-шараларды іске асыру жалғасатын болады. 3-кезең шеңберінде 2015 жылдан бастап 2020 жыл аралығында жалпы инвестициялардың 30,0 %-ға жуығын игеру ұсынылады, 3-кезеңде жоспарланып отырған шараларды іске асыруды ескере отырып, осы кезеңде күтілетін туристер ағыны – 8,5 млн. келуші туристі, төсек/тәулік саны 33,8 млн. құрайды. Туристік қызметтен түсетін табыс 10,2 млрд. АҚШ долларын құрайды.

      Күтілетін нәтижелер

      Инвестициялар тартқан және мемлекеттік бюджеттен қажетті көлемде қаражат бөлінген жағдайда, жоғарыда көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді сәтті іске асыру Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясы көрсеткіштерінің мынадай өсіміне алып келеді:

      1) туристерді орналастыру орындары: 2013 жылғы 89 940 төсек-орыннан 2020 жылы 206 мың төсек-орынға дейін (2,3 есе өсу, жиынтық жылдық өсу қарқыны 12,6 %);

      2) туристердің түнеу саны (ішкі, сол сияқты шетелдік): 2013 жылғы 8 067 109 туристік түнеуден, 2020 жылы 33,74 млн. туристік түнеуге дейін (4,2 есеге, өсу жылдық жиынтық өсу қарқыны 22,7 %);

      3) туристің осында қалуының орташа ұзақтығы: 2013 жылғы бір реттік келуге 2,4 түнеуден, 2020 жылы бір реттік келуге 4,0 түнеуге дейін (1,6 есеге өсу);

      4) орналастыру орындарының толтырылуы: нөмірлік қор жүктемесінің коэффиценті 2013 жылғы 24,6 %-дан, 2020 жылы 45,0 %-ға дейін (1,8 есеге өсу);

      5) туризм саласындағы жұмыспен қамту: 2012 жылғы 129 мың қызметкерден 2020 жылы 234 мыңға дейін (1,8 есеге өсу).

      Туристік сұраныстың күтілетін өсімі негізінен жаңа туристік ұсыныстарды дамыту (төсек-орындар саны) және оларды кәсіби коммерциялау есебінен болады. Жалпы туристік келу санының құрылымы 2020 жылы:

      алдағы жеті жылда 4,49 млн. туристік келу үшін жаңа орналастыру орындары салынатын болады (50,8 %), бұл ретте туристердің жартысына дерлік жуығы Алматы (23,8 %) және Батыс Қазақстан (22 %) кластерлеріне келетін болады, бұл уақытта қалған жартысы Астана (17 %), Шығыс Қазақстан (11,9 %), Оңтүстік Қазақстан (8,6 %) және Қазақстан Республикасының басқа да облыстарының (16,8 %) кластерлеріне шоғырландырылатын болады.

4. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУДЫҢ
НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ТӘСІЛДЕРІ

      Туристік кластерлер

      Жоғары халықаралық бәсекелестік дәуірінде туристік сұраныс қарқынды өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты ішкі және халықаралық келуші үшін анағұрлым тиімді туристік "тәжірибе" жүйесін құру мақсатында мүдделі құрылымдар тарапынан Қазақстан Республикасының туристік өнімін қалыптастыруға және ілгерілетуге жаңа қағидаттар мен тәсілдер әзірлеу қажет. Туристік өнімнің бірегейлігі мен сапасына қарамастан, жоғары дамыған инфрақұрылымның (көлік инфрақұрылымы, телекоммуникациялық байланыс арналары, тұрмыстық қызмет көрсету және т.б.) болмауы саяхаттан қанағаттану деңгейін төмендетеді, соның салдарынан туристік келу санының қысқаруына және аумақтың ішкі және әлемдік туристік нарықтарда аумақтың бәсекеге қабілеттілік деңгейінің азаюына әкелетіндігін назарға алған жөн.

      Осыған байланысты әртүрлі аумақтық деңгейлерде (ел, облыс, аудан, қала) туризмді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет. Осындай әдістердің бірі кластерлік тәсіл болып табылады.

      Қазіргі уақытта отандық туризм үшін тиісті әкімшілік-аумақтық құрылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кластерлерді қалыптастыру міндеті неғұрлым өзекті болып отыр.

      Туристік кластер – бұл туристік өнімді жасаумен, өндірумен, ілгерілетумен және сатумен, сондай-ақ туризм индустриясымен және рекреациялық көрсетілетін қызметтермен аралас қызметпен айналысатын өзара байланысқан кәсіпорындар мен ұйымдардың бір шектелген аумақ аясында шоғырлануы.

      Туристік кластерді құрудың мақсаты – синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде:

      1) кластерге кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру;

      2) инновацияларды ынталандыру және жаңа туристік бағыттарды дамыту.

      Туристік кластерді құру іс жүзінде аумақтың тұрпатын айқындайды және өңірдің оң имиджін қалыптастыруға әсерін тигізеді, бұл жалпы алғанда жоғары ықпалдастырылған туристік ұсыныстар мен бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді құрады. Қазақстанда бес туристік кластер құруға мүмкіндік бар: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан.

      Астана кластері – бұл Астана қаласын, Ақмола облысын, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігін, Павлодар облысының батыс бөлігін және Қарағанды облысының солтүстік-шығыс бөлігін қамтитын кластер. Астана қаласы кластердің орталығы болады, мұнда мынадай басты туристік қызығушылық орындары орналасқан:

      1) "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      2) "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      3) "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      4) Қарағанды қаласы;

      5) Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      6) Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

      Болашақта кластер ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген жаңа туристік қызығушылық орындарымен толығуы мүмкін: мегалит дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары, Тасмола мәдениетінің жарқыншақ тастар қорғаны, сондай-ақ "Жібек жолы" сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Бозоқ қалашығы).

      Астана маңындағы жерлермен және Бурабай курорттық аймағымен көшпелі мәдениет пен дала әртүрлілігінің орталығы болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдер: MICE-туризм, мәдени туризм мен турне, таулар мен көлдердегі демалыс, қысқа мерзімді демалыс.

      Алматы кластері – бұл Алматы қаласы мен Алматы облысының бір бөлігін қамтитын кластер. Алматы қаласы кластердің орталығы болады, онда мынадай басты туристік қызығушылық орындары айқындалған:

      1) петроглифтері бар Тамғалы археологиялық ландшафты (ЮНЕСКО объектісі);

      2) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      3) Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Шарын шатқалы;

      4) Қапшағай су қоймасы;

      5) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар Алматы қаласы маңындағы тау шаңғысы аймақтары;

      6) "Жаңа Іле" туристік орталығы.

      Болашақта кластер Алматы облысының басқа бөліктерін қосып кеңеюі, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген жаңа туристік қызығушылық орындарын – Балқаш көлін, Ешкіөлмес петроглифтері бар Жетісу Алатау тау сілемдерін, Есік қорғандары мен "Жібек жолы" сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілерді (Талғар қалашығы, Боралдай сақ қорғандары) ұсынуы мүмкін.

      Алматы халықаралық тау, іскер және тау шаңғысы туризмінің орталығы болады және "Қаладағы және таулардағы ойын-сауық" кластері ретінде сипатталатын болады. Аталған кластер ұсынатын негізгі туристік өнімдерге MICE-туризм, мәдени туризм және турне, таулардағы және көлдердегі демалыс және қысқа мерзімді демалыс жатады.

      Шығыс Қазақстан кластері Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерін қамтиды. Өскемен қаласы кластердің орталығы болады, мұнда алты маңызды туристік қызығушылық орындары айқындалған:

      1) "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері;

      2) Бұқтырма су қоймасы;

      3) Ертіс өзені – Зайсан көлі;

      4) Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      5) Қалжыр шатқалы;

      6) Риддер – Анатау мен Иванов таулары;

      7) Алакөл көлі;

      8) Семей қаласы.

      Болашақта кластер Шығыс Қазақстанның қалған бөліктерін қамти отырып кеңеюі мүмкін.

      Шығыс Қазақстан кластері "Табиғаттың ғажайып әлемі" ретінде сипатталып, экологиялық туризмді дамыту орталығы болады.

      Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге белсенді және қызық оқиғалы туризм, таулар мен көлдердегі демалыс жатады.

      Оңтүстік Қазақстан Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтитын кластер болып табылады. Шымкент қаласы кластердің орталығы болады, онда мынадай туристік қызығушылықтың орындары ұсынылған:

      1) ежелгі Түркістан және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері (ЮНЕСКО объектілері);

      2) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген ортағасырлық Отырар қалашығының және отырарлық алқаптың археологиялық объектілері;

      3) Сауран археологиялық кешені;

      4) палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы; ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпаөзен петроглифтері;

      5) Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      6) Байқоңыр ғарыш айлағы;

      7) Қызылорда, Сарыағаш, Тараз қалалары.

      Болашақта кластер үш облыстың қалған бөліктерін қамти отырып, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген түркіге қасиетті Меркі, сондай-ақ "Жібек жолы" сериялық ұлтаралық номинациясына енгізілген объектілер (Жетіасар алқабының ескерткіштері, Сығанақ қалашығы) секілді жаңа туристік қызығушылық орындарын ұсынуы мүмкін.

      Оңтүстік Қазақстан кластері "Ұлы Жібек жолының жүрегі" ретінде сипатталатын болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге мәдени туризм мен турне жатады.

      Батыс Қазақстан кластері бүкіл Маңғыстау облысын және Батыс Қазақстан облысының бір бөлігін қамтитын кластер болып табылады. Ақтау қаласы аталған кластердің орталығы болып табылады, мұнда мынадай туристік қызығушылық орындары орналасқан:

      1) Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жер асты мешіттері мен Омар мен Тұр кесенесі;

      2) Маңғышлақ түбегіндегі қорымдар;

      3) Шерқала тауы;

      4) Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғат қорығы;

      5) "Бөкей Ордасы" ескерткіштер кешені;

      6) "Кендірлі" шипажайы.

      Батыс Қазақстан кластері "Каспий Ривьерасы" ретінде сипатталатын болады. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге жағажай туризмі, мәдени туризм және турне жатады.

      "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізін іске асыру шеңберінде өңірлердің бірегей объектілері мен республиканың батыс және шығыс "шекара қақпаларындағы" тиісті жағдайлармен туристердің орналасуы, демалысы мен қажетті сервистік қызметтер алуы үшін қазіргі заманғы туристік инфрақұрылым құру көзделеді.

      Қазақстанның басқа бөліктері. Кластерге енбеген өңірлер үшін, сондай-ақ аудандық деңгейлерде ең алдымен ішкі туризмді дамыту үшін болашағы зор туристік өнімдерді айқындау қажет. Бұл жағдайда тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шағын жобаларды әзірлеу және іске асыру орынды.

      Қазақстанның барлық өңірлері үшін неғұрлым тартымды турөнімдердің біріне туризмнің басым түрлерінің бірі болып табылатын, аталған аумақтардың табиғи және мәдени-этнографиялық ерекшеліктерімен танысу мақсатында қол тимеген табиғи аумақтарға саяхатты қамтитын экологиялық туризмді жатқызуға болады.

      Бұл ретте аталған саяхат экожүйелердің біртұтастығын бұзбауға тиіс және жергілікті тұрғындар үшін тиімді болатындай табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау үшін жағдай жасау қажет.

      Елдің "жасыл экономика" қағидаттарына көшуіне белгіленген бағдарын ескере отырып, агротуризм мысалы ауыл халқын баламалы жұмыспен қамтудың ұйытқысы ретінде ғана емес, өңірлердің экономикасына қаржылық қолдауды қамтамасыз етуде және экологиялық "таза" ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда үлгі етіп көрсетуге тұрарлық. Агротуризм табиғатқа ұқыпты қарау экономикалық тиімді болатын жергілікті халықты осы үдеріске тартуға ықпал ететін қоршаған ортаны қорғаудың қуатты құралы болып табылады.

      Қазақстанның барлық өңірлерінде ауыл туризмін дамыту перспективалары зор болғандықтан, туризм жөніндегі жергілікті атқарушы органдар қолда барларды жаңғыртуды қамтамасыз етуі, ал қажет болған кезде жаңа туристік инфрақұрылым жасауы, өңірде туризммен айналысатын ШОБ-ті қалыптастыру және дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін айқындауы, әдістемелік құралдарды әзірлеуді, қонақ үйлер ашатын кәсіпкерлерге консультативтік көмек көрсетуді қамтамасыз етуі, жергілікті және өңірлік деңгейлерде ақпараттық қолдау және қонақ үйлерді ілгерілету үшін пәрменді құралды айқындау қажет.

      Көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасына кепілдік беру үшін ауылдық демалыс үйлерінің бірыңғай сыныптамасын әзірлеу жөніндегі мәселені шешу, осы сыныптаманың критерийлерін айқындау және ауылдық қонақ үйлер үшін бірыңғай стандарттарды бөлу қажет.

      Қазақстанның шекара маңы облыстары үшін туризмді дамытудың үлкен перспективалары бар. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен туристік бағыттарды, оның ішінде іргелес елдердің азаматтары үшін бір/екі күндік экскурсиялар жасау және дамыту, мәдениет фестивальдерін өткізу орынды.

      Жалпы, жергілікті атқарушы органдар туризм саласындағы орталық уәкілетті органмен өзара іс-қимылды нығайтуы, қысқа мерзімді/ұзақ мерзімді перспективаға арналған туризмді дамытудың өңірлік мастер- жоспарларын қайта қарауы/әзірлеуі, жұмыс істеп тұрған туристік ұйымдар, типтері бойынша орналасу орындары бар инфрақұрылым объектілері, ойын-сауық және өзге де объектілер тізбесін қамитын дерекқорды тұрақты жаңартуы қажет.

      Кәсіпкерлермен туризм саласындағы, сондай-ақ сабақтас қызмет салалардағы жұмысты күшейту, жергілікті жерлерде мемлекеттік қолдау құралдарының пәрменді жұмысына ықпал ететін тетіктерді айқындау қажет. Өңірде туристік кадрларды даярлауды басымдықтардың бірі ретінде айқындау, туризм кадрларын даярлауды жүзеге асыратын оқу орындарымен тығыз байланыс жасау.

      Сондай-ақ барлық облыстар үшін қызметтің басым бағыттарының бірі халықтың белгілі бір санатының, оның ішінде егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың ел ішіндегі туристік қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін әлеуметтік туризмді дамыту болып табылады. Жеке сектормен және салалық қауымдастықтармен әріптестікте инсентив-туризмді ілгерілету және ел ішіндегі демалыс үшін қызметкерлерді жолдамалармен көтермелеу тетіктерін енгізу қажет. Әлеуметтік туризмді дамыту жөніндегі шаралар әлеуметтік туризмді ұйымдастырушылар үшін экономикалық ынталандыруларды және туристік қызметтерді көрсету және алу, әлеуметтік туризм объектілерін құру, реконструкциялау және пайдалану кезінде оған қатысушылар үшін жеңілдіктерді қамтитын болады.

      Туристік өнімдер

      Әрбір туристік кластер бірнеше туристік өнімдерді әзірлеуді ұйымдастыруға тиіс, бірақ туристік өнімдерді таңдау және басымдықтар беру әр кластердегі әрбір өнімнің даму әлеуеттеріне байланысты. Жалпы, Қазақстан Республикасында туризмнің басты алты өнімін дамыту қажет:

      "MICE-туризм", "Мәдени туризм және турне", "Белсенді және қызық оқиғалы демалыс", "Таулар мен көлдердегі демалыс", "Жағажай туризмі" және "Қысқа мерзімді демалыс".

      MICE-туризм – іскерлік кездесулер, көтермелеу турлары, конференциялар, көрмелер, іс-шаралар, жұмыс топтарының отырыстары, семинарлар және іскерлік сапарлар кезіндегі бос уақыт бизнес-уәждеріне байланысты ұйымдастырылған сапарлар жатады. Аталған турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Еуропа, Қазақстан, Қытай және Ресей жатады.

      Мәдени туризм және турне – мәдени ескерткіштер және тарихи мұра орындары бойынша ұйымдастырылған турлар және гид алып жүрмейтін турлар. Аталған турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Еуропа, Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Үндістан және өңір елдері жатады.

      Белсенді және қызық оқиғалы туризм – қызметтің "жұмсақ" түрлерін (кемпинг, жаяу жүру, велосипед тебу, толық жетектегі автомобильмен жүру, табиғатты зерттеу, салт атты серуендеу, құстарды бақылау, балық және аң аулау) және қызметтің "қатты" түрлерін (каноэда есу, каякпен жүзу, спелеотуризм, тау велосипедін тебу, қиылысқан жермен шаңғы тебу, альпинизм, парапланеризм, плоттармен түсу (рафтинг), тауға өрмелеу және джип-сафарилер) қоса алғандағы табиғаттағы қызмет түрлері. Аталған өнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын елдерге Қазақстан, Ресей және Еуропа жатады.

      Таулар мен көлдердегі демалыс – демалыс пен рекреация саласындағы түрлі қызметтер бағдарламалары – жұптар, отбасылар мен балалар үшін жазғы және қысқы демалысты өткізу, ресми демалыс күндері уақытындағы демалыс, таудағы белсенді қызмет түрлері, сондай-ақ экологиялық туризм. Осы туристік өнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей және Қытай жатады.

      Жағажай туризмі – жағажай аймақтарына сауығу және демалу мақсаттарында келу, сондай-ақ судағы спорт түрлері, қайықпен және яхтамен жүзу (теңіздегі демалыс). Осы турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей және өңір елдері жатады.

      Қысқа мерзімді демалыс – демалыс күнгі турлар, қала және қала маңындағы, көрнекті орындарға бару, табиғатта демалу, мәдени ескерткіштер мен тарихи мұра орындары, сондай-ақ ерекше жағдайлар үшін қысқа мерзімді үзілістер (мысалы, бал айы, Жаңа жыл демалысы, жыл сайынғы жиындар және т.б.) сияқты әдетте бір күннен төрт күнге дейін созылатын сапарлар. Аталған турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей Федерациясы, Еуропа және Таяу Шығыс жатады.

      Келесі төрт-алты жыл ішінде коммерцияландыру үшін толық дайын немесе салыстырмалы түрде оңай екенін ескерсек, алғашқы үш туристік өнім (MICE-туризм, мәдени туризм және турне, сондай-ақ белсенді және қызық оқиғалы туризм) "жылдам әсер" нәтижесінің қатарына жатады.

      Қалған үш туристік өнім (таудағы және көлдердегі демалыс, жағажай туризмі және қысқа мерзімді демалыс) "стратегиялық өнімдер" болып табылады, өйткені оларды әзірлеу туризм саласындағы стратегиялық маңызды (ұлттық) жобалар арқылы едәуір инвестицияларды талап етеді, бұл олардың жеті жылдан он екі жылға дейінгі аралықтағы маңыздылығын білдіреді.

      Айтылған топтарға енгізілмеген басқа туристік өнімдер, бұл – мәдени-танымдық туризм, қасиетті орындарға сапарлар, әлеуметтік, балалар-жасөспірім, агроэкотуризм, геопарктерді дамыту, сондай-ақ ерекше қызығушылықтар бойынша бірқатар өнімдер. Астана қаласында технологиялық жарақтандырылу деңгейі жоғары және кейбір медициналық қызметтер құны салыстырмалы түрде төмен болатын жоғары сапалы медициналық емханалар паркінің болуын ескере отырып, Астана қаласының қазақстандықтарды ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтарды да тарта отырып, медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі зор. Бұл өнімдер Қазақстан үшін туризмнің бастапқы өнімдері ретінде қарастырылмайды, бірақ өте ерекше салаларда дамытудың белгілі бір мүмкіндіктерін ұсына отырып, осы туристік бағыттарды дамытуға назар аудару қажет.

      Туристік жобалар

      Ұлттық туристік жобалар

      Аталған туризм өнімдерін дамыту ұлттық маңызы бар жобаларды қоса алғанда, туризмнің түрлі жобаларын дамыту қажеттілігін білдіреді. Ұлттық туристік жобаларға Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық еткен ірі жобалар жатады.

      Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан ұлттық туристік жобалар – бұл Астана кластеріндегі Бурабай курорттық аймағы, Алматы кластеріндегі Оңтүстік Қаскелең тау шаңғысы курорты және Көкжайлау, Шығыс Қазақстан кластеріндегі Бұқтырма – Қатонқарағай және Батыс Қазақстан кластеріндегі Кендірлі.

      Бурабай курорттық аймағы – бұл аумағында бірнеше көлдер, бос уақыт, қабылдау мен кездесулер, сауықтыру іс-шараларын, спа, гольф, атпен серуендеу және қызметтің басқа да түрлерін өткізу объектілері орналасқан жоғары сапалы курорттарды дамыту. Бұл жоба жалпы саны 5020 төсек-орындық пен 4552 резиденциялы 11 қонақ үйі (Rixos Hotel қоса алғанда) бар бес аймақты дамытуды білдіреді.

      Басқа объектілерді әзірлеу – конференциялар мен іс-шаралар, сауықтыру және спа-орталықтарын өткізге арналған үй-жайлар, таза ауада және жабық үй-жайларда спорттық іс-шаралар өткізуге арналған құрылыстар, гольфке арналған алаң, атпен серуендеуге арналған орталық, көл жағасындағы айлақ, киіз үй.

      Жобаның жалпы құны шамамен 1 624 млн. АҚШ долларына бағаланған, бұл қаржы 2014 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі аралықта кезең-кезеңімен инвестицияланады. "Бурабай" курорттық аймағының жобасы Ақмола облысының Бурабай курортты аймағын дамытудың жүйелі жоспарында сипатталған.

      Қаскелең Оңтүстік – бұл қысқы және жазғы демалыс және әртүрлі қызмет түрлері үшін үлкен халықаралық тау шаңғысы курортын әзірлеу және дамыту. Аталған жоба жалпы сыйымдылығы 28 600 төсек-орындық кенттер/қонақ үйлер, апартаменттер, таунхаус шаледен тұратын 3 аймақты қамтитын туристік инфрақұрылымды дамытуды ұйғарады. Сондай-ақ туристерге қызмет көрсетуге арналған 31 600 шаңғышы үшін 148 шақырымдық шаңғы жолы, 27 тау-шаңғы көтергіштерді және 4985 тұрақ орын ілеспе объектілері.

      Жобаның жалпы құны шамамен 2205 млрд. АҚШ долларына бағаланған, ол келесі 20 жыл ішінде кезеңдер бойынша инвестицияланады. "Қаскелең Оңтүстік" жобасы Алматы қаласы тау шаңғысы аймағын дамытудың жүйелі жоспарында сипатталған.

      Көк Жайлау – бұл халықаралық сапа стандарттарына сай келетін жыл бойы жұмыс істейтін тау-шаңғы курортын әзірлеу және дамыту. Аталған жоба жолаушылық қанат жолдарын, сондай-ақ курорттың негізгі объектілеріне инженерлік желілерді жүргізуді қоса алғанда Алматы қаласының қала маңындағы халықаралық тау-шаңғысы курортын салуды көздейді. "Көк Жайлау" жобасы Алматы қаласында тау шаңғысы аймағын дамытудың жүйелік жоспарында сипатталған.

      Бұқтырма - Қатонқарағай:

      "Песчанка" курорты – бұл Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы демалыс өткізу үшін жоғары сапалы қызмет көрсететін курортты дестинацияны дамыту. Аталған жоба жалпы сыйымдылығы 8476 төсек-орындық 9 қонақ үйді, виллаларды, коттедждер мен таунхаустарды, сондай-ақ яхталарға арналған айлақты, су паркін және спорттық құрылыстарды қамтитын бірнеше аймақты дамытуды ұйғарады.

      Жобаның жалпы құны шамамен 365 млн. АҚШ доллары (көлік инфрақұрылымы мен коммуналдық шаруашылықты есептемегенде), олардың ішінде 2020 жылға дейінгі инвестициялар мөлшері 274 млн. АҚШ долларын құрайды (5 152 төсек-орынды және аралас тұрақ аймақтары, жолдар мен ландшафтылық дизайн үшін). "Песчанка" жобасы Шығыс Қазақстан облысының туризмін дамытудың кластерлік бағдарламасының мастер жоспарында сипатталған.

      "Шыңғыстай" курорты – бұл "Қатонқарағай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қысқы және жазғы демалыс және қызметтің әр түріне арналған таулы курортты дамыту. Аталған жоба жалпы сыйымдылығы 3 266 төсек-орындық 5 қонақ үйлер, виллалар, коттедждер мен аңшылық үйлерін салуды, тау шаңғысы, спорттық және туристерге қызмет көрсетуге арналған өзге ілеспе құрылыстар салуды көздейді. Жобаның жалпы құны шамамен 159 млн. АҚШ долларына бағаланған (тау шаңғысы объектілерін, көліктік инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты есептемегенде), олардың ішінде 2020 жылға дейін инвестициялар көлемі 106 млн. АҚШ долларын құрайды (1 364 төсек-орын және аралас тұрақ аймақтары, жолдар және ландшафтылық дизайны үшін).

      "Шыңғыстай" жобасы Шығыс Қазақстан облысындағы туризмді дамытудың кластерлік бағдарламасының мастер-жоспарында сипатталған.

      Осы екі курорт Ертіс өзенімен круиз, Алтайға турлар және басқалары сияқты бірлескен туристік өнімдермен және Үлкен Нарындағы ортақ әуежаймен бірге бірыңғай жүйеге біріктірілді.

      Кендірлі – жағажай демалысын, сондай-ақ әр түрлі қызмет түрлерін қамтитын жаңа дестинацияны дамыту. Аталған жоба жалпы сыйымдылығы 60 000 төсек-орындық 22 қонақ үй мен 16400 резиденция (оның 40 000-ы туристер үшін және 20 000-ы қызметкерлер мен олардың отбасылары үшін) және келушілерге қызмет көрсететін қалалық бөлшек сауда орталықтары, ашық аспандағы және жабық үй-жайлардағы спорттық сайыстарға арналған құрылыстар, гольфке арналған 3 алаң, яхталарға арналған айлақ, жергілікті тұрғындарға арналған қоғамдық мақсаттағы түрлі құрылыстар әзірлеуді көздейді. Жобаның жалпы құны шамамен 3,3 млрд. АҚШ долларына бағаланады, олардың ішінде 2020 жылға дейін инвестициялар көлемі 1,96 млрд. АҚШ долларын (36382 төсек-орын үшін) құрайды. "Кендірлі" жобасы Кендірлі туристік аймағын дамытудың жүйелі жоспарында сипатталған.

      ЭКСПО – 2017

      ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі – бұл индустрияландырудың символы және техникалық әрі технологиялық жетістіктерді көрсетуге арналған ашық алаң болып табылатын ірі халықаралық іс-шара.

      ЭКСПО – 2017 өткізу Қазақстан Республикасы мен оның елордасының халықаралық деңгейде айтарлықтай ілгерілеуіне ықпал етеді. Алайда аталған көрмені ұйымдастырушы елдердің тәжірибесіне салыстырма талдау аталған оқиғаның іскерлік табысы көбінесе ішкі нарыққа байланысты екенін көрсетеді.

      Астана қаласында толымдылық деңгейі халықаралық стандарттың орташа көрсеткіштен төмен 5000-ға жуық қонақ үй нөмірлері бар екенін ескерсек, жұмыс істеп тұрған және әзірленіп жатқан жобаларды есептемегенде, ЭКСПО-2017 қарсаңында орналастыру орындарына шамамен қажеттілігі: 3 750 қонақ үй нөмірлері (қазір құрылысы басталғандарды есептемегенде), 2200 пәтер, студенттер жатақханаларындағы 1000 нөмір, жастар кемпингісінен/киіз үйлеріндегі 1000-1500 нөмір.

      ЭКСПО-2017 ұйымдастыруға байланысты күш-жігер жеткіліксіз туристік инфрақұрылым құруға, "жұмсақ" өзгерістер енгізуге және Қазақстанның туристік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты негізгі міндеттерді шешуге: елге келу шарттылықтарын жеңілдету, туристік және көліктік инфрақұрылымды құру, кәсіби оқытуды ұйымдастыру және туризм секторы үшін адами ресурстарды дамыту тартымды бағалармен қамтамасыз ету мүмкіндігі және дестинацияны басқарудың тиімді моделі және т.б. бағытталуы тиіс.

      Қолда бар аталған төрт жүйелі жоспар мен мастер-жоспарда айқындалған туристік жобалардан басқа, туристік өнімдерді болжамды дамыту ұлттық маңызы бар бірнеше басқа туристік жобаларды дамыту қажеттілігін білдіреді.

      Басқа туристік жобалар

      Ұлттық жобалардан басқа тізбесі жоспарлы түрде толықтырылып отыратын бірнеше жобалар топтары бар.

      Бірінші топ – ірі жеке девелоперлер бастамашылық еткен, құрамында қомақты туристік өнімі бар ірі туристік жобалар немесе жылжымайтын мүлік салу жөніндегі ықпалдастырылған жобалар. Мұндай жобалардың құны 100 миллион АҚШ долларынан асып түседі. Туризм жөніндегі уәкілетті органның мұндай жобалар бойынша ұсынылатын рөлі – аталған жобаларды осы Тұжырымдамаға сәйкестігі мәніне дамытудың мастер-жоспарын және тиісті кластерлерді дамыту стратегияларын келісу, туристік және көліктік инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен үйлестіру, әкімшілік мәселелерді шешуде қолдау көрсету.

      Кез келген жағдайда мұндай жобалар республикалық Индустрияландыру картасы шеңберінде қаралатын болады. Бүгінгі күні мұндай жобаларға Алматы облысындағы Жауынгер шатқалын дамытудың мастер-жоспарын, Алматы қаласында халықаралық ипподром салу және басқаларды жатқызуға болады.

      Екінші топ – өңірлік маңызы бар ірі курорттық аймақтар. Тиісті мастер-жоспарларды әзірлеуді қоса алғанда, аталған курорттардың тұжырымдамаларын ілгерілету әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қолдауымен облыстар әкімдіктерінің бастамасы бойынша жүзеге асырылуға тиіс. Туризм жөніндегі уәкілетті органның мұндай жобалар бойынша рөлі – анағұрлым басым өңірлік жобаларды анықтау үшін жобаларды бағалаудың бекітілген әдінамасы бойынша іріктеу, әкімдіктерге мастер-жоспарларды әзірлеуде әдіснамалық көмек көрсету, сондай-ақ аталған курорттық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға арналған бюджет қаражатын алуға ықпал ету.

      Мұндай мысалдарға Баянауыл, Қарқаралы, Балқаш маңы және басқа курорттық аймақтарды дамытуды жатқызуға болады.

      Үшінші топ – қонақ үйлер, ірі және орта туристік объектілерді салу жөніндегі жеке жобалар. Егер осы жобалар ұлттық жобалар шеңберінде жүзеге асырылатын болса, онда олардың іріктелуі мен дамуына ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі оператор жауапты болады. Қалған жобалар бойынша бұл рөлді туризм жөніндегі уәкілетті орган тарапынан тиісті әдіснамалық қолдаумен өңір әкімдіктері жүзеге асыруға тиіс.

      Төртінші топ – келу және ішкі туризм мен жекелеген туристік өнімдерді дамыту жөніндегі шағын және орта бизнес жобалары. Аталған жобалар тұжырымдамада ерекше басымдық болып табылады. Әрбір кластер және ұлттық жоба шеңберінде осындай жобаларды құруға арналған текшелер тізбесі ұсынылатын болады, сондай-ақ ШОБ тарапынан кез келген басқа негізді бастамаларға әдеснамалық көмек көрсетілетін болады.

      Ұлттық жобалар бойынша ШОБ-тің дамуына осы жобаларды іске асыру жөніндегі оператор, ал өңірлер бойынша, оның ішінде жүйелі жоспарлар шеңберінде әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, өңірлік әкімдіктер жанындағы тиісті өңірлік туризм басқармалары жауапты болады. Бизнесті қолдаудың барлық қолданылатын мелекеттік бағдарламалары туристік объектілерді басымдықтар тізбесіне енгізуге тиіс.

      Барлық өңірлерді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өзіне негізгі туристік ресурстарды, ұлттық туристік кластерлерді, инфрақұрылымды дамыту жоспарларын қамтитын Қазақстан Республикасының туризмін кластерлік дамыту жөніндегі туристік карта жасау қажет.

      Қазақстандағы турризмнің кластерлік дамуын іске асыру үшін туризм саласын ынталандыру жөнінде тиісті шаралар қолдану қажет.

      Саланы дамытудың құралдарына инженерлік-көліктік және туристік инфрақұрылымды дамыту шаралары, оның ішінде бес кластермен анықталған туристік ұлттық жобалар мен негізгі туристік қызығушылық танытылатын орындарды дамыту, нормативтік құқықтық базаны, институционалдық құрылымды жетілдіру жөніндегі шаралар, туризм саласындағы туристік қызметтер мен кадрларды даярлау сапасын жақсарту, Қазақстанның туристік имиджін дамыту, визалық тәртіп пен көші-қон бақылауын жеңілдету жөніндегі шаралар жатады. Аталған тұжырымдаманың келесі бөлімдерінде саланы дамытудың көрсетілген құралдары неғұрлым егжей-тегжейлі сипатталған.

      Инфрақұрылым

      Көліктік инфрақұрылым

      Туризм индустриясының табысты дамуы кластер ішіндегі және сыртындағы туристік қызығушылық орындарымен байланыстыратын жоғары сапалы және дамыған көліктік жүйенің болуына негізделеді.

      Әуе көлігі туризм индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады, өйткені ол кіру туризмі үшін көліктің негізгі түрі болып табылмақ.

      Әуе көлігін дамыту үшін мынадай іс-шаралар ұсынылады:

      1) жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіру және жаңа (үлкен емес) әуежайлар мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерін, сондай-ақ тікұшақ алаңдарын жетілдіру;

      2) әуе тасымалына қолжетімді баға ұсыну және жаңа әуе маршруттарын әзірлеу есебінен қолданыстағы ішкі әуе маршруттарына арналған рейстердің толығуын арттыру.

      Әуе көлігін дамыту жөніндегі жобалар мынадай іс-шараларды қамтиды, бірақ мұнымен шектеліп қалмайды:

      1) өткізу қабілеттін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы әуежайларды кеңейту;

      2) Өскемен қаласындағы әуежайды жетілдіру;

      3) Маңғыстау облысы Қарақия ауданының "Кендірлі" курорттық аймағында және Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын кентінде әуежайлар салу;

      4) Шығыс Қазақстан облысының "Песчанка" курорты жанында гидроұшақтарға арналған қону орындарын салу;

      5) Өскемен, Риддер және Ақтау қалаларында, Шерқала тауында және "Кендірлі" курортында тікұшақ алаңдарын салу.

      Теміржол көлігі елдің тауарлық нарығының жұмыс істеуі мен дамуында және туристер мен халықтың жүріп-тұру қажеттілігін қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады. Теміржолдардың негізгі рөлі басты кластерлерден туристік орталықтарға дейін үлкен ара қашықтықта тасымалдаулармен айқындалады.

      Жолаушылар көлігінің басқа түрлерімен салыстырғанда теміржол көлігінің неғұрлым маңызды болып табылатын бірқатар басымдықтары бар:

      1) жыл, тәулік уақыттарына және ауа райына қарамастан тасымалдаулардың жүйелілігі;

      2) тасымалдау құнының басқа көлік түрлерімен тасымалдау құнымен салыстырғанда жоғары еместігі.

      Теміржол көлігін дамыту үшін мынадай іс-шаралар ұсынылады:

      1) жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіру және жаңа теміржолдар салу;

      Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен, Шымкент, Қызылорда, Шу, Шортанды, Қапшағай, Байқоңыр қалаларындағы, Жаңаөзен кентіндегі, сондай-ақ шекара станцияларының (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен) басқа кластерлік орталықтардағы және туристік қызығушылықтың басты орындарындағы жұмыс істеп тұрған теміржол вокзалдарының инфрақұрылымын жетілдіру;

      2) қалалар арасындағы жол жүру ұзақтығын қысқарту мақсатында жаңа (жоғары жылдамдықты) пойыздарды пайдалану;

      3) алыс шет елдермен халықаралық қатынас ашуды қамтитын маршруттарды кеңейту.

      Автомобиль көлігін дамыту үшін мынадай іс-шаралар ұсынылады:

      1) жұмыс істеп тұрғандарын жақсарту және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізудің жаңа пункттерін, кластерлік орталықтарда және туристік қызығушылықтың басты орталықтарында автовокзалдар мен автобус аялдамаларын салу;

      2) осы жолдарда демалуға арналған аялдамаларды қоса алғанда, (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен бастап) кластерлік орталықтар мен туристік қызығушылықтың басты орындарын байланыстыратын жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіру және жаңа республикалық және өңірлік маңызы бар автомобиль жолдарын салу.

      Реконструкциялауға жататын автомобиль жолдарының бастапқы тізімі:

      1) Астана қаласы – Қорғалжын кешені;

      2) Алматы қаласы – Тамғалы;

      3) Алматы қаласы – "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      4) Алматы қаласы – Алматы қ. маңындағы таушаңғысы аймақтары;

      5) Өскемен қаласы – "Песчанка" курорты;

      6) Өскемен қаласы – Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

      7) Өскемен қаласы – Риддер қаласы;

      8) Шымкент қаласы – Оңтүстік Қазақстан кластерінің қызығушылық танытатын басты орындары;

      9) Ақтау қаласы – Шерқала тауы;

      10) Ақтау қаласы – Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қорығы;

      11) Ақтау қаласы – Кендірлі курорты;

      12) Алматы қаласы – "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

      Кластерлердің даму шамасына қарай аталған тізім өңірлік мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің келісімімен нақтылануы және толықтырылуы мүмкін.

      Автомобиль көлігін дамыту жобалары мынадай іс-шараларды қамтиды, бірақ мұнымен шектеліп қалмайды:

      1) "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің, сондай-ақ жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің құрылысын аяқтау;

      2) Алматы қаласының айналасындағы айналма автожол құрылысын аяқтау;

      3) Бурабай кентіндегі, Шортанды, Қарағанды, Алматы, Қапшағай, Өскемен, Риддер, Қызылорда, Байқоңыр, Шымкент, Тараз және Ақтау қалаларындағы, Шығыс Қазақстан облысындағы "Песчанка" және "Шыңғыстай" курорттарындағы орталық автовокзалдардың инфрақұрылымын жетілдіру;

      4) Қорғалжын кентіндегі және Тамғалыдағы автобус аялдамаларын жетілдіру.

      Су көлігін дамыту үшін жұмыс істеп тұрған порттарды жетілдіру және жаңаларын салу, оның ішінде "Песчанка" курортындағы портты және Ертіс өзенінің бойындағы басқа да порттарды, сондай-ақ Ақтау қаласындағы портты реконструкциялау ұсынылады.

      Ішкі көлікті дамыту үшін мынадай іс-шаралар ұсынылады:

      1) автобус аялдамаларын жаңғырту және Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Семей, Қызылорда, Тараз және басқа қалаларды қазіргі заманға сай қалалық автобустармен қамтамасыз ету арқылы жұмыс істеп тұрған жергілікті автобустық қызметтер көрсетуді жетілдіру;

      2) Астана және Алматы қалаларында шолу экскурсияларына және шопинг-саяхаттарға арналған туристік автобус маршруттарын ашу;

      3) такси тұруға арналған белгілері бар аялдамалармен қамтамасыз етуді ескеретін, жергілікті такси қызметтері сапасының стандарттарын айқындау және енгізу, такси белгісі бар жаңа автомобильдер, сондай-ақ басымды түрде Астана, Өскемен, Шымкент және Ақтау қалаларында, сондай-ақ такси қызметі бар/немесе талап етілетін туристік қызығушылықтың барлық басты орындарында жол жүру сапасы мен бағасының сәйкестігі.

      Сондай-ақ қазіргі заманғы стандарттар (көрсеткіштер және маңдайша жазулар, тротуарлар, кіші сәулет нысандары, қоғамдық дәретханалар, мүмкіндіг шектеулі адамдар үшін абаттандыру элементтері) негізінде ірі қалаларда, кластерлік орталықтарда, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған курорттық аймақтарда көше инфрақұрылымын дамыту бағдарламаларын әзірлеу ұсынылады.

      Осындай бағдарламаны әзірлеу ЭКСПО-2017 өткізуге дайындық шеңберінде Астана қаласы үшін ерекше маңызды.

      Сонымен бірге көліктің балама түрлерін дамыту және тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде газбен жүретін электромобильдер мен автомобильдер үшін жел және күн энергиясын пайдаланатын автономды жанармай құю бекеттері желісін салу арқылы көлік секторына "жасыл" технологияларды енгізуге ерекше назар аудару қажет.

      Көлік секторында энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттырудың негізгі шаралары энергия тиімді көлік инфрақұрылымын дамыту, теміржол және жергілікті қоғамдық көлікті таза отынға (газ және электр) ауыстыру есебінен оның тиімділігін арттыру болып табылады.

      Сонымен қатар жаңа буынның жол инфрақұрылымы қоғамдық көлікті, электромобильдерді, велосипед тебуді және жаяу серуендеуді белсенді пайдалану үшін ынта мен жағдай жасайтын болады.

      "Жұмсақ" инфрақұрылым

      "Жұмсақ" инфрақұрылымға туристік дестинацияның туристік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, туристер мен инвесторларға жоғары сапалы ақпарат ұсынуды, туризм мен қонақжайлылық саласындағы мамандарға білім беру мен оларды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етудіқамтитын қымбат емес, бірақ өте маңызды жобалар мен іс-шаралар жатады:

      Ақпараттық ортаға жататын жобалар мен іс-шаралар мыналарды қамтиды, бірақ мұнымен шектеліп қалмайды:

      1) әсіресе, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, орталық автовокзалдарда, сондай-ақ автомагистральдар бойында тегін туристік ақпаратты, брондау мүмкіндіктерін, кәдесыйлар, кітаптар мен карталар сатып алу мүмкіндіктерін ұсынатын сапар-орталықтары;

      2) сапар-орталықтарымен салыстырғанда аз көлемде, негізінен ашық аспан аясында және белгілі бір туристік көрнекі орындарда ірі іс-шараларды өткізу уақытында тек туристік ақпарат ұсынатын ақпараттық бюро;

      3) туристік көрнекіліктің негізгі орындарында, қонақ үйлердегі және басқа да орналастыру орындарындағы, әуежайлардағы, теміржол вокзалдарындағы, орталық автовокзалдардағы, порттардағы, сондай-ақ туристік қызықтыратын басқа да орындарындағы туристік көрсеткіштер;

      4) кепілдік берілген бағдарламалар – туристік дестинация ұсынатын мәдени, экскурсиялық және басқа да бағдарламалар;

      5) туристік көрнекілік, дестинация қызметтері мен өнімдер топтамасын ұсынатын дестинация карталары;

      6) дестинация сұранысын (мысалы, келушілердің қанағаттану деңгейі), ұсыныстарды (мысалы, қонақ үйдегі қызмет көрсету) бәсекелестерді, өнімдерді және т.б. зерттеу қызметі;

      7) туристік индустрияны дамытуға тартылған мүдделі тараптар – қонақ үйлер және басқа да орналастыру орындары, туристік көрнекілік мейрамханалары, туроператорлар, әуе желілері, жергілікті атқарушы органдар, университеттер, бұқаралық ақпарат құралдары және басқалары арасындағы әріптестік;

      8) семинарлардың, ақпараттық брошюралар мен туризмді дамытудың жағымды нәтижелерін көрсететін басқа да іс-шаралардың көмегімен жергілікті халықтың туристерге деген оң қарым-қатынасын қалыптастыру;

      9) Қазақстан Республикасының туризм индустриясын дамытуға отандық, сол сияқты шетелдік инвесторларды тарту.

      Тұжырымдамада ұсынылып отырған туризм саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі жобалар мен іс-шаралар туризм саласындағы жоғары, техникалық және кәсіптік білімді, сондай-ақ тренингтерді одан әрі дамыту, кәсіби оқыту жүйелерін және туризм индустриясы мен қонақжайлылық мектептерін қолдау мүмкіндігін қарауды көздейді.

      Туристік жобаларды іске асырған жағдайда кадрларға қосымша қажеттілікті кадрларды қысқа мерзімді даярлықтан өткізу оқу орталықтарында қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру есебінен, оның ішінде Астана қаласында ЭКСПО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық аясында толықтырған жөн.

      Туристік саланы одан әрі дамыту жөніндегі шаралар

      Осы Тұжырымдамамен енгізілетін туризмнің басым бағыттары мен негізгі ұғымдарын айқындау бөлігінде мыналар жоспарлануда:

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және орман шаруашылығы саласында

      1) республиканың табиғи-қорық қорын барынша сақтауды, жергілікті халықпен бірлесіп табиғи ресурстар мен генетикалық ресурстарды қорғауды ескере отырып, ЕҚТА мен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді пайдалануға арналған басым туристік жобаларға (бұдан әрі – басым туристік жобалар) қойылатын туристік тартымдылық өлшемдерін (бұдан әрі – өлшемдер) әзірлеу;

      2) өлшемдерге сәйкес орман қорының жерлерін өзге санаттардың жерлеріне ауыстырмай, орман отырғызу жобасы негізінде осындай аумақтардың инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын (жопарын) (бұдан әрі – бас жоспар) әзірлеу арқылы туристік әлеуеті бар мемлекеттік орман қоры уческелерінде экологиялық туризмді дамытуды жоспарлау;

      3) ЕҚТА аумағында экологиялық туризмді дамытуды жоспарлау. Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаған кезде ЕҚТА жерлерін өзге санаттағы жерлерге ауыстырмай, функционалдық аймақтарға бөлуді өзертпей, ағаш отырғызу жобасы негізінде ұлттық туристік жобаларды іске асыру;

      4) өлшемдерге сәйкес туризмді дамыту бөлігінде бас жоспарларды түзету кезінде ұсыныстар енгізе алатын туризм жөніндегі уәкілетті органмен бас жоспарларды келісу, бұл ретте халықты сауықтыруға арналған бальнеологиялық мақсаттағы жобаларды және ЕҚТА мен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде іске асыру үшін экологиялық туризмді басымдықпен жүзеге асыруға арналған объектілерді айқындау;

      5) туристік жобаларды іске асыру бойынша ЕҚТА мен мемлекеттік орман қоры учаскелерін тұрақты пайдалану және басқару кезінде мынадай шараларды қамтамасыз ету қажет;

      6) ЕҚТА және мемлекеттік орман қорын пайдаланушылардың табиғи ортаға залал келтіргені үшін (заңсыз ағаш кесу, су қоймаларын ластау, жердің табиғи қабатын бүлдіру және т.б.) жауапкершілігін күшейту;

      7) орман екпелерінің аумағын ұлғайту, табиғи-қорық қорының объектілерін қалпына келтіру кезінде табиғат пайдаланушыларды көтермелеу тетіктерін қарастыру.

      Жер қатынастары саласында

      Мынадай шараларды қабылдау ұсынылады:

      1) туристік жобаларды дамыту мақсатында ЕҚТА учаскелерін және орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдаланудың қолданыстағы институтын жетілдіру, оның ішінде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін жер учаскесін ұзақ мерзімді қайтарымды пайдалану/орманды пайдалану шартының (бұдан әрі – шарт) талаптарын жетілдіру;

      2) жер учаскелерін пайдалануға немесе меншікке беру кезінде баламалы шара ретінде инвесторларға жер учаскесін пайдалануға/сатып алуға опцион беру ұсынылады;

      3) ауыр құрылыс материалдарын пайдаланбай, су қорғау жолақтары бар жер уческелерінде маусымдық құрылыстар мен жеңіл сәулет нысандарын (жағалаудағы дәмханалар) салу мүмкіндігін қарастыру.

      Әлеуметтік туризм саласында

      Мемлекетті, жұмыс берушілер мен қызметкерлерді ішінара субсидиялау тетігіне тарту арқылы туристік сертификаттарды әлеуметтік туризмді ынталандыратын құжаттар ретінде енгізу мынадай шаралармен қамтамасыз етілуі мүмкін:

      1) туристік сертификаттың екі – бухгалтерлік және статистикалық есеп функциясын (салық салынатын базаның дұрыс қалыптастырылуын бағалау үшін және туристік ағындарды бағалау, дестинациядағы туризмді болжамдау және жоспарлау) жүзеге асыратын қатаң есептілік құжат ретіндегі құқықтық мәртебесін реттеуді оңтайландыру;

      2) туристік сертификаттың тиісті нысанына және түрі мен оны пайдалану қағидаларына қойылатын талаптарды айқындау.

      Салық салу саласында

      Туристік саланы, оның ішінде әлеуметтік туризм саласында салықтық көтермелеудің қосымша шараларын қолдану мүмкіндігін қарастыру.

      Көші-қон бақылауы және визаларды ресімдеу рәсімдерін оңайлату саласында

      Мынадай шараларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады:

      1) елге туристер ағынын қамтамасыз ететін экономикалық тұрақты мемлекеттердің азаматтары үшін визалық режимді алып тастау немесе оңайлату жөніндегі жұмысты жалғастыру;

      2) шетелдік азаматтарды тіркеу және есепке алу процесін одан әрі оңайлату.

      Авиациялық кеңістік саласында

      Ішкі әуе тасымалдары нарығын дамыту үшін бәсекелі жағдайлар жасауға, оның ішінде ішкі авиарейстерді субсидиялау бағдарламаларын одан әрі дамытуға бағытталған шараларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру.

      Туристік көрсетілетін қызметтер саласында

      Мынадай ықтимал шараларды енгізу арқылы туристік, оның ішінде қонақ үй қызметтерін көрсету сапасын бақылауды қамтамасыз ету:

      1) келу және ішкі туризм саласында тікелей туристік қызметтерді көрсететін туристік индустрия қызметкерлеріне (гидтер, туристік агенттіктер қызметкерлері, туризм индустриясындағы аудармашылар) қойылатын міндетті біліктілік талаптарын/стандарттарын әзірлеу;

      2) келу және ішкі туризм саласындағы туристік қызметтердің тиісінше көрсетілуіне бақылау және мониторинг тетігін әзірлеу.

      Келу туризмінің қауіпсіздігін арттыру саласында

      Шығыс Қазақстан облысындағы "Тылсым Алтай" турын, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары арқылы өтетін Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша турды, Маңғыстау облысындағы "Қарақия ойпаты" турын қоса алғанда, шетелдік сарапшыларды тарта отырып және төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша бес кластердегі анағұрлым ірі туристік бағыттарды туризм жөніндегі уәкілетті органның паспорттауын қамтамасыз ету,

      сондай-ақ көрсетілген ірі туристік бағыттар бойынша турлар мен туристік көрсетілетін қызметтерді жобалуда қолданылатын стандарттарды әзірлеу.

      Орналастыру орындарын жіктеу саласында

      Орналастыру орындарын жақсарту және реконструкциялау, орналастыру орындарының әр түрін (қонақ үй, мотель, кемпинг, туристік база, қонақ қабылдау үйі, демалыс үйі, пансионат және басқалары) айқындауды регламенттеу және оларды бағалау рәсімі, оның ішінде:

      1) ЮНВТО шеңберіндегі өңірлік комиссиялар мақұлдаған және/немесе кең қолданыстағы жіктеу жүйелерінің біріне сәйкес жіктеу стандарттарының негізінде халықаралық үндестіру өлшемдеріне сәйкес қонақ үйлерді жіктеудің ресми жүйесін құру.

      2) қонақүйлерді жіктеуге және қонақ үйлердің рейтингілік бағалауды ұстап тұруын бақылауды жүзеге асыратын тиісті сертификатты беруге жауапты, сондай-ақ жіктеу жүйесін қолдану жөніндегі ақпараттық қолдауға жауапты ұйымды айқындау.

      3) орналастыру орындарының басқа белгілі бір үлгілеріне қолданылатын жетпей тұрған стандарттарды әзірлеу, сондай-ақ түсіну үшін басқа орналастыру орындарын бағалау мен орналастыру орындарында көрсетілетін туристік қызметтер сапасын бақылаудың нақты және қол жетімді қағидаларын регламентациялау.

      4) бес туристік кластерде орналасқан қонақ үйлерді міндетті жіктеу және басқа орналастыру орындарын бағалау.

      Медициналық көрсетілетін қызметтер көрсету саласында

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қолданыстағы заңнамаға сәйкес бес туристік кластерде медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету.

      Жылжымайтын мүлікке құқықтар саласында

      Кейіннен жалға беру мүмкіндігімен туристік жылжымайтын мүліктегі үлесті меншікке алуға немесе ұзақ мерзімді қайтарымды пайдалануға мүмкіндік беретін демалыстың клубтық жүйесін реттеу рәсімін енгізу, бұл мынадай шаралармен қамтамасыз етілуі мүмкін:

      1) демалушылар үшін туристік объектілерде тұрудың қаржылық қолжетімділігін қамтамасыз ету және шектелген үлес меншігі немесе ұзақ мерзімді жалға алу құқығында туристік объекті үлесін кепілді иелену мақсатында туристік жылжымайтын мүлік объектісінің үлесін ұзақ мерзімді немесе өмір бойы пайдалану және иелік ету құқығын беретін жалпы үлес меншігінің шектелген түрі ретінде "тайм-шэр" институтын құру;

      2) демалыс клубтарын басқарудың ұйымдық-құқықтық құрылымы мен жүйесін айқындау, бұған қатысу "тайм-шэр" ерекшелігі мен өзгешелігін ескере отырып, туристік жылжымайтын мүлік объектісінің үлестерін ұзақ мерзімді және өмір бойы пайдалану немесе иелік ету құқығын береді;

      3) "тайм-шэр" шеңберінде құқықтар мен шектеулер көлемін, қатысушыларды, үлгі шарттар талаптарын (сатып алу және үлесін кейін жалға беру талаптарын айқындау), сондай-ақ тиісті демалыс клубтарының басқарушылық құрылымдары тарапынан орындалмаған міндеттемелер бойынша үшінші тұлғалардың дәмеленуінен туристік жылжымайтын мүлік объектісінің үлесіне құқықтарды қорғау кепілділіктерін айқындау;

      4) "туристік объект", "туристік жылжымайтын мүлік", "туристік жабдық" ұғымдарын және басқа аралас ұғымдарды айқындау.

      Балық аулау туризмін дамыту саласында

      1) жергілікті халықпен әріптестікте республиканың балық ресурстарын барынша сақтауды ескере отырып, балық шаруашылығының су қоймалары және (немесе) учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалану үшін басым туристік жобаларға қойылатын туристік тартымдылықтың өлшемдерін әзірлеу;

      2) өлшемдерге сәйкес балық шаруашылығы қондырғысының негізінде туристік әлеуеті бар аумақтардың инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын (жоспарын) әзірлеу арқылы балық шаруашылығы су қоймаларында туристік дамуды жоспарлау;

      3) балық шаруашылығы су қоймасының инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарында (бұдан әрі – бас жоспар) су қоймаларында туризмді дамытуды жоспарлау;

      4) бас жоспарларды туризмді дамыту бөлігінде түзету бойынша ұсыныстар енгізе алатын, туризм жөніндегі уәкілетті органмен балық шаруашылығы су қоймаларын туристік дамытудың бас жоспарларын келісу, бұл ретте балық шаруашылығы су қоймаларын іске асыру үшін, басым экологиялық туризмді жүзеге асыру үшін халықты және объектілерді сауықтыруға бальнеологиялық мақсаттағы жобаларды анықтау;

      Балық шаруашылығы су қоймаларында туристік жобаларды дамытуды басқару мынадай функцияларды орындауды қамтамасыз ететін мамандандырылған ұйым құру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:

      1) инвестициялық ағындарды қамтамасыз ету үшін түрлі деңгейдегі мемлекеттік және жеке меншік секторлардан инвесторларды іздеу және тарту;

      2) өлшемдерге және бас жоспарларға сәйкес басым туристік жобаларды таңдау, сондай-ақ ілеспе рұқсат беру және келісу рәсімдерін жүзеге асыру;

      3) мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынылатын жобаның оң экологиялық сараптамасы бар болған кезде басым туристік жобаларды іске асыру үшін инвесторларға туризмді дамыту үшін тартымды балық шаруашылығы су қоймалары орналасқан жер учаскелерін бөлу және ұсыну жөнінде ұсыныстар енгізу;

      4) туристік жобаларды басқарудың өзге де баламалы тетіктерін әзірлеу және туристік инфрақұрылымды дамытуда және басқаруда мемлекет пен жеке инвесторлардың өзара іс-қимылы;

      5) инфрақұрылымның бас жоспарлары мен экологиялық талаптарға сәйкес инвесторлардың жобаларды орындауын бақылау.

      Туристік жобаларды іске асыру жөніндегі балық шаруашылығы су қоймасы және (немесе) учаскесін тұрақты пайдалану және басқару кезінде мынадай шараларды қамтамасыз ету қажет:

      1) балық шаруашылығы су қоймаларын пайдаланушыларға табиғи ортаға залал келтіргені (заңсыз балық аулау, су қоймаларын ластау, су қоймаларында болған кезде табиғатты қорғау заңнамасын сақтамау және т.б.) үшін жауаптылықты күшейту;

      2) балық ресурстарының өсімін молайтуды ұлғайту кезінде пайдаланушыларды көтермелеу тетіктерін қарастыру.

      Институционалдық құрылым

      Тұжырымдамада қойылған міндеттерді орындау үшін қолданыстағы институционалдық құрылымды нығайту, сондай-ақ олардың туристік индустрияны және саланы дамытудағы жалпы өзара іс-қимыл жасау жүйесін күшейту ұсынылады.

      Осыған байланысты:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Туризм жөніндегі кеңестің қызметін кеңейту.

      2) Бес туристік кластерді дамытуды жүзеге асыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанындағы өңірлік туризм басқармаларының қызметін күшейту және кеңейту.

      3) Ірі туристік жобаларды әзірлеу жөніндегі функцияларды "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы еншілес ұйымының атынан ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі операторға, туристік кластерлерді дамыту жөніндегі функцияларды Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымына жүктеу мүмкіндіктерін қарастыру.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Туризм жөніндегі кеңес

      Қазақстан Республикасының Үкіметі туристік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік органдардың мемлекеттік саясатын және қызметін орындаудың негізгі үйлестірушісі ретінде туризм саясатын әзірлеудегі жетекші рөлін сақтайды.

      Қазіргі уақытта Туризм жөніндегі кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жүзеге асырады.

      Туризм саласындағы уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға, туристік салаға инвестицияларды тартуға, Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік орган.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жанындағы өңірлік туризм басқармалары

      Облыстардағы тиімді жұмысты қамтамасыз ету және өңірлердегі бес туристік кластерді дамыту үшін облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде мемлекеттік басқару құрылымын одан әрі жетілдіру, оның ішінде бекітілген үлгілік құрылымға өзгерістер енгізу және басқармаларға жүктелген функцияларды оңтайландыру арқылы олардың санын көбейту қажет, оның ішінде:

      1) ұсынылатын туристік өнімді өңірлік деңгейде (ұзақ мерзімді жоспарда) жобалау және кәсіби әзірлеу;

      2) туристік өнімді, жобаларды өңірлік деңгейде жылжыту мен іске асыруға қолдау көрсету және жәрдемдесу;

      3) дестинацияларды жылжыту, оның ішінде бренд жасау және имиджді қалыптастыру;

      4) туристік дестинацияларды үйлестіру және басқару;

      5) туристік ақпараттық орталықтарды тұрақты қолдау, сондай-ақ олардың туристер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      6) туризм саласындағы уәкілетті органмен туризмді жылжыту жөніндегі жыл сайынғы жедел және маркетингтік жоспарларды келісу;

      7) дестинацияларды дамыту және жылжыту үшін арнайы іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және өткізу;

      8) қонақ үй типіндегі орналастыру орындарына сертификат беру арқылы жіктеу рәсімдерін жүзеге асыру, орналастыру орындарының туристік қызметтерді орындауын бақылауды қамтамасыз ету.

      Сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының және туризм саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылын күшейту ұсынылады.

      Дамыту және жылжыту

      Елдік туризмді дамыту үшін халықаралық тәжірибе көрсеткендей алғашқы кезеңде орындауға мемлекет белсенді қатысатын екі негізгі функцияны атап көрсету қажет:

      Ірі туристік жобаларды дамыту

      Аталған функция инвестициялық қызметті қызметтің мынадай бағыттары есебінен қайтарымды негізінде жүзеге асыруға бағытталған:

      1) ілеспе бағдарламаларды, атап айтқанда, құрылыс және негізгі инфрақұрылым саласындағы қолдау және іске асыру;

      2) түйінді ұлттық жобаларға қатысуға туристік жобалар инвесторлары мен операторларын тарту, осындай жобаларды жоспарлау мен дамытуда негізгі рөлді орындау және ізінше;

      3) басқарма есебінен туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асырудан табыс табу және іске асыру үшін инвесторлар мен операторлардың жер учаскелерін пайдалануға/меншікке беруді жүзеге асыру.

      Компанияның жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларды дамытудағы тәжірибесін ескере отырып, "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" АҚ атынан "Самұрық-Қазына" АҚ еншілес ұйымына аталған функцияны беруді қарау ұсынылады.

      Ұлттық туристік кластерлерді дамыту

      Туризмді дамыту контексінде бәсекеге қабілетті кластерлерді құрудағы түйінді бағыттар имидждік стратегияны іске асыру және "жұмсақ" инфрақұрылымды дамыту болып табылады, ол мынаны білдереді:

      1) туристік брендті әзірлеу және туризмді ел ішінде, сондай-ақ шетелде де жылжыту;

      2) халықаралық туризм мектебі бар біріккен кәсіпорындар мен қонақ үй бизнесін құру;

      3) конференц-бюро құру;

      4) іс-шараларды кәсіби деңгейде дамыту;

      5) аумақтарды туристендіру;

      6) құзыреттілік деңгейін және қызмет көрсету саласында көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру бөлігінде ШОБ-ты дамытуды қолдау;

      7) туризмді дамытуда мәселелерді шешу саласында өңірлік билік органдарына талдамалық қолдау көрсету.

      Имидждік стратегия

      Имидждік стратегияны дамыту шеңберінде мынадай шараларды шешу мүмкіндігін қарастыру:

      1) халықаралық нарықтарда жұмыс істеу үшін туристік бренд әзірлеу, сондай-ақ іздестіру маркетингі (SEM) арқылы ақпаратты, мамандандырылған вебсайттардағы баннерлерді, мобильді жарнаманы орналастыруды, Веб (Web) 2.0 құралдарын жылжытуды қоса алғанда, интернет-маркетинг, сондай-ақ Қазақстан бойынша барлық туристік ұсыныстарды көрсететін және онлайн-брондау функциясын ұсынатын мамандандырылған онлайн-тұғырнама құру;

      2) негізгі нарықтарда Қазақстанның туристік өкілдіктерін ашу. Бірінші кезеңде Ресейде, Гонконгте бір өкілдік және Батыс Еуропа елдері үшін біреуін ашу ұсынылады, кейіннен азиялық нарықты анағұрлым толық қамту, сондай-ақ Еуропадағы өкілдіктер санын ұлғайту жоспарланады;

      3) қазақстандық туристік компаниялардың өз туристік өнімдерін халықаралық нарықта, оның ішінде халықаралық туристік көрмелерге қатысуын ішінара субсидиялау есебінен ілгерілетуіне қатысуын ынталандыру;

      4) Қазақстанның туристік өнімдерін ақпараттандыру және жылжыту мақсатында көшпелі іс-шараларды, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен туризм индустриясының шетелдік кәсіпқойлары үшін Қазақстан бойынша таныстыру турларын ұйымдастыру.

      Жылдам әсер ету шаралары

      Қазақстанда туристік саланы дамыту келесі екі жылда мынадай талаптарды орындаған кезде сезілетін коммерциялық нәтижелерге алып келуі мүмкін:

      1) белгілі бір туристік өнімдерді тиісті жиынтықтау және коммерциялау;

      2) Қазақстанның ішінде, сондай-ақ Қазақстан мен басқа елдер арасында әуе қатынастарының көлемін ұлғайту және оның құнын азайту;

      3) жылжыту жөніндегі нақты іс-шараларды кәсіби айқындау және іске асыру.

      Жоғарыда көрсетілген өлшемдердің негізінде мынадай "жылдам нәтижелерге" қол жеткізуге болады:

      1) халықаралық конференциялар мен ірі оқиғалар басымдығы жағдайында Астана және Алматы қалаларында MICE-туризм өнімдерін жасау;

      2) конференц-бюро – халықаралық кездесулер нарығында Астана мен Алматы қалаларының тиімді жылжуын және өкілдік етуін қамтамасыз ете отырып, қалалық билік пен бизнес арасындағы үйлестіруші және байланыстырушы буын болып табылатын мемлекеттік мамандандырылған компания құру, сондай-ақ бір жыл ішінде күзгі-қысқы мезгілде жаңа іс-шараларды тарту арқылы туристік инфрақұрылым жүктемесін дұрыс бөлу;

      3) Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан кластерлерінде, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша бірнеше турлар әзірлеу;

      4) жылжыту жөніндегі онлайн-іс-шаралар, оның ішінде Гугл Жер Планетасы және Трип Эдвайзор (Google Earth и TripAdvisor) сияқты жетекші интернет-тұғырнамаларда және "Facebook" және "Twitter" секілді әлеуметтік желілердің көмегімен іс-шаралар өткізу.

      Ірі туристік жобаларды іске асыру және құрылған инфрақұрылым объектілерін, туристік ресурстарды кейіннен басқару үшін жоғары буынды туризм мамандарына, туристік индустрия басқарушыларына қажеттілік туындайды. Осыған байланысты Назарбаев Университетімен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

      Сонымен қатар, 2015 жыл ішінде көрсетілетін қызметтер сапасы мен ішкі менеджмент жүйесін арттыру мақсатында, оның ішінде Мемлекет басшысының Австрия Республикасына сапары шеңберінде Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған Австриялық WIFIINTERNATIONAL компаниясын тарта отырып, туризм саласындағы туристік компаниялар мен орналастыру орындары объектілерінің басшылары үшін біліктілікті арттыру жөніндегі тренингтер мен курстар түрінде оқыту жүйесін енгізуді жүзеге асыру ұсынылады. Туристердің ағымдағы ағыны үшін ақпарат ұсыну мақсатында Астана және Алматы қалаларында пилоттық "сапар-орталықтарды" іске қосу ұсынылады.

      Сонымен бірге, елдегі туризмді дамытудың қазіргі қарқынын ескере отырып, сондай-ақ экономикаға мультипликативтік әсерді оңтайлы ұлғайту мақсатында тиісті салалық бағдарламалар мен жоспарларға аралас секторларды басым дамытуды бір мезгілде енгізу қажет болады, оның ішінде:

      1) тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ұлттық өнімдер (азық-түлік өнімдері, сусындар өндірісі);

      2) қонақ үйлер мен туристік объектілер салу жөніндегі жобалау және құрылыс қызметтері;

      3) ойын-сауық және демалыс индустриясы, оның ішінде кино индустриясы, ойын-сауыққа арналған бұйымдар, ойыншықтар жасау, ойын-сауық саласындағы қызмет және т.б.;

      4) қолөнердің барлық түрлері, оның ішінде ұлттық кәдесый өнімі;

      5) тамақтандыру индустриясы, оның ішінде қазіргі заманғы ұлттық асхана.

5. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ КӨЗДЕЛЕТІН НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ТІЗБЕСІ

      Тұжырымдаманың бірінші, екінші және үшінші кезеңінде мынадай төменде тізбеленген міндеттерді іске асыру:

      1) бәсекеге қабілетті туристік өнімді әзірлеу және дамыту;

      2) туристік дамытуды жоспарлау, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында;

      3) жұмыс істеп тұрғандарын дамытуды қамтамасыз ету және жаңа туристік инфрақұрылым құру;

      4) өңірлерде туристік кластерді дамыту;

      5) туристік индустрияны дамытуды салықтық ынталандырудың қосымша шараларын жасау.

      Нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу арқылы болжанады, оның ішінде:

      1) "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңы;

      2) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы Заңы;

      3) "Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Заңы;

      4) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңы;

      5) "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңы;

      6) "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шiлдедегi Заңы;

      7) "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының

      2011 жылғы 22 шiлдедегi Заңы.

      Қысқартылған сөздер тізімі:

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      Институттар мен компаниялар:

       SMIT – Морокко туризмдегі инжирингілік қоғамы

       ЮНВТО – Дүниежүзілік туристік ұйым

       ЮНЕСКО – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша

       Біріккен Ұлттар ұйымы

       Елдер мен өңірлер:

       EО – Еуропалық Одақ

       БАӘ – Біріккен Араб Әмірліктері

       Басқа да пайдаланылатын терминдер мен қысқартулар:

       MICE – кездесулер, көтермелеу турлары,

       конференциялар/форумдар және көрмелер/оқиғалар

       SEM (ағылш.searchengineemarketing) – іздеу маркетингі

       ЖІӨ – жалпы ішкі өнім

       МҰТП – мемлекеттік ұлттық табиғи парк

       ШОБ – шағын және орта бизнес

       ЕҚТА – ерекше қорғалатын табиғи аумақ

       ТЭН – техникалық-экономикалық негіздеме

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады