"Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 178 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы
адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы

      2014 жылғы 14 қарашада Софияда жасалған Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы
адамдарды ұстап беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы
      қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл және қылмыстық сот төрелігін жүзеге асыру саласындағы халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып,
      қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

І бөлім
Жалпы ережелер 1-бап
Адамдарды ұстап беру міндеті

      Тараптар осы Шартта көзделген талаптарға сәйкес өздерінің аумағындағы адамдарды сұрау салу бойынша адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін немесе осындай қылмыстарға байланысты үкімді орындау үшін бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптардың заңнамасына сәйкес кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым қатаң жазамен жазаланатын қылмыстар адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп танылады.
      2. Егер бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау аяқталғанға дейін кемінде алты ай қалса, осы баптың 1-тармағында көзделген қылмыстарға қатысты шығарылған үкімді орындау үшін адамды ұстап беру жүргізіледі.
      3. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу барлығы бірдей осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін бірнеше жекелеген қылмыстарға қатысты болса, онда сұрау салынатын адамды ұстап беруге осы қылмыстардың кем дегенде біреуі адамды ұстап беруге әкеп соғатын жағдайда рұқсат етілуі мүмкін.

3-бап
Адамды ұстап беруден бас тарту үшін негіздер

      1. Егер:
      а) ұстап берілуі сұратылатын адам сұрау салынатын Тараптың азаматы немесе пана берілген адам болып табылса;
      б) сұрау салу алынған кезде қылмыстық қудалауды сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес ескіру мерзімдерінің өтуін немесе рақымшылық жасауды қоса алғанда, кез келген заңды негіз бойынша қозғау мүмкін болмаса немесе үкімді орындау мүмкін болмаса;
      в) ұстап берілуі сұратылатын адамға қатысты сол қылмыс үшін сұрау салынатын Тараптың аумағында іс бойынша заңды күшіне енген үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығарылса;
      г) оған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен қылмыс толық немесе ішінара сұрау салынатын Тараптың аумағында немесе осы Тараптың заңнамасына сәйкес оның аумағы болып есептелетін жерде жасалса;
      д) адамды ұстап беру туралы сұрау салуды жіберуге негіз болған іс-әрекетті сұрау салынатын Тарап саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен не әскери қылмыспен байланысты қылмыс деп есептесе;
      е) оған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен қылмыс сұрау салушы Тараптың шегінен тыс жерде жасалып, ал сұрау салынатын Тараптың заңнамасы оның шегінен тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жауаптылықты көздемесе, адамды ұстап беру жүргізілмейді.
      2. Адамды ұстап беруге ұстап берілуі сұратылатын адамға қатысты:
      а) істі сотта талқылау кезінде ең аз қорғану құқықтары сақталмайды деп санауға дәлелді себептер болған жағдайда да жол берілмейді. Бұл ретте, егер сұрау салушы Тарап сұрату салынатын адамның осындай ниеті болған кезде адамның ұстап берілгеннен кейін қайта сот талқылауына құқығы туралы қажетті кепілдіктер берсе, ұстап берілуі сұратылатын адам болмағанда сот процесін жүргізу өздігінен өзі адамды ұстап беруден бас тарту үшін негіз болып табылмайды;
      б) нәсіліне, дініне, ұлтына, саяси көзқарасына, әлеуметтік және жеке жағдайына байланысты қудалау немесе кемсіту шаралары қолданылатын немесе ол қатаң, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа немесе адамның негізгі құқықтарын бұзатын әрекеттерге ұшырайды деп санауға дәлелді себептер болған жағдайда да жол берілмейді.

4-бап
Өлім жазасы 

      Егер адамды ұстап беру сұратылытын іс-әрекет үшін сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша өлім жазасы көзделсе, егер осы Тарап сұрау салынатын Тарап ондай жазалау шарасының қолданылмайтыны немесе тағайындалған жазалау шарасы орындалмайтыны туралы жеткілікті деп таныған тиісті кепілдіктер берген жағдайларда ғана адамды ұстап беруге жол беріледі.

5-бап
Орталық органдар және қатынастар жасау тәртібі

      1. Адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша қатынастарды Тараптар өздері арасында тікелей байланыс орнататын өздерінің орталық органдары арқылы жүзеге асырады. Орталық органдарға:
      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
      Болгария Республикасы үшін - Әділет министрлігі жатады.
      Орталық органдардың атаулары өзгерген кезде Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

6-бап
Құжаттардың жарамдылығы 

      1. Тараптардың бірінің аумағында құзыретті орган не өз құзыреті шегінде арнайы уәкілеттік берілген тұлға берген немесе куәландырған және белгіленген нысандағы және ресми мөрімен бекітілген құжаттар екінші Тараптың аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз қабылданады.
      2. Тараптардың бірінің аумағында ресми құжаттар ретінде қаралатын құжаттар екінші Тараптың аумағында сондай ресми құжаттардың заңды күшін пайдаланады.

7-бап
Тіл

      1. Осы Шартты орындау кезінде Тараптар өздерінің арасындағы қатынастарда орыс тілін немесе екінші Тараптың ресми тілін пайдаланады.
      2. Тараптардың ресми тілінде немесе басқа тілде жіберілген құжаттар орыс тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.
      3. Құжаттардың жазбаша аудармасының дұрыстығын куәландыру Тараптардың заңнамасына және осы Шарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап
Адамды ұстап беруге байланысты шығыстар

      1. Адамды ұстап беруге байланысты шығыстарды аумағында олар туындаған Тарап көтереді.
      2. Осы Шарттың 20-бабында көзделген транзиттік тасымалдаумен байланысты шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді.

ІІ бөлім
Адамды ұстап беруді жүзеге асыру тәртібі 9-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Осы Шартта көзделген адамды ұстап беру жазбаша сұрау салулар негізінде жүзеге асырылады.
      2. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу:
      а) азаматтығы мен тұрғылықты немесе болу жері туралы мәліметтерді қоса алғанда, фотосуретті немесе өзге де бейнелерді, сондай-ақ егер бар болса, қол саусақтарының іздерін қоса алғанда, ұстап берілуі сұратылатын адам туралы қажетті ақпаратты;
      б) қылмыс жасаған уақыты мен орны және егер материалдық залал келтірілсе, ол туралы мәліметтерді қоса алғанда, жасалған қылмыстың нақты мән-жайларының сипатын;
      в) осы қылмыс үшін заңмен көзделген жазалау шарасын көрсете отырып, оның негізінде бұл іс-әрекет қылмыс деп танылатын сұрау салушы Тарап заңының тиісті баптарының, сондай-ақ ескіру мерзіміне қатысты баптардың мәтінін қамтуға тиіс.
      3. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салуға сұратылатын адамды күзетпен қамауға алу туралы шешімнің расталған көшірмесі қоса беріледі.
      4. Үкімді орындау үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салуға заңды күшіне енген үкімнің расталған көшірмесі қоса беріледі. Егер сотталған адам бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімінің бір бөлігін өтеген болса, онда бұл туралы және өтеуі тиіс мерзімнің бөлігі туралы деректер де хабарланады.
      5. Адамды ұстап беру туралы сұрау салуға сұрау салушы Тараптың құзыретті органының лауазымды адамы қол қоюға және ресми мөрімен бекітілуге тиіс.

10-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім

      1. Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды өзінің заңнамасына сәйкес қарайды және өзінің шешімі туралы сұрау салушы Тарапқа бірден хабарлайды.
      2. Сұрау салуды қанағаттандыру туралы шешім қабылданған жағдайда, сұрау салынатын Тарап ұстап берілуі сұратылатын адамды күзетпен қамауға алуға тез арада шаралар қабылдайды, бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
      3. Адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан кез келген толық немесе ішінара бас тарту тиісті себептермен негізделеді.

11-бап
Қосымша ақпарат

      1. Егер сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салу негіздемесіне ұсынылған ақпаратты жеткіліксіз деп есептесе, ол қосымша ақпаратты сұрата алады. Сонымен бір мезгілде сұрау салынатын Тарап өз мемлекетінің шегінен тыс жерге кетіп қалу мүмкіндігінің алдын алу үшін ұстап берілуі сұратылатын адамды қадағалауды қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдай алады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайда сұрау салушы Тарап екінші Тарапқа қосымша ақпаратты барынша қысқа мерзімде ұсыну үшін қажетті шаралар қабылдайды.

12-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін ұстап алу

      1. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда және ұстап берілуі сұратылатын адам жасырынып қалуы мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алғанға дейін сұратылатын адамды ұстап алу туралы өтініш жасауға құқылы. Мұндай өтінішке сұрау салушы Тараптың құзыретті органының лауазымды адамы қол қояды және Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы - Интерпол арқылы немесе тікелей, оның ішінде деректерді берудің электрондық құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін.
      2. Мұндай өтініш:
      а) азаматтығы мен болу жері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сондай-ақ оның сыртқы келбетінің сипаттамасын, фотосуретті немесе өзге де бейнелерді, сондай-ақ егер бар болса, қол саусақтарының іздерін қоса алғанда, ұсталуы сұратылатын адам туралы қажетті ақпаратты;
      б) қылмыс жасалған уақыт пен орны туралы, сондай-ақ егер материалдық залал келтірілсе, ол туралы мәліметтерді қоса алғанда, оны жасағаны үшін адам айыпталған немесе оны жасағаны үшін ол сотталған қылмыстың нақты мән-жайларының қысқаша сипаттамасын;
      в) осы қылмыс үшін заңда көзделген жазалау шарасын көрсете отырып, оның негізінде осы іс-әрекет қылмыс деп танылатын сұрау салушы Тарап заңының тиісті баптарының, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе үкімді орындаудың ескіру мерзімдеріне қатысты баптардың мәтінін;
      г) күзетпен қамауға алу туралы қаулының (ұйғарымның) немесе заңды күшіне енген үкімнің расталған көшірмесін;
      д) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелген бөлігі туралы, сондай-ақ өтеуге жататын жаза мерзімдері туралы мәліметтерді;
      е) осы адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттардың дереу жіберілетіндігі туралы кепілдікті қамтуы тиіс.
      3. Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес осындай өтініш бойынша кейінге қалдырмай шешім қабылдайды және бұл туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды, сондай-ақ өз аумағында іздестіріліп жатқан адамның болу жерін анықтау және оны ұстап алу және қамаққа алу бойынша барлық қажетті шараларды қолданады.
      4. Осындай өтініш негізінде қамаққа алынған адам күзетте ұсталуы тиіс және егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу келіп түспесе, қамаққа алынған кезден бастап қырық (40) тәулік өткен соң босатылады.
      5. Адамды осы баптың 4-тармағына сәйкес босату адамды ұстап беру туралы сұрау салу мен қажетті құжаттарды алған кезде ұстап беру мақсатында оны қайта ұстап алуға және күзетке алуға кедергі болмайды.

13-бап
Адамдарды беру

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру туралы хабарламаны алғаннан соң Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұстап берілетін адамды беру уақытын, орнын және рәсімін айқындайды.
      2. Ұстап берілетін адамды беру рәсімі екі Тараптың құзыретті органдарының өкілдері қол қоятын, екі данада беру туралы хаттама жасаудан да тұрады. Қажет болған кезде сұрау салушы Тарап өкілдерінің ұстап берілетін адамды қабылдауға өкілеттігі Тараптар арасындағы алдын ала уағдаластыққа сәйкес тиісті құжаттармен расталуы мүмкін.
      3. Адам сұрау салынатын Тараптың аумағынан екі Тарап келіскен мерзім ішінде қабылданады. Егер адам келісілген мерзім ішінде қабылданбаса, сұрау салынатын Тарап бұл адамды босатуы және оны ұстап беруден бас тартуы мүмкін.
      4. Егер өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қандай да бір Тарап ұстап берілген адамды уақытында бере немесе қабылдай алмаса, ол бұл туралы екінші Тарапты дереу хабардар етеді. Тараптар берудің жаңа мерзімін бірлесіп айқындайды және бұл ретте, осы баптың 3-тармағының ережелері қолданылады.

14-бап
Адамды ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер ұстап берілуі сұратылатын адам сұрау салынатын Тараптың аумағында басқа қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатса немесе сотталса, оны ұстап беру қылмыстық қудалау тоқтатылғанға, үкім орындалғанға дейін немесе жазадан босатылғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген адамды ұстап беруді кейінге қалдыру ұстап берілуі сұратылатын адамға қатысты қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе үкімді орындау мерзімінің ескіруіне немесе тергеп-тексеруге елеулі залал келтіруге әкеп соғатын болса, онда сұрау салынатын Тарап ұстап беруді кейінге қалдырудың орнына сұратылатын адамды сұрау салушы Тарапқа Тараптар келіскен шарттарға сәйкес уақытша ұстап бере алады.
      3. Уақытша ұстап берілген адам өзінің ұстап берілуіне байланысты қылмыстық іс бойынша қажетті іс-қимылдар жүргізілген соң, бірақ күнтізбелік алпыс (60) күннен кешіктірілмей қайтарылуға тиіс.

15-бап
Адамды ұстап беру туралы бәсекелес сұрау салулар

      Егер Тараптардың бірі нақ сол адамды ұстап беру туралы сұрау салуларды бір мезгілде екінші Тараптан және қандай да бір үшінші мемлекеттен алса, ол адамды ұстап беру туралы сұрау салудың қайсысы қанағаттандырылуға тиіс екендігін өз қалауы бойынша айқындайды.

ІІІ бөлім
Адамды ұстап беру мәселелері бойынша арнайы ережелер 16-бап
Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық іс жүргізуді қозғау

      1. Осы Шарттың 3-бабы 1-тармағының а) немесе г) тармақшаларында көзделген адамды ұстап беруден бас тартылған жағдайда, сұрау салынатын тарап сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша осы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешеді. Осы мақсатта сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа осы адамға қатысты барлық материалдарды жібереді және сұрау салынатын Тарапқа тергеп-тексеруге қажетті жәрдем көрсетеді.
      2. Сұрау салынатын тарап тергеп-тексеру барысы және оның түпкілікті нәтижесі туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

17-бап
Арнайы қағида

      1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамға қатысты, егер сұрау салынатын Тараптың келісімі болмаса, сұрау салушы Тараптың аумағында өзі ұсталып берілген қылмыстан басқа, ұстап берілгенге дейін жасалған кез келген қылмысы үшін қылмыстық қудалау, үкім шығару жүзеге асырылмайды және ол жеке бас бостандығын қандай да бір шектеуге ұшырамайды.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері, егер ұстап берілген адамның сұрау салушы Тараптың аумағынан кету мүмкіндігі болса, ұсталып берілген қылмысы үшін оны жауаптылықтан түпкілікті босатқаннан кейін күнтүзбелік отыз (30) күн ішінде оны жасамаса немесе егер осы адам бұрын сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, оған өз еркімен қайта оралса, қолданылмайды.

18-бап
Адамды қайта ұстап беру

      Егер ұстап берілген адам сұрау салушы Тараптың аумағында өзі ұсталып берілген қылмысы үшін жауаптылықтан түпкілікті босағанға дейін сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралса, онда осы адамды қайта ұстап беру осы Шарттың 9-бабында көзделген құжаттарды ұсынбастан тиісті сұрау салу бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

19-бап
Меншікті беру

      1. Тиісті сұрау салу болған кезде сұрау салынатын Тараптың аумағында табылған, адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс нәтижесінде сатып алынған немесе қылмыс құралын қоса алғанда, қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде қажет болуы мүмкін барлық меншік сұрау салушы Тарапқа беріледі. Берудің нақты шарттарын Тараптар айқындайды. Бұл ретте берілетін меншік салықтардан, кедендік баждардан, алымдардан және өзге де төлемдерден босатылады. Осындай беру осы меншікке қатысты үшінші тараптардың құқықтары тиісінше сақталған кезде жүзеге асырылады.
      2. Жоғарыда аталған меншік, егер бұл туралы сұрау салушы Тарап өтініш жасаса, тіпті егер қандай да бір себептер бойынша ол туралы уағдаластыққа қол жеткізген адамды беру жүзеге асырылуы мүмкін болмаса да, осы Тарапқа берілуі мүмкін.
      3. Егер аталған меншік сұрау салынатын Тарапқа басқа қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде қажет болса, онда оны беру ол бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
      4. Егер аталған меншік сұрау салынатын Тараптың аумағында тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын болса, онда ол оны беруден бас тарта алады немесе уақытша бере алады.
      5. Егер сұрау салынатын Тараптың заңнамасы немесе үшінші тараптардың құқықтарын қорғау мүдделері осыны талап етсе, осылайша берілген кез келген меншік, егер оны осы Тарап талап етсе, сот талқылауы аяқталғаннан кейін сұрау салынатын Тарапқа өтеусіз қайтарылатын болады.

20-бап
Транзиттік тасымалдау

      1. Тараптардың әрқайсысы сұрау салу бойынша екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамды өз мемлекетінің аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға рұқсат береді. Транзиттік тасымалдау туралы сұрау салу жасағаны үшін айыпталған немесе жасағаны үшін сотталған қылмысы туралы, сондай-ақ оны күзетпен қамауға алу туралы шешімнің болуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, адам туралы қажетті ақпаратты қамтуға тиіс. Осы ереже әуе көлігін пайдаланып, екінші Тараптың аумағына қону жоспарланбаған жағдайда қолданылмайды.
      2. Сұрау салынатын Тарап транзиттік тасымалдау туралы сұрау салуды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қанағаттандырады. Тараптардың құзыретті органдары әрбір нақты жағдайда тасымалданушы адамға ілесіп жүру шарттары мен тиісті құжаттардың болуын қоса алғанда, транзит тәсілін, маршрутын және өзге де шарттарын келіседі.
      3. Транзиттік тасымалдау уақытында транзит мемлекеті тасымалданушы адамның күзетпен ұсталуын қамтамасыз етеді және тасымалданушы адаммен ілесіп жүретін екінші Тараптың өкілдеріне қажетті көмек көрсетеді.
      4. Әуе кемесінің жоспарланбаған қонуы кезінде аумағы арқылы ұшып өту жүзеге асырылатын Тарап тасымалданушы адаммен ілесіп жүретін екінші Тарап өкілдерінің сұрау салуы бойынша осы баптың 1-тармағына сәйкес берілетін транзиттік тасымалдау туралы сұрау салу алынғанға дейін оны 72 сағат бойы күзетпен ұстауы мүмкін. Мұндай сұрау салу деректерді берудің электрондық құралдарының көмегімен берілуі мүмкін.
      5. Егер тасымалданушы адам аумағында жоспарланбаған қону болған Тараптың азаматы болып табылса, бұл адам осы Тарапқа берілуі тиіс, ол өз кезегінде осы Шарттың 16-бабының ережелеріне сәйкес әрекет етуі қажет.

IV бөлім
Қорытынды ережелер 21-бап
Дауларды шешу

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дауларды және келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

22-бап
Басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы

      1. Осы Шарттың ережелері Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. Тараптар өзара, оның ішінде осы Шартта көзделген мәселелер бойынша оның ережелерінің қолданылуын толықтыру немесе кеңейту мақсатында немесе ондағы жазылған қағидаттарды қолдануды жеңілдету үшін ведомствоаралық сипаттағы келісімдер жасай алады.

23-бап
Толықтырулар және өзгерістер енгізу

      Осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.

24-бап
Күшіне енуі

      Осы Шарт ратификациялануға жатады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.

25-бап
Қолданылу мерзімі және күшін жою

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлай отырып, кез келген уақытта осы Шарттың қолданылуын тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданылуы тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның қолданылуы кезеңінде басталған ұстап беру жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

26-бап
Шартты қолдану

      Осы Шарт адамды ұстап беру туралы сұрау салуларды орындау кезінде ол күшіне енгенге дейін орын алған іс-әрекеттерге де қатысты қолданылады.

      Софияда 2014 жылғы 14 қарашада қазақ, болгар және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін      Болгария Республикасы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың болгар тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады