Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 мамырдағы № 564 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К.Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің        
2014 жылғы 28 мамырдағы
№ 564 қаулысымен   
мақұлданған     

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық
минасыздандыру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      халықаралық гуманитарлық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі – ТМД) шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды басшылыққа ала отырып,
      гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің ынтымақтастығы қажеттілігін негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) жарылу қаупі бар заттар (бұдан әрі – ЖҚЗ) – оқ-дәрілер және  құрамында жарылғыш заттары бар, қолдан жасалғандарды қоса алғанда, жару құрылғылары;
      2) гуманитарлық минасыздандыру – ЖҚЗ-ның болу мәніне жергілікті жерге және объектілерге жаппай тексеру жүргізуді, карталар жасауды, ЖҚЗ-ны іздеуді және залалсыздандыруды, минасыздандыруды жүргізгеннен кейін, оның ішінде минасыздандырылған аумақтарды беруге құжаттама дайындауды қамтитын, ЖҚЗ-ға байланысты қауіптерді (қатерлерді) жоюға әкеп соғатын жауынгерлік іс-қимылдар аудандарынан тыс жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен (аумақтық әкімшілікпен) өзара бірлескен іс-қимылда орындалатын қызмет.

2-бап

      Тараптар мынадай негізгі бағыттар:
      1) гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындаудың келісілген әдістері мен тәсілдерін тұжырымдау;
      2) жергілікті жерге және объектілерге жаппай тексеру жүргізу;
      3) жергілікті жердің (объектілердің) карталарын жасау;
      4) ЖҚЗ іздеуді және залалсыздандыруды тікелей жүзеге асыру;
      5) жергiлiктi ат қарушы билік органдарына минасыздандырылған аумақтарды беруді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

3-бап

      Ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары:
      1) қабылданған шешімдерді тұжырымдаудағы және іске асырудағы тең құқықтық;
      2) гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау кезінде туындайтын проблемаларды ұжымдық талқылау және шешу;
      3) ұлттық мүдделерді өзара құрметтеу болып табылады.

4-бап

      Тараптар гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытады:
      1) гуманитарлық минасыздандыру саласындағы халықаралық шарттарды және ТМД органдарының шешімдерін дайындау және іске асыру;
      2) гуманитарлық минасыздандыруға қатысы бар тиісті техникалық ақпаратпен өзара алмасу;
      3) ақпараттық жүйелерді және дерекқорды жасау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру;
      4) ТМД -ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері үшін гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу жөніндегі мамандарды даярлау;
      5) гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің инженерлік әскерлерін қолдану тәжірибесімен алмасу;
      6) бірлескен арнайы оқу-жаттығуларды өткізу;
      7) қосымша уағдаластықтарға сәйкес минасыздандыру құрал-саймандары мен құралдарының жинақтарын жасау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
      8) объектілер мен жергілікті жерді гуманитарлық минасыздандыру бойынша бірлескен іс-шаралар (операциялар) жүргізу.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесіне жүктеледі.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерінен туындайтын іс-қимылдарды үйлестіруді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Инженерлік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі үйлестіру комитеті (бұдан әрі - Комитет) жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық кезінде Тараптар арасында ақпарат алмасуды және оның қорғалуын Тараптар өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.
      Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу тәртібі және олардың қорғалуы 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге және құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Осы Келісімді іске асыру барысында ақпаратты алған Тараптардың бірі ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз және басқа Тараптардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, пайдалана алмайды.

8-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері үшін гуманитарлық минасыздандыру саласындағы мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау тәртібі қосымша уағдаластықтар негізінде айқындалады.
      Гуманитарлық минасыздандыру саласындағы мамандарды даярлау және қайта даярлау келісілген әдістемелер мен бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады.

9-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

10-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды айқындайды, бұл туралы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы бір уақытта хабардар ете отырып, депозитарийге хабарлайды.
      Уәкілетті органның атауы өзгерген жағдайда тиісті Тарап бұл туралы депозитарийге хабарлайды.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Комитет шеңберінде мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

16-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2014 жылғы «___» ____________ ____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Әзербайжан Республикасының            Ресей Федерациясының
         Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Армения Республикасының               Тәжікстан Республикасының
         Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының              Түрікменстан
         Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының             Өзбекстан Республикасының
         Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының                Украина
         Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады