Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Инновациялық саясатқа шолу" жобасын іске асыру туралы гранттық келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 341 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инновациялық саясатқа шолу» жобасын іске асыру туралы гранттық келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инновациялық саясатқа шолу» жобасын іске асыру туралы гранттық келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 341 қаулысымен  
мақұлданған     

                                                           Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инновациялық саясатқа
шолу» жобасын іске асыру туралы гранттық келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Шарттың нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) «Инновациялық саясатқа шолу» жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 18 айды құрайды.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды өтеу үшін ЭЫДҰ-ға 400 000 (төрт жүз мың) евро мөлшерінде жарна төлеуге міндеттенеді.
      2. Жарна осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін екі кезеңмен төленеді. 320 000 (үш жүз жиырма мың) евро мөлшеріндегі бірінші траншосы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін енгізіледі, 80 000 (сексен мың) евро мөлшеріндегі екінші транш 2016 жылы маусымда ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін енгізіледі.
      3. ЭЫДҰ аталған жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасының 6,3%1-ы мөлшерінде әкімшілік шығындарды өтеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның Қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіретін болады. Жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес шығыстар ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

_________________________
1Бұл сома өзгеруі мүмкін

3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, қоса беріліп отырған техникалық тапсырмада сипатталған тәртіппен жүзеге асыратын болады.
      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ баяндау нысанында Қазақстан Республикасының Үкіметіне жобаның барысы туралы есеп береді.
      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жоба бойынша қорытынды есеп береді.
      4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есеп береді.
      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есеп береді.
      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап. Ақпаратпен алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпарат береді.
      Тараптар арасындағы кез келген байланыс мына мекенжайларға жіберіледі:
      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі үшін: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана, Сол жағалау, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, тел.: + (7172) 74 16 58, факс: + (7172) 74 24 57, эл. мекенжай: dinara.sekerbaeva@edu.gov.kz
      ЭЫДҰ үшін: Гернот Хученройтер, ЭЫДҰ Ғылым, технология және инновация директораты, 75775, Франция, Париж, Cedex 16, 2, rue Andre-Pascal, эл. мекенжай:Gernot.HUTSCHENREITER@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.
      2. Құжаттарды жіктеуге және жіктеуден шығаруға қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталатын болса, қажет болған жағдайда, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де қорытынды есептің толық мәтінді нұсқасын өз веб-сайтында орналастыра және тарата алады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажеттілігіне қарай үнемі ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде мойындайды.
      4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан, қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтитын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланым мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген танудың жанында жарияланымның ішінде орналастырылады.
      6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе оларға қатысты туындайтын, оның ішінде оның болуына, жарамдылығына немесе тоқтатылуына қатысты келіссөздер жолымен реттелмейтін кез келген дау, келіспеушіліктер немесе наразылықтар осы Келісім жасалған күні қолданылатын халықаралық ұйымдар мен төрелік соттың тұрақты палатасы мемлекеттері үшінтөрелік соттың факультативті қағидаларына сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік талқылаумен шешіледі. Судьялар саны – біреу. Судья Тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалады. Егер төреші талап қойғаннан кейін үш ай ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмеген болса, судья жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес кез келген Тараптың талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді, барлық іс жүргізулер және берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе ЭЫДҰ-ның халықаралық ұйым ретіндегі артықшылықтары мен иммунитеттерінен бас тарту деп түсіндірілмеуі тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Келісім одан туындайтын барлық міндеттемелерді екі Тарап орындағанша күшінде болады.
      ______ жылғы «___» _______ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып саналады.

Қазақстан Республикасының      Экономикалық ынтымақтастық және
        Үкіметінен                       даму ұйымынан

       Аслан Сәрінжіпов                     Эндрю Виков
Қазақстан Республикасының Білім       Ғылым, технология және
     және ғылым министрі              инновациялар директоры

Қолы:..........................     Қолы:..........................

Күні:..........................     Күні:..........................

Энтони Дж. Роттьер
Атқарушы директор

Қолы:..........................

Күні:..........................

«Инновациялық саясатқа
шолу» жобасын іске асыру
туралы гранттық келісімге
қосымша       

«Инновациялық саясатқа шолу» жобасы бойынша техникалық
ерекшелік

       1. Кіріспе

      1.1. Білімді қалыптастыру, тарату және қолдану арқылы алынған инновациялық әлеуетті пайдалану мүмкіндігі бәсекелі артықшылықтың, әл-ауқатты арттырудың және өмір сүру сапасын жақсартудың көзіне айналды. Сол себепті Қазақстан Республикасының Үкіметі инновациялық саясаты мен жалпы жүйесін қарастыру үшін ЭЫДҰ-ны тарту жөнінде шешім қабылдады.
      1.2. Осы ЭЫДҰ шолуының мақсаты Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (бұдан әрі - ҒЗТКЖ) мен инновациялық мүмкіндіктердің қазіргі деңгейін бағалау, сондай-ақ үкіметке осы мүмкіндіктерді және одан алынатын нәтижені қалай жақсартуға болатынын айқындауға көмектесу. Бұл үшін инновациялық қызметті айқындайтын және халықаралық салыстыруды жүргізуге мүмкіндік беретін мемлекеттік саясат пен факторларды бағалау әдістемесі талап етіледі.
      1.3. Осы құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ЭЫДҰ хатшылығының арасында жан-жақты келісілгендей, Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесінің (бұдан әрі - ҰИЖ) елдік шолуының мақсаттарын, көлемін және рәсімдерін белгілейді.

      2. Жұмыстың мақсаты мен көлемі
      2.1. Осы шолудың мақсаты Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін жетелейтін негізгі элементтерді, байланыстарды және динамиканы жан-жақты түсіну, сондай-ақ оны Үкімет саясатының көмегімен жақсарту үшін мүмкіндіктерді іздестіру болып табылады. Атап айтқанда, шолу:
      Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесі жұмысының тиімділігін тәуелсіз және салыстырмалы бағалауды қамтамасыз етеді;
      жүйелі түрде жақсартуға болатын бағыттар бойынша ұсынымдар береді;
      ЭЫДҰ-ға мүше басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік саясатты жүргізу арқылы осындай жақсартуларға ықпал ету жөнінде ұсынымдар береді.
      2.2. Шолу қолда бар есептерге, шолуларға және бағдарламалық құжаттарға негізделген ақпаратты қамтитын, сондай-ақ ЭЫДҰ сарапшыларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесінің мүдделі тараптарының білімі мен тәжірибесіне сүйенетін Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесінің тәуелсіз бағалауы болып табылады. Шолу бойынша қорытынды есеп мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, кәсіпкерлер мен зерттеушілерді қоса алғанда, мүдделі тараптардың кең ауқымы үшін өзекті болуы тиіс.
      2.3. Ұлттық инновациялық жүйені талдау әртүрлі көзқарастарды: макро, микро, өңірлік және салалық, функционалдық аспектілерді қамтитын болады. Тиісті деректер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін ЭЫДҰ-ның басқа елдерімен салыстыруға күш жұмсалатын болады. Қабылданған әдіснама инновацияның салалық ерекшеліктерін (сипаттамасы және қозғаушы күші, мысалы, жоғары технологиялық өндіріспен салыстыру бойынша қызмет көрсету) назарға алынатын болады. ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес технологиялық және технологиялық емес инновацияларды қосу үшін инновацияның ауқымды анықтамалары пайдаланылады.

      3. Қарастыруға арналған негізгі мәселелер
      3.1. Шолу инновациялық кәсіпорындардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін арттыруға мән беретін болады. Сондай-ақ, ол қоғамдық және жекеменшік зерттеу ұйымдарының, жоғары білім беру жүйесінің және арнайы құрылымдардың білімді жинақтау мен таратудағы, сондай-ақ инновацияны дамыту арқылы олардың экономикалық құндылықтарын арттырудағы рөліне арналады. Мүлде жаңаша немесе жаңғыртылған саясат құралдарын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында мемлекеттік саясаттың процестерге тигізер ықпалына, атап айтқанда, ҒЗТКЖ және инновацияға жәрдемдесуге бағытталған арнайы мемлекеттік бастамалар мен бағдарламалардың ықпалына бағалау жүргізілетін болады.
      3.2 Шолу мынадай проблемаларға ерекше назар аударатын болады:
      a) Коммерциялық ҒЗТКЖ-ны, сондай-ақ технологиялық және технологиялық емес инновацияларды ілгерілету. Қолданыстағы құралдар, атап айтқанда, мемлекет қаржыландыратын зерттеулердің жеке ҒЗТКЖ қызметі мен шығыстарына әсер ету тетігі қаншалықты тиімді? Қосымша қандай құралдар коммерциялық ҒЗТКЖ мен технологиялық инновацияларды нығайта алар еді? Ұйымдастырушылық, маркетингтік, логистикалық инновациялардың, сондай-ақ бизнес-модель инновацияларының дамуына қалайша ықпал етуге болады?
      b) Өндіріс пен ғылымның байланысы. Мемлекеттік ғылыми-зерттеу секторы жүйесі, коммерциялық ҒЗТКЖ және инновациялар арасындағы байланыс қаншалықты тиімді? Инновациялар шеңберінде мемлекеттік/жеке кәсіпорындарды басқару мен қаржыландыру тетіктері (бұдан әрі - МЖӘ) саласында қандай практика тиімді болар еді? Кластерлердің, желілердің және жұмыс құнын қалыптастыру тізбегінің рөлі қандай? Патенттерді, лицензияларды және еншілес ұйымдарды қоса алғанда, жоғары білім беру және ғылыми-зерттеу институттары саласындағы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру арналары қаншалықты тиімді?
      c) Инновация және экономикалық көрсеткіштер. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне және бәсекеге қабілеттіліктің артуына елеулі үлес қосу үшін Қазақстан Республикасының инновациялық жүйесі қалайша күшейтілуі мүмкін? Тауар өндіру мен қызмет көрсету кезінде қосылған құн салығын ұлғайту мақсатында ауқымды түрде алғанда жаңғырту және өзіндік инновациялық әлеуетті қалыптастыру үшін қандай бастамалар/шаралар қабылдануы тиіс? Трансұлттық компаниялар мен жергілікті инновацияларды қалай байланыстыруға болады? Қандай саясат пен құралдар өңірлік ерекшеліктерді азайтып, инновацияны жандандырады, сондай-ақ өңірлердегі қолда бар ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете алар еді? Зерттеулердің, технологияларды дамытудың, инновациялық әлеуеттің, инновациялық қызметтердің және МЖӘ сапасын қазіргі кездегі дамудың/бәсекелестіктің оң тұстарын пайдалану арқылы қалайша арттыруға болады? Инновацияларды қаржыландырудың түрлі әдістері (бастапқы капитал, венчурлық капиталдың, салықтық жеңілдіктердің қызметі немесе ҒЗТКЖ үшін салықтық жеңілдіктер) қаншалықты тиімді?
      d) Басқару мәселелері: ЭЫДҰ елдерімен салыстыра отырып, инновациялық қызметті ынталандырудың кешенді шаралары (мысалы, тетіктер жүйесі) қалай сипатталатынын зерттеу үшін стратегиялық шолу жүзеге асырылатын болады. Неғұрлым ауқымды саяси мәнмәтін тұрғысынан мемлекеттік саясат және ҰИЖ басқару қаншалықты тиімді әрі дәйекті (тікелей шетелдік инвестиция, өндірістік бәсеке және мемлекеттік сатып алу)? Зерделеуге және болашақтағы саясат пен басқару құрылымын (орталықтандырылған - орталықсыздандырылған, әдістер, шешімдер дайындау) қалыптастыру кезінде қолдануға болатын жақсартулар байқала ма? Ұлттық білім беру жүйесінің құралдарын қоса алғанда, қазіргі ғылым, технология және инновациялық саясат Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қандай дәрежеде ықпал етуде? Олқылықтың орнын толтыру көмегімен немесе қазіргі мақсаттар мен құралдар шеңберінде неғұрлым нақты басымдықтарды айқындау арқылы саясатты қалай оңтайландыруға болады? Мүдделі тараптардың инновация саласындағы негізгі ұйымдарын (қауымдастырылған бизнес құрылымдар, инновацияны қолдау ұйымдары, ҮЕҰ, шетелдік өкілдер және халықаралық желілер және т.б.) саясатты іске асыруға тікелей және белсенді тарту үшін басқаруды қалайша кеңейтуге болады? Түрлі институционалды қатысушылар (министрліктер, агенттіктер, жоғары оқу орындары, ҒЗТКЖ және инновация саласындағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар) арасында инновациялық саясатты үйлестіру қаншалықты тиімді?
      e) Мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары (бұдан әрі - МҒЗҰ) және жоғары оку орындары: мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен университеттер жанындағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмыстары қалайша сипатталады? МҒЗҰ-ның әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге жауап беруіне қандай факторлар әсер етеді? Ғылыми қызметтің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін МҒЗҰ-ны басқару мен қаржыландырудың неғұрлым тиімді әдістері қандай? МҒЗҰ мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым тиімді әдісі қандай? Жаңа конфигурациялар қандай? Бөлшектенуден арылуға және топтасуға қол қалай жеткізуге болады?
      f) Инновация саласындағы адами ресурстар (ғылыми-техникалық кадрлар). Қазіргі уақытта немесе келешекте ғылыми-техникалық кадрларға деген сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздік бар ма? Қандай ұзақ мерзімді саясат пен құралдар тұрақты теңгерімді қамтамасыз етеді? Шетелдік мамандарды тарту және экспатриацияны болдырмау - тиімді, пәрменді және өнімді ұлттық инновациялық жүйе үшін аса маңызды болып саналады. Қазақстан Республикасында ғылыми мансаптың болашағы (табыс жүйесін ескере отырып) қандай? Кәсіпкерліктің амалдары мен дағдыларына назар аудара отырып, басқару жүйесін қалай бейімдеуге болады? Қазіргі саясат осы проблеманы қалай шешуде?
      g) ҒЗТКЖ интернационалдандыру. Қазақстандық ғылыми зерттеушілердің ғаламдық инновация жүйесіндегі орны қандай? Қазақстан Республикасының инновациялық жүйесінің ғаламдық ғылыми-зерттеу жүйесі шеңберінде пайдаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту үшін қандай саясатты ұстану қажет? Халықаралық ынтымақтастықтың рөлі қандай? Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастық инстанцияларына қатысу рөлі қандай? Коммерциялық ҒЗТКЖ-ның халықаралық ҒЗТКЖ мен инновациялардан жақсаруын қалай ынталандыруға/ықпал етуге болады?
      h) Ғылыми-техникалық зерттеулер (бұдан әрі - ҒТЗ) саясаты туралы мәлімет. Ғылым, технология және инновация (ҒТИ) мәселелері бойынша елдің ақпараты ЭЫДҰ басқарушы қағидаттарына қаншалықты сәйкес келеді? Ұлттық статистикалық ақпараттық жүйеде ерекше назар аударылуы тиіс негізгі басымдықтар қандай? Жаңа ақпарат алу үшін қандай шаралар қарастырылуы тиіс? Қажетті ақпаратты аз уақыт ішінде және барыншы жоғары сапада алу мақсатында деректерді жинау және өңдеу практикасын қалай жақсартуға болады?

      4. Жобаны іске асыру және басқару

      Тараптар
      4.1. Осы келісімнің тараптары - ЭЫДҰ атынан Ғылыми-техникалық саясат жөніндегі комитет хатшылығы немесе оның заңды мирасқоры және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі.

      Еңбекті бөлісу
      4.2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ЭЫДҰ Хатшылығымен келісілген жалпы сипаттамаға сәйкес базалық есепті әзірлейді. ЭЫДҰ Хатшылығы консультант(тар) көмегімен базалық есепке, Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесіндегі негізгі мүдделі тараптарға жүргізілген сұрауларға негізделген ұсынымдарды қоса алғанда, толық есепті дайындайды.

      Қаржыландыру
      4.3. Қазақстан Республикасының Үкіметі шолуды әзірлеуге байланысты барлық шығыстарды көтереді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы «Инновациялық саясатқа шолу» жобасын іске асыру туралы гранттық келісім Шолу әзірлеуді қаржыландырудың ережелерін айқындайды.
      4.4. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі базалық есеп, әдіснамалық қағидаттар әзірлеуді, ұлттық сарапшылардың консультациясын, әкімшілік міндеттерді шешуді, нәтижелерді беруді және қорытынды конференцияны ұйымдастыруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы тарапынан жобаны іске асырумен байланысты шығыстарды көтереді.

      Есептілік және нәтижелерді беру
      4.5. Нәтижелер Қазақстан Республикасының тиісті мүдделі тараптарына және ЭЫДҰ Ғылыми-техникалық саясат жөніндегі комитетіне (бұдан әрі - ҒТСК) ұсынылатын болады. Қорытынды ұлттық конференция Қазақстан Республикасында ұйымдастырылады. Нәтижелер де ҒTCK отырыстарында, сондай-ақ Инновациялар және технологиялық саясат жөніндегі жұмыс тобының отырысында ұсынылатын болады. Соңғы есеп ЭЫДҰ-да жарияланады.

      Авторлық құқық
      4.6. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭЫДҰ меншігінде қалады. Құжаттарды жіктеуге және жіктеуден шығаруға қатысты ЭЫДҰ Даму орталығының қағидалары мен саясаттарының сақталуын ескере отырып, қажет болған жағдайда, ЭЫДҰ қандай да бір қосымша қаржылық міндеттемелерсіз және осындай шарттар туралы тараптар арасында жекелеген келісімдерсіз Қазақстан Республикасының Үкіметіне нәтижелерді аударуға және жариялауға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де қорытынды есептің аудармасын және ағылшын тіліндегі толық мәтінді нұсқасын өзінің ресми веб-сайтында орналастыруға, сондай-ақ мемлекеттік мақсаттарда пайдалануға уәкілетті. ЭЫДҰ осы жобаға байланысты жарияланған кез келген материалда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қосып отырады.

Алдын ала кесте1

Орындау мерзімі Іс-қимыл

2015 жылғы сәуір

Техникалық ерекшелікті айқындау және Гранттық келісімге қол қою

2015 жылғы мамыр

Қазақстандағы алдын ала миссия

2015 жылғы мамыр - тамыз

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауымен ұлттық сарапшылардың базалық есепті дайындауы

2015 жылғы тамыз

ЭЫДҰ Хатшылығына базалық есепті ұсыну

2015 жылғы қыркүйек

Ашық мәселелер бойынша консультация. Фактілерді зерделеу бойынша миссияларды, сұхбат беру кестесін дайындау.

2015 жылғы қыркүйек

Қазақстандағы ЭЫДҰ командасымен сұхбат өткізу (20 минут) үшін фактілерді зерделеу бойынша миссия

2015 жылғы желтоқсан

ҰИЖ-дағы жұмыстың мәртебесі бойынша есеп

2015 жылғы желтоқсан 2016 жылғы сәуір

ЭЫДҰ Хатшылығының шолу жобасын дайындауы

2016 жылғы мамыр - маусым

Шолу жобасы бойынша Қазақстан тарапымен консультация өткізу, жалпы бағалау және ұсынымдар

2016 жылғы маусым

ҰИЖ кездесу ұсынымдары мен жалпы бағалауға негізделген шолу жобасы бойынша сараптамалық бағалау

2016 жылғы шілде - қыркүйек

Есепті түзету және аяқтау

2016 жылғы қазан

Қазақстандағы шолу бойынша есепті жариялау (қорытынды конференция)

1Кесте екі жақты өзара келісім бойынша өзгертілуі мүмкін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады