«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 1041 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі
К. Мәсімов

      Жоба

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы

      2014 жылғы 29 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

      Қарыз № 8277-kz

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
      мен
      ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ
      арасындағы
      ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
      (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші
      фазасы)
      2014 жылғы 29 сәуір

ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ («Қарыз алушы») мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ («Банк») арасындағы 2014 жылғы 29 сәуірдегі келісім. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк мыналар туралы уағдаласты:
      I БАП - ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АЙҚЫНДАМАЛАР
      1. 01.Жалпы Шарттар (осы Келісімге Толықтыруда айқындалған) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      1. 02.Егер түпмәтінінен өзгеше туындамаса, онда осы Келісімде пайдаланылатын, бас әріптерден басталатын терминдер Жалпы Шарттарда немесе осы Келісімге Толықтыруда оларға берілген мәнге ие болады.
      ІІ БАП — ҚАРЫЗ
      2. 01.Банк Қарыз алушыға сипаттамасы осы Келісімге 1-қосымшада келтірілген жобаны («Жоба») қаржыландыруға жәрдем көрсету мақсатында осы Келісімде жазылған мерзімге және шарттарда осы Келісімнің 2.07-бөлімінің ережелеріне сәйкес валюта айырбастау арқылы кезең-кезеңімен айырбастауға болатын бір жүз екі миллион тоғыз жүз екі мың төрт жүз қырық (102 902 440) АҚШ долларына тең соманы («Қарыз») беруге келісті.
      2. 02.Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Келісімге 2-қосымшаның IV бөліміне сәйкес алуға құқылы.
      2. 03.Қарыз алушы төлеуге тиіс біржолғы комиссия Қарыз сомасының бір пайызының төрттен бірін (0,25 %) құрайды. Қарыз алушы комиссияны Қарыз туралы келісім күшіне енген күннен кейін 60 күннен кешіктірмей төлейді.
      2. 04.Қарыз алушы әрбір пайыздық кезең үшін төлеуге тиіс пайыздар Қарыз валютасы үшін референттік мөлшерлемеге ауыспалы спрэдті қосқанға тең мөлшерлеме бойынша есептелетін болады; Қарыздың негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігін конверсиялау кезінде осы сома бойынша конверсиялау кезеңі уақытында Қарыз алушы төлеуге тиіс сыйақы мөлшері Жалпы Шарттардың IV бабының ережелеріне сәйкес айқындалуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, егер Қарыздың алынған өтелмеген қалдығы бөліктерінің кез келгені уақтылы төленбей қалса және отыз (30) күн ішінде төленбесе, онда Қарыз алушы төлеуге тиіс сыйақы мөлшері, мұндай жағдайда Жалпы Шарттардың 3.02 (е) бөлімінің ережелеріне сәйкес есептеледі.
      2. 05.Әр жылдың 15 маусымы және 15 желтоқсаны төлем күндері болып табылады.
      2. 06.Қарыздың негізгі сомасы осы Келісімге 3-қосымшада келтірілген өтеу кестесіне сәйкес өтеледі.
      2. 07.(а) Қарыз алушы кез келген уақытта борыштық ұтымды басқарылуын қамтамасыз ету үшін Қарыз шарттарының мынадай конверсияларының кез келгенін жүргізуді сұрата алады: (і) алынған да, алынбаған да Қарыз Валютасының барлық немесе Қарыздың негізгі сомасының кез келген бөлігін мақұлданған валютаға өзгерту; (іі) Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігіне қолданылатын пайыздық мөлшерлеме базисін өзгермелі мөлшерлемеден тіркелген мөлшерлемеге және керісінше немесе өзгермелі спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеден тіркелген спрэдке негізделген өзгермелі мөлшерлемеге өзгерту; және (ііі) өзгермелі мөлшерлеме үшін пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегін немесе пайыздық мөлшерлеменің төменгі шегін белгілеу арқылы Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлық немесе ішінара бөлігіне қолданылатын өзгермелі мөлшерлеменің шектерін айқындау.
      (b) Осы Бөлімнің (а) тармақшасына сәйкес сұратылған және Банк мақұлдаған кез келген өзгеріс Жалпы Шарттарда айқындалғандай, «Конверсия» болып саналады және Жалпы Шарттардың IV бабының және Конверсия жөніндегі нұсқаудың ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
      III БАП - ЖОБА
      3. 01. Қарыз алушы өзінің Жоба мақсаттарына қол жеткізуді ұстанатыны туралы мәлімдейді. Осы мақсатта Қарыз алушы Жобаны Жалпы Шарттардың V бабының ережелеріне сәйкес СРК арқылы іске асырады.
      3. 02. Осы Келісімнің 3.01-бөлімі ережелерінің талаптарына сәйкес шектеусіз және, Қарыз алушы мен Банк өзгеше келісуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, Қарыз алушы осы Келісімге 2-қосымшаға сәйкес Жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді.
      IV БАП - КҮШІНЕ ЕНУІ; ҚОЛДАНЫЛУЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ
      4. 01.Мыналар күшіне енудің қосымша шарттары болып табылады:
      1) Қарыз алушының Банк үшін қанағаттанарлық Жобаны басқару жөніндегі нұсқауды қабылдауы;
      2) Қарыз алушының, қаржылық басқару және қаражатты игеру жөніндегі мамандарды іріктеуін қоса алғанда, Су ресурстары комитетінің жанында Банк үшін қанағаттанарлық құрамда, ресурстары мен техникалық тапсырмалары бар ЖБТ құруы;
      3) Қарыз алушының Банк үшін қанағаттанарлық аралық аудиттелмеген қаржылық есептерді тудыра алатын, жоба бойынша толығымен автоматтандырылған қаржылық есептілік жүйесін орнату жөнінде техникалық тапсырмалары бар келісімшартқа қол қоюы;
      4.02. Осы Келісім күшіне енетін соңғы мерзім осы Келісімге қол қойылған күннен кейін бір жүз сексен (180) күн өткен соң басталатын күн болып табылады.
      V БАП - ӨКІЛДЕР; МЕКЕНЖАЙЛАР
      5. 01.Қарыз алушының өкілі Қаржы министрі болып табылады.
      5. 02.Қарыз алушының мекенжайы:
      Қаржы министрлігі
      Жеңіс даңғылы, 11
      010000, Астана,
      Қазақстан Республикасы

      Телекс: Факс:
      265126 (FILIN) (7) (7172) 717785

      5. 03. Банктің мекенжайы:
      International Bank for Reconstruction and Development
      1818 H Street, N.W.
      Washington, D.C. 20433
      United States of America
      Телеграф: Телекс: Факс:
      ІNTBAFRAD 248423(MCI) немесе 1-202-477-6391
      Washington, D.C. 64145 (MCI)
      Қазақстан Республикасы, Астанада жоғарыда көрсетілген жылы және күні КЕЛІСІЛДІ.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ үшін
      Қол қойған:
      _________________________________
      Уәкілетті өкіл
      Т.А.Ә.: Бақыт Сұлтанов
      Лауазымы: Премьер-Министрдің
      орынбасары - Қаржы министрі
      ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ
      ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ үшін
      Қол қойған:
      _________________________________
      Уәкілетті өкіл
      Т.А.Ә.: Шебнем Аккая
      Лауазымы: Тұрақты өкіл

1-ҚОСЫМША

      Жобаның сипаттамасы
      Жоба аумақтарында фермерлерге қолдау көрсету үшін ирригациялық және дренаждық жүйелер қызметтерінің сапасын арттыру осы Жобаның мақсаты болып табылады.
      Жоба мынадай құрауыштардан тұрады:
      1-құрауыш: Ирригациялық және дренаждық жүйелердің инфрақұрылымын оңалту және жаңғырту
      1) Шамамен 113 000 га. алаңда қолда бар ирригациялық және дренаждық инфрақұрылымды оңалтуды және жаңғыртуды жүргізу.
      2) Нақты учаскелер үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларын дайындауды қоса алғанда, ирригациялық және дренаждық инфрақұрылымды оңалту және жаңғырту барысында жобалау және бақылау мәселелері бойынша қолдау.
      2-құрауыш: Ирригациялық және дренаждық жүйелерді орнықты басқару, пайдалану және күтіп-ұстау
      1) Мыналар: (і) қолдау және оқыту топтарын құруға және олардың жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесу; (іі) ирригациялық жүйені бірлесіп дамыту және басқару жөніндегі іс-шараларға жәрдемдесу, оның ішінде су шаруашылығы секторының тиісті мәселелерін зерделеу және кредиттік және лизингілік ресурстарға қол жеткізу; (ііі) судың жай-күйі мониторингінің құралдарын қоса алғанда, басқару, пайдалану және күтіп-ұстау жүйесін жақсарту арқылы ауылдық тұтыну кооперативтерін және басқа да су шаруашылығы ұйымдарын дамыту және нығайту.
      2) Ауылдық тұтыну кооперативтері деңгейінде су ресурстарын шаруашылықішілік басқару жүйесін жаңғыртуға және нығайтуға жәрдемдесу.
      3) Басты ирригациялық және дренаждық жүйені басқаруды, пайдалануды және күтіп-ұстауды жаңғырту мен нығайтуды қолдау.
      3-құрауыш: Ауыл шаруашылығын дамыту
      1) Мыналар: (і) шаруашылықты басқару және жер пайдалану әдістерін жетілдіру; (іі) агротехникалық инновациялар саласында білім беру; (ііі) фермерлерге қызмет көрсету жөніндегі орталықтарды құруды және нығайтуды қоса алғанда, ауылдық кооперативтерді қолдау арқылы фермерлердің әлеуетін нығайту.
      2) Мыналар: (і) су үнемдеу технологияларын дамыту; (іі) ирригациялық шаруашылықішілік жүйелерге қызмет көрсету үшін техникаға қолжетімділікті ынталандыру; (ііі) тиісті консультациялық ұйымдарды одан әрі дамыту арқылы ирригациялық жүйелерді және ауылшаруашылығы өндірісін механикаландыруды қолдау.
      4-құрауыш: Жобаны басқару, техникалық қолдау және оқыту
      Жобаның мониторингін және әсерін бағалауды, ЭБ дайындауды және іске асыруды, аудитті қоса алғанда, жобаны басқаруда, әкімшілендіруде, үйлестіруде, сатып алуды өткізуде және қаржылық басқаруда ЖБТ-ны қолдау.

2-ҚОСЫМША

      Жобаны орындау
      I бөлім. Іске асыру тетіктері
      А. Институционалдық тетіктер
      Қарыз алушы СРК арқылы Жоба бойынша жедел іс-шараларды мынадай институционалдық және басқа тетіктерге сәйкес орындайды:
      1. Қарыз алушы Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқауда көрсетілген талаптарға, критерийлерге, ұйымдастыру тетіктеріне және операциялық рәсімдерге сәйкес Жобаны іске асырады және Банктің алдын ала мақұлдауынсыз Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқаудың қандай да бір ережелерін бере алмайды, өзгерістер енгізе алмайды, күшін жоя алмайды немесе бас тарта алмайды.
      2. Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде Қарыз алушы Банктің талаптарын қанағаттандыратын, Астанадағы СРК жанындағы ЖБТ құрамының, ресурстарының және техникалық тапсырмаларының сәйкестігін қамтамасыз етеді.
      3. Күшіне енген күннен кейін тоқсан (90) күннен кешіктірмей Қарыз алушы Банктің талаптарын қанағаттандыратын құраммен, ресурстармен және техникалық тапсырмалармен Шымкентте ЖБТ құрады және Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде оның жұмысын қолдайды.
      4. Тиісті ирригациялық және дренаждық жүйе бойынша жұмыстарды орындауға келісімшарт берілгенге дейін Қарыз алушы Жобаның 1-құрауышы шеңберінде әрбір ирригациялық және дренаждық жүйе бойынша техникалық жобаны әзірлеу туралы баяндама дайындап, Банкке алдын ала шолу және бекіту үшін ұсынады, ол мыналарды: (а) ирригациялық және дренаждық жүйенің ағымдағы жай-күйінің сипаттамасын, (b) жұмыс көлемінің сипаттамасын, ведомосын, сметалық шығындар мен ирригациялық және дренаждық жүйені оңалту және жаңғырту жөніндегі ұсынылған жұмыстарды экономикалық талдауды, (с) ауылдық тұтыну кооперативтерінің институционалдық және қаржылық. жағдайы, іске асыру жөніндегі мүмкіндіктер, олардың пайдалану және қызмет көрсету жоспарлары туралы, сондай-ақ ирригациялық қызметтер үшін болжамды төлем туралы ақпаратты қоса алғанда, кіші жоба аймақтары шегінде орналасқан ауылдық тұтыну кооперативтері туралы ақпаратты және (d) Банк негізді түрде сұратуы мүмкін басқа да ақпаратты қамтуға тиіс.
      B. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар
      Қарыз алушы Жобаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі нұсқау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
      C. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету
      1. I Қарыз алушы Нақты объектілер үшін негіздемелік ҚОБЖ-да, ЭБ-де, Бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарында және қолданылатын Нақты объектілер үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларында жазылған талаптарға, критерийлерге, ұйымдастыру тетіктеріне және операциялық рәсімдерге сәйкес Жобаны іске асырады және Банктің алдын ала бекітуінсіз Нақты объектілер үшін негіздемелік ҚОБЖ-ның, ЭБ-нің, Бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарының немесе қолданылатын Нақты объектілер үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларының қандай да бір ережелерін бермейді, өзгерістер енгізбейді, күшін жоймайды немесе олардан бас тартпайды.
      2. Жобаның 1-құрауышы шеңберінде қандай да бір құрылыс жұмыстары басталғанға дейін Қарыз алушы Банк үшін қанағаттанарлық түрде әрбір объект бойынша ЭБ дайындайды.
      3. Жобаның 1(a) құрауышы шеңберіндегі қандай да бір құрылыс жұмыстары басталғанға дейін, егер Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқауда белгіленген басшылық қағидаттарына сәйкес қолданылса, Қарыз алушы Банк үшін қанағаттанарлық түрде Нақты объектілер үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын әзірлейді.
      4. Қарыз алушы нақты объектілер үшін ЭБ-де және Нақты объектілер үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларында айқындалған және сипатталған барлық іс-шараларды уақтылы орындауды қамтамасыз етеді.
      5. Жобаның 1-құрауышын іске асыру үшін Жоба шеңберінде кейін қоныс аударта отырып жерді алып қою көзделмейді.
      II бөлім. Жобаның мониторингі жөніндегі есептілік және оны бағалау
      А. Жоба бойынша есептер
      1. Қарыз алушы Жобаның мониторингін жүзеге асырады және оның іске асырылу барысын бағалайды және Жалпы Шарттардың 5.08-бөлімінің ережелеріне сәйкес әрі Банкпен келісілген индикаторлар негізінде Жоба бойынша есептерді дайындайды. Жоба бойынша әрбір Есеп бір күнтізбелік тоқсан кезеңін қамтиды және осы есепте қамтылатын кезең аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірілмей Банкке ұсынылатын болады.
      2. Күшіне енгеннен кейін үш жыл ішінде Қарыз алушы Банкпен бірлесіп Жобаның іске асырылу барысына орта мерзімді шолу (бұдан әрі - «Орта мерзімді шолу») жүргізеді. Орта мерзімді шолуларға басқалармен қатар мыналар кіретін болады:
      1) Жобаның мақсаттарына қол жеткізудегі прогресс; және
      2) тұтастай алғанда, Жобаның тиімділік индикаторларына сәйкес Жобаның тиімділігі.
      3. Қарыз алушы Орта мерзімді шолуға дейін 4 (төрт) апта бұрын Жобаның әрбір құрауышын іске асырудың жай-күйін сипаттай отырып, жеке есепті және тұтастай алғанда, Жобаны іске асыру туралы жиынтық есепті дайындап, Банкке ұсынады.
      B. Қаржылық басқару, қаржылық есептілік және аудит
      1. Қарыз алушы Жалпы Шарттардың 5.09-бөлімінің ережелеріне сәйкес қаржылық басқару жүйесін жүргізуге немесе оның жүргізілуін қадағалауға міндетті.
      2. Осы Бөлімнің А бөлігінің ережелерін шектеместен, Қарыз алушы Жоба бойынша Банк үшін қанағаттанарлық нысан мен мазмұн бойынша аралық аудиттелмеген қаржылық есептерді тоқсанға дайындайды және әрбір күнтізбелік тоқсан аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірмей Банкке ұсынады.
      3. Қарыз алушы өзінің қаржылық есептілігінің аудитін Жалпы Шарттардың 5.09(б)-бөлімінің ережелеріне сәйкес жүргізеді. Қаржылық есептіліктің әрбір аудиті Қарыз алушының 1 (бір) қаржы жылы кезеңін қамтиды. Аудиторлық тексеруден өткен әрбір осындай кезең үшін қаржылық есептілік Банкке әрбір осындай кезең аяқталғаннан кейін алты (6) айдан кешіктірілмей ұсынылады.
      III бөлім. Сатып алу
      А. Жалпы ережелер
      1. Тауарлар, жұмыстар және консультациялық емес көрсетілетін қызметтер. Жобаны іске асыру үшін қажетті және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын барлық тауарлар, жұмыстар және консультациялық емес қызметтер Сатып алу жөніндегі нұсқаудың I бөлімінде жазылған немесе оларға сілтемелері бар талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынады.
      2. Консультанттардың көрсетілетін қызметтері. Консультанттардың Жоба үшін қажетті және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын барлық қызметтері Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаудың I және IV бөлімдерінде жазылған немесе оларға сілтемелері бар талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынады.
      3. Айқындамалар. Осы Бөлімде сатып алудың белгілі бір әдістерін немесе Банктің белгілі бір келісімшарттарды қарау әдістерін сипаттау үшін төменде пайдаланылатын, бас әріптерден басталатын терминдер нақты жағдайға қарай Сатып aлy жөніндегі нұсқауда немесе Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқауда оларға бекітілген айқындамаларға сәйкес келеді.
      B Тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алудың ерекше әдістері
      1. Халықаралық конкурстық сауда-саттық. Егер төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмесе, тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алу Халықаралық конкурстық сауда-саттықтың рәсімдеріне сәйкес жасалған келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басқа да әдістері. Төмендегі кестеде, Халықаралық конкурстық сауда-саттықтан басқа, тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес қызметтерді сатып алу үшін қолданылуы мүмкін сатып алу әдістері, сол немесе өзге әдіс қолданылатын жағдайлар көрсетіле отырып, Сатып алу жоспары ұсынылған.

Сатып алу әдісі
(а) осы 2-қосымшаға Толықтыруда көзделген қосымша талаптардың болуы шартымен Ұлттық конкурстық сауда-саттық
(b) Шопинг
(с) Келісімшартты тікелей
жасасу

      C. Консультанттардың көрсетілетін қызметтерін сатып алудың ерекше әдістері
      1. Сапа және құн негізінде іріктеу. Егер төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмесе, консультациялық қызметтерді сатып алу Сапа және құн негізінде іріктеу рәсіміне сәйкес тағайындалған келісімшарттар шеңберінде жүзеге асырылады.
      2. Консультанттардың көрсетілетін қызметтерін сатып алудың басқа да әдістері. Төмендегі кестеде, Сапа және құн негізінде іріктеуден басқа, консультанттардың көрсетілетін қызметтерін сатып алу кезінде қолданылуы мүмкін сатып алу әдістері ұсынылған. Сатып алу жоспарында сол немесе өзге әдіс қолданылған мән-жайлар көрсетіледі.

Сатып алу әдісі
(а) Сапа негізінде іріктеу
(b) Тіркелген бюджет кезінде іріктеу
(с) Ең төменгі құны бойынша іріктеу
(d) Консультанттардың біліктілігі негізінде іріктеу
(е) Бір көзден сатып алу
(f) Жеке консультанттарды іріктеу жөніндегі нұсқаудың 5.2 және 5.3-тармақтарында белгіленген рәсімдер
(g) Жеке консультанттарды іріктеу үшін бір көз бойынша рәсімдер

      D. Банктің сатып алу жөніндегі шешімдерді қарауы
      Сатып алу жоспарында Банктің алдын ала қарауына жататын келісімшарттардың тізбесі көрсетіледі. Барлық басқа келісімшарттар Банктің кейіннен қарауына жатады.
      IV бөлім. Қарыз қаражатын алу
      А. Жалпы мәселелер
      1. Қарыз алушы Жалпы Шарттардың II бабының, осы Бөлімнің және төмендегі 2-тармақтағы кестеге сәйкес Заңды шығыстарды қаржыландыру үшін Банк Қарыз алушыға берген хабарламасында көрсететін сол қосымша нұсқаулықтардың (2006 жылғы мамырдағы, Банк кезең сайын қайта қарайтын және осындай нұсқаулықтарға сәйкес осы Келісімге қолданылатын «Дүниежүзілік банктің жобалар қаражатын игеру жөніндегі нұсқауын» қоса алғанда) ережелеріне сәйкес Қарыз қаражатын ала алады.
      2. Төмендегі кестеде Қарыз қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін Заңды шығыстардың санаттары («Санат»), әрбір Санат бойынша Қарыздың бөлінген сомасы және әрбір Санат бойынша заңды шығыстар ретінде қаржыландыруға жататын шығыстардың пайыздық үлесі айқындалған.

Санат

Бөлінген қарыздың сомасы (долларлық баламада)

Қаржыландыруға жататын шығыстардың үлесі (салықтарды қоса алғанда) алғанда)

Жобаның 1-құрауышы шеңберіндегі жұмыстар

93 000 000

30%

(2) Жобаның 1, 2, 3 және 1,2,3 және 4-құрауыштары шеңберінде тауарлар,консультанттардың көрсетілетін қызметтері, консультациялық емес көрсетілетін қызметтер, оқу және пайдалану шығыстары

9 902 440

30 %

ЖАЛПЫ СОМАСЫ

102 902 440

 

      «Пайдалану шығыстары» Жоба болмаған кезде келтірілмеуі мүмкін, Банк үшін қолайлы бюджеттер негізінде Банк бекіткен Жобаны іске асыруға, басқаруға және оның мониторингіне байланысты СРК шеккен өсімді пайдалану шығындарын білдіреді және өзгелермен қатар мыналарды: (і) ЖБТ қызметкерлерінің еңбекақысына жұмсалатын шығындарын, (іі) Жобаны басқару үшін сатып алынған немесе пайдаланылатын жабдықтар мен көлік құралдарына қызмет көрсетуді және оларды пайдалануды; (ііі) көлік және іссапар шығыстарын, (iv) жұмсалатын кеңсе тауарлары, (v) байланысты, басып шығаруды және жариялауды, (vi) ауызша және жазбаша аударманы, (vii) фермерлерге қызмет көрсету жөніндегі орталықтардың пайдалану шығыстарын, (viii) Жобаның 3 (а) (і) бөлігі шеңберінде құрылған көрсету учаскелерінің пайдалану шығыстарын, (іх) Жобаның 3 (b) бөлігі шеңберінде ирригациялық жүйелерді техникалық күтіп-ұстау бойынша техникаға жұмсалатын пайдалану шығыстарын, (х) банк комиссиясын; және Банкпен кезең сайын келісілуі мүмкін өзге де шығыстарды қамтиды.
      «Оқыту» оқыту жөніндегі іс-шараларды білдіреді (консультанттардың қызметтерінен басқа), олар оқыту семинарлары уақытында қатысушылар көтеретін ел ішіндегі сапарларға және халықаралық сапарлар мен визаларға арналған негізделген және қажетті шығыстарды, сондай-ақ тұруға, тамақтануға арналған шығыстарды, Қарыз алушының қағидаларына сәйкес ішкі және халықаралық сапарларға арналған іссапар шығыстарын, тіркелу, жетекшілердің оқытуына және қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстарды, айтарлықтай емес ұйымдастыру шығыстарын (кеңсе тауарларының, тарату және оқу материалдарының құнын қоса алғанда), жазбаша және ауызша аударма құнын, үй-жайларды жалдауға арналған шығыстарды және Қарыз алушымен келісім бойынша оқыту семинарларына және тағылымдамаларға тікелей байланысты басқа да шығыстарды қоса алғанда, Банк үшін қолайлы жыл сайынғы оқыту және тағылымдамалар өткізу жоспарларының негізінде Банктің мақұлдауымен Жоба шеңберінде өткізілуге тиіс.
      В. Алу шарттары; алу кезеңі
      1. Осы Бөлімнің А құрауышының ережелеріне қарамастан, қаражат:
      1) Банкке қарыз қаражатын резервке қойғаны үшін комиссия толық көлемде төленбейінше Қарыз шотынан; не
      2) осы Келісім күніне дейін жасалған төлемдер бойынша; немесе
      3) Қарыз алушы ЭБ және қажет болғанда қаражатты алуға өтінім берілген учаске үшін Бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын дайындағанша 1-санат шеңберінде алынбайды.
      2. Жабылу күні - 2021 жылғы 31 желтоқсан.

2-ҚОСЫМШАҒА

толықтыру

      Ұлттық конкурстық сауда-саттық шеңберінде орындалатын сатып алу рәсімдері 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 63-V Заңының өзгерістерімен 2017 жылғы 21 шілдедегі «Мемлекеттік сатып aлy туралы» Қарыз алушының № 303-III заңында белгіленген «Сауда-саттық жүргізу арқылы мемлекеттік сатып aлу» болып табылады, алайда бұл рәсімдер Сатып алу жөніндегі нұсқаудың I бөлімінің, III бөлімінің 3.3 және 3.4-тармақтарының және 1-қосымшасының ережелерін, сондай-ақ төменде тізбеленген қосымша ережелерді сақтауы шарт:
      1) Құқықтылығы: Сатып алу процесіне қатысуға сауда-саттыққа қатысушылардың құқықтылығы және Банк қаржыландыратын келісімшартты олардың иеленуі Сатып алу жөніндегі нұсқаудың I бөлімінде айқындалады; демек, сауда-саттыққа қатысушы немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушы, Сатып алу жөніндегі нұсқаудың I бөлімінде айтылған жағдайларды қоспағанда, Банк қаржыландыратын келісімшартты алуға құқықты емес деп танылмайды. Шетелдік қатысушылар ұлттық конкурстық сауда-саттыққа қатысуға жіберіледі және шетелдік қатысушыларға сатып алу процесіне қатысуға құқық алу үшін жергілікті сауда-саттыққа қатысушылармен ынтымақтасуға талаптар қойылмайды.
      2) Тіркеу: Конкурстық сауда-саттыққа қатысу алдын ала тіркелген компаниялар үшін ғана ашық болмайды және шетелдік қатысушы компанияларға қатысты жергілікті органдарда өтінімдерді беру шарты ретінде тіркеу бойынша талап қойылмайды.
      3) Преференциялар: Конкурстық, ұсыныстарды бағалау барысында сауда-саттыққа қатысушының ұлты, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің немесе жұмыс күшінің шыққан жері, жергілікті қамтылым, азаматтардың қатысу дәрежесі және/немесе кез келген басқа да преференциялық бағдарламалар негізінде қандай да бір артықшылықтар берілмейді.
      4) Тендерлік құжаттама: Сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар тиісті стандарттық тендерлік құжаттарды оның ішінде Банктің талаптарын қанағаттандыратын келісімшарт ережелерін пайдаланады.
      5) Шығыстар сметасы: Сатып алу бойынша шығыстар сметасы құпия ақпарат болып табылады және сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға ашылмауға тиіс.
      6) Конкурстық ұсыныстың қолданылу мерзімі: Сауда-саттыққа барлық қатысушылар конкурстық ұсыныстың қолданылу мерзімін, егер ол айрықша мән-жайлармен дұрыс деп танылса, қолданылу мерзімінің аяқталу күні басталғанға дейін және мерзім бағалауды аяқтауға және/немесе келісімшартты беруге қажетті ең аз кезеңге ғана ұзартылған жағдайда бағалауды аяқтауға және келісімшартты беруге қажетті ең аз мерзімге ұзарту туралы өтінішпен жазбаша түрде жүгінуі мүмкін және ол төрт (4) аптадан аспайды. Мерзімді қосымша ұзарту туралы кейінгі өтініштерге Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз жол берілмейді.
      7) Конкурстық ұсыныстарды беру және конверттерді ашу: сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға сауда-саттыққа қатысуға шақыруды жариялаған кезден немесе тендерлік құжаттаманы алған кезден бастап, конкурстық ұсыныстарды дайындау және беру үшін қай жағдайдың кешірек басталуына байланысты, кемінде отыз (30) күн беріледі. Конкурстық ұсыныстары бар конверттер өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін дереу көпшілік алдында ашылады. Конверттерді ашу хаттамасының көшірмесі өз конкурстық ұсыныстарын берген сауда-саттықтың барлық қатысушыларына, сондай-ақ Банк тарапынан алдын ала талдауға жататын келісімшарттарды есепке ала отырып, Дүниежүзілік Банкке уақтылы беріледі.
      8) Біліктілігі: Біліктілік критерийлері тендерлік құжаттамада нақты айқындалған. Тендерлік құжаттамада белгіленген барлық критерийлер және осы критерийлер ғана сауда-саттыққа қатысушының тиісті біліктілігінің бар екендігін айқындау үшін пайдаланылады. Біліктілікті бақылау «сәйкес келеді/сәйкес келмейді» қағидаты бойынша жүргізіледі, ал балдық жүйе қолданылмайды. Осындай бағалау объективтік және өлшенетін факторларды, оның ішінде: (і) аталған сала үшін тиісті жалпы және тән тәжірибе, сондай-ақ келісімшартты орындағаннан кейінгі қанағаттанарлық өндірістік көрсеткіштер және белгілі бір кезең ішінде ұқсас келісімшарттарды табысты аяқтау; (іі) қаржылық жағдай; және тиісті жағдайларда (ііі) құрылыс жұмыстарын және/немесе өндірістік үй-жайларды орындау мүмкіндіктерін назарға ала отырып, сауда-саттыққа қатысушының немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушының келісімшартты нәтижелі орындау қабілетіне және ресурстарына ғана негізделеді.
      9) Дүниежүзілік банк талаптарына сай келетін, алдын ала біліктілік жөніндегі рәсімдер мен құжаттама жұмыстарды орындауға арналған ірі, күрделі және/немесе арнайы келісімшарттар жағдайында қолданылады. Олардың негізінде сауда-саттыққа қатысушы алдын ала біліктіліктен өткен ақпаратты, оның ішінде персонал мен жабдыққа қатысты қатысушының ағымдағы міндеттемелері мен мүмкіндіктерін тексеру келісімшарт тағайындалған кезде жүзеге асырылады.
      10) Алдын ала біліктілік рәсімі қолданылмайтын жағдайда, келісімшарт жасасуға ұсыным жасалатын сауда-саттыққа қатысушының біліктілігі, конкурстық құжаттамада көрсетілген біліктілік критерийлері қолданыла отырып, кейінгі біліктілік барысында бағаланады.
      11) Конкурстық ұсынысты бағалау: бағалау критерийлері тендерлік құжаттамада нақты айқындалған. Конкурстық ұсыныстарды бағалау тендерлік құжаттамада жазылған сандық бағалануға жататын критерийлерге қатаң сәйкестікте жүргізіледі. Бағаны қоспағанда, бағалау критерийлері ақшалай мәнде сандық жағынан айқындалады. Конкурстық ұсыныстарды бағалау кезінде балдық жүйе мен топтау қолданылмайды, сондай-ақ баға мәніне ең төменгі де, пайыздық та мән берілмейді. Сауда-саттыққа қатысушылар елеусіз және айтарлықтай емес ауытқулар себебінен шығарылмайды.
      12) Келісімшарттар конкурстық ұсынысы: (і) тендерлік құжаттамаға елеулі дәрежеде сәйкес келген және ең аз бағалау құнын ұсынған, біліктіліктен өткен сауда-саттыққа қатысушыға беріледі. Конкурстық ұсыныстың бағасын немесе мәнін талқылау көзделмеген.
      13) Өтінімдерді қабылдамау немесе жаңа өтінімдерді сұрату: Өтінімдерді бағалау құны төмен немесе жоғары болғандықтан немесе ұсыныстар құнының белгіленген диапазоны немесе «тобы» шегінен асып кеткендіктен ғана қабылдаудан бас тартылмайды. Барлық конкурстық ұсыныстарды (немесе егер біреу ғана алынса, жалғыз ұсынысты) қабылдамау, сатып алу процесін тоқтату, сондай-ақ жаңа конкурстық ұсыныстарды сұрату Дүниежүзілік банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз мүмкін емес.
      14) Кепілдіктер: кепілдіктердің форматы мен қажетті қолданылу мерзімі тендерлік құжаттамада белгіленеді.
      15) Құпиялылық: конкурстық ұсыныстарды бағалау процесі келісімшартты беру туралы ақпарат жария етілген кезге дейін құпия болып табылады.
      16) Электрондық сатып алу жүйелері: электрондық сатып алу жүйелері Дүниежүзілік банктің талаптарына сай болған жағдайда қолданылуы мүмкін.
      17) Алаяқтық және сыбайлас жемқорлық: Сатып алу жөніндегі нұсқауға сәйкес әрбір тендерлік құжатқа және келісімшартқа Сатып алу жөніндегі нұсқауға сәйкес алаяқтық және/немесе сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттеріне қатысқаны белгіленген фирмаларға немесе жеке адамдарға қарсы санкцияларды қолдануға қатысты Дүниежүзілік банктің саясатын көрсететін ережелер енгізілген.
      18) Бақылауға және аудиторлық тексерулерге құқық: Сатып алу жөніндегі нұсқауға сәйкес әрбір тендерлік құжатқа және келісімшартқа шоттарды, есептерді және конкурстық ұсыныстарды беруге және келісімшарттарды орындауға байланысты басқа да құжаттарды бақылауға және аудиттеуге қатысты Дүниежүзілік Банктің саясатын көрсететін ережелер енгізілген.

3-ҚОСЫМША

Өтеу кестесі

      1. Келесі кестеде негізгі борышты өтеу күндері мен негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтелуге жататын Қарыздың жалпы негізгі сомасының пайыздық үлесі («Өтеу үлесі») көрсетілген. Егер Қарыз қаражаты негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде толығымен алынатын болса, онда Қарыз алушының негізгі борышты әрбір осындай өтеу күніне өтеуіне жататын Қарыздың негізгі сомасын Банк: (а) негізгі борышты өтеудің бірінші күніне алынған Қарыз сомасын және (б) негізгі борышты әрбір өтеу күніне төлемнің өтелетін үлесін көбейту жолымен айқындайтын болады. Төленуге жататын осы сома қажеттілігіне қарай осы Қосымшаның 4-тармағында көзделген және валюта конверсиясы қолданылатын соманы шегеру мақсатында түзетілетін болады.

Негізгі соманы төлеу күні

Кезекті жарна (%-бен)

2021 жылғы 15 желтоқсаннан бастап 2031 жылғы 15 маусымды қоса алған аралықтағы әрбір 15 маусым және 15 желтоқсан

5%


      2. Егер Қарыз қаражаты негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде толығымен алынбаса, онда негізгі борышты өтеудің осындай әрбір күніне Қарыз алушы өтеуге тиіс Қарыздың негізгі сомасы мынадай түрде айқындалатын болады:
      1) Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған Қарыздың кез келген қаражаты шамасында Қарыз алушы осы Қосымшаның 1-тармағына сәйкес осындай күнге алынған Қарыз сомасын өтейді.
      2) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінен кейін алынған кез келген сомалар - негізгі борышты өтеудің осындай күніне осы Қосымшаның 1-тармағының кестесінде көрсетілген өтеу үлесінің бастапқы сомасы («Төлемді өтеу үлесінің бастапқы сомасы») алымы болып табылатын, ал негізгі борышты өтеудің осындай күні немесе одан кейінгі күні төлемдерді өтеу үлесінің барлық қалған бастапқы сомаларының сомасы бөлгіші болып табылатын бөлшекке осындай әрбір алынған соманы көбейту жолымен Банк айқындаған сомаларда осындай алынған күннен кейін негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеледі. Төлеуге сататын осы сома осы Қосымшаның 4-тармағында көзделген және оларға валюта конверсиясы қолданылатын соманы шегеру мақсатында қажеттілігіне қарай түзетілетін болады.
      3. (а) Негізгі борышты өтеудің кез келген күні төлеуге жататын негізгі борыш сомасын есептеу мақсаты үшін ғана негізгі борышты өтеудің кез келген күніне дейін күнтізбелік екі ай ішінде алынған Қарыз сомасы алынған күннен кейін негізгі борышты өтеудің екінші күніне алынған және өтелмеген болып есептелетін болады және алынған күннен кейін негізгі борышты өтеудің екінші күнінен бастап негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеуге жататын болады.
      (b) Осы тармақтың (а) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер кез келген уақытта Банк төлем мерзімдері бойынша шоттарды шығару жүйесін қабылдаса, осы ретте шоттар негізгі борышты өтеудің тиісті күніне немесе одан кейін берілсе, шоттарды шығарудың осындай жүйесі қабылданғаннан кейін жасалған осындай алуларға осы тармақшаның ережелері қолданылмайтын болады.
      4. Осы Қосымшаның 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Қарыздың барлығын немесе кез келген бөлігін мақұлданған валютаға конверсиялау кезінде негізгі борышты өтеудің конверсиялау кезеңі ішінде басталатын кез келген күніне өтеуге жататын, мақұлданған валютаға осындай түрде айырбасталған сома валютасын, Банк тікелей айырбастау алдында осындай соманы: (і) конверсиялауға жататын валюталық хедждік мәмілелер шеңберінде Банктің төлеуіне жататын мақұлданған валютадағы негізгі борыш сомасын көрсететін айырбастау бағамына; немесе (іі), егер Банк Конверсия жөніндегі нұсқауға сәйкес осындай шешім қабылдаса, экрандық мөлшерлеменің валюталық құрауышына деноминациялау валютасында көбейту жолымен айқындайтын болады.
      5. Егер қарыз бір Қарыз валютасынан көп валютада номиналданған болса, осы кестенің ережелері қарыз валюталарының әрқайсысының номиналданған сомаларына жекелеп, сондай-ақ сомалардың әрқайсысына арналған жекелеген өтеу кестелерін есептеу үшін қолданылады.

ҚОСЫМША

      I бөлім. Айқындамалар
      1. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқау» 2006 жылғы 15 қазандағы «ХҚДБ қарыздарының және ХДҚ кредиттері мен гранттарының қаражатынан қаржыландырылатын жобалардағы алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі нұсқаманы» және олардың 2011 жылғы қаңтардағы жаңартуларын білдіреді.
      2. «Санат» осы Келісімге 4-қосымшаның IV бөлімінің кестесінде сипатталған санатты білдіреді.
      3. «Консультант таңдау жөніндегі нұсқау» 2011 жылғы қаңтарда шығарылған «Нұсқама: ХҚДБ қарыздары мен ХДҚ кредиттері және Дүниежүзілік Банктің гранттары шеңберінде Қарыз алушылардың консультанттарды іріктеуін және жалдауын» білдіреді.
      4. «СРК» Президенттің 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 466 Жарлығына және Үкіметтің 2013 жылғы 25 ақпандағы № 172 қаулысына сәйкес Қарыз алушының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі құрған Су ресурстары комитетін немесе оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      5. «Бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары» 2007 жылғы 1 желтоқсандағы егжей-тегжейлі жоспарды білдіреді, онда Жобаның 1-құрауышы шеңберінде әрбір ирригациялық бөгетті оңалту барысында орындауға жататын, олардың сипаттамаларын және қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ әрбір осындай бөгетті пайдаланудың және оған қызмет көрсетудің институционалдық тетіктерін егжей-тегжейлі зерттеуді қоса алғанда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басым шаралар сипатталған.
      6. «Нақты учаске үшін бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары» Қарыз алушы жасаған және Банк үшін қанағаттанарлық, бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі барлық іс-шараларды Қарыз алушының тиісінше орындағанын растайтын нақты объект бойынша жоспарды білдіреді.
      7. «ЭБ» немесе экологиялық баға Банк үшін қанағаттанарлық нақты объектіні зерттеуді білдіреді, оны Жобаның 1-бөлігі шеңберінде Қарыз алушы жүргізетін жұмыстарға қатысты осы Келісімге 2-қосымшаның І.С бөліміне сәйкес Қарыз алушы өткізуі тиіс және өзгелермен қатар мыналарды қамтиды: (і) Жобаның іс-шаралары өткізілетін учаскенің сипаттамасы, (іі) жоғарыда (і) параграфында көрсетілген іс-шаралардың ықтимал және іс жүзіндегі қолайсыз әлеуметтік және экологиялық әсерін және (ііі) экологиялық зардаптарды азайту бойынша шаралар, мониторинг, сондай-ақ ЭБ мен негіздемелік ҚОБЖ-ға сәйкес учаскеде жүргізу қажет институционалдық шаралар сипатталған учаске үшін ҚОБЖ; және «ЭБ» бір ЭБ-дан көп екендігін білдіреді.
      8. «ҚОБЖ» Банк үшін қанағаттанарлық, қоршаған ортаны басқару жоспарын білдіреді, оны осы Келісімге 2-қосымшаның І.С Бөліміне сәйкес нақты объект үшін ЭБ бөлігі ретінде Қарыз алушы дайындауға тиіс; және «ҚОБЖ» бір ҚОБЖ-дан көп екендігін білдіреді.
      9. Қарыз алушы дайыңдаған «Негіздемелік ҚОБЖ» «Қоршаған Ортаны Басқару Жоспары» деп аталатын, 2007 жылғы 1 желтоқсандағы Банк үшін қанағаттанарлық, 2013 жылғы 27 мамырдағы түзетулері бар және СРК сайтында 2013 жылғы 10 шілдеде және Банктің Infoshop 2013 жылғы 7 маусымда сайтында қайта жарияланған экологиялық және әлеуметтік басқару бойынша негіздемелік жоспарды білдіреді, экологиялық әсерді бағалау, шарттардың тиісінше орындалуын және оларды сақтау туралы тұрақты хабардар етуді қамтамасыз етуге қабілетті, барабар институционалдық тетіктермен, мониторинг және есептілік тетіктермен бірге Жобаның іс-шараларын іске асыруға байланысты теріс экологиялық әсерді азайту немесе орнын толтыру жөніндегі нұсқаулар мен рәсімдерді қамтиды. Жоспарға Банктің алдын ала жазбаша келісімімен кезең сайын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      10. «Жалпы Шарттар» 2012 жылғы 12 наурыздағы «Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің Қарыз беру бойынша Жалпы Шарттарын» білдіреді.
      11. «Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқау» осы Келісімнің 4.01 (а) бөліміне сәйкес Қарыз алушы дайындаған, Банк үшін қанағаттанарлық және, қаржылық рәсімдер жөніндегі нұсқау мен іске асыру жоспарын, кіші жобаларды іріктеу жөніндегі критерийлерді және шоттар жоспарын қоса алғанда, функциялық және әкімшілік міндеттерді, Жобаны іске асыру жөніндегі рәсімдер мен нормаларды белгілейтін, осы Келісімнің ережелеріне және Қарыз алушының ұлттық заңнамасына сәйкес келетін нұсқауды білдіреді, оған Банктің уақтылы жазбаша келісімімен мезгіл-мезгіл қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      12. «ЖБТ» осы Келісімнің 4.01. (b) бөліміне сәйкес СРК жанынан құрылатын және Жобаны жедел басқаруға жауап беретін Жобаны басқару тобын білдіреді.
      13. «Сатып алу жөніндегі нұсқау» 2011 жылғы қаңтарда шығарылған «ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері мен гранттары бойынша Дүниежүзілік Банктің Қарыз алушыларының тауарларды, жұмыстарды және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алуы жөніндегі нұсқаманы» білдіреді.
      14. «Сатып алу жоспары» 2013 жылғы 15 мамырдағы Жоба үшін Сатып алу жөніндегі нұсқаманың 1.18-параграфында және Консультантты таңдау жөніндегі нұсқаманың 1.25-параграфында ескерілетін, Қарыз алушының сатып алу жоспарын білдіреді, ол көрсетілген параграфтардың ережелеріне сәйкес кезең сайын жаңартылып отырады.
      15. «Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі» - Қарыз алушының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігін немесе оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
      16. «Қоныс аудару» жерді (і), ондағы өсіп тұрған өсімдіктерді немесе бөлшектеу мүмкіндігінсіз құрылысты, қалай да болса - ғимарат пен егілген өнімді қоса алғанда, мынаған: (А) қоныс аударуға немесе баспанасынан айырылуға; (В) мүлкінен айырылуға немесе мүлікке қол жеткізуден айырылуға; немесе (С) қатысы бар адамдардың тұрғылықты жерін ауыстыру қажеттілігіне қарамастан, кіріс көзінен немесе өмір сүруге қажетті қаражатынан айырылуға әкеп соқтыратын мәжбүрлеп алуды; не (іі) қатысы бар адамдардың тіршілік етуіне теріс әсер ететін және Жобаны іске асыру уақытында және одан кейін саябақ немесе табиғатты қорғау аймақтарынан тыс жерде тұратын адамдарға немесе саябақ немесе табиғатты қорғау аймақтарының аумағында тұратын адамдарға қатысты ресурстарды пайдалану жөніндегі шектеуді қамтитын, заңды түрде бекітілген саябақтар мен табиғатты қорғау аймақтарына қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеуді білдіреді.
      Осымен 2014 жылғы 29 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) осы аудармасы ағылшын тілдегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Құжат айналымын
      қамтамасыз ету және
      бақылау, мемлекеттік тілді
      дамыту департаментінің
      Мемлекеттік тілді дамыту
      және редакциялау
      басқармасы басшысы
Б. Ахметжанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады