"Бітімгершілік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы № 590 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Бітімгершілік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Бітімгершілік қызмет туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) азаматтық персонал – Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ мемлекеттік органдар (ұйымдар) бітімгершілік операцияға қатысу үшін мамандар ретінде тартатын азаматтар;
      2) әскери контингент – бітімгершілік операцияға қатысатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының арнайы дайындалған және жарақтандырылған жекелеген бөлімшесі;
      3) әскери персонал – бітімгершілік операцияға әскери контингент құрамында және оның құрамынан тыс қатысатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері (қадағалаушылар, штабтар офицерлері, өзара іс-қимыл офицерлері, басқа да әскери қызметшілер);
      4) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операция (миссия) (бұдан әрі – бітімгершілік операция) – әлеуетті немесе орын алып отырған қарулы қақтығыс аудандарындағы ахуалды тұрақтандыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес қабылданатын, бітімгершілік операцияларды жүргізуге арналған мандатқа сәйкес жүзеге асырылатын және қақтығысты шешуге ықпал ететін жағдайларды жасауға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге бағытталған риясыз әскери және азаматтық персоналдың мақсаттары, міндеттері, орны мен уақыты бойынша өзара байланысқан және келісілген  іс-қимылдарының жиынтығы;
      5) бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операция – дипломатиялық іс-шаралар кешенін және тараптар арасындағы ұрыс қимылдарын (қарулы қақтығыс) болдырмауға, олардан қалыс қалуға және тоқтатуға мәжбүрлеу үшін мандатқа сәйкес әскери контингенттің күш қолдануын қамтитын бітімгершілік операция түрлерінің бірі;
      6) бітімгершілік қызмет – Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер (мемлекет) қабылдайтын, саяси, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы дауларды шешуге, сондай-ақ үшінші тараптың араласуы арқылы мемлекеттер арасындағы немесе мемлекет шегіндегі қақтығыстарды болдырмауға, олардан қалыс қалуға және тоқтатуға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға ықпал ететін, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған шаралар жиынтығы;
      7) бітімгершілік операцияға дайындық (бұдан әрі – бітімгершілік дайындық) – Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерде оқу-жаттығуларды жүргізуді, оның ішінде әріптес елдердің қарулы күштерінің қатысуымен келіссөздер жүргізуді, алдын ала барлауды, жоспарлауды, ұлттық контингентті оқып-үйретуді, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді, жүктерді және ұлттық контингентті тасымалдауды қамтитын іс-шаралар кешені;
      8) бітімгершілік операцияны жүргізуге арналған мандат (бұдан әрі – мандат) – халықаралық ұйым не әріптес мемлекеттер қабылдаған бітімгершілік операцияны жүргізуді регламенттейтін заңды құжат;
      9) әріптес мемлекеттер – Қазақстан Республикасымен бірлесіп бітімгершілік операцияға қатысатын мемлекеттер;
      10) ұлттық контингент – Қазақстан Республикасының әскери және азаматтық персоналы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет
      саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің
      негізгі қағидаттары

      Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің негізгі қағидаттары:
      1) заңдылық;
      2) риясыздық пен бейтараптық;
      3) әділдік;
      4) халықаралық құқық нормаларын сақтау;
      5) жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтеу;
      6) бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операцияларға қатысу жағдайларынан басқа, ұрыс қимылдарына қатыспау болып табылады.

      4-бап. Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің
      мақсаттары

      Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің мақсаттары саяси, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы дауларды шешу, халықаралық қоғамдастыққа және шетел мемлекеттеріне мемлекеттер арасындағы немесе бір мемлекет шегіндегі қақтығыстарды болдырмауда, одан қалыс қалуда және тоқтатуда жәрдем көрсету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін гуманитарлық көмек көрсету болып табылады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің
      міндеттері

      Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің негізгі міндеттері:
      1) тараптар келіспеушіліктерінің алдын алу, даулардың қарулы қақтығыстарға ұласуына жол бермеу, қақтығыс ауқымын шектеу;
      2) мандатқа сәйкес алдын алу дипломатиясы жолымен күш көрсету әрекеттерін тоқтатуға мәжбүрлеу және әскери контингентті пайдалану;
      3) бітімгершілік операция жүргізу аймағында аумақты және (немесе) тұрғындарды қарулы шабуылдан қорғау;
      4) оқ атуды тоқтату шарттарын сақтауды қамтамасыз ету;
      5) қақтығысушы тараптарды ажырату, бөлімшелерді қарусыздандыру, тарату және оларды азаматтық қоғамға кіріктіру;
      6) босқындар, уақытша орнын ауыстырған адамдар проблемасын шешуде жәрдем көрсету;
      7) экономикалық, гуманитарлық, медициналық және өзге де көмек көрсету;
      8) бітімгершілік операция жүргізу аймағында инфрақұрылымды қалпына келтіру;
      9) құқықтық тәртіпті, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау;
      10) мандатта көзделген өзге де міндеттер болып табылады.

      2-тарау. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі
      саласындағы мемлекеттік реттеу

      6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің бітімгершілік
      қызмет саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Президенті:
      1) Парламенттің қарауына бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы ұсыныс енгізеді;
      2) қатысуды аяқтау туралы, сондай-ақ ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу аймағынан (ауданынан) шұғыл эвакуациялау туралы шешім қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бітімгершілік
      қызмет саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) азаматтық персоналды ерікті негізде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге жіберу туралы шешім қабылдайды;
      2) мандатқа сәйкес азаматтық персоналдың құрамын, санын, міндеттерін, келу мерзімін және ауыстыру (ротациялау), оларды бітімгершілік операцияны жүргізу орнына және кері қарай тасымалдау тәртібін айқындайды;
      3) бітімгершілік операцияны жүргізу ауданына байланысты ұлттық контингентті қосымша мүлікпен қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы үшін оларды қаржыландыру көздерін көрсете отырып, қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды;
      4) ұлттық контингенттің мүлкін әріптес мемлекеттерге не қабылдаушы мемлекетке беру туралы шешімдер қабылдайды, сондай-ақ оны есептен шығару тәртібін айқындайды;
      5) бітімгершілік қызмет шеңберінде гуманитарлық көмек көрсету, ұлттық контингентті бітімгершілік операцияға жіберу және ұлттық контингентті бітімгершілік операция жүргізу ауданынан шұғыл эвакуациялау және ұлттық контингент келтірген залалды өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақшалай қаражат бөледі;
      6) Қазақстан Республикасының Президентіне ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуына байланысты қажетті шығыстар және қаржыландыру көздері туралы қорытындыларды ұсынады;
      7) халықаралық ұйымдар мен әріптес мемлекеттердің Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға қатысуға арналған шығыстарын өтеуіне қатысты мәселелерді шешеді;
      8) бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын бекітеді;
      9) әртүрлі мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) азаматтық және әскери персоналды тарту кезінде жедел штаб құрады;
      10) Қазақстан Республикасының Президентіне бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану және қаржыландыру көздері туралы ұсыныс енгізеді;
      11) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасының Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      8-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің
      құзыреті

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі:
      1) бітімгершілік операцияға дайындалу қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ оларды орындауды ұйымдастырады;
      2) бітімгершілік операцияға дайындық жоспарын бекітеді;
      3) Конституцияда, заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      9-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктері

      1. Ұлттық контингентті бітімгершілік операцияға қатысуға жіберуді жоспарлайтын мемлекеттік органдар (ұйымдар):
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінде, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не мандатта өзгеше айқындалмаса, азаматтық персоналды мүлікпен қамтамасыз етеді;
      2) бітімгершілік операцияға дайындық жоспарына сәйкес ұлттық контингентті бітімгершілік дайындықтан өту үшін жібереді;
      3) бітімгершілік операцияға қатысқан азаматтық персонал қаза тапқан (қайтыс болған), мүгедектік белгіленген, ауыр мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайларда, осы Заңның 16-бабының 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген негіздер бойынша біржолғы өтемақылар төлеуді жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының сыртқы саясат саласындағы уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бітімгершілік операцияға қатысудың сыртқы саяси орындылығы туралы ұсыныстар енгізеді, келіссөздер жүргізеді, бітімгершілік қызмет мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және әріптес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасайды.
      3. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы ұлттық контингентті сапар алдында, бітімгершілік операция жүргізу кезеңінде вакцинациялауды, сондай-ақ бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін оңалту іс-шараларын ұйымдастырады және жүргізуді қамтамасыз етеді.
      4. Қазақстан Республикасының байланыс және ақпарат, көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органдары ұлттық контингентін бітімгершілік операцияға қатысуға жіберу жоспарланған мемлекеттік органдарға (ұйымдарға) қолжетімді байланыс түрлерімен және ұлттық контингент пен жүктерді бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) және кері қарай тасымалдауды қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
      5. Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық персоналдың жарақаттануына, мертігуіне, контузия алуына, жаралануына, науқастануына және қаза табуына байланысты асыраушысынан айырылуы және мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеуді ұйымдастырады.

      3-тарау. Ұлттық контингентті бітімгершілік операцияларға
      жіберу

      10-бап. Қазақстан Республикасының бітімгершілік
      операцияға қатысуы туралы шешім қабылдау тәртібі

      1. Халықаралық ұйымның шешімі және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға қатысуы туралы мәселені қарау үшін негіздеме болып табылады.
      2. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын пайдалану үшін:
      1) сыртқы саясат саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бітімгершілік операцияға қатысудың сыртқы саяси орындылығы туралы ұсыныстар енгізеді, келіссөздер жүргізеді, бітімгершілік қызмет мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және әріптес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасайды;
      2) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қарулы Күштерді пайдалану туралы ұсынысты қолдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентіне ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуына байланысты қажетті шығыстар туралы қорытындысы және оларды қаржыландыру көздерін көрсете отырып, ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешімнің негіздемесі бар ұсыныстың жобасын енгізеді.
      Ұсыныстың жобасында бітімгершілік операцияны жүргізу ауданы, міндеттері, жалпы саны, қару-жарақтың, мүліктің типі мен құрамы, бағыныстылығы, болу мерзімі, ауыстыру (ротациялау) тәртібі, шығару, бітімгершілік операция жүргізілетін жерге және кері қарай тасымалдау шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ нақты бітімгершілік операцияға байланысты басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.
      3. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім Қазақстан Республикасының Конституциясы 53-бабының 5) тармақшасына сәйкес қабылданады.
      4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім негізінде әскери контингентті және (немесе) әскери персоналды бітімгершілік операцияға қатысу үшін жібереді.
      5. Азаматтық персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуы үшін:
      1) сыртқы саясат саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен және басқа да мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісім бойынша сыртқы саяси орындылығын қарау және халықаралық ұйымдармен және/немесе аумағында бітімгершілік операция жүргізілетін әріптес мемлекеттермен келісу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне бітімгершілік операция туралы ұсыныс енгізеді;
      2) ұсынысты қолдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бітімгершілік операцияға қатысу және азаматтық персоналдың бітімгершілік операцияға қатысуы үшін қосымша қаражат бөлу туралы оларды қаржыландыру көздерін, бітімгершілік операцияны жүргізу ауданы, міндеттері, жалпы саны, мүлкі, бағыныстылығы, болу мерзімі, ауыстыру (ротациялау) тәртібі, шығару, бітімгершілік операция жүргізілетін жерге және кері қарай тасымалдау шарттары туралы мәліметтерді, сондай-ақ нақты бітімгершілік операцияға байланысты басқа да ақпаратты көрсете отырып шешім қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары (ұйымдары) Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім негізінде тиісті азаматтық персоналды бітімгершілік операцияға қатысу үшін жібереді.

      11-бап. Ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға
      қатысуын аяқтау негіздемелері

      1. Мынадай:
      1) бітімгершілік операцияның аяқталуы;
      2) Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға қатысу мерзімінің аяқталуы;
      3) Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға одан әрі қатысуы орынсыз болатын халықаралық әскери-саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты мерзімінен бұрын кері шақырту;
      4) бітімгершілік операцияны жүргізу ауданында шиеленіс және жанжалдың қарқындылығы күрт күшейген жағдайда шұғыл эвакуациялау;
      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға қатысуы туралы халықаралық шартта (мәртебе туралы келісім, үлгілік меморандум) ескерілген өзге де негіздемелер ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуын аяқтау негіздемелері болып табылады.
      2. Ұлттық контингент бітімгершілік операцияны жүргізу ауданынан үшінші елдерге шұғыл эвакуацияланған жағдайда, ұлттық контингенттің Қазақстан Республикасына келген күні бітімгершілік операцияға қатысудың аяқталуы болып саналады.

      12-бап. Ұлттық контингентті жасақтау және дайындау

      1. Әскери персоналды жасақтау келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан және бітімгершілік операцияға дайындықтан өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері қатарынан ерікті негізде жүзеге асырылады.
      2. Азаматтық персоналды жасақтау бітімгершілік операцияға дайындықтан өткен адамдар қатарынан ерікті негізде жүзеге асырылады. Азаматтық персоналмен ол штатында тұрған мемлекеттік орган (ұйым) келісімшарт жасасады, онда бітімгершілік операцияға қатысу шарттары мен тәртібі ескеріледі. Келісімшарт нысаны бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларында белгіленеді.
      3. Ұлттық контингентті оқытып-үйрету және бітімгершілік операцияға дайындау бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
      4. Бітімгершілік дайындық Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекіткен жоспар бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің базасында жүзеге асырылады.
      5. Бітімгершілік дайындық уақытында бітімгершілік дайындықтан өтетін адамдардың жалақысы мен жұмыс орны сақталады. Еңбекақы төлеуді, іссапар шығыстарын төлеуді оқытып-үйретілетін адам штатында тұрған мемлекеттік орган (ұйым) жүзеге асырады.
      6. Сапалы бітімгершілік дайындықты қамтамасыз ету мақсатында шетел мемлекеттерінің азаматтық мамандары мен қарулы күштерінің бөлімшелерін тарта отырып, оқу-жаттығулар, курстар, семинарлар, тренингтер және басқа да іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

      13-бап. Ұлттық контингентті материалдық-техникалық
      қамтамасыз ету

      1. Ұлттық контингентті материалдық-техникалық қамтамасыз етуді оны жіберетін мемлекеттік орган (ұйым) жүзеге асырады.
      2. Ұлттық контингентті басқа мемлекеттік органда бар мүлікпен қосымша материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қосымша мүлікті бір мемлекеттік органнан басқа мемлекеттік органға беру туралы шешімдер қабылдайды.
      Мемлекеттік органдарда қосымша мүлік болмаған жағдайда, мүлік осы Заңның 22-бабында көзделген қаражат есебінен сатып алынады.

      4-тарау. Ұлттық контингентті әлеуметтік қорғау, олардың
      құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

      14-бап. Бітімгершілік операцияны жүргізу ауданында
      медициналық қамтамасыз ету

      1. Бітімгершілік операция жүргізілетін ауданда мамандандырылған медициналық мекемелер, медициналық жабдық не бөлімшелер болмаған кезде бітімгершілік операцияны жүргізу ауданында ұлттық контингент үшін медициналық қамтамасыз ету халықаралық шарттар негізінде әріптес мемлекеттердің, келген елдің медициналық мекемелерінде жүзеге асырылады.
      2. Бітімгершілік операция жүргізілетін ауданда мамандандырылған медициналық мекемелер болмаған кезде азаматтық персонал әскери контингенттің әскери-медициналық бөлімшелерінде өтеусіз медициналық қамтамасыз етіледі.

      15-бап. Ұлттық контингентті әлеуметтік қамсыздандыру

      1. Бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан) әскери персоналды әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      2. Ұлттық контингент бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай қаражатпен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Еңбекақы төлеуді ұлттық контингент қатарындағы адамдар штатында тұрған мемлекеттік органдар (ұйымдар) жүзеге асырады.
      3. Бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операцияларға қатысатын ұлттық контингентке бітімгершілік операция ауданында болған кезең ұрыс қимылдарына қатысумен теңестіріледі.
      4. Ұлттық контингент қатарындағы адам бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін өздері қызметкерлері болып табылатын мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторийлік-курорттық емдеуге жіберіледі.
      5. Бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде, операция жүргізілетін ауданға және кері қарай жол жүру, Қазақстан Республикасы есебінен тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде ұлттық контингент Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі. Басқа жағдайларда тамақтандыруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жеке басын куәландыратын құжатқа белгі қоюымен айқындалатын Қазақстан Республикасынан кеткен және Қазақстан Республикасына келген кезден бастап есептелетін уақыт бітімгершілік операцияға қатысу кезеңі болып есептеледі. Паспорттың болуы міндетті емес елдерге кеткен кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күндер бітімгершілік операцияға қатысу кезеңі болып есептеледі.
      6. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта бітімгершілік операцияларға қатысушыларға ұлттық заңнамада көзделгеннен неғұрлым жоғары кепілдіктер мен жеңілдіктер айқындалса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

      16-бап. Азаматтық персоналды әлеуметтік қамсыздандыру
      ерекшеліктері

      1. Бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан) азаматтық персоналға бітімгершілік операциядан келгеннен кейін бір жыл ішінде ұзақтығы күнтізбелік 14 күн қосымша ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
      2. Бітімгершілік операцияға және бітімгершілік дайындыққа қатысу кезеңінде азаматтық персоналдың мемлекеттік органдағы (ұйымдағы) жұмыс орны сақталады.
      3. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операция кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған), сондай-ақ бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), науқастануы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, бітімгершілік операция кезеңінде оған мүгедектік белгіленген немесе мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен біржолғы өтемақы төленеді.
      4. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операция кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған), сондай-ақ бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), науқастануы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның бітімгершілік операцияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін азаматтық персонал қатарындағы адамның мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
      5. Азаматтық персонал қатарындағы адамға бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде немесе бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), науқастануы салдарынан болған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы адамның бітімгершілік миссияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін соңғы жұмыс орны (атқарған лауазымы) бойынша:
      1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық жалақы;
      2) II топтағы мүгедекке – он сегіз айлық жалақы;
      3) III топтағы мүгедекке – алты айлық жалақы мөлшерінде төленеді.
      6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық персонал қатарындағы адамның қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы):
      1) заңды күшіне енген сот үкімі бар болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
      2) қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кезде;
      3) оның алкогольге, есірткіге немесе өзге де мас болу күйін тудыратын заттарды тұтынуы немесе қолдануы себебінен;
      4) біржолғы өтемақы алу немесе міндеттерін орындаудан жалтару мақсатында өзіне қасақана қандай да бір дене жарақатын (денеге зақым келтіру) немесе өзінің денсаулығына өзге де зиян келтіру нәтижесінде болғаны дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
      7. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде мүгедектікке әкеп соқтырмаған ауыр мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда, оған бір жарым айлық жалақысы мөлшерінде, жеңіл мертіккенде – жарты айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
      8. Бітімгершілік операцияға қатысу кезінде қаза тапқан немесе адамның бітімгершілік миссиясына қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), науқастануы салдарынан қайтыс болған азаматтық персонал қатарындағы адамды жерлеу Қазақстан Республикасында туыстарының қалауымен айқындалатын жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасауға және орнатуға байланысты барлық шығыстар азаматтық персонал қызметкері болып табылған мемлекеттік органның (ұйымның) есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері үшін белгілеген мөлшерде жүзеге асырылады.

      17-бап. Ұлттық контингенттің құқықтары мен міндеттері

      1. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған шектеулерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамасында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.
      Бітімгершілік операциядағы ұлттық контингенттің құқықтары мен бостандықтары тек қана болатын елдің заңдарымен, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен шектеледі не кеңейтіледі.
      2. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының және болатын елдің заңдарын сақтауға, сондай-ақ болатын елдің әдет-ғұрыптарын құрметтеуге міндетті.
      3. Әскери персоналға Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларында көзделген міндеттер жүктеледі. Бітімгершілік операциядағы міндеттер аясы бітімгершілік операция мандатымен шектелуі не кеңейтілуі мүмкін.
      4. Ұлттық контингентке бітімгершілік операцияда атқарып отырған лауазымына сәйкес лауазымдық міндеттер жүктеледі.

      18-бап. Ұлттық контингенттің қару қолдануы

      Ұлттық контингенттің қаруды алып жүру және қолдану қағидалары Қазақстан Республикасының заңнамасында, жалпыәскери жарғыларда, сондай-ақ мандатта, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
      Қару қолданған кезде ұлттық контингент айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ықтимал шаралардың бәрін қабылдауға, ал қажет болған жағдайда, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.
      Қару қолданылған әрбір жағдай туралы ұлттық контингент қатарындағы адам командирге (бастыққа) баяндайды.

      19-бап. Ұлттық контингенттің жауапкершілігі

      Ұлттық контингент қылмыс, теріс қылық және өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
      Ұлттық контингент қатарындағы адам немесе адамдар тобы бітімгершілік операция кезеңінде оның/олардың бітімгершілік операция жүргізілетін ауданда одан әрі болуы мүмкін емес құқыққа қарсы әрекет жасаған кезде ротация бойынша шығыстар көрсетілген адамдардың қаражаты есебінен өтеледі, олар адамның немесе адамдар тобының Қазақстан Республикасынан бітімгершілік операция жүргізілетін жерге және кері қарай жол жүруі бойынша шығыстарды қамтиды.

      20-бап. Бітімгершілік операция жүргізілетін аудандағы
      юрисдикция

      Бітімгершілік операция жүргізілетін ауданда шетел азаматтары ұлттық контингентке қатысты құқыққа қарсы әрекет және қылмыс жасаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмесе, болатын елдің заңдары қолданылады.

      21-бап. Бітімгершілік қызмет саласындағы қадағалауды
      жүзеге асыру

      Бітімгершілік қызмет саласындағы заңнаманың дәл және бірыңғай қолданылуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.

      5-тарау. Қорытынды ережелер

      22-бап. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметін
      қаржыландыру

      Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметін қаржыландыру:
      1) қызметкерлері бітімгершілік операцияға жіберілетін мемлекеттік органдарды (ұйымдарды) ұстауға көзделген;
      2) бітімгершілік қызметті қаржыландыру үшін немесе бітімгершілік операцияға жұмсалатын шығындарды толық немесе ішінара өтеу тәртібімен БҰҰ немесе өзге де халықаралық ұйымдар бөлетін;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің қаражаты есебінен жүргізіледі.

      23-бап. Бітімгершілік қызметте пайдаланылатын мүлікті
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы
      алып өту

      Ұлттық контингенттің жұмыс істеуі немесе бітімгершілік дайындықты жүргізу үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери-техникалық мүлікті, арнайы техниканы және арнайы құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу (аумағынан әкету) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      24-бап. Бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан),
      бірақ ұлттық контингенттің құрамына кірмейтін (кірген)
      адамдарға Заңның қолданылуы

      Осы Заң бітімгершілік операцияға қатысатын (қатысқан), бірақ ұлттық контингенттің құрамына кірмейтін (кірген) адамдарға қолданылмайды.

      25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 15-баптың 2, 4, 5-тармақтарын және 16-баптың 4, 5, 7, 8-тармақтарын қоспағанда, алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады