Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары жөніндегі мәлімдемесі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 1370 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаты туралы елдің қалың жұртшылығын хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі мақұлдансын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                      К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2014 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 1370 қаулысымен    
мақұлданған        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған
негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі

      2014 жылы Қазақстан экономикасының дамуы үшін сыртқы факторлардың нашарлағаны байқалды.
      Украина төңірегіндегі оқиғаларға байланысты әлемде экономикалық өсу жалпы баяулады және геосаяси тұрақсыздық ұлғайды. Ресей және Еуропалық одақ (бұдан әрі – ЕО) елдері мен АҚШ арасында өзара санкциялардың енгізілуі Ресейдегі өсу қарқынының құлдырауына және макроэкономикалық жағдайдың тұрақсыздануына әкеп соқтырды.
      АҚШ ішкі жалпы өнімінің (бұдан әрі – ІЖӨ) өсу қарқынының нығаюы, сан жағынан жеңілдету бойынша федералдық резервтік жүйенің үшінші бағдарламасының тоқтатылуы аясында АҚШ доллары нығайып, пайыздық мөлшерлемелер жоғарылауда.
      Көрсетілген факторлардың нәтижесінде, сондай-ақ АҚШ-та тақтатас мұнайын өндірудің ұлғаюы аясында Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы 2014 жылғы маусымның соңындағы бір баррель үшін 155 доллардан 2014 жылғы 22 желтоқсанда бір баррель үшін 63 долларға дейін (45,2 %-ға) төмендеді.
      Осының аясында Қазақстан экономикасы 2014 жылғы 11 ай ішінде 4,2 %-ға өсті.
      2014 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 2013 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,3 %-ға қысқарды. Мұнай мен негізгі металдардың әлемдік бағаларының төмендеуіне, мұнай, көмір, ферроқорытпалар, мыс және алюминий экспортының физикалық көлемінің қысқаруына байланысты тауарлар экспорты 4,9 %-ға төмендеді. Машина мен жабдықтар, химия өнімдері және азық-түлік тауарлары импортының азаюы есебінен тауарлар импорты 14,5 %-ға азайды.
      Осы сыртқы экономикалық үрдістердің 2015 жылы Қазақстан экономикасы үшін тәуекелдері бар.
      Осындай жағдайларда 2015 жылы экономикалық саясат елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сыртқы факторлардың салдарын нивелирлеуге бағытталатын болады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) саясатының негізгі мақсаттары макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ экономикалық өсуді қамтамасыз ету және қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болады.
      2015 жылы экономикалық саясаттың негізгі бағыттары:
      1) «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы контрциклдік экономикалық саясатты жүргізу, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату әрі шағын және орта бизнесті қолдау;
      2) макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау;
      3) қаржы жүйесін нығайту және банк секторын сауықтыру арқылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
      1. Контрциклдік экономикалық саясат
      Үкімет пен Ұлттық Банктің саясаты нақты экономикалық өсімнің 2015 жылға арналған нысаналы 4-5 % деңгейіндегі нысаналы параметрлеріне қол жеткізуге бағытталады.
      2014 – 2015 жылдары экономикалық өсуді және жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014 жылдың ақпанында Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Ұлттық қордан 1 трлн. теңге бөлінді.
      Осы қаражат шеңберінде 2015 жылы 500 млрд. теңге мөлшеріндегі екінші транш шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша жеңілдікті кредит беруге және банк секторын сауықтыруға бағытталады. Бұдан басқа, арнайы экономикалық аймақтардың және «ЭКСПО-2017» инфрақұрылымы объектілерінің құрылысы қаржыландырылатын болады.
      Экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және жұмыспен қамтуды қолдау үшін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты іске асырылады, оны іске асыру үшін 2015 – 2017 жылдар аралығындағы кезеңде жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард теңге бөлінеді.
      «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инфрақұрылымды 7 негізгі бағыт бойынша дамыту көзделген. Бұл көліктік-логистикалық, энергетикалық және индустриялық инфрақұрылымдардың дамуы. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңарту, мектептер мен тұрғын үйлер салу жұмыстары, сондай-ақ шағын және орта бизнестерді қолдау жүзеге асырылады.
      Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге 13,5 млрд. АҚШ доллары сомасына шағын және орта бизнесті (бұдан әрі – ШОБ), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жол салу, электр энергетикасын дамыту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы жобаларды іске асыру басталады, оның ішінде 9 млрд. АҚШ доллары халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландырылады.
      Жаңа экономикалық саясат біздің экономикамызда құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бәсекеге қабілеттілікті, өнімділікті жоғарылату және экономиканың құрылымын жақсарту болып табылады.
Осы салаларға инвестициялар экономиканың өсуі мен жұмыспен қамтуға ең көп мультипликативтік әсер етеді және болашақта орнықты дамудың негізін қалыптастырады.
      Оң сыртқы сауда сальдосын қолдау мақсатында қазақстандық экспортты қолдау қамтамасыз етілетін болады. ЕО-ға экспорттаушылар үшін қолданылатын мөлшерлемелерден (шетелдік валютада 2-3 %) аспайтын мөлшерлемелер бойынша сауда және экспорттық қаржыландыру тетіктері әзірленеді.
      Ел экономикасын одан әрі индустрияландыру саясаты өңірлік ерекшелікті ескере отырып, белгілі бір басым секторлардағы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы шеңберінде жүргізіледі.
      Елде іскерлік белсенділікті одан әрі қолдау үшін Ұлттық қордан 2015 және 2016 жылдары жыл сайын 100 млрд. теңге бөлінетін болады. Бұл қаражат «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ пен «Қазақстан даму банкі» АҚ-тың банкаралық кредиттеуінің қолданыстағы бағдарламасын пайдалана отырып, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуге, оның ішінде ШОБ-ты қаржыландыруға – 100 млрд. теңге және ірі кәсіпкерлікті қаржыландыруға – 100 млрд. теңге бағытталады.
      Доллармен алынған қарыздар бойынша борыштық жүктемені төмендету және ШОБ-тың іскерлік белсенділігінің тоқтатылуына жол бермеу мақсатында халықаралық қаржы институттарынан қарыз тартуды жеделдету арқылы ШОБ-ты ұлттық валютада кредиттеуді жүзеге асыру жалғастырылатын болады.
      Бизнес секторының инвестициялық шығыстарының өсуін ынталандыру мақсатында Бизнестің жол картасы-2020 шеңберінде шағын және орта бизнесті кредиттеудің өсімін, лизингтік операцияларды кеңейтуді, ИИДМБ-2 жобаларын қаржыландыруды қолдау, «Агробизнес 2020» бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдау жалғастырылады.
      Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 шеңберінде шаралар қабылданатын болады.
      2. Макроэкономикалық тұрақтылық үйлестірілген ақша-несие және салық-бюджет саясаты мен инфляция деңгейін жоспарланған 6-8 % дәлізде ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі.
      Ақша-несие саясатында орта мерзімді кезеңде инфляциялық таргеттеуге көшу үшін негіз қалыптастырылатын болады. Инфляциялық таргеттеу теңгедегі жинақтардың нақты кірістілігін арттыруға және күтілетін инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді.
      Ақша массасын реттеу инфляциямен арақатынастылықта жүзеге асырылады.
      Валюталық саясат казақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталады.
      Сонымен бірге, теңгенің айырбас бағамының шұғыл ауытқуларына жол берілмейді. Валюта нарығында алыпсатарлықты шектеу бойынша шаралар қабылданады. 2015 жылы Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, қолма-қол шетелдік валюта нарығында айырбас пункттерінің қызметіне қойылатын талаптарды арттыру бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізеді.
      Ұлттық Банктің халықаралық резервтерін барабар деңгейде ұстап тұру жөніндегі саясат Ұлттық Банктің алтын-валюта қорлары көлемінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 3 айлық көлемінен төмен азаюын болдырмау арқылы да жалғастырылатын болады.
      Салық-бюджет саясаты Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасына сәйкес бюджеттің тепе-теңділігін қамтамасыз етуге бағытталады. Салық саясаты экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және өңдеуші өндірістердің өсуін ынталандыруға бағытталатын болады. Бұл ретте кәсіпорындарға салықтық жүктеменің өсімі көзделмейді.
      Тапшылық жөніндегі фискалдық шектеулер бойынша бюджет шығыстарын айқындау, мемлекеттік міндеттемелердің кезең-кезеңмен өсуі, жекеше сектордың инвестицияларын бюджеттік инвестициялармен ауыстыруды болдырмау бюджет саясатын қалыптастырудың негізгі тәсілдері болып табылады.
      Республикалық бюджетке жүктемені азайту мақсатында қоса қаржыландыру шарттарында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарының сыртқы қарыздары тартылады және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері пайдаланылады.
      3. Қаржылық тұрақтылыққа әлемдік экономикадағы ықтимал жаһандық тепе-теңсіздік тудырған кері әсерлерді барынша азайтуға, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенімен қолдау көрсетіледі. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жүргізілетін болады.
      2015 жылы қаржы жүйесін реттеу саясатының негізгі басым бағыттары:
      1) экономикада ұлттық валютаның рөлін арттыру;
      2) экономиканы кредиттеуді одан әрі ұлғайту үшін банктердің теңгелік өтемділігінің өсуін ынталандыру;
      3) банк секторын сауықтыру болып табылады.
      1. Ұлттық валютаның экономикадағы рөлін арттыру мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады:
      1) теңгедегі жинақтарды ынталандыру мақсатында салымшыларға кепілдік берілетін, «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ теңгедегі депозиттер бойынша төлейтін сомасы капиталдандыруды ұлғайта отырып, 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтылады;
      2) халықтың доллардағы кепілдік берілетін депозиттері бойынша ұсыным берілетін сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері жылдық 4 %-дан 3 %-ға дейін төмендетіледі;
      3) тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салынады.
      2. Экономиканы кредиттеуді одан әрі ұлғайту үшін банктердің теңгедегі өтімділігін өсіруді ынталандыру мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады:
      1) қажет болған жағдайда пруденциалдық реттеудің жекелеген нормаларын уақытша төмендету мүмкіндігі қарастырылады;
      2) коммерциялық банктердегі өтімділіктің тапшылығына жол бермеу үшін оларға теңгедегі өтімділік беріледі.
      3. Банк секторын сауықтыру мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады:
      1) банктердің проблемалық активтерінің деңгейін азайту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жарғылық капиталы 250 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтылады, оның банктермен ынтымақтастығының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғастырылады.
      Проблемалық активтермен жұмыстың басқа тетіктерін жетілдіру, оның ішінде ұйымдардың жұмыс істемейтін активтерді басқару бойынша қызметін, салық салу мәселелерін (салықтық әкімшілендіру) жетілдіру де басым бағыттар болады;
      2) реттеу саясаты саласында «Базель III» банктер капиталының жеткілікті болуының жаңа стандарттары кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл ретте жаңа стандарттарға біртіндеп және ауыртпалықсыз көшу мақсатында бірінші кезеңде банктерге капиталдың, капитал құрамдауыштарының жеткілікті болуы бөлігінде неғұрлым жұмсақ талаптар белгіленеді. Ұлттық Банк қалыптасып отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, банктердің капиталдың жеткілікті болуының жаңа нормативтерін орындауын мониторингтеуді жүзеге асырады.
      Тұтастай алғанда, 2015 жылы экономикалық саясат сыртқы теріс факторлардың салдарын жұмсартуға, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын нығайтуға бағытталады.
      Қаржы секторын сауықтыру, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және экономиканы әртараптандыру арқылы қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттер шешіледі.
      Аталған шаралар елдің макроэкономикалық дамуының қол жеткізілген оң нәтижелерін сақтау және экономиканың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін теңгерімделген сипатта болады.
      Сыртқы нарықтардағы ахуал нашарлаған жағдайда, Үкімет пен Ұлттық банк елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөнінде қосымша шаралар қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады