Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының денсаулық сақтау жүйесіне шолу» және «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұлттық денсаулық сақтау шоттарына шолу» жобалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Босымбекқызы Дүйсеноваға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының денсаулық сақтау жүйесіне шолу» және «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұлттық денсаулық сақтау шоттарына шолу» жобалары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 350 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының денсаулық сақтау жүйесіне шолу» және «Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұлттық денсаулық сақтау шоттарына шолу» жобалары туралы келісім
Осы жерде және бұдан әрі жеке алғанда «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
мыналар туралы келісті:
1-бап. Келісімнің нысанасы
1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) Жұмыстар және бюджет бағдарламасының (бұдан әрі – ЖББ) бір бөлігі ретінде Қазақстан үшін ЭЫДҰ денсаулық сақтау жүйесіне шолу» және «Қазақстан үшін ЭЫДҰ денсаулық сақтау ұлттық шоттарына шолу» жобаларын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаға қатысты ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 24 айды құрайды.
2-бап. Бюджеттік және қаржылық тетіктер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға жобаны іске асыруға байланысты шығыстарды жабуға 800000 (сегіз жүз мың) евро мөлшерінде жарна ұсынуға міндеттенеді.
2. Жарна екі кезеңмен төленетін болады:
1) осы Келісімге қол қойылған және ЭЫДҰ-дан төлем үшін тиісті шот алынған сәттен бастап жарнаның 80 %-ы;
2) Жоба соңында ЭЫДҰ-дан төлем үшін тиісті шот алынғаннан кейін жарнаның 20 %-ы.
3. ЭЫДҰ өзінің қаржылық регламентіне және басқа да тиісті қағидаларына, рәсімдеріне және әдістеріне сәйкес қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасынан 5,3 % әкімшілік шығындардың орнын толтыру төлемақысын көздейтін жарнаны әкімшілендіреді. Бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ шоттарында көрсетіледі және ол ЭЫДҰ аудитінің стандартты қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.
3-бап. Жұмыстар мен есептіліктің сипаттамасы
1. ЭЫДҰ осы Келісімге қосымшаға сәйкес жобаны орындайды.
2. Келісімге қол қойылғаннан кейін төрт айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне (бұдан әрі – ДСӘДМ) Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы стационарлық, алғашқы көмек және денсаулық сақтаудың статистикасы жөніндегі сауалнаманы жібереді.
3. Осы Келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстанда бес – сегіз ай ішінде ЭЫДҰ «бастау» семинарын және апталық оқу сапарын өткізеді (қол қою күні 5 айдан 8 айға дейін). ЭЫДҰ «бастау» семинарының презентациясында талқылау үшін мәселелер бойынша қысқаша құжатты дайындайды. Осыған байланысты ЭЫДҰ ДСӘДМ-ді басқа елдердің кеңейтілген шолуларында қамтылған саясаттың негізгі тұжырымдары мен сабақтарының, әсіресе аурухана секторының саясатына қатысты шолумен қамтамасыз етеді. «Бастау» семинары жобаның алдағы бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді. Оқу сапары семинармен тығыз байланыста өткізілетін болады.
4. Ұлттық денсаулық сақтау шоттарының жобасына қатысты баяндамалардың жобалары дайындалады және Қазақстанның билік органдарына беріледі (қол қойылған күн + 9 ай).
5. Сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау шоттарының жобасына қатысты Келісімге қол қойылғаннан кейін он екі айдың ішінде есеп жобасы қайта қаралады және соңғы қорытынды баяндама дайындалады. ЭЫДҰ мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанда соңғы есептің презентациясы бойынша іс-шара ұйымдастыра алады.
6. Келісімге қол қойылғаннан кейін он бес ай ішінде ЭЫДҰ ДСӘДМ-ге таныстыру сапарының барысында жиналған ақпаратқа негізделген реформаның келесі кезеңіне арналған стратегиялық ұсыныстары бар Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі жөніндегі негізгі қорытындылар мен ұсыныстар енгізілген есеп жобасын береді. ЭЫДҰ-ның жұмыс жобасының есебі жөніндегі «есеп» семинары Қазақстанда өткізіледі. Осы семинардың мақсаты есеп жобасының және саяси қорытындылардың негізгі нәтижелерін тиісті министрліктердегі негізгі қазақстандық сарапшылармен және басқа мүдделі тараптармен талқылау болып табылады. Бұл денсаулық сақтаудың статистикасы жөніндегі басшыларға да алғашқы көмек жөніндегі жетістіктерді талқылау үшін мүмкіндік береді.
7. Осы Келісімге қол қойылғаннан кейін жиырма төрт ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстанның уәкілетті органдарымен есеп семинары және консультация кезіндегі талқылау қорытындыларын ескере отырып, есеп жобасын пысықтайды және жариялайды. ЭЫДҰ және Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында қорытынды есептің презентациясын ұйымдастыруы тиіс.
8. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ шығыстар туралы қорытынды есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілік форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптардың сақталуымен келіседі.
4-бап. Ақпарат алмасу
Тараптар бір-біріне өзара көмек және Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат беруге тиіс.
Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайға жіберіледі:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі – 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Орынбор көшесі, № 8, 5-6 кіреберістер, тел.: +7(7172) 74-35-25, 743630, email: minzdravsoc@mzsr.gov.kz;
2) ЭЫДҰ үшін: Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ЭЫДҰ Директораты, Франческа Коломбо, Андрэ-Паскаль к-сі 2, 75775 Париж, Франция. Cedex 16, электрондық пошта: Francesca.colombo@oecd.org; тел.: +33 1 45 24 93 60.
5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану
1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭДЫҰ меншігі болып қалуға тиіс.
2. ЭЫДҰ үшінші тараптардың құқықтарын, сондай-ақ, егер қолданылатын болса, құжаттарды құпияландыру және құпиясыздандыру туралы ЭЫДҰ-ның қағидалары мен саясатын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсатқа арналған жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге, таратуға құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі қорытынды есепті өзінің веб-сайтында орналастыруға және толық «ОҚУҒА АРНАЛҒАН» ретінде (html 5) таратуға уәкілетті.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жағдайда әрқашан тиісінше ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын растауға міндетті.
4. ЭЫДҰ мұндай жарияланымның тіліне және нысанына қарамастан, түпкілікті есепті бірінші болып жариялау құқығын сақтайды.
5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды және жарияланым мұқабасының кері жағында немесе жарияланымның ішінде жоғарыда көрсетілген танумен қатар орналастырылатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізін қамтитын болады.
6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қала береді. ЭЫДҰ көрсетілген деректерді және ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және неғұрлым кең тұрғыда жобаны іске асыру үшін пайдалануға және (немесе) енгізуге құқылы.
6-бап. Дауларды шешу
Осы Келісімнің қолданылуын, шынайылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан туындайтын, келіссөздер жүргізу жолымен шешілуі мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе талаптар осы Келісім күшіне енген күнге жұмыс істеп тұрған аралық соттың Тұрақты палатасының халықаралық ұйымдар мен мемлекеттері үшін төрелік сотының ережелеріне сәйкес түпкілікті төрелік арқылы реттеуге жатады. Соттардың саны – біреу. Төреші Тараптар арасындағы уағдаластықтар жолымен сайланады немесе, егер төрелік талап еткеннен кейінгі үш айдың ішінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, жоғарыда көрсетілген регламентке сәйкес Тараптардың біреуінің талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді және барлық іс жүргізу мен берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуы тиіс.
7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер
Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап. Күшіне енуі
Осы Келісім екі Тарап та қол қойғаннан кейін және ЭЫДҰ-ның Бюджет комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметінен қаржылық жарна алғаннан кейін күшіне енеді. Ол екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін күшінде болады және қолданылады.
Әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түпнұсқа алты данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын мәтіндерінің арасында алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы басым болып табылады.
Қазақстан Республикасының Экономикалық ынтымақтастық
Үкіметі атынан және даму ұйымы атынан
Тамара Дүйсенова ханым Стефано Скарпетта мырза
Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ Жұмыспен қамту, еңбек және
Денсаулық сақтау және әлеуметтік әлеуметтік мәселелер жөніндегі
даму министрі директоратының директоры
күні күні
Энтони Дж. Роттье мырза
Атқарушы директор
күні
Қосымша
Қазақстан үшін денсаулық сақтау жүйесі бойынша ЭЫДҰ жобасы
Қазақстанмен денсаулық сақтау жүйесінің жобасы екі шолудан тұрады:
1) Стратегиялар қаралатын және стационарлық компонент пен медициналық-санитариялық алғашқы көмек компоненті кіретін жүйенің тиімділігін жоғарылату жөніндегі ұсынымдар дайындалатын денсаулық сақтау жүйесіне шолу; 2) Ұлттық денсаулық сақтау шоттарына шолу. Бұл құжат жоғарыда көрсетілген екі жобаға бөлінген ЭЫДҰ жобасы үшін Қазақстанға арналған денсаулық сақтау жүйесі бойынша техникалық тапсырмадан тұрады.
1. Қазақстан үшін денсаулық сақтау жүйесіне шолу
Анықтамалық ақпарат
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі – ДСӘДМ) стационарлық және медициналық-санитариялық алғашқы көмек реформаларына назар аудара отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне ЭЫДҰ шолуын жүргізуге қызығушылық танытты. Бұл жобаның негізгі міндеті халықтың медициналық көмекке сұранысымен байланысты денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін, тиімділігін, нәтижелілігін жақсарту және тұрақты дамуы жөнінде ұсыныстар дайындау болып табылады.
Жоба соңғы он жылда ЭЫДҰ жүргізген денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалау жөніндегі кең ауқымды жұмысына негізделеді. Жобаны ЭЫДҰ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің консультациялар процесіндегі осы саладағы жұмысын және тәжірибесін негізге ала отырып жүргізеді.
Жоба келісімге қол қойылғаннан кейін үш айдан соң басталады және оған қол қойылғаннан кейін 24 айдың ішінде қорытынды есеп жариялау арқылы аяқталады. Оған Келісімге қол қойылғаннан кейін 5-8 айға жоспарланған алғашқы «бастау» семинары мен танысу сапары арқылы елеулі ақпарат алмасу кіреді, бір жылдан соң түпкілікті есептің қорытындылары берілгеннен кейін екінші семинар өткізіледі. ЭЫДҰ үшін осы жоба шығыстарының жалпы сомасы 600000 бағаланып отыр.
Қазақстанның тиімді, қолжетімді және жоғары білікті денсаулық сақтау жүйесін құру Қазақстан үшін саясаттың басым бағыты болып табылады
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге (атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанда және басқа ауылдық аудандарда) бағытталған денсаулық сақтау саласында амбициялық реформаларды жүргізді, осылайша, пациент шығыстарының есебінен медициналық қызметтерге ақы төлеудің шамадан тыс таралған тәсілінен қаржылық қорғауды күшейтті және стационардағы бұрыннан қалыптасқан мамандандырылған көмекке тәуелділікті азайтты. Пациенттердің саны мен стационарда болу күні 2005 жылдан бастап 2012 жылдар кезеңінде 30 %-ға қысқарды, ал өмір сүрудің орташа ұзақтығы 70 жастан асты, қазіргі уақытта орташа еуропалық деңгейге жақын. Денсаулық сақтау саласын реформалаудың және дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (2009 жыл) және Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жөніндегі тұжырымдама (2009 жыл) сияқты реформалардың арқасында осы салаларда елеулі прогреске қол жеткізілді. Қызметтерді көрсету және қаржыландыру жауапкершілігін облыстар (өңірлер) деңгейіне беру адамдардың қажеттілігіне анағұрлым елгезектікпен ден қоятын жүйені құруда маңызды қадам болды.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы (2011 – 2015 жылдар) стационарлық сектордан медициналық-санитариялық алғашқы көмекке өтуге баса назар аудара отырып, тиімділікпен, қолжетімділікпен және сапамен ерекшеленетін денсаулық сақтау жүйесінің одан әрі эволюциясын көрсетеді. Алайда әлі де маңызды проблемалар бар. Соңғы жылдары аурухана төсектері санының және ауруханаларда орташа болудың қысқарғанына қарамастан, ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішімен салыстырғанда Қазақстанда ауруханалық төсектер тығыздығы бұрынғысынша жоғары және облыстар арасында айтарлықтай орын алып отыр. Пациент есебінен медициналық қызметтерге ақы төлеу шығыстары әлі де жоғары болып қалуда (денсаулық сақтауға арналған ұлттық шығыстардың жалпы көлемінен 30 %-ға жоғары), бұл мемлекет қаржыландыратын денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы деңгейінің төмен екенін және денсаулық сақтау қызметтерін пайдаланатын пациенттер тобынан кейбір адамдардың бас тартуын көрсетеді. Инфекциялық емес аурулар ауыртпалығының өсуі, өмір сүру ұзақтығының және онкологиялық және басқа ауруларды диагностикалағаннан кейін өмір сүру қабілеттілігі деңгейінің салыстырмалы төмендеуі де медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіру қажеттілігін көрсетеді.
ЭЫДҰ не ұсына алады?
ЭЫДҰ денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша стратегиялық ұсынымдарды дайындау жөнінде мол тәжірибесі бар денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін халықаралық бағалау және салыстыру жөніндегі әлемдік көшбасшы болып табылады
ЭЫДҰ-ның денсаулық көрсеткіштерін бағалау және денсаулық сақтау ресурстарын пайдалану жолымен денсаулық сақтаудың тиімді жұмысына қол жеткізу бойынша елдерге көмек көрсетуде, сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігін, тиімділігін және сапасын жоғарылатуға ықпал ететін стратегияларды талдауда бірегей тәжірибесі бар. Біздің жұмыстың басым бағыттары денсаулық сақтау жүйесінің тиімділік көрсеткіштерін және медициналық көмектің сапасын бағалауды, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды және жұмсалатын қаражаттың тиімділігіне қол жеткізуді, денсаулық сақтаудың кәсіптік ресурстарын жоспарлау мен дамытуды, сондай-ақ созылмалы ауруларды тиімді жою үшін экономикалық стратегия, қаржылық және әлеуметтік саясат бойынша ұсынымдарды дайындауды қамтиды. Сараптамалық бағыттардың осы салаларының жұмысы Қазақстан үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін қалай жақсарту саясаты мәселелері бойынша тиісті ұсынымдар беру үшін біріктірілуі және бейімделуі мүмкін.
Біз медициналық көмектің тиімділігіне, нәтижелілігіне, қолжетімділігіне және тұрақтылығына назар аудара отырып, ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің шолуларына тұрақты стратегиялық талдаулар мен бағалау жүргіземіз. Олар біздің бұрыннан қалыптасқан халықаралық денсаулық сақтау статистикасының дерекқорына (медициналық көмекке қажеттілікті, денсаулық көрсеткіштеріне қатысты қол жеткізілген жүйелік ресурстар мен нәтижелерді қамтиды) және біздің ЭЫДҰ-ның барлық денсаулық сақтау жүйесіндегі алдыңғы қатарлы саяси стратегияларының дамуы туралы білімдерімізге негізделеді. Осы қызметтің нәтижелерін бағалау және тиісті стратегиялық тәсілдерді айқындау қабілеті Қазақстан үшін денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың одан арғы кезеңдерін тиісінше жүргізуде ұсынымдарды дайындау үшін қолданылатын болады.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне шолу қандай болады?
Денсаулық сақтау жүйесіне шолудың негізгі мақсаты қажет болған жағдайда, ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттер денсаулық сақтау жүйелерімен салыстыруды жүргізу арқылы денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуіне және тиімділігіне стратегиялық бағалауды дайындау болып табылады. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін нығайту үшін анықталған нысаналы ұсыныстар берілетін болады. Бұдан басқа, ЭЫДҰ Хатшылығы стационардағы сапа мен тиімділікті арттыру сияқты барынша егжей-тегжейлі бағалауды жүргізу үшін саясаттың нақты басым бағыттарын анықтау үшін ДСӘДМ-мен консультация арқылы жұмыс істей алады.
Біз денсаулық сақтау жүйесіне шолуды мынадай түрде құрылымдауды ұсынамыз:
Бағалау мен ұсынымдарға арналған Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қажетті саясат саласындағы негізгі ұсынымдар келтірілген қысқаша жазылған бағалау және ұсыныстар жөніндегі тарауды бастау.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің, оның ішінде Қазақстан халқының медициналық көмекке негізгі қажеттілігінің қысқаша сипаттамасы; Қазақстандағы денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық бағдарламаларының іргетасы болып табылатын құқықтық және конституциялық негіздер, сондай-ақ соңғы жылдардағы негізгі реформалардың сипаттамасы.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерін берушілердің шығындарын өтеу жүйесін және медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді қоса алғанда, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек тиімділігін; Қазақстандағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек пен қоғамдық денсаулық сақтауды ұсыну, мониторингтеу және бағалау негізіндегі ақпараттық жүйелерді; медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін (оның ішінде қолжетімділіктегі географиялық немесе әлеуметтік айырмашылықтар), сапасын (тиімділік, қауіпсіздік және жеделділік), тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау. Бастапқы буындағы созылмалы ауруларды басқаруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстандағы аурухана секторын, оның ішінде көрсетілетін қызметті берушілердің шығындарын өтеу және стационар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді; стационарлық көмекті ұсыну, мониторингтеу және бағалау негізіндегі ақпараттық жүйелерді, аурухана секторының қолжетімділігін (соның ішінде қолжетімділіктегі географиялық немесе әлеуметтік өзгешеліктер), сапасын (тиімділік, қауіпсіздік және жеделділік), тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау.
Тиісті деректерге, стратегияларға және институционалдық талдауға негізделе отырып, осы тараулар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуін ЭЫДҰ елдерінің денсаулық сақтау жүйелерімен салыстыратын болады, сондай-ақ Қазақстандағы денсаулық сақтауды қаржыландыруға, медициналық көрсетілетін қызметтерді беруге және реттеуге жауапты әртүрлі субъектілер мен ұйымдар денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін қалай жоғарылата алатыны туралы ұсыныстар береді. Бастапқы буындағы созылмалы ауруларды басқаруға және анағұрлым көп операциялық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін стационарларды қолдауға ерекше назар аударылатын болады, өйткені олар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін саясаттың ағымдағы басымдықтары болып табылады.
Мерзімдері, нәтижелері және құны
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін шолу үшін ЭЫДҰ-ның ұсыныстарын енгізудің белгілі бір кезеңдері ДСӘДМ-мен келісім бойынша қабылданатын болады және мыналарды қамтуы мүмкін:
Дайындық жұмысы: алғашқы байланыс және уәкілетті органда жауапты адамды тағайындау (ДСӘДМ, (2015 жылғы наурыз)
Сауалнама: Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы туралы, медициналық көмектің сапасы және денсаулық сақтау жүйесінің негізгі нәтижелерінің деректері сияқты бағыттар бойынша негізгі стратегияларда ақпаратты іздеу сауалнамасының нәтижелері ДСӘДМ-ге жіберілетін болады [қол қойылған күн + 4 ай].
Бастау семинары және бір апталық оқу сапары: Бастау семинары және бір апталық оқу сапары өткізіледі [қол қойылған күн +5-8 ай]. ЭЫДҰ бастау семинарында талқылау үшін мәселелер бойынша қысқаша баяндама дайындайды. Осыған байланысты ЭЫДҰ мынаны дайындайды: біріншіден, ол басқа елдердің үлгісінде көрсетілген шолулар бойынша негізгі нәтижелер мен стратегиялық сабақтарға шолу береді, екіншіден, материалды алғашқы зерделеудің, сауалнама нәтижелерінің және басқа елдердің дәлелдемелерінің негізінде органдарға нақты тақырыптар бойынша (мысалы, стационарлар) бірқатар нақты ұсынымдар береді. Оқу сапары бастау семинарымен тығыз өзара іс-қимылда өткізілетін болады. Осының барлығы шешім қабылдайтын тұлғаларды, төлеушілерді, медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілерді, пациенттердің өкілдерін, академиялық сарапшыларды қоса алғанда, елдегі барлық мүдделі тараптармен бірқатар кездесулерді қамтиды.
Баяндама жобасы: Баяндама жобасы [қол қойылған күн +15 ай] дайындалады. ЭЫДҰ таныстыру сапары кезінде алынған ақпараттың негізінде реформаның келесі сатысы бойынша стратегиялық ұсынымдары бар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы туралы баяндама жобасын дайындайды.
Өзгерістер және жарияланымдар: Есеп жобасын Қазақстанның уәкілетті органдарымен талқылау және консультациялар қорытындыларын ескере отырып, ЭЫДҰ пысықтайды және баспасөзде жариялайды [қол қойылған күн +24 ай].
Қорытынды іс-шаралар: ЭЫДҰ мен ДСӘДМ Қазақстан Республикасында қорытынды есептің презентациясын ұйымдастыруға тиіс. [қол қойылған күн +24 ай].
ЭЫДҰ-ның осы шолуды өткізуге жалпы шығындары 600 мың евроға бағаланып отыр. Бұл сома қорытынды жарияланымның ағылшын тілінен орыс тіліне аударуға арналған шығыстарды қамтиды. Оған ЭЫДҰ-ның Қазақстанға сапарлары кезінде орыс тілінен ағылшын тіліне аудару шығындары кірмейді.
Қызығушылық туындаған жағдайда және жеке келісім негізінде ЭЫДҰ ДСӘДМ-нен ғылыми қызметкерді тарта алады, ол 6 ай мерзімге ЭЫДҰ-ның командасымен шолуды жүргізу бойынша ЭЫДҰ-да жұмыс істеу үшін іссапарға жіберілуі мүмкін.
Қазақстан үшін денсаулық сақтау жүйесіне шолу жөніндегі жоспар |
||
ҚАДАМДАР |
ҚАБЫЛДАНАТЫН ТИІСТІ ШАРАЛАР |
КЕЗЕҢ |
Дайындық жұмысы |
Алғашқы байланыс және жауапты адамды тағайындау (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) |
2015 жылғы наурыз |
Сауалнама |
Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы туралы, медициналық көмектің сапасы және денсаулық сақтау жүйесінің негізгі нәтижелерінің деректері сияқты бағыттардағы негізгі стратегиялардағы ақпаратты іздеу жөніндегі сауалнама нәтижелері ДСӘДМ-ге жіберілетін болады. |
Қол қою +4 ай |
Бастау семинары және бір апталық оқу сапары |
Бастау семинары және бір апталық оқу сапары өткізіледі [қол қойылған күн +5-8 ай]. ЭЫДҰ бастау семинарында талқылау үшін мәселелер бойынша қысқаша баяндама дайындайды. Осыған байланысты ЭЫДҰ мынаны дайындайды: біріншіден, ол басқа елдердің үлгісінде көрсетілген шолулар бойынша негізгі нәтижелер мен стратегиялық сабақтарға шолу береді, екіншіден, материалды алғашқы зерделеудің, сауалнама нәтижелерінің және басқа елдердің дәлелдемелерінің негізінде органдарға нақты тақырыптар бойынша (мысалы, стационарлар) бірқатар нақты ұсынымдар береді. Оқу сапары бастау семинарымен тығыз өзара іс-қимылда өткізілетін болады. Осының барлығы шешім қабылдайтын тұлғаларды, төлеушілерді, медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілерді, пациенттердің өкілдерін, академиялық сарапшыларды қоса алғанда, елдегі барлық мүдделі тараптармен бірқатар кездесулерді қамтиды. |
Қол қою +5-8 ай |
Баяндама жобасы: |
Баяндама жобасы [қол қойылған күн +15 ай] дайындалады. ЭЫДҰ таныстыру сапары кезінде алынған ақпараттың негізінде реформаның келесі фазасы бойынша стратегиялық ұсынымдары бар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы туралы баяндама жобасын дайындайды. |
Қол қою +15 ай |
Өзгерістер мен жарияланымдар |
ЭЫДҰ Қазақстанның уәкілетті органдарымен есеп семинары және консультация кезіндегі талқылау қорытындыларын есепке ала отырып, есеп жобасын пысықтайды және жариялайды. |
Қол қою +24 ай |
Қорытынды іс-шаралар |
ЭЫДҰ мен ДСӘДМ Қазақстан Республикасында қорытынды есептің презентациясын ұйымдастыруға тиіс. [қол қойылған күн +24 ай]. |
Қол қою +24 ай |
2. ЭЫДҰ Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау шоттары бойынша шолуы
Қысқаша анықтама
ДСӘДМ ЭЫДҰ-ға Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау шоттарына шолу жүргізуіне қызығушылық танытты. Бұл жобаның негізгі міндеті Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау шоттарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын әдістердің сәйкестік дәрежесін, сондай-ақ олардың SHA 2011стандарттарына сәйкестік дәрежесін, сондай-ақ SHA 2011 стандарттарына барынша сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ұсынымдарын бағалау болып табылады.
Жоба денсаулық сақтау шоттарының стандарттарын бекітудегі көшбасшы ретінде танылған халықаралық ұйым болып табылатын ЭЫДҰ жүргізетін ауқымды жұмысқа негізделеді. ЭЫДҰ 2000 жылы жариялаған және ЕЭДҰ, Евростат және ХДҰ бірлескен жұмысы ретінде 2011 жылы қайта өңделген «Денсаулық сақтау шоттарының жүйесі» (бұдан әрі – ДСШЖ) нұсқаулығы халықтың, денсаулық сақтау жеке секторының талдаушыларының және саясатты әзірлейтін лауазымды тұлғалардың сұраныстарына сай келетін ауқымды, бірізді және салыстырмалы халықаралық шоттар үшін жаһандық стандарт болып табылады.
Жоба ресми келісімге қол қойылғаннан кейін үш айдан кейін басталады және оның соңғы есебінің жариянауымен қатар оған қол қойылғаннан кейін 9 ай ішінде жүзеге асырылады. Қорытынды есеп нәтижелерін беру үшін жоба аясында бірінші танысу сапары мен 9 айлық кезеңнің соңындағы ақпарат арқылы ауқымды ақпарат алмасу жүзеге асырылады. ЭЫДҰ жобасының жалпы құны 200 000 бағаланып отыр.
Халықаралық стандарттарға сәйкес денсаулық сақтау шоттарын әзірлеу денсаулық сақтау саясатын толыққанды ақпараттандырудың негізі болып табылады
Қазақстан Республикасындағы ұлттық денсаулық сақтау шоттарын (ҰДСШ) әзірлеуді Дүниежүзілік Банктің қолдауымен ДСӘДМ 2004 жылы бастады. Мәліметтердің бірінші жинағы 2006 жылы ҚР ДСМ тапсырысы бойынша «Мединформ» ЖШС әзірлеген кешенді бағдарлама көмегімен жүзеге асырылды. Өз кезегінде Агенттік статистикалық есептің арнайы нысанын әзірлеп, бекітті (№ 19 «Денсаулық сақтау шығындары бойынша есеп»).
ҰДСШ әзірлеу процесі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісiн реформалау мен дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, одан кейін Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында бекітілген.
2011 – 2012 жылдары денсаулық сақтауға жұмсалған шығындар бойынша алдыңғы есептер 2003 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДСҰ) «Ұлттық денсаулық сақтау шоттарын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық» әдістемесі негізінде жасалған болатын. Дүниежүзілік Банктің 2011 – 2012 жылдардағы «Денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформаларды жүргізу» жобасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (бұдан әрі – ДСДРО) Oxford Policy Management компаниясының консультанттарымен бірлесіп ҰДСШ бойынша екі есеп дайындады.
ҚР ДСМ 2012 жылы бағдарлама шеңберінде ЭЫДҰ, Евростат және ДДСҰ сарапшылары әзірлеген (SHA 2011) 2011 жылдың денсаулық сақтаудың шоттарының жүйесінің негізінде ҰДСШ әзірлеу бойынша жұмысты бастады.
ДСДРО-ның халықаралық консультанттарымен ынтымақтастығының нәтижелері бойынша бұрын әзірленген қолданыстағы ақпарат көздерін пайдалану және бастапқы респонденттерге жүктелген әкімшілік және ақпараттық жүктемені азайту әдістерін қолдану шешімі қабылданды.
ҰДСШ әзірлеу кезінде Қазақстанда негізінен Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қаржылық бақылау органы жариялайтын деректер, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның Дамуға жәрдемдесу комитетінің кредиторлық есептілік жүйесінің дерекқорынан алынатын ақпарат қолданылады. Жоғарыда аталғандай, ДСҰШ әзірлеудің әдістемелік базасы SHA 2011 болып табылады.
2010, 2011, 2012 жылдардағы ҰДСШ кестелерін қайта есептеу және SHA 2011 негізінде 2013 жылдың алдын ала есебі ҰДСШ дезагрегациясы сияқты ұлттық консультант әзірлеген әдістемелердің көмегімен өңірлік деңгейде (14 өңір және 2 қала) жүзеге асырылатын болады.
2013 жылға ҰДСШ алдын ала деректеріне сәйкес Қазақстандағы денсаулық сақтау шығыстары ЖІӨ-нің 2,3 %-ын құрады. Қаржыландырудың сыртқы көздері денсаулық сақтау шығыстарының 0,3 %-ын өтеді.
Қазақстанның халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимылы және ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды күшейтуі Қазақстанның статистикалық деректерінің салыстырмалылығы мен сапасын жақсарту үшін қажет.
ЭЫДҰ не ұсына алады?
ЭЫДҰ денсаулық сақтау шоттарының стандарттарын белгілеудегі көшбасшы ретінде танылған халықаралық ұйым болып табылады
ЭЫДҰ 2000 жылы жариялаған және ЭЫДҰ, Евростат және ДДҰ бірлескен жұмысы ретінде 2011 жылы қайта өңделген «Денсаулық сақтау шоттарының жүйесі» (ДСШЖ) нұсқаулығы халықтың, денсаулық сақтау жекеше секторы аналитиктерінің және саясатты әзірлейтін лауазымды тұлғалардың сұраныстарына сай келетін ауқымды, бірізді және салыстырмалы халықаралық шоттар үшін жаһандық стандарт болып табылады.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру және дұрыс шешім қабылдау жүйесін жақсарту мақсатындағы денсаулық сақтау шоттарын пайдалану бойынша алғашқы жаһандық тренинг табысы төмен және орташа елдерден келген 50-ден астам қатысушы мен 14 екіжақты және көпжақты агенттіктердің қатысуымен 1-4 сәуір аралығында Парижде өтті. «Денсаулық сақтау үшін ақпараттық базаны қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау және аурулардың шоттарын пайдалану: тәжірибеден алынған сабақтар» оқыту курсы ЭЫДҰ-ның денсаулық сақтауды қаржыландыру және шығыстар жөніндегі деректер бойынша бірізді және салыстырмалы есептер үшін жаһандық стандарттарды анықтау мен қолданудағы көшбасшы ретіндегі мәртебесін растады.
ЭЫДҰ зерттеулері дамушы экономикалардағы қаржылық ресурстарға қатысты техникалық, регламенттік және саяси талаптарына сай. Денсаулық сақтауды қаржыландыру мен шығындарын бақылау мемлекеттік органдарға, отандық және шетелдік демеушілерге және басқа да негізгі мүдделі тараптарға қаржының бөлінуі мен инвестицияларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Көптеген елдерде денсаулық сақтау шоттарының тетіктерін қолданудың техникалық мүмкіндіктері мен саясаткерлердің жиналған мәліметтерді саясатты ақпараттандыру мақсатында қолдану қабілеті арасындағы айырмашылық денсаулық сақтауды қаржыландырудың болашақ тұрақтылығын қамтамасыз ету, атап айтқанда қаржылық тәуекелдің қамту аумағын кеңейту мен қысқартуда өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне ЭЫДҰ шолуы неден тұрады?
Бұл жобаның негізгі міндеті қазақстандық ұлттық денсаулық сақтау шоттарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын әдістердің сәйкестік дәрежесін, сондай-ақ олардың SHA 2011 стандарттарына сәйкестік дәрежесін, сондай-ақ SHA 2011 стандарттарына барынша сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ұсынымдарын бағалау болып табылады.
Біз жоба мынадай аспектілерді қамтығанын ұсынамыз:
ҰДСШ әзірлеуге арналған дереккөздердің жарамдылығын (мемлекеттік, жекеше және сыртқы деректерді пайдалана отырып) бағалау және SHA 2011 стандарттарының тәсіліне ұсынымдар әзірлеу;
SHA 2011 стандарттарына және SHA 2011 стандарттарына үйлестіру жөніндегі ұсыныстарға сәйкес тауарларды және денсаулық сақтаудағы қызметті есепке алуда қолданылатын бағалау әдістерін (терапиялық қызметтер, оңалту, ұзақ мерзімді көмек, дәрі және медициналық мақсаттағы бұйымдар, қоғамдық денсаулық сақтау, профилактика, денсаулық сақтау жүйесін әкімшілендіру және қаржыландыру) бағалау;
ҰДСШ талдауда және оларды жақсарту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуде қолданылатын индикаторлардың тиімділігін бағалау.
Мерзімдері, нәтижелері және құны.
ҚР-да ҰДСШ жөніндегі ЭЫДҰ-ның шолуын енгізудің ерекше кезеңдері ДСӘДМ-де бірлесіп шешілетін болады, бірақ алдын ала мынадай түрде жоспарлануда:
Бастапқы байланыстар мен уәкілетті органның жауапты тұлғасын тағайындау (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) – 2015 жылғы наурыз.
Апталық оқу сапары: Апталық оқу сапары жоспарланған [қол қойылған күн + 5 ай]. Сапар ұлттық денсаулық сақтау шоттарын қалыптастыру мен пайдалануға тартылған барлық мүдделі тараптармен бірқатар кездесулерді қамтиды.
Аралық есептер: Танысу сапары барысында жинақталған ақпаратты негізге ала отырып ЭЫДҰ Қазақстанның уәкілетті органдары үшін кезекті бірқатар аралық есептер дайындайды [қол қойылған күн + 9 ай ]:
SHA 2011 стандарттарына сәйкес келтіру мақсатында дереккөздерді жақсарту жөніндегі ұсынымдармен ҰДСШ әзірлеу үшін дереккөздердің жарамдылығын бағалау бойынша аралық есеп;
денсаулық сақтау тауарлары мен қызметтерін есепке алудағы қолданылатын әдістерді бағалау бойынша аралық есеп және оларды жетілдіру жөніндегі ұсынымдар;
ҰДСШ-ны талдауда қолданылатын индикаторлардың тиімділігін бағалау бойынша аралық есеп және оларды жақсарту жөніндегі ұсынымдар.
Қорытынды есеп: Қазақстанның уәкілетті органдарымен кері байланыстан кейін аралас баяндамалар кейін қайта қаралады және ЭЫДҰ-ның қорытынды баяндамасына шоғырландырылады.
Қазақстан Республикасында ұлттық денсаулық сақтау шоттарын әзірлеу практикасын бағалау бойынша қорытынды есеп.
Презентация: ЭЫДҰ мен ДСӘДМ презентация және қорытынды есепті талқылау үшін Қазақстанда қорытынды іс-шараны ұйымдастыра алады [қорытынды жасау күні +12 ай].
ЭЫДҰ-ның шолу жүргізу жөніндегі қызметтерінің жалпы құны 200 000 бағаланып отыр. Бұл сома аралық және қорытынды есептерді ағылшын тілінен орыс тіліне аудару шығыстарын да қамтиды. Оған ЭЫДҰ-ның Қазақстанға сапарлары кезіндегі орыс тілінен ағылшын тіліне аудару шығыстары қосылмайды.
Қазақстан үшін денсаулық сақтау ұлттық шоттарына шолу жөніндегі жоспар |
||
ҚАДАМДАР |
ҚАБЫЛДАНАТЫН ТИІСТІ ШАРАЛАР |
КЕЗЕҢ |
Дайындық жұмысы |
Алғашқы байланыс және уәкілетті органның жауапты адамын тағайындау (ДСӘДМ) |
2015 жылғы наурыз |
Алдын ала сауалнама |
Қысқаша анықтамалық ақпарат Қазақстанның тиісті уәкілетті органдарынан ұлттық денсаулық сақтау шоттары қалай қалыптасатыны туралы негізгі ақпаратты іздеу бойынша оқу сапары басталғанға дейін ұсынылатын болады. Бұл ақпарат ДСӘДМ-ге жіберіледі. |
Қол қою +4 ай |
Апталық оқу сапары |
Апталық оқу сапары жоспарланған [қол қойылған күн + 5 ай]. Сапар ұлттық денсаулық сақтау шоттарын қалыптастыру мен пайдалануға тартылған барлық мүдделі тараптармен бірқатар кездесулерді қамтиды. |
Қол қою +5 ай |
Аралық баяндамалар |
Танысу сапары барысында жинақталған ақпаратты негізге ала отырып ЭЫДҰ Қазақстанның уәкілетті органдары үшін кезекті бірқатар аралық есептер дайындайды. |
Қол қою +9 ай |
Қорытынды баяндама |
Қазақстанның уәкілетті органдарымен кері байланыстан кейін аралас баяндамалар кейін қайта қаралады және ЭЫДҰ-ның қорытынды баяндамасына шоғырландырылады. |
Қол қою +12 ай |
Қорытынды кездесу |
ЭЫДҰ мен ДСӘДМ презентация және қорытынды есепті талқылау үшін Қазақстанда қорытынды іс-шараны ұйымдастыра алады. |
Қол қою +12 ай |