Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 нормативтік қаулысы.

      Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру және тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы мәселелер бойынша Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері нормаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру және жаза мерзімін қысқарту кешенді құқықтық институт болып табылады. Оларды қолдану мәселелері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі — ҚК) 72, 73, 86 және 87-баптарымен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі — ҚПК) 476, 477, 478 және 480-баптарымен және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі — ҚАК) 161, 162 және 169-баптарымен белгіленген тәртіппен шешіледі.

      2. ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацы сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімінің заңмен көзделген бөлігін өтеген және оны толық өтеуді қажет етпейтін сотталған адамға соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігін бекітетініне соттардың назары аударылсын.

      ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші және үшінші абзацтары шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолданудың арнайы шарттарын көздейді.

      Егер сот сотталған адамның жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбағанын және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтегенін анықтаса, онда ол ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес қандай да бір қосымша шарттарсыз шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатады.

      Сотталған адамды осы екі шарттың ең болмағанда біреуі болмаған кезде шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацында бекітілген қағидаларға сәйкес сот шешеді.

      ҚК-нің 72 және 73-баптарына қатысты қылмыспен келтірілген және өтелуге жататын залалға қылмыспен тікелей келтірілген залал да, сот үкімімен немесе сот шешімімен сотталған адамнан өндіріп алынған өзге де сомалар, жатады.

      Сотталған адамның өтеуіне жататын қылмыспен келтірілген залалдың мөлшері сот үкімімен, сонымен қатар қылмыстық істен туындайтын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған заңды күшіне енген шешіммен белгіленеді.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2-1. Сотталған адам ҚПК-нің 621-бабының екінші бөлігінде көрсетілген процестік келісімнің барлық шартын орындаған және нәтижелер басталған жағдайда ғана ҚК-нің 72-бабы үшінші бөлігінің 5) тармағының негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Сотталған адамның шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтінішхатын өзінің өндірісіне қабылдау туралы мәселені шешу кезінде сот оның оған заңмен қойылатын талаптарға (ҚАК-тің 162-бабының бірінші, үшінші, тоғызыншы бөліктеріне және ҚПК-нің 480-бабының екінші бөлігіне) сай келетін-келмейтінін және ұсынылған материалдарда сотталған адамның тәртібін, оның жазаны өтеудің бүкіл уақыты ішінде еңбекке және оқуға көзқарасын, сотталған адамның жазасын өтеуге негіз болып табылатын құжаттар көшірмелерінің бар-жоғын, сондай-ақ жаза мерзімінің заңмен белгіленген бөлігін өтеу туралы мәліметтердің болуын тексеруі керек.

      Егер ұсынылған материалдардың ішінде өтінішхатты қарау үшін жеткілікті деректер жоқ болса және оларды сот отырысы барысында толықтыру мүмкін болмаса, судья материалдарды қарауға дайындау барысында осы материалдарды тиісінше ресімдеу үшін өзінің қаулысымен кері қайтарады.

      4. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде сотталған адамның, қорғаушының, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, прокурордың сот отырысына қатысуы міндетті, сондай-ақ жәбірленуші не оның өкілі қатысуға құқылы. Жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және олардың өкілдерінің келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі болмайды.

      Сот оларға өтінішхаттың қаралатын күні, уақыты мен орны туралы тиісінше хабарлауға міндетті.

      Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның лауазымды адамы жазаны орындайтын осы мекеме немесе орган бастығының сенімхаты болған кезде сотта өкіл бола алады. Осы лауазымды адамның сот қаулысына шағым беруге құқығы жоқ. Қаулыға шағым беру құқығы сотталған адамға, жәбірленушіге және олардың заңды өкіліне, қорғаушыға тиесілі, ал прокурор наразылық келтіруге құқылы.

      5. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру сотталған адамға тиісінше ҚК-нің 72-бабының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 73-бабының екінші бөлігінде, ал кәмелетке толмаған сотталған адамдарға 86-бабының бірінші бөлігінде, 87-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерді өтегеннен кейін ғана қолданылады.

      6. Сотталған адамның нақтылы өтеген мерзімін есептеу кезінде адамның үкім шығарылғанға және ол заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұсталған уақыты қосылады. Егер көрсетілген мерзімдерді жазаның жалпы мерзіміне есепке алу туралы шешім сот үкімінде немесе үкімді орындау тәртібімен шығарылған сот қаулысында көрсетілмесе, онда сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде ҚК-нің 62-бабы үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінің талаптарына сәйкес өз қаулысында осындай есепке алу туралы қаулы шығарады.

      Шартты түрде мерзімінен бұрын босату ҚК-нің 72-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген сотталған адамдарға қолданылмайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Сотталған адамның жазасы рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен не жоғары тұрған соттың қаулысымен жеңілдетілген жағдайларда, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолданған немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырған кезде сот жазаның нақты өтелген бөлігін рақымшылық актісімен немесе кешірім жасау актісімен не жоғары тұрған соттың қаулысымен белгіленген жазаны негізге ала отырып есептеуге тиіс.

      8. Егер адам ауырлығы әр түрлі санаттағы құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін үкімдер жиынтығы не қылмыстар жиынтығы бойынша сотталса, онда жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы мәселені шешу кезінде сот ҚК-нің 72-бабының үшінші бөлігінде, 73-бабының екінші бөлігінде, 86-бабының бірінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруды қолдану мүмкін болатын жазаны нақтылы өтелгеннен кейін жиынтыққа кіретін неғұрлым ауыр қылмысқа қатысты есептегені жөн. Бұл ретте сотталған адам өтеген жаза мерзімін және сотталған адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған мерзімді не жазаны неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру мерзімін арифметикалық есептеуді қылмыстардың жиынтығы не үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалған түпкілікті жазаны негізге ала отырып жүргізу қажет.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9. Сотталған адамның ҚК-нің 72-бабының үшінші, төртінші және алтыншы бөліктеріне, 73-бабының екінші бөлігіне, 86-бабының бірінші бөлігіне және 87-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңмен көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақтылы өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін сөзсіз негіз бола алмайды.

      Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы мәселені шешу кезінде соттар жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етіп, өтінішхатта және өзге де материалдарда келтірілген мәліметтердің жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін жеткіліктілігін әрбір талқылау кезінде анықтауға, яғни сотталған адамның тәртібіндегі оң өзгерістерді бағалауға тиіс.

      Соттар сотталған адамның тәртібіне баға беру кезінде олардың ішкі тәртіп қағидасын сақтауын, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің (бұдан әрі – мекеме) талаптарын орындауын, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатысуын, көтермелеулерді, жазаларды, туған-туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасты сақтауын, оқуға көзқарасының оң немесе теріс бағытын, залалды өтеуін, жеңіл тұрмыстық жағдайға ауыстыруды және сотталған адамның түзелгенін айғақтайтын басқа да мән-жайларды ескеруге тиіс.

      Соттың сотталған адамның түзелгені туралы тұжырымы өтінішхатты дәл қарау алдындағы уақыт ішіндегі ғана емес, сонымен бірге үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытын қоса есептегенде оның мекемеде болған бүкіл кезең ішіндегі тәртібі туралы деректерді жан-жақты ескеруге негізделуге тиіс.

      ҚАК-тің 130-бабында белгіленген талаптардың дұрыстығы соттардың жеке іс материалдарын мұқият зерттеуінің негізінде анықталады.

      Сотталған адамға жазаны бүкіл өтеу кезеңі ішінде қолданылған жазалар, алынып тасталған немесе жойылған жазадан басқа, оны сипаттайтын басқа да деректермен бірге соттың бағалауына жатады.

      Сотталған адамның түзелу дәрежесін зерттеу кезінде оған қолданылған тәртіптік жазаның әрбір фактісін осы бұзушылықтардың қаскөйлікпен жасалуы тұрғысынан зерделеу қажет.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыспен келтірілген зиян (материалдық залал және моральдық зиян) сотталған адамның мүгедектігі немесе оның ауырғаны жұмысқа орналасуға кедергі болуы және т.б. сияқты объективті себептерге байланысты азаматтық талап бойынша өтелмеген жағдайларда, соттың тек осы негіздер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудан бас тартуына негіз болмайды.

      Сонымен қатар сотталған адамның қылмыспен келтірілген зиянды өтеуден жалтаруының (мүлікті, кірістерді жасырып қалу, жұмыстан жалтару жолымен және т.б.) анықталған фактілері басқа да мән-жайлармен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға кедергі болуы мүмкін.

      11. ҚПК-нің 480-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені сотталған адамның міндетті түрде қатысуымен қарайды және сот ҚПК-нің 480-бабы жетінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту кезінде жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы шешімді сотталған адамның тиісті өтінішхаты болған кезде кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін соттың сол отырысында қабылдауға құқылы.

      Сотталған адамның қарсылығы болған кезде сот жазаның өтелмеген бөлігін жазаның басқа неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға құқылы емес.

      12. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруды дұрыс қолданбау жағдайлары да, сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден босатудан негізсіз бас тарту және тағайындалған жаза мерзімін толық өтеуді қажет етпейтін сотталғандарға қатысты жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру да орын алмауға тиіс.

      Соттар тағайындалған жазаның жеңілдігі, сотталған адамның сол мекемеде аз ғана уақыт болуы, бұрын сотталуы, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазаны өтеуі және т.б. сияқты заңда көрсетілмеген себептер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға құқылы емес.

      13. Сотталған адам сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда қаулы заңды күшіне енгеннен кейін қамаудан босатылуға жатады. Жазаның өтелмеген бөлігі сотталған адам қамаудан нақтылы босатылған сәттен бастап есептеледі. Сот қаулысының көшірмесі жазаны орындайтын мекемеге немесе органға, сондай-ақ үкім шығарған сотқа дереу жіберілуі керек.

      14. Егер сот үкімімен негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, негізгі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде, соттар сотталған адамды қосымша жазадан да толық немесе ішінара босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға тиіс.

      Егер қосымша жаза орындалса (айыппұл өндірілсе, адам арнайы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, мемлекеттік наградалардан айырылса), сотталған адамды осы қосымша жазадан босату туралы мәселе шешілуге тиіс емес. Қосымша жаза ішінара орындалған кезде (айыппұлдың бір бөлігі өндірілсе) сот адамды қосымша жазаның қалған бөлігінен ішінара немесе толық босату туралы мәселені шешуге құқылы. Қосымша жаза (мысалы, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айыру) орындалмаған жағдайларда, сот сотталған адамды одан толық немесе ішінара босатуға құқылы. Соттың осы мәселе бойынша шешімін қаулының қарар бөлігінде көрсету қажет.

      ҚК-нің 72 және 73-баптарының ережелерін қолданған кезде адамдар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жазадан босатылмайды.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылданған жағдайда сот сотталған адамға ҚК-нің 72-бабының жетінші бөлігінің ережелерін түсіндіруге тиіс.

      Сот шешімі қаулы түрінде шығарылады, ол уәжді болуға және сот өтінішхатты қараудың нәтижесінде келген тұжырымдар жан-жақты негізделуге тиіс.

      16. Сот уәкілетті мемлекеттік органның ұсынымымен ғана ҚК-нің 72-бабы жетінші бөлігінің 1) тармағында көрсетілген негіздер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоя алады.

      ҚК-нің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес, қылмысты абайсызда жасаған, сол сияқты жүктi әйел, жас балалары бар әйел, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркек, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйел, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркек, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар абайсызда қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес қасақана қылмыс жасаған жағдайларда, жаңа қылмыс үшін жаза тағайындау кезiнде шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою не оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот шешедi.

      Осы норма сотқа көрсетілген мән-жайлар болған күннің өзінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою құқығын береді, бірақ міндеттемейді.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Сот сотталған адамға жүктеген, ҚК-нің 44-бабының екінші бөлігінде және ҚАК-тің 169-бабының сегізінші бөлігінде көзделген, міндеттерден қаскөйлікпен жалтару деп сотталған адамның тәртібін бақылайтын орган шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюдың мүмкін екендігі туралы жазбаша ескерту шығарғаннан кейін міндеттердің қайталап орындалмауын түсіну қажет. Сонымен қатар, сот жүктеген міндеттерді орындаудан жалтарудың қаскөйлікпен жалтару болып табылатын-табылмайтыны туралы мәселе әрбір нақтылы жағдайда оның ұзақтығы мен жалтару себептері, сондай-ақ басқа да мән-жайлар ескеріле отырып шешілуге тиіс.

      Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның сот жүктеген міндеттерді оларды орындауға кедергі болатын объективті себептер бойынша, мысалы, ауыруы салдарынан орындамауы шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға негіз болмайды.

      18. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою кезінде, егер адам қосымша жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған болса, онда тек негізгі жазаның ғана емес, сонымен бірге қосымша жазаның өтелмеген бөлігі орындалуға жатады.

      ҚК-нің 72-бабы жетінші бөлігі 1) тармағының негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, сотталған адамға бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін өтеуге ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі белгіленеді.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Сот Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері жоқ шетел азаматына қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішхатты қараған кезде, сотталған адамды сипаттайтын басқа да мәліметтермен қатар шетел мемлекетінің аумағында шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезеңінде орындауға жататын, сотталған адамның тәртібін бақылауды жүзеге асыру және оларға пробациялық бақылау жасау үшін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда үкімді сотталған адамды беру туралы қол жеткізілген келісімнің үкімнің азаматтық талап бөлігін орындау кепілдіктерінің сотталған адам немесе шетел мемлекеті тарапынан болғанын не болмағанын айғақтайтын деректер де бағалауға жатады.

      Сот Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді тағайындаған шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезінде ҚК-нің 72-бабының екінші бөлігіне сәйкес пробациялық бақылау қосымша жаза ретінде белгіленбейді.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасы жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылған адам одан кейін ҚК-нің 72-бабының негізінде жаңа жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

      ҚК-нің 72-бабы екінші бөлігінің мағынасы бойынша адамды бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезінде пробациялық бақылау белгіленбейді.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. ҚК-нің 73-бабына сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа және ауыр қылмыстар үшін тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігі сотталған адамның тәртібі ескеріле отырып оған ҚК-нің 40-бабында көрсетілген жазаның неғұрлым жеңіл түрі: айыппұлмен, бас бостандығын шектеумен ауыстырылуы мүмкін.

      Бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмаған сотталған адамның жазасының өтелмеген бөлігін сот, ҚК-нің 87-бабына сәйкес, тек бас бостандығынан шектеумен ауыстырады.

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жазаның өтелмеген бөлігі Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберумен немесе онсыз, айыппұлға ғана ауыстырылуы мүмкін.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      22. Сот өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудан сот бас тартқан адамның ҚАК-тің 162-бабының оныншы бөлігінде белгіленген мерзімнен бұрын қайтадан өтінішхатпен жүгінгенін анықтап, өтінішхатты қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады және оны сотталған адамға кері қайтарады. Осы ретте, заңда көрсетілген алты айлық мерзім жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тарту немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы қаулы шығарылған күннен бастап есептелуге тиіс.

      23. ҚК-нің 72-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою сотталған адамға жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қайтадан қолданудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайларда сот сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою фактісін ғана негізге алып қоймай, сонымен бірге оның жеке басы туралы барлық деректерді, түзеу мекемесіне қайта оралғаннан кейін онда болу уақыты, оның тәртібі, еңбекке көзқарасы және т.б. жинақтап ескеруге тиіс.

      24. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту туралы ҚПК-нің 621-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізген өтінішхатты қарау кезінде соттар сотталған адаммен процестік келісім жасау кезінде ҚПК-нің 618-бабының екінші бөлігінің сақталғанын, сотталған адамның ынтымақтастық туралы процестік келісім нысанасына жататын қылмыстарды ашуға, қылмыстық топтың құрамында аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды жасаған адамдарды әшкерлеуге көмектескен-көмектеспегенін және кінәлі адамдарға қатысты заңды күшіне енген айыптау үкімінің бар-жоғын анықтауға тиіс. Осы ретте сот жазаның өтелмеген бөлігін тек қана жартысынан аспайтын мерзімге қысқартуы мүмкін.

      25. "Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      26. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы                                    Қ.Мәми

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы                                          Қ.Шаухаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады