Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 1057 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 20 қарашада Санкт-Петербург қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

К. Мәсімов


Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 7 қазандағы
№1057 қаулысымен
бекітілген

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      Тәуелсіз Мемлекет Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттерде Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын қолдануға жәрдемдесу арқылы ТМД-ның 2020 жылғы кезеңге дейінгі экономикалық даму стратегиясын іске асыруға ықпал ете отырып,
      бухгалтерлік есеп, Тараптардың ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасауға қойылатын шығыс талаптарын пысықтау мәселелері жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ ұлттық есепке алу жүйелерін Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жақындату және үндестіру қажеттілігін сезіне отырып,
      қаржы нарықтарының жұмыс істеу жағдайларын жетілдіру және ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық ақпаратының салыстырмалылығын қамтамасыз ету мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:
      1-бап
      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілетін терминдердің мынадай мағыналары бар:
      Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (ХҚЕС) - Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары және Халықаралық стандарттардың түсіндірмелері, халықаралық стандарттарға енгізілетін өзгерістер және олардың түсіндірмелері, ХҚЕС және (немесе) олардың түсіндірмелерінің ажырамас бөлігі ретінде ХҚЕС Қоры айқындаған өзге де құжаттар;
      шоғырландырылған қаржылық есептілік - ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектінің өзі бақылайтын ұлттық және шетелдік шаруашылық жүргізуші субъектілер - ХҚЕС сәйкес айқындалатын ұйымдар тобымен бірге оның қаржылық жағдайын, қызметінің қаржылық нәтижелерін және қаржылық жағдайының өзгерістерін көрсететін жүйелендірілген ақпарат;
      ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілер - ұйымдар, компаниялар, кәсіпорындар және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында заңды тұлғалар ретінде айқындалатын және экономикалық қатынастардың дербес сәйкестендірілетін субъектілері ретінде әрекет ететін мемлекеттік секторға жатпайтын өзге де субъектілер.
      2-бап
      Осы Келісімнің мақсаты ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметі туралы қаржылық ақпараттың салыстырмалылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      3-бап
      Осы Келісімнің нысаны Тараптардың ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерге шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау, ұсыну, жариялау (ашу), оның аудиті жөнінде талаптар белгілеуі болып табылады.
      4-бап
      Шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау, ұсыну, жариялау (ашу), оның аудиті бөлігінде осы Келісімнің ережелері тым болмағанда, бағалы қағаздары ұйымдастырылған сауда-саттықта айналымға жіберілген ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерге қолданылады.
      Тараптар осы Келісімнің ережелері қолданылатын басқа ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің тобын дербес айқындайды.
      5-бап
      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілік жасайтын ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің ұлттық заңнамасы бойынша бухгалтерлік (қаржылық) есептілік жасау міндетін сақтау немесе одан босату мәселесін дербес шешеді.
      6-бап
      Осы Келісімнің 4-бабына сәйкес Тараптар айқындаған ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің шоғырландырылған қаржылық есептілігі ХҚЕС сәйкес жасалады.
      7-бап
      Ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектінің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес міндетті түрде жариялануға (ашуға) жатады. Шоғырландырылған қаржылық есептілік, егер ол жалпы пайдаланудағы ақпараттық жүйелерде орналастырылса және (немесе) оған мүдделі адамдар үшін қолжетімді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса және (немесе) көрсетілген есептілікке қатысты оның орналасуына және алынуына кепілдік беретін рәсім бойынша аталған есептілікті алу мақсаттарына қарамастан, оған мүдделі барлық адамдар үшін оның қол жетімділігін қамтамасыз ететін өзге де іс-қимылдар жасалса, жарияланған (ашылған) болып есептеледі.
      8-бап
      Тараптар жариялануымен (ашылуымен) қатар шоғырландырылған қаржылық есептілік ұсынылатын пайдаланушыларды дербес айқындайды.
      9-бап
      Ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектінің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін ұсыну мерзімдерін Тараптар дербес айқындайды, бірақ, әдетте осы есептілік жасалған жыл аяқталғаннан кейін 180 күннен аспауға тиіс.
      10-бап
      Осы Келісімнің 4-бабының бірінші абзацында көрсетілген ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілердің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі тәуелсіз аудитке жатады. Шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау, ұсыну, жариялау (ашу) бойынша міндеттер ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерге жүктелген жағдайда, 4-баптың екінші абзацына сәйкес тәуелсіз аудитті жүргізу міндеттілігін Тараптар дербес айқындайды.
      Аудиторлық қорытынды көрсетілген шоғырландырылған қаржылық есептілікпен бірге ұсынылады және жарияланады (ашылады).
      11-бап
      Тараптар тиісті заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді дайындауды және қабылдауды қоса алғанда, осы Келісімді іске асыруға бағытталған қажетті іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етеді.
      Тараптар 4-баптың бірінші абзацында көрсетілген ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты осы Келісімге сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау туралы талаптарды 2015 жылғы есептіліктің басталуынан кешіктірмей белгілеуге тиіс.
      Тараптар ХҚЕС-тен айрықшаланатын өзге халықаралық танылған қағидалар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайтын ұлттық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін осы бапта көрсетілген міндетті орындауды кейінге қалдыра алады, бірақ 2020 жылдан кешіктірілмейді.
      12-бап
      Тараптар ТМД-ның Атқарушы комитеті жанындағы Бухгалтерлік есеп жөніндегі үйлестіру кеңесіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі іс-қимылдардың мониторингін жүзеге асыруды және қажет болған кезде оның іске асырылу барысы туралы ТМД Үкіметтері басшыларының кеңесін хабардар етуді тапсырады.
      13-бап
      Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында жеке мәселелер бойынша қосымша келісімдер жасауы мүмкін.
      14-бап
      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      15-бап
      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер консультациялар және мүдделі Тараптардың келіссөздер жүргізуі арқылы немесе Тараптармен келісілген басқа рәсім арқылы шешіледі.
      16-бап
      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      17-бап
      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      18-бап
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын мақұлдайтын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      19-бап
      Осы Келісім оның күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Бұл мерзім өткен соң, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, осы Келісім автоматты түрде әрбір бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      20-бап
      Әрбір Тарап депозитарийді жазбаша түрде хабарландырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Депозитарий тиісті хабарламаны алғаннан кейін алты айдан соң осындай Тарапқа қатысты Келісімнің қолданысы тоқтатылады.
      2013 жылғы 20 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
 
 

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан
Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина
Үкіметі үшін

Молдова Республикасының Үкіметі үшін

   
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады