Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі туралы келісімге қосылу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 шілдедегі № 766 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі туралы келісімге қосылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің қосылатыны туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін хабардар етсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
Туризм жөніндегі кеңесі туралы
КЕЛІСІМ

Ресми куәландырылған мәтін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
Туризм жөніндегі кеңесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері 1993 жылғы 23 желтоқсандағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында,
      туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор мән бере отырып,
      туристік қызметтің негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауды үйлестіруге ұмтыла отырып,
      мұндай ынтымақтастықты дамыту Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер халықтарының мүддесіне сай келетінін түсіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Туризм саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру үшін Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдары басшыларының қатарынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесін (бұдан әрі — Кеңес) құрады.

2-бап

      Кеңес тұжырымдамалық мәселелерді қарастырады, туризм саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен нысандарын айқындайды, белгіленген тәртіппен ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің қарауына туризм саласындағы нақты міндеттерді шешуге бағытталған ұсыныстарды енгізеді.

3-бап

      Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі туралы ереже негізінде жүзеге асырады.

4-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының мемлекеті қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

5-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

6-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа рәсім арқылы шешіледі.

7-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

8-бап

      Күшіне енгеннен кейін осы Келісім депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

9-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және Келісім қолданылған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының          Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

      Армения Республикасының            Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының           Түрікменстан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының             Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін

2012 жылғы 30 мамырдағы
Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы 
мемлекеттердің     
Туризм жөніндегі кеңесі
туралы келісімге   
қосымша         

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
Туризм жөніндегі кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі (бұдан әрі — Кеңес) 1993 жылғы 23 желтоқсандағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен әлемдік қоғамдастықтың халықаралық туристік байланыстарын нығайту және кеңейту мақсатында құрылды.
      Кеңес ТМД-ның туризм саласындағы салалық ынтымақтастық органы болып табылады және ТМД Мемлекеттер басшыларының кеңесі, Үкіметтер басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі мен Экономикалық кеңесі қабылдаған шешімдерді ұйымдастыруға және үйлестіруге бағытталған.
      1.2. Кеңестің негізгі міндеті мемлекеттік органдар, ұлттық, өңірлік, халықаралық және басқа да туристік ұйымдар желісі бойынша туризм саласындағы тең құқылы және өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      1.3. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Достастық шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.
      Кеңес өз қызметінде ТМД Үкіметтер басшыларының кеңесіне есеп береді.
      Кеңес өз жұмысын өзі әзірлеген және бекіткен жоспарлар негізінде ұйымдастырады.
      1.4. Кеңес ТМД Атқарушы комитетімен, Достастықтың басқа да органдарымен, қажет болса - халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
      Кеңес жыл сайын ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат беріп тұрады.
      1.5. Кеңестің жұмысы туралы есеп берілген тәртіппен ТМД Үкіметтер басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Экономикалық кеңесінің, Достастықтың жарғылық және басқа да органдарының жанындағы
      Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің, сондай-ақ ТМД Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады.
      1.6. Кеңес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің туризм саласындағы мемлекеттік билік органдары басшыларының қатарынан құрылады. Кеңес отырысына Кеңес мүшесін алмастыратын адам жіберілген жағдайда, оның өкілеттігі расталуға тиіс. Кеңес беру құқығымен Кеңес құрамына Кеңес хатшылығының басшысы, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіруі мүмкін.
      Тиісті шарттардың негізінде Кеңес құрамына ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын, Кеңестің мақсаты мен міндеттерін бөлісетін мемлекеттердің туризм саласындағы мемлекеттік билік органдарының өкілдері кеңес беру құқығымен қатыса алады.

II. Кеңес функциялары

      Кеңес өзінің құзіреті шегінде мынадай функциялар орындайды:
      2.1. Мемлекеттік органдар, ұлттық, өңірлік, халықаралық және басқа да туристік ұйымдар желісі бойынша туризм саласындағы ынтмақтастықтың үрдістері мен перспективаларын зерделеу.
      2.2. Келісімнің, туризм саласындағы ынтымақтыстық туралы басқа да шарттардың іске асырылуы барысын талдау, туризмді дамытудың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру.
      2.3. Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесу.
      2.4. Ғылым және педагог-ғылым кадрларды даярлау, туризм саласындағы мамандармен алмасу және олардың біліктілігін жоғарлату саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу.
      2.5. Халықаралық стандарттар негізінде туристік инфрақұрылым мен сапалы сервис жасау мақсатында туризмді дамыту үшін инвестициялар тартуға жәрдемдесу.

      Осы арқылы қоса беріліп отырған мәтін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкіметтер басшылары кеңесін 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында өткен отырысында қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесі туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатыны куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      ТМД Атқарушы комитеті
      Төрағасының-Атқарушы хатшысының
      бірінші орынбасары                                    В. Гаркун

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады