"Дамуға ресми көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақсатан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 722 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Дамуға ресми көмек туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жасайтын мемлекеттерге дамуға ресми көмек көрсетуге байланысты құқықтық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) әріптес донор – дамуға ресми көмек саласындағы жобаны іске асыруға Қазақстан Республикасымен бірлесе қатысатын мемлекет, халықаралық не үкіметтік емес ұйым;
      2) әріптес ел – даму мақсатында Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жасайтын және дамуға ресми көмек алатын мемлекет;
      3) бағдарламалық құжат уақыттың белгілі бір кезеңінде әріптес елдер үшін іске асырылуы жоспарланған дамуға ресми көмек жобалары және олардың жоспарланған нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
      4) дамуға ресми көмек – әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу және әл-ауқатын арттыру мақсатында өтеусіз не жеңілдікті негізде Қазақстан Республикасы көрсететін көмек немесе ынтымақтастық;
      5) дамуға ресми көмек саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – міндеті дамуға ресми көмек саласындағы Қазақстан Республикасының саясатын әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесу болып табылатын Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын заңды тұлға;
      6) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі;
      7) донор ел – дамуға ресми көмек беретін мемлекет;
      8) жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша кредит – заттай немесе ақшалай нысанда ресурстарды беру, мұның нәтижесінде капиталдың халықаралық нарықтарындағы коммерциялық талаптарға қарағанда әріптес елдің донор ел алдындағы қолайлы шарттардағы қарыздық міндеттемелері қалыптасады;
      9) жоба – мақсаты материалдық немесе техникалық көмек аясында жасау, жаңғырту немесе қолдау болып табылатын, кеңістік-уақыттық және ресурстық шегі болатын және әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттыру үшін әсері жағымды болып табылатын донор ел жасаған жаңа енгізілім және/немесе жақсарту;
      10) сыртқы әріптес – Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегі көрсетілетін не дамуға ресми көмек саласындағы жобаны іске асыруға қатысатын әріптес елдің мемлекеттік органы, ұйымы не үкіметтік емес ұйымы;
      11) техникалық жәрдемдесу – белгілі бір қызмет саласында біліммен, дағдылармен, техникалық тәжірибемен бөлісу, қызметтер көрсету, жұмыстар атқару;
      12) халықаралық грант – әріптес елдің донор елдің алдында қарыздық міндеттемелерінің қалыптасуына әкелмейтін қаржылық, материалдық көмек және техникалық жәрдемдесу.

      2-бап. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек
              саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Дамуға ресми көмектің мақсаты мен міндеттері

      1. Дамуға ресми көмек:
      1) әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына;
      2) бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;
      3) Қазақстан Республикасының стратегиясы мен даму бағдарламаларын табысты іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды жасауға;
      4) Қазақстан Республикасының өңірлік және халықаралық байланыс жүйесіне одан әрі интеграциялануына;
      5) әріптес елдің қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климатты сақтау мәселелерін басым түрде іске асыруға кезең-кезеңмен көшуіне жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Дамуға ресми көмектің міндеттері:
      1) әлеуметтік экономикалық дамуды және тиімді басқаруды қоса алғанда, даму саласында Қазақстан Республикасы қолдайтын халықаралық мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдесу;
      2) әріптес елмен саяси, экономикалық, білім беру, қоғамдық, мәдени, ғылыми және басқа да байланыстарды дамыту;
      3) өңірлік ынтымақтастықты дамыту және өңірлік проблемаларды шешуге жәрдемдесу;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      5) кедейлікті азайту;
      6) қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
      7) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін және халықаралық жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасымен көршілес дамушы елдердің, неғұрлым төмен дамыған елдердің, теңізге шыға алмайтын елдердің, аралдардағы дамушы шағын мемлекеттердің және өзге де мемлекеттердің дамуына жәрдемдесу болып табылады.

      4-бап. Дамуға ресми көмектің қағидаттары

      Дамуға ресми көмек:
      1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай келу;
      2) әріптес елдің егемендігін, ұлттық мүдделерін және заңдарын құрметтеу;
      3) құзырет деңгейі жоғары бірқатар салаларда техникалық жәрдемдесудің басымдығы;
      4) көмекті ұсыну және пайдалану туралы шешім қабылдау процесінің ашықтығы мен есептілігі және көмек ашықтығының халықаралық стандарттарына сәйкестігі;
      5) әріптес елдің Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігі;
      6) дамуға ресми көмектің өлшемді нәтижелерін бағдарға алу;
      7) дамуға ресми көмектің тиісті жобаларының экологиялық және әлеуметтік салдарларын есепке алу қағидаттарына;
      8) дамуға ресми көмек көрсету саласындағы халықаралық шарттар мен уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан Республикасы бекіткен басқа да қағидаттарға негізделеді.

      5-бап. Дамуға ресми көмектің секторлық басымдықтары

      Дамуға ресми көмек әріптес ел қызметінің:
      1) ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі;
      2) жаһандық және өңірлік экологиялық бастамаларды дамытуға жәрдемдесуді қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау;
      3) трансшекаралық су мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
      4) шекараны кесіп өту рәсімдерін оңайлатуға септігін тигізу;
      5) әріптес елдің дамуына ресми көмек шеңберінде қақтығыстарды және қауіпсіздікті реттеу;
      6) трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес;
      7) білім беру және ғылым;     
      8) денсаулық сақтау;
      9) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;
      10) әріптес елде кәсіпкерлікті қолдау;
      11) өңірлік және халықаралық сауданы дамыту, оның ішінде теңізге шыға алмайтын елдердің көлік және өзге де инфрақұрылымға қол жеткізуін жақсарту арқылы дамыту секторларын;
      12) дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттарға енгізілген өзге де секторларды дамытуға бағытталған.

2-тарау. Дамуға ресми көмекті реттеу

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1)дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттарды бекітеді;
      2) дамуға ресми көмек саласында халықаралық шарттар жасасады;
      3) операторды құру туралы шешім қабылдайды;
      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      7-бап. Дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органның               құзыреті

      1. Дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган:
      1) дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттардың жобаларын әзірлейді және олардың орындалуы жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, өзге де мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың дамуға ресми көмекті іске асыру саласындағы өзара іс-қимыл жасау тәртібін бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының ресми көмек саласындағы қызметін ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастырады;
      4) оператордың, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы қызметін үйлестіреді;
      5) дамуға көрсетілген ресми көмекті есепке алуды жүзеге асырады;
      6) халықаралық ұйымдарға дамыту мақсатына арналған ерікті жарналарды төлеу жоспарын бекітеді және оның іске асырылуын жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне дамуға ресми көмектің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;
      8) халықаралық қоғамдастық пен Қазақстан тұрғындарын дамуға жәрдемдесу және жаһандық проблемаларды шешу бойынша Қазақстан Республикасы қолданатын іс-қимылдар туралы хабардар етеді;
      9) дамуға ресми көмек көрсету үшін бөлінетін бюджет қаражатын пайдалану саласында оператордың мониторингін жүзеге асырады;
      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген дамуға ресми көмек саласындағы өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органның шетелдердегі мекемелері:
      1) әріптес елде дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі жағдайдың мониторингін және оны талдауды жүзеге асырады;
      2) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органға дамуға ресми көмек көрсету мәселелері бойынша ұсыныстар, оның ішінде дамуға ресми көмектің жаңа жобалары, қолданыстағы жобаларын тоқтата тұру және тоқтату бойынша ұсыныстар енгізеді;
      3) аккредиттелген мемлекеттерде дамуға ресми көмектің іске асырылуын үйлестіреді және оған жәрдемдеседі.

      8-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік
             органдарының құзыреті

      1.Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде:
      1) дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттарды іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органға дамуға ресми көмек көрсету аясындағы жобалар бойынша ұсыныстар енгізеді;
      3) дамуға ресми көмекті ұйымдық-техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады және дамуға ресми көмек жобаларын іске асыру мәселелері бойынша операторға есептік ақпарат ұсынады;
      4) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша дамуға ресми көмек жобаларын іске асыруға жәрдемдеседі.

      9-бап. Оператордың құзыреті

      1. Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылады және өз қызметін жүзеге асырады.
      Оператор құрылғанға дейін дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган оператордың функцияларын іске асырады.
      2. Оператор:
      1) дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен дамуға ресми көмек мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасы дербес не донор әріптестермен бірлесіп қаржыландыратын дамуға ресми көмек саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі сыртқы әріптестердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады;
      4) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органға дамуға ресми көмек саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      5) дамуға ресми көмек саласындағы есепті жүргізеді және дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті органның талап етуі бойынша дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі жүзеге асырылатын қызмет туралы есептілікті ұсынады;
      6) дамуға ресми көмек көрсетудің көлемі мен секторлық басымдықтары жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      7) дамуға ресми көмек мәселесі бойынша дамуға ресми көмек саласында ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де жеке және заңды тұлғалармен және үкіметтік емес ұйымдармен келісімдер жасасады;
      9) даму саласындағы көпжақты бағдарламаларға қатысады;
      10) дамуға ресми көмек саласында осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      10-бап. Дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      1. Дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық бастамаларға, бағдарламаларға және жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
      2. Жобаларды бірлесіп қаржыландыру және іске асыру, институционалдық қамтамасыз ету және тәжірибе мен білім алмасу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық мүдделі халықаралық, ұлттық және үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде дамуға ресми көмек саласындағы жобаны Қазақстан Республикасының іске асыруы мақсатында дамуы мүмкін.

3-тарау. Дамуға ресми көмекті ұйымдастыру

      11-бап. Дамуға ресми көмекті қаржыландыру

      1.Дамуға ресми көмектің Қазақстан Республикасындағы қаржыландыру көздері:
      1) республикалық бюджет қаражаты;
      2) қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары мен аударымдары;
      3) оператордың қызметінен түсетін кірістер;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген басқа да түсімдер болып табылады.
      Операторды құрғанға дейін бюджет қаражаты Қазақстан Республикасында дамуға ресми көмекті қаржыландыру көздері болып табылмайды.

      12-бап. Дамуға ресми көмекті іске асыру

      1. Дамуға ресми көмек мынадай:
      1) халықаралық гранттар;
      2) әріптес елде дамуға жәрдемдесу жобалары, оның ішінде бірлескен жобалар мен көпжақты ынтымақтастық жобалары;
      3) жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша кредиттер;
      4) халықаралық ұйымдарға даму мақсаттарына арналған ерікті жарналар;
      5) әріптес елмен бірлескен қорлар құру;
      6) техникалық жәрдемдесу нысандарында;
      7) дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық шарттар мен уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан Республикасы бекіткен өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы көрсететін дамуға ресми көмекке мыналар:
      1) әскери мақсаттарға арналған гранттар, қарыздар, кредиттер;
      2) гуманитарлық көмек;
      3) жеке адамдарға төленетін трансферттік төлемдер (зейнетақылар, өтемақылар, сақтандыру төлемдері);
      4) қосарланған мақсатқа арналған тауар жеткізу жатпайды.
      3. Жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша кредиттер және әріптес елмен бірлескен қорлар құруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті қаржы институттары жүзеге асырады.
      4. Дамуға ресми көмек:
      1) екіжақты негізде – Қазақстан Республикасы мен әріптес елдің өзара іс-қимылына;
      2) көпжақты негізде – басқа донор елдер мен донор әріптестерді қатыстыра отырып, Қазақстан Республикасы мен әріптес елдердің өзара іс-қимылына орай іске асырылады.

      13-бап. Дамуға ресми көмек туралы шешімдер

      1. Дамуға ресми көмек Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бағдарламалық құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
       2. Дамуға ресми көмектің бағдарламалық құжаттарында көзделмеген жобаны немесе бағдарламаны іске асыру қажет болған жағдайда, бұлар Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      14-бап. Дамуға ресми көмек көрсету критерийлері

      Дамуға ресми көмек әріптес елге мынадай критерийлер негізінде:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес келу;
      2) әріптес елдің даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу;
      3) Қазақстан Республикасының әріптес елмен ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу;
      4) Осы Заңның 3-бабында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келу негізінде көрсетіледі.

      15-бап. Дамуға ресми көмекті жоспарлау

      1. Дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен оператордың ұсыныстары негізінде әріптес елдерге дамуға ресми көмек көрсетудің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлейді.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі дамуға ресми көмек саласындағы жоспарларды бекітеді және олардың негізінде дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган дамуға ресми көмек саласындағы бағдарламалық құжаттардың жобаларын әзірлеуді жүзеге асырады.

      16-бап. Дамуға ресми көмектің бағдарламалық
               құжаттарын іске асыру тиімділігінің мониторингі

      Дамуға ресми көмектің бағдарламалық құжаттарын, сондай-ақ дамуға ресми көмек саласындағы гранттарды, займдарды және кредиттерді іске асыру тиімділігінің мониторингін дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен ұйымдарының жәрдемдесуі арқылы жүзеге асырады.

      17-бап. Дамуға ресми көмекті кадрмен қамтамасыз ету

      Дамуға ресми көмек саласында кадрмен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      18-бап. Дамуға ресми көмек саласындағы заңнаманы бұзғаны                үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады