Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер
туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы
Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 2006 жылғы 15 маусымда 95-сессиясында Женевада қабылданған Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенция (187-конвенция) ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ 187-КОНВЕНЦИЯ
КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ ТОҚСАН БЕСІНШІ СЕССИЯСЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ГИГИЕНАСЫНА ЖӘРДЕМДЕСЕТІН НЕГІЗДЕР ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ 2006 ЖЫЛҒЫ 15 МАУСЫМ, ЖЕНЕВА
тең түпнұсқалы мәтін
187-Конвенция
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ГИГИЕНАСЫНА ЖӘРДЕМДЕСЕТІН НЕГІЗДЕР ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі Женевада шақырған және 2006 жылғы 31 мамырда өзінің 95-сессиясына жиналған Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы, өндірістік жарақаттанудың, кәсіби аурулардың және өндірісте адамдардың қаза болуының жаһандық ауқымын және оларды азайту мақсатында одан әрі шаралар қолдану қажеттілігін мойындай отырып, жалпы және кәсіби аурулар мен өндірістегі жарақаттану жағдайында қызметкерлерді қорғау Халықаралық еңбек ұйымының Жарғысында көзделген оның міндеттерінің бірі болып табылатынын еске сала отырып, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурулар және өндірісте адамдардың қаза болу жағдайларының өнімділік пен экономикалық және әлеуметтік даму процесіне кері әсер ететінін мойындай отырып, Халықаралық еңбек ұйымының өзіне әлем елдерінің барлық кәсіптегі еңбекшілердің өмірі мен денсаулығын қажетті қорғауды қамтамасыз ету мақсаты болып табылатын бағдарламаларды қабылдауына ықпал етуге салтанатты міндеттеме қабылдануына негіз болған Филадельфия декларациясының III бөлімінің g) тармағын атап көрсете отырып, еңбек саласындағы негіз қалаушы қағидаттар мен құқықтар және оны іске асыру тетігі туралы ХЕҰ-ның 1998 жылғы декларациясы туралы еске ала отырып, Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы 1981 жылғы конвенцияны (155), Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы 1981 жылғы ұсынымды (164) және Халықаралық еңбек ұйымының еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздерге қатысы бар басқа да актілерін атап көрсете отырып, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесу барлық Халықаралық еңбек ұйымдары үшін лайықты еңбек бағдарламасының бір бөлігі болып табылатынын еске сала отырып, ХЕҰ-ның еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы норма шығармашылық қызметінің қорытындылары туралы Халықаралық еңбек конференциясының 91-сессиясында (2003 ж.), атап айтқанда, ұлттық бағдарламаларда еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелеріне басым назар аударылуын қамтамасыз етуге қатысты қабылданған жаһандық стратегияны еске сала отырып, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық профилактика мәдениетін тұрақты дамытудың маңыздылығын атап көрсете отырып, сессия күн тәртібінің төртінші тармағы болып табылатын еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына қатысты бірқатар ұсыныстарды қабылдау жөнінде шешім қабылдай отырып, және бұл ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруге шешім қабылдай отырып, екі мың алтыншы жылғы он бесінші маусымда Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы 2006 жылғы конвенция деп атауға болатын осы Конвенцияны қабылдайды.
І.Анықтамалар 1-бап
Осы Конвенцияға қатысты:
(а) «ұлттық саясат» термині Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы 1981 жылғы конвенцияның (155) 4-бабында көрсетілген қағидаттарға сәйкес әзірленген еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы және өндірістік орта саласындағы ұлттық саясатты білдіреді;
(b) «еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының ұлттық жүйесі» немесе «ұлттық жүйе» термині еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық саясатты және ұлттық бағдарламаларды жүргізудің негізгі шеңберлерін көздейтін инфрақұрылымды білдіреді;
(с) «еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі ұлттық бағдарлама» немесе «ұлттық бағдарлама» термині алдағы уақытта белгіленген мерзімде шешілуге тиіс міндеттерді, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын жетілдіру мақсатында тұжырымдалған әрекеттердің басымдықтары мен құралдарын, сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелерді бағалау құралдарын қамтитын кез келген ұлттық бағдарламаны білдіреді;
(d) «еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық профилактика мәдениеті» термина қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаға құқық барлық деңгейде сақталатын, үкімет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер белгіленген құқықтар, жауапкершілік пен міндеттер жүйесі арқылы қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаны қамтамасыз етуге белсенді қатысатын және профилактика қағидаттарына ең жоғары басымдық берілетін мәдениетті білдіреді.
II. Мақсаты 2-бап
1. Осы Конвенцияны ратификациялайтын әрбір мүше мемлекет жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялар негізінде ұлттық саясатты, ұлттық жүйе мен ұлттық бағдарламаны әзірлеу арқылы өндірістік жарақаттанудың, кәсіби аурулар және өндірісте адамдардың қаза болу жағдайларының алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын үнемі жетілдіруге жәрдемдеседі.
2. Әрбір мүше мемлекет еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздерге қатысы бар Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ)актілерінде көрсетілген қағидаттарды назарға ала отырып, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық жүйе мен ұлттық бағдарламалар арқылы қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаны біртіндеп қалыптастыру мақсатында белсенді шараларды қабылдайды.
3. Әрбір мүше мемлекет жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялар негізінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелері бойынша ХЕҰ-ның тиісті конвенцияларын ратификациялау мақсатында қабылдауға болатын шараларды мерзімділікпен қарайды.
III. Ұлттық саясат 3-бап
1. Әрбір мүше мемлекет ұлттық саясатты әзірлеу арқылы қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаға жәрдемдеседі.
2. Әрбір мүше мемлекет барлық тиісті деңгейлерде жұмыскерлердің қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаға құқығының іске асырылуына қол жеткізуге жәрдемдеседі және соған ұмтылады.
3. Әрбір мүше мемлекет өзінің ұлттық саясатын әзірлеу кезінде өзінің ұлттық жағдайлары мен практикасын ескере отырып, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялар негізінде: кәсіптік тәуекелді немесе қауіптілікті бағалау; кәсіптік тәуекел немесе қауіптілік туындаған жерде оларға қарсы күресу; ақпаратты, консультация мен дайындықты қамтитын еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық профилактика мәдениетін дамыту сияқты негіз қалаушы қағидаттарға жәрдемдеседі.
IV. Ұлттық жүйе 4-бап
1. Әрбір мүше мемлекет жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялар негізінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының ұлттық жүйесін жасайды, қолдайды, біртіндеп дамытады және мерзімділікпен қайта қарайды.
2. Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының ұлттық жүйесі бұдан басқа:
(а) тиісті жағдайларда заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді, ұжымдық шарттарды және еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі кез келген басқа да тиісті актілерді;
(b) ұлттық заңнамаға және практикаға сәйкес құрылған, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелеріне жауап беретін органды немесе ведомствоны не органдарды немесе ведомстволарды;
(с) инспекция жүйелерін қоса алғанда, ұлттық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз етуге арналған тетіктерді;
(d) өндірістегі профилактика шараларының негізгі элементі ретінде кәсіпорын деңгейінде басшы, жұмыскерлер және олардың өкілдері арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қамтиды.
3. Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының ұлттық жүйесі тиісті жағдайларда:
(a) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелерімен айналысатын ұлттық үшжақты консультациялық органды немесе органдарды;
(b) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелері жөніндегі ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетуді;
(c) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелері жөніндегі кәсіби даярлауды;
(d) ұлттық заңнамаға және практикаға сәйкес еңбек гигиенасы қызметін;
(e) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын;
(f) ХЕҰ-ның тиісті актілерін назарға ала отырып, өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулар жағдайлары туралы деректерді жинауды және талдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетікті;
(g) өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулар жағдайларын қамтитын тиісті сақтандыру немесе әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерімен ынтымақтастықты көздейтін ережелерді;
(һ) микрокәсіпорындарда, сондай-ақ шағын және орта кәсіпорындарда және формалды емес экономикада еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы жағдайларды біртіндеп жақсартуға бағытталған қоса тетіктерді қамтиды.
V. Ұлттық бағдарлама 5-бап
1. Әрбір мүше мемлекет жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялар негізінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлейді, жүргізеді орындалуын бақылайды, бағалайды және мерзімділікпен қайта қарайды.
2. Ұлттық бағдарлама:
(a) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық профилактика мәдениетін дамытуға жәрдемдеседі;
(b) өндірістік жарақаттанудың, кәсіби аурулардың және өндірісте адамдардың қаза болуының алдын алу, сондай-ақ жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесу мақсатында ұлттық заңнамаға және практикаға сәйкес өндірістік тәуекел мен қауіптілікті жою немесе іс жүзінде мүмкіндігінше азайту нәтижесінде жұмыскерлерді қорғауға үлес қосады;
(c) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының ұлттық жүйесін талдауды қоса алғанда, еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық ахуалды талдау негізінде әзірленеді және қайта қаралады;
(d) міндеттерді, мақсаттарды және нәтижелілік көрсеткіштерін қамтиды;
(e) мүмкіндігінше қауіпсіз және саламатты өндірістік ортаны біртіндеп қамтамасыз етуге жәрдемдесетін басқа қосымша ұлттық бағдарламалармен және жоспарлармен бекітіледі.
3. Ұлттық бағдарлама кеңінен жария етіледі және оларды мүмкіндігіне қарай, жоғары мемлекеттік билік органдары бекітеді және қолданысқа енгізеді.
VI. Қорытынды ережелер 6-бап
Осы Конвенция өзге ешқандай халықаралық еңбек конвенциясын немесе ұсынымды қайта қарамайды.
7-бап
Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми грамоталар тіркеу үшін Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жіберіледі.
8-бап
1. Осы Конвенцияның ратификациялау грамоталарын Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры тіркеген Халықаралық еңбек ұйымының мүше мемлекеттері үшін ғана міндетті күші болады.
2. Ол екі мүше мемлекеттің ратификациялау грамоталарын Бас директор тіркеген күннен кейін 12 айдан соң күшіне енеді.
3. Кейіннен осы Конвенция әрбір мүше мемлекет үшін оның ратификациялау грамотасы тіркелген күннен кейін 12 айдан соң күшіне енеді.
9-бап
1. Осы Конвенцияны ратификациялаған мүше мемлекет оның алғаш
күшіне енген күнінен бастап он жыл өткеннен кейін, тіркеу үшін Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жіберілген өтініш негізінде оның күшін жоя алады. Күшін жою туралы өтініш тіркелген күннен кейін бір жылдан соң күшін жою күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетілген он жыл өткеннен кейін бір жылдық мерзімде осы бапта көзделген күшін жою құқығын пайдаланбаған әрбір мүше мемлекет үшін Конвенция келесі он жылға күшінде қалады және әрбір мүше мемлекет әрбір он жылдың бірінші жылы ішінде осы бапта көзделген тәртіппен оның күшін жоя алады.
10-бап
1. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры Ұйымға мүше мемлекеттер өзіне жіберген барлық ратификациялау грамоталары мен күшін жою туралы өтініштердің тіркелгені туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттерін хабардар етеді.
2. Бас директор Ұйымға мүше мемлекеттерді өзі алған екінші ратификациялау грамотасының тіркелгені туралы хабардар ете отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне енетін күніне аударады.
11-бап
Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры өзі тіркеген барлық ратификациялау грамоталары мен күшін жою туралы өтініштер туралы толық мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жібереді.
12-бап
Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі қажет деп есептеген әрбір кезде осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас конференцияға ұсынады және оны қайта қарау туралы мәселені Конференцияның күн тәртібіне енгізудің орындылығын қарайды.
13-бап
1. Егер Конференция осы Конвенцияны қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:
(а) қандай да бір мүше мемлекеттің жаңа, қайта қаралатын конвенцияны ратификациялауы, жоғарыдағы 9-баптың ережелеріне қарамастан және жаңа, қайта қаралатын конвенция күшіне енген жағдайда, құқық тұрғысынан осы Конвенцияның дереу күшін жоюға әкеп соғады;
(b) жаңа, қайта қаралатын конвенция күшіне енген күннен бастап осы Конвенция мүше мемлекеттердің ратификациялауы үшін ашық болуын тоқтатады.
2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бірақ қайта қаралатын конвенцияны ратификацияламаған мүше мемлекеттер үшін кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша күшінде қалады.
14-бап
Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.
Жоғарыда баяндалған мәтін Женевада өткен және 2006 жылғы он алтыншы маусымда жабық деп жарияланған Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясының тоқсан бесінші сессиясында тиісті түрде қабылданған Конвенцияның тең түпнұсқалы мәтіні болып табылады.
Осыны куәландыру үшін біз 2006 жылғы он алтыншы маусымда қол қойдық:
Конференция президенті
ЧЕСТМИР САЙДА Халықаралық Еңбек Бюросының
Бас директоры
ХУАН СОМАВИА
Конвенцияның ұсынылған мәтіні Халықаралық Еңбек Конференциясының президенті мен Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директорының қолтаңбасымен куәландырылған мәтіннің дұрыс көшірмесі болып табылады.
Көшірменің дұрыстығы мен толықтығы куәландырылады,
Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директоры үшін:
Жанел Диллер
Халықаралық Еңбек Бюросы
Заң Кеңесшісінің орынбасары
2006 жылғы 15 маусымдағы Женевада өткен Халықаралық Еңбек Ұйымы Конференциясының тоқсан бесінші сессиясында қабылданған «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенция» № 187 Конвенцияның қазақ тіліндегі куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік
департаментінің директоры Н. Тілеуов
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.