Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 169 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 1 сәуірдегі
№ 169 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі
      екі мемлекет арасындағы сауда және экономикалық қатынастарды дамыта отырып,
      қоршаған ортаны қорғау қажеттігін және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып,
      халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып және автомобиль қатынасын қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I. Жалпы ережелер

1-бап

      1. Осы Келісім Тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарды және үшінші мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен Тараптар мемлекеттерінің бірінде тіркелген автокөлік құралдарымен орындалатын тасымалдарды реттейді.
      2. Осы Келісім Тараптардың Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      3. Осы Келісіммен және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шешіледі.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      1) құзыретті орган:
      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі;
      Сербия Республикасы үшін - Сербия Республикасы Көлік министрлігі.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзгерген жағдайда, Тараптар өзгерістер туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін уақтылы хабардар етеді;
      2) тасымалдаушы - Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жолаушылардың немесе жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға жіберілген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      3) автокөлік құралы — жеке меншік құқығында не басқа да заңды негіздерде тасымалдаушының қарамағында болатын:
      жолаушыларды тасымалдау кезінде — автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоса алғанда 9-дан астам отыратын орны бар, багажды тасымалдауға арналған тіркемесі болуы мүмкін автокөлік құралы;
      жүктерді тасымалдау кезінде - жүк автомобилі, тіркемесі бар жүк автомобилі, автомобиль тартқыш немесе жартылай тіркемесі бар автомобиль тартқыш;
      4) жолаушыларды тұрақты тасымалдау — жолаушыларды автобуспен Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында келісілген жол жүру маршруты, қозғалыс кестесі, тарифтер және тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттері бойынша жүзеге асырылатын тасымалдау;
      5) жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау — жолаушыларды автобуспен жолаушыларды тұрақты тасымалдау болып табылмайтын тасымалдау;
      6) рұқсат - Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін және бір Тарап мемлекеті тасымалдаушысының автокөлік құралының екінші Тарап мемлекетінің аумағы бойынша жүріп өтуіне құқық беретін құжат;
      7) арнайы рұқсат — Тараптар мемлекеттерінің тиісті құзыретті органдары беретін және жүкпен немесе жүксіз білікке түсетін жүктеменің рұқсат етілген нормаларынан, ең көп жалпы массасынан немесе габаритінен асатын автокөлік құралының жүріп өтуіне құқық беретін құжат, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін және қауіпті жүгі бар автокөлік құралының екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтуіне құқық беретін құжат;
      8) каботаждық тасымалдау - бір Тарап мемлекеті тасымалдаушыларының жолаушылар мен жүктерді екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункт арасында тасымалдауы.

3-бап

      1. Каботаждық тасымалдарға тыйым салынады.
      2. Егер жүк автомобильдерінде, автомобиль тартқыштарында және автобустарда Тараптар мемлекеттерінің тіркеу нөмірлері мен айырым белгілері болса, тіркемелерде және жартылай тіркемелерде басқа мемлекеттердің тіркеу нөмірлері мен айырым белгілері болуы мүмкін.

4-бап

      1. Егер бір Тарап мемлекеті тасымалдаушысының автокөлік құралының (жүкпен немесе жүксіз) габариті, массасы немесе білікке түсетін жүктемесі аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын екінші Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген нормалардан асып кетсе, тасымалдаушы осы Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органы беретін арнайы рұқсатты алдын ала алуға тиіс.
      2. Тараптар мемлекеттерінің аумағы бойынша қауіпті жүктерді тасымалдау 1957 жылғы 30 қыркүйектегі Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы Еуропалық келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген Келісімге немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру арнайы рұқсаттың болуын талап ететін болса, бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушысы оны екінші Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органынан тасымалдауды жүзеге асыру басталғанға дейін алуға тиіс.
      4. Егер осы баптың 1 және 3-тармақтарында көрсетілген арнайы рұқсат екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес белгілі бір жол жүру маршруты бойынша автокөлік құралының қозғалысын көздесе, тасымалдау осы маршрут бойынша жүзеге асырылуға тиіс.

5-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары және автокөлік құралдарының экипаждары аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттің заңнамасын, сондай-ақ жол жүрісі қағидасын сақтауға тиіс.
      2. Осы Келісімге сәйкес талап етілетін рұқсат және басқа да құжаттар автокөлік құралының жүргізушісінде болуға және құзыретті органдардың талап етуі бойынша көрсетілуге тиіс.
      3. Осы Келісімнің негізінде жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдау үшінші тұлғаларға келтірілген залал үшін автокөлік құралдары иелерінің жауапкершіліктері міндетті сақтандырылған кезде жүзеге асырылады. Мұндай сақтандыру тасымалдау басталғанға дейін орындалуға тиіс.

6-бап

      1. Бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушысы осы Келісімнің ережелерін екінші Тарап мемлекетінің аумағында бұзған жағдайда, сол Тарап мемлекетінің құзыретті органы аумағында тасымалдаушы тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органына бұзушылық туралы хабарлайды. Аумағында автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органдары екінші Тараптың өтініш хаты бойынша мынадай шаралардың бірін қолданады:
      1) жазбаша түрде ескертпе жасау;
      2) бұзушылық қайталанған жағдайда оған тасымалдарды жүзеге асыруға бұрын берілген рұқсаттың күшінің жойылатыны немесе оған қатысты осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген тасымалдарды жүзеге асыруға тыйым салу шарасы қолданылатыны туралы жазбаша түрде ескерту жасау;
      3) тасымалдаушыға бұрын берілген рұқсаттың күшін 12 айға дейінгіні құрайтын кезеңге жою;
      4) екінші Тарап мемлекетінің аумағы бойынша тасымалдарды жүзеге асыруға жаңа рұқсаттар беруді тоқтату;
      5) осы баптың 2) тармақшасында көрсетілген ұзақтығы 3 айдан 12 айға дейін тыйым салу.
      2. Осы баптың ережелері тасымалдаушыға және автокөлік құралының экипажына қатысты аумағында бұзушылық жасалған мемлекеттің заңнамасында көзделген санкциялардың қолданылуын жоққа шығармайды.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бұзушылық жасаған тасымалдаушыға қатысты қабылданған шаралар туралы бір-біріне хабарлайды.

7-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары осы Келісімнің негізінде жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру кезінде екінші Тарап мемлекетінің автокөлік құралдарын иеленуге немесе пайдалануға, сондай-ақ автомобиль жолдарын пайдалануға және күтіп-ұстауға байланысты алымдар мен төлем төлеуден өзара түсіністік негізінде босатылады.
      2. Егер осындай төлемдер бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушылары сияқты екінші Тарап мемлекетінің де тасымалдаушыларынан кемсітпеушілік негізінде алынуға жатқызылса, көрсетілген босату ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпірлер мен тоннелдерді пайдаланғаны үшін төленетін төлемдерге жатпайды.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпірлер мен тоннельдерді пайдаланғаны үшін алымдар немесе төлемдер алынатын автомобиль жолдарының тізбесі туралы бір-біріне хабарлайды.
      4. Осы Келісімнің негізінде тасымалдауды жүзеге асыру кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін, жүктерді, багажды және жолаушыларды тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдары, сондай-ақ жол жүру кезінде, аралық аялдама пункттерінде оларды қалыпты пайдалануға қажетті немесе осы көлік құралдарының авариясын (бұзылуын) жоюға байланысты шетелден сатып алынған материалдық-техникалық жабдықтау заттары, керек-жарақтар, отын, азық-түлік және басқа мүлік Тараптардың кеден заңнамасына сәйкес кедендік баждар мен кедендік алымдарды төлеуден босатылуға жатады.

II. Жолаушылар тасымалы

8-бап

      1. Жолаушыларды тұрақты тасымалдау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің арасында жолаушыларды тұрақты тасымалдау немесе жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдау олардың мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін жол жүру маршруты учаскесіне Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады. Рұқсат 5 жылға дейін қолданылу мерзімімен беріледі.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жолаушыларды тұрақты тасымалдауды белгілеу жөніндегі ұсыныстармен алмасады, олар:
      1) тасымалдаушының атауын;
      2) жол жүру маршрутын;
      3) қозғалыс кестесі мен тарифтерді;
      4) тасымалдарды орындау болжанатын кезең мен тұрақтылықты;
      5) тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттерін, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды кесіп өту пункттерін;
      6) егер бірнеше тасымалдаушы қызмет көрсеткен жағдайда, кооперация туралы шартты қамтиды.

9-бап

      1. Осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген тасымалдарды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің арасында жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсат талап етіледі. Әрбір рұқсат, егер рұқсаттың өзінде өзгеше көзделмесе, тікелей және кері бағытта бір тасымалды орындауға қолданылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға арналған рұқсаттар бланкілерінің өзара келісілген санымен жыл сайын алмасады. Бланкілерде жауапты тұлғаның қолы және рұқсатты берген құзыретті органның мөрі болуға тиіс. Жыл ішінде берілген рұқсаттар келесі жылдың 31 қаңтарына дейін қоса алғанда жарамды болады.

10-бап

      1. Осы Келісімнің 9-бабында көрсетілген рұқсат жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыруға мынадай жағдайларда:
      1) егер сол бір жолаушылар тобы бүкіл сапар бойы сол бір автобуспен тасымалданғанда және бұл ретте:
      - сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, аяқталса;
      - сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, автобустың осы басқа Тарап мемлекетінің аумағынан бос кетуі шартымен, екінші Тарап мемлекетінің аумағында аяқталса;
      - осы тасымалдаушы бұрын жеткізген жолаушылар тобын алып кету үшін автобус екінші Тарап мемлекетінің аумағына бос кірсе;
      2) жолаушыларды тұрақты емес транзиттік тасымалдауды жүзеге асыру кезінде;
      3) ақауы бар автобусты басқа автобуспен ауыстыру кезінде талап етілмейді.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобус жүргізушісінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келіскен, арнайы нысанда жасалған жолаушылар тізімін қамтитын құжат болуға тиіс.

ІІІ. Жүктерді тасымалдау

11-бап

      1. Жүктерді Тараптар мемлекеттері арасында немесе транзитпен олардың аумақтары бойынша тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылады.
      Үшінші мемлекетке/мемлекеттен жүктерді тасымалдау үшінші мемлекетке/мемлекеттен рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
      2. Қабылдайтын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген білікке түсетін жүктемеге, барынша рұқсат етілген жалпы массаға немесе габаритке байланысты салмақтық және/немесе габариттік шектеулер асып кеткен жағдайда, тасымалдаушыда осы Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органы берген арнайы рұқсаты болуы қажет.

12-бап

      Осы Келісімнің 11-бабында айтылған рұқсаттар:
      1) зақымдалған автокөлік құралдарын немесе техникалық көмек көрсететін автокөлік құралдарын тасымалдау үшін пайдаланылатын техникалық көмек көрсететін автомобильдер;
      2) қайтыс болғандардың мәйіттерін немесе күлін тасымалдау;
      3) қоныс аудару кезінде жылжымалы мүлікті тасымалдау;
      4) пошта жөнелтілімдерін тасымалдау;
      5) өнер туындыларын коммерциялық емес мақсатта тасымалдау немесе көрмелерге немесе жәрмеңкелерге арналған заттарды тасымалдау;
      6) театр, музыка, спорт немесе цирк көрсетілімдері, жәрмеңкелер немесе мерекелер, фильмдерді көрсету үшін, сондай-ақ радиохабарларды жазу немесе фильмдер мен телехабарларын түсіру үшін мүлікті, реквизитті және жануарларды коммерциялық емес мақсаттарда тасымалдау;
      7) басқа мемлекетте істен шыққан жүк автокөлік құралын ауыстыруға арналған бос жүріс, сондай-ақ ақауы бар автокөлік құралын жөндегеннен кейін кері бағытта жүріс;
      8) шұғыл жағдайларда, атап айтқанда дүлей зілзалалар және гуманитарлық апаттар кезінде көмек көрсетуге арналған медициналық жүктерді тасымалдау;
      9) тіркемені қоса алғанда, барынша рұқсат етілген массасы 6 тоннадан аспайтын немесе тіркемені қоса алғанда жүккөтергіштігі 3,5 тоннадан аспайтын автокөлік құралдарымен орындалатын жүктерді тасымалдау;
      10) бос жаңа сатып алынған автокөлік құралдарының соңғы межелі пунктке дейін жүріп ету үшін талап етілмейді.

IV. Қорытынды ережелер

13-бап

      1. Шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік және фитосанитариялық инспекциялық бақылауға қатысты Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелері қолданылады. Осы шарттармен реттелмеген мәселелер аумағында бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес шешіледі.
      2. Жолаушыларды автобуспен тұрақты тасымалдау кезінде, сондай-ақ ауыр науқасты адамдарды, тез бұзылатын жүктерді және жануарларды тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік және фитосанитариялық бақылау басым тәртіппен жүзеге асырылады.

14-бап

      Осы Келісімде, сондай-ақ екі Тарап мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер Тараптардың әрбір мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзара консультациялар және келіссөздер арқылы шешілетін болады.

15-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау және онымен байланысты мәселелерді талқылау мақсатында құзыретті органдардың өкілдерінен және қажет болған жағдайда, басқа мемлекеттік органдардың өкілдерінен, Тараптар мемлекеттерінің автомобильмен тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдерінен Бірлескен комиссия құрады.
      Бірлескен комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен өткізіледі.

16-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 17-бабы 1-тармағының ережесіне сәйкес күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

17-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

      20__жылғы «__»___________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және серб тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін артықшылыққа ие болады.

      Қазақстан Республикасының            Сербия Республикасының
            Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады