"Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидаларын бекіту және "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қарашадағы № 1208 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидаларын бекіту және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері
қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидаларын бекіту
және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық
аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003
жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы

      «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 33, 322-құжат, 2005 ж., № 30, 383-құжат, 2008 ж., № 38, 404-құжат, 2003 ж., № 40, 388-құжат, 2012 ж., № 6, 114-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы ережеде:
      5-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау мен енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін міндетті болып табылмайды.»;
      6, 7, 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі, «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы заңдарымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
      7. АЭА-ны басқару Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. АЭА-ның басқару органы арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанында «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын дербес кластерлік қор – заңды тұлға болып табылады.»;
      9-тармақтың 10) тармақшасындағы «жүргізу жатады.» деген сөздер «жүргізу;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) және 12) тармақшалармен толықтырылсын:
      «11) Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған қатысушылардың жобаларын қаржыландыру;
      12) инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне қосу үшін Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесіне ғылыми ұйымдар, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорлар, білім беру ұйымдары, технологиялық парктер, салалық конструкторлық бюролар, технологияларды коммерцияландыру орталықтары, ұлттық даму институттары, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар мәртебесі бар заңды тұлғаларды ұсыну жатады.».
      3. Осы Жарлық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармақтың үшінші және төртінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2014 жылғы 19 қарашадағы
№ 1208 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН    

«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері
қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушыларының жобаларына сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) дербес кластерлік қор (бұдан әрі – Қор) – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органы болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
      2) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері (бұдан әрі – инновациялық кластер) – өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған инновациялық кластер қатысушыларының бірлестігі;
      3) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушысының жобасы (бұдан әрі – қатысушының жобасы) – жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені;
      4) қатысушылардың жобаларына сараптама – қатысушылар жобаларының орындалу мүмкіндігін объективті және кешенді бағалау мақсатында жүргізілетін сараптама; оны қаржыландырудың орындылығы мен көлемі туралы ұсынымдар әзірлеу;
      5) өтінім – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш;
      6) өтінім беруші – Қордың қарауына жобаға сараптама жүргізуге арналған өтінімді ұсынған инновациялық кластердің қатысушысы.
      3. Қатысушылардың жобаларына сараптама:
      1) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қатысушылардың жобаларын қаржыландырудың басымдығы;
      2) қатысушылардың жобалары сараптамасының объективтілігі мен тәуелсіздігі;
      3) экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру;
      4) іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттарын дамыту қағидаттарына негізделеді.

2. Қатысушылардың жобаларына сараптама жүргізу тәртібі

      4. Қатысушылардың жобаларына сараптама үш кезеңде жүргізіледі:
      1) Қордың өтінім берушілер ұсынған құжаттарды, бастапқы деректерді, есептерді, негіздемелерді қабылдауы;
      2) сарапшылық комиссия отырысында қатысушылардың жобаларына сараптама жүргізу;
      3) қатысушылардың жобаларын қаржыландырудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы сараптама қорытындысын жасау.
      5. Жобаларға сараптама жүргізу үшін өтінім беруші Қорға мынадай құжаттарды:
      1) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қаржыландырылуы Қордың мүлкі есебінен жүзеге асырылатын қатысушылардың жобаларына сараптама жүргізуге арналған өтінімді;
      2) мынадай ақпаратты қамтитын түсіндірме жазбаны:
      теориялық зерттеулердің аяқталуы, сертификаттау және клиенттерге көрсету үшін өнеркәсіптік үлгілерді жасауды қоса алғанда, жобаның әзірлеу сатысына көшуге әзірлігі;
      технологияның жаңашылдық пен сапалық және сандық көрсеткіштер бойынша қолданыстағы үздік әлемдік аналогтарға сәйкестігі дәрежесі;
      технологияның теориялық негіздемесінің теріс нәтижесін, зияткерлік меншікті қорғаудың мүмкін еместігін, технологияны санкциясыз пайдалануды қоса алғанда, технологияны ғылыми әзірлеумен байланысты ғылыми тәуекелдер;
      техникалық іске асырудың мүмкін еместігін, қажетті технологиялық, шикізаттық базаның болмауын, экологиялық проблемаларды анықтауды қоса алғанда, техникалық/технологиялық шешімдерді әзірлеумен байланысты техникалық тәуекелдер.
      3) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жобаның паспортын;
      4) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шығыстар сметасының жобасын;
      5) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қаржыландыру кестесінің жобасын;
      6) өтінім берушінің ғылыми-техникалық саладағы жұмыстарды орындауға біліктілігін растайтын құжаттардың көшірмелерін (бар болса) ұсынуы қажет.
      6. Өтінім берушілер қажетті құжаттарды қағаз, сол сияқты электрондық тасығыштарда ұсынады.
      7. Өтінім беруші ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, есептердің, негіздемелердің толықтығын қамтамасыз етеді. Өтінім беруші ұсынған ақпаратта есептерде пайдаланылған дереккөздер мен есеп жүргізілген күн көрсетілуі тиіс.
      8. Қор өтінім туралы ақпаратты өтінімді қарау процесіне тартылмаған үшінші тұлғаларға жария етпеуді қамтамасыз етеді. Өтінім туралы кез келген ақпаратты үшінші тұлғаларға беру өтінім берушінің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.
      9. Қор өтінімді алған күні өтінімдерді тіркеу журналында тіркеу нөмірі мен күнін бере отырып тіркейді.
      10. Қор өтінім тіркелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өтінім беруші ұсынған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады.
      11. Қор өтінім берушінің жобасы бойынша мәлімделген шығындардың негізділігін тексереді.
      Шығындардың негізділігін тексеру ұсынылған шығыстар сметасының негізінде жүзеге асырылады және материалдар мен жинақтауыштарды сатып алу, жұмыстарды жүргізу немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттілігін, олардың номенклатуралары мен бағаларын, түрлі санаттағы жұмыскерлерді жобаны іске асыруға қатысуға тарту қажеттілігін, үстемеақылармен бірге еңбекақы төлеуге сұратылатын қаражат көлемін, бірлесіп орындаушылар сатып алатын құралдар мен материалдарды шамалап көрсетуді қоса алғанда, олардың жұмыстарының құнын, сондай-ақ тартылатын персоналдың санын, шығыстар сметасында мәлімделген басқа да шығындарды талдауға негізделеді.
      12. Қабылданған өтінімдер осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген жағдайда, өтінім тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде Қор жобалар бойынша өтінімдер материалдарын сарапшылық комиссия мүшелеріне сараптамаға жібереді.
      13. Қатысушылар жобаларының сараптамасы сарапшылық комиссия мүшелерінің қатысушылардың жобаларын қарауы және талқылауы арқылы сарапшылық комиссияның отырысында жүргізіледі.
      14. Сарапшылық комиссия мүшесінің ұсынуы бойынша өтінім беруші сарапшылық комиссия отырысына өз жобасын таныстыру үшін шақырылады.
      15. Сарапшылық комиссия отырысының нәтижелері бойынша:
      1) жобаны қаржыландырудың орындылығы туралы;
      2) жобаны қаржыландырудың орынсыздығы туралы сараптама қорытындысы жасалады.
      16. Сараптама қорытындысы мынадай критерийлер:
      1) өзектілігі:
      жобаның өнімнің техникалық және экономикалық сипаттамалары бойынша негізделген сандық деректермен расталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталу дәрежесі;
      өндірістердің, технологиялардың, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңашылдық пен сапалық және сандық көрсеткіштер бойынша қолданыстағы үздік әлемдік аналогтарға сәйкестігі дәрежесі;
      2) өткізу нарығы:
      перспективалы өткізу нарықтарының болуы;
      өнімнің/процестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі;
      3) қаржылық-экономикалық және коммерциялық әлеует:
      жобаның рентабельділігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін ұсынылған қаржылық-экономикалық көрсеткіштердің шынайылығы мен негізділігі;
      жобаны іске асыру мерзімі мен оның өзін-өзі ақтауын айқындау және негіздеу бойынша бағалауды қамтуы қажет.

3. Сарапшылық комиссия отырысын өткізу тәртібі

      17. Қатысушылардың жобаларының сараптамасы Қор жанынан құрылатын сарапшылық комиссия отырысында жүргізіледі.
      18. Қор сарапшылық комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Жұмыс органы сарапшылық комиссия жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      19. Сарапшылық комиссияны отырыста ашық дауыс беру арқылы мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Сарапшылық комиссияның төрағасы отырысқа қатысып отырғандардың 50 %-дан астамы оған дауыс берген жағдайда сайланған болып есептеледі. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      20. Сарапшылық комиссияның құрамы қоғамдастықтың, аккредиттелген қауымдастықтардың, жер қойнауын пайдаланушылардың, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдерінен құралады және Қор шешімімен бекітіледі.
      21. Сарапшылық комиссияның хатшысы сарапшылық комиссияның отырыстарын ұйымдастырады, сарапшылық комиссия мүшелеріне отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы хабардар етеді, сарапшылық комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді, хаттамалардың сақталуын қамтамасыз етеді, сарапшылық комиссия мүшесінің ұсынуы бойынша қатысушылардың жобаларын көрсету және талқылау үшін өтінім берушілерді сарапшылық комиссия отырысына шақырады.
      Хатшы сарапшылық комиссияның мүшесі болып табылмайды.
      22. Сарапшылық комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оған сарапшылық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды деп саналады.
      23. Сарапшылық комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға сарапшылық комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру сарапшылық комиссия отырысында дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, сарапшылық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      24. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, сарапшылық комиссия мүшелері өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіреді, ол сарапшылық комиссия хаттамасына қоса тігіледі.
      25. Сараптама қорытындылары дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттамалармен ресімделеді және оған төраға мен хатшы қол қояды.
      26. Жобаны қаржыландырудың орынсыздығы туралы шешім қабылданған жағдайда, Қор өтінім берушіге хаттамадан үзінді көшірме қоса берілген жазбаша дәлелді хабарлама жібереді.
      27. Қор жобаларды қаржыландырудың орындылығы туралы сараптама қорытындысын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жобалардың тізбесін Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесіне жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады