Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 тамыздағы № 895 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 16 наурыздағы № 131 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 131 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 52) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 5 тамыздағы
№ 895 қаулысымен
бекітілген

Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында
азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық
және психологиялық оңалту қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 52) тармақшасына сәйкес әзірленді және Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту (бұдан әрі – оңалту) тәртібін айқындайды.

      2. Міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, жарақаттанған, мертіккен және сырқаттанған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін (бұдан әрі – қызметкерлер) оңалту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Оңалту қызметкер ағзасының функцияларын сақтауға, бұзылғандарын және (немесе) жойылғандарын, жартылай немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені болып табылады.

2. Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында
азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және
психологиялық оңалту тәртібі

      4. Қызметкерлерді оңалту мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек;

      2) стационарлық көмек;

      3) қалпына келтіріп емдеу;

      4) санаторий-курорттық емдеу.

      5. Төтенше жағдайларды жою барысында қызметкерлерді оңалтуды төтенше жағдай ауданында орналасқан медициналық ұйымдар жүргізеді.

      Амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмекті қызметкерлер бекітілген медициналық ұйымдар көрсетеді.

      Қызметкерлерді қалпына келтіріп емдеу және санаторий-курорттық емдеу медициналық ұйымдарда, оңалту орталықтарында, санаторийлерде көрсетіледі.

      6. Денсаулықтың, психофизиологиялық көңіл-күйдің бұзылуын, қажығандықты және кәсіби жұмыс істеу қабілетінің төмендеуін уақтылы анықтау мақсатында қызметкерлерді міндетті медициналық тексеру өткізіледі:

      1) жыл сайынғы – жылына бір рет;

      2) ауысым алдындағы медициналық куәландыру – жұмыс ауысымының басталуына бір сағат қалғанда (төтенше жағдайды жою барысында жұмыс ауысымына дейін және одан кейін).

      Жыл сайынғы медициналық тексерулер қызметкерлер тіркелген медициналық ұйымдарда өткізіледі.

      Қызметкерлерді ауысым алдында медициналық куәландыруды азаматтық қорғау органдарының авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының штаттық персоналы жүргізеді.

      7. Оңалту жүргізетін медициналық ұйымдарда емделу үшін қызметкерге амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жоғары білімі бар медицина қызметкерінің жолдамасы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша амбулаториялық картасынан немесе науқастың стационарлық картасынан үзінді қажет.

      8. Қызметкерлерге жүргізілетін оңалту іс-шараларының көлемі және оңалтудың барлық кезеңдерінде болу ұзақтығы ағза функцияларының, денсаулықтың бұзылу дәрежесіне және тіршілік әрекетінің шектелуіне, оңалту көмегінің деңгейіне және сатысына байланысты.

      9. Қызметкерлер төтенше жағдайларды жоюға қатысқаннан кейiнгi бір жыл ішiнде медициналық айғақтар болған кезде қайтадан оңалтуды жүзеге асыруға болады.

      10. Оңалтуды жүргізу мерзіміне және оңалту орнына бару мен кері қайту күндеріне (кезекті және қосымша демалыстарды есепке алмағанда) қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы ұзартылады.

      11. Қызметкерлер санаторий-курорттық емделуге азаматтық қорғау органдары комиссияларының шешімі бойынша жіберіледі.

      12. Қызметкерлер санаторий-курорттық емделуге жіберілген кезде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық құжаттама ресімделеді.

      13. Қызметкерлерді санаторий-курорттық емдеу республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен және шегінде жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады